Алқалы жиын барысында соңғы уақыттарда мемлекеттік тілді үйренушілерге қажетті оқу әдістемелік құралдардың, әдебиеттердің, әдістемеліктердің жеткілікті екендігін атап өткен ол бұл салада түйіні шешілмеген бірқатар мәселелердің де бар екендігіне тоқталды. Бұл орайда комитет төрағасы семинарға қатысушылар қазақ тілін үйретушілердің мәртебесін, статусын, деңгейін, жалпы қоғамдық орнын қалыптастыру мәселесін көбірек қозғағандықтарын қалайтындығын жеткізді. «ЖОО-ның тұрақты мәртебесі бар. Сонымен қатар мектеп мұғалімдеріне де белгілі түсінік қалыптасқан. Ал тіл үйрететін оқытушылардың мәртебесі, қоғамдағы орны әлі айқындалмай жатқан сияқты көрінеді. Сол себепті бүгін бұл педагогтар тобына белгілі бір дәрежеде санаттар не болмаса категориялар беруге бола ма, тілдік тұлғасын қалай қалыптасыруға болады, олардың қоғамдағы орнын, беделін көтеру үшін қандай шаралар іске асыра аламыз деген мәселелер талқыланса. Қорытындысында сіздердің тараптарыңыздан жақсы ұсыныстар айтылғанын қалар едік», деді Б.Омаров.
Сонымен қатар ол қатысушылардан өздерінің жұмыстарында пайдаланып жүрген не болмаса пайдаланғалы жүрген ұсыныстарын, бұрын жарияланбаған әдістемелік әдебиеттерін, салалық терминдерін, тың бағытпен оқытатын құралдарын, компьютерлік бағдарламалардың нұсқаларын комитетке ұсынуға кеңес берді. «Тіл комитетінде бұған арнайы бюджеттік бағдарламада қаражат қарастырылған. Біз оларды сараптап қарай келе шығарып беруге әзірміз», деп қорытты сөзін ол.