Қазақ өнерінің саңлақтары: Айман Мұсақожаева

АСТАНА. ҚазАқпарат - Айман Қожабекқызы Мұсақожаева 1958 жылы 15 наурызда Алматы қаласында туған.

Айман - скрипкада ойнаушы. Қазақстанның халық әртісі, "Әлем әртісі" (ЮНЕСКО, 1998 ж.), Халықаралық шығармашылық Академиясының академигі. 1958 ж. Алматы қаласында туған. Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясын, П. И. Чайковский атындағы Мәскеу мемлекеттік консерваториясын бітірді. Айман ұйымдастырушы, талантты ұстаз. 1993 жылы "Солистер Академиясы" Мемлекеттік камералық оркестрін ұйымдастырды. 1998 жылдан ол Астанадағы қазақтың Ұлттық музыка Академиясының ректоры қызметіне тағайындалды. Қазіргі кезде Президент оркестрінің көркемдік жетекшісі. А. Мұсақожаеваның аты музыкалық Олимпте М. Плетнев, Г. Кремер, Е. Грач, В. Третьяков, И. Гаврш сияқты әлем жұлдыздарымен қатар тұр. Ол Шығыс музыкасының нәзіктігін, сезімталдығын Еуропаның музыкалық мәдениетінің руханилығымен, көпқырлығымен үндестіріп, ұлттық өнерді әлем халқына танытты.

Әлемге әйгiлi Айман Мұсақожаеваның ән-күйге деген әуестiгi бала кезiнен басталды. Анасы Рахила балаларының жан-жақты бiлiмдi, жiгерлi болып өсуiне көп күш салды.

Әкесi Қожабек Мұсақожаев әр жерде түрлi жауапты қызметтерде жүрдi, облыстық партия комитетiнiң хатшысы болды.

Айман Күләш Байсейiтова атындағы республикалық музыка мектебiнде профессор Н.Патрушеваның сыныбында оқыды. Оны ойдағыдай бiтiрген соң Мәскеудегi П. Чайковский атындағы мемлекеттiк консерваториясында Кеңес Одағының әртiсi, профессор В. Климовтың сыныбында оқуын жалғастырды.

Айман Мұсақожаева 1976 жылы Югославияда, Белград қаласында өткен халықаралық конкурста лауреат атанды. Небәрі 18 жастағы қыздың халықаралық сайыста Қазақстан атынан жасқанбай өнер көрсетiп, жеңiмпаздық тұғырдан көрiнуi жиналғандарды айрықша таң қалдырған едi. Бұл оның алғашқы шыққан биiгi болатын.

Осыдан кейiн Айманның өсiп, өрлеу жолдары басталды. 1981 жылы Генуядағы Паганини атындағы, 1983 жылы Токиодағы, 1985 жылы Хельсинкидегi Я.Сибелиус атындағы, 1986 жылы Мәскеудегi П.Чайковский атындағы VIII халықаралық конкурстардың лауреаты атанды.

Таңдаулы техника, түрлi әуендердi терең түсiну оның ең қиын скрипкалық туындыларды икемге келтiрiп, әлемнiң тамаша концерт залдарында нақышына келтiре орындауына мүмкiндiк бердi. Өнер жолында Айман Мұсақожаева скрипкалық музыканың бай репертуарын жинақтады. Олардың iшiнде Бах, Гайдн, Моцарт, Бетховен, Паганини, Брамс, Чайковский, Сибелиус секiлдi жарқын тұлғалардың, осы заманғы сазгерлердiң, Қазақстан сазгерлерiнiң шығармалары бар.

1992 жылы ол «Солистер академиясы» Мемлекеттiк Камералық оркестрiн құрды және қазiр де оның көркемдiк жетекшiсi болып саналады. Алғашқы құрылған күннен оркестр классикадан бастап бүгiнгi композиторлардың туындыларына дейiн игердi. Ол XVII-XVIII ғасырлардағы көне де әспеттi, сондай-ақ осы заманғы озық үлгiдегi музыкалық құралдармен қамтамасыз етiлген.

Оркестр ұжымының жоғары орындаушылық шеберлiгiн Ресейде, Америкада, Жапонияда, Германияда, Австрияда және басқа да елдерде лайықты бағалады.

1993 жылдан берi Айман Қожабекқызы Ресейдегi Петр Чайковский атындағы, Абрам Ямпольский атындағы (Дубна) Халықаралық скрипкашылар конкурсының, Италияның Милан қаласында өтетiн Микеланжело Аббадо атындағы Халықаралық скрипкашылар конкурсының қазылар алқасының мүшесi. Мәскеу, Алматы, Бiшкек консерваторияларының профессоры ретiнде белсендi, әрi педагогикалық қызмет атқарып келедi.

Шәкiрттерiнiң арасында халықаралық және республикалық конкурстардың лауреаттары аз емес. Бiрақ Айманның орындаушылық және педагогикалық қызметiнiң шыңы 1998 жылы Қазақ Ұлттық Музыка академиясының ашылуы болып табылады. Бұл астананың Алматыдан Целиноградқа ауысып жатқан кезi болатын. Қазақ Ұлттық Музыка академиясы Айман Мұсақожаеваның ұсынысы бойынша сол жылдың 31 наурызында Қазақстан Президентiнiң бастамасымен ашылды. Ол республикадағы жас оқу орындарының бiрi болып саналады.

Музыка саласындағы жоғары жетiстiктерi үшiн оған 1988 жылы Қазақстан Республикасының халық әртiсi, Халықаралық Шығармашылық академиясының академигi атағы, ЮНЕСКО-ның шешiмiмен «Әлем әртiсi» құрметтi атағы берiлдi.

2000 жылы Мемлекеттiк сыйлыққа ие болды. Қазақстан меценаттар клубы «Платиндi Тарлан» сыйлығымен марапаттады.

Есiмi Кембридж университетiндегi Халықаралық Өмiрбаян орталығы жариялайтын «XX ғасырдың 2000 көрнектi музыканты» атты дүниежүзiлiк құрметтi тiзiмге енгiзiлiп, осы орталықтың медалiн иеленді.