ЕЛБАСЫ
13 желтоқсанда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан» спорт сарайында болып, онда қысқы Азиада ойындарына жүргізіліп жатқан дайындық барысымен танысады.
13 желтоқсанда Елбасы Н.Назарбаевтың қатысуымен республикалық велотректің ашылу салтанаты болады.
ҮКІМЕТ
13 желтоқсанда « ТМД кеңістігіндегі инновациялық ынтымақтастық» тақырыбына арналған Астана-Мәскеу-Ереван-Киев бейнекөпірі өтеді.
ҚОҒАМ
GSM Қазақстан/Kcell 1 желтоқсаннан бастап Алматы мен Астана қалаларында 3G қызметін іске қосты.
16 желтоқсанда ел аумағында сандық телеарна іске қосылатын болады.
СПОРТ
16 желтоқсанда қазақстандық кәсіпқой боксшы Геннадий Головкин Астанада Дүниежүзілік бокс қауымдастығы бойынша Әлем чемпионы атағын қорғау үшін алғашқы жекпе-жегін өткізеді.
АСТАНА
13 желтоқсанда «Думан» қонақүйінде «Құқықтық саясат концепциясының аясында Қазақстанда құқықтық мәдениетті қалыптастыру: проблемалар және перспективалар» деген тақырыпта республикалық конференция өтеді.
13 желтоқсанда Астана әкімшілігінде қалалық мәслихаттың 54-ші кезекті сессиясы өтеді.
13 желтоқсанда «Нұр Отан» партиясының орталық аппаратының кеңсесінде «Қазақстанның агроқалашықтарын құрудың әлеуметтік-экономикалық негіздері» деген тақырыпта партияаралық кеңестің мәжілісі өтеді.
13 желтоқсанда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан» спорт сарайында болып, онда қысқы Азиада ойындарына жүргізіліп жатқан дайындық барысымен танысады.
13 желтоқсанда Елбасы Н.Назарбаевтың қатысуымен республикалық велотректің ашылу салтанаты болады.
13 желтоқсанда Президенттік мәдениет орталығында «Саламатты Қазақстан - Тәуелсіз Қазақстан» салтанатты шарасы өтеді.
13 желтоқсанда Министрлер үйінде Статистика агенттігінің төрағасы А.Смаиловтың қатысуымен брифинг болады. Онда Қазақстанның 2010 жылдың қаңтар-қараша айларындағы әлеуметтік-экономикалық дамуының қысқаша қорытындысы таныстырылады.
13 желтоқсанда « ТМД кеңістігіндегі инновациялық ынтымақтастық» тақырыбына арналған Астана-Мәскеу-Ереван-Киев бейнекөпірі өтеді.
13 желтоқсанда Конгресс-Холлда «Тәуелсіздік тағлымы» тақырыбына арналған республикалық айтыстың ақтық кезеңі өтеді.
14 желтоқсанда «Көрме» орталығында «Шағын кәсіпкерлік саласындағы жетістіктер үшін» конкурсының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтеді.
14 желтоқсанда «Думан» қонақүйінде Қазақстан Республикасында шағын және орта бизнесті дамыту мәселесіне арналған халықаралық конференция болады.
14 желтоқсанда Астана қаласының прокуратурасы брифинг өткізеді.
АЛМАТЫ
15 қазан мен 15 желтоқсан аралығында Алматыда «Үздік инвестор» конкурсы өтуде. Бұл шараны «CAIFC», «Centras Securities», «Halyk Finance», «Seven Rivers Capital», «Premier Capital брокерлік компаниялары ұйымдастырып отыр.
13 желтоқсанда қалалық әкімдікте Алматы қаласы мәслихатының 34-ші кезекті сессиясы болады.
13 желтоқсанда «Прайм-плаза» сауда-демалыс орталығында «Азиада-2011» ойындарына арналған балалар шығармашылығының конкурсы өтеді.
13 желтоқсанда Алматы қаласының тарихи мұражайында «Сүйікті Отаным - Тәуелсіз Қазақстан» тақырыбында көрме-конкурс өтеді.
14 желтоқсанда Алматыда «Шетелдегі қазақ жастары және туған тіл» атты дәстүрлі халықаралық фестиваль өтеді .
15 желтоқсан күні Қазақстан Жазушылар одағы үйінде «Алаштың Ақан серісі» атты кеш өтеді.
15-16 желтоқсан күндері Алматыда «ExpoGolf.kz» алғашқы қазақстандық гольф-көрмесі өтеді.
ПАВЛОДАР ОБЛЫСЫ
14 желтоқсанда Павлодарда республикамыздың Тәуелсіздік күніне арналған «Мен - Қазақстанның патриотымын» екінші облыстық форумы ашылады.
ЕЛЕУЛІОҚИҒАЛАР. АТАУЛЫКҮНДЕР. ЕСІМДЕР
ЖЕЛТОҚСАННЫҢ 13-І, ДҮЙСЕНБІ
ОҚИҒАЛАР
15 жыл бұрын (1995) Сауд Арабиясы корольдігінде Қазақстан Республикасының елшілігі ашылды.
6 жыл бұрын (2004) Астанада вокзал алаңында 1922 жылы шығарылған республикадағы ең ескі паровоз қойылды. Астананың теміржол вокзалында «Батыр-паровоз» ескерткішін орнату туралы Қазақстанның Президенті Н.Назарбаев 2004 жылғы 6-шы тамызда теміржолдың 100-жылдығына арналған салтанатты жиналыста айтқан болатын. Паровоз Швецияда жасалған. 1922-1982 жылдар аралығында Қазақстанның темір жолдарында және басқа бұрынғы одақ республикаларының магистраль жолдарында пайдаланыста болған, Ұлы Отан соғысы жылдары майдан маңындағы учаскелеріне жүк тасымалдаған.
5 жыл бұрын (2005) Астанада «Азия асқарлары» кітабының тұсаукесері болып өтті.
Басылымды «Ашық қоғам» институтының тәуелсіз авторлар тобы құрастырған. Кітап Түркия, Сингапур, Қытай, Малайзия және Қазақстан - азиялық бес елдің табыстары жайлы баяндайды. Сол жетістіктерге тікелей себепкер адамдардың еңбегін сөз етеді.
3 жыл бұрын (2007) Алматыда Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылымдар Академиясының академигі, халық жазушы Зейнолла Қабдолов (1927-2006) тұрған үйге ескерткіш тақта орнатылды.
1 жыл бұрын (2009) Таразда халықаралық стандарттарға сәйкес келетін теннис корттары ашылды.
Кешен төрт ашық және екі жабық теннис алаңдарынан тұрады. Корттарды салуда итальяндық «Хард» фирмасының жабындары пайдаланылды. Жабық корттарды словакиялық «Дуол» фирмасы жасады.
ЕСІМДЕР
75 жыл бұрын (1935) жазушы, қазақ фольклорын зерттеуші, Шыңжаң және Қытай фольклор сыйлықтарының иегері, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының мүшесі ЕГЕУБАЕВ Оразанбай дүниеге келді.
Шыңжаң өлкесі, Тарбағатай аймағының Шағантоғай ауданында туған.
1999 жылы тарихи отаны Қазақстанға оралған.
«Шыңжаң газеті», «Іле газеті», «Мұра» журналы редакциясында редактор, тілші, бөлім бастығы, бас редактордың орынбасары міндетін атқарған.
«Көктем», «Адам, ат, ит», «Қазақ тарихындағы әйгілі адамдар - Таңжарық Жолдыұлы», «Зерттеу материалдары», «Қазақ хиссалары - батырлық, тарихи жыр-қисса», «Қазақтың ғашықтық жырлары», «Таңдамалы шығармалары», «Тау ұлы» кітаптары басылып шыққан. 13 еңбегі қытайшаға тәржімаланған.
Шыңжаң және Қытайдың мәдениеті мен өнерінің дамуына ерекше үлес қосқан қайраткер атағын алған. «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 10 жыл» мерекелік медалімен марапатталған.
ЖЕЛТОҚСАННЫҢ 14-І, СЕЙСЕНБІ
ОҚИҒАЛАР
15 жыл бұрын (1995) республикалық апталық «Целина» газетінің алғашқы саны жарық көрді.
Тираж саны жылма-жыл өсіп келе жатқан басылым бүгінде республиканың солтүстік аймақтарына, Астана қаласына 24 бет көлемінде таралып, көтерілетін мәселелер ауқымын кеңейте түсті. Ауыл еңбеккерлеріне арналған газет соңғы жылдары салауатты өмір салтын орнықтырудың шын мәніндегі жаршысы атанып, «Ақмола-Целина» атты халықаралық ашық марафон, «Целина» газетінің кубогі үшін шағын футболдан турнир өткізуді де дәстүрге айналдырды.
13 жыл бұрын (1997) Ақмолада саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған ескерткіш ашылды.
5 жыл бұрын (2005) Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан Республикасы мен Ауғанстан Өтпелі Ислам Республикасы арасында өзара қарым-қатынас пен ынтымақтастықтың негіздері жөніндегі Келісімді бекіту туралы», «Каспий теңізінің теңіз ортасын қорғау туралы негіздемелік конвенцияны бекіту туралы» Заңдарға қол қойды. Президент сондай-ақ міндетті экологиялық сақтандыру саласында туындайтын қатынастарды реттейтін және оны жүзеге асырудың құқықтық, экономикалық және ұйымдық негіздерін белгілейтін «Міндетті экологиялық сақтандыру туралы» Заңға да қол қойды.
5 жыл бұрын (2005) Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен Астана циркінің тұсаукесері болып өтті.
Жобаның авторы және сәулетші Төлеген Әбділдә цирк ғимаратын «ұшқыш тарелка» ретінде ойластырған. Көлемi 26 мың 658 шаршыметрдi құрайтын ғимарат 2000 көрерменге есептелiп жасалған. 36 орындық VIP-ложа бөлек орналасқан. Цирк ғимаратына 4-қабатты 113 орынға арналған қонақ үй қапталдастырып салынған. Сонымен қатар цирк әкімшілігі, әртістерге арналған бөлмелер, жаттығу манеждары, аңдарды ұстайтын жерлер, шеберханалар орналасқан әкімшілік-шаруашылық блок та бар.
1 жыл бұрын (2009) Қарағандыда өнеркәсіптік компьютерлерді құрастыру және сервистік қызмет көрсету жаңа өндірістік желісі ашылды.
Жаңа өндіріс германиялық «TREI Gmbh» компаниясының инвестициясы есебінен құрылды. Германиялық «TREI Gmbh» компаниясы нарықта 20 жылдан бері жұмыс істеп келеді. 2003 жылы Қарағандыда оның өкілдігі ашылды. Содан бері Қазақстанда өнеркәсіптік кәсіпорындарда 60-тан астам жоба жүзеге асырылды. Өскемен, Павлодар, Ақтау және Атырау қалаларында филиалдар ашылды.
ЕСІМДЕР
40 жыл бұрын (1970) палуан, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт шебері, еркін күрестен халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Қазақстанның он екі дүркін чемпионы, Алматы облысының Олимпиадалық резервтер дайындау орталығының директоры МАМЫРОВ Мәулен Сатымбайұлы дүниеге келді.
Алматы облысы Қаратал ауданында туған. Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетін бітірген.
1989 жылдан Қазақстан Ұлттық құрамасының мүшесі. Жастар арасындағы әлем біріншілігінің (Австрия, 1988) қола, КСРО жастар ойындарының (Запорожье, 1989) күміс жүлдегері, КСРО Кубогінің (Тбилиси, 1990) жеңімпазы, КСРО чемпионы (Гомель, 1990), ТМД елдері чемпионатының (Мәскеу, 1992) қола жүлдегері, Азия ойындарының (Хиросима, Жапония, 1994) чемпионы, Азия Кубогі жарысының (Индонезия, 1995), Орта Азия ойындарының (Ташкент, 1995) жеңімпазы, 26-Олимпиадалық ойындардың (АҚШ, Атланта, 1996) қола, Әлем чемпионатының (Красноярск, РФ,1997) қола жүлдегері, Орта Азия ойындарының (Алматы, 1997), Шығыс Азия ойындарының (Пусан, Корея, 1997 және Осака, Жапония, 2001), Азия (Ташкент, 1999) чемпионы болып, бірнеше дүркін Халықаралық турнирлердің жеңімпазы атанған.
1991-2003 жылдары - Талдықорған қаласының олимпиадалық резервтегі мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің оқытушысы-жаттықтырушысы. 1997-2004 жылдары - Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігі Штаттық Ұлттық командалар дирекциясының спортшы-нұсқаушысы. 1996-2004 жылдары - еркін күрестен Қазақстан Республикасы Ұлттық құрама командасының капитаны. 2005-2007 жылдары Алматы облысы еркін және грек-рим күресі федерациясының вице-президенті қызметтерін атқарған. 2007 жылдан бастап - қазіргі қызметінде.
1-дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталған.
ЖЕЛТОҚСАННЫҢ 15-І, СӘРСЕНБІ
ОҚИҒАЛАР
15 жыл бұрын (1995) Жамбыл қаласында Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан Республикалары басшыларының Мемлекетаралық кеңесі өтті. Кеңес ұйғарымымен Қорғаныс министрлері кеңесі туралы ереже бекітіліп, ол аймақтың қауіпсіздігі, әскери ынтымақтастық саласындағы бүкіл мәселелерді қарайтын болып шешілді.
11 жыл бұрын (1999) Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың Жарлығымен Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік стратегиясы бекітілді.
5 жыл бұрын (2005) Орал қаласында Қазақстан халықтары кіші ассамблеясы шығарған «Жемісті он жыл: бақыт басы - бірлік, байлық басы - тірлік» атты кітаптың таныстырылымы болып өтті.
Қос тілдегі әдемі безендірілген жинақта Қазақстан халықтары кіші ассамблеясы мен оның құрамына кіретін мәдени-ұлттық орталықтар мен бірлестіктердің сан қырлы қызметі туралы материалдар топтастырылды.
5 жыл бұрын (2005) Оңтүстік Қазақстанның Сарыағаш ауданында жаңа теміржол терминалының салтанатты ашылу рәсімі болып өтті.
«Сарыағаш» стансасы Өзбекстан шекарасынан 3 шақырым жерде орналасқан. Өткел арқылы Ресей мен Орталық Азияны байланыстыратын, Иран мен Қытайға дейінгі баратын көптеген бағыттар өтеді. Стансада құрамаларды жасақтау, жүктерді ресімдеу, кедендік және санитарлық бақылау және басқа да операциялар жүргізуге арналған заманауи құралдар орнатылған. Теміржолдың үстінен жүк көтергіштігі 80 тоннаға жететін үлкен автокөлік көпірі салынған.
3 жыл бұрын (2007) Тәжікстан Республикасының астанасы Душанбеде тәжік-ауған шекарасында қаза болған қазақстандық жауынгерлерге арналған монумент ашылды.
Душанбенің орталығында орналасқан монументте 35 қазақстандық жауынгерлер есімі қашалып жазылған.
ЕСІМДЕР
100 жыл бұрын (1910-1981) Қазақстанның қоғам және саяси қайраткері БЕКТАСОВ Әшімбек Жүнісбекұлы дүниеге келді.
Шығыс Қазақстан облысында туған. Омбы жұмысшылар факультетін, Бүкілодақтық Коммунистік (Большевиктер) партиясы Орталық комитеті жанындағы Жоғары үгітшілер мектебін, Талдықорған ауылшаруашылығы техникумын бітірген.
1933-1935 жылдары - Семей облыстық партия комитетінің нұсқаушысы. 1935-1937 жылдары - Қазақ КСР Коммунистік партиясы Орталық Комитетінің нұсқаушысы. 1937-1938 жылдары - Оңтүстік Қазақстан облыстық атқару комитеті төрағасының міндетін атқарушысы, Арыс аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы. 1938-1940 жылдары - Қазақ КСР Егіншаруашылығының халық комиссары. 1940-1942 жылдары - Қазақ КСР Су шаруашылығының халық комиссары. 1943-1945 жылдары - Ақмола облыстық атқару комитеті төрағасының бірінші орынбасары. 1945-1947 жылдары - Қызылорда бөгеті құрылысының бастығы. 1947-1948 жылдары - Талдықорған елді мекендері бойынша егінді анықтау жөніндегі ауданаралық мемлекеттік инспектор, Талдықорған облыстық мелиоративті жайылым тресті кеңсесінің бастығы. 1948-1949 жылдары - Талдықорған облыстық шикізат дайындау бөлімінің бастығы. 1949-1950 жылдары - Талдықорған облыстық мелиоративті жайылым тресті кеңсесінің бастығы. 1950-1952 жылдары - Талдықорған облыстық мал шаруашылығын дайындау басқарушысының орынбасары. 1952-1953 жылдары - Талдықорған облыстық «Росткаучук» кеңсесінің бастығы. 1953-1956 жылдары - «Казгипроводэлектро» бірлестігі директорының орынбасары. 1956-1961 жылдары - Республикалық Халық шаруашылығы көрмесінің директоры. 1956-1957 жылдары Қазақ КСР Ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары қызметтерін атқарған. 1961 жылдан зейнеткерлік демалыста болған.
«Мәди» атты кітабы жарық көрген.
1-дәрежелі Отан соғысы орденімен және медальдармен марапатталған.
60 жыл бұрын (1950) экономика ғылымдарының докторы, Алматы қаласының әкімі ЕСІМОВ Ахметжан Смағұлұлы дүниеге келді.
Алматы облысы Қаскелең ауданында туған Қазақ ауыл шаруашылық институтын, Ресей Қоғамдық ғылымдар Академиясын бітірген.
1990-1992 жылдары - Қазақ КСР Мемлекеттік агроөнеркәсіптік комитеті төрағасының бірінші орынбасары. 1992-1994 жылдары - Алматы облысы әкімшілігінің басшысы. 1994-1996 жылдары - Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары. 1996-1998 жылдары - Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Хатшысы, Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің бірінші орынбасары - Инвестиция жөніндегі мемлекеттік комитеттің төрағасы. 1998-2001 жылдары - Қазақстан Республикасы Президенті Әкмішілігінің басшысы, Бенилюкс елдеріндегі (Бельгия Корольдігі, Нидерланды Корольдігі және Люксембург Ұлы Герцогтігі) Қазақстан Республикасының Төтенше және Өкілетті елшісі. 2001-2002 жылдары - Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылық министрі. 2002-2004 жылдары - Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары - Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылық министрі. 2004-2006 жылдары - Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары. 2006-2008 жылдары Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылық министрі қызметтерін атқарған. 2008 жылдың сәуірінен - қазіргі қызметінде. 2008 жылдың қазанынан - «Нұр Отан» ХДП қалалық филиалының төрағасы.
«Құрмет белгісі», «Парасат», «Отан» ордендерімен, медальдармен марапатталған.
55 жыл бұрын (1955) экономика ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасының тауар өндірушілері мен экспортқа шығарушылары одағының президенті, Тау-кен өндіруші мен тау-кен металлургиялық кәсіпорындардың республикалық қауымдастығының атқарушы директоры РАДОСТОВЕЦ Николай Владимирович дүниеге келді.
Алматы қаласында туған. Алматы халық шаруашылығы институтын (Тұрар Рысқұлов атындағы Қазақ экономикалық университеті) бітірген.
1976-1991 жылдары -Қазақстан Ғылым Академиясы Экономика институтының экономисі, кіші ғылыми қызметкері, топ жетекшісі, сектор меңгерушісі. 1991-1996 жылдары - Қазақстан Республикасы Антимонополиялық саясат жөніндегі мемлекеттік комитеті төрағасының орынбасары. 1996-1997 жылдары - Қазақстан Республикасы Құн және антимонополиялық саясат жөніндегі мемлекеттік комитеттің төрағасы, Қазақстан Республикасы Экономика және сауда вице-президенті. 1997-1998 жылдары - Қазақстан Республикасы Стратегиялық жоспарлау және реформа агенттігі Құн және антимонополиялық саясат жөніндегі мемлекеттік комитеттің төрағасы, Қазақстан Республикасы Энергетика, индустрия және сауда министрлігі Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау комитетінің төрағасы. 1998-1999 жылдары - Қазақстан Республикасы Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау комитетінің, Қазақстан Республикасы Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау агенттігінің төрағасы. 1999-2000 жылдары - Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі. 2001-2004 жылдары - Еуразиялық өнеркәсіптік қауымдастығының төрағасы, вице-президенті қызметтерін атқарған. 2004-2007 жылдары - Қазақстан Республикасының тауар өндірушілері мен экспортқа шығарушылары одағының президенті. 2007-2008 жылдары - Қазақстанның кен өндіру және кен-металл кәсіпорындары республикалық қауымдастығының президенті. 2010 жылдан бастап - қазіргі қызметінде.
Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Жоғары экономикалық кеңесінің, Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Кәсіпкерлер кеңесінің мүшесі.
«Общественные фонды потребления» (бірлесіп шығарған), «Встречное планирование: теория и практика», «Новые формы соревнования в системе хозяйственного механизма», «Соревнование и эффективное использование ресурсов», «Организация социалистического соревнования: региональный подход» (бірлесіп шығарған), «Коллективный подряд: организация, учет, контроль», «Трудовой коллектив: демократизация управления производством» (бірлесіп шығарған) атты еңбектері жарық көрген.
«Құрмет» орденімен, медальдармен марапатталған.
ЖЕЛТОҚСАННЫҢ 16-Ы, БЕЙСЕНБІ
Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күні - Ұлттық мейрам.
1991 жылғы желтоқсанның 16-сында Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев қол қойған «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» және 25.06.2008 ж. және 22.04.2009 жылғы Заңдарымен өзгертулер енгізілген 2001 жылғы желтоқсанның 13-де «Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы» Қазақстан Республикасы заңдарына сәйкес атап өтіледі. Республика өз бетінше ішкі-сыртқы саясатты жүргізетін, өз аумағында билікті толық иеленген тәуелсіз демократиялық және құқықтық мемлекет мәртебесіне ие болды. Демократиялану жолындағы бағыт Қазақстанды егемен, тәуелсіз мемлекет ретінде, бүркеусіз интернационализммен ерекшеленген қазақ халқы ұлттық тілін, мәдениетін, дәстүрін сақтап, өз бастамалары мен ерекшеліктерін жаңғырта алатындығын жария етуге мүмкіндік берді.
Ашура күні - Алланың Пайғамбарлары мен Елшілерін еске түсіру күні.
Ашура - «ашара» сөзінен шыққан, мағынасы - «он» дегенді білдіреді. Бұл күні Мұхаммед пайғамбар адамдарды ізгілікке шақырып, оның шапағатты Ұлы күн екенін айтқан. Ашура күні тұтылған ораза адамды өткен және алдағы күнәларынан тазартады деп саналған. Ал бұл күні сырқаттың халін барып сұрау - Адам атаның барлық балаларын аралағанмен бірдей болады екен. Бұл күні сусағанға су берген адам - күнәсіз, пәк адам саналады, бұл күні толық жуынып, дәрет алған адам - көптеген ауру-сырқаулардан, азап-тозақтардан қорғалады.
ОҚИҒАЛАР
19 жыл бұрын (1991) Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесі «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Заң қабылдады.
14 жыл бұрын (1996) Алматыдағы Республика алаңында Тәуелсіздік монументінің ашылу салтанаты болды.
10 жыл бұрын (2000) Алматыда ұлы мемлекет қайраткері, қолбасшы және дипломат Абылай ханға ескерткіш ашылды. Ескерткіш авторы мүсінші - Нұрлан Далбаев.
Абылай хан, Әбілмансұр (1711-1781) - қазақ ханы, ұлы мемлекет қайраткері, қолбасшы және дипломат. Арғы тегі Жошы хан, бергі бабалары Қазақ даласының негізін салған Әз-Жәнібек, одан соң Еңсегей бойлы Ер Есім хан, Салқам Жәңгір хан. Абылай - Жәңгір ханның бесінші ұрпағы.
5 жыл бұрын (2005) Бейжіңде Қытай банкі мен Қазақстанның Халық банкі арасындағы банк ынтымақтастығы туралы келісімге қол қойылды.
Келісімге қол қоюдағы мақсат - екі елдің жетекші банктері арасында өзара тиімді және іскерлік ынтымақтастықты әрі қарай күшейту болып табылады.
5 жыл бұрын (2005) Жамбыл облысы Қаратау қаласында Ұлбике ақынға арналған ескерткіш ашылды.
Жанкелдіқызы Ұлбике (1825-1849) - қазақтың әйгілі ақын қызы, майталман айтыскер, жезтаңдай әнші, дәулескер домбырашы. Оның мол мұрасынан бүгінгі ұрпаққа жеткені мың шумақтай өлең. Бұл жиырмаға тарта айтыстары мен санаулы ғана көңіл-күй толғаулары. Ұлбикенің асыл мұрасын жинауға М.Көпеев, Ә.Диваев, В.Радлов сияқты әйгілі фольклор жинаушылар айрықша ыждаһатпен ден қойған. Ұлбикенің шығармаларын В.В. Радлов Петербург қаласында бастырып, кейін орыс және неміс тілдеріне аударып жариялады. Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов, Мырзатай Жолдасбеков қатарлы білікті ғалымдар Ұлбикенің ақындығына жоғары баға берген. Бейіті Жамбыл облысына қарасты Талас өзенінің бойында орналасқан.
3 жыл бұрын (2007) Софияда Олжас Сүлейменовтың танымал «Аз и Я» кітабының болгар тіліндегі аудармасының таныстырылымы салтанатты түрде болып өтті.
Болгар оқырманы түркі және славян мәдениеттерінің өзара кірігу феноменін түсіндіріп, ежелгі жазба ескерткіштерінің тарихына қалам тартқан, лингвистикадағы жаңа - түркі-славистика бағытының негізін қалаған автормен танысты.
1 жыл бұрын (2009) Ереванда Қазақстанның Армениядағы Елшілігі армян тіліне аударылған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстандық жол» кітабының ресми таныстырылымын өткізді.
1 жыл бұрын (2009) Прагада келісімшарт-құқықтық базаны кеңейту және жекелеген салалардағы ынтымақтастықты тереңдету жөніндегі Қазақстан мен Чехияның сыртқы істер министрліктерінің арасындағы Өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды.
ЕСІМДЕР
80 жыл бұрын (1930-2004) ғалым, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Ұлттық Ғылым Академиясының академигі, Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым қайраткері ӘБУҒАЛИЕВ Ізтілеу дүниеге келді.
Батыс Қазақстан облысы Жаңақала ауданында туған. Қазақ мемлекеттік университетін (әл Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті) бітірген.
1953-1975 жылдары - Қазақ егіншілік ғылыми-зерттеу институтының аға ғылыми қызметкері, бөлім меңгерушісі, директорының орынбасары, директоры. 1995 жылдан Қазақстан Республикасы Ұлттық Академиялық аграрлық зерттеу орталығының академик-хатшысы қызметтерін атқарған.
Негізгі ғылыми еңбектері Қазақстанда қант қызылшасының тұқымын өсіруге және селекциясына, аймақтық егіншілік жүйесін жасауға арналған. Оның 250-ге жуық ғылыми еңбектері бар. 10 авторлық куәлік пен патенттің иегері.
2 рет Еңбек Қызыл Ту, «Құрмет белгісі» ордендерімен және бірнеше медальмен марапатталған.
40 жыл бұрын (1970) «Алматы қаласының өңірлік қаржы орталығы» акционерлік қоғамы басқарма төрағасының орынбасары, «Қазақстан қор биржасы» акционерлік қоғамы биржалық кеңесінің төрағасы ТАСБОЛАТ Айгүл Нұрсайынқызы дүниеге келді.
Алматы қаласында туған. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін, «Әділет» Жоғары құқық мектебін бітірген.
1993-1997 жылдары - Қазақстан Республикасының Мемлекеттік мүлік жөніндегі мемлекеттік комитеті жанындағы Мемлекеттік жекешелендіру қорында, бұқаралық ақпарат құралдарымен байланыс бөлімінің бірінші санаттағы маманы, талдау бөлімінің, бағалы қағаздар бөлімінің бірінші санаттағы маман, бас маманы. 1997-1999 жылдары - «Бағалы қағаздарды тіркеу жүйесі» акционерлік қоғамының вице-президенті, президенті. 1999-2006 жылдары - «C-n-D Express» ЖШС президенті. 2003-2006 жылдары - «Бағалы қағаздарды тіркеу жүйесі» акционерлік қоғамы директорлар кеңесінің төрағасы. 2006-2007 жылдары «Қазпошта» акционерлік қоғамының базасындағы біртұтас республикалық трансфер-агенттік желіні дамыту жөніндегі жобаны басқарып, «Қазпошта» акционерлік қоғамының трансфер-агенттік желісі арқылы «Қазақтелеком» акционерлік қоғамының акцияларын сату жөніндегі жұмыс тобының бірінші басшысының орынбасары қызметтерін атқарған. 2007-2008 жылдары - «Алматы қаласының өңірлік қаржы орталығы» акционерлік қоғамы басқарма төрағасының орынбасары. 2008-2009 жылдары - «Қазақстан қор биржасы» акционерлік қоғамы биржалық кеңесінің мүшесі. 2009-2010 жылдары - «Бағалы қағаздардың депозиттік орталығы» акционерлік қоғамының тәуелсіз директоры. 2010 жылдың шілде айынан - қазіргі қызметінде.
2003 жылы Қазақстан Республикасы «Бағалы қағаздар нарығы туралы» Заңының және Қазақстан Республикасы «Акционерлік қоғамдар туралы» Заңының жобаларын әзірлеу бойынша Қазақстан Республикасы Парламентінің жанында құрылған жұмыс тобының құрамына кірді.
ЖЕЛТОҚСАННЫҢ 17-І, ЖҰМА
Қазақстан Республикасының Демократиялық жаңару күні.
1991 жылы желтоқсанның 12-де Қазақстан Республикасы Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстандағы 1986 жылғы 17-18 желтоқсандағы оқиғаларға қатысқаны үшін жауаптылыққа тартылған азаматтарды ақтау туралы» Жарлығымен Қазақстандағы 1986 жылғы желтоқсанның 17-18-дегі оқиғаларға қатысқаны үшін қылмыстық, әкімшілік және тәртіптік жауапқа тартылған адамдар ақталды. Сонымен қатар аталған Жарлықтың 4-тармағы бойынша желтоқсанның 17-і - Қазақстан Республикасының Демократиялық жаңару күні деп жарияланды.
ОҚИҒАЛАР
7 жыл бұрын (2003) Н.Ә.Назарбаев «Қазақстан Республикасында өлім жазасына мораторий енгізу туралы» Жарлыққа қол қойды.
3 жыл бұрын (2007) Атырауда жаңа емхана ашылды.
Төрт қабатты ғимаратта орналасқан емхана күніне 300-ге жуық адамды қабылдай алады. Ол қазіргі заманғы медицина аппараттарымен жабдықталған. Онда стационарлық та, амбулаторлық та көмек көрсетіледі.
1 жыл бұрын (2009) Шымкентте Әбілхан Қастеевке арналған ескерткіш орнатылды.
Ескерткіш ғұлама суретшінің есімі тағайындалған көркемсурет колледжінің алдында орналасқан.
Әбілхан Қастеев (1904-1973) - Қазақ КСР-нің халық суретшісі, қазақстандық көркемөнерінің негізін салушы. Мыңнан астам шығармасы бар. Оның жұмыстары Ресейдің Мемлекеттік Третьяков галереясында, Шығыс халықтары өнерінің мемлекеттік мұражайында, Мәскеудегі Ленин орденді КСРО Төңкерісі орталық мұражайында, Қазақ КСР Мемлекеттік өнер мұражайында және басқа да көптеген елдердің мұражайларында сақтаулы.
ЕСІМДЕР
120 жыл бұрын (1890-1979) актер, режиссер, Қазақ КСР-нің халық әртісі, Башқұрт АКСР-нің еңбек сіңірген әртісі МУРАТОВ (Малинский)Яков Яковлевич дүниеге келді.
Одесса қаласында туған. Одесса қаласындағы театр студиясын бітірген.
1953-1960 жылдары Қазақстанның Балалар және жасөспірімдер театрының орыс труппасында қызмет етті. Драмалық және комедиялық рөлдерде бірдей өнер көрсетіп, көркемсөз оқумен шұғылданды. 1930 жылдан көптеген киноларға түсіп, қойылымдар қойған.
85 жыл бұрын (1925) қоғам қайраткері, Қазақстан Республикасы Жиһаз және ағашөңдеу кәсіпорындары қауымдастығының құрметті президенті ӘЛДЕРБАЕВ Молдан дүниеге келді.
Алматы облысы Райымбек ауданында туған. Шығыс Сібір орман техникалық институтын, Бүкілодақтық сырттай инженерлік құрылыс институтын бітірген. Ұлы Отан соғысына қатысқан.
1950-1958 жылдары - Тау-Шілік орман шаруашылығы мекемесінің директоры, директорының орынбасары, Алматы ағашөңдеу комбинатының цех бастығы, «Главалматыстрой» тресті құрылыс басқармасының бастығы. 1958-1969 жылдары -Главстройлесснабсбыт» мекемесі бөлім меңгерушісі, Қазақ КСР Мемлекеттік жоспарлау комитетінің бас маманы, бөлім бастығының орынбасары, бөлім бастығы, іс басқарушысы, 1969-1975 жылдары - Қазақстан Коммунистік партиясы Орталық Комитетінің Қала шаруашылығы және құрылыс бөлімі меңгерушісінің бірінші орынбасары. 1975-1988 жылдары - Қазақ КСР-нің Орман және ағашөңдеу өнеркәсібі министрі. 1988-1997 жылдары югославиялық «Югодрво» фирмасының уәкілі қызметтерін атқарған.
Алматы облысының құрметті азаматы. Медальдармен марапатталған.
60 жыл бұрын (1950) ғалым, медицина ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау ісінің үздігі, Қазақстан Республикасының ғылым, техника және білім саласындағы мемлекеттік сыйлығының иегері ҚАРАБЕКОВ Ағабек дүниеге келді.
Оңтүстік Қазақстан облысы Алғабас ауданында туған. Алматы медицина институтын (қазіргі Қазақ ұлттық медицина университеті) бітірген.
1974-1978 жылдары - Целиноград (Ақмола) қалалық ауруханасының балалар хирург-ординаторы. 1978-1983 жылдары - Алматы қаласындағы №1 балалар ауруханасы жедел хирургия бөлімінің дәрігері. 1983-1992 жылдары - Алматы мемлекеттік медицина институтының ассистенті, доценті. 1992-1997 жылдары - Педиатрия ғылыми-зерттеу институтының (қазіргі Педиатрия және бала хирургиясы ғылыми орталығы) аға ғылыми қызметкері. 1984-2000 жылдары Қазақстан Республикасының бас балалар травматолог-ортопеді қызметтерін атқарған. 1997 жылдан Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік (медицина) фармацевтика академиясының балалар хирургиясы, педиатрия кафедрасының меңгерушісі, фармацевтикалық және медициналық факультеттің деканы болып келеді.
Негізгі ғылыми еңбектері балалар травматологиясы мен ортопедиясына арналған. Ол балаларда болатын туа біткен қисық мойынды, шұңқыр кеуде ауруын емдеудің тәсілдерін жетілдірді. Сондай-ақ кемтар-мүгедек балалар мен жасөспірімдердің мұқтаждықтарын жеңілдету жолдарын зерттеуде.
«Балалар травматологиясы мен ортопедиясының жаңа диагностикалық және емдеу технологиясы» ғылыми-зерттеу жұмысы авторларының бірі. 158 ғылыми еңбектің, 3 монографияның, 14 авторлық куәліктің (КСРО), 15 Қазақстан Республикасы патентінің авторы.
ЖЕЛТОҚСАННЫҢ 18-І, СЕНБІ
Халықаралық көші-қон күні.
ЭКОСОС-тың ұсынысы бойынша (2000 жылғы шілденің 28-дегі 2000/288 шешімі) БҰҰ Бас Ассамблеясы 18 желтоқсанды «Халықаралық көші-қон күні» деп бекіткен (55/93 қарары). 1990 жылы осы күні Барлық еңбек етіп жүрген оралмандарды және олардың отбасын қорғау туралы халықаралық конвенция қабылданды.
ОҚИҒАЛАР
3 жыл бұрын (2007) Павлодар облысының Шарбақты ауданы өз сайтын ашты. Фотосуреттермен иллюстрацияланған www.sharbakty.kz сайтындағы веб-парақшаларда ауданның өмірі, оның экономикасы мен мәдениеті туралы баян етіледі. Аудандық әкімдіктің жұмысы, атқарушы билік қабылдап жатқан шешімдер мен даму бағдарламалары туралы да мәліметтер орналастырылған. Сайт Шарбақты ауданында орын алатын оқиғалар туралы материалдармен толтырылып отырылатын болады.
1 жыл бұрын (2009) Орал қаласына қарасты Зачаган кентінде 280 орындық №40 «Болашақ» балабақшасы ашылды. Оның салтанатты ашылу рәсіміне Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов қатысты.
Қос қабатты ғимаратта бүлдіршіндер 12 топта тәрбиеленеді. Сабақ мемлекеттік тілде жүргізіледі. Орыс, ағылшын тілдері қосымша оқытылады. Музыкалық және спорт залы, медицина мен психолог кабинеттері, компьютер сыныптары бар.
1 жыл бұрын (2009) Алматы облысының Ескелді ауданындағы Қарабұлақ ауылында ауыл балалары мен жасөспірімдеріне арналған спорт мектебі ашылды.
Ғимаратта бассейн мен жаттықтыру залдары, бокспен, күреспен айналысуға арналған залдар бар.
ЕСІМДЕР
90 жыл бұрын (1920) ақын, жазушы, аудармашы СЫЗДЫҚОВ Қажымұрат дүниеге келді.
Қазіргі Солтүстік Қазақстан облысы Тайынша ауданында туған. Қазақ педагогикалық институтының филология факультетін бітірген.
Ұлы Отан соғысына қатысып, Беларустың Брест-Литовск қаласында әскери қызметте болған. Соғыстан кейін Қазақ радиосында, Түркісіб темір жолы басқармасының «Теміржолшы» газеті редакциясының әдеби қызметкері, тілшісі, «Мектеп» баспасының аға редакторы, «Қазақ совет энциклопедиясының» аға ғылыми редакторы қызметтерін атқарған.
Алғашқы өлеңдері 1938 жылы Солтүстік Қазақстан облыстық «Ленин туы» газетінде жарияланған. Соғыстан кейінгі кездерде республикалық баспасөз бетінде мақала, рецензия, очерк, аудармалары жарық көрді. Шығармашылығының негізгі саласы - көркем аударма. Ол И.Буниннің «Балқарағай» жинағын, Л.Н.Толстой шығармаларының 1 томдығын, А.П.Чеховтың әңгімелерін, Д.Нгуги, Е.Ремарк романдарын, В.Шукшин, Н.Мирошниченко пьесаларын аударған.
ЖЕЛТОҚСАННЫҢ 19-Ы, ЖЕКСЕНБІ
Энергетик күні.
Қазақстан Республикасы Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың 1998 жылғы қаңтардың 20-дағы «Қазақстан Республикасындағы кәсіби мерекелер және атаулы күндер туралы» Жарлығына сәйкес жыл сайын желтоқсанның үшінші жексенбісінде атап өтіледі. Елбасының 2003 жылғы қарашаның 15-дегі Жарлығына сәйкес Қазақстан Республикасында жаңа кәсіби және басқа да мерекелер тізімі бекітілді. Бұл Жарлыққа сәйкес Энергетик күні - желтоқсан айының үшінші жексенбісі.
«Энергетик күні» - бұл энергетикалық жүйелерді құру және олардың жұмыс істеуін қамтамасыз етуге қатысы бар барлық мамандардың мерекесі. Бұл күн сондай-ақ, энергетика саласындағы жауапты орындарда бүгін де қалтқысыз қызметке жұмылған жандар мейрамы. Қорыта айтқанда, «Энергетик күні» - «жарық» пен «жылу» түсінігі жай ғана сөздер емес, олардың ғұмырының айтулы дәуіріне айналған барша білікті мамандар мерекесі...
БҰҰ-ның «Оңтүстік-Оңтүстік» ынтымақтастық күні.
БҰҰ Бас Ассамблеяның (№A/RES/58/220 қарары) қаулы шығаруымен 2004 жылдан бастап желтоқсанның 19-да жыл сайын атап өтіледі. Бұл күні Бас Ассамблея дамушы елдер арасындағы техникалық ынтымақтастықты дамыту мен жүзеге асыру жөніндегі Буэнос-Айрес іс-әрекет жоспарын мақұлдады.
«Оңтүстік-Оңтүстік» ынтымақтастықта дамушы елдер арасында ынтымақтастық бар екенін түсіну керек. Бас Ассамблеяның қарарында айтылғандай, дамушы елдер «Оңтүстік-Оңтүстік» ынтымақтастықтың басты жауаптылығын алып жүруі керек, біруақытта дамушы елдерге ынтымақтастықтың кеңейтуіне көмек көрсетуіміз керек. «Оңтүстік-Оңтүстік» ынтымақтастығы «Солтүстік-Оңтүстік» ынтымақтастығын қандай жағдай болмасын ауыстырмауы қажет.
Халықаралық кедейлерге көмек көрсету күні.
Желтоқсанның 19-да дүниежүзілік бірлестік «Халықаралық кедейлерге көмек көрсету күнін» атап өтеді. Халықаралық сарапшылардың айтуынша, 20 ғасырдың соңында бүкіл жершары тұрғындарының төрттен бір бөлігі - жарты миллиард адам кедейлік өмір сүруде. Бұл мәселеге байланысты БҰҰ-ның бірнеше бағдарламасы бар. Оның кедейлікті жою туралы бірінші бағдарламасы 10 жыл бұрын жұмыс істей бастады, бірақ та кедей тұратын адамдар саны азаймады. Біріккен Ұлттар Ұйымы кедейлікті «қанағатты өмір сүру үшін қажетті қаржы жеткіліксіз ұзаққа созылған амалсыз жоқтық жағдай» деп қарастырады. Ол ақшаның жоқтығын ғана емес, лайықты жұмыстың, жайлы үйге, жақсы білімге және денсаулық қорғауына қол жеткізуін білдіреді.
ОҚИҒАЛАР
14 жыл бұрын (1996) Қазақстан тарихында алғашқы соттар сьезі өтті. Сьезде сот жүйесінің құрылуы мен жұмыс жасау сұрақтары талқыланды. Республиканың Соттар одағы құрылды және Соттар этикасы кодексі қабылданды.
13 жыл бұрын (1997) Түркия астанасында Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күні аталып өтті.
5 жыл бұрын (2005) Алматыда Қазақстан Жазушылар одағының Әдебиетшілер үйінде қытайлық қазақ жазушысы Қажығұмар Шабданұлының «Пана» романының таныстырылымы болып өтті.
Дүние жүзі қазақтарының қауымдастығы аталған шараны қаламгердің 80 жасқа толуына орайластырып өткізді. «Атажұрт» баспасынан жарық көрген бұл туындыны араб қарпінен кирилл жазуына көшірген Қазақстанның халық жазушысы Қабдеш Жұмаділ.
3 жыл бұрын (2007) Солтүстік Қазақстан облысы Қызылжар ауданының орталығы Бескөлде жаңа мешіттің салтанатты ашылуы болып өтті.
1 жыл бұрын (2009) Семейде облыстық тарихи-өлкетану мұражайында өрт сөндіру ісінің екі ғасырлық тарихына арналған көрме ашылды.
Ежелгі Семей қаласында өрт қызметінің 205 жылдық тарихы бар. Алғашқы өрт сөндіру командасы мұнда 1804 жылы құрылған. Ал басқа қалаларда мұндай қызмет жарты ғасырдан кейін ғана пайда болды.
Көрмеге қойылған 400-ден астам материалдар мен суреттер өрт сөндіру қызметінің тарихын және оның ардагерлері туралы баяндайды.
ЕСІМДЕР
90 жыл бұрын (1920-1942) еліміздің еркіндігін, ар намысын қорғаған ержүрек перзенттеріміздің бірі, Кеңес Одағының Батыры ТОҚТАРОВ Төлеген дүниеге келді.
Шығыс Қазақстан облысы Ұлан ауданында туған.
Ұлы Отан соғысы жылдары 8-ші гвардиялық атқыштар дивизиясы қатарында болып, 275-полктың автоматшылар ротасының жауынгері болады. Төлегеннің майдандағы ерлігін көзімен көрген, сол бөлімнің саяси жетекшісі болып істеген Кеңес Одағының батыры, белгілі жазушы Мәлік Ғабдуллин Төлеген жайында жазған естелігінде былай дейді: «1942 жылдың 9-шы ақпанында түс кезінде немістер батыл күшпен қайта шабуыл жасады. Бұл жолы немістердің шабуылына бүкіл батальон автоматшылары аттанды. Шайқас кезінде оқ дәрісі таусылған Төлеген ішінен ауыр жараланды. Төлеген «әуп» деп орнынан атып тұрды да, салбырап шыққан жаралы ішегін қарнына қысып, автоматын қолына ала жүгірген бетімен неміс офицерінің қақ басынан періп жіберді. Офицерді жайратып салып, қайта орала бергенде жаудың қайта атылған пулемет оғы оның кеудесіне тиді. Төлеген осындай ерлік көрсете отырып қаза болды. Төлегеннің сүйегі Бородиноның күн шығыс шетіндегі төбеге жерленді.
Төлеген Тоқтаровқа Кеңес Одағының батыры атағы беріліп, оның ерлігі жоғары бағаланды.
Төлеген Тоқтаров туралы композиторлар Рамазан Елебаев «Жас қазақ» әнін, Ахмет Жұбанов пен Латифи Хамиди «Төлеген Тоқтаров» операсын жазды. Лениногор қаласында ескерткіші орнатылған. Алматы, Өскемен қалаларында Батыр атындағы көшелер бар.
60 жыл бұрын (1950) Қазақстан Республикасы Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитеті республикалық бюджет шығыстарын бақылау бөлімінің меңгерушісі ДОСЖАНОВ Раманқұл Досжанұлы дүниеге келді.
Қызылорда облысы Сырдария ауданында туған. Семей қаржы-экономика техникумын, Алматы халық шаруашылығы институтын бітірген.
1971-1976 жылдары - Ақтөбе аудандық қаржы бөлімінің аға инспекторы, облыстық қаржы бөлімінің аға экономисі. 1976-1992 жылдары - Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі бөлімінің аға, жүргізуші экономисі, бастығы, басқарма бастығының орынбасары. 1992-1998 жылдары - Қазақстан Республикасы Мемлекеттік коммерциялық сақтандыру компаниясы бөлімінің бастығы, Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі басқармасының бастығы, Қаржылық-валюталық бақылау комитеті төрағасының орынбасары. 1998-2004 жылдары - Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Қазынашылық комитеті басқармасының бастығы, Қаржылық бақылау комитеті төрағасының орынбасары, Кадр және ұйымдастыру жұмыстары департаменті директорының орынбасары, Қаржылық бақылау комитеті төрағасының орынбасары. 2004-2009 жылдары Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Қаржылық бақылау және мемлекеттік сатып алу комитеті кадрлық-ұйымдастыру жұмыстары басқармасының бастығы, Қазақстан Республикасы Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитеті әдіснама және сыртқы байланыстар бөлімінің бастығы қызметтерін атқарған. 2009 жылдан бастап - қазіргі қызметінде.
«Ерен еңбегі үшін» медалімен, КСРО Қаржы Министрлігінің «Қаржы ісінің үздігі» төс белгісімен, Қазақстан Республикасы Президентінің Алғысымен марапатталған.