«Қазақмыс» 2014 жылы 3 млрд. доллар пайда табуды көздеуде

АСТАНА. ҚазАқпарат - «Қазақмыс» корпорациясы 2014 жылы 3 млрд. доллар пайда табады деп жоспарлануда.

Бұл туралы бүгін Астанада «Қазақстандық өнім жасаймыз» атты V форумда корпорацияның басқарма төрағасы Эдуард Огай мәлім етті.

«Табыс біз жоспарлаған деңгейде сақталуы тиіс, ол шамамен 3 млрд. доллар. Оның деңгейі бағаға да байланысты 10 пайызға ары-бері ауытқуы мүмкін», - деді Э.Огай.

Оның айтуынша, биыл тау-кен өнімдеріне баға түсуі ықтимал. Дегенмен 2015 жылы оның деңгейі өз орнына қайта оралады.

«Бүгінгі баға бізге пайда табуға, өндірістерді кеңейтуге мүмкіндік беруде. Қысқа мерзімдік кезеңде баға түсуі ықтимал, себебі сұраныс төмендеп келеді. Дегенмен баға төмендеуінен кейін міндетті түрде жоғарылау болады», - деп атап өтті компания басшысы.

«Сұраныс төмендеуде, Қытайда, Еуропада және өзге де елдерде мемлекеттік бағдарламалар азаюда, инфрақұрылымдарды салуға қаражат аз бөлініп жатыр. Соның есебінен қазір сұраныстың деңгейі азайып келеді. 2015 жылы баға қайта көтеріледі деп ойлаймыз», - деп түйді ойын Э.Огай.