Қош бол, Герольд!
Батыс бетте - өңкей теңкиген-теңкиген тасбақа жон тарғыл тастар. Шығыс бетте - құлдырама құз. Шың жиегінде сымша тартылған тау жолымен әзер жылжып келеміз. Кенет ошарыла тоқтадық. Алдыңғы көліктен түскен екеу ентелеп ернекке қарай беттеді. Не болды екен? Жалма-жан солай қарай ұмтылдым. Жете бере, кілт кідірдім. Ақар-шақар шыңдардың арасында аппақ құз бөліне шығыпты. Айналадағы асқар шыңдардың бәрінен қол үзіп, қақ ортада жалғыз өзі айбаттана маңқиып тұр. Соны көрсетуге тоқтапты. Талдырмаш жас жігіт қолын сермелеп, әлденені айтып бағады. Қасындағы жасамыс жампоз аузын ашып, аңтарыла тыңдап қалған. Қолындағы таяғына күшене салмақ салып, оқтын-оқтын тауларға қарап, басын шайқап қояды. Әлгі жерге бәріміз де аялдап, таңғажайып табиғатты тамашаладық.
Сол сурет көкірегімде әлі күнге сақталып қалыпты. Бұл 1992 жылдың жазы еді. Бір топ ғалымдар, жазушылар, сәулетшілер, суретшілер Маңғыстауға бардық. Сол ұзақ сапарда Герольд Бельгердің қасында қолды-аяққа тұрмай зыр жүгіріп үлкен ұлым Әулет жүрді. Досымның көрер көзге жасарып, ұлымның көзапара есейгенін сонда байқадым.
Герольд күні-түні үйден шықпайтын еді. Құмалақ салып, кітап ашқандай, айналасын қазақша, орысша сөздіктерге толтырып, қай сөздің қай сөзбен жарасып, қай сөзбен таласып қалатынын ойлап, басы қататын. Аудармашының өзінен басқа жәрдемшісі жоқ ауыр еңбегі кеше де солай еді. Бүгін де солай. «Бір сілкініп қайтсаңызшы!» - деп, әлгі сапарға әзер көндіріп едім.
Онысына кейін өкінген жоқ. Кездескен сайын сол сапарды сағына еске алып отыратын. Әулетжан дүниеден өткен кезде жолдаған жеделхатында да сол бір күндері жете біліп, жете табысқан бала досын ажалға қимай, аһ ұра өксіген еді. Енді, міне, орны толмас ауыр қазасына мені де тұншыға булықтырып, өмірден өзі де өтіп барады.
Екеуміздің қалай танысып, қалай табысқанымыз анық есімде жоқ. «Жұлдызға» қазақтан өте сайрап тұрған бір неміс келіпті деген хабар бәрімізді дүр сілкінтті. Бардық. Көрдік. Қайран қалдық. Майлы қасықтай араласып кеткенімізді де сезбей қалдық. Ол кезде біреу бірдеңе бітірсе, бәріміз қуанатынбыз. Әбдіжәміл сиясы кеппеген «Күй» деген хикаямды ерінбей-жалықпай госпланда отырған Ілияс Омаровқа апарыпты. Ол ұнатқан. Асқар мен Зейнолла Герольдқа көрсетіпті. Ол жасап жатқан жұмысын кідіртіп, орысшаға аударыпты. Сөйтіп жүргенде, Мәскеуден Лев Аннинский келеді. Қазақ прозасының соңғы туындыларын көреді. Соның арасында «Күй» де жүреді. Ақыры «Дружба народов» журналына шығады. Дүңк-дүңк хабарын естіп жатсам да, басы-қасында жүрген жоқпын. Ол кезде мені әскерге шақыртқан. Одан 1970 жылы босадым.
«Күй» немістерге де ұнапты. Кеңес жазушыларының таңдамалы туындылары жеке кітап болып шыққан. Соған кірген. Сол-ақ екен, хаттар жауды. «Тағы неңіз бар?» - дейді. Қысылғаннан, әскерге кетпей тұрғанда жарияланған «Ханшадария хикаясын» құшақтап, қаланың шет жағында тұратын Герольд Бельгерге барайын. Ол жаймашуақ жайдары қарсы алды. «Бұныңды оқығанмын. Әсем дүние ғой!» - деді. Екі езуім құлағыма жеткенше қуанып, үйге қайттым. Көп ұзамай, Вологдадан хат келді. «Дружба народов» журналындағылар ұнатып, сол кезде аты әйгілене бастаған Василий Беловтан әдеби аудармасын жасауды өтініпті. Ол Бельгердің аудармасын оқып шығып, екеуміз бірге аударайық деп ұсыныс жасапты. Бұған Гера да, мен де қуана келістік.
Содан маған шетел оқырмандарына жол Бельгер табалдырығынан басталатындай көрінді. Талай рет неміс, венгер, чех, поляк, болгар баспагерлері қолқа салғанда: «Бәрін де Бельгер шешеді. Соған жолығып көріңіздер», - дедім. Кейін олар менің не жазып, не қойып жатқанымды Герадан сұрап, біліп отырыпты.
Сөйтіп, әдебиет табалдырығынан қатар аттап, құлын-тайдай тебісіп, бірге өскен аяулы досымнан нағыз қаламгерлік қайратына мінген шабытты шағында айырылып қалу маған да оңай тиіп отырған жоқ. «Бірге тумақ болса да, бірге жүрмек жоқ екенін» сезінгелі де талай уақыт болды. Күнде-күнде қолтықтасып бірге жүрмесек те, екеуміз бір-бірімізбен араласпай, екі қалада тұрсақ та, оның сезімтал жүрегінің не ойлап, не түйсінгенін іштей аңғарып отыратынмын.
Герольд Бельгердей ірі талант, іргелі суреткер қайда да, қай заманда да ешкімнің қолтығына сыймайды ғой. Дараланбай, сараланбай тұра алмайды. Бала жасынан бір ғана өзін емес, туған халқын ойлап өскен қамырықты суреткер ерте ме, кеш пе бұйдасын үзіп шығып, өмір кеңістігінде, өнер жазирасында өз сүрлеуін салып, өз соқпағын омбылайды. Басынан кешкендерімен, өмірден түйгендерімен бөліседі.
Қазақ әдебиетіндегі Бельгер соқпағы да уақыт өте келе, күні-түні жүрісі тоқтамайтын нағыз күре жолға айналғанын көріп отырмыз. Халықтар, қоғамдар, мәдениеттер арасындағы жылдан-жылға жиілей түскен үнқатысуларға үзбей атсалысып келе жатқан, қайсарлана алға ұмтылып, қайраттана ой толғаған айтулы азаматтың, кемел тұлғаның асқақ дауысы барған сайын саңқылдай түсері анық.
Ендеше, ол өлмейді. Өзі болмаса, сөзі мәңгі өшпес өмірмен бірге жасай бермек-ті.
Қош бол, Герольд!
Әбіш КЕКІЛБАЙҰЛЫ.
Ел қадірлеген Гераға
Көрнекті жазушы, аудармашы, қоғам қайраткері, жерлесіміз Герольд Бельгер өмірден озды деген суық хабар барша солтүстікқазақстандықтардың көңілдеріне қаяу салып, қайғы-мұңға батырды.
Герольд Бельгер былтыр 80 жасқа толғанда құттықтағанымда біраз жайларды ортаға салған еді. Әңгіме барысында әлі баспа бетін көрмеген еңбектері бар екенін тілге тиек етті. Алайда, сұм тағдыр жерлесіміздің осы ойларын іске асыруға мүмкіндік бермеді...
Бүкіл ел қадірлеп, Гераға деп кеткен жазушы ағамыздың балалық, жастық шағы өзі шығармаларында сан мәрте жазғандай, ерке Есілдің жағасында орналасқан бұрынғы Ленин, қазіргі Ыбыраев ауылында өтті. Бұл өңірді өз заманында атақты Шал ақын, аспандағы аққуға үнін қосқан Үкілі Ыбырай сынды саңлақтар ән мен жырға бөлеген. Мүмкін, бала Бельгердің қаламгерлік жолды таңдауына олардың да әсері болған шығар.
Ол 1994 жылы Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып сайланды. Герольд Карлович сол кезде де, кейін де еліміздің қоғамдық өміріне белсене араласты. Еңбекқорлығы мен қарапайымдылығынан танбаған жазушы өмірінің соңғы күндеріне дейін қолынан қаламын тастамады. Оның әрбір шығармасын жұртшылық қызыға оқитын. «Ауыл шетіндегі үй», «Даладағы шағалалар», «Тас өткел», «Гете мен Абай» секілді көптеген кітаптары оқырмандар мен әдеби ортадан өз бағасын алғаны біз үшін зор сүйініш.
Герольд Карлович сый-құрметтен де кенде болған жоқ. Президенттің Бейбітшілік пен рухани келісім сыйлығының лауреаты, «Парасат», ІІ дәрежелі «Достық» ордендерінің иегері, Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген мәдениет қызметкері атанды, көптеген әдеби сыйлықтарды иеленді. Жерлесіміз «Солтүстік Қазақстан облысының құрметті азаматы» атағын алған болатын.
Жазушының шығармалары қаншалықты ізгілікке толы болса, өзі де жаны нұрлы, жайсаң мінезді азамат еді. Герольд Карлович Бельгердің өмірден озуы - бүкіл қазақ әдебиеті өкілдері үшін ғана емес, Қазақ елі үшін орны толмас ауыр қаза. Оның ғұмыры үзілгенмен, жарқын бейнесі халық жадында ұзақ сақталады. Артында өшпейтін із, мол шығармашылық мұра қалдырды.
Марқұмның отбасына, ағайын-туғандарына, Герольд Карловичті қадірлеген барша жұртқа қайғыларына ортақтасып, көңіл айтамыз.
Ерік СҰЛТАНОВ,
Солтүстік Қазақстан облысының әкімі.
Жаны ғарышта, бізден алыста...
Келте тірлікте талмай еңбек еткен бір адамды атаңдар десе, Қазақстан Герольд Бельгерді ұсынатыны хақ. Герағамыз еңбекпен біте туған жаратылысы бар жалғыздар тобынан еді.
Ертеректе жиі кездесіп әңгіме-сұхбат құратынбыз. Кейінгі кезде телефонмен ғана хабарласатын болдық.
Маған бірде телефон соққан Гераға:
- Роллан, аманбысың? Менмін ғой, - деп күрсінгендей болды.
- Ауырып тұрсыз-ау, - дедім. - Серуенге шығып жүрмісіз?
- Таздан тарақ қалғалы қашан!.. Төрт қабырғаға қамалып қалдым. Жүрек, шіркін сыр беріп жатыр. Бес инфарктты көтерген бұған рахметтен басқа не айтамыз?! Бірақ, әлі де күніне үш сағат жазу жазамын. Мен қанына тәртіп сіңген неміспін ғой. Солай, Роллан. «Аманат» журналына келін екеуің ат қойған «Избранная чепуханың» соңғы бөлімдерін салып жібердім. Өзіңнің сұрауың бойынша.
- Рахмет, Гераға! Оны бірінші нөмірге дайындап жатырмыз...
- Оны өзің біл. Менікі - уәдеге беріктік. Бұл қасиетімді жақсы білесің, қоңырау соғып тұр. Қазіргілер қоңырау шалып, дейді. Қазақ та, қазақтың теркомы да қазақ тілін былықтырып бітті. Қазаққа Абайдың тілінен басқа не керек? Соны ұстанбаймыз ба, а?!. Жә, оны қояйық. Сенің де жүрегіңді жаралай бермейін. Әйтпесе, бұл таусылмайтын тажал әңгіме. Сау тұр, Роллан.
Адам бойындағы ар-ұят өлген ХХІ ғасырда ақыл-парасаты мен намысын ұлы қазақ халқы жоғалтып алмасын деп Дешті-Қыпшақ даласында жанталасқан ерен тұлға едіңіз. Қазақтың кемшілігін, жетіспей жатқан жерін сынағанда сіз сырт көзбен емес, бөтен адамдай емес, қазақтың төл баласындай, көп қазақтың бірі болып, жаныңыз жылай отырып сынадыңыз. Соны ұққан қазақтың сізге деген өкпесі болған жоқ. Қазақтың да сізді бөтенсінбегенін өзіңіз де ұқтыңыз.
Жаныңызбен жақсы көрген қазақтарға сіз талмай телефон соқтыңыз. Біз телефонды кейде көтердік, кейде көтермедік. Сөзіңізді кейде ұқтық, кейде ұқпадық. Бірақ, қанына тәртіптілік туа бітпеген қазақтар сізді жанындай жақсы көрді, сыйлады. Тілеуіңізді тіледі. Сізді ұлағат тұтты. Сіз қазақ даласының ар-ожданына айналдыңыз. Алдымызға салған ақылды, қамқор ағамыз болдыңыз.
Неміс болып та сөйлеген, орыс болып та сөйлеген, қазақ болып та сөйлеген қайран Герағам-ай! Есті қазақтың қабырғасы қайысқан ауыр қаза үстіндеміз. Суына шомылған Есіліңіз де мұз құрсауында тұншыға дем алады бүгін.
Жаны ғарышқа ұмтыла ұшып кеткен Герағам деп, біздің тіршілігіміздің тағы бір парағы жабылғандай, қазақ мәдениеті мен әдебиетінің тағы бір дәуіріне қош дегендей болған асылым деп қоштасу айтқан -
Роллан Сейсенбаев.
Аманат
Қайран Гереке! Герольд Бельгер! Өзіңмен әзіл-шыны араласа менен көп сырласатын ешкім жоқ шығар деуші едім. Сен таласпайтынсың. Себебі екеумізге де белгілі-тін. Соңғы жиырма жылдан бері күнделіктеріңді аударып және олар «Парасат» журналында үзбей жарияланып, бір парасы белгілі сәулетші Әбдісағит Тәтіғұловтың демеуімен кітап болып шыққан болса, солай болмай қайтуші еді?!
Сені жасы үлкендер мен қатарластарың «Гера, Геражан» десе, жасы кішілер «Гераға», «Гераата», мен таза қазақшалап «Гереке» дейтінмін. Енді арамызда жоқсың. Өкініш! Қасірет!
Гереке! Өткен жыл аяқталуға екі апта қалғанда таң атар-атпастан жүрегің жарыла қуанып, тосын жаңалық айттың: «Өзім туралы арғы-бергіде жазылған дүниелерді жеке кітап етіп шығаруға мүмкіндік туып тұр, жаңа жылға дейін түгендеп, қолыңа беремін. Құрастырушы өзің боласың. Егер шығатын болса, бұл кітап бір төбе де, қалғандары бір төбе болады», - деп. Демеушінің де аты-жөнін айттың: «Кәдімгі екеуміздің ортақ досымыз, өзіміздің Әбдісағит Тәтіғұлов», - деп.
Жаңа жыл өтісімен қолжазба қолға тиіп, іні досың Талғат Айтбайұлы екеуміз шұғыл іске кірістік. Өзің ерекше үміт күткен көлемі 25 баспа табақ сол кітап таяуда баспадан шығады. Аманатың орындалады, Гереке! Тек қолыңа ұстап көре алмайтының жанға батады.
Рухың шат болсын!
Зәкір АСАБАЕВ.
Соңғы жүздесу
Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасы Герольд Бельгердің 80 жылдық мерейтойына алдын ала дайындалған болатын. Содан, 2014 жылдың қазан айының аяғында іс-шара өткізбек болып жобалап қойғанбыз. Алайда, жазушының дәл сол мезгілде ауруханаға түсіп қалуына байланысты, іс-шара кейінге қалдырылған-ды.
Сәті түсіп, желтоқсанның ортасына қарай Герағаңды Ұлттық кітапханаға өзіміз алып келіп, оқырмандарымен жүздестірдік, естен кетпес әдемі кеш өткіздік. Оған көптеген әдебиетшілер, ақын-жазушылар, ғалымдар мен қоғам қайраткерлері, белгілі тұлғалар жиналды. Олар қаламгерге деген жылы лебіздерін білдіріп, кешіміз көңіл шалқытқан шынайы бір басқосуға айналып еді. Жазушының азаматтық позициясы, қазақ халқына деген риясыз көңілі төңірегінде шабытты сөздер сөйленіп, шығармашылығы жайында талдаулар жасалды, жаңадан жарық көрген «Избранное» бір томдығының тұсаукесері өткізілді.
Осы жиынға келе жатып Герағаң: «Менің қазіргі атым Герольд Бельгер емес, Герольд ибн Карл әл-Дивани», деп әзілдеген болатын. Онысын денсаулығына байланысты соңғы кезде тұрғанынан жатқаны көбейіп кеткенін, диванда жатып елмен сөйлесетінін, диванда жатып жазу жазатынын айтып ақталғандай болған. «Сондықтан кездесуді бір сағаттан асырмай, мені үйге қайтарғандарың жөн», деп еді. Біз «мақұл» деп оған да келіскенбіз.
Сол кездесуде Герағаң ерекше шабыттанып, достарының, қаламгерлер мен оқырмандардың өзіне деген құрметін, ыстық ықыласын көргенде әлгі «бір сағат қана» дегенін де ұмытып кетті. Бір сағаттың орнына екі жарым сағаттан астам уақыт бойы халқының махаббатына бөленіп, жиналған көпшілікті қимай, кітапханадан әзер шыққан еді.
Байқап отырсақ, Герольд Бельгер өзінің 80 жылдық мерейтойын тек Ұлттық кітапханада ғана атап өтуге үлгеріпті. Кейінірек Жазушылар одағында, ел жақта атап өтуге ағамыздың денсаулығы мүмкіндік бермеді.
«Менің дінім - лютеран», деп әзілдейтін еді ол кісі, яғни лютеран мен мұсылман діндерінің қосындысымын дегені. «Мен қаншалықты неміс болсам, соншалықты қазақпын да», дейтін тағы.
Бақұл бол, барша қазақтың Герағасы! Жатқан жеріңіз жайлы, нұрыңыз пейіште шалқысын! Сіздің жарқын жүзіңіз әрдайым біздің жүрегімізде.
Әлібек АСҚАРОВ.