***
Өткен жылдың аяғында Батыс Қазақстан облысындағы Казталов аудандық Мәдениет үйі мен осы ауданға қарасты Жалпақтал ауылындағы мәдениет үйіне күрделі жөндеулер жүргізілген еді. Мұның алғашқысына республикалық бюджеттен 75 млн. 948 мың теңге, екіншісіне 77 млн. теңге бөлінген, деп жазады «Егемен Қазақстан» газеті бүгінгі санында.
Басылымның жазуынша, 3 ақпан күні аудандық Мәдениет үйінде Казталов ауданының әкімі Нұрлан Бекқайыр тұрғындар алдында есеп берді. Залға қызғылт түсті жаңа орындықтар қойылыпты. «Ортаңғы қатарлардың бірінде отырғанбыз. Бір кезде алдымыздағы ардагерлер орналасқан орындықтар бірінен соң бірі сынып, белдік ағаштары қирап түсе бастады. Олар жанбастарын сындырып алмағанымен залдағы лық толы халықтың алдында әжептәуір қолайсыздыққа ұшырады», - дейді мақала авторы.
Оның мәліметінше, осының алдында ауыл тұрғындары тарапынан айтылған күрделі жөндеудің мүлдем сапасыз жүргізілгені, оның көзге айқын көрініп тұрғаны Мәдениет үйіне қойылған кейбір бұйымдардың пайдаланылмай жатып сынғаны мен бүлінгені жөніндегі әттеген-ай дегізетіндей әңгімелер бұрын да айтылып жүрген. «Енді тұп-тура көз алдымыздағы жоғарыдағыдай көріністерден кейін оған сенуге, илануға тура келді», - дейді автор.
«Бұған не деуге болады? Пайдаланылмай жатып қирай бастаған сапасыз орындықтардың өтеуін кім төлемек? Осындайда желге ұшқан есіл мемлекет қаражаты-ай, деп қынжылмасқа амалың қалмайды», - дейді мақала авторы. Айта кетейік, мақала «Пайдаланылмай жатып қирады» деген тақырыппен берілген.
Сондай-ақ, «Егемен Қазақстанның» Шарайна айдарының жазуынша, Нью-Йорк қаласының полициясы актер Филип Сеймур Хоффманның өлімін тергеу ісіне қатысты үш ер адам мен бір әйелді тұтқындады. Құқық қорғау органдары өкілінің айтуынша, қамауға алынғандардың мекен-жайын тексеру кезінде героин салынған 350 шағын пакет табылған.
46 жастағы Хоффман осы жылдың 2 ақпанында героинды мөлшерден артық қолданып, о дүниеге аттанып кете барған. Оның жанынан сондай-ақ, героин салынған пакеттер де табылыпты. Актер, расында да, есірткіге тәуелді болған көрінеді. Кезінде ол есірткіден емделіпті де. Хоффман «Оскар» сыйлығын алған «Капоте» кинофильміндегі рөлі үшін де танымал.
Иә, осы есепті шешу жолына қырық жылға таяу өмірімді арнаппын. «Әй, қойшы!» деп жылы жауып қойған күндер де кездесті. Бірақ, айналып соға бердім. Бір тылсым күш еркіме жібермеді. Ақыры проблема шешілді, түбі қайырлы болды, дейді «Егемен Қазақстан» газетіне берген көлемді сұхбатында Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Мұхтарбай Өтелбаев. Естеріңізге сала кетейік, ол жуырда әлемдегі ең күрделі жеті есептің бірін шешкен қазақтың атақты математигі.
«Біраз өмірімді арнаған «Новье-Стокс теңдеулерінің мықты шешімінің болуы» деген еңбегімді жарияладым. Бұл - сұйықтық пен газдың қозғалысына арналған. Есепті ғылыми жолмен шешуге ұсынғалы да жүз жылға таяп қалды. Бұл теңдеу тайфун, цунами тәрізді табиғи құбылыстардың пайда болуын, қозғалыс қайдан басталып, қайдан аяқталатынын анықтауға мүмкіндік береді. Бүгінгі күнге дейін мыңжылдықтың жеті проблемасының біреуі ғана, яғни Пуанкаре гипотезасы еді. Оны орыс ғалымы Григорий Перельман деген математик шешіп, Филдс сыйлығын алды. КСРО кезінде атақты ғалымдар А.Колмогоров, В.Арнольд, В.Монахов, өзгелер де талпынған. Мәселе мынада, теңдеу шешілді. Дегенмен, мен оны жай шешкен жоқпын. Шешу әдісін ойлап таптым. Ашылған жаңалықты жеткізу де оңай емес. Дәлеліңді, дәйегіңді айнадай анық етіп, түсіндіріп жазуың керек. Соған табандаған бір жыл уақытым кетті. Алғашқы анықтамаларымды талантты математик Махмұт Садыбековке түсіндірудің өзі қиын болды. Содан оннан аса түсіндіру нұсқасын әзірледім. Бір әріп, не бір саннан қате кетсе, бүкіл еңбегің еш, тұзың сор. Әлі жетілдіру үстіндемін. Ағылшын тіліне де аудартып жатырмын. Соның бәрі сауатты жүрмесе жаңалығың жетпей қалады», - дейді ол.
«Мен кейбіреулер секілді жаңалықты «Мен ғана ашайын, қазақ ашпасын» деген пиғылдан аулақпын. Бәрі халқым үшін деген адаммын. Оны айтасың, мені шетелдіктер көп шақырады. Құдайдың құдіреті, қазақ жерінен шыққым келмейді», - дейді ғалым тағы бір сөзінде.
Оның айтуынша, өткен ғасырдың отызыншы жылдарындағы ойранда біздің математиктердің зардап шегуі былай тұрсын, ақыл иелерін саналы түрде жойған. Солардың бірі, зұлмат құрбаны, 1934 жылы Нобель сыйлығының лауреаты, атақты ғалым Леонид Канторовичтің жетекшілігімен «Интегралдық теңдеулерді жуықтау шешу» деген тақырыпта физика-математика ғылымдары бойынша кандидаттық диссертация қорғаған тұңғыш қазақ Ибадулла Ақбергенов еді. Сол запыранды заманнан кейін қазақ математиктері көпке дейін ес жия алмады. Математика ғылымы мүлдем тұралап қалмаса да, әлсіреді. Дегенмен, билікке Дінмұхамед Қонаев келген соң, қазақ ғылымы серпілді. Ғалымдар серги бастады. Асан Тайманов, Орынбек Жәутіков, Төлебай Аманов, олардың ізін басып Базарбай Оразбаев, Құлжабай Қасымов, Өмірзақ Сұлтанғазин, тағы басқа алыптар шықты. 1970 жылдарға қарай өртеңге өнген балаусадай жас математиктер қаулап өсті. Сексенінші жылдардың ортасында қазақ математиктері таныла бастады. Тіпті, біраз республикалардың алдына шығып кетті. Т.Кәлменов, Р. Ойнаров, М.Мұратбеков, А.Жұмаділдаев, У.Өмірбаев, Е.Нұрсұлтанов, Н.Темірғалиев, өзге де азаматтар жарқырап шықты. 1991 жылы Дүниежүзілік конгресте жария болған айтулы мың математиктің 30-ға жуығы қазақтар болды. Бұл өте жоғары көрсеткіш еді.
Тәуелсіздік алған жылдардан бері мемлекетаралық келісімшарттар қазақ тілінде жүргізілсін деген тілек бар еді көп көңілінде. Соны жүзеге асырудың кезі енді келді.
***
Өткен аптада Сенат спикері Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен Сенаттың биылғы жылғы жалпы отырысында халықаралық шарттар туралы заң жобасы мақұлданды. Сол құжаттағы «келісімшарттар қазақ тілінде жүргізілсін» деген бап бойынша біздің елдің қатысуымен өткен халықаралық келісімшарттардың бір данасы қазақ тілінде дайындалатын болады. Бұл туралы «Айқын» газеті жазып отыр.
Басылымның жазуынша, біздің елдің бұл қадамға ұзақ дайындықпен келгені анық. Сенатта қаралған заң жобасы сол ұзақ жылғы дайындықтың нүктесіндей қабылданды. Себебі Cыртқы істер министрлігі келісімшарттарды мемлекеттік тілде дайындау тәуелсіздік алған жылдардан бастап жалғасып келеді. Ал іс-қағаздарын мемлекеттік тілде жүргізіп келе жатқанына биыл бесінші жыл. Соңғы кезде Орталық Азия елдерімен арадағы құжаттар екі тілде келісімге отырушы елдің тілі мен қазақ тілінде толтырыла бастапты. Тіпті өткен жылдан бастап бұл тәжірибе алыстағы Түркиямен құжаттамалық қарым-қатынаста да қолдана бастаған. Бұл дегеніңіз тәжірибе жеткілікті, енді іске кірісе беруге болады деген сөз.
Қазақ тілі сөйлейтін адамдарының саны жағынан әлемдік тілдер арасында 70, тіл байлығынан үшінші орында. Сену қиын десек те деректер осылай. Ең бай тіл саналатын араб тілінде 12 миллион 300 мың сөз болса, бұл көрсеткіш ағылшын тілінде 750 мың, қазақ тілінде 600 мың, ал испан тілінде 300 мың, орыс тілінде 150 мың екен. Ал қытайлар болса 87019 иероглифті қолданады. Демек, қазақ тілі әлемдегі ең бай тілдердің төрінен орын алады. «Ендеше, мемлекеттік тілімізді дәл осындай стратегиялық тұрғыда сөйлеушілері ең көп 10-20 тілдің қатарына қоспасқа?» дейді автор.
Экономиканы ғана емес, тілді интеграциялаудың ең төте жолы - урбанизация. Бізде бұл үрдіс өте тез жүріп жатыр. Бүгінде халықтың 50 пайызы - қалада, 50 пайызы - ауылдық жерлерде тұрады. Президентіміз алдағы уақытта халықтың 80 пайызы қалада тұратынын айтады. Мұның бәрі экономикалық көрсеткішімізді көтеру үшін жасалып жатқан шаралар. Осы мәселені қаузаған мақала «Қазақ тілі интеграцияның қанатына ілесе ала ма?» деген тақырыппен берілген.
Елбасы биылғы Жолдауында «саламатты өмір салтының орнығуын» қазақстандықтардың өмір сүру ұзақтығын 80 жасқа дейін арттырудың бір шарты ретінде белгіледі. Бұл туралы «Айқын» газеті «Ең көп ішетін ел» атты мақаласында жазып отыр.
Басылымның мәліметінше, Қазақстан «ішкіш елдердің» әлемдік рейтингінде 34-орын алады. Әрбір қазақстандық тұрғынға шаққанда, елімізде жыл сайын 11 литрге жуық таза этил спирті ішіледі екен. Бұл - шамамен арақтың бес жүз грамдық 50 бөтелкесі. Нәтижесінде, Қазақстан бүгінде бүкіл Орталық Азия өңіріндегі ең көп ішетін ел болып табылады. Салыстыру үшін: Қырғызстан осы жаһандық рейтингте 106-орында, Түркіменстан - 114, Өзбекстан - 131, ал, Тәжікстан - 134-орында. Тіпті бір жарым миллиард тұрғыны бар алпауыт Қытайдың өзі 95-орынға жайғасыпты.
Бұл ретте халықаралық сарапшылар Қазақстандағы алкогольді шектен тыс тұтынуды төмендетуге бағытталған тетіктердің тиімділігінің шамалы екендігін атап өтеді. Әрине, әлгі әлемдік рейтинг шыққалы бері де екі жыл уақыт өтті. Бірақ жағдай қаншалықты жақсарды?!
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы жан басына шаққандағы алкоголь тұтынудың ең шекті деңгейін есептеп шыққан: ол жылына 8 литрден аспауға тиіс! «Ары қарайғы ұлғаю ұлттың азып-тозып, деградациялануына және азғындалуына бұлтартпай әкеледі!» деп сақтандырады жаһандық ұйым.
Шаралардың тиімділігін салыстыра талдау барысында Қазақстандағы жазалардың қатаң еместігі көзге түскен. Мысалға, республикамызда 21 жасқа дейінгі жасөспірімдерге арақ-шарап сатқаны, сондай-ақ алкоголь өнімдерімен түнгі 23:00-ден таңғы 8:00-ге дейінгі тыйым салынған уақытта саудалағаны үшін 5-тен 60 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) мөлшерінде ғана айыппұл салынады. Ал дамыған шетелдерде бұл құқықбұзушылыққа барғандар, тіпті түрмеге қамалады.