ПАРЛАМЕНТ
16 мамырда Мәжілісте «Жұмыспен қамту-2020 бағдарламасы туралы» Үкімет сағаты өтеді.
ҚОҒАМ
18 мамырда Астанада Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен ҚР Президенті жанындағы Шетелдік инвесторлар кеңесінің пленарлық отырысы болады.
26 сәуір мен 25 мамыр аралығында Ішкі істер министрлігі республикалық «Назар аударыңыз - бағдаршам!» айлығын өткізеді. Бұл акцияның мақсаты - балалар жол-көлік жарақатының алдын алу және жүргізушілердің назарын кәмелетке толмаған жаяу жүргіншілерге аудару.
6 мамырдан бастап, «Дегдар» гуманитарлық қоры, «JTI» компаниясының қолдауымен еліміздің бес қаласында - Астана, Алматы, Талдықорған, Шымкент және Қарағанды қалаларында Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің құрметіне классикалық музыкадан қайырымдылық концерттер ұйымдастырады.
19 мамырда Үкімет деңгейінде ЕурАзЭҚ Мемлекетаралық кеңесінің 15-ші отырысы өтеді.
23 мамыр мен 2 маусым аралығында Төтенше жағдайлар министрлігі халықаралық құтқарушы бөлімшелердің 16-шы «Қазспас-2011» халықаралық семинар - жиынын ұйымдастырмақ.
АСТАНА
16 мамырда Медициналық қызметтің сапасы мәселелеріне қатысты үкіметтік емес ұйым өкілдерімен дөңгелек үстел отырысы өтеді.
16 мамырда Назарбаев Университетте Квант физикасы бойынша Нобель сыйлығының лауреаты, доктор Роберт Лафлиннің дәрісі болады.
16 мамырда ҚР БҒМ ағылшын тілі мұғалімдері үшін British Council халықаралық жобасын беру салтанатты шарасы өтеді.
16 мамырда «Орталық Азия мен Қазақстанның І Халықаралық форумы мен ревматологтардың ІІ конгрессі қарсаңында» тақырыбында баспасөз мәслихаты өтеді.
16 мамырда «Кеден одағы - ҚР экономикасын диверсификациялаудың кепілі» тақырыбында дөңгелек үстел отырысы өтеді.
16 мамырда ҚР Тұңғыш Президенті мұражайында «Жапония қуыршақтары» көрмесі өткізіледі.
17 мамырда Қазақстан Республикасының Президенттік мәдениет орталығының көрме залында «Сағаттар сыр шертеді» атты көрме ашылады.
9 сәуірден 15 маусымға дейін Астананың Жеңіс және Иманов көшелерінде жол-құрылыс жұмыстары жүргізіледі.
16 мамырда Астана қаласындағыРеспубликалық жедел медициналық жәрдем ғылыми орталығында кенеттен болатын жүрек өлімінің қайтадан алдын алу мақсатында өмірге қауіп төндіретін тахикардияларды интервенциялық емдеу бойынша мастер-класс өткізіледі
16 мамырда сағат 15.00-де ҚР Ұлттық академиялық кітапханасындаҚР Мемлекеттік хатшысы
Қанат Саудабаевтың қатысуымен Қазақстан халқы Ассамблеясы Ғылыми-сараптық кеңесінің: «Мемлекет басшысы - ҚХА Төрағасы Н.Ә.Назарбаевтың берген тапсырмалары аясында Қазақстан халқы Ассамблеясы қызметін ғылыми-сараптамалық сүйемелдеудің жаңа бағыттары» атты кеңейтілген отырысы өтеді.
17 мамырда Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті мұражайында Астананың жетекші жоғары оқу орындары: Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, С. Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті, АҚ «Астана медициналық университеті» басшыларының болашақ талапкерлермен кездесуі өткізіледі.
16 мамыр күні Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде Қазақстандағы Францияның Төтенше және Өкілетті елшісі Жан Шарль Бертонэ «ЕО және ЕҰУ достастық көпірі» жобасы аясында "Еуропа, Франция және Қазақстан бір-бірінен не үйрене алады?» атты тақырыпта ЕҰУ студенттері алдында дәріс оқиды.
19 мамырда елордадағы Тәуелсіздік сарайында Еурпалық даму және қайта құру банкі Басқарушы кеңесінің жыл сайынғы отырысы аясында Қазақстанның инвестициялық форумы өз жұмысын бастайды.
19-20 мамыр күндері Қ.Қуанышбаев атындағы қазақ музыкалық драма театрында драматург Е.Жуасбектің «АНТИВИРУС» спектаклінің тұсауы кесіледі.
25 мамырда Президенттік Мәдениет Орталығының залында "Қазақстан Камератасы" ғажайып бағдарламаны - қазақстандық композиторлардың қазіргі заманғы музыкасы орындалады.
АЛМАТЫ
16 мамырда Оқу-дала жиындарына салтанатты шығарып салу рәсімі өтеді.
16 мамырда «Соққының алдын алу: артериалдық гипертонияның қазіргі заманғы проблемалары» баспасөз мәслихаты өтеді.
16 мамырда Қазақстанда Қытай тауарларының 9-ыншы ұлттық көрмесінің ашылуына арналған баспасөз мәслихаты өтеді.
16 мамырда «Қазақстандағы франчайзинг: кәсіпкерлерге арналған жаңа мүмкіндіктер» баспасөз мәслихаты өтеді.
29 мамыр күні Алматыда автоәуесқойлар мерекесі өтеді.
ӘЛЕМ
18 мамырда Мәскеудің «Сколково» басқару мектебінде РФ президенті Дмитрий Медведевтің алғашқы кеңейтілген баспасөз мәслихаты өткізіледі.
ЕЛЕУЛІ ОҚИҒАЛАР. АТАУЛЫ КҮНДЕР. ЕСІМДЕР.
МАМЫРДЫҢ 16-Ы, ДҮЙСЕНБІ
ОҚИҒАЛАР
11 жыл бұрын (2000) Астанада академик Өмірбек Арысланұлы Жолдасбеков тұрған үй қабырғасына ескерткіш тақта орнатылды.
Өмірбек Арысланұлы Жолдасбеков (1931-1999) - көрнекті мемлекет қайраткері, Қазақстан Республикасы және халықаралық сыйлықтардың лауреаты, бірнеше рет парламент депутаты болып сайланған. Қазақстан жоғары техникалық оқу орындарының бағдарламасы мен оқыту жүйесін жасаушылардың бірі.
5 жыл бұрын (2006) Астанада ҚР Индустрия және сауда министрі Владимир Школьниктің қатысуымен локомотивтер құрастыру зауытының іргетасын қалау салтанаты рәсімі болды. Зауытты салуға ҚР Көлік және коммуникация министрлігі, «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы» АҚ-ы және американдық «Gеneral Electric» компаниясы бастамашы болды. Зауыт 2-ші жылу-электр орталығы мен «Қырқыншы» стансасы аралығында 90 гектар аумақта бой көтеретін болады. Бұдан кейін АҚШ-тағы «Gеneral Electric» бас зауытында оқудан өткен қазақстандық мамандардың күшімен жаңа магистральдық және маневрлік тепловоздар шығарылмақ. Локомотивтердің негізгі бөлшектерін жасауға отандық өндірушілер тартылатын болады. Зауыттың жобалық қуаты ? жылына 150-дей локомотив шығаруға есептелген. Gеneral Electric өз тарихында алғаш рет ТМД аумағында evolution сериялы локомотивтер шығара бастайды. Сонымен қатар жаңа зауытта шығарылатын локомотивтер бүгінде ТМД аумағында пайдаланылып жүрген тепловоздарға қарағанда экологиялық жағынан неғұрлым таза болмақ. «Локомотив» АҚ-ы қазақстандық компаниясының президенті Бақыт Дәденов зауыттың 2008 жылы пайдалануға берілуі жоспарланып отырғанын айтты.
4 жыл бұрын (2007) Нью-Йорктегі БҰҰ-ның штаб-пәтерінде Тұрақты даму комиссиясының 15-ші сессиясы шеңберінде 2007-2024 жылдардағы Қазақстанның тұрақты даму тұжырымдамасының таныстырылымы өтті. Таныстырылымды БҰҰ-дағы Қазақстанның тұрақты өкілінің қатысуымен Қазақстан Республикасының Қоршаған ортаны қорғау министрлігі ұйымдастырды.
Тұжырымдама елдің 2030 жылға дейінгі ұзақ мерзімді даму бағдарламасын және бәсекеге қабілетті елу ел қатарына кіру мақсатын іске асырудың ең маңызды құралы болып табылады.
4 жыл бұрын (2007) Алматыда «Есімізде сол соғыс» естелік кітабы Қазақстан Республикасының Орталық мемлекеттік мұражайына саланатты түрде табыс етілді.
460 беттен тұратын бұл жалғыз дана кітапқа 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысына қатысып, аман қалған ардагерлер мен тылда қызмет еткен 200-ден астам адамның қолтаңбасы қалдырылған. Бұл кітапқа келесі жылы болатын Жеңіс күніне дейін соғыстың дәмін татып, көзкөрген адамдар өз қолтаңбаларын қалдыра алады.
3 жыл бұрын (2008) Шымкентте «Астана Моторс» Қазақстан мотор компаниясының Оңтүстік Қазақстан облысындағы ірі автомобиль кешенінің ашылу салтанаты болды.
Жалпы алаңы 6 700 шаршы метрді құрайтын Қазақстан мотор компаниясы салған мультибрендті кешен жабық үлгідегі екі автоорталықты құрайды. «Алғаш рет біз Қазақстанда бір шатырдың астына әлемге белгілі бес автомобиль брендін біріктірдік. Олар Toyota, Subaru, Hyundai, BMV, Nissan болып табылады. Бұлардың бәрі де Қазақстан нарығына ресми түрде «Астана Моторс» Қазақстан мотор компаниясы арқылы шығады», - деді «Астана Групп» президенті Нұрлан Смағұлов. Автомобильдердің барлық бес маркасы үшін қызметтердің толық кешені ұсынылған. «Мұнда автомашинаны, қосалқы бөлшектерді сатып алуға, қызмет көрсетуге, автомобильді несиеге және лизингке ресімдеуге, сақтандыруға болады. Кейіннен дәмхана, демалыс аймағы және балалардың ойын алаңы да болады», - деді Нұрлан Смағұлов.
ЕСІМДЕР
85 жыл бұрын (1926-1979) мүсінші МОЛДАНИЯЗОВ Енсен дүниеге келді. Ұлы Отан соғысына қатысқан.
Ақмола облысында туған. Ташкент көркемсурет училищесін бітіргеннен кейін Алматы қаласында тұрып, жұмыс істеген.
«Күрес», «Қорғаныс» атты жұмыстардың, Кеңес Одағының Батырлары Н.Әбдіров пен Чистяков ескерткіштерінің авторы. Сондай-ақ композитор Мұқан Төлебаевтың, саяси қайраткер С.Кировтың, ақын Тайыр Жароковтың, суретші Әбілхан Қастеевтің бюстін жасаған.
85 жыл бұрын (1926-2004) суреткер және графикші КВАЧКО Иван Егорович дүниеге келді.
Ақмола облысы Ерейментау ауданында туған. Алматы көркемсурет училищесін бітірген. Ұлы Отан соғысына қатысқан. Оның «Іле өзенімен», «Арал теңізі», «Индустарльды Қазақстан», «Шекарашылар», «Алматинка өзені», «Шарын шатқалдары», «Ыстықкөлдегі қыс», тағы басқа туындылары бар.
Отан соғысы орденімен және медальдармен марапатталған.
60 жыл бұрын (1951) Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Павлодар облысы бойынша басқармасының бастығы - Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Павлодар облысы бойынша Тәртіптік кеңесінің төрағасы РАМАЗАНОВ Нұрлан Амануллинұлы дүниеге келді.
Павлодар қаласында туған. Қазақ политехника институтын, КСРО Халық шаруашылығы академиясын бітірген. 1975-1976 жылдары - Қазақстан ЛКЖО Абай қалалық комитетінің екінші хатшысы. 1979-1982 жылдары - Қазақ КСР Ауыл шаруашылығы министрлігі «Басауылэнерго» бөлімінің бастығы, Алматы облыстық «Ауылшаруашылықэнерго» бірлестігінің бас директоры. 1989-1994 жылдары - «Қуат» Қазақ республикалық қауымдастығының бас директоры. 1994-1998 жылдары - «Кең дала» мемлекеттік акционерлік қоғамының вице-президенті, «Агроөнеркәсіпэнерго» АҚ басқармасының төрағасы. 1998-2000 жылдары - Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі Жобаларды жүзеге асыру топтарының директоры. 2000-2001 жылдары - Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттігі төрағасының орынбасары, Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік сатып алу жөніндегі комитеті төрағасының орынбасары. 2001-2003 жылдары Зеренді ауданының әкімі. 2003 - 2005 жылдарда Ақмола облысы бойынша Тәртіптік кеңес төрағасы қызметінде, 2005 - 2007 жылдарда Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызмет істерінің Ақмола облысы бойынша басқарма бастығы қызметтерін атқарған. 2007 жылдың мамыр айынан бастап - қазіргі қызметінде.
«Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 10 жыл» мерекелік медалімен марапатталған.
55 жыл бұрын (1956) полиция полковнигі, заң ғылымдарының кандидаты, Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің еңбек сіңірген қызметкері ДҮЙСЕБАЕВ Нұржан Тәттібайұлы дүниеге келді.
Шымкент қаласында туған. КСРО Ішкі істер министрлігі Қарағанды жоғары мектебін, КСРО ІІМ Академиясын, Алматы халық шаруашылығы институтын бітірген. Еңбек жолын Жамбыл қалалық Орталық ішкі істер басқармасында инспектор болып бастап, Жамбыл облыстық атқару комитетінде, Жамбыл облыстық ішкі істер басқармасының Ақпарат орталығында, Жамбыл қалалық ішкі істер басқармасында түрлі лауазымды қызметтерді атқарды. 1995-2009 жылдары - Жамбыл облыстық ішкі істер басқармасы бастығының орынбасары. 2009-2010 жылдары - Көліктегі Батыс Ішкі істер департаментінің бастығы қызметтерін атқарған. 2010 жылдың қазан айынан Көліктегі Ішкі істер департаментінің құзырында.
«Қазақстан Республикасының Конституциясына 10 жыл», «Астанаға 10 жыл», «70 лет - Вооруженных Сил СССР», «Ішкі істер органдарының ардагері», «Ерекше қызметі үшін», 3 және 2 дәрежелі «За безупречную службу» медальдарымен, «Қазақстан полициясына 15 жыл», «Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің еңбек сіңірген қызметкері» төс белгілерімен марапатталған.
МАМЫРДЫҢ 17-І, СЕЙСЕНБІ
Дүниежүзілік электр байланысы және ақпараттық қоғам күні. Дүниежүзілік электр байланысы және ақпараттық қоғам мақсаты қоғамдар мен елдердің интернет пен ақпараттық-коммуникациялық технологияларды (АКТ) пайдалануы, сондай-ақ «сандық алшақтықтан» арылудың жолдары туралы мүмкіндіктері жайындағы хабардарлық деңгейін көтеруге жағдай жасауында.
Дүниежүзілік электр байланысы және ақпараттық қоғам күні бұрын аталып өтіп келген Халықаралық телекоммуникациялар күнін және «Дүниежүзілік ақпараттық қоғам күнін» ауыстырды. 2006-ншы жылғы қарашада Халықаралық Электр байланысы Одағының (ХЭО) Анталиядағы (Түркия) Уәкілетті конференциясында бұл екі шара да 17-нші мамырда Дүниежүзілік электр байланысы және ақпараттық қоғам күні ретінде аталып өтеді деген шешім қабылданды.
Бұл күн - барлық программистердің, жүйелік әкімшілердің, интернет-провайдерлердің, веб-дизайнерлердің, интернет-басылымдар редакторларының басқа да ақпараттық технологиялар саласында жұмыс істейтін адамдардың кәсіби мейрамы.
Информатика өркениеттің бейнесін түбірімен өзгертті. Ол әлемдік экономикада, өндірілетін өнімнің саны мен сапасын күрт көтеріп, нағыз жарылыс туғызды. Дегенмен, информатиканың маңызы әлдеқайда кеңірек. Бұл адамзатқа бұрын болып көрмеген мүмкіндіктер жасап отыр: білім басты байлыққа айналды, өз бетінше білім алудың керемет мүмкіндіктері ашылды.
Норвегия КорольдігініңҰлттықмейрамы - Конституция күні(1814).Эйдсволлда өткен құрылтай жиналысында Дат билігінен азаттық алған Норвегия Конституциясы қабылданды. 2-і ғасырға жуық бұрын қабылданған Конституция күні бүгінге дейін өз күшін жойған жоқ. Норвегия Еуропаның солтүстігінде орналасқан. Батысын және қиыр солтүстігін Скандинавия түбегі алып жатыр. Солтүстігі Баренц теңізімен, батысы Норвегия, Солтүстік теңіздерімен, оңтүстігі Скагеррак бұғазымен, ал құрлықта Швециямен, қиыр шығысында Финляндиямен, Ресеймен шектеседі. Норвегияға Шпицберген архипелагы, Медвежий аралы, Атлант мұхитының солтүстік бөлігіндегі Ян-Майен, Буве аралдары қарайды. Әкімшілік жағынан 18 фюлькеге (облыс) бөлінеді. Астанасы - Осло қаласы. Мемлекеттік тілі - норвег тілі. Ақша бірлігі - крона. Мемлекет басшысы - Король. Жоғары заң шығарушы органы бір палаталы парламент - Стортинг.
Қазақстан Республикасы мен Норвегия Корольдігі арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас 1992 жылғы маусымның 6-сында орнатылды.
ОҚИҒАЛАР
19 жыл бұрын (1992) Президент Жарлығымен мүсінші Еркін Мергеновке «Қазақстанның Халық суретшісі» құрметті атағы берілді.
5 жыл бұрын (2006) Алматыда «Денсаулық сақтау» атты ірі көрме ашылды. Әлемнің 20 мемлекетінен 180 компания өкілдері қатысып отырған көрме былтырғымен салыстырғанда аса ауқымды. Көрменің ашылу салтанатына қатысқан ҚР Денсаулық сақтау министрі Ерболат Досаев - 13 жыл қатарынан үздіксіз жалғасып келе жатқан бұл шараның елімізге берері мол. Ал соңғы жылдары денсаулық сақтау саласында оң өзгерістер байқалуда, инфекциялық аурулардың азаюы - өлім мен мүгедектік деңгейінің төмендеуіне оңды әсер етті, деп атап өтті. Ол осында әлемнің денсаулық сақтау саласындағы жаңа технологиялармен, дәрі түрлерімен танысты. Көрме ауданының 36 пайызы қазақстандық компаниялардың үлесіне тиген. Сондай-ақ Германия, Мысыр және Ресей мемлекеттері көрменің белсенді қатысушылары қатарында. 4 күнге созылатын көрме барысында семинарлар мен компаниялардың таныстырылымы өтіп, ?ең үздік дәріхана? байқауының қорытындысы жарияланатын болады.
4 жыл бұрын (2007) Алматыда БҰҰ-ның Азия және Тынық мұхиты өңіріне арналған Экономикалық және әлеуметтік комиссиясының құрылғанына 60-жыл толуына орай шығарылған естелік пошта маркасын салтанатты таныстыру рәсімі өтті.
Қазақстан пошталық әкімшілігі шығарған көркем маркада ұлттық өрнектер мен ЭСКАТО-ның 60-жылдығын білдіретін арнайы белгі басылған. Бірлік номиналы 25 теңгені құрайтын бұл марканың жалпы таралымы 50 мың дана.
4 жыл бұрын (2007) Талдықорғанда «Basalt LTD» ЖШС-ның жылуды оқшаулайтын материалдар өндіретін зауыт іске қосылды.
Жылуды оқшаулайтын материалдар базальттан және синтетикалық байланыстырғыштан дайындалады. Олар құрылыс құрылымдарында және ғимараттардағы ішкі және сыртқы тұрба желілеріндегі жылуды оқшаулауға арналған. Оны өртке қарсы және дыбыс шығармайтын материал ретінде пайдалануға болады.
1 жыл бұрын (2010) Шымкентте Қазақстандағы алғашқы жекеменшік көркем гимнастика мектебі ашылды.
Бұл мектептің жетекшісі және бас жаттықтырушысы - Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт шебері Әлия Жүсіпова.
Әлия Жүсіпова - Азияның екі дүркін абсолюттік чемпионы, Азия ойындарының чемпионы, Қазақстан Республикасының он дүркін чемпионы, 2004 жылы ол Афины Олимпиадасында - төртінші, ал 2008 жылы Бейжің Олимпиадасында бесінші орын алды.
Әлияның бұл атақтарына тағы бірнеше титул қосылды - турнирдің және мектептің ашылу рәсімінде Туризм және спорт министрлігінің өкілдері оған Қазақстан Республикасы Ұлттық Олимпиада комитетінің Алтын орденін табыс етті. Сондай-ақ, Әлия қазір көркем гимнастика бойынша Қазақстан Республикасының аға төрешісі және халықаралық санаттағы төреші. «Ақпан айында судьялар семинары өтіп, сонда мен емтихан тапсырдым, енді мен халықаралық жарыстарға төрелік ете аламын»,- дейді Әлия Жүсіпова.
ЕСІМДЕР
100 жыл бұрын (1911-1974) палуан БОҚАЕВ Мұхаметжанұлы дүниеге келді.
Қарағанды облысы Жаңаарқа ауданында туған. 1936 жылы Алматы қаласына келіп, Қазақстанның 15 жылдығына арналған тойда ауыр салмақ дәрежесінде күреске түсіп, бірінші орын алған. 1940 жылы Қарағандыға келген күш атасы Қажымұқан оны әдейі шақыртып, екеуі Майқұдық шахтасында кездеседі. Қажымұқан оның күшіне риза болып батасын берген. 1945 жылы Жамбылдың 100 жылдық тойында нар палуан, 1949 жылы Ашғабатта өткен Орта Азия Республикалары мен Қазақстан халықтарының ұлттық күрес түрлерінен өткен жарыста абсолюттік чемпион атанған.
85 жыл бұрын (1926-1998) Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздігі кеңесінің ардагері, генерал-майор ВЕРЕЩАЕВ Николай Федорович дүниеге келді.
Ақмола облысы Есіл ауданында туған. КСРО Мемлекеттік қауіпсіздік халық комисариаты Өлкеаралық мектебін, Ташкент педагогика институтын бітірген. Солтүстік Қазақстан және Көкшетау облыстарының мемлекеттік қауіпсіздік органдарында қызмет істеген. 1963-1978 жылдары - Қостанай облысы бойынша мемлекеттік қауіпсіздік комитеті басқармасының уәкілі, Рудненск қалалық мемлекеттік қауіпсіздік комитеті басқармасының бөлім бастығы. 1978-1988 жылдары - Қостанай облыстық мемлекеттік қауіпсіздік комитеті басқармасының бастығы қызметтерін атқарған. 1988 жылдан зейнет демалысына шыққаннан кейін Қостанай облыстық Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаменті Ардагерлер кеңесінің төрағасы болды.
«Құрмет белгісі» орденімен, медальдармен марапатталған.
65 жыл бұрын (1946) ғалым-агроном, ауыл шаруашылығы ғылымының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі МЕЙІРМАН Ғалиолла Төлендіұлы дүниеге келді.
Алматы облысы Қаратал ауданында туған. Қазақ ауыл шаруашылығы институтын (қазіргі Қазақ ұлттық аграрлық университеті) бітірген. Қазақ мал азығын өндіру және жайылым ғылыми-зерттеу институтында, Қазақ ауыл шаруашылығы ғылым академиясында, Арал өңірі агроэкология және ауыл шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтында, Қазақ егіншілік ғылыми-зерттеу институтында, Қазақ ұлттық аграрлық университетінде ғылыми-зерттеу жұмыстарымен айналысып, Егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығында басшылық қызметтер атқарған. 2002-2004 жылдары Қазақ ұлттық аграрлық университетінің профессоры болды. 2005 жылдан бастап Қазақ мал азығын өндіру және жайылым ғылыми-зерттеу институтында бөлім меңгерушісі кызметін атқарады.
Негізгі ғылыми еңбектері, жоңышқа мен майлы дақылдардың селекциясын және тұқым шаруашылығын зерттеуге бағытталған. Жоңышқа дақылы селекциясының теориялық негіздерін жасап, осы дақылдың жаңа сұрыптары - Қапшағай-80, Дархан-90, Жайнақ, түйе жоңышқаның Аркас, Сарайшық және күріштің Аружан сұрыптарын шығарған.
95-тен астам ғылыми еңбектің авторы.
Қазақ КСР Бүкілодақтық ауылшаруашылығы көрмесінің, Ұлттық аграрлық орталығының Құрмет грамоталарымен, Қазақстан Республикасы Ауыл шараушылығы министрлігінің Құрмет грамотасымен және «Еңбек даңқы» медалімен, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Құрмет грамотасымен және «Қазақстан Республикасының ғылымын дамытуға сіңірген еңбегі үшін» медалімен мараптталған.
65 жыл бұрын (1946) Шығыс Қазақстан мемлекттік техникалық университеті Өндірістік-эксплуатациалық басқармасының бастығы КУДИНОВ Юрий Анатольевич дүниеге келді.
Шығыс Қазақстан облысы Риддер қаласында туған. Өскемен құрылыс-жол институтын бітірген. 1970-1992 жылдары - «Лениногорскқорғасынқұрылыс» тресінің инженері, механигі, шебері, басқарма бас инженері, бастығы. 1992-1995 жылдары - Риддер қалалық әкімшілігінің басшысы, әкімі. 1995-1997 жылдары - Өскемен қаласының әкімі. 1997-1998 жылдары - ШҚО Директорлар кеңесі төрағасының орынбасары. 1998-1999 жылдары - «ВИ ТВЦ Алтай» ЖШС-інің, «АРС» ЖШС-інің директоры. 1999-2001 жылдары - Риддер қаласының әкімі. 2001-2004 жылдары - Шығыс Қазақстан облыстық мемлекеттік сатып алу жөніндегі басқармасының бастығы, Шығыс Қазақстан облысы әкімінің бас инспекторы. 2004-2008 жылдары - Шығыс Қазақстан облысы Өскемен қаласы әкімінің орынбасары. 2008-2009 жылдары - «Бергштайн» ЖАҚ- тың перспективалық дамыту бойынша бас директорының орынбасары қызметтерін атқарған. Қазіргі қызметінде 2010 жылдан бастап істейді.
«Қазақстанның Тәуелсіздігіне 10 жыл», «Қазақстан Республикасының Конституциясына 10 жыл» мерекелік медальдарымен және Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен марапатталған.
МАМЫРДЫҢ 18-І, СӘРСЕНБІ
Халықаралық мұражай күні. 1977 жылдан бастап жыл сайын әлемнің 150-ден астам елінде атап өтіледі. Осы күні барлық мұражайларда ашық есік күні өтеді. Қазақстанда 150 мұражай бар.
ОҚИҒАЛАР
19 жыл бұрын (1992) Қазақстан Республикасы Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Америка Құрама Штаттарына алғашқы ресми сапар жасады.
Сапар барысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев АҚШ Президенті Джордж Бушпен, Мемлекет хатшысы Дж.Бейкермен, қорғаныс министрі Р.Чейнимен, қаржы министрі Н.Брейдимен, ауыл шаруашылығы министрі Э.Мэндиганмен, орталық барлау басқармасының директоры Р.Гейтспен, сенаторлар Дж.Митчелмен, Р.Доулмен, К.Пеллмен, С.Наннмен, А.Крэнстонмен, Р.Лугармен, Дж.Байденмен, К.Левинмен, «Шеврон» корпорациясының төрағасы К.Деррмен кездесулер өткізді.
15 жыл бұрын (1996) Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә.Назарбаев ақын Олжас Омарұлы Сүлейменовке «Қазақстанның Халық жазушысы» куәлігін және төс белгісін табыс етті.
12 жыл бұрын (1999) Оңтүстік Қазақстан облысы Кентау қаласында композитор Сейдолла Бәйтереков (1945-1998) атындағы Халықаралық «Әлия» ән фестивалі өтті.
10 жыл бұрын (2001) Астанадағы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде Күлтегін ескерткішінің ғылыми көшірмесі орнатылды.
5 жыл бұрын (2006) қазақтың қаһарман қызы, Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлова жайлы жаңа кітап жарық көрді. «Әлия-ғұмыр: ерлік пен өнеге» кітабының авторлары - Ғалым Байдербес пен Ұзақбай Қауыс бүған дейін де батыр қыз жөнінде бірнеше кітаптарды шығарған болатын. Бұл жолы олар бұрын жарияланбаған деректер мен фотосуреттерді, Әлия Молдағұлованың 80 жылдығын мерекелеуге байланысты материалдарды оқырмандар назарына ұсынып отыр. Кітапты даярлауға Әлияның есімімен байланысты даңқты орындарға, ол жерленген Ресейдің Псков облысында ақтөбелік делегациямен бірге барып қайтқан туыстары да атсалысты. Облыс әкімдігінің қаржыландыруымен шығарылған жаңа кітап қала кітапханаларына да таратылды. Әлия мен Мәншүк атындағы «Қос шынар» қоры қоғамдық бірлестігінің төрағасы Ғалымжан Байдербестің айтуынша, енді бұл кітап орыс тіліне аударылмақ. Мәскеудегі Әлия Молдағұлова атындағы мектеп педагогикалық ұжымы осындай тапсырыс берген.
ЕСІМДЕР
75 жыл бұрын (1936) Қазақстанның ЮНЕСКО жанындағы тұрақты өкілі, ақын, қоғам қайраткері, Қазақстанның халық жазушысы, ядрорлық сынаққа қарсы «Семей-Невада» қозғалысының, Халық Конгресі партиясының көшбасшысы, Қазақ КСР-інің Абай атындағы Мемлекеттік сыйлығының, Қазақстан комсомолы, БЛКЖО сыйлығының лауреаты, Татарстан Республикасының Ш.Маржани атындағы Тарих институтының құрметті докторы СҮЛЕЙМЕНОВ Олжас дүниеге келді.
Алматы қаласында туған. Қазақ мемлекеттік университетінің география факультетін бітіріп, Максим Горький атындағы Әдебиет институтында оқыған. «Казахстанская правда» газеті редакциясының бөлім меңгерушісі, «Қазақфильм» киностудиясы сценарий-редакциялық алқасының бас редакторы, Қазақстан Жазушылар одағының хатшысы, Қазақ КСР Кинематография жөніндегі мемлекеттік комитетінің төрағасы, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің депутаты, Қазақстанның Италиядағы Төтенше және Өкілетті Елшісі қызметтерін атқарған.
Ол өз туындыларын орыс тілінде жазады. Өлеңдері мен поэмаларының алғашқы жинағы 1961 жылы «Арғымақтар» деген атпен жарық көрген. Оның сценариі бойынша «Атамекен», «Көгілдір маршрут», «Қыс - қолайсыз маусым», тағы басқа фильмдер түсірілген. «Аз и Я», «Жазу тілі» атты тіл біліміне қатысты зерттеулері, «Нұрлы түндер», «Мешін жылы», «Көңіл көкжиегі», «Әр күн - арайлы таң», «Ақ дария аспаны», «Жұмыр жұлдыз», «Шапағатты шақ», «Атамекен», т.б. жинақтары шыққан.
«Отан», 1-ші дәрежелі «Барыс», Еңбек Қызыл Ту, «Құрмет белгісі», Қазан революциясы ордендерімен, медальдармен марапатталған.
70 жыл бұрын (1941-1993) спортшы, еркін самбо, дзюдо, қазақша күрес түрлерінің спорт шебері, Қазақ КСР-інің 11, Орта Азия республикалары мен Қазақстанның 6 дүркін чемпионы САДЫҚОВ Саурық дүниеге келді.
Алматы облысына туған. Қазақ мемлекеттік денешынықтыру институтын (Қазақ туризм және спорт академиясы) бітірген. Көп жылдар бойы Ілияс Жансүгіров атындағы Талдықорған гуманитарлық университетінде жаттықтырушы, аға оқытушы, кафедра меңгерушісі қызметтерін атқарған. Талдықорған қаласында күрес түрлерін дамытуға мол үлес қосқан.
1993 жылдан бастап қазақша күрестен Садықов Саурық атындағы республикалық жарыстар өткізіліп келеді.
30 жыл бұрын (1981)Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясыныңҰлттық мемлекеттік саясат мектебінің директоры САЯСАТ Нұрбек дүниеге келді.
Семей қаласында туған. Маршаллтаун (АҚШ) колледжін «Саясаттану» мамандығы, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетін «Халықаралық құқық» мамандығы бойынша бітірген және «Ла Сапиенца» (Рим) университетінің магистратурасын аяқтаған. Геосаясат және халықаралық қауіпсіздік магистрі дәрежесі берілген.
2000-2002 жылдары АҚШ конгрессмені Марк Смиттің, АҚШ президенттігінен үміткер Альберт Гордың сайлау алды науқанында көмекші, Айова штаты (АҚШ) үкіметінің Ақпараттық-есептеу департаментінің инновациялық технологиялар бөлімінің жетекші маманы. 2002-2006 жылдары - Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің кафедра меңгерушісі, Қазақстан жастар Конгрессінің Атқарушы директоры, Астанадағы «Art-Motion» ЖШС промоушн және әрлендіру агенттігінің директоры, әрі құрылтайшысы, Неаполь (Италия) университетінің шақырылған лекторы.
2006-2008 жылдары «Қазына»Тұрақты даму қоры» АҚ Инвестициялар департаментінің менеджері, Халықаралық ынтымақтастық департаментінің бас менеджері, басқарма төрағасының кеңесшісі. 2008-2009 жылдары - Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі Кадр саясаты бөлімінің кадр жұмысы секторының меңгерушісі, Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының халықаралық ынтымақтастық жөніндегі вице-ректоры, доценті, «Самұрық - Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ маман саясаты және қызметкерлерді басқару жөніндегі атқарушы директоры қызметтерін атқарған. Қазіргі қызметінде 2009 жылдың қыркүйек айынан бастап істейді.
МАМЫРДЫҢ 19-Ы, БЕЙСЕНБІ
Түркияда жастар және спорт күнi. Бұл күн Түркияның ұлттық мерекесі болып саналады. Мереке бастапқысында жастармен де, спортпен де ешқандай байланыспаған. Қара теңiздің Самсун Портында Түрiк республикасының бiрiншi президенті Мұстафа Кемаль Ататүрік 1919 жылдың 19 мамырында шетелдiк интервенцияға қарсы мобилизация жариялады. Сол кезде Түркия мен Грекия соғысып жатқан болатын. Тәуелсіздік үшін ұлттық қозғалыстың негізін жастар құрады. Ататүрік республиканың болашағын құруды жастардың қолына бере отырып жаңа мемлекеттің маңызды элементін жасауды көздеді.
ОҚИҒАЛАР
16 жыл бұрын (1995) Алматыда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен банкноттық фабрикасы ашылды.
Банкноттық фабрика жалған ақша белгілерінен қорғайтын, көркем және полиграфиялық өнімді жоғары деңгейде орындайтын бірегейлі жабдықтардан құрылған. Оның меншiктi базасынан номиналы 100, 200, 500, 1000, 2000, 5000, 10000 теңгелік банкноттар шығарылған. Қазiр фабрикада банкноталардан басқа төлқұжат, куәлiк, диплом, аттестат, куәлiк қағаз, акциз маркалары сияқты құжаттардың жүзден астам түрлерi шығарылады.
6 жыл бұрын (2005) Астанада Беларусь Республикасының Қазақстандағы Елшілігі ашылды. Елшіліктің ашылу салтанатына Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен Беларус Президенті Александр Лукашенко қатысты.
Қазақстан Республикасы мен Беларусь Республикасы арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас 1992 жылдың 16 қыркүйегінде орнаған.
6 жыл бұрын (2005) қарағандылық Василий Кузнецов «ТМД елдерінің еңбек сіңірген энергетигі» белгісімен марапатталды. Марапаттау құжатына ТМД-дағы электрэнергетикалық кеңесiнiң президентi Анатолий Чубайс қол қойды.
Василий Павлович Кузнецовтың бүкіл еңбек жолы энергетика саласымен байланысты. Ол Қарағандыға Мәскеуден көшіп келген. Орталық диспетчерлік қызметінде жұмыс істеп, кейін сол орталықты басқарды. Теміртаудағы КарГРЭС-1, Жезқазғандағы ТЭЦ-ті орнатуға және тұрба генераторларды іске қосуға өзінің үлесін қосты. Энергетикалық кәсiпорындарға пайдалануға арналған нұсқауларды жасап шығарған. Бірнеше рет ордендермен және медальдермен марапатталған.
5 жыл бұрын (2006) Павлодарда белгілі ақын Виктор Семерьяновтың талантты публицист, тарихшы және философ Мәшһүр Жүсіп Көпейдің шығармашылығы мен тағдырына арналған «Мәшһүр шыңы» кітабы жарық көрді, деп хабарлайды ҚазАқпарат. В.Семерьяновтың жаңа туындысына алғысөзді Мәшһүр Жүсіп атындағы Павлодар Орталық мешітінің бас имамы Жұмабай қажы Ықылас жазған. Жаңа туындыға жоғары баға беріп өткен Жұмабай қажы: «Мәшһүр шыңы» менің көзқарасымша, қазіргі орыс поэзиясындағы жаңа құбылыс болып табылады», - деп атап көрсетеді. Кітап фотосуретші Александр Пархоменконың Мәшһүр Жүсіптің отаны - Баянауылда жасалған табиғат суреттерімен көркемделген.
5 жыл бұрын (2006) Қазақ Ұлттық аграрлық университетінде әлемге танылған қазақ ақыны Олжас Сүлейменовтың мерейтойына орай, ақын атындағы әлеуметтік-гуманитарлық білім мен тәрбие беру орталығы ашылды. Университет ректоры, профессор Тілектес Есболовтың айтуынша, ауыл шаруашылығына білікті мамандар даярлаумен айналысатын жетекші жоғары оқу орны қабырғасында бұндай орталықтың ашылуы ? жастардың бойына азаматтық, отансүйгіштік қасиеттерді сіңіруде үлкен рөл атқарады. Тәрбие жұмыстары барысында ақынның өмірі мен шығармашылық жолы жастарға үлгі болып, болашақта олардан да Олжас аталарындай арыстар шығарына сенімдімін, дейді ректор. «Қазақстанның болашағы білімді жастардың қолында», деп атап өткен ақын университет ұжымына алғыс білдіріп, университетті тәмамдаған студенттердің болашақта ауыл өмірін көтереріне сенім білдірді. Сондай-ақ, бүгін оқу орны қабырғасындағы Октябрь Жарылқапов атындағы воллейбол залында Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Әзірбайжан және Чех мемлекеттерінің командаларының қатысуымен О.Сүлейменов атындағы воллейболдан халыққаралық турнир ашылады.
5 жыл бұрын (2006) елордадағы Президенттік мәдениет орталығында қазақтың ұлы ақыны Мұқағали Мақатаевтың туғанына 75 жыл толуына арналған шығармашылық кеш өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Кешке Мұқағали талантын құрметттейтін ақындар, жазушылар, қоғам қайраткерлері қатысты. Кеше жұртшылықтың сүйіп тыңдайтын ақын сөзіне жазылған «Сәби болғым келеді», «Анама», «Қайран, Қарасазым-ай!» және басқа да әндер шырқалды, оның жырлары қалықтады. 1931 жылы Алматы облысы Райымбек ауданындағы Қарасаз ауылында өмірге келген Мұқағали Мақатаевтың алғашқы өлеңі 1948 жылы аудандық «Советтік шекара» газетінде жарық көрген болатын. Ал тұңғыш жыр жинағы 1964 жылы «Ильич» деген атпен басылды. Кейін - «Армысыңдар, достарым» (1966), «Қарлығашым, келдің бе?» (1968), «Мавр» (1970), «Дариға-жүрек» (1972), «Аққулар ұйықтағанда» (1974), «Шуағым менің» (1975) деген және басқа да кітаптары бірінен кейін бірі оқырман жүрегінен жол тапты. 1976 жылы 45 жасында шығармашылық жағынан кемеліне келіп, толысқан кезінде көз жұмған Мұқағали Мақатаев есімімен 1978 жылдан бері Қазақстан жазушылар одағы ең үздік ақынға арнайы сыйлық тағайындап келе жатыр. М.Мақатаев атындағы сыйлықтың алғашқы иегерлері - Несіпбек Айтов, Жүрсін Ерманов, Ерік Асқаров. М.Мақатаев сонымен қатар А.Дантенің, У.Шекспирдің, Р.Бернстің, А.Блоктың, А.Пушкиннің, Н.Некрасовтың, Е.Евтушенконың, Н.Тихоновтың, А.Исакянның А.Акопянның шығармаларын қазақ тілінде сөйлетті. Оның көптеген өлеңдері әнге айналып, ел аузында жүр. 2000 жылы ақынның «Аманат» атты таңдамалы жинағына ҚР Мемлекеттік сыйлығы берілді.
1 жыл бұрын (2010) Алматыда «Қазақстан және қазіргі заманғы жаһандық қауіп-қатерлер» деп аталатын халықаралық ғылыми-тәжірибелік конфернция аясында «Президент Нұрсұлтан Назарбаев және қазіргі заманғы Қазақстан» деп аталатын 3 томдық жаңа кітаптың тұсаукесері өтті.
Кітаптың 1-ші томы «Нұрсұлтан Назарбаев және Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуы», 2-ші томы «Нұрсұлтан Назарбаев және Қазақстанның саяси реформалар стратегиясы», 3-ші томы «Нұрсұлтан Назарбаев және Қазақстанның ішкі саясаты» деп аталады. Жинақ «Астана - кешенді әлеуметтік зерттеулер институты» қоғамдық қорының қаржыландыруымен жарық көріп отыр. Жинаққа Елбасының республикалық жиындарда, мемлекетаралық саммитер мен халықаралық форумдарда және басқа да түрлі басқосуларда сөйлеген сөздері, дәрістері, мақалалары, сұхбаттары топтастырылған.
1 жыл бұрын (2010) Прагада Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрлігі мен Чехия Республикасының Ішкі істер министрлігі арасындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.
Келіссөздер қорытындылары бойынша Қазақстан ТЖМ мен Чехия ІІМ арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды, оған сәйкес тараптар өнеркәсіптік және өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету, білікті маман кадрларды дарлау және қайта даярлау, жаңа технологияларды енгізу, атап айтқанда, Қазақстан аумағында алдын ала дабыл беру жүйесін құру, конференциялар, табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайларды ескерту жөніндегі ғылыми зерттеулерді ұйымдастыру, бірлескен жаттығулар өткізу саласы бойынша ынтымақтастықты дамытуға ниетті.
ЕСІМДЕР
65 жыл бұрын (1946) әнші, Қазақстаның халық әртісі БЕКБОСЫНОВ Қажыбек Құдайбергенұлы дүниеге келді.
Алматы облысы Ақсу ауданында туған. Алматы эстрада-цирк өнері студиясын бітірген. 1967-1996 жылдары «Қазақконцерт» әншісі болған. 1996 жылдан Қазақ ұлт аспаптар оркестрінің әншісі. Репертуарында Мұхит, Ақан сері, Біржан, Әсет, Жаяу Мұса, Кенен, Естай әндері бар. Ол орындаушылық шеберлігімен қазақ әншілік өнерін дамытуға елеулі үлес қосқан. Қазіргі уақытта Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясында дәріс береді.
60 жыл бұрын (1951) Маңғыстау облысы сот актілерін орындау бойынша департаментінің бастығы, Қазақстан Республикасы Прокуратура органдарының құрметті қызметкері КЕМЕЛХАНОВ Жаңабай Шандыбайұлы дүниеге келді. Маңғыстау облысында туған. С.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін (Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті) бітірген. 1974-1980 жылдары - Маңғыстау аудандық прокуратурасының тергеушісі, Шевченко қалалық прокуратурасының аға тергеушісі. 1980-1988 жылдары - Мұнайлы ауданының прокуроры. 1989-1991 жылдары - Гурьев қаласының прокуроры. 1991-1992 жылдары - Актау қаласының прокуроры. 1992-1995 жылдары - Маңғыстау облысы прокурорының орынбасары, бірінші орынбасары. 1995-1997 жылдары - Маңғыстау облысы бойынша Мемелекеттік тергеу комитеті бастығының орынбасары, Қазақстан Республикасы Мемелекеттік тергеу комитеті Экономикалық және лауазымды қылмыстарды тергеу департаменті бастығының орынбасары. 1997-1998 жылдары - Қазақстан Республикасы Ішкі Істер министрлігінің Бас тергеу басқармасы алдын ала тергеу басқармасының бастығы. 1999-2001 жылдары - Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі Маңғыстау облысы бойынша тергеу департаментінің басқарма бастығы, Сот актілерін орындау комитетінің департамент бастығы.2001-2004 жылдары - Маңғыстау облысы соттар әкімшісінің орынбасары. 2004-2010 жылдары - Маңғыстау облысы соттар әкімшісі қызметтерін атқарған. 2010 жылдың қазан айынан бастап - қазіргі қызметінде
«Үздік еңбегің үшін», «Қазақстан Конституциясына 10 жыл» « Астанаға 10 жыл»», «Сот жүйесінің құрметті қызметкері» медальдарымен марапатталған.
55 жыл бұрын (1956) «Сапаржай-Астана» мемлекеттік қазынашылық кәсіпорнының диекторы БАЙЖАХАНОВ Бағдат Ілиясұлы дүниеге келді.
Қарағанды облысы Ұлытау ауданында туған. Қарағанды политехникалық институтын (Қарағанды техникалық университеті) бітірген. Еңбек жолын кеңшарда автомеханик болып бастаған. 1981-1983 жылдары - Қарағанды жүк көліктері басқармасының инженері, аға инженері. 1983-1987 жылдары - «Қарағандытрансагентство» көлік транспорты кәсіпорнының автоколонна бастығы. 1987-1996 жылдары - Қарағанды облыстық атқару комитетінің бас маманы. 1989-1996 жылдары - «Қарағандытрансагентство» көлік транспорты кәсіпорнының бастығы. 1996-1998 жылдары - Қарағанды қаласы әкімінің бірінші орынбасарының кеңесшісі. 1998-1999 жылдары - Қарағанды облыстық «Жолаушылар транспортын басқару қызметі» кәсіпорнының директоры, Астана қаласы Транспорт департаменті директорының орынбасары. 1999-2000 жылдары - президент ОАО «Ақмолақалалықэлектротранс» ашық акционерлік қоғамының президенті. 2000-2003 жылдары - Астана қалалық транспорт және коммуникация басқармасының бастығы. 2003-2005 жылдары - Астана қалалық транспорта және байланыс басқармасының бастығы 2005-2006 жылдары - Астана қаласы Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары департаментінің директоры, Астана қаласындағы « №1 Автобус паркі» ашық акционерлік қоғамының басқарма бастығы города Астаны. 2006-2007 жылдары - Астана қаласы Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары департаментінің директоры қызметтерін атқарған. Қазіргі қызметінде 2007 жылдан бастап істейді.
МАМЫРДЫҢ 20-Ы, ЖҰМА
Дүниежүзілік метрология күні. Бұл күн өркениетті елдердің бәрінде арнайы түрде аталып өтіледі. Атап айтқанда түрлі кездесулер, семинарлар, дөңгелек үстелдер түрінде көрініс тауып, әр ел өздерінің метрология саласында жүргізген жұмыстарының қорытындысын шығарады. Сондай-ақ өзара тәжірибелерімен бөлісіп, маңызды деген мәселелер талқыға түсіп отырады.
Метрология (грек тілінде metron - өлшем және logos - сөз, ілім) - өлшеу туралы өлшеудің бірлігі мен қажетті дәлдікке жету тәсілдері туралы ғылым. Метрологияның негізгі мәселелеріне: өлшеудің жалпы теориясы, физикалық шамалардың және оның жүйелерінің бірліктерін ұйымдастыру, өлшеудің әдістері мен құралдары, өлшеудің дәлдігін анықтау әдістері (өлшеудің қателіктер теориясы), өлшеу бірлігін және өлшеу құралдарының метрология жарамдылығын қамтамассыз ету (заңды метрология) эталондар мен өлшеу құралдарының үлгілерін жасау, эталондарды бірлік өлешемдерін тарату әдістері жатады. Метрология алғашқыда өлшеудің әр түрлі тегін (сызықты, сыйымдылық, салмақ, уақыт) жазумен сонымен қатар бірнеше мемлекеттерде қолданылған ақша және олардың ара қатынасын табумен айналысты. Метрологияның күрт дамуына 1975 жылы Метрикалық конвенциясының (құрамында 17 мемлекет бар) қорытындысы (Өлшеу мен таразылар және өлшеудің метрикалық эталонын жасаудың халықаралық мекемесі) себепші болды. Қазіргі кездегі метрология физика, химия т.б. жаратылыстану ғылымдарының жетістіктерін пайдаланып, физикалық тәжірибенің жоғарғы дәлдігіне сүйенеді. Қазақстанда алғашқы метрологиялық мекеме 1923 жылы Семей қаласында ұйымдастырылды. Ол 1925 жылы Семей және Жетісу губернияларындағы таразыларды, ұзындық пен көлем өлшемдерін тексеруді жүзеге асыратын өз алдына жеке палата болды. Оның бөлімдері Петропавл, Ақтөбе, Алматы қалаларында жұмыс істеді. 1930 жылы палата Алматыға көшірілді. 1974 жылы Алматы қаласында арнайы эталондар сақтайтын ғимарат салынды.
Республиканың метрологиялық қызметінде тексеру жұмыстарын жүргізу үшін 20 жұмыс эталоны (қысым, температура, масса, ұзындық, электрлік сыйымдылық, электрлік кедергі, түзу, түзу сызық, т.б.) қолданылады. 2000 жылы Қазақстанда мемлекеттік уақыт және жиілік эталоны пайдалануға енгізілді.
Куба Республикасының Ұлттық мейрамы - Тәуелсіздік күні. 1902 жылдан бастап атап өтіледі. Испан отарынан құтқарған американдықтардың әскери үкіметі Куба жерін 10 жыл басқарып, 1902 жылы бар билікті Куба президентіЭстраде Пальмеге ұсынды. Куба - Америкадағы, Вест-Индиядағы мемлекет. Оңтүстік және Солтүстік Америка құрлықтары аралығында Куба, Хувентуд және олардың жанындағы Үлкен Антиль аралдар тобында орналасқан. Аралдардың жапы саны 1600-ге жуық. Олардың көпшілігінде адамдар қоныстанбаған. Астанасы - Гавана қаласы. Ресми тілі - испан тілі. Ақша бірлігі - Куба песосы. 1976 жылғы қабылданған Конституция бойынша мемлекет билігі халықтық өкіметтің қолында. Ол өз депутаттары арасынан Мемлекеттік Кеңес сайлайды және Министрлер Кеңесінің мүшелерін бекітеді. Осы екі Кеңестің төрағасы мемлекет басшысы болып есептеледі.
Қазақстан Республикасы мен Куба арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас 1992 жылғы наурыздың 24-інде орнатылды.
Сауд Арабстаны Корольдігінің Ұлттық мейрамы - Тәуелсіздік күні. Сауд Арабстаны Оңтүстік-Батыс Азияның оңтүстік-батыс бөлігінде орналасқан мемлекет. Араб түбегінде және Қызыл теңіздегі, парсы шығанағындағы аралдарда орналасқан. Солтүстігінде Иорданиямен, Иракпен, Куәйтпен, оңтүстік және оңтүстік-батысында Йеменмен, Оманмен, Біріккен Араб Әмірілігімен, Катармен шектеседі. Әкімшілік жағынан 13 ауданға бөлінеді. Астанасы - Ар-Рияд қаласы. Ресми тілі - араб тілі. Ақша бірлігі - реал. Сауд Арабстаны - абсолюттік манархия. Мемлекет басшысы - Король. Жоғары заң шығарушы органы - Король және Консультативтік кеңес. Жоғары атқарушы органы - Министрлер Кеңесі.
Қазақстан Республикасы мен Сауд Арабстаны арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас 1994 жылғы сәуірдің 30-ында орнатылды.
ОҚИҒАЛАР
71 жыл бұрын (1940) Шығыс Қазақстан облысындағы «Шығыс сақинасы» жол құрылысы басталды.
11 жыл бұрын (2000) «Алпамыс батыр» жырының 1000 жылдығы республика көлемінде аталып өтті.
6 жыл бұрын (2005) Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Еуразиялық экономикалық қоғамдастықтың заңнамасы негіздерінің мәртебесі, оларды әзірлеу, қабылдау және іске асыру тәртібі туралы шартты бекіту туралы» Заңға қол қойды.
3 жыл бұрын (2008) НАТО киберқауіптерден қорғанудың алдыңғы қатарлы тәжірибелерін жүргізетін жаңа орталығын ашты.
Орталық киберқауіптерден қорғану саласында тәжірибелер және дайындықтар жүргізетін болады. Орталықта қызметшілерінің саны - 30 адам болады, олардың тең жартысы - альянс қызметіне қолдау көрсетуші елдер: Германия, Испания, Италия, Латвия, Литва, Словакия және Эстония елдерінің мамандары болмақ. «Орталықты құрудағы мақсат - киберқауіптерден қорғану жөніндегі тәжірибелерді жүзеге асыру және дайындық жүргізу болып отыр. Мұндай орталық НАТО-ға бұл саладағы қауіптерге бой бермеуге және оларға қарсы табанды күресуіне мүмкіндік беретін болады», деді құжатқа қол қою рәсімінде НАТО-ның трансформациялау жөніндегі жоғарғы бас қолбасшысы генерал Джеймс Маттис.
3 жыл бұрын (2008) Астрахан қаласының теңіз айлағында «Жайық» гидрогеографиялық кемесінде Қазақстан Республикасы Туының салтанатты көтерілу ресімі болды. Кемені Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің тапсырысы бойынша «Астрахан кеме зауыты» ресейлік кәсіпорны жасаған.
Салтанатты рәсімде Қазақстан тарапынан Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі «Батыс» өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің қолбасшысы контр-адмирал Р. Комратов, Қазақстан Республикасы Әскери-теңіз күштері бас қолбасшысының бірінші орынбасары Ж. Жанұзақов, «Жайық» гидрогеографиялық кемесінің капитаны, Қазақстан Республикасы Әскери-теңіз күштерінің аға лейтенанты А. Тудаков, Астрахан қаласындағы Қазақстан Республикасы Консулдығының қызметкерлері болды. Ресей тарапынан РФ Қорғаныс министрлігі Каспий флотилиясы қолбасшысының бірінші орынбасары О. Журавлев, РФ шекара және кеден қызметтерінің өкілдері қатысты.
1 жыл бұрын (2010) Мәскеуде ИТАР-ТАСС агенттігінің кеңсесінде Қазақстан Республикасы Премьер-Министрі Кәрім Мәсімовтің қатысуымен ағылшын жазушысы Джонатан Айткеннің «Нұрсұлтан Назарбаев және Қазақстан жасампаздығы» кітабының орысша аудармасы таныстырылды.
Өз сөзінде К.Мәсімов кітап авторына, басылымды ұйымдастырғаны үшін ИТАР-ТАСС агенттігіне және ресейлік «Көркем әдебиет» баспасына алғысын білдіріп, бұл еңбекте шынайы көзқарас және алдын ала екшелмеген дұрыс пікір көрініс тапқанын атап өтті.
Шараға қатысқан кітап авторы Дж.Айткеннің айтуынша, Нұрсұлтан Назарбаевтың өмірбаянын батыста алғашқы болып қолға алу арқылы Қазақстанның да, Ресейдің де қызықты тарихына, саясатына және мәдениеті әлеміне бойлаған. «Нұрсұлтан Назарбаевтың өмірін, әрине, эпикалық саяси баяндау деп айтуға болады, сонымен қатар жылы адами қатынастар сәттері көп», - деп атап көрсетті жазушы.
ЕСІМДЕР
165 жыл бұрын (1846-1902) орыс шығыстанушысы, ағартушы, миссионер КАТАРИНСКИЙ Василий Владимирович дүниеге келді.
Ресейдің Орынбор қаласында туған. Қазан қаласындағы діни семинарияны, кейін діни академияны бітірген. 1975 жылдан бастап Орынбор округінде татар, башқұрт және қазақ мектептері жөніндгі окургтік инспектор болып тағайындалып, осы жұмысты ұзақ жылдар атқарған. Сонымен бірге діни мектептердегі оқу-тәрбие жұмысының барысын бақылап отыру тапсырылған. Ол Алтынсариннің оқу ісі саласындағы идеяларын қолдап, оның іске асуына тікелей көмек берген. Торғайда облыстық және ауылдық училищелер мен мектептердің ашылып, қалыптасуына көп еңбек сіңірген. Ырғыздағы қыздар училищесіне және Орскідегі қазақ оқытушыларын даярлайтын мектепке қамқоршы болған. Сондай-ақ Орынбор окургіне қатысты оқу-ағарту істерімен байланысты құжаттар даярлап, олардың жүзеге асуына ерекше көңіл бөлген. Оның қазақ мектептері үшін орыс тілінде «Қырғыздарға арналған әліппе», «Қырғыздарға арналған орыс тілінің бастапқы оқулығы» атты оқу құралдарын жазып, қазақ тілінің грамматикасын, сөздігін жасауға қатысқан.
105 жыл бұрын (1906-1944) Кеңес Одағының батыры ИШАНОВ Естай дүниеге келді.
Қостанай облысының Жітіқара ауданында туған. Ұлы Отан соғысы майданында 60-шы армияның 3-ші гвардия Бахмач жеңіл артиллерия бригадасының 206-ші полкі құрамында ұрысқа қатысқан. Гвардия кіші сержанты Ишанов Днепрдің батыс жағалауындағы Медвин ауданында болған ұрыста дұшпанның 3 танкісін, қару-жарақ тиеген 7 автокөлігін, батальонға жуық жаяу әскерін жойған. Осы ерлігі үшін оған Кеңес Одағының Батыры атағы берілген. Ол Висла өзенінен өту кезіндегі ұрыста ерлікпен қаза тапқан.
2-ші дәрежелі Отан соғысы, 3-ші дәрежелі Даңқ, Қызыл Жұлдыз ордендерімен марапатталған. Батырдың туған жері Жетіқара қаласында ескерткіш орнатылған.
75 жыл бұрын (1936-1995) филология ғылымының кандидаты, профессор АРЫНОВ Мұхтар Ғалиұлы дүниеге келді.
Алматы облысының Ақсу ауданында туған. Алматы мемлекеттік шет тілдер институтын бітіргеннен кейін осы оқу орнының оқытушысы, кафедра меңгерушісі, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық институтының проректоры, Білім министрлігінің бөлім меңгерушісі болған. 1983 жылдан өмірінің соңына дейін Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе университетінің ректоры болды. Оның «Неміс тілінің қысқаша грамматикасы», «Неміс тілі грамматикасы» оқулықтары тіл білімі ғылымындағы елеулі табыс ретінде бағаланады. Ол 1989 жылы халыаралық «Қазақ тілі» қоғамының құрылуына ұйытқы болып, Ақтөбе облысындағы «Қазақ тілі» қоғамының төрағасы ретінде қазақ тілінде оқытатын мектептердің ашылуына көп күш-жігерін жұмсады. Арыновтың ұйымдастыруымен «Ақтөбе өңіріндегі білім беру жүйесінің дамуы» мұражайы, Абай мұражайы ашылды. Оның ұлттық философиялық, дидактикалық, этнографиялық және этнолингвистиклық деректер негізінде жазылған «Бес анық» кітабы қазақ халқының дәстүрлі дүниетанымын зерделеуге арналған алғашқы еңбектердің бірі, сонымен қатар ұлттық рухтың ерекшелігін көрсететін тіл, дін, салт-дәстүр, тарих, атамекен туралы ой-толғамдары халықтық педагогика пәнінің қалыптасуына негіз болып қаланды. Ол Есет, Көтібар батырлардың, күйші Қазанғаптың тарихи-сәулет кешендерінің бой көтеруіне ұйытқы болды. Әйтеке бидің, кердері Әбубәкірдің өмірі мен шығармашылығын зерттеуге елеулі үлес қосты. Ол Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің депутаты ретінде тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш Конституциясының «Тілдер туралы», «Жоғары білім туралы» заңдарының қабылдау мен талдау жұмысына қатысқан.
65 жыл бұрын (1946-2002) тарихшы-мұрағатшы, тарих ғылымының кандидаты ХАСАНАЕВ Марат Жақсыбайұлы дүниеге келді.
Алматы облысы Жамбыл ауданында туған. Мәскеу тарих-мұрағат институтын бітірген. 1975-1979 жылдары - Қазақ КСР Министрлер Кеңесі жанындағы Бас мұрағат басқармасының инспекторы, аға инспекторы. 1979-1994 жылдары - - Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік мұрағатының директоры. 1994-1996 жылдары - - Қазақстан Республикасы Бас мұрағат және іс қағаздары басқармасының бастығы. 1996-2000 жылдары - «Сорос-Қазақстан» қорының сарапшысы. 2000-2002 жылдары - Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік мұрағатының директоры болды.
100-ден астам ғылыми еңбектердің және «Архивное строительство в Казахстане (1920-1980)» атты кітаптың авторы.
МАМЫРДЫҢ 21-І, СЕНБІ
Дүниежүзілік қарым-қатынас пен даму мақсатындағы мәдени әралуандылық күні. 2002 жылғы желтоқсанның 20-сында «Мәдениет және даму» қарарымен мамырдың 21-ін Дүниежүзілік қарым-қатынас пен даму мақсатында мәдени әралуандылық күні деп жариялауға қаулы қабылдады.
Қазақстан Бүкіләлемдік табиғи және мәдени мұраны қорғау туралы конвенцияға 1994 жылғы сәуірдің 29-ында қосылды.
Есте қалар күннің мақсаты - қоғам мәдениетінің әртүрлі құндылығы мен маңыздылығына ақпарат беруі және әртүрлі мерекелік шаралар өткізуіне көмектесу. Бұл күн мәдениет құндылығын терең тануға әлем халықтарының ынтымақтастығының дамуына мүмкіндік береді.
Жұмыссыздықтан қорғау күні. Халықаралық еңбек ұйымының мәліметтері бойынша жұмыссыздардың саны миллиард адамға жетеді. Бұл ғаламшардағы жұмыс күшінің үштен біріне тең.
ОҚИҒАЛАР
12 жыл бұрын (1999) ақын Мұхтар Шахановқа халықаралық «Руханият» сыйлығы берілді.
12 жыл бұрын (1999) Батыс Қазақстаннан Қара теңіз жағалауына дейін созылатын Каспий мұнай құбырын төсеу басталды.
7 жыл бұрын (2004) Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясында бірінші рет Халықаралық органдық музыкалар фестивалі өтті.
6 жыл бұрын (2005) басылым беттерінде Қазақстан Республикасы Президенті Нұрсұлтан Назарбаев қол қойған «Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексіне (Жалпы бөлім) өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңы жарық көрді.
4 жыл бұрын (2007) Павлодар облысындағы Успен ауданының орталығында Кеңес Одағының Батыры Максим Милевскийге ескерткіш орнатылды.
Максим Милевский (1923-2005) Успен ауданының Павловка ауылында дүниеге келген, соғыс басталғанда майданға өз еркімен аттанған. Соғыста Сталинградтан Берлинге дейінгі жорық жолдарынан өтіп, Қырым, Литва және Латвияны азат етуге қатысқан. Қазақстандық жауынгер ұрыстардағы ерлігі үшін Қызыл жұлдыз, 3-дәрежелі «Даңқ», «Отан соғысы» ордендерімен марапатталды. Кенигсберг түбіндегі шайқаста ержүрек командирге Кеңес Одағының Батыры атағы берілді.
2004 жылы Максим Милевский республика алдында сіңірген еңбегі үшін «Парасат» орденімен марапатталды.
3 жыл бұрын (2008) Қазақстанда Ұлттық аэроғарыштық қауымдастық құрылды.
Құрамында аэроғарыштық мекемелердің басшылары, аэроғарыш саласының мамандары, қоғам өкілдері бар ынталы топ Қазақстан Республикасы Ұлттық ғарыш агенттігінің төрағасы, ғарышкер Талғат Мұсабеавты қолдап, елімізде кәсіби аэроғарыштық бірлестік - Ұлттық Аэроғарыштық қауымдастық құру қажеттігі жайында мәлімдеме жасады.
Мұндай ұйым елімізді әлемдік аэроғарыштық нарықтың толыққанды мүшесіне айналдыру жоспарын жүзеге асуыруға мұрындық болмақ. Ынталы топ өкілдерінің пікірінше, Қазақстанның әлемдік аэроғарыштық елге айналуға мүмкіндігі жеткілікті. «Байқоңыр айлағы, сынақ алаңдары, кәсіби аэродромдар, дамыған аэронавигациялық жүйе, халықаралық деңгейдегі әуе компаниялары - осыған дәлел. Сондай-ақ елімізде ғарышты бағындыруға арналған алғашқы қадамдар жасалуда» - дейді мамандар. Ұлттық аэроғарыш қауымдастығын құру арқылы оның мүшелері «Байқоңыр» ғарыш айлағының проблемаларын да шешуге ықпал жасамақ.
2 жыл бұрын (2009) «Жеті жарғы» баспасынан екі тілде жазылған «Кеден ісі бойынша сұрақтар мен жауаптар» - «Вопросы и ответы по таможенному делу» атты кітап жарық көрді. Авторы - кеден қызметінің полковнигі Бекен Нұрахметов.
Кітапта оқырмандардың үш жүздей сұрақтарына жауаптар берілген. Онда Қазақстанның заң шеңберiндегі кеден iсi туралы ғана емес, сонымен бірге бiздің елде бекiтiлген халықаралық конвенциялар, басқа да мәлiметтер жинақталған.
1 жыл бұрын (2010) Мемлекет басшысы «Сәйкестігі міндетті бағалануға (расталуға) жататын өнімнің Кеден одағының кедендік аумағындағы айналысы туралы келісімді ратификациялау туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды.
ЕСІМДЕР
115 жыл бұрын (1896-1983) техника ғылымының докторы, профессор, Қазақстан Ғылым Академиясының академигі, Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым қайраткері ЗАХАРОВ Вадим Павлович дүниеге келді.
Ресейдің Санкт-Петербор қаласында туған. Мәскеу электртехника институтын бітірген. 1944-1978 жылдары Қазақ энергетика ғылыми-зерттеу институтының аға ғылыми қызметкері, зертхана меңгерушісі, ғылыми кеңесшісі болды. 1978 жылдан өмірінің соңына дейін Орта Азия ирригация ғылыми-зерттеу институтында жұмыс істеді.
Ол кешенді су торабына арнап су шаруашылығы мен су энергетикасы салаларындағы жұмыстарды экономикалық тұрғыдан есептеу әдістерін ұсынды. Орта Азия республикалары мен Қазақстанда электрлендіру ісі және су энергетикасын дамыту жөнінде бағалы ұсыныстар жасады.
Еңбек Қызыл Ту, «Құрмет белгісі» ордендерімен және медальдармен марапатталған.
65 жыл бұрын (1946)Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы төрағасының орынбасары, «Алтын бесік» журналының бас редакторы, жазушы, драматург, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері БАЛҒАБАЕВ Сұлтанәлі дүниеге келді.
Қызылорда облысының Шиелі ауданында туған. Қазақ мемлекеттік университетінің (қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті) журналистика факультетін бітіріп, «Білім және еңбек» (қазіргі «Зерде»), «Мәдениет және тұрмыс» (қазіргі «Парасат»), журналдарында, «Жалын» баспасында, Қазақстан Жазушылар одағында қызмет істеген. Он жылға жуық Ғабит Мүсірепов атындағы Мемлекеттік академиялық жастар мен балалар театрында әдебиет бөлімінің меңгерушісі болған.
1978 жылы «Жалын» баспасынан «Жұлдызың жансын» атты қазақ спортшылары туралы деректі повестері мен әңгімелері шыққан. Содан бергі уақытта оның «Алтын сағым», «Құм мен қызғалдақ», «Дала мен дария», «Қазақтың қызыл кітабы» атты повестері мен әңгімелері, мақалалар жинақтары жарық көріп, «Қыз жиырмаға толғанда», «Біз де ғашық болғанбыз», «Қазақша күрес», «Әйелдер әлемі немесе ең жақсы еркек», «Ең әдемі келіншек», «Тойдан қайтқан қазақтар», «Жымбала, Мико және қасқыр» атты пьесалары сахнаға қойылған.
55 жыл бұрын (1956) әскери қайраткер, Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің Қытай Халық Республикасындағы әскери атташесі, генерал-майор ОРАЗОВ Еділ Лұқпанұлы дүниеге келді.
Батыс Қазақстан облысының Ақ Жайық ауданында туған. Энгельс әскери зениттік-зымырандық қолбасшылық училищесін, Георгий Жуков атындағы Әуе шабуылына қарсы қорғаныс академиясын бітірген. 1979-1993 жылдары - Энгельс әскери зениттік-зымырандық қолбасшылық училищесінің взвод командирі, батарея курсанттарының командирі, оқытушысы. 1993-1998 жылдары - Шыңғырлау аудандық әскери комиссары, Батыс Қазақстан облысы әскери комиссарының орынбасары. 1998-2002 жылдары - Маңғыстау облысының және Ақтау қаласының әскери комиссары. 2002-2005 жылдары - Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі Ұлттық университетінің бастығы. 2005-2006 жылдары - «Батыс» өңірлік қолбасшылық әскерлері қолбасшысының орынбасары. 2006 жылы - Ресей Федерациясындағы Қазақстан Республикасы Елшілігінде әскери атташе. 2007 жылы - Маңғыстау облысының жұмылдыру дайындығы, азаматтық қорғаныс, авариялар мен дүлей апаттардың алдын алуды және жоюды ұйымдастыру басқармасының бастығы. 2007-2010 жылдары - Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің Радиоэлектроника және байланыс әскери институтының бастығы. Қазіргі қызметінде 2010 жылдан бастап істейді.
Медальмен марапатталған.