Бұл үдерістің негізгі драйверлерінің бірі – жасанды интеллект технологиялары. OpenAI компаниясының қаржы директоры Сара Фрайардың айтуынша, ChatGPT-ді апта сайын 900 миллионнан астам адам пайдаланады, ал көптеген қолданушылар үшін ЖИ-мен алғашқы тәжірибе дәл осы платформадан басталады. Осы үрдіспен қатар Қазақстан да жасанды интеллектіні белсенді қолданатын елдердің қатарына қосылып отыр.
Ғылым және жоғары білім министрлігінің деректеріне сәйкес, Қазақстан ЖИ қолдану деңгейі жоғары алғашқы 30 елдің ішінде. Қолданушылар нейрожеліні көбіне мәтін жазу, ақпарат іздеу және практикалық тапсырмаларды орындау үшін пайдаланады.
Мамандардың болжамынша, алдағы уақытта жасанды интеллект қазақ тілінде еркін жұмыс істейтін деңгейге жетеді. Осы бағытта «Әлем LLM» атты жаңа тілдік моделі әзірленді. Ол 148 миллиард токен көлеміндегі деректермен оқытылып, ұлттық тілдік ерекшеліктерді, мәдени контекст пен терминологияны жоғары деңгейде түсінуге бейімделген.
– Тілдің болашағы цифрландыруға тікелей байланысты. Сондықтан еліміздің жетекші тілдік институттары бірігіп, алғашқы ұлттық тілдік модельді әзірледі, – деген болатын Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек.
Алайда тілдің технологиялық дамуы тек техникалық шешімдермен шектелмейді. Ол ғылыми негіз бен лингвистикалық зерттеулерге тікелей тәуелді.
Цифрлық даму мен ұлттық код
А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры Анар Фазылжан қазақстандық лингвистика жаһандық үрдістерге сай қарқынды дамып келе жатқанын айтады. Соңғы маңызды жетістіктердің бірі – 20-дан астам ішкі корпус негізінде жасалған қазақ тілінің ұлттық корпусы. Бұл база тілдің жай-күйін үлкен деректер арқылы талдауға мүмкіндік береді.
– Институт қазақ тілінің мәдени ерекшеліктеріне негізделген үлкен тілдік модельдерді әзірлеуге қатысып келеді. Бұл ретте фразеологизмдер мен мақал-мәтелдерге ерекше мән беріледі, – деді Анар Фазылжан.
Лингвистика пәнаралық бағытта да дамып келеді. Әлеуметтік лингвистика, психолингвистика және лингвистикалық персонология сияқты салалар кеңейіп отыр.
Маманның айтуынша, тіл адамның ойлау қабілеті мен мәдени деңгейіне тікелей әсер етеді. Сондықтан балалардың тілдік ортасы мен контент сапасы ерекше маңызды.
– Қазақ тілі бүгінгі таңда тек коммуникация құралы емес, цифрландыру дәуіріндегі ұлттық кодтың негізгі бөлігі болып қала береді, – деді ол.
Осы тұрғыда мамандар гуманитарлық ғылымдардың рөлін күшейту қажеттігін атап өтеді, өйткені тілдің болашағы оның күнделікті қолданысына тікелей байланысты.
Қазақ тілі мен балалар контенті
Балалардың медиа тұтыну әдеті бүгінде тілдің болашағына тікелей әсер ететін маңызды факторлардың біріне айналып отыр. Халықаралық деректерге сәйкес, 8 жасқа дейінгі бала күніне орта есеппен 2 сағат 51 минут уақытын экран алдында өткізеді.
Осыған байланысты дамыған елдер балалар контентін ұлттық құндылықтарды қалыптастыратын стратегиялық құрал ретінде қарастырады. Америка, Жапония және Қытай сияқты мемлекеттерде балаларға арналған мультфильмдер мен бағдарламалар арқылы патриотизм, еңбекке құрмет және ұлттық болмыс сияқты құндылықтар жүйелі түрде насихатталады.
Қазақстанда да бұл бағытта бірқатар ілгерілеу байқалады. Елімізде 2023 жылдан бастап шетелдік танымал балалар арналарын қазақ тіліне дубляждау қолға алынып, Nickelodeon және TiJi арналарының мультфильмдері қазақ тілінде көрсетіле бастады. Сонымен қатар Balapan арнасы мен Қазақ радиосы балаларға арналған контентті кезең-кезеңімен арттырып келеді. 2024 жылы 20-дан астам мультфильм қазақ тіліне бейімделіп, эфирге шығарылды.
Оған қоса Disney, Pixar және Sony студияларының фильмдері де қазақ тіліне дубляждалып, кең аудиторияға ұсынылуда. Бұл бастамалар өңірлерде де сапалы контентке қолжетімділікті арттыруға ықпал етіп отыр.
Дегенмен зерттеулер балаларға арналған цифрлық контенттің сапасына қатысты бірқатар мәселелердің бар екенін көрсетеді. Қазақ тіліндегі контенттің үлесі әлі де төмен, ал орыс және ағылшын тіліндегі материалдар басым. Мәселен, Instagram желісінде талданған 309 аккаунттың шамамен 30 пайызы ғана қазақ тілінде контент ұсынады. Ал TikTok-та бұл көрсеткіш одан да төмен.
YouTube платформасында жағдай біршама жақсырақ болғанымен, мұнда да балаларға арналған контенттің сапасы мен психологиялық қауіпсіздігі толық талапқа сай деуге келмейді. Талдау танымдық видеолар бар екенін көрсеткенімен, жас ерекшелігіне сай сүзгіден өткен әрі қауіпсіз контенттің үлесі жеткіліксіз.
Осы мәселелерді бағамдаған М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының жетекші ғылыми қызметкері Нұрбол Құдайбергенов қазіргі цифрлық орта балалардың дамуына тікелей ықпал етіп отырғанын атап өтеді.
– Елімізде халықтың үштен бірі – балалар, нақтырақ айтқанда, 18 жасқа толмағандардың саны 7 миллионға жуықтайды. Олардың ақпарат тұтыну тәсілі бұрынғы буыннан айтарлықтай ерекшеленеді. Бүгінде 1997–2012 жылдары туған Z-ұрпақты түсіну өз алдына, 2012 жылдан кейін дүниеге келген альфа-ұрпақтың таным-түсінігі тіпті жаңа цифрлық ортада қалыптасып жатыр. Осыған байланысты балалық шақ ұғымының өзі өзгеріп барады. Технология бір жағынан мүмкіндік берсе, екінші жағынан кері әсері қатар жүр. Бұл өзгерістер балалардың психикалық, физиологиялық және танымдық дамуына тікелей ықпал ететіні байқалады. Сондықтан балаларға арналған сапалы, мазмұнды қазақтілді контентті көбейтудің маңызы зор, – деп санайды спикер.
Қазақ тілінің жаңа коммуникациялық кеңістігі
Бүгінде әлеуметтік желі қазақ тілін насихаттаудың және оның қолданыс аясын кеңейтудің тиімді алаңына айналған. Әсіресе TikTok платформасында түрлі этнос өкілдері қазақ тілінде еркін сөйлеп, контенті арқылы мемлекеттік тілдің ортақ коммуникация құралы ретіндегі рөлін көрсетіп келеді.
Осы бағытта белсенділік танытып жүргендердің бірі – беларусь ұлтынан шыққан актриса Татьяна Турлай. Ол TikTok-та әзілге негізделген бейнероликтері арқылы кең аудитория жинаған. Достарымен бірге жүргізетін «Анонимді орыстар клубы» атты сатиралық айдарында Қазақстандағы тұрмыс ерекшеліктері мен мәдени ортаға бейімделу тақырыптарын жеңіл форматта жеткізеді. Сонымен қатар жеке парақшасында қазақтың салт-дәстүрлері, той мәдениеті және ұлтаралық достық тақырыптарын көтеріп, қазақ мәдениетіне деген құрметін көрсетіп келеді.
Қазақ тілін дәріптеп жүрген контент жасаушылардың қатарында Алексей Лодочников та бар. Көпшілікке Қайықбаев есімімен танылған ол балалар үйінде тәрбиеленіп, сол ортада қазақ тілін меңгерген және домбыра тартуды үйренген. Оның өмір жолы қазақ тілінің адамдарды жақындастыратын және әртүрлі мәдениеттерді біріктіретін маңызды құрал екенін айқын көрсетеді.
Әлеуметтік желі арқылы мемлекеттік тілді насихаттап жүргендердің бірі – қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, блогер Алтынай Өтегенова. Оның TikTok желісіндегі парақшасына 70 мыңнан астам оқырман жазылған.
– Басты мақсатым – қазақ тілінің әсем әрі бай тіл екенін Қазақстанда ғана емес, басқа елдерде де таныту. Тіл үйретудің түрлі әдістерін саралай келе қазіргі кезеңде әлеуметтік желілер ең тиімді құрал екенін түсіндім. Өйткені олардың ықпалы жылдан жылға артып келеді. Алғашында қарапайым сөздердің аудармасын, қысқа диалогтар мен күнделікті өмірде қажет болатын сөз тіркестерін түсірдім. Кейін тіл үйренуді ойын элементтері арқылы қызықты ететін бейнероликтер дайындай бастадым. Қазір қызығушылар көп, – дейді Алтынай Өтегенова.
Бұл үрдіс офлайн форматтағы бастамалармен де ұштасып келеді. Соның бір айғағы – елімізде түсірілген қазақ тілін үйрену туралы деректі фильм.
Туынды Алматыдағы «Батыл бол» тіл үйрену клубының жұмысы мен қазақ тілін меңгеруге талпынып жүрген адамдардың өміріне арналған.
Картинаның авторы әрі режиссері – телередактор және сценарист Татьяна Шишкина. Ол бұл жобаны өзінің жеке тәжірибесіне сүйене отырып қолға алған.
– Жылдар бойы түрлі сылтау айтып, тілді өзім үшін күрделі етіп көрсеттім. Кейін мен сияқты адамдардың көп екенін түсіндім. Фильммен жұмыс барысында бәріміздің қателескенімізге көзім жетті. Алексей Скалозубов негізін қалаған «Батыл бол» сөйлесу клубының жұмысын көрсету арқылы тақырыпты аштым, – дейді Татьяна Шишкина.
Жоба 2024 жылы Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы ұйымдастырған питчингтен өтіп, сарапшылар кеңесінің қолдауына ие болды.
Фильмде режиссердің және қазақ тілін үйренуге бел буған өзге қатысушылардың бір жарым жылға жуық уақыттағы өмір жолы көрсетіледі. Автор әртүрлі қалалардағы «Батыл бол» клубының бөлімшелеріне барып, түрлі ортадан шыққан адамдардың тәжірибесін бақылаған. Туынды адамның ішкі кедергілерді жеңуі, көзқарасын өзгертуі және тілді жаңа деңгейде қабылдауы сияқты маңызды үдерістерді көрсетеді. Жоба авторларының айтуынша, фильм халықаралық деректі кино фестивальдерінде көрсетіліп, алдағы уақытта қазақстандық көрерменге ұсынылмақ.
Осы бастамалар бір ғана үрдісті айқын көрсетеді. Қазақ тілі бүгінде жаңа даму кезеңіне өтті. Мемлекеттік саясат, ғылыми зерттеулер, балалар контенті мен цифрлық платформалар бір бағытта тоғысқан сайын оның қолдану аясы кеңейе түсуде.