Мансұр Мұқымов қойған қазақы жұмбақтың шешуін ойынға қатысушылардың бірде-бірі таба алмаған. Нәтижесінде ұтысқа тігілген бәйге біздің жерлесімізге бұйырды. Мансұр Мұқымов - жоғары оқу орнында білім алып жүрген болашақ мұнайшы. Бала кезінен ақыл-ойға құрылған байқаулар мен ойындарға үзбей қатысып келген. Ал кілең біліктілер бас қосатын телесайысқа көптен бері сауал жіберіп жүр. Ойынды ұйымдастырушылар соның біреуін кәдеге жаратқан. Ойда-жоқта Мәскеуден хабар келгенде, сеніңкіремеген Мансұр кейін ойынды тамашалап, жұмбақты ешкім шеше алмаған сәтте ғана көзі жетті.
Мектепте жақсы оқыған Мансұр университетте де үздіктердің қатарында. Спорт да жаны сүйеді. Анасының айтуынша, ұлы бала кезден зерек болып өскен.
Ойын тәртібіне сәйкес сауалға ешкім жауап бере алмаған жағдайда жүлде сұрақ иесіне беріледі. Осылайша Мансұр әп-сәтте 250 мың теңгені иемденді. Ол қаржыға ақыл-ой, парасатын жетілдіре түсетін оқу-құралдарын сатып алуға жұмсамақ. Алға қойған мақсаттарының бірі - қазақ елін жат жұртқа барынша таныта түсу. Бұл туралы 24.kz хабарлады.