ҚазАқпарат: 2011 жылғы 14-16 қазан аралығындағы оқиғалардың күнтізбесі

ҚазАқпарат: 2011 жылғы 14-16 қазан аралығындағы оқиғалардың күнтізбесі

ЕЛБАСЫ

12 қазаннан Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ОҚО, Шымкент қаласына екі күндік жұмыс сапары басталды.

ҚАЗАҚСТАН ЖӘНЕ ӘЛЕМ

Осы жылдың 28-30 қазан күндері Бакуде түркі тілдес елдердің екінші медиа-форумы өтеді. Оған Әзірбайжан, Қазақстан, Түркия, Қырғызстан, Түркіменстан, Өзбекстан, Солтүстік Кипр, Болгария, Ресей Федерациясының түркі тілдес республикалары - Татарстан, Башқұртстан, Алтай өңірі, Саха Ресаубликасы (Якутия), Тыва, Хакас, Қабардин-Балқар, Қарашаб-Шеркеш, Қырым Автономиялық Республикасы, Украина медиа-құрылым өкілдері қатысады.

ТМД

8-24 қазан аралығында Киевтің Brucie Collections галереясында әлемге танымал фотосуретші Говард Шатцтың көрмесі өтеді.

ҚОҒАМ

1 қаңтардан 25 қарашаға дейін ҚР Мәдениет министрлігі мен Қазақстан халқы Ассамблеясының этножурналистика саласында «Шаңырақ» атты бірлескен конкурсы өтуде.

АСТАНА

14 қазан күніМедициналық университетте аудандық онкологтардың республикалық семинар-кеңесі өтеді.

14 қазанда Академиялық кітапханада ҚР Сыртқы істер министрі Ержан Қазыхановтың қатысуымен «Тәуелсіздік тұғырында» тарихи-деректі көрменің ашылуыөтеді.

10-14 қазанда Астанада Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ академиялық жастар мен жасөспірімдер театрының гастролі өтеді.

14 қазанда Астанада Энергетикалық әріптестік жөніндегі қазақстандық-американдық бірлескен комиссияның сегізінші отырысы өтеді.

14 қазанда «ҚР 2011 жылдың қаңтар-қыркүйек айларындағы әлеуметтік-экономикалық дамуының нәтижелері» брифингі өтеді.

14 қазанда «ҚР денсаулық сақтаудың инновациялық дамуының проблемалары мен болашағы» дөңгелек үстел отырысы өткізіледі.

АЛМАТЫ

14 қазанда «ҚР-дағы жастар ҮЕҰ: қиындықтары мен мүмкіндіктері» дөңгелек үстел отырысы өтеді.

14 қазанда «Дарындыға ғасырлар да бағынады» шығармашылық жастардың халықаралық фестивалінің ашылуы болады.

14 қазан күні «Сбербанк» ААҚ басқарма төрағасы Герман Грефтің баспасөз брифингі өтеді.

11-14 қазан күндері Алматыда "KIW-2011" деген атпен ІІ қазақстандық интернет апталығы өтеді.

14-қазанда Алматыда "Жастардың үкіметтік емес ұйымдары: кім, не үшін және қалай?" деп аталатын дөңгелек үстел жиыны болады. Оны Қазақстан жастар ақпараттық қызметі ұйымдастырып отыр.

АЙМАҚ

АҚТӨБЕ ОБЛЫСЫ

13-14 қазанда Ақтөбе қаласында «Қанатты әйел - 4» атты Идеялар мен тауарлар жәрмеңкесі өткізіледі.

ПАВЛОДАР ОБЛЫСЫ

15 қазан күні Павлодарда «Күзгі сенбілік» өтеді.

ЕЛЕУЛІ ОҚИҒАЛАР. АТАУЛЫ КҮНДЕР. ЕСІМДЕР.

ҚАЗАННЫҢ 14-І, ЖҰМА

Дүниежүзілік жұмыртқа күні

Әлемнің көптеген елдерінде қазанның екінші жұмасында Дүниежүзілік жұмыртқа күні (World Egg Day) атап өтіледі.

Бұл мейрам - жұмыртқаны, омлетті және қуырылған жұмыртқаны жақсы көретіндердің мейрамы. Мейрамның тарихы мынандай: 1996 жылғы Венадағы Халықаралық жұмыртқа комиссиясында (International Egg Commission) дүниежүзілік «жұмыртқа» мейрамын қазанның екінші жұмасында өткізілуі жарияланды. Комиссияның айтуынша көптеген елдерде жұмыртқа күнін тойлаудың көптеген себептері бар, әсіресе жұмыртқа өнімін өндіретін ұйымдар мейрамды тойлауға дайын екенін айтты. Соңғы онжылдықта жұмыртқа туралы көптеген жағымсыз пікірлер айтылды, соңғы ғылым зерттеулері бойынша жұмыртқаны пайдаланудан қашпау керек. Оның ішінде көптеген ағзаға пайдалы заттар, витаминдер мен минералдар бар, антиоксиданттар кейбір ауруларға көмектеседі. Жұмыртқа холестерин деңгейін көтермейді. Сондықтан да, күніне бір жұмыртқа жеуге әбден болады.

Халықаралық стандарттау күні

1946 жылғы қазанның 14-інде Халықаралық стандарттау ұйымын құру туралы шешім шықты.

ОҚИҒАЛАР

3 жыл бұрын (2008) Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен Қазақстандағы тұңғыш Астана-Щучье автобаны бойынша алты жолақты жол қозғалысының ашылу рәсімі болды. Еліміз үшін мұндай автожолдар қажет, деп атап айтты Президент журналистермен болған сұхбатта. Елбасының айтуынша, мұндай автожолдың бір шақырымының құны 3-4 млн. долларға жетеді, бірақ бұл 20-25 жылдық кепілдік сапасымен өтеледі.

Естеріңізге сала кетейік, Астана-Щучье автожолының ұзындығы 224 шақырым, оның ішінде алты жолақты жолдың ұзындығы ? 215 шақырым. Жобаның жалпы құны 115 млрд. теңге.

ЕСІМДЕР

95 жыл бұрын (1916-1997) ақын, Қазақстанның халық жазушысы, Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты ЕРҒАЛИЕВ Хамит дүниеге келді.

Атырау облысының Махамбет ауданында туған. Қазақ мемлекеттік университетін бітірген. Ұлы Отан соғысына қатысқан.

1945-1950 жылдары - «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетінің әдеби қызметкері. 1950-1957 жылдары - Қазақстан Жазушылар одағы поэзия секциясының меңгерушісі. 1958-1959 жылдары Қазақстан мемлекеттік әдебиет баспасы поэзия секциясының меңгерушісі болған. Ақынның 30-ға тарта жыр жинақтары, «Әке сыры», «Үлкен жолдың үстінде», «Біздің ауылдың қызы», «Құрманғазы», «Күй дастан», «Жылдар, жылдар» атты поэмалары бар. Ақын поэзиясында Азамат соғысының отты жылдары, Украин халқының ұлы ақыны Т.Шевченко тағдыры, академик, композитор А.Жұбанов бейнесі, дәуіріміздің басқа да өзекті мәселелері көркем бейнеленген. Сонымен қатар оның қаламынан туған әңгімелер мен естеліктер, әдеби мақалалар мен эсселер де бар. Ол Д.Байронның, П.Неруданың, Н.Хикметтің, А.Пушкиннің, М.Лермонтовтың, А.Некрасовтың, В.Маяковскийдің, Р.Ғамзатовтың, А.Сурковтың кейбір поэзиялық туындыларын, Шекспир сонеттерін қазақ тіліне аударған. Қырғыз халқының «Манас», қарақалпақ халқының «Қырық қыз» эпостарын қазақ тіліне тәржімалауға ат салысқан. Ақынның өз шығармалары да бірқатар шет ел тілдеріне аударылған.

Екі мәрте Еңбек Қызыл Ту, «Құрмет белгісі», 1-2-ші дәрежелі Отан соғысы ордендерімен марапатталған.

80 жыл бұрын (1931-2002) құрылыс инженері, техника ғылымының докторы, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген құрылысшысы ҚУАТБАЕВ Қуанғали дүниеге келді.

Атырау облысында туған. Ленинград технология институтын бітірген. 1954-1962 жылдары - Қазақстан Ғылым Академиясы Құрылыс және құрылыс материалдары ғылыми-зерттеу институты мен Қазақстан Құрылыс және сәулет академиясы Қазақ филиалында, 1962-2002 жылдары - Алматы құрылыс материалдары ғылыми-зерттеу және жобалау институтында қызмет еткен. Ғалымның негізгі ғылыми еңбектері силикат пен құрылыс материалдарының химиялық технологиясына арналған. Оның ғылыми ұсыныстары Ақтөбе, Астана, Қостанай, Орал, Семей, Павлодар, Теміртау, Қырғыстанның Иваново, Өзбекстанның Жизақ, Ресейдің Қиыр Шығыс зауыттарындағы силикат материалдарына енгізілді. Қуатбаевтың 500-ден астам ғылыми еңбегі, оның ішінде 10 монографиясы бар. Еңбектері ағылшын, неміс, венгр, румын тілдерінде жарияланған. Оның тікелей араласуымен құрылысқа қатысты 35 нормативтік құжат әзірленген. Ол 100-ге тарта авторлық куәліктің иесі.

«Құрмет белгісі», Еңбек Қызыл Ту ордендерімен және медальдармен марапатталған.

ҚАЗАННЫҢ 15-І, СЕНБІ

Халықаралық ауыл әйелдері күні

2008-інші жылдан бастап жыл сайын қазанның 15-інде атап өтіледі. БҰҰ Бас Ассамблеясының «Ауылдық жерлердегі әйелдердің жағдайларын жақсарту» қарарында (2008-інші жылғы ақпанның 12-сіндегі № A/RES/62/136 қарар) жарияланды.

Бас Ассамблеяның бұл шешімі ауылдық жерлердегі әйелдердің жағдайларын жақсартуға тікелей арналған және 2001-інші жылдан бастап екі жыл сайын қабылданып отырған (№№ 56/129, 58/146, 60/138) бұдан бұрынғы қарарларды қарастыру аясында қабылданды.

Бүкіләлемдік қол жуу күні

Біріккен Ұлттар Ұйымы, соның ішінде БҰҰ Балалар қоры (ЮНИСЕФ), қазанның 15-ін Бүкіләлемдік қол жуу күні деп жариялады.

Қолды сабынмен жуу - жыл сайын 3,5 миллион балалар өмірін қиятын түрлі аурулардың алдын алудағы неғұрлым тиімді және үнемді дауалардың бірі.

Бүкіләлемдік қол жуу күні санитарлық тазалық пен гигиеналық дағдыларға шақырады.

ОҚИҒАЛАР

3 жыл бұрын (2008) қордайлық кәсіпкер Базарбай Ұзабаев үлкен жаңалық ашты. Ол ұнның құрамындағы йодты сақтап қалу әдісін тапты. Мемлекеттік қызметтегі жұмысын тастап, Қордай ауданына - топырағы құнарлы, егін шаруашылығы дамыған ауданға қоныс тепкен Базар Ұзабаев ұн тартудың жаңа бірегей әдісін енгізу жөніндегі өз идеясын жүзеге асыруға кірісті. Термогидроөңдеу барысында ұндағы жойылып кететін барлық пайдалы заттарды сақтап қалуға негізделген жаңа тәсіл бүгінде нәтиже беріп те отыр. Кәсіпкер ауданда жұмыссыз тұрған нан-тоқаш және басқа да азық-түлік өнімдері цехының базасында жаңа бірегей диірмен ашып, «Қордай нан» кәсіпорнын іске қосты. Бір жылдан астам уақыттың ішінде Қордай ауданында ұн тарту және тәулігіне 3,5 мың бөлке нан пісіру қуаты бар өндіріс пайда болды. Бұл жерде нан тек бидай ұнынан ғана емес, жүгері, бұршақ, соя, құмық, күріш және т.б. дәнді дақылдардан тартылатын композитті ұннан пісіріледі. Сондай-ақ аудан орталығында «Қордай нан» фирмалық дүкені ашылды. Таразда да бір ауысымда 8 мың бөлке пісіретін нан цехы мен фирмалық дүкен ашу жоспарда бар. Тағы бір айта кететін жайт, қордай ұны жоғары сұрыпты кәдімгі қазақстандық ұннан 10-20 пайызға арзандау. «Қордай нан» фирмалық брэнді бүгінде Таразда ғана емес, Алматыда да танылуда. Ресейлік кәсіпкерлер де Базар Ұзабаевқа Ресейде йодпен байытылған ұн шығаратын және сондай ұннан нан-тоқаш өнімдерін пісіретін ірі өндіріс ашуды ұсынды. Бірақ кәсіпкер бұл ұсыныстан бас тартты. Б. Ұзабаевтың айтуынша, құрамындағы пайдалы заттары сақталған композитті нанды республикалық Тағам академиясы жоғары бағалап отыр. Кәдімгі нанға қарағанда, нанның бұл түрінде пайдалы микроэлементтер - йод, темір, аминоқышқылдардың барлық түрлері, витамин мол.

1 жыл бұрын (2010) Оралда «Әдеби әлем» www.adebiet.kz порталының таныстырылымы болды.

«Мемлекеттік тіл саясаты: жаңа кезең мен жаңа міндеттер» атты ІІІ халықаралық конференцияға жиналғандар алдында «Жайық Пресс» ЖШС-нің Бас директоры Шыңғыс Мұқан тың жобаның басты ерекшеліктеріне тоқталып, көрнекі түрде баяндап берді. Экран арқылы «Әдеби әлемді» тамашалаушылар шынайы ұлттық порталдың дүниеге келгеніне көз жеткізді.

Заманауи техниканың мүмкіндіктерін пайдаланып, алыс-жақын шетелдегі бауырларымызға дейін енді еліміздегі аты танымал қаламгерлердің шығармаларымен таныса алады. Алғашқы бетінде әліпби тізбегімен берілген кез келген әріпті басып, сол әріптен басталатын ақын, жазушының аты-тегін табуға болады. Одан әрі оның қысқаша өмірбаяндық дерегі мен шығармалар атауының тізбегі берілген. Ал екінші қатардағы әліпби тізбекте олардың шығармалары берілген. Ұлы Абайдан бастау алып, Махамбеттей батырдың жалын жырын оқырманға жеткізген бұл бағдарламада қалымды қаламгерлердің біршама өлең-дастаны мен повесть, т.б. еңбектері енгізілген.

1 жыл бұрын (2010) Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Тәжікстан Республикасының Үкіметі арасындағы Өтеусіз әскери көмек көрсету туралы келісімді ратификациялау туралы» Заңға қол қойды.

ЕСІМДЕР

100 жыл бұрын (1911-1966) әдебиет зерттеушісі, филология ғылымының докторы, профессор, Қазақ КСР Ғылым Академиясының корреспондент мүшесі, Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген ғылым қайраткері ЫСМАЙЫЛОВ Есмағамбет Самұратұлы дүниеге келді.

Ақмола облысында туған. Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтын бітірген. 1934-1938 жылдары - «Қазақстан коммунисі» журналының жауапты хатшысы. 1939-1966 жылдары - Қазақстан коммунистік журналистика институтының, Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институтының, Қазақ мемлекеттік университетінің доценті, профессоры, Әдебиет және өнер институтының бөлім меңгерушісі болған. Ғалымның негізгі ғылыми зерттеу еңбектері әдебиет сынына, теориясына, тарихына және фольклортану мәселелеріне арналған.

«Вопросы теории и литературы», «Казахская литература начала XX века», «К новому рубежу» атты ғылыми жұмыстарының авторы.

Ақмола облысының Степногорск қаласындағы бір көшеге, туған жеріндегі орта мектеп пен кітапханаға оның есімі берілген.

«Құрмет белгісі» орденімен, медальдармен марапатталған.

95 жыл бұрын (1916-1963) актриса, Қазақ КСР-інің халық әртісі, Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген әртісі ҚОЙШЫБАЕВА Рахия Рысбайқызы дүниеге келді.

Қарағанды облысының Қарқаралы ауданында туған. Сахнадағы өнер жолын Қарағандының Жұмысшы жастар театрынан (қазіргі Сәкен Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық қазақ драма театры) бастап, 1938 жылы Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ драма театрының құрамына қабылданған. Алғашқы рөлін Асқар Тоқмағанбетовтың «Әзірет сұлтан» қойылымындағы күтуші кемпірден бастап, Зере (Мұхтар Әуезов «Түнгі сарын», «Шекарада», «Абай»), Мақпал, Дәмелі (Ғабит Мүсірепов «Қозы Көрпеш - Баян сұлу», «Ақан сері - Ақтоқты»), Меңсұлу (Ш.Құсайынов «Алдар Көсе»), Зейнеп (Сәбит Мұқанов «Шоқан Уәлиханов») сияқты күрделі бейнелерді сахнаға шығарды. Классикалық драматургиядан Н.Гогольдің «Ревизорында» Анна Андреевнаның, А.Островскийдің «Шындық жақсы, ал бақыт одан да артық» және «Таланттылар мен табынушыларында» Мавра Тарасовна мен Долина Пантелеевнаның, Ж.Мольердің «Скапеннің айласы» мен «Сараңында» Зарбинетта мен Фрозинаның, т.б. рөлдерін сомдады. 1940 жылдан бастап «Райхан», «Абай әні», «Алтын мүйіз», «Махаббат дастаны», «Біздің сүйікті дәрігер», «Егер біздің бәріміз де» фильмдеріне түсті. Сонымен қатар актриса халық әндерін нақышына келтіре орындаушы ретінде де ерекше көзге түсті.

Еңбек Қызыл Ту орденімен марапатталған.

80 жыл бұрын (1931-1994) актриса, Қазақстанның халық әртісі, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі ИІСОВА Тұратай дүниеге келді.

Алматы облысының Жамбыл ауданында туған. Қазақ драма театры жанындағы театр студиясын бітірген. 1956 жылдан өмірінің соңына дейін Семей қаласындағы Абай атындағы Қазақ музыкалық драма театрында актриса болып қызмет атқарған. Оның театр сахнада жасаған бейнелері ірі де сан қырлы. Солардың ішінде: М.Әуезовтың «Қара Қыпшақ Қобыландысында» - Қарлыға, «Еңлік - Кебегінде» - Еңлік, «Абайда» - Әйгерім, Ғ.Мүсіреповтың «Ақан сері - Ақтоқтысында» - Ақтоқты, «Қозы Көрпеш - Баян сұлуында» - Мақпал, Ш.Айтматовтың «Жәмиләсында» - Жәмилә, «Ана-Жер анасында» - Әлиман, Б.Майлиннің «Шұғасында» - Күлзипа, А.Штейннің «Толасында» - Тата Нерадова, Д.Исабековтің «Әпкесінде» - Әпке, т.б. көптеген, классикалық, трагедиялық, комедиялық, психологиялық, драмалық бейнелер бар.

ҚАЗАННЫҢ 16-Ы, ЖЕКСЕНБІ

Дүниежүзілік азық-түлік күні

1979-ыншы жылы Ұлттар Ұйымының жыл сайынғы Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымдары конференциясы (FAO) қоғам назарын бүкіләлемдік азық-түлік мәселесіне аудару және әлемдік қоғамдастықты аштықпен, қайыршылықпен және кедейшілікпен күресте ынтамақтастығын нығайту мақсатында жарияланған.

Дүниежүзілік анестезиологтар күні

Анестезия - жүйке сезімталдығының жоғалуы. Жасанды анезтезияны хирургиялық операцияны ауыртпау жасау үшін қолданады. Анестезия жалпы, жергілікті және жұлын-ми сұйықтығы анестезиясы болып бөлінеді. 1846 жылғы қазанның

16-ында Томас Мортон тіс дәрігері эфир наркозымен операция өткізді. Бұл күнді дүниежүзі Анестезиолог күні деп есептейді.

Бастық күні (Босс күні)

1958 жылы Патриция Хароски американ хатшысы жаңа мейрам - Бастық күнін - ұсынды. 1962 жылы Иллинойс штатының губернаторы бұл мейрамды ресми түрде бекітті. Бұл дәстүрді көптеген елдер қолдады және мейрам дүниежүзіне тез тарады.

ОҚИҒАЛАР

5 жыл бұрын (2006) Мәскеуде көпке танымал «Өнегелі адамдар өмірі» сериясының кезекті 1206-шы басылымы - Мұхтар Әуезов туралы кітаптың таныстырылымы өтті. «Өнегелі адамдар өмірі» сериясын 1890 жылы Ф. Павленков құрған. Жаңа басылым - мәскеулік оқырмандар көптен күткен туынды. «Молодая гвардия» баспасының өмірбаяндар сериясы Николай Анастасьев шеберлікпен жазған қазақтың ұлы жазушысы және ғалымы Мұхтар Әуезов туралы кітаппен толықты (автор қазақтың тағы бір атақты жазушысы Ә.Нұрпейісов туралы кітабымен белгілі). Шара Ресей мемлекеттік кітапханасының Шығыс әдебиеті орталығының мәжіліс залында өтті. «Мұхтар Әуезов - әдебиеттің алтын ғасыры классикалық реализмінің заңды мұрагері», - деп есептейді Николай Анастасьев. Басқосуда бұл кітаптың шығуы Қазақстан мен Ресей арасындағы беки түсіп отырған мәдени ынтымақтастықтың тағы бір елеулі қадамы екені аталып өтілді.

Әуезов Мұхтар Омарханұлы (1897-1961) - қазақ әдебиетінің классигі, жазушы, қоғам қайраткері, филология ғылымының докторы, профессор, Қазақ КСР ҒА-ның академигі, Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген ғылым қайраткері. Шығыс Қазақстан облысында туған. Семей қаласында медреседе, онан соң бес кластық орыс мектебінде, ал 1915-1919 жылдары мұғалімдер семинариясында білім алған. 1917 жылы семинарияда оқып жүрген кезінде халық аңызы бойынша «Еңлік ? Кебек» пьесасын жазады. Бұл қазақ ұлттық драмасының қарлығашы еді. Осы пьесасы мен 1921 жылы жазылған «Қорғансыздың күні» атты алғашқы әңгімесі арқылы өзінің жазушылық ерекше дарынын айқын танытты. Сол жылдарда Семейде, Орынборда әр түрлі қызмет істей жүріп, Алаш партиясының көсемдері Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов сияқты басқа да белгілі әдебиет және мәдениет қайраткерлерімен танысады. «Абай» журналын шығаруға атсалысады. Әуезовтің озық ойы, таным-парасаты қолдау тауып отырған. Жазушы суреткерлігіне тәнті болған шет ел жазушылары мен әдебиетшілері де оның шығармаларында қазақ қоғамының өзіндік сипаты мол, қайшылыққа толы өмір-тұрмысы, әдет-салттары әсерлі бейнеленетіне ерекше көңіл қойған. әлем әдебиеттерінің өкілдері Әуезовтің шығармашылығын жоғары бағалаған. «Абай жолы» роман эпопеясына Луи Арагон «20 ғасырдағы ең ұлы шығармалардың бірі» деп баға берген. 1961 жылы 27 маусымда қайтыс болғаннан кейін, республика үкіметінің қаулысымен Қазақ КСР ҒА Әдебиет және өнер институтына, Қазақтың мемлекеттік академиялық драма театрына Мұхтар Омарханұлы Әуезовтің есімі берілді. Жазушының әдеби-мемориалдық музейі ашылды, Алматы қаласының бір ауданы, бірқатар мектептер, көшелер қаламгер есімімен аталады. Туғанына 100 жыл толуына орай мерекесі ЮНЕСКО шешімімен дүниежүзілік деңгейде аталып өтті.

5 жыл бұрын (2006) Алматыда қыз-келіншектерге арналған «Аяулым» журналының сүйінші данасы жарық көрді. Түрлі-түсті сапалы қағазға басылған 96 беттік осынау журналдың сүйінші данасы баспадан шықты. Олжас Сүлейменовтың 90-ға келген анасы Фатима әжейдің батасымен ашылған жаңа журналдан «Қасиетті Домалақ ана рухы күзетіп шыққан түн», әнші Қарақат Әбілдинаның «Мен үшін ән төресі - «Аяулым» сұхбаты мен «Әке өнегесін ұстанған қыз қор болмайды» деген мақалаларды оқуға болады. Журналдың алғашқы кезектегі таралымы - 5 мың дана.

ЕСІМДЕР

80 жыл бұрын (1931-1980) ақын, аудармашы МҰХАМЕДЖАНОВ Шәміл дүниеге келді.

Қостанай облысында туған. Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтын бітірген. 1956-1974 жылдары - «Әдебиет және өнер» (қазіргі «Жұлдыз») журналынның әдеби қызметкері, бөлім меңгерушісі, «Жазушы» баспасынның редакторы қызметтерін атқарған. 1974 жылдан бастап шығармашылық жұмыста болған.

Оның алғашқы топтама өлеңі жас ақындардың «Жас қанат» жинағында 1959 жылы басылған. Бұдан кейінгі жылдары ақын қаламынан оннан астам өлең-дастан жинақтары, балаларға арналған кітапшалары жарық көрді. Аударма саласында М.Лермонтовтың, Я.Райнестің, Л.Украинканың, Т.Шевченконың, Р.Ғамзатовтың, Я.Смеляковтың, т.б. шығармаларын қазақ тіліне тәржімалауға қатысты.

40 жыл бұрын (1971) Қазақстан Республикасы Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің Мемлекеттік энергетикалық қадағалау жөніндегі комитет төрағасының орынбасары АЛПЫСБАЕВ Аманжол Әлиханұлы дүниеге келді.

Қостанай облысының Амангелді ауданында туған. Алматы технология университетін, Қарағанды экономикалық университетін бітірген.

1995-1997 жылдары - «Қостанай спирт-арақ зауыты» акционерлік қоғамының оқушы реттеушісі, жабдықтау реттеушісі, 1997-1999 жылдары - «Сағжан» ЖШС-ының Есіл бөлімшесі тазалау цехының операторы, шебер-реттеушісі, 1999-2002 жылдары - «Әулет» ЖШС-ының спирт сақтау қоймасының шебері, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік кіріс министрлігінің Алкоголь өнімдерінің өндірісі мен айналымын мемлекеттік бақылау жөніндегі комитетің Солтүстік Қазақстандық басқармасының бас маманы, бөлім бастығы, бастығы, 2002-2005 жылдары - Қостанай облысы бойынша Салық комитетінің бөлім бастығы, басқарма бастығы, 2005-2006 жылдары - Қазақстан Республикасы Табиғи монополияларды реттеу агенттігінің Қостанай облысы бойынша Басқарма бастығы, 2006-2008 жылдары - Қазақстан Республикасы Табиғи монополияларды реттеу агенттігі төрағасының кеңесшісі, Телекоммуникация және аэронавигация аясындағы қызметті бақылау және реттеу жөніндегі департамент директорының орынбасары, Стратегиялық жоспарлау және құрама таудау департамент директорының орынбасары, директоры, 2008-2010 жылдары - Қазақстан Республикасы Табиғи монополияларды реттеу агенттігінің Ақмола облысы бойынша Департаментінің директоры қызметтерін атқарған. 2010 жылдың маусым айынан бастап қазіргі қызметінде.