Қазақ жеріне әз-Наурыз мейрамы келіп жетті

АСТАНА. 22 наурыз. ҚазАқпарат - Ықылым заманнан-ақ ата-бабаларымыз зор ниетпен тойлап келе жатқан ұлық мерекелердің бірі Наурыз мейрамы екендігі ешкімге күдік тудырмайды.

Десекте, кеңестік кезеңде құрдымға кете жаздап, тек Қазақ елі тәуелсіздігін алып, етек-жеңін қымтаған 20 жылдың ішінде ғана бұл мереке түлеп келе жатыр.

Бүгін қызыл империяның құйтырқы саясатынан санамыздан өше жаздаған Наурыз мейрамы еліміздің барлық өңірлерінде кеңінен аталып өтіледі. Айта кетерлігі, елорданың «Қазақ елі» монументі алдында өтетін жалпыхалықтық мерекелік іс-шаралардың ерекше болар түрі бар. Өйткені Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуы күтіліп отырған бағдарлама аясында келушілері назарына айрықша қойылым ұсынылып, соңы концертке ұласпақ.

Есте болса, ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев 2012 жылдың 27 қаңтарындағы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында: «Астана - 2012 жылы түркі әлемінің мәдени астанасы болып жарияланды. Осы халықаралық іс - шараларды лайықты өткізуіміз керек»,- деп мәлімдеген еді. Осыған орай «Қазақ елі» монументі алаңында өтетін Наурыз мейрамының басты шарасында түркі халықтарының бай мәдени мұрасына басымдық берілмек. Сонымен қатар елорда әкімдігі сан түрлі қазақтың ұлттық спорт түрлерінен де сайыс өткізуді жоспарлап отыр. Мәселен, «қазақша күрестен» боз кілемге етек-жеңін түріп, әжелеріміз бен аталарымыз да шығып белдесетін сайыс қызық болатын түрі бар. Дәл осы күні ұйымдастырылатын түрлі спорттық шаралардың қатарындағы қошқар көтеру сайысы да  елді елең еткізері анық. Бұдан бөлек, бұқа тартыс, арқан тарту, асық ату, қазақ күресі, нысана ату, шахмат, тоғызқұмалақ, кір тасын көтеру, армрестлинг жарыстары да қызыққа толы болмақ. Айта кетерлігі, дәл осындай спорттық шаралар «Хан шатыр» сауда, ойын-сауық орталығының, әкімдіктің, «Студенттер» саябағының алаңдарында да өтеді.

Наурыз мейрамы - көктем мейрамы және Орталық Азия халықтарының Жаңа жылы. Бұл мереке бірнеше мың жылдан бері аталып келеді. Парсыша наурыз ай аты емес, тек бірінші айдың бірінші күні дегенді білдіреді. Бұл айды соғдалықтар «наусарыз», хорезмдіктер «наусарджи», армяндар «навасарди», чуваштар «норас-ойахе» деп атаған. Қазақстанда кеңес заманында талай жылдар бойы діни мереке деп саналып, тыйым салынды. Соңғы рет 1926 жылы тойланған Наурыз мейрамы Қазақстанда 1990 жылдардың басында қайтадан ресми түрде атала бастады. Оның жаңғыруына көрнекті мемлекет қайраткері, этнограф-ғалым Өзбекәлі Жәнібеков көп еңбек сіңірді. 2001 жылы наурыз мейрамы мемлекеттік мереке ретінде жарияланса, ал 2009 жылдан бастап үш күн қатарынан тойланады.