Бозшакөл кенішін игеру және Екібастұз аумағында үлкен кен-байыту комбинатының құрылысын салу жобасын бейсенбі күні Павлодарда «Қазақмыс» корпорациясының өкілдері таныстырды.
«Қазақмыс» корпорациясы ЖШС директорлар кеңесінің төрағасы Владимир Ким бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне берген сұхбатында: «Бозшакөл кен-байыту комбинаты біздің металлургиялық қуаттарымызды 45 жылға шикізатпен қамтамасыз етеді. Кенішті игеруге Қытай даму банкі «Самұрық-Қазына» қорына 15 жылға тиімді шарттармен берген инвестициялық несие желісі аясында 1,5 миллиард доллар қаржы бөлінеді. Біз кредиторлармен тауарлы өніммен - мыс концентратымен есептесетін боламыз», деп атап көрсетті.
Жаңа комбинаттың жылдық қуаты 25 миллион тоннаға жуық руданы құрайтын болады, ол өз кезегінде 100 мың тоннадай мыс береді. Алғашқы концентратты 2014 жылы алу жоспарлануда, рудадан мыстан басқа, молибден және алтын өндірілетін болады. Құрамында металы аз рудаларға арналған әлемдік технологиялар пайдаланылатын болады.
Кен-байыту комбинатының құрылысына 4500 жұмысшы тартылады. Ал кәсіпорын іске қосылған соң 1,5 мың жұмыс орны ашылады.
Ағымдағы жылы Бозшакөлде инфрақұрылымдық құрылыстар басталады.