***
«Құқық қорғау органдарының қазіргі бар құрылымы, бірқатар функциялар мен өкілеттіктер қоғамды қалыптасқан нарықтық қатынастарға сай келмейтінін айтқан жөн. Құқық қорғау органдарының қызмет басқару жүйесінің ебедейсіз үлкендігімен, қызметтердің қайталануымен және астасуымен сипатталады. Сапалық көрсеткіштерді сандық көрсеткіштермен алмастыру орын алған.
Қазіргі бағалау өлшемдері олардың қызметтік міндеттерін шешуге жәрдемдеспейді. Осының бәрі халықтың құқық қорғау органдарына,
ал солар арқылы тұтастай билікке деген сенім деңгейіне салқынын тигізуде», деді кеше Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев еліміздің құқық қорғау жүйесін реформалау мәселелері бойынша өткен кеңесте. Онда көтерілген осы және құқық қорғау қызметіне қатысты өзге де бірқатар мәселелер жөнінде «Егемен Қазақстан» басылымында жарияланған «Құқық қорғау жүйесін реформалау біздің азаматтарымыздың құқығын әділ және шынайы қорғауды қамтамасыз етуі тиіс» атты мақалада айтылған.
Сондай-ақ аталмыш басылымның жазуынша, Қазақ тілі бәсекеге қабілетті тіл болуы үшін қазақ жазуына өзгерістер керек. Тілдің табиғи заңына сүйенген ұлттық әліпби керек. Мәселе жазудың түрі мен төркінінде емес, жазуда қолданылатын қағидат ережеде. Ғасырлар бойы тілді өзге тілдер ықпалынан қорғап келген үндесім заңы ұлттық жазудың (латын, араб, орыс графикасы негізіндегі) тірегі болғанда ғана тілдің ажары кіріп, сөздің сәні келер еді. Қазақ тілі мәселесінің шешілуіне ұйтқы болар бірқатар ұсыныс, пікірлер жөнінде «Егемен Қазақстан» басылымының бүгінгі санындағы «Бағдарлама тірегі - заңдық-құқықтық база» атты мақаладан оқуға болады.
***
«Айқын» басылымы сонау Сингапурден қуанышты хабар жеткізіп, сүйінші сұрапты. Басылымның жазуынша, аталмыш елде жасөспірімдер арасындағы олимпиада ойындарында қазақстандық зілтемірші қыз Жазира Жаппаркүл алтыннан алқа тағыныпты.
Аталмыш басылым бүгінгі нөмірінде тағы бір қуанышты хабар жеткізді. Басылымның хабарлауынша, Қоршаған ортаны қорғау министрі Нұрғали Әшімов Арал теңізі бассейні және Арал өңіріндегі экологиялық жағдайды жақсарту бағдарламасын жүзеге асыру нәтижесінде 1994 жылмен салыстырғанда, теңіз суы үш метрге көтеріліп, өңірдің экологиялық жүйесі қайтадан қалпына келе бастағандығын жеткізген. Бұл мәселе жөнінде «Айқынның» бүгінгі санындағы «Аралдың суы үш метрге көтерілді» атты тақырыптағы мақаладан білуге болады.
***
Орталық Азияның су-энергетикалық ресурстарын тиімді пайдалану мәселесі - Қазақстан үшін басты, ал өңір үшін өзекті мәселе. Аймақтағы екіжақты келісімдердің тиімділігі бір бөлек те, аймақтық деңгейдегі келісімшарттың болуы тіпті бөлек нәрсе. Осы орайда Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев су мәселесін аймақ болып шешуді осы уақытқа дейін бірнеше рет ұсынған еді. Тіпті оны ШЫҰ-ның жетегінде қарастыру да сөз болды. Алайда біздің аймақтағы әлі
пісіп-жетілмеген саяси жағдай бұған мүмкіндік беретін емес. Баз бір сарапшылар су-энергетикалық одақтан әлі де үмітін үзбей жүрсе, енді біреулер мұны болымсыз құбылыс ретінде қарастырады. Аталмыш мәселе жөнінде сарапшылар мен саясаттанушылар пікірін білгіңіз келсе «Алаш айнасы» басылымының бүгінгі санындағы «Орталық Азия аймағында су-энергетикалық одақ құру мүмкін бе?» атты мақаланы оқыңыз.
Сондай-ақ аталмыш басылымның жазуынша, «Астана Ақ Азиадаға дайын емес». Осындай тақырыпен жарық көрген мақала авторының хабарлауынша, елордада арнайы жүргізілген тексерулердің барысында қонақүйлердің басым бөлігі шетелдік қонақтарды қарсы алып, күтуге мүлдем дайын емес болып шыққан. Астанадағы қонақүйлер мен мейрамханалардағы қызмет көрсету сапасының төмендігі туралы шетелдік қонақтар да жиі айтатын көрінеді. «Бұл мәселені осыған дейін Мемлекет басшысы да бірнеше мәрте көтеріп, «Астана-бұл ортақ жетістік. Ортақ мерей. Сондықтан Астанадағы сервис те осыған сай болуы керек» деп атап көрсеткен. Десек те елордалық қызмет көрсету орындарының елдің басқа қалалаларымен салыстыруға да келмейтін өте жоғары бағалары әлі күнге дейін көкейкесті күйінде қалып отыр», деп жазады басылым. Бұл мәселе жөнінде «Алаш айнасы» басылымының бүгінгі санында.
***
Қазақстан гүлдену мен прогресс жолында. Ол өзінің әлемде теңдесі жоқ ұлттық бірліктің үлгісін қалыптастыра отырып дамуда. Осыған қарай қазір мемлекеттік тіл мен оның әлеуметтік-коммуникативті қызметін кеңейту елді біріктіретін басты факторлардың бірі болып отыр. Бұны Мемлекет басшысы да атап өтіп, «қазақ тілінің қажеттілігі өмір талабы. Еліміз тәуелсіздігін алған жылдары мемлекетте қазақ тілінде білім беретін мектептер саны 34 пайыз болса, қазір олардың үлесі 60 пайыз. Ал қазақтар басым тұратын облыстарда іс-қағаздар қазақ тіліне көшірілген. Өзге аймақтарда екі тіл бірдей қолданылуда. Бұл да заман талабы», деді. Басылымның жазуынша, Президенттің атап өткен мәселелер мемлекеттік тілдің жаңа даму кезеңіне аяқ басып, шын мәніндегі мемлекетқұраушы күшке айналуымен байланысты. Бұл туралы «Казахстанская правда» басылымының бүгінгі санындағы «Мудрость родного слова» атта мақалада.
***
«Литер» басылымының жазуынша, 2011 жылы АҚШ әскерлері Ауғанстаннан шығарылуы керек. Ал АҚШ генералы Девид Петресустің Ауғанстандағы НАТО күштерінің соңғы қолбасшысы болуы әбден мүмкін. Ол өзін Ирак елінде білікті маман ретінде көрсетіп, Ирактағы қауіпсіздік мәселесі біршама жетіліп қалған болатын. Қазіргі таңда Ол Ауғанстан Президенті Хамит Карзаймен жиі кездесіп, әскери дөң айбат көрсетудің орнына көбіне саяси тәсілдерді көп қолданып жүр. Аталмыш азамат АҚШ әскерін Ауғанстаннан сәтті алып шығатынына сенімді және солай болуы да ықтимал. Себебі «жаһандық лаңкестікпен күрес» термині соңғы уақытта Ақ үйдің ресми құжаттарында көрсетілмейтін болды. Бұл мәселе жөнінде «Литер» басылымының бүгінгі санындағы «Американцы покидают Афганистан, но снизится ли их влияние в Центральной Азии» атты мақаладан білуге болады.