Қазақ тілін жаппай меңгеру - келелі міндет, перзенттік парыз

АСТАНА. Тамыздың 10-ы. ҚазАқпарат /Кенжеболат Жолдыбай/ - 2010 жылғы маусымның 10-ында білім беруді дамыту мәселелеріне арналған республикалық кеңесте Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов «әрбір ата-ана өз баласына жақсы білім беруді армандайды - бұл оның өмірлік мақсаты. Ол үшін өмір бойы жұмыс істейді, қаржы жинайды. Көптеген отбасы баласының болашағына күнілгері қам жасайды. Демек біз осы

сұранысқа лайықты білім беруіміз, олардың күткен үмітін ақтауымыз қажет», деген байсалды пікірін ортаға салды. Сондықтан да жақында дайындалған «2011-2020 жылдарға арналған білім беруді дамытудың мемлекеттік бағдарламасы» бұл міндетті шешуі тиіс.

Аталмыш бағдарламаны Мемлекет басшысы жеделдете индустриялық-инновациялық дамыту, денсаулық сақтау жүйесін дамыту және мемлекеттік тілді дамыту жөніндегі мемлекеттік бағдарламалармен қатар басымдықты төрт мемлекеттік бағдарламаның бірі ретінде бөліп көрсетті. Мемлекеттік бағдарламаға сәйкес білім алушылар сапалы білімге, әлемдік бағдарламалық ресурстар мен технологияларға қол жеткізеді, коммуникативтік және кәсіби біліктілігін арттырады. 12 жылдық білім беру жүйесіне толық көшуді жүзеге асырумен қатар инклюзивтік білімді терең жетілдіруге, шағын жинақылы мектептер проблемаларын шешуге мүмкіндік туады. Сондай-ақ, педагогика мамандығының беделін арттырудың оңтайлы шаралары да көзделген.

Білім беру жүйесін түбегейлі жаңарту негізінен мектепалды міндетті даярлыққа, орта, жоғары және одан кейінгі білім беретін барлық оқыту нысанына қатысты. Мұнда ең алдымен білім берудің сапасына ерекше көңіл бөлінеді. Әсіресе, қазақ тілінде оқытудың мән-жайы тұрақты назарда болады. Бұл табиғи жағдай. Мемлекет бүгінде қазақ тілін дамыту үшін барлық қажетті жағдайды туғызуда. Баршаға белгілі, оның мәртебесі Ата Заңымызда белгіленген, мемлекеттік тілді қолдау мақсатында жыл сайын миллиардтаған қаржы бөлінуде. Бүгінгі таңда республикамызда жүзден астам аймақтық, қалалық, аудандық қазақ тілін оқып-үйрену орталықтары жұмыс істейді. Жиырмадан астам компьютерлік бағдарламалар әзірленіп, барлық атқарушы органдар олармен толықтай қамтамасыз етілді. Қазақ тілінің ақпараттық кеңістігін кеңейту үшін Интернетте «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі» web-порталы жасалды, онда балаларға арналған мультимедиалық кешендер, сөздіктер, оқулықтар орналастырылуда.

Тәуелсіздік жылдарында республикада 912 қазақ мектептері ашылып, жұмыс істей бастады. Бүгінгі таңда 7576 мектептің 3811-і таза қазақ тілінде білім береді. Ал бұл 50 пайыздың үстінде деген сөз. Оларда 1,5 миллионнан астам бала оқиды. Жылма жыл бұл көрсеткіштің арта түскені байқалып отыр. Сонымен қатар, басқа ұлт өкілдері балаларының қазақ тілін меңгеруге деген ынтасының артып келе жатқаны байқалады. Кейбір мәліметтерге қарағанда, олардың саны бүгінде жиырма мыңнан асқан. Кезінде қазақ зиялыларының Алматыда, ең болмағанда, бір қазақ мектебін ашу үшін қанша тер төккенін жақсы білеміз. Бүгінде 48 қазақ мектебі жұмыс істейді. Астанада да осындай жағдай қалыптасқаны мәлім. Әлі есімде, бұдан 12 жыл бұрын Астанаға көшіп келгенімде балаларымды қазақ мектебіне орналастыру үшін әуре-сарсаңға түскенім бар. Ақыры оларды аралас мектепке беруге мәжбүр болдым. Енді міне, салыстырмалы түрде қысқа мерзімнің ішінде жағдай түбірінен өзгерді. Астанада бүгінде бұл проблема аса күрделі емес десе де болады. Қазір мұнда қазақ тілінде оқытатын 20 мектеп жұмыс істейді. Ерекшелігі сол, жыл сайын елордада, барлық дерлік облыс орталықтарында заманауи жабдықталған екі-үш қазақ мектебін ашу жақсы дәстүрге айналып келеді. Көптеген мектептер, соның ішінде қазақ мектептері де, кең жолақты Интернетке қосылған әрі бұл оқыту орындарында оқу үдерісін автоматтандыруға және әлемдік деңгейдегі сандық жүйеге қосуға қажетті жағдайлар туғызылған. Соның нәтижесінде қазақстандық оқушылар халықаралық түрлі пән олимпиадаларында жүлделі орындардан көрінуде. Қазақстанның осындай жетістіктері мойындалуының белгісі ретінде жақында Астанада ТМД елдері арасында тұңғыш рет 51-ші Халықаралық математика олимпиадасы өтті.

Бір атап өтерлігі, олимпиадалар жеңімпаздарының ішінде, сондай-ақ «Алтын белгі» иегерлерінің арасында қазақ мектептерінің оқушылары басым. Бұл қазақ мектептері оқушыларының білім дәрежесі орыс мектептеріндегіден кем соқпайтынының нақты дәлелі. Қайбір кездері, қазақ мектебіне балаларын берген кейбір ата-аналар балаларын орыс мектептеріне қайтарып алып жатыр деген сыбыстардың болғанын білеміз. Иә, мұндай жайттардың бірен-саран орын алғаны рас, бірақ ол жағдайлар тәуелсіздіктің алғашқы жылдарына тән құбылыс болатын. Ал қазір тарих дөңгелегі қазақ тілін биік белеске көтерді, бұл үдерісті енді ешкім де тоқтата алмайды.

Шынтуайтында, біз біртіндеп лингвистикалық үндесуге бет алып келе жатырмыз. Соның нәтижесінде республиканың 10 миллионға тарта азаматы қазақ тілін біршама меңгеріп отыр. 1999 жылы қазақ тілін еркін меңгерген азаматтардың 80 пайызын ұйғырлар, өзбектер, түріктер құрап, ұйғырлардың 10 пайызы қазақ тілін өз ана тілім деп санағаны белгілі. Бұл үрдіс бүгін де сақталуда. Яғни лингвистикалық ниеттің түзулігі, түптеп келгенде этникалық тұтастыққа ұласып, мемлекеттік тілді білу әркімнің аса бір өмірлік қажетіне айналары даусыз. Осыған байланысты, демограф Әзімбай Ғалидың мына бір уәждері назар аударалық. Белгілі ғалымның пікірінше, түптің-түбінде орыс тілді азаматтар қиналып қалмас үшін, қазірден бастап орыс мектептері ептеп қазақи тілдік ортаға бейімделе бастауы керек. Ол үшін 1-ші сыныптан 5-ші сыныпқа дейін қазақ тілін үдетіп оқыту көзделіп, 6-шы сыныптан бастап кей пәндерді тек қазақ тілінде оқытқан жөн. Сонда әрбір қазақстандық өздерінің азаматтық құқын, мәселен мемлекеттік тілді білуді міндеттейтін ел басқару мүмкіндігіне дейін, толық қамтамасыз ете алатын болады.

Бір сөзбен айтқанда, қазақ тілі ендігі жерде күш алып, басымдыққа ие бола береді. Бұл бізде басқа тілдерге көңіл аударылмайды деген сөз емес. Орыс тілінің маңызы біз үшін әрқашан да басым болып қала береді. Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев оны жаппай, еркін игеру - Қазақстан халқының жетістігі екенін айрықша атап көрсеткен болатын. Бұл ғылымның, білімнің, халықтар достығының тілі. Орыс тілін еркін меңгере отырып, біз көршіміз - Ресеймен ежелгі тамаша қарым-қатынастарымызды тереңдете түсудеміз.

Ал ағылшын тілінің әлем тілі ретіндегі рөлін мойындамасқа болмайды. Оны меңгеру ұлттың бәсекеге қабілеттілігін арттыра түседі, әлем кеңістігіне алып шығады. Яғни, оны балаларға үйрету - уақыт талабы. Ең бастысы, әрбір адам уақыт шақыруына үн қосып, өркениет жолынан қалып қоймауы керек. Ата-балаларымыз «Жеті жұрттың тілін біл!» деп тегін айтпаған. Бүгінде одан көп тіл білсең, нұр үстіне нұр! Осындай жағдайда қазақ тілі топтастырушы рөл атқарып, тәуелсіздігімізді нығайтудың шешуші факторына айналуы тиіс. Ел Президенті Н.Назарбаевтың тапсырмасы бойынша әзірленген 2011-2020 жылдарға арналған Тілдерді қолданудың және дамытудың мемлекеттік бағдарламасының негізгі мақсаты да осыған саяды. Аталмыш бағдарлама 26-шы шілдеде Үкімет үйінде Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің қатысуымен өткен кеңесте таныстырылған болатын. Осы бағдарламаға сәйкес соңғы он жыл ішінде қазақстандықтардың 95 пайызы мемлекеттік тілді еркін меңгеріп шығатын болады. Солай боларына өз басым кәміл сенемін. Өйткені, Елбасы айтқандай, «Қазақстанның болашағы - қазақ тілінде!».