ҮКІМЕТ
15 тамыз күні ҚР Статистика агенттігінде агенттік төрағасы А.Смайловтың қатысуымен «ҚР-ның 2011 жылғы қаңтар-шілде айындағы әлеуметтік-экономикалық даму» тақырыбында брифинг өтеді.
АСТАНА
15 тамыз күні «РИА Жаңалықтар» агенттігінің Орталық Азиядағы аймақтық өкілдігінде (Астана қаласы) ҰҚШҰ Бас хатшысы Николай Бордюжаның қатысуымен «Мәскеу-Астана» баспасөз мәслихаты өтеді.
16 тамыз күні елорданың «Лесозавод» ауданында «Денсаулыққа жол» акциясы өтеді.
АЛМАТЫ
15 тамызда Алматыда «Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық саясаты» атты дөңгелек үстел өтеді.
СПОРТ
12 тамыз бен 23 тамыз аралығында Қытайдың Шэньчжэнь қаласында 26-шы Бүкіләлемдік жазғы Универсиада өтеді, оған қазақ спортшылары да қатысады. Қазақстан құрамасының 103 спортшысы спортың 11 түрі бойныша өнер көрсетеді.
9 тамыз бен 13 тамыз аралығында Астанада ҚР Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған ҚР Президенті кубогы үшін шайбалы хоккейден Халықаралық турнир өтуде.
ҚОҒАМ
2011 жылдың 1 шілдесі мен 10 қарашасы аралығында «Зерде» Ұлттық Инфокоммуникациялық холдингі» АҚ Байланыс және ақпарат министрлігінің қолдауымен «Электрондық үкімет» жұмысы тақырыбындағы ең үздік материалға журналистер арасында шығармашылық конкурс жариялады.
1 тамыз бен 30 қыркүйек аралығында республикалық акция аясында Астанада «Мектепке барар жол» акциясы өтеді .
9-13 тамызда Астанада ҚР Президентінің кубогы үшін Шайбалы хоккейден халықаралық турнир өтеді .
СЫРТҚЫ САЯСАТ
16 шілде мен 8 тамыз аралығында Ухань қаласында (Қытай, Хунань провинциясы) «Қытай тілінің көпірі» атты қытай тілі мен мәдениетінің 10-шы мерейтойлық бүкіләлемдік студенттер байқауы өтеді. Оған Қазақстан студенттері де қатысады.
Санкт-Петерборда Ресей, Қазақстан, Украина, Норвегия, Финляндия, Германия, Франция, Италия, Беларусь, Латвия, Эстониядан келген 100-ден астам темірден түйін түйетін ұсталар мен суретшілер өз шеберліктерін көрсететін «Туфелька для Золушки» атты халықаралық байқау басталды. Фестивальдің өзі 10-11 қыркүйек күндері Кронштадта өтетін болады. Байқауға дейінгі бір айда барлық темір ұсталары шығармашылық тапсырманы орындап, темірден туфли мен басқа аяқ киім жасап шығарады.
АЙМАҚТАР
АҚТӨБЕ ОБЛЫСЫ
23 сәуір мен 10 қыркүйек арасында Ақтөбе облысында «Ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған 20 екпінді апталық» деген ұранмен «Ауылдың гүлденуі - Қазақстанның гүлденуі» марафон-эстафетасы өтеді.
ШЫҒЫС ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫ
6 тамыз бен 14 тамыз аралығында Өскемен қаласында «Қазақстан оқушысы» атты дәстүрлі көпкүндік веложарыс өтеді. Спорттық шараға 137 жас спортшы қатысуда.
ҚОСТАНАЙ ОБЛЫСЫ
15 шілде мен 15 қыркүйек аралығында Қостанайда «мектепке жол» акциясы өтеді.
АҚТАУ
10-12 тамызы аралығында Ақтау қаласында Каспий экологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласындағы Каспий маңы елдері ынтымақтастығы Тегеран конвенциясы тараптарының үшінші сессиясы болады.
ЕЛЕУЛІ ОҚИҒАЛАР. АТАУЛЫ КҮНДЕР. ЕСІМДЕР.
ТАМЫЗДЫҢ 15-І, ДҮЙСЕНБІ
Археолог күні. Археология - тарих ғылымының көне дәуір мен орта ғасырдағы адамзат қоғамы дамуының заңдылықтары мен негізгі кезеңдерін зерттейтін саласы. Археология термині жыл санауға дейінгі 4 ғасырда көне заманды зерттейтін ретінде қолданыла бастағанымен, ғылыми археологиялық зерттеулер Еуропада Қайта өркендеу дәуірінде ғана жүргізілген.
Үндістан Республикасының Ұлттық мейрамы - Тәуелсіздік күні (1947). Үндістан - Оңтүстік Азияда орналасқан мемлекет. Солтүстігінде Қытай, Непалмен, солтүстік-батысында Пәкістан, Ауғанстанмен, солтүстік-шығысында Бангладешпен, шығысында Бутан, Бирмамен (Мьянма) шектеседі. Мемлекет құрамына Араб теңізіндегі Лаккадив, Аминдив, Бенгаль шығанағындағы Андаман, Никобар аралдары да кіреді. Халқының саны жағынан Қытайдан кейінгі екінші орында. Астанасы - Дели қаласы. Ресми тілі - хинди, ағылшын тілдері, сондай-ақ әртүрлі штаттарында мемлекеттік тіл дәрежесінде қолданылатын 10-нан астам тіл бар. Жалпы Үндістанда 1600-дан астам тіл мен диалекті бар. Үндістан 25 штаттан және 7 одақтас аумақтан тұратын Федеративті Республика. Әр штатының және кейбір одақтас аумағының министр басқаратын үкіметі және заң шығару жиналысы бар. Үндістанның мемлекет басшысы - Премьер-Министр. Ақша бірлігі - рупий.
Қазақстан Республикасы мен Үндістан арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас 1992 жылғы ақпанның 23-інде орнатылды.
Корея Республикасының Ұлттық мейрамы - Республика жарияланған күні (1948). Корея - Шығыс Азиядағы Корей түбегінде орналасқан мемлекет. Шекарасы Қытаймен және Ресеймен шектеседі. Әкімшілік жағынан 9 провинциядан және тікелей орталыққа бағынатын 6 қаладан тұрады. Астанасы - Сеул қаласы. Ресми тілі - корей тілі. Ақша бірлігі - вон. Мемлекет басшысы - Президент. Заң шығарушы органы - Ұлттық жиналыс.
Қазақстан Республикасы мен Корея арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас 1992 жылғы қаңтардың 28-інде орнатылды.
Конго Республикасының Ұлттық мейрамы - Тәуелсіздік күні (1960). Конго - Орталық Африкада орналасқан мемлекет. Оңтүстігінде Анголамен, шығысында Конго Демократиялық Республикасымен, солтүстігінде Камерун, Орталық Африка Республикасымен, батысында Габонмен, оңтүстік-батысы Атлант мұхитымен шектеседі. Әкімшілік жағынан 10 облысқа және Браззавиль автономиялық коммунасына бөлінеді. Астанасы - Траззавиль қаласы. Ресми тілі - француз тілі, сонымен қатар банту тілі мен Конго өзенінің орта ағысы аумағындағы этноаралық сөйлесу тілі лингала кеңінен тараған. Ақша бірлігі - Африка қаржы қауымдастығы франкі. Мемлекет басшысы - Президент. Заң шығарушы органы екі палаталы парламент - Сенат және Ұлттық жиналыс.
Поляк Халық армиясы күні. 1920 жылы тамыз айында Қызыл Армияның Батыс майданы мен Поляк Армиясы арасында Варшава шайқасы болды. Шайқас тамыздың 13-нен 16-ына дейін созылды.
Ұлттық еске алу күні (Нидерландыда өтетін жыл сайынғы үлкен шеру (Голландия)).
Бұл күн Тынық мұхитта екінші Дүниежүзілік соғыстың аяқталуына орай атап өтіледі. Жыл сайын Амстердамның оңтүстік бөлігіндегі Мартин Лютер Кинг саябағында карнавалдар мен қойылымдардың үлкен шеруі өтеді. Саябаққа кіру кешкі сағат 18.00-ге дейін тегін, одан кейін ақылы. Сонымен қатар саябақта пародия думаны өтеді.
ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР
50 жыл бұрын (1961) Қазақстан картасында жаңа екі қала Шахтинск және Абай пайда болды.
Абай Қарағанды облысындағы Абай ауданының орталығы. Қала іргетасы 1949 жылы Қарағанды көмір алабының батыс телімдерінің игерілуіне байланысты Шерубайнұра кенті ретінде қаланған. Қалада 5 шахта, «Шығыс» көмір байыту фабрикасы, темір-құйматас бұйымдары зауыты, құрылыс материалдары және құралымдар комбинаты, тігін фабрикасы, нан зауыты, тұрмыстық қызмет көрсету комбинаты жұмыс істейді. Сондай-ақ онда Тау-кен техникумы, 13 мектеп, 8 аурухана, 2 музыка, 1 спорт мектебі, 2 оқушылар үйі, мәдениет үйі, кинотеатр, кітапхана, стадион, жүзу бассейні бар.
Шахтинск қаласы Шерубайнұра және Тентек өзендері аралығында Қарағандыдан 50 шақырым жерде орналасқан. Іргесі 1949 жылы Тентек кокстелетін көмір кен орнының игерілуіне байланысты қаланған. Қаланың әкімшілік қарамағына Шахан және Новодолинка поселкесі, Солтүстік-батыс елді мекені кіреді. Аталмыш өңірдің тас көмір қоры 4,5 миллиард тоннаны құрайды. Қалада технологиялық колледж, кәсіптік-техникалық мектеп, 10-нан астам орта дәрежелі білім беретін оқу орындары, көркемөнер, музыка, спорт мектептері жұмыс жасайды.
19 жыл бұрын (1992) әдебиетші, қоғам қайраткері Сағат Әшімбаевтың тұрған үйіне орнатылған ескерткіш тақтаның ашылу құрметіне орай Алматы қаласы жұршылығының жиыны өтті.
Сағат Әшімбаев (1947-1991) Қазақстан Республикасының саясат қайраткері, әдеби сыншы, тележурналист, жазушы.
Алматы облысының Райымбек ауданында туған. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін бітірген.
Еңбек жолын 1969 жылы «Жас Алаш» газетінде әдебиет және өнер бөлімінің әдеби қызметкерлігінен бастаған. «Жұлдыз» журналынның бөлім меңгерушісі, «Жас Алаш» газеті редакторының орынбасары, «Жалын» баспасында қызмет істеген, ҚазТВ «Парыз пен Карыз» бағдарламасының жүргізушісі, Қазақ КСР Телевизия және радиохабарын тарату жөніндегі мемлекеттік комитеті төрағасының орынбасары, төрағасы қызметтерін атқарған.
«Сын мұраты», «Талантқа тағзым», «Парасатқа құштарлық», «Шындыққа сүйіспеншілік», «Ақиқатқа іңкәрлік» атты кітаптардың авторы. Алматы қаласының көшелерінің біріне оның есімі берілген. 1993 жылы Алматы облысының Райымбек ауданындағы Сағат Әшімбаев атындағы мектептің алдына оның мүсін-ескерткіші орнатылды.
15 жыл бұрын (1996) Қызылорда облысының Байқоңыр қаласында қазақтың ұлы ақыны, философы, ағартушы, композитор, қазақтың реалистік жаңа жазба әдебиетінің негізін қалаушы Абайға арналған ескерткіші ашылды.
10 жыл бұрын (2001) Қазақстан Республикасы Үкіметінің «Астана қаласының бас жоспары туралы» №1064-ші қаулысы жарық көрді. Жобаны Қазақстан Республикасының астанасын кешенді дамытуды қамтамсыз ету мақсатында Астана қалалық мәслихаты ұсынған болатын.
5 жыл бұрын (2006) Алматыда республикалық педагогикалық жаңа «Коллеги» журналы жарық көрді. Аталмыш басылым педагогтарға бала тәрбиесінде тек көмекші құрал ретінде ғана емес, оларға ақылшы да болмақ. Мұнда қатардағы мұғалімнен бастап бала тәрбиелеу ісінде айтулы табысқа жеткен ұстаздар өзара пікірталас ұйымдастырып, тәжірибе алмаспақ. Сондай-ақ талай шәкірт ұшырған қарт ұстаздар жекелеген шаралар, атап айтқанда, сабақ өткізу әдістемелері мен бала психологиясының ерекшелігі турасында әңгіме бөлісетін болады. «Ғылыми кафедра», «Тәлімгерлік сабақтары», «Ашық сабақ», «Отбасы және мектеп» , «Демократияландыру және білім» секілді айдарлар аясында мұғалім, мектеп және оқушылар мен білім мәселелері талданатын болады. Журнал шығарушыларының айтуынша, журналистер бастама көтерген мектеп, колледждерге арнайы барып, педагогтың қалауына қарай, сұхбат, мақала жазып немесе тәжірибе тарату шараларын жүргізетін болады.
4 жыл бұрын (2007) Павлодар облысы Қашыр ауылында алғаш рет ауылдық Халыққа қызмет көрсету орталығы (ХҚО) ашылды.
Ашылу шарасына облыс әкімі Қайрат Нұрпейісов қатысты. ХҚО - ауыл тұрғындарының әр түрлі құжаттарды рәсімдеу кезінде уақытын үнемдейді. Қазіргі заман стандарттарына сай салынған кең ғимаратта Қашыр ауданының барлық қызметтері - жылжымайтын мүлік орталығы, АХАЖ, заң және әлеуметтік тұрғыдан қамтамасыз ету қызметтері жұмыс істейді.
4 жыл бұрын (2007) Қызылордада биологиялық тазарту стансасының ашылу салтанаты өтті. Заманауи технологиямен жабдықтаған станса облыс орталығының және аймақтарының экологиялық және әлеуметтік мәселелерін шешуге мүкіндік береді. Станса құрылғысына 2 миллиард 600 миллион теңгеге жуық қаражат бөлінген, бұл жерде күніне 70 мың текше метр су тазалауға мүмкіндігі бар.
2 жыл бұрын (2009) Астанадағы әуежайдың аумағындағы жаңа футбол алаңының ашылу рәсiмі өттi.
Спорт алаңының ашылуы астаналық әуежай қызметкерлерін спорт рухына баулудың және салауатты өмір салтын ынталандырудың ең маңызды үлесі болып табылады.
ЕСІМДЕР
105 жыл бұрын (1906-1948) қоғам қайраткері, биология ғылымының докторы, Қазақстан Ғылым Академиясының корреспондент мүшесі МЫҢБАЕВ Кәрім дүниеге келді.
Қарағанды облысының Нұра ауданында туған. Орта Азия мақта-ирригация институтын бітірген. 1932-1936 жылдары Қазақ ауыл шаруашылығы институтында және Алматы селекция стансасында ғылыми-педагогикалық жұмыстармен айналысқан. 1936-1942 жылдары Бүкілодақтық өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының аспирантурасында оқып, академик Николай Вавиловтың жетекшілігімен кандидаттық, докторлық диссертация қорғаған. 1942-1944 жылдары Қазақ КСР Жоспарлау комитеті төрағасының орынбасары, 1944 жылдан өмірінің соңына дейін Бүкілодақтық ауыл шаруашылығы академиясы Шығыс бөлімшесінің Қазақ бөлімшесі Төралқасының төрағасы болып, Қазақ ауыл шаруашылығы институты мен Қазақ мемлекеттік университеті кафедраларын басқарған. Сондай-ақ оның басшылығымен Алматы облысы Жамбыл ауданындағы тәжірибе танабы мен Ақмола облысындағы Шортанды ауыл шаруашылығы тәжірибе стансасы ұйымдастырылды. Ғалымның негізгі ғылыми еңбектері өсімдіктер генетикасы мен селекциясына арналған. Көксағыздың биологиялық ерекшеліктерін зерттеп, оны сұрыптау әдістерін тапқан. Дәнді дақылдар, оның ішінде бидайдың өнімділігін арттыру үшін оны тек суармалы жерлерде ғана емес, сонымен қатар Оңтүстік және Шығыс Қазақстан облыстары жерінде де егуге болатынын дәлелдеген. Сондай-ақ ол Қазақстанда қант қызылшасы мен кендірді биологиялық-селекциясы жағынан ғылыми тұрғыда сипаттаған алғашқы ғалым болып саналады. Мыңбаевтың 200-ден астам ғылыми еңбегі және екі монографиясы бар. Алматы облысы Жамбыл ауданындағы және Қарағанды облысындағы бір ауылға, Алматы қаласындағы бір көшеге есімі берілген.
Қызыл Ту орденімен марапатталған.
90 жыл бұрын (1921-2000) химия ғылымының докторы, профессор, Қазақстан Ғылым Академиясының академигі, Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым және техника қайраткері БАТТАЛОВА Шәрбан Батталқызы дүниеге келді.
Қарағанды облысының Шет ауданында туған. Мәскеу мемлекеттік университетін және аспирантурасын бітірген. 1952 жылдан өмірінің соңына дейін Қазақстан Ғылым Академиясы Химия ғылымдары институтының аға ғылыми қызметкері, зертхана меңгерушісі болған. 1956-1959 жылдары Қазақ қыздар педагогикалық институтында химия кафедрасын ұйымдастырып, дәріс берген.
Ғалымның 200 ғылыми еңбегі, 2 монографиясы және 7 авторлық куәлігі бар. 7 ғылым кандидатын даярлаған. Негізгі ғылыми еңбектері алюмосиликаттар катализіне және әртүрлі химиялық заттардың сорбтану қасиеттерін зерттеуге арналған. Ол Қазақстандағы минералдық шикізаттардан алынатын қосылыстарды тазарту мақсатымен көмірсутектерге және сорбенттерге әсер ететін катализаторлар алу, оларды қолдану мәселелерімен шұғылданып, алюмосиликаттардың катализдік әсері мен сорбтану қасиеттері арасындағы байланысты анықтаған.
«Құрмет белгісі» орденімен, медальдармен және Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен марапатталған.
90 жыл бұрын (1921-1976) журналист, аудармашы ШАЛАБАЕВ Кенжеболат Нұртазаұлы дүниеге келді.
Солтүстік Қазақстан облысында туған. Алматы жоғары партия мектебін бітірген. Ұлы Отан соғысына қатысқан. Еңбек жолын «Ленин туы» газетінің аудармашысы болып бастап, Қазақстан Компартиясы ОК-інің нұсқаушысы, сектор меңгерушісі, үгіт және насихат бөлімі меңгерушісінің орынбасары болған. 1962-1969 жылдары - Қазақ КСР Министрлер Кеңесі Мемлекеттік теларна және радио хабарларын тарату комитетінің төрағасы. 1969-1976 жылдары Абай атындағы Мемлекеттік академиялық опера және балет театрының директоры, «Қазақфильм» киностудия директорының орынбасары қызметін атқарған. Ол көптеген шет ел жазушыларының шығармаларын қазақ тіліне аударған.
«Құрмет белгісі» орденімен, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен марапатталған.
80 жыл бұрын (1931) Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті қазақ және орыс фольклористикасы оқу-зерттеу зертханасының меңгерушісі, филология ғылымының докторы, профессор, Жамбыл ауданының және Ақтау қаласының құрметті азаматы САДЫРБАЕВ Сұлтанғали дүниеге келді.
Алматы облысы Жамбыл ауданында туған. Қазақ мемлекеттік университетін, Қазақ КСР Ғылым Академиясы Әдебиет және өнер институтының аспирантурасын бітірген. 1958-1959 жылдары «Лениншіл жас» газетінің әдеби қызметкері болған. 1962 жылдан бастап Қазақ мемлекеттік университетінде еңбек етеді. Қазіргі қызметінде 2001 жылдан бастап істейді.
Оның ғылыми еңбектері қазақ фольклорының эстетикасы мен этнографиялық сипатын, шешендік өнерді, қазақ-қырғыз этностарының тарихи негіздерін зерттеуге арналған. «Фольклор және эстетика», «Қазақ халқының ауыз әдебиеті», «Қазақ халық әдебиеті», «Халық әдебиетінің тарихи негіздері», «Жамбыл және фольклор», «Фольклор және публицистика», «Қозы-Баян жырының әралуан нұсқалары», «Қырымның қырық батыры» жыры туралы т.б. оқулықтары мен монографиялары жарық көрген. Оның сценариі бойынша түсірілген «Сөздің пірі - Сүйінбай», «Жамбыл: адамзаттың ұлы жыршысы», «Қарасай батыр» атты деректі телефильмдері түсірілген. Қазіргі таңда бұл деректі телефильмдер «Хабар», «Қазақстан» телеарналарының алтын қорында сақтаулы. Садырбаевтың жетекшілігімен 3 ғылым кандидаты диссертация қорғаған.
Профессорға «Қазақстан Республикасы ғылымын дамытуға сіңірген ерекше еңбегі үшін» ғылыми атағы беріліп, «Құрмет» орденімен марапатталған.
60 жыл бұрын (1951) филология ғылымының докторы, Қазақстан Жазушылар одағының Шәкәрім Құдайбердіұлы атындағы «Алаш» және Ілияс Жансүгіров атындағы әдеби сыйлықтарының лауреаты ЖҰРТБАЙ Тұрсын дүниеге келді.
Шығыс Қазақстан облысы Абай ауданында туған. Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университетін бітірген. Алматы облыстық «Жетісу» газетінде, «Білім және еңбек», «Жұлдыз» журналдарында әдеби қызметкер, бөлім меңгерушісі болған. Мұхтар Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының аға ғылыми қызметкері, бөлім меңгерушісі, «Мұхтар Әуезов үйі» ғылыми-мәдени орталығының директоры, Әдебиет және өнер институтының докторанты, аға ғылыми қызметкері, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті журналистика факультетінің аға оқытушысы, Қазақстан Респуликасы Президенті жанындағы Мемлекеттік қызмет академиясының аға оқытушысы, «Қазақ газеттері» ААҚ-ының ғылыми кеңесші редакторы, Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті жанындағы «Отырар кітапханасы» ғылыми орталығының директоры қызметтерін атқарған.
Оның «Бейуақ», «Дулыға», «Кетбұға», «Бесігіңді түзе!», «Күйесің жүрек...сүйесің!», «Бесігіңді аяла!...», т.б. шығармалары бар. Жалпы оның 25 кітабы мен монографиясы, 500-ден астам ғылыми мақаласы мен жарияланымы бар. Шығармалары 15 тілге аударылып шет елдерде жарық көрген.
Пәкістан Республикасының, ЮНЕСКО-ның Құрмет грамоталарымен және «Қазақстан Республикасының ғылымына сіңірген ерекше еңбегі үшін» белгісімен марапатталған.
ТАМЫЗДЫҢ 16-СЫ, СЕЙСЕНБІ
АҚШ-тағы Элвис Преслиді еске алу күні. АҚШ-тың Мемфис қаласында әнші әрі каратист Элвис Преслиді еске алу күні өтеді. Тамыздың 10-ында мыңдаған адамдар Теннесси штатының Мемфис қаласына жиналады. Бағдарлама бойынша көптеген шаралар өткізіледі. Сонымен қатар үш күндік каратэ сайысы болып, Элвис қайтыс болған күні, яғни тамыздың 16-ында оның аты-жөні жазылған сыйлықтар жеңімпаздарға табыс етіледі. Қайтыс болғанға дейін оның 500 миллионға жуық үнтаспасы сатылып, жеті жылдан кейін бұл сан екі есеге өскен. 33 фильмге түсіп, әрқайсысынан миллион доллар көлемінде еңбекақы алған. 1973 жылы ол қатысқан телебағдарлама көрермендері 1 миллиард адамға жеткен.
ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР
73 жыл бұрын (1938) «Сот құрылысы туралы» Заң қабылданды. 1938 жылы тамыздың 16-ында КСРО Конституциясының 14-ші бабына сәйкес «КСР одағының, одақтас және автономды республикалардың сот құрылысы туралы» Заң қабылданып, КСРО-ның және республикалардың соттарынан тұратын бірыңғай сот жүйесі бекітілді. Сот мекемелерінің алғашқы тобына КСРО Жоғарғы соты, арнаулы соттар: әскери трибуналдар мен темір жол желілік соттары кірді. Ал екінші топ құрамына одақтас республикалардың жоғарғы соттары, аймақтық және облыстық соттар және халық соттары енді.
22 жыл бұрын (1989) Шығыс Қазақстан облысының Қарауыл ауылында «Невада-Семей» ядролық қаруға қарсы қозғалысының белсенділері ұйымдастырған наразылық шеруі өтті. Шеруге қатысушылар КСРО Жоғарғы Кеңесінің АҚШ Конгресіне ядролық сынақты тоқтату туралы жолдаған үндеуіне қолдау көрсетті.
12 жыл бұрын (1999) «Қазпошта» акционерлік қоғамы Бүкіләлемдік пошта одағының EMS кооперативіне қабылданды.
7 жыл бұрын (2004) Серік Әжіғалидың Арал-Каспий көшпенділерінің мемориалдық-мәдени сәулет кешеніне арналған «Архитектура кочевников - феномен истории и культуры Евразии» атты кітабы жарық көрді. С.Әжіғали дәстүрлі қазақ мәдениетінің жылжымайтын ескерткіштерін зерттеудің кешенді әдістемесін жасаған. Ол 20 жылға жуық уақыт бойы Арал-Каспий аймағының ескерткіштерін зерттеген. 2001-2003 жылдары Моңғолияға жасалған ғылыми экспедицияға жетекшілік жасаған. Оның этникалық тарихқа, дәстүрлі қазақ қоныстарына және үйлеріне арналған 200-ден астам жарияланымы бар.
6 жыл бұрын (2005) Батыс Қазақстан облысы Бөрлі ауданының Облавка ауылы маңындағы қорғандардан біздің дәуірімізге дейінгі 3-4 ғасырға жататын археологиялық олжалар табылды.
Қыш құмыралар, әйелдің әшекей бұйымдары, моншақ, алтын жүзік, қола айналар сияқты керамикалық бұйымдар табылды. Зерттеу барысында анықталған басты ерекшелік - катакомбалық (қабірді үңгіп қазу арқылы бірнеше мүрдені сатылап қою) үлгідегі жерлеу үрдісі пайдаланылған.
Бұйымдар зерттелгеннен кейін облыстық өлкетану мұражайына табыс етілді.
5 жыл бұрын (2006) Павлодар облысында «Еуроазиялық энергетикалық корпорация» АҚ (ЕЭК) «Шығыс» Екібастұс разрезінде жаңа теміржол стансасын салды. Бұл жыл басынан бері салынған тау-кен өндіретін кәсіпорынның көлік құрылымындағы екінші нысаны сәуір айында «Достық» стансасы пайдалануға өткізілген болатын. Разрездің теміржол кешенінің өткізу мүмкіндігі анағұрлым өсті, бұл кеншілерге 2007 жылы отын өндіруді 20 млн. тоннаға жеткізуге мүмкіндік береді. Компанияның жаңа көлік нысандарын салуға жұмсалған инвестициялары 400 млн. теңгеге жуықтады. «Шығыста» 2000 жылдан бері теміржол көлігін электр көлігіне көшіру бағдарламасы іске асырылып жатыр. Қазіргі кезде аршылған жыныстар үнемді, қоршаған ортаны ластамайтын электровоздармен шығарылады.
5 жыл бұрын (2006) Қазақстан, Ресей және Беларус президенттері Кеден одағын құру туралы келісімге қол қойды. Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың атап көрсетуінше, Кедендік одақ аясында барлығы 92 құжат қабылдануы керек. «Кедендік одақ құрумен қатар, біз Дүниежүзілік сауда ұйымына кіру жолында жұмыс істеп жатырмыз. Бұл мәселеге қатысты Қазақстан мен Ресейдің ұстанымдары ілгерінді. Біз де басқа елдерге осы Ұйымға кіру жолында қолдау көрсететін боламыз», деді Нұрсұлтан Назарбаев.
4 жыл бұрын (2007) Алматыда Достық үйінде және Александр Пушкин ескертішінің жанында Пушкин және Снегин оқулары өтті.
Ұйымдастырушылары - қалалық тілдерді дамыту басқармасы және «Қазақстан орыс мәдениет орталығы» қоғамдық бірлестігі. Акцияның негізгі мақсаты - славян халықтарының мәдениеттік, әдебиеттік және ақындық шығармашылығымен танысу.
Аталмыш шараға Қазақстанның белгілі ғылымы мен мәдениет қайраткерлері, әр түрлі ғылыми-өндірістік бірлестіктің және Алматының ұлттық-мәдениет орталықтарының өкілдері қатысты. Құрметті қонақтардың арасында - Алматыдағы Ресейдің бас консулдығының қызметкерлері және жазушы Дмитрий Снегиннің ұлы, медицина ғылымының докторы Дмитрий Поцелуев.
Дмитрий Федорович Снегин (1912-2001) «Простор» жуналының бас редакторы, сатиралық «Ара» журналы редакторының орынбасары, Жазушылар одағының хатшысы, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты қызметтерін атқарған. Сәбит Мұқанов, Мұхтар Әуезов сынды жазушылармен және өзінің майдандағы жора-жосдастары Әбдіжәміл Нұрпейісов, Әзілхан Нұршайықовтармен жақын дос болған.
4 жыл бұрын (2007) Алматыда наркологиялық-сауықтыру ғимараты ашылды. Емдеу мекемесі дәрігерлік-санитарлық коррекция орталығының жанынан қосымша құрылыс ретінде салынып отыр.
Аталмыш шараға Алматы қаласы әкімінің орынбасары Серік Сейдуманов қатысты. Орталықтың жалпы ауданы 6421 шаршы метрді құрайды.
ЕСІМДЕР
75 жыл бұрын (1936-1997) физика-математика ғылымдарының кандидаты, профессор ТОБАЯҚОВ Жамбыл Ошақбайұлы дүниеге келді.
Алматы облысының Қарасай ауданында туған. Қазақ мемлекеттік университетін бітірген. Еңбек жолын мектеп мұғалімдігінен бастап, Алматы құрылыс техникумында, Қазақ ауыл шаруашылығы институтында, Қазақ политехникалық институтында, Алматы энергетика институтында, Қарағанды педагогикалық институтында ұстаздық етіп, жауапты қызметтер атқарған. Оның ғылыми жұмыстары плазмотрондардың жылулық-физикалық қасиеттерін зерттеуге арналған. Бірнеше ғылыми-танымдық жинағы, монографиялары мен оқулықтары жарық көрген. 1999 жылы Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен Кербұлақ ауданы Жайнақ батыр ауылындағы орта мектепке және Алматы қаласындағы көшеге ғалымның есімі берілген.
Бірнеше медальмен марапатталған.
45 жыл бұрын (1966) Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Солтүстік Қазақстан облыстық аумақтық инспекциясының бастығы, Ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты АЙНАБЕКОВ Ержан Тоқтасынұлы дүниеге келді.
Оңтүстік Қазақстан облысының Шымкент қаласында туған. Қазақ ауыл шаруашылығы институтын бітірген. Еңбек жолын Шымкент облыстық ауыл шаруашылық стансасында лаборант болып бастаған. 2001 жылы Солтүстік Қазақстан облыстық Ауыл шаруашылық өнімдерін өңдеу және сату департаменті бастығының орынбасары қызметін атқарған. 2001 жылдан 2003 жылға дейін - Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі Солтүстік Қазақстан облыстық аймақтық басқармасы бастығының орынбасары, 2003 жылдан - басқарма бастығы. 2003-2008 жылдары - Солтүстік Қазақстан облысы Мағжан Жұмабаев атындағы ауданның әкімі. 2008-2010 жылдары - Солтүстік Қазақстан облысы Айыртау ауданының әкімі. 2010 жылдан - қазіргі қызметінде.
ТАМЫЗДЫҢ 17-СІ, СӘРСЕНБІ
Индонезия Республикасының Ұлттық мейрамы - Тәуелсіздігін жариялаған күні (1945).Индонезия - Оңтүстік-Шығыс Азияда Малайя архипелагының үлкен бөлігін алып жатқан мемлекет. Ел аумағы 17 508 аралдан тұрады. Халқының саны жағынан дүние жүзінде төртінші орында. Әкімшілік жағынан 27 провинцияға бөлінеді. Астанасы - Джакарта қаласы. Мемлекеттік тілі - индонезия тілі, сонымен қатар 300-ге жуық тіл мен диалект қолданылады. Ақша бірлігі - рупи. Мемлекет басшысы - Президент. Ол Министрлер Кабинетін басқарады және Қарулы Күштердің бас қолбасшысы болып табылады. Жоғарғы заң шығарушы органы - Халықтық консультативтік конгресс.
Қазақстан Республикасы мен Индонезия арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас 1993 жылғы маусымның 2-сінде орнатылды.
Габон Республикасының Тәуелсіздік күні (1960). Габон - Орталық Африканың батысында орналасқан мемлекет. Солтүстік-батысында Экваторлық Гвинеямен, солтүстігінде Камерунмен, шығысында және оңтүстігінде Конго Республикасымен, батысында Атлант мұхитымен шектеседі. Астанасы - Либревиль қаласы. Мемлекеттік тілі - француз тілі. Ақша бірлігі - франк. Бүгінгі таңда Габон табиғи бай ресурсының және шетел инвестициясының арқасында Африка елдерінің алдыңғы қатарында.
ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР
77 жыл бұрын (1934) Бүкілодақтық кеңес жазушыларының I съезі өтті. Делегаттар алдында сөз сөйлеген БКП (б) ОК хатшысы Андрей Жданов «Кеңестік әдебиет - әлемдегі ең идеялы, ең озық әдебиет» деп атап өтті.
1935 жылдан бастап осы съезге қатысқан Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров, Исаак Бабель, Давид Бергельсон, Николай Бухарин, Артем Веселый, Лев Выготский, Иван Катаев, Владимир Киршон, Михаил Кольцов, Борис Корнилов, Г.Лелевич, Карел Радек, Тициан Табидзе, Фефер, Егише Чаренц, Бруно Ясенский, Паоло Яшвили сынды қаламгерлер саяси қуғын-сүргінге ұшырады.
11 жыл бұрын (2000) Алматыдағы Орталық концерт залына композитор, Қазақстанның халық әртісі, өз заманындағы және қазіргі кездегі ең таңдаулы өлеңдердің авторы Шәмші Қалдаяқовтың (1930-1992) есімі берілді.
6 жыл бұрын (2005) Жамбыл облысының Жалпақ-төбе ауылындағы көшелердің біріне Шәмші Қалдаяқовтың есімі берілген.
Талас өзенінің жағасындағы ауылда, бұрынғы атауы Дунгановка (мұнда дұнған диаспорасының көптеген өкілдері өмір сүреді), сазгер өзінің көптеген шығармаларын жазған, соның ішінде «Дұнған қызы» өлеңі.
5 жыл бұрын (2006) Қазақстан Республикасының аумағында «Дүние жүзіндегі діндер», «Діни ғимараттар» атты екі пошта маркасы айналымға енгізілді.
5 жыл бұрын (2006) Қазақстан Республикасы Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Алматы қаласының мамандандырылған қаржылық сотын құру туралы» Жарлыққа қол қойды.
5 жыл бұрын (2006) Облыстық мәслихат пен облыс әкімдігінің бірлескен шешімімен Павлодар облысының жеті ауылына ежелгі қазақша атаулары қайтарылып, жаңаша өзгертілді. Тұрғындардың өтініші бойынша Ақсу қаласының ауылдық аймағындағы Куйбышево елді мекені енді Ақжол деп аталады. Ертіс ауданында алты ауылға жаңа атау берілді. Кутузово енді Майқоңыр, ал Суворово - Ұзынсу деп аталады, Никаноровка ауылының аты Ақтайлақ деп өзгертілді. Лугов ауылдық округындағы № 2 ферма ? енді Ақбетей ауылы. Артемовканың аты Бескепеге ауыстырылды, Кайманачиха ауылына танымал қазақ ақыны Иса Байзақовтың есімі берілді.
2 жыл бұрын (2009) Ақмола облысына қарасты Зеренді ауданындағы Қазақстан ауылы жанындағы «Хан сүйегі» төбесінде Уәли хан (1741-1820) кесенесі бой көтерді.
1820 жылы Уәли хан қайтыс болғаннан кейін жерленген қабірдің басына 1904 жылы Сұлтанғазы есімді немересі белгі тас орнатқан. Құлпытас бертінге дейін сақталған. Тек тың игеру жылдары құлпытас ортан белінен қирап, шалғы шыңдайтын тасқа айналған.
ауыл азаматтары Уәли ханның осы бір тасын іздеп тауып, қалпына келтірді.
ЕСІМДЕР
115 жыл бұрын (1896-1980) хирург, медицина ғылымының докторы, профессор, Қазақстан Ғылым Академиясының академигі, Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген ғылым қайраткері СЫЗГАНОВ Александр Николаевич дүниеге келді.
Татарстанның Арск қаласында туған. Қазан университетін бітірген. Қазақ медицина институты операциялық және топографиялық анатомия, жалпы хирургия кафедраларының меңгерушісі, өзі ұйымдастырған Қазақ клиникалық және эксперименттік хирургия институтының директоры, ғылыми консультанты болған.
Ғалымның негізгі ғылыми еңбектері жалпы, жеке және операциялық хирургия мәселелеріне арналған. Ол лимфа жүйесі туберкулезін, жүрек-қантамыр, тыныс алу, асқорыту жүйелері ауруларын, эндемиялық зобты (қалқанша без ісінуін) хирургиялық жолмен емдеу әдістерін тауып, оларды күнделікті тәжірибеге енгізді. Сондай-ақ онкологиялық, қалқанша без ісінуін емдейтін арнайы хирургиялық орталықтар құрып, республикалық қан құю стансасын ұйымдастырды және канцерогенездің физиологиялық теориясын ұсынды. Қазақ клиникалық және эксперименттік ғылыми-зерттеу институты Сызганов есімімен аталады.
3 мәрте Ленин, 2 мәрте «Құрмет белгісі» ордендерімен және медальдармен марапатталған.
40 жыл бұрын (1971) Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары - Индустрия және жаңа технологиялар министрі ИСЕКЕШЕВ Әсет Өрентайұлы дүниеге келді.
Қарағанды қаласында туған. Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университетін, Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару мектебін бітірген. 1995-1997 жылдары Медеу ауданы прокурорының тағылымдамадан өтушісі, көмекшісі, аға көмекшісі. 1998-1999 жылдары Қазақстан Республикасының Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің бас маманы болып жұмыс істеді. 1999-2000 жылдары Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі Орталық және жергілікті органдардың нормативтік құқықтық актілерін тіркеу және бақылау департаментінің директоры болып жұмыс істеді. 2000-2001 жылдары - Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі жанындағы «Ұлттық заң қызметі» ЖАҚ президенті, 2002 жылға дейін жеке секторда жұмыс істеді. 2002 жылғы қараша - 2003 жылғы маусым - Қазақстан Республикасы Экономика және бюджеттік жоспарлау министрінің кеңесшісі. 2003 жылдан бастап - Қазақстан Республикасы Индустрия және сауда вице-министрі. 2006 жылдан бастап - «Қазына» Орнықты даму қоры» АҚ Басқармасы төрағасының орынбасары. 2007 жылдан 2008 жылға дейін - «Credit Swiss (Қазақстан)» ЖШС қаржылық жобалау маркетингі бойынша директоры. 2008 жылғы наурыз-мамыр - Қазақстан Республикасы Президентінің көмекшісі. 2009 жылғы мамырдан бастап - Қазақстан Республикасы Индустрия және сауда министрі. 2010 жылдың наурызынан - қазіргі қызметінде.
ТАМЫЗДЫҢ 18-І, БЕЙСЕНБІ
Қазақстан Республикасы Шекара әскерінің құрылған күні. 1992 жылғы тамыздың 18-індегі Қазақстан Республикасы Президенті Жарлығына сәйкес Шығыс шекара округі негізінде Қазақстан Республикасы Шекара әскері құрылды. Ауқымында елдің егемендігі мен тәуелсіздігін кең көлемді түрде жүзеге асыра алар аумағы мен шекарасы болуы мемлекеттің негізгі белгісі болып табылады. Бұл сол мемлекеттің қауіпсіздігі мен аумақтық тұтастығын қамтамасыз ететін Шекаралық қызметтің айрықша маңызын айқындайды.
Қазақстанның мемлекеттік шекарасы 14 мың шақырымнан астам қашықтықты алып жатыр.
Рига қаласының күні. Рига қаласының ірге тасы 1201 жылы қаланған деп саналады. Бірақ, археологиялқ мәліметтерге қарағанда XII ғасырдың бірінші жартысында бұл жерде елді мекен болған. Көпшілік лингвистердің пікірінше қала атауы көне балтық Ring (өзеннің бұрылған жері) сөзінен шыққан. Қаланың негізін қалаған тарихи тұлға туралы ғалымдар арасында қарама-қайшылық бар. Дегенмен Бертольд, Мейнхард және Альберт фон Аппельдерн атты үш эпископтың аты жиі аталады. Ал осылардың соңғысы ресми түрде Рига қаласының негізін қалаушы деп танылған.
ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР
19 жыл бұрын (1992) Қазақстан Республикасы Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан Республикасының шекара әскерлері туралы» Жарлығы шықты.
19 жыл бұрын (1992) Бельгия Корольдігі мен Қазақстан Республикасы арасында дипломатиялық қарым-қатынас орнатылды.
18 жыл бұрын (1993) Швейцарияның Локарно қаласында өткен кинофорумда Ермек Шынарбаевтың «Сұрғылт үш бұрышты орын» фильмі «Алтын қабылан» жүлдесін жеңіп алды.
17 жыл бұрын (1994) Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетінің қаулысына сәйкес Көкшетау ауыл шаруашылығы институтына Смағұл Сәдуақасов есімі берілді.
7 жыл бұрын (2004) «Қазпошта» АҚ-ы қоғамынң 10 жылдық мерейтойына орай Қазақстан аумағында пошталық төлемнің жаңа мемлекеттік белгісін айналымға енгізді.
6 жыл бұрын (2005) Алматыда «Қазшах» атты төрт адамға арналған шахмат ойынының таныстырылымы болды.
«Қазшах» - қазақстандық дизайнер Азат Байсеркеевтiң ойлап шығарған шахматтың жаңа бiр түрi. Ойын 64 тор көзге бөлінген тақтайда жүредi. Ойынға екі бақталас қатысады, олардың қанжығасында ақ және қара түсті 16 тас болу керек.
Жалпы турнирге 16 адам қатысқан. «ПетроКазахстан Инк.» компаниясының операторы Рабат Жақашбаев жүлдегер атанды. Екінші және үшінші орынды №42 орта мектептің жетінші сынып оқушысы Шахриад Файзуллаев және Әуезов ауданы әкімінің орынбасары Бораш Шенсізбаев алды.
5 жыл бұрын (2006) Ақтауда кәсіпкерлікті қолдау орталығы ашылды. Техникалық жағынан тамаша жарақтандырылған бұл орталықта семинарлар мен «дөңгелек үстелдер», бизнес-кеңестер мен тренингтер өткізуге бар жағдай жасалған. Мұндағы кабинеттерге «Атамекен» одағының Маңғыстау облыстық филиалы, «Маңғыстау» Инвестициялық компаниясы» АҚ және Қазақстан кәсіпкерлерінің тәуелсіз одағының облыстық филиалы орналасқан. Маңғыстау облысының әкімі Қырымбек Көшербаев өз сөзінде атап көрсеткеніндей, ашылып отырған орталықтың басты міндеті - кәсіпкерлерге, бірінші кезекте шағын және орта бизнес субъектілеріне қызмет көрсету болып табылады.
4 жыл бұрын (2007) Ақордада Қазақстан мен Қытай арасында жүргізілген жоғары деңгейдегі келіссөздердің қорытындысында мемлекет басшылары Нұрсұлтан Назарбаев пен Ху Цзиньтао Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасы арасындағы бірлескен коммюникеге қол қойды.
Сонымен қатар, келіссөздердің қорытындысында Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Қытай Халық Республикасы Үкіметі арасында бірқатар келісімдерге қол қойылды. Атап айтқанда, тараптар Алматы қаласында Қытай Халық Республикасы Бас консулдығын ашу туралы ноталармен алмасу нысанындағы келісімге, Атасу-Алашаңқай магистральдық мұнай құбырын пайдалану кезіндегі ынтымақтастықтың кейбір мәселелері туралы келісімге, 2004 жылғы мамырдың 17-сі күнгі екі ел үкіметтері арасындағы мұнай және газ саласындағы жан-жақты ынтымақтастықты дамыту туралы негіздемелік келісімге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы хаттамаға, Еуразиялық табиғи ресурстар корпорациясы компаниялар тобы мен Қытай экспорттық-импорттық банкінің арасындағы кредиттік шартқа, Еуразиялық табиғи ресурстар корпорациясы компаниялар тобы мен Цзюцианьдік металлургия корпорациясының арасындағы өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды.
4 жыл бұрын (2007) Ақтөбе қаласы әкімі Серік Нокиннің қатысуымен Абай саябағында және Әлия Молдағұлова даңғылында екі су бұрқағы ашылды.
Осы шараға орайластырылған шахматтан қалалық турнир өтті, бірінші болып қала әкімі жүрді. Аумақты көгалдандыру мақсатымен 75 түп ағаштары отырғызылды.
1 жыл бұрын (2010) Қазақстан Республикасы Ұлттық банкі айналымға 500 теңге номиналды «Отау көтеру» монетасын шығарды.
Монетаның оң жақ бетінде, (аверс) орталық бөлігінде Қазақстан Республикасының гербі бейнеленген. Төменгі жағында монетаның номиналын білдіретін «500 теңге» жазуы бар. Оң және сол жақ секторларында ұлттық орнамент элементінің айналық бедері орналастырылған. Айнала «Қазақстан Республикасы» және «Республика Казахстан» жазулары бар.
Монетаның қарсы жақ бетінде (реверс) «Отау көтеру» ұлттық салт-дәстүрінің көрінісі бейнеленген. Төменгі жағында мемлекеттік тілде «Отау көтеру» жазуы айналдыра жазылған. Ең төменгі бөлігінде монетаның соғылған жылын білдіретін «2010» саны бар. Оң жағында - Қазақстан монета сарайының тауарлық белгісі мен монетаның дайындалған металын, сынамасы мен салмағын білдіретін - «Ag 925 31,1 gr» таңбасы бар.
Монета 925 сынамалы күмістен әзірленген, салмағы - 31,1 грамм, диамертрі - 38,61 мм, дайындалу сапасы - «proof», 4 мың данамен шығарылды. Бағасы - 5700 теңге.
ЕСІМДЕР
65 жыл бұрын (1946) Қазақстан тарихшылары қауымдастығының президенті, тарих ғылымының докторы, профессор, Әлеуметтік ғылымдар академиясының мүшесі, Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің және Семей қаржы-экономикалық институтының құрметті профессоры ҚОЙГЕЛДИЕВ Мәмбет Құлжабайұлы дүниеге келді.
Жамбыл облысы Шу ауданында туған. Қырғыз мемлекеттік университетін бітірген. 1971-2002 жылдары Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде, Қазақстан Коммунистік партиясы Орталық комитеті жанындағы Партия тарихы институтында ғылыми-педагогикалық жұмыстармен айналысқан. 2002 жылдан бастап Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым Академиясы Тарих және этнология инстутының директоры болған. Ол 20-сыншы ғасырдың алғашқы ширегіндегі қазақ интеллигенциясының қоғамдық-саяси қызметін зерттеумен шұғылданып, тарих ғылымында Алаш қозғалысы тарихына жаңа көзқарас қалыптастырған. Сондай-ақ орта ғасырдағы қазақ ғұламасы, тарихшы Қадырғали Қосымұлының «Жылнамалар жинағы» ортағасырлық тарихи жазба дәстүрі негізінде өмірге келген құнды еңбек екендігін ғылыми тұрғыда негіздеген. Ғалымның жалпы 300-ден астам ғылыми еңбегі жарияланған. Олардың ішінде Түркияда, Италияда, Ресейде, Жапонияда, Қырғызстанда жарық көргендері бар. Сондай-ақ бірнеше шет елде өткен халықаралық ғылыми конференцияларда баяндама жасаған. 10-нан астам ғылым кандидатын және 2-і докторын даярлаған.
Қазақстан Республикасы Президентінің алғысымен, «Қазақстан Республикасының ғылымын дамытуға сіңірген еңбегі үшін» белгісімен марапатталған.
ТАМЫЗДЫҢ 19-Ы, ЖҰМА
Бүкіләлемдік гуманитарлық көмек күні. БҰҰ Бас Ассамблеясы 2008-інші жылғы желтоқсанның 11-індегі арнайы қарарымен 63/139 жариялаған.
2009-ыншы жылғы наурыздың 5-інде БҰҰ-ның Бас Ассамблеясы (A/RES/63/139 қарары) жариялады. Тамыздың 19-ынан атап өтіледі. 2003-інші жылы осы күні БҰҰ-ның Бағдаттағы штаб-пәтеріндегі жарылыстан 22 адам қаза болды. Соның ішінде БҰҰ-ның көрнекті қайраткері Сержиу Виейра ди Меллу де бар.
Бас Ассамблеяның қарарында айтылғандай, Бүкіләлемдік гуманитарлық көмек күні бүкіл әлемде гуманитарлық көмек көрсету жөніндегі іс-қимыл туралы қоғамның хабардарлығын арттыруға және осыған байланысты, сондай-ақ бүкіл гуманитарлық қызметшілерге, гуманитарлық мүдделерді өмірге енгізуге жәрдем жасаған Біріккен Ұлттар Ұйымының қызметшілерін және олармен байланыстағы қызметшілерді де қоса есептегенде, және де, өз парыздарын атқару үстінде өмірлерін қиғандарға тиісінше оңды бағасын беруге көмектесуді көздейді...
2009-ыншы жылы атап өтілген Бірінші Бүкіләлемдік гуманитарлық көмек күні басқаларды құтқару кезінде қаза тапқандарды еске алуға арналды.
Ауғанстанның Ұлттық мейрамы - Тәуелсіздік күні (1919). Ауғанстан - Азияның оңтүстік-батысында орналасқан мемлекет. Солтүстігінде Түрікменстан, Өзбекстан, Тәжікстанмен, шығысында Қытай, Үндістанмен, шығысында және оңтүстігінде Пәкістанмен, батысында Иранмен шектеседі. Астанасы - Кабул қаласы. Мемлекеттік тілі - пушту, дари тілдері. Ақша бірлігі - афгани.
Қазақстан мен Ауғанстан мемлекеті арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас 1992 жылғы ақпанның 12-інде орнатылды.
ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР
19 жыл бұрын (1992) Қазақстан Республикасы Бүкіләлемдік денсаулық сақтау ұйымына 180-ші мемлекет болып кірді.
13 жыл бұрын (1998) Алматыда композитор, Қазақстанның халық әртісі Шәмші Қалдаяқов тұрған үйге ескерткіш тақта орнатылды.
8 жыл бұрын (2003) Оралда Батыс Қазақстан облысының үкіметтік емес ұйымдардың бірінші конференциясы өтті.
7 жыл бұрын (2004) Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары «Туған жер» республикалық қоғамдық бірлестігін құрды. Мақсаты - ауыл экологиясының мәселесін шешу, қазіргі ауылдық инфрақұрылым құру.
6 жыл бұрын (2005) Өскеменде Үлбі өзені арқылы өтетін жаңа көпірдің автокөлік қозғалысы ресми түрде ашылды.
Жаңа көпір алты жолақты қатардан тұрады. Бір бағыттағы жолдың ені - 11,5 метр, ал бір жолақтың ені - 3,83 метр. Жаңа көпiр негiзгi Үлбi көпiрiнен көлiк ағымын едәуiр жеңілдетеді.
4 жыл бұрын (2007) елорда бағының аумағындағы футбол алаңында халықаралық стипендияның иегерлері қатысқан «Болашақ-2007» тұңғыш спартакиадасы болып өтті.
Ұйымдастырушысы - «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ. Командалар оқитын елдеріне қарай құрылды. Спартакиадаға «Болашақ» стипендиясының иегерлері ғана емес, сондай-ақ «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің командалары және де мемлекеттік қызметте жетекші лауазымдарды атқарып жатқан бағдарлама түлектерінің командасы қатысты. Жарыс бір мезгілде екі алаңда өтті. Олардың бірінде эстафета (кедергілер арқылы жүгіру), команданың үздік ұраны конкурсы, сонымен қатар жасөспірімдер арасында шахматтан Қазақстанның 6 мәрте чемпионы, Ұлттық құраманың халықаралық шебері Рүстем Садықовпен бір мезгілде ойналатын ойын сеансы ойналды, ал екінші алаңда футболдан турнир өтті.
Шараның мақсаты - стипендиаттар қатарын нығайту және салауатты өмір салтын уағыздау.
2 жыл бұрын (2009) Алматыда ислам негіздері бойынша жасалған мультимедиялық жобаның таныстырылымы өтті.
Бұқараға арналған ақпараттық-танымдық сипаттағы бұл басылымда Исламның 5 қағидасы мен діннің алты қағидасы жан-жақты көрініс тапқан. Әрбір бөлімнің мәтінді, дыбысты және бейне түсініктемесі мен намаз оқудың 3D пішіндегі техникалық сипаттамасы бар. Сонымен қатар Құранның мазмұндық аудармасы, Қадистер топтамасы, дін негіздері туралы еңбектер мен Пайғамбардың өмірі туралы жазылған материалдар топтастырылған. Нақтырақ айтқанда 2,5 сағаттық бейне файлдар, 34 сағаттық дыбыс фрагменттері, 5 кітап пен 100 шақты ғылыми мақала бар. Мультимедиялық бұл жоба жұртшылыққа DVD дискі пішінінде ұсынылып отыр.
ЕСІМДЕР
60 жыл бұрын (1951) суретші, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері, Қазақстанның ұлттық ақшасы - теңгені безендірушілердің бірі ДҮЗЕЛХАНОВ Ағымсалы Дүзелханұлы дүниеге келді.
Қызылорда облысы Қазалы қаласында туған. Алматы көркемсурет училищесін, Мәскеу көркемсурет институтын бітірген. Суретші қолданбалы графика, плакат, кітап безендіру, кескіндеме, портрет жанрларында еңбек етеді. Ол тарихи, фольклорлық тақырыптағы және балаларға арналған 200-ден астам кітап, әлеуметтік және тарихи тақырыптағы 50-ден астам плакат безендірген. «Томирис», «Сақтар», «Қыз Жібек», «Айман - Шолпан», т.б. литографиялардың, «Алтын сарбаз», «Түркістан», «Ордабасы», «Көроғлы», т.б. кескіндеме жанрындағы туындылардың авторы. Сонымен қатар оның «Абылай хан», «Әбілхайыр хан», «Әйтеке би», «Қазбек би», «Төле би», «Қорқыт» тәрізді портреттер топтамасы бар. Сондай-ақ «Жоғалған ұйқы» қуыршақты мультфильмінің қоюшы-суретшісі болған. Суретшінің туындылары Қазақстанның және шет елдердің өнер мұражайларына қойылған.
ТАМЫЗДЫҢ 20-СЫ, СЕНБІ
Венгрия Республикасының Ұлттық мейрамы - Венгер мемлекетінің негізін қалаушы әулие Иштван күні. Қазақстан Республикасы мен Венгрия арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас 1992 жылғы наурыздың 24-інде орнатылды.
Тайванда махаббат күні.
Алжирде күрескер күні атап өтіледі. 1955 жылы тамыздың 20-сында Алжирде ұлт бостандығы үшін қарулы көтеріліс басталды.
ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР
17 жыл бұрын (1999) Астанада «Қазақтардың тарихи-көркем мұрасы» атты бірінші ұлттық мультимедиялық оқыту бағдарламасының тұсаукесер рәсімі өтті. Окулықтың компьютерлік үлгісі белгілі ғалым Ерлан Арынның бастамасымен жүзеге асты.
15 жыл бұрын (1996) Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы екіге бөлініп, Шәкен Айманов атындағы Қазақ кинофабрикасы және Қазақстан Республикасы Ұлттық продюсерлік орталығы құрылды.
8 жыл бұрын (2003) Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қолдауымен «Ақ жауын» Мемлекеттік камералық оркестрі құрылды. Шығармашылық ұжымның алғашқы концерті 2004 жылғы наурыздың 21-інде Конгресс-холл сахнасында өтті. Оркестрдің көркемдік жетекшісі және бас дирижері - Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі, Қазақстан Жастар одағы сыйлығының лауреаты, танымал композитор Секен Тұрысбеков. Оркестр дирижері - Қазақ КСР-інің халық әртісі, Халық қаһарманы, дирижер-композитор Нұрғиса Тілендиевтің шәкірті, доцент Қарасай Сайжанов. Оркестр «Шабыт» халықаралық жастар шығармашылық фестивалінің, «Дарын» сыйлығының және «Жігер» фестивалінің лауреаты болған.
7 жыл бұрын (2004) Ресейдің мемлекеттік қызмет академиясында қазақстандық «SHYGYS» журналының таныстырылымы өтті.
Журналдың редакция алқасының төрағасы - Астана қаласының әкiмi Иманғали Тасмағамбетов.
«SHYGYS» халықаралық ұлттық журналдың бірінші саны - қазақ, орыс, ағылшын, неміс және француз тілдерінде шықты
6 жыл бұрын (2005) Алматыда тамыздың 20-25 аралығында Шанхай қаласының (ҚХР) мәдени күндері өтті.
Шара аясында белгілі Лю Хай Су галереясы мұражай экспонаттарының көрмесі, «Шанхайские впечатления» атты фотокөрмесі, Шанхайдың халық аспаптар оркестрінің концерті өтті және «Жабайы зебра» балеті қойылып, төрт қытай фильмдерінің көрсетілімі болды.
Шанхай Шығыс-Қытай теңізіне құятын Янцзы өзенінің сағасында орналасқан. Экономикасы дамыған үлкен мегаполис ретінде танымал. Қаланың ауданы - 6 мың шаршы метр.
4 жыл бұрын (2007) Петропавлда қазақстандық атақты велошабандоз, Сидней Олимпиадасының күміс жүлдегері, «Тур де Франс» әлемдік веложарысының қола жүлдегері, Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері Александр Винокуровке Солтүстік Қазақстанның Құрметті тұрғынының куәлігі табыс етілді.
2006 жылдың қыркүйек айында, облыстың 60 жылдығы атап өтілген шаралар аясында, облыстық мәслихат сессиясының шешімімен Александр Винокуров тоғыз адамның қатарында «Солтүстік Қазақстанның Құрметті тұрғыны» атағына лайық деп танылған болатын.
1 жыл бұрын (2010) Минскідегі Әдебиетшілер үйінде Беларусь Жазушылар одағының төрағасы Николай Чергинецтің жалпы өңдеуімен шыққан «Бірге. Қазақстан мен Беларусь: байланыстардың жаңа көкжиегіне қарай» кітабының тұсаукесері болып өтті. Іс-шараға Беларусьте тіркелген дипломатиялық корпус өкілдері, шығармашылық атқамінерлері, Беларусь мемлекеттік органдарының, ТМД Атқарушы комитеті мен БАҚ өкілдері қатысты. «Мастацкая литература» баспасы шығарған жинаққа БССР министрлер кеңесінің бұрынғы төрағасы Вячеслав Кебичтің, КСРО ұшқыш-ғарышкері Петр Климуктың, композитор, КСРО халық әртісі Игорь Лученконың, ТМД бұрынғы атқарушы хатшысы Иван Коротченидің, Минск және Слуцкінің митрополиті, бүкіл Беларусьтің Экзарх Патриаршиі Филареттің, Беларусьте тұрып жатқан қазақ диаспорасы өкілдері мен Минскіде оқып жүрген қазақ студенттерінің мақалалары басылған.
Н.Чергинец бұл шығарманы шығару идеясы кездейсоқ емес екенін атап өтті. Өйткен қазақстандық және беларус халықтарының тарихы ортақ, оларды экономикалық және саяси мүдделері жақындастыра түседі. Екі ел басшыларының, сондай-ақ қарапайым адамдар арасындағы тығыз өзара қарым-қатынастар байланыстырады. Беларус Жазушылар одағының төрағасы кітап қазақстан және беларус халқының достығына арналғанын, оның беттерінде әртүрлі мамандық иелері - беларустар Қазақстан және оның көшбасысы Нұрсұлтан Назарбаев жөнінде өз әсерлерімен бөліседі, деп атап өтті. «Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев халқының толық қолдауына ие бола отырып, азаматтарының әл-ауқатын жақсарту жөнінде дана саясат жүргізіп, қоғамды жаңартып, ішкі ұлттық бірлік пен конфессияаралық келісімді сақтап отыр», - деді ол. Оның айтуынша, Қазақстанның биылғы ЕҚЫҰ-ға төраға болып сайлануы елдің және оның басшысының әлемдік аренадағы жоғары беделін көрсетеді.
Өз кезегінде Қазақстанның Беларустағы Төтенше және Өкілетті елшісі Анатолий Смирнов беларус достарға осы кітапты жарыққа шығарғандары үшін алғыс айтты. Қазақстандық дипломат Қазақстан мен Беларус арасындағы қатынастардың сапалық жаңа деңгейге шығуы ең алдымен екі ел президенттерінің еңбегі екенін атап өтті.
ЕСІМДЕР
80 жыл бұрын (1926) КСРО Мемлекеттік Қауіпсіздік комитетінің құрметті қызметкері, отставкадағы полковник ХАТЕПОВ Нығмет дүниеге келді.
Батыс Қазақстан облысында туған. КСРО Ішкі істер министрлігі Алматы мектебін бітірген. Зейнет демалысына шыққанға дейін ішкі істер саласында, Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің Батыс Қазақстан облыстық басқармасында еңбек етіп, Мемлекеттік қауіпсіздік комитеті Ақтөбе облыстық басқармасының бөлім бастығының орынбасары, бастығы, Мемлекеттік қауіпсіздік комитеті Торғай облыстық басқармасының бастығы болған.
«Құрмет белгісі» орденімен марапатталған.
75 жыл бұрын (1931-2007) Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Қаныш Сәтбаев атындағы Геология ғылымдары институтының аға ғылыми қызметкері, геология-минералогия ғылымдарының докторы СӘТБАЕВА Мейіз Қанышқызы дүниеге келді.
Жезқазған облысында туған. Қазақ кен-металлургия институтын бітірген. 1960 жылдан бастап Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Геология ғылымдары инситутында еңбек етеді.
Ол 2 монографияның, 78 ғылыми жарияланымның және 12 ғылыми-өндірістік есептің авторы.
ТАМЫЗДЫҢ 21-І, ЖЕКСЕНБІ
Спорт және туризм күні. Қазақстан Республикасы Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың 2003 жылғы қарашаның 15-індегі Жарлығына сәйкес жыл сайын тамыздың үшінші жексенбісінде атап өтіледі.
Орыс актері, КСРО халық әртісі, РКФСР Мемлекеттік сыйлығының иегері, Социалистік Еңбек Ері Никулин Юрий Владимировичті (1921-1997) еске алу күні.
ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР
20 жыл бұрын (1991) Елбасы Жарлығымен республикада Қазақ КСР Қауіпсіздік кеңесі құрылды. Кеңестің негізгі мақсаты еліміздің егемендігін, мемлекеттілігін, экономикалық және экологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету.
19 жыл бұрын (1992) Қазақстан Республикасы Халықаралық азаматтық авиация ұйымына кірді.
11 жыл бұрын (2000) Алматыда украин халқының ақыны Тарас Григорьевич Шевченконың (1814-1861) ескерткіші ашылды. Ескерткіш салмағы 12 тонна, биіктігі 3,5 метр. Авторы - украиндық мүсінші Виталий Рожик. Оңтүстік астанаға украин халқының сыйлығы Алматы әкімшілігі мен Украин елшілігінің бастамасымен жасалынды.
11 жыл бұрын (2000) Қостанай қаласындағы облыстық тарихи-өлкетану мұражайы күрделі жөндеуден кейін қайта ашылды.
10 жыл бұрын (2001) Қазақстан Республикасы Үкіметінің «Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі «Қызмет» республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорнын құру туралы» қаулысы жарық көрді.
7 жыл бұрын (2004) Әбілхан Қастеев мұражайында «ICOMOS Қазақстанда» атты жаңа қоғамдық ұйымның тұсаукесер рәсімі өтті. ICOMOS мақсаты - әлемдегі мәдени мұралардың сақталуына көмек көрсету. Әлемде 7 мыңға жуық жеке тұлға мен ұйым аталған ұйымның мүшесі. Олар өз қызметтерін 110 елде орналасқан ұлттық комитет желілері арқылы жүзеге асырады.
ЕСІМДЕР
65 жыл бұрын (1946) мемлекет қайраткері НҰРҒАЗИНОВ Жақып Таутинович дүниеге келді.
Петропал қаласында туған. Қазақ химия-технология институтын, КСРО Мемлекеттік қауіпсіздік комитеті жоғары курсын бітірген. Құрылыс ұйымдарында шебер, участок басшысы болып жұмыс істеген. 1971-1976 жылдары - Қазақ КСР Мемлекеттік қауіпсіздік комитеті Шымкент облыстық басқармасының жедел уәкілі, аға жедел уәкілі. 1976-1981 жылдары - Қазақ КСР Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің аға жедел уәкілі, бөлімше бастығының орынбасары. 1981-1985 жылдары - Ұлттық қауіпсіздік комитеті Солтүстік Қазақстан облыстық басқармасы бастығының кеңесшісі, кадр жөніндегі орынбасары. 1985-1988 жылдары - Ұлттық қауіпсіздік комитеті Маңғыстау облыстық басқармасы бастығының орынбасары. 1988-1991 жылдары - Ұлттық қауіпсіздік комитеті Батыс Қазақстан облыстық басқармасы бастығының орынбасары. 1991-1992 жылдары - Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің кадр бөлімі бастығының орынбасары. 1992-1995 жылдары - Ұлттық қауіпсіздік комитеті Оңтүстік Қазақстан облыстық басқармасы бастығының орынбасары. 1995-1996 жылдары - Ұлттық қауіпсіздік комитеті Торғай облыстық басқармасының бастығы. 1996 жылы - Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті бас кадр басқармасының бастығы. 1996-1997 жылдары - Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары. 1997-1998 жылдары - Ұлттық қауіпсіздік комитеті Атырау облыстық департаментінің бастығы. 1999 жылдан бастап зейнет демалысында.
Медальдармен марапатталған.
60 жыл бұрын (1951) техника ғылымының докторы, профессор, Жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі, Қазақстан Республикасы білім беру ісінің үздігі ДОСТИЯРОВ Абай Мұхамедиярұлы дүниеге келді.
Қостанай облысында туған. Николай Бауман атындағы Мәскеу жоғары техникалық училищесін және аталмыш оқу орнының аспирантурасын бітірген. 1981-1991 жылдары - Алматы энергетика институтының ассистенті, аға оқытушысы, доценті, деканы. 1991-1995 жылдары - Алматы автомобиль жолы институтының доценті, деканы. 1995-1996 жылдары - Қазақстан Республикасы Білім министрлігінің бөлім бастығы. 1996-2002 жылдары - Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің проректоры, бірінші проректоры. 1996-2002 жылдары - Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Жоғары кәсіби білім беру басқармасы бастығының орынбасары. 2003 жылдан Мұхамеджан Тынышбаев атындағы Қазақ көлік және коммуникациялар академиясының оқу ісі жөніндегі проректоры болған. 2006 жылдан - Астана қаласындағы «Спецтехсервис» ЖШС бас директорының орынбасары. 2009 жылдың наурызынан - «Казтрборемонт» ЖШС-інің өндіріс және даму жөніндегі бас директорының орынбасары.
100-ден астам ғылыми еңбектің және 35 авторлық куәлік пен патенттің авторы.