«Қазаққа қауіпті ас көбейді» - баспасөзге шолу

АСТАНА. 24 қазан. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» агенттігі республикалық басылымдарда 24 қазан, бейсенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.

***

Облыстағы салалық басшыларды тыңдасаңыз, алыс аудандарда жас мамандар, әсіресе, жоғары білімді дәрігерлер жетіспейді, дейді. Тіпті, жас мамандар қалада қалғысы келеді, ауылдық жерлерге бармайды, деп зар илейді. Ал, «Дипломмен - ауылға!» бағдарламасымен ауданға барған жас дәрігерге жергілікті шенеуніктер тарапынан қолдау көрсетіле ме? Мұны Ақтөбеден медицина академиясын бітірісімен өзі туып-өскен Индер ауданына келген жас дәрігер Нұрбек Дүйсембаевтың қорғансыздың күнін көріп жүргенін білгеннен кейін айтып отырмыз. Бұл туралы «Егемен Қазақстан» газеті бүгінгі санында жазып отыр.

Басылымның атап өтуінше, Нұрбек Дүйсембаев бір құшақ тиісті орындарға жолдаған арыздарының көшірмелерін құшақтап, газет редакциясына арнайы келген.

Жас маман «Дипломмен - ауылға» бағдарламасы арқылы Ақтөбе облысының Индер ауданындағы ауруханаға дәрігер болып жұмысқа орналасады. Сосын бағдарламада көрсетілгендей жер телімін алып, үй салады. Алайда көршісі Н.Дүйсембаевқа берілген жер телімінің жанында өсіп тұрған жас талдарды желеу етіп, Индер ауданының әкіміне, Жер ресурстарын басқару агенттігінің Атырау облысы бойынша аумақтық жер инспекциясына арыз түсіреді. Шағымда «Н.Дүйсембаевқа тұрғын үй құрылысын жүргізу үшін жер телімін бөлу туралы» шешімнің күшін жоюды сұрайды.

Н.Дүйсембаевтың көршісінің аудан әкіміне берген арызы Индербор кентінің әкімі Б.Нұрғали төрағалық еткен комиссия отырысында қаралыпты. Комиссия мүшелері жер телімін беруде ешқандай заңсыздық жоқ, деген ұйғарым жасайды. Даудың басы Н.Дүйсембаевқа берілген жер телімі жанында жасыл желек қорғаныс аумағының болуынан туындаған. Өзіне берілген жер телімі жасыл желек қорғаныс аумағына кіре ме, жоқ па, оның тиісті құжаттары бар ма? Жас маман осы сауалдарға жауап алу үшін бірнеше мекемеге хат жолдаған. Соған орай берілген бірнеше жауап-хатқа назар аударсақ, мәселен, Индер аудандық жер кадастры бөлімінің басшысы Б.Ниязов 2013 жылдың 13 наурызында берген анықтамасында «Индербор кентіндегі Ш.Уәлиханов көшесі бойында, қазіргі Өнер мектебіне қарсы орналасқан саябақтың нақты құжаттары рәсімделмгенін мәлімдейді» делінген. Бұл анықтамада «рәсімделмгенін» деген сөзде қате бар. «М» әрпі артық болып тұр, не одан кейінгі «е» әрпі салынбай қалған. Сол себепті, бұл анықтаманың қандай мағына беретіндігі түсініксіз болып тұр, деп жазады басылым.

Дәл осы күні Индер аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Б.Иманғазиев «Индербор кенті, Төленбаев көшесі №17 орын бас жоспар бойынша жекеменшік тұрғын үй құрылысын салу үшін белгіленген. Оған іргелес орналасқан жер телімі бас жоспарда жасыл желек болып белгіленген. Алайда, күні бүгінге дейін аталған жер телімінің нақты құжаттары жасақталмаған, еш жерде тіркеуде жоқ» деп анықтама беріпті. Ал жоғарыдағы екі анықтамадан екі күн бұрын жолданған Индербор кентінің әкімі Б.Нұрғалидың хатында: «Индербор кенті әкімінің аппараты кент әкімінің шешімімен 2 жыл мерзімге уақытша өтеулі жер пайдалану құқығымен Сізге берілген жер телімі заңға қайшы келуіне байланысты, күші жойылған... Осыған байланысты, айтылып отырған жасыл желек аумағы күні бүгінге дейін мемлекеттік құқық беру актісі (гос.акт) берілмей нақты ешбір мекеменің теңгеріміне алынбағандықтан аудандық Әділет басқармасында нақты тіркелмегенін қаперіңізге береді» депті.

«Ұлтарақтай жер телімін аламын деп, шенеуніктердің қақпақылына ұшыраған жас маман қазір қорғансыздың күнін көріп жүр. Өйткені, оның қолдаушысы да, қорғаушысы да жоқ. Шенеуніктердің шалағай шешімінен шыққан шатақпен әбден әбігерге түскен Нұрбек Дүйсембаевтың жанайқайына құлақ асатын біреу табылар ма екен? Жан-жағынан тырнағын батырғысы келетіндер оған 0,0375 га жер телімін неге қимай отыр? Әлде, бұл саябақтың іргесіндегі дәл осы жер телімін тақымына басып қалуды көздеген пысықайлардың қитұрқы ісі ме?» - деп сауал тастайды автор.

Мақала «Шалағай шешімнен шыққан шатақ дипломмен ауданға келген жас дәрігердің салын суға кетірді» деген тақырыппен берілген.

Павлодар облысы Шарбақты ауданы Арбиген ауылының халқы тоқырау жылдары құрылысы аяқталмай қалған мәдениет үйін апа-аталар, ағайын-туыс, көрші-қолаң, бала-шаға болып осы күнге дейін сақтап келді. Біреулер бұзып алып кетпесін деп ауылдың үлкен-кішісі бар күні-түні кәдімгідей күзетті. Сөйтіп жүргенде, «Ауыл жылдары бағдарламасы» да өтті. Облыстық «Ақ бұлақ» бағдарламасы тіпті Арбиген ауылы жаққа бұрылған да жоқ. Бұл жайында біз де газетімізде бірнеше рет жазып, сол кездегі әкімдерге құлаққағыс еткен болатынбыз, деп жазады «Егемен Қазақстан» «23 жылдан соң!.. Ауылда мәдениет үйі ашылды» атты мақаласында.

Газеттің жазуынша, былтыр ауыл ақсақалы, ардагер ұстаз Қорған Ашатайұлы облыс әкімі Ерлан Арынға мәдениет үйінің жай-күйін айтып, өтінішін жеткізді. Атамыз кезінде Дінмұхамед Қонаевқа да ауыл халқы атынан өтініш жазып, Арбигенге қазақ мектебін салдырған еді. Облысқа да, ауданға да талай әкім келді, кетті. Қорған ақсақал олардың бәріне де арыз-өтініш жазудан жалықпады. Өзге әкімдер жүре тыңдаған ауылдың өтініші бұл жолы жерде қалмады. Е.Арын айтқан уәдесінде тұрды. Облыстық бюджеттен қаржы бөлінді. Құрылысы аяқталмай, ауыл ортасында бос тұрған мәдениет үйінің жөндеу жұмыстарын облыс орталығындағы «Azia LTD - Павлодар» серіктестігі жүргізді. Ал қазір ауылда ауылдықтар өздері бір кірпішін де бұздырмай сақтап қалған әсем зәулім ғимарат пайда болды. Мәдениет үйінде кітапхана, медициналық бөлімше орналасты.

***

Бүгінде ас төңірегінде әңгіме көбейді. Той түгілі қазір қара жамылған үйлерде де көңіл айта келгендерге ас та төк дастарқан жайылатын болды. Неше түрлі тағам арасынан соңғы кездері чипсы, попкорн, кептірілген ащы картоп секілді тағамдарды да көретін болдық. Бұл туралы «Айқын» газеті «Қазаққа қауіпті ас көбейді» деген мақаласында жазады.

Басылымның мәліметінше, Күні кеше негізгі тағам ретінде нанды ғана пайдаланатын отбасыларының дастарқанына шетелдік тағам түрлері де жетті. Бұрындары көкөніске әуес жұрт қазір оны сырттан келетін сыры белгісіз тағамдармен алмастырды. Көкөніс пен жеміс-жидекте витамин, минералды зат көп. Адамның ағзасына аса қажетті осы заттардың жетіспеуі қазақ әйелдерінің 50 пайызынан астамын құрайды екен. Бұл болашақ ұрпақтың өсіп-жетілуіне, ойлау қабілетінің жақсаруына кері әсер ететін көрінеді. Демек, біз ұрпақ қамын бүлдіршін кезінен ойлауға тиістіміз.

Газет чипсы және картоп кеспесі, бургер мен хот-дог, шұжық және тез дайындалатын кеспе, майонез және кетчуп, шоколад пен конфет, гәтті газды су мен шырындар, попкорн, ішімдік, калориясы аз және майлы тағамдар сияқты тағам түрлеріне жеке-жеке тоқталып, олардың алдам денсаулығына қаншалықты зиянды екенін егжей-тегжей жазады.

Мәселен, майға қуырылған құрғақ нан немесе картоп кеспелері денсаулық үшін ең қауіпті тағам қатарына жатады. Айталық, екі тағам да өте тұздылығымен асқазан мен бүйрекке зақым келтірсе, ал майдың зиянын айтып жеткізу мүмкін емес. Бұл сонымен қатар артық салмақ жинауға да себепші болады. Бір қарағанда құрғақ, жеңіл секілді көрінетін астан азап шеккендер жыл сайын көбейіп келеді. Әсіресе, балалар үшін чипсы мен қуырылған картоптың зияны қисапсыз. Мамандардың айтуынша, оның құрамында түрлі қоспа бар. Сондықтан ол есірткі секілді адамды өзіне тартып тұрады. Екіншіден, жүйкеге әсер ететін жағдайлар да ұшырасатын көрінеді.

Ал шұжық туралы мынадай деректер келтірілген. Қазіргі кезде майға қуырылған ет көп пайдаланылады. Тіпті нанға оратылған шұжықтар құрамында не бары белгісіз. Бірақ шошқаның майы міндетті түрде қосылады. Өзге елдерде шұжық пен сосискиді дайындау барысында шошқа терісінің үгіндісін де етке қосады екен. Одан соң біздің сөздік қорымызға осы ғасырда ғана қосылған, тіліміз күрмеленетін қоспалармен байытылып, тамақтандыру орындарына жөнелтіледі. Қалбыр түріндегі тағамдар да адам денсаулығына қауіпті. Оған да түрлі қышқыл мен тұз қосылады.

Әлем жұрты қатерлі ісік дертінен келер апатқа алаңдап отыр. Себебі жыл сайын жер бетінде 1,5 миллион әйел сүт безі обыры дертіне шалдықса, 460 мың әйел осы дерттен көз жұмады екен. Бұл туралы «Айқын» газетінде жазылған.

Басылымның хабарлауынша, бұл Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегі. Ал біздің елде жылына 4 мыңға жуық әйелге сүт безі обырына шалдықты деген диагноз қойылады. Жыл сайын бір мыңға жуық әйел дәл осы диагноздың асқынған түрінен бақилық болады.

Әйел затына төнген осы қасіреттің бұлтын сейілтудің бір жолы мерзімінде дәрігерлік тексеруден өту дейді дәрігерлер. Осы орайда елімізде Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының сүт безі обыры туралы халықты ақпараттандыру деңгейін арттыру айлығы шеңберінде «Әйелдер денсаулығын қорғау» ұранымен онкүндік басталды. Аталған шара арқылы сүт безі обырына қатысты мәселеге қоғам назарын аударып, қатерлі ісік ауруларын ерте кезеңнен анықтап, емдеу жөнінде халықты құлағдар ету көзделіп отыр. «Себебі обырды ерте кезеңде анықтау арқылы науқастың өмірін ұзартуға болады. Егер сүт безі обыры ауруы 1-2 сатысында анықталса, әйелдің бес жылдық өмір сүру мүмкіндігі 90-100 пайызға жетеді, ал обыры 3-4 сатысында анықталған науқастардың барлығы дерлік бір жылға жетпей көз жұмады. Сол себепті жыл сайын қазан айында дәстүрлі түрде қатерлі дерттен сақтану шаралары өткізіледі. Бұл ретте скринингтік зерттеулердің маңызы зор. Мәселен, үстіміздегі жылдың 9 айында қатерлі ісік ауруларын анықтау мақсатында 317 мыңнан астам әйел тексеріліп, 34 мыңдай патология, оның ішінде 348 әйелден обыр дерті анықталды» дейді Денсаулық сақтау министрлігінің Медициналық көмекті ұйымдастыру департаментінің директоры Ажар Төлеғалиева.

Ал қатерлі ісік алдындағы дерт және жатыр мойны обырын анықтау үшін тексеруден 340 мыңдай адам өткізіліп, 16 мыңдай ауру түрлері, оның ішінде 112 обыр белгілі болыпты. Қатерлі ауруға шалдыққан науқастар арасында жастардың көптеп кездесуі дәрігерлерді алаңдатып отыр. Айталық, тексеруден өткен 30 жастағы әйелдер ішінде 3500-ге тарта қатерлі ісік алдындағы жағдай және 3 обыр дерті, 35 жастағылар арасында 2800 патология және 20 обыр дерті, 40 жастағы әйелдердің ішінде 21 жатыр мойны обыры анықталды.

Мақала «Әйелге төнген қасірет» деген тақырыппен беріліп отыр.