«Қазақ заңының» толық нұсқасы моңғол жерінен табылды» - БАҚ-қа шолу

АСТАНА. 20 қыркүйек. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» агенттігі республикалық басылымдарда 20 қыркүйек, жұма күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.

***

Елордадағы Бейбітшілік және келісім сарайында Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия мен «Әйелдер шығармашылық бастамасы лигасының» ұйымдастыруымен «Ерте әрі күштеп қиылатын неке құбылысының алдын алу» тақырыбында халықаралық конференция өтті. Осы жиын арқау болған мақала «Егемен Қазақстан» газетінде «Ерте некеге тұру: гендерлік теңсіздікке бастай ма?» деген тақырыппен берілген. Басылымның жазуынша, кәмелеттік жасқа толмай шаңырақ көтеруге асығатын жұптар да жоқ емес десек, оның ішінде белгілі бір тараптың күштеуімен, зорлық көрсетуімен некесін қиғызатын жас қыздар бар екендігі жиын барысында айтылған. «Ерте қиылатын некенің салдарынан жас әйелдердің арасында ана өлімі жоғары. Бұған денсаулық сақтау саласы кінәлі емес, ерте жастан бала көтеруге жас ананың ағзасы дайын еместігі себеп болуда. БАҚ-тарда ерте қиылатын некелердің сәтсіздігі жайында материалдар жиі ұшырасады. Интернетте кәмелеттік жасқа толмаған әйелдеріне жәбір көрсету жайындағы жантүршігерлік бейне түсірілімдер толып жатыр. Осының барлығы бізге ой салуы тиіс. Адамзаттық қарым-қатынасқа сай келмейтін әрекеттерге жол бермеуді көздейтін түбегейлі шараларды қолдануымыз қажет», - деді Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның төрайымы Гүлшара Әбдіқалықова.

«Мың жылдық көкжиек» бағдарламасы шеңберінде шетелге іссапарға барып қайтқан отандық тарихшы ғалымдардың бірі, бітік жазуының білгірі, тарих ғылымдарының докторы, профессор - Қаржаубай Сартқожа. Ғалыммен «Егемен Қазақстан» газетінің арасындағы әңгіме Моңғолиядан қазақ тарихына қатысты қандай қазына әкелінді деген тұрғыда өрбіді. «Бір ай Моңғолияның Орталық архивінде отырып, оннан аса қордан 280 бет архив құжаттарын іріктеп алдым. Бұл құжаттар уйғуржін-моңғол графикасымен, яғни, моңғолдардың көне алфавитімен жазылған. Құжаттардың ең көнесі 1757 жылы жазылған екен. Біз бұдан бұрын Абылай хан тек жоң­ғарлармен соғысты деп жүретінбіз. Манжү Чин патшалығы сыртқы Моң­ғолияда жасақталған, аса мол қол қамтылған бүтін бір армияны Абылайға қарсы аттандырыпты. Осы армия құрамында көзге түс­кен сардарлар мен сарбаздарды марапатқа ұсынған отыз бет құ­жат таптық. Екінші бір керемет дүние - «Қазақ заңы» деген құ­жат. Көне моңғол алфавитімен жазылған. Шығыс Түркістанда өмір сүрген қазақтар 1836 жылы заң қабылдаған», - дейді ғалым басылым сауалдарына тұщымды жауап бере келе. Сұхбат «Қазақ заңының» толық нұсқасы моңғол жерінен табылды» деген тақырыппен берілген.

***

«Айқын» газетінің бүгінгі санында ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор, академик Бескемпір Сейдалиевпен арада өрбіген сұхбат «Ғылымсыз мемлекеттің дамуы мүмкін емес» деген тақырыппен берілген. Басылым тілшісінің барлық сауалына егжей-тегжейлі жауап берген ол: «Өкінішке қарай, еліміздің өтпелі кезеңінің алғашқы жылдарында біз ветеринария саласын жоғалтып алдық. Реформаның барлығы реформа үшін емес, реформа тиімді болу үшін жасалуы керек. Біздің кейбір азаматтарымыз ветеринария саласын реформалаймыз деп, ауылдағы барлық ветеринария стансаларын жойып жіберді. Соның салдарынан мал ма­мандарынан айырылдық. Малды әр маусым сайын әр ауруға қарсы егілетін жұмыстар тоқтап қалды. Әсіресе, малда болатын аусыл, бруцеллез, топалаң және оспа деген ауруларға қарсы вакцина егіліп отыру керек. Қазір бұл жұмысты біреу істесе, біреу істемейді. Вакцинаның сапасы төмен. Бізде тендер деген мәселе шықты. Тендердің басындағы комиссия бір жақты болып, біреуді қолдау арқылы сапасыз вакциналар өткізу арқылы малда ауру көбейді», - дейді.

Өзге ұлт өкілдері мемлекеттік тілді жаппай меңгеріп кетуі үшін қазақтілділер сөз көмегін тигізуі қажет. Кеше «Назарбаев Орталығында» өткен «Тіл - Тәуелсіздік тұғыры» атты жиында осындай байлам жасалыпты. Бұл жайында «Айқын» газеті жазып отыр. Басылымның жазуына қарағанда, шара барысында ұлты басқа болғанымен, құлқы бөтен емес, түрі басқа болғанымен, тілі бір жастарға көбірек мінбер ұсынылды. Солардың біразы қазақша қойған сауалына қазақ құрбы-құрдастарының, қаншама қатемен болса да, орыс тілінде жауап беруге тырысатынын қынжыла айтып жатты. Әйтпесе «ауылдан келген екен деп ойлап қалады» деп қымсынатын көрінеді. Өкінішке қарай, кеңес кезінен қалған құлдық сана қазақ жастарының миында мықтап орнағанға ұқсайды. Мақала тақырыбы: «Қазақша сөйлеуіміз қажет!».