ҚазАқпарат-Анонс: 2011 жылғы 24-28 наурыз аралығындағы оқиғалардың күнтізбесі

ҚазАқпарат-Анонс: 2011 жылғы 24-28 наурыз аралығындағы оқиғалардың күнтізбесі

ҮКІМЕТ

24 наурызда сағат 10-00-де Үкімет отырысы өтеді.

ҚОҒАМ

3 наурыз бен 3 сәуір аралығында Қазақстан Республикасы Президенттігіне кандидаттар сайлауалды үгіт-насихат жұмыстарын жүргізеді.

24 наурызда Қоғамдық қабылдау меңгерушісі Жұмажан Жүкеновтың ҚР президенттігінен үміткер Нұрсұлтан Назарбаевтың Қоғамдық қабылдауы жұмысының нәтижелері туралы брифингі өтеді.

24 наурызда 1986 жылғы желтоқсан оқиғасына қатысқандардың ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа бағытталған үндеуіне арналған баспасөз мәслихаты өтеді.

ҚАЗАҚСТАН ЖӘНЕ ӘЛЕМ

24 және 25 наурызда Астанада қазақ-американжыл сайынғы саяси консультациялардың екінші отырысы өтпек. Шара барысында қауіпсіздік, саясат, демократия мен адам құқықтары, экономикалық және әлеуметтік даму, энергетика салаларындағы екіжақты ынтымақтастықты талқылау жоспарлануда.

АСТАНА

24 наурызда РИА «Новости» ғимаратында «Әрекетті демократия: ҚР сайлау заңнамасының эволюциясы» баяндамасының тұсаукесері болады.

24 наурызда ҚР Ішкі істер министрлігінде өткен аптаны қорытындалуға арналған баспасөз мәслихаты болады.

АЛМАТЫ

24 наурызда Алматыда режиссер әрі продюсер Тимур Бекмамбетов бастамасымен сценарийлер байқауы ашылады .

24 наурызда Алматыдағы Қазақконцерт залында Жаңа күн жылының келуіне арналған Иран музыкасының жанды концерті.

24-27 наурыз күндері Қазақтың М.Әуезов атындағы академиялық драма театрында "Театр көктемі - 2011" фестивалі өтеді.

ЕЛЕУЛІ ОҚИҒАЛАР. АТАУЛЫ КҮНДЕР. ЕСІМДЕР.

НАУРЫЗДЫҢ 24-І, БЕЙСЕНБІ

Бүкіләлемдік туберкулезбен күрес күні. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДҰ) шешімі бойынша неміс микробиологы Роберт Кох туберкулез қоздырғышын ашқаны туралы жариялаған күн - Бүкіләлемдік туберкулезбен күрес күні болып атап өтіледі. 1993-інші жылы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы туберкулезді ұлттық апат деп, ал наурыздың 24-ін «Бүкіләлемдік туберкулезбен күрес күні» деп жариялады.

ОҚИҒАЛАР

5 жыл бұрын (2006) Қазақстан Республикасының Ұлттық академиялық кітапханасына ресейлік профессор Магомед Мальсаговтың өзінің жеке кітапханасы қорындағы Кавказды мекендейтін ингуш, шешен және басқа халықтардың өміріне қатысты сирек кездесетін кітаптарды салтанатты жағдайда тапсыру рәсімі болып өтті.

Магомед Мальсагов Қостанай өңірінде туған, бүгінде Ресейде жұмыс істейтін ғалым. Рәсімде атап көрсетілгендей, біздің жыл санауымыздың оныншы ғасырынан бергі кезеңдегі Кавказ елдерінің тарихына қатысты 170 кітаптың тек қалың оқырмандарға ғана емес, болашақ зерттеушілерге де пайдасы молынан тимек. Сондай-ақ Кавказдың ХІІІ - ХХ ғасыр аралығындағы әскери-тарихи карталары да (12 түрлі) мамандар үшін таптырмайтын құнды дүние болып табылады. Осылар арқылы оқырмандар көршілес халықтардың өмірін жан-жақты зерделеуге мүмкіндік алғалы отыр. Өз кезегінде сөз алған Магомед Сафарбекұлы ұлттық кітапханамен арадағы байланысты алда бұдан да нығайта беретіндігін, егеменді Қазақстанның қол жеткен табыстарына әрқашан сырттай тілектес болып жүргендігін атап көрсетті.

3 жыл бұрын (2008) Семейде экономика ғылымдарының кандидаты Мирхат Айдархановтың «Экономикалық теория негіздері» атты кітабының тұсаукесері өтті.

Оның қаржы-экономика саласында оқитындар мен ұстаздар үшін үлкен тәжірибелік мәні бар. «Экономикалық теория негіздері» - Шәкәрім атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің микро және макроэкономика кафедрасының меңгерушісі М.Айдархановтың жалғыз ғылыми еңбегі емес. Ол қазақ тіліндегі «Макроэкономика», «Экономикалық ілімдер тарихы», «Экономикалық теория», «Еңбек ресурстарын басқару» атты оқулықтар да жазған.

ЕСІМДЕР

80 жыл бұрын (1931) түркітанушы, филология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі, «Түрік тілі» ұйымының құрметті мүшесі, Ресей Ғылым академиясының Тіл зерттеу институты орал-алтай тілдері бөлімінің ғылыми қызметкері, Ресей Федерациясының ғылымына еңбегі сіңген қайраткер, Қырғыз Республикасының Халыққа білім беру ісінің үздігі, Әбдел Әзиз Сауд әл-Бабтина жүлдесінің иегері, Ахмет Яссауи атындағы Қазақ-Түрік халықаралық университетінің құрметті профессоры, Мәскеу аймақтық ұлттық мәдени автономиясының құрметті президенті, Мәскеулік «Қазақ тілі» қоғамының құрметті төрағасы МҰСАЕВ Кеңесбай Мұсаұлы дүниеге келді.

Оңтүстік Қазақстан облысы Созақ ауданында туған. Түркістан педагогикалық училищесін, Қазақ мемлекеттік университетін, Қазақстан Республиекасы Ғылым академиясы Тіл білімі институтының аспирантурасын бітірген. Қарайым тілінің фонетикасы мен морфологиясын қамтыған еңбегі «Қарайым тілінің грамматикасы» деген атпен жарық көрген. Онда Литва мен Украинада тұратын қарайымдардың тілдері туралы деректер жинап, тракай, галиция диалектілері жайында жазған. Ол қыпшақ тобындағы тілдерді салыстырмалы-тарихи тұрғыда қарастырып, әліпби, лексика және орфография мәселелерін зерттеумен айналысуда. «Грамматика караимского языка: фонетика и морфология», «Лексика тюркских языков в сравнительном освещении», «Лексикология тюркских языков», «Языки и письменность народов Евразии»атты еңбектері жарық көрген.

«Парасат» орденімен КСРО-ның, Қазақстанның, Ресейдің медальдарымен, КСРО Ғылым академиясының Құрмет грамотасымен марапатталған.

55 жыл бұрын (1956) «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамының қамтамасыз ету жөніндегі вице-президенті СҰЛТАНОВ Ерік Хамзаұлы дүниеге келді.

Солтүстік Қазақстан облысы Шал ақын ауданында туған. Қарағанды политехникалық институтын ( қазіргі Қарағанды мемлекеттік техникалық университеті) бітірген.

1978-1993 жылдары «Екібастұзшахтақұрылыс» комбинатында қызмет атқарған. 1993-1994 жылдары - Екібастұз қалалық әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары. 1994-1995 жылдары - Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесі Құрылыс, сәулет және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы жөніндегі комитетінің мүшесі, Қазақстан Республикасы Еңбек министрлігі жанындағы еңбек қорғау департаментінің төрағасы. 1995-1996 жылдары - «Екібастұзшахтақұрылыс» өндірістік бірлестігіінің президенті. 1996-1998 жылдары - мемлекеттік мүлікті басқару жөніндегі Павлодар аумақтық комитетінің төрағасы. 1998-1999 жылдары - Солтүстік Қазақстан облыстық мемлекеттік мүлік және жекешелендіру аумақтық комитетінің төрағасы, Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары. 1999-2000 жылдары - Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникациялар министрлігі Автомобиль жолдары департаментінің директоры. 2000-2001 жылдары - Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникациялар министрлігі Автомобиль жолдары департаментінің сыртқы займдар жөніндегі консультанттарының бас үйлестірушісі. 2001-2002 жылдары - «Қазақавтожол» РМК бас директорының бірінші орынбасары. 2002-2004 жылдары - Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникациялар министрлігі Автомобиль жолдары және инфроқұрылымдық кешендер құрылысы комитетінің төрағасы. 2004-2005 жылдары - Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникациялр министрлігі Көлік инфрақұрылымын дамыту комитетінің төрағасы. 2005-2006 жылдары - «Қазақ жолқұрылысы» ЖШС-нің бас директоры. 2006-2008 жылдары - Астана қаласы әкімінің орынбасары, бірінші орынбасары қызметтерін атқарған. 2008 жылдан бастап -қазіргі қызметінде. Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесі 13 шақырылымының депутаты болған.

«Құрмет» орденімен және медальдармен марапатталған.

НАУРЫЗДЫҢ 25-І, ЖҰМА

Халықаралық құлдық құрбандарын және трансатлантикалық құл саудасын еске алу күні. Құлдықта және құлдықтан азат ету үшін күресте қаза болғандарды құрметпен еске алу мақсатында - БҰҰ Бас Ассамблеясы 2006-ншы жылғы қарашада 2007-нші жылғы наурыздың 25-інде трансатлантикалық құл саудасын жоюдың 200 жылдығын мерекелеудің Халықаралық күні ретінде атап өтуге қаулы қабылдады. 2007-нші жылдың соңында БҰҰ Бас Ассамблеясы қарар қабылдап, мемлекеттерді жыл сайын наурыздың 25-ін Халықаралық құлдық құрбандарын және трансатлантикалық құл саудасын еске алу күні тұрғысында атап өтуге шақырды.

ОҚИҒАЛАР

5 жыл бұрын (2006) Семейде «Құнанбайдың қуғын-сүргінге ұшыраған ұрпағы» кітабы жарық көрді. Кітаптың авторы республикалық «Абай» қорының президенті Балтабек Ерсәлімов. Кітап сталиндік қуғын-сүргін жылдарындағы оқиғалар туралы баян етеді.

Б.Ерсәлімов «Абай» республикалық қорын - өткен ғасырдың 90-ыншы жылдарында құрылғалы бері басқарып келеді. Кітап материалдарын ол 10 жыл бойы жинап, дайындаған. Бұл кітапта өткен ғасырдың 20-30-ыншы жылдарындағы ұжымдастыруға, ашаршылыққа және қуғын-сүргінге байланысты оқиғалар туралы деректі материалдар келтіріледі. Бұл басылым әдебиет үшін ғана емес, қазақ халқының тарихы үшін де үлкен маңызға ие, дейді кітаптың таныстырылымына қатысқан студенттер, зиялы қауым өкілдері және қала әкімшілігінің өкілдері.

1 жыл бұрын (2010) Токиода «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК мен Жапонияның «Sumitomo Corporation» компаниясы сирек металдар бойынша бірлескен «Summit Atom Rare Earth Company» (SARECO) кәсіпорнын құру туралы құжатқа қол қойды.

Бұл шара Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың 2008 жылы Жапонияға жасаған сапарының қорытындысы бойынша жүзеге асып отыр. Сирек металл кен орындарын игеру және олардың негізінде өндіріс жасау - елдің индустриялық-инновациялық дамуының жаңа бағыты. Ол жоғары технологиялық өндірістерді құруға және сирек металдар нарығында Қазақстанның өз орнын иеленуге мүмкіндік береді. Ал сирек металдардың әлемдегі ірі импортеры болып табылатын Жапонияға ішкі нарыққа сирек металдар элементтерін жеткізуді әртараптандыруда жол ашады.

Бас кеңсесі Өскемен қаласында орналасатын SARECO-ның 51 пайызы «Қазатомөнеркәсіптің», 49 пайызы «Sumitomo Corporation» үлесінде. Бұл кәсіпорынның басты мақсаты - жоғары қосымша құны бар сирек металдар өндірісі үшін сатылас ықпалдасқан компания құру.

Ол бастапқы кезеңде сирек металдар өндірісінің техникалық экономкалық негіздемесін әзірлеумен айналысады. Жобада тау-кен байыту кешенін, сирек металдар концентратының гидрометаллургиялық өндірісін, оларды жеке металл оксидтеріне бөлу бойынша химиялық өндірісті салу және пайдалануға беру қарастырылған. Олардың әлеуетті көздері ретінде уранның қалдық қоймалары, уран кендерінің жерасты шаймалау ерітінділері және сирек металдардың минералдық кен орындары пайдаланылады. Өз жұмысын шілде айында бастауды жоспарлап отырған кәсіпорын сондай-ақ, дайын өнімнің экспортын жүзеге асырады.

ЕСІМДЕР

145 жыл бұрын (1866-1937) - қоғам және мемлекет қайраткері, ұлт-азаттық және Алаш қозғалысының жетекшісі, Алашорда автономиялы үкіметінің төрағасы, публицист, ғалым, аудармашы БӨКЕЙХАНОВ Әлихан Нұрмұхамедұлы дүниеге келді. Орта жүз ханы Бөкейдің ұрпағы. Жасынан зерек, алғыр өскен Бөкейхановты әкесі Қарқаралыға алып барып, жергілікті молданың қолына оқуға береді. Бірақ ол молданың қолынан оқуды қанағат тұтпай, қаладағы үш сыныпты бастауыш мектепке ауысады. Оны бітіргеннен кейін 1879-1886 жылдары Қарқаралы қаласындағы қазақ балаларына арналған мектепте оқыды. 1886-1890 жылдары Омбыдағы техникалық училищеде оқып, оны «техник» мамандығы бойынша бітіріп шыққан. 1890-1894 жылдары Санкт-Петербордағы Орман институтының экономика факультетінде білім алды. 1896-1903 жылдары Щербина экспедициясының жұмысына қатысады. Экспедиция жұмыстары біткеннен кейін жиналған бай материалдарды іріктеп, өңдеп, ғылыми қорытындысын жазысты. Экспедицияның қорытындылары 1903-1905 жылдары жалпы көлемі 13 том болып жарыққа шықты. Бөкейханов 1905 жылы қарашада Мәскеуде өткен земство және қала қайраткерлерінің съезіне қатысты. Съезде қазақ халқының жоғын жоқтап сөз сөйледі. Сол жылы «Халық бостандығы» (конституциялық-демократиялық) партиясының мүшелігіне, ал 1906 жылы оның Орталық комитеті құрамына енді. Бөкейханов конституциялық-демократиялық партияның Қазақстандағы бөлімшесін ашуға ынта білдірді. 1906 жылы маусымда Семейде өткен қазақ сайлаушыларының съезінде Бөкейханов «Халық бостандығы» партиясының бағдарламасын қуаттап сөз сөйледі. Бөкейханов I Мемлекеттік думаға Семей облысы қазақтары атынан депутат болып сайланды. 1912-1917 жылдары Кадеттер партиясы Орталық комитетінің мүшесі болды. Кеңес билігі тұсында ол туған елі үшін белсенді қызметтен бас тартқан емес. 1920 жылы Қазақ АКСР Егіншілік халық комиссариаты алқасының мүшесі, 1922 жылы Ұлттар істері жөніндегі халық комиссариаты (Мәскеу) жанындағы Орталық баспаның ғылыми қызметкері, 1926-1927 жылдары Ресей Ғылым академиясының ғылыми қызметкері болды. 20-шы ғасырдың басындағы қазақ қоғамының саяси және рухани өмірінде «Қазақ» газетін ұйымдастыруда және оның жалпы ұлттық деңгейге көтерілуіне Бөкейханов зор еңбек сіңірді. Оның жетекшілігімен 1917 жылы шілдеде 1-ші жалпықазақ съезі өткізілді, сондай-ақ, «Алаш» партиясы құрылды. Бөкейханов 1917 жылдың күзі мен қысында мемлекеттік бостандыққа жетудің түрлі жолдарын қарастырды. Г.Потанин бастаған Сібір автономияшыларымен қарым-қатынас жасап, Сібір автономиясы құрыла қалған күнде Қазақстанның оның құрамына енуін жақтады. Бірақ, бүкіл империя көлемінде жағдайдың күн өткен сайын шиеленісе түсуіне байланысты, бұл пікірдің іске асуы екіталай еді. Міне, осындай жағдайда Бөкейханов пен Ахмет Байтұрсынов бастаған бір топ қайраткерлердің ұсынысы мен ұйымдастыруы бойынша 1917 жылы желтоқсанның 2-13-і аралығында Орынбор қаласында қазақ мемлекеттігі туралы мәселені қараған жалпы қазақ съезі болып өтті. Съездің күн тәртібінде тұрған ең негізгі мәселе - кеңестік билікке қатынас жөнінде баяндаманы Бөкейханов жасады. Съезд қазақ облыстарын бүліншіліктен сақтау мақсатында уақытша «Ұлт Кеңесін» құрып, оның аты «Алашорда» болсын деген шешім қабылдады. 25 орыннан тұрған бұл үкіметтің төрағасы болып көпшілік дауыспен Бөкейханов сайланды. Бөкейханов Ресей императорлық география қоғамының қызметіне қызу араласты. 1896 жылы оның Батыс-Сібір бөлімінің мүшесі болды, ал 1901 жылы оның басқару комитетіне сайланды. Оның тарих саласында жазып қалдырған «Исторические судьбы Киргизского края и культурные его успехи» атты алғашқы еңбегі 1903 жылы «Россия. Полное географическое описание нашего отечества» деген көп томды альманахтың 17-ші томына еніп, Санкт-Петерборда жарық көрді. Шығармада қазақ өлкесінің тас дәуірінен бергі тарихы көрініс тапқан. Сонымен бірге қазақ даласының соңғы ғасырлардағы өмір-тарихын сипаттаған. Бөкейханов қазақ мемлекетінің пайда болуының тарихи кезеңдерін, даму заңдылықтарын да терең зерттеген. Бұған оның әр жылдары Ресей императорлық география қоғамы Батыс-Сібір бөліміне қараған Семей бөлімшесінің басылымдарында жарияланған «Из переписки (писем) киргизских ханов, султанов», «Из переписки хана Средней киргизской орды Букея и его потомков» және «Из бумаг султана Большой киргизской орды Сюка Аблайханова» атты ғылыми жарияланымдары куә бола алады. Бөкейханов назарынан Кенесары Қасымұлы бастаған ұлт азаттық көтерілісі де тыс қалмаған. Оның бұл тақырыпта 1923 жылы Ташкентте «Материалы к истории султана Кенесары Касымова» атты кітапшасы шыққан. Бөкейханов халықтың ауыз әдебиеті мұраларынан үлгі алмай ұлттық әдебиеттің өркендеуі мүмкін емес деп түсінген. Ол ауыз әдебиеті туындыларын жинауға көп күш салды. Сондай-ақ қоғам қайраткері тұңғыш абайтанушы да болды. Абай шығармаларын жаңа заманның тынысы, лебі деп түсінді, қалыптасып келе жатқан қазақтың жаңа ұлттық әдебиетінің бастамасы деп бағалады. Абайдың өлеңдері мен нақыл сөздерін жинақтауға атсалысты. Абайдың өлеңдері мен қара сөздерінің тұңғыш жинағын редакциялап, жинақтың 1909 жылы Санкт-Петерборда басылып шығуына қол ұшын берді. Бөкейхановтың кейінгі ұрпаққа қалдырған әдеби мұрасының ең көлемдісі-көркем аударма. Тәржімаларының ішінде орыстың классик жазушылары Л.Толстой, А.Чехов, В.Короленко, Д.Мамин-Сибиряктармен қатар, Еуропаның қаламгерлері, сондай-ақ, үнді, түркі тектес халықтардың әдеби шығармалары бар. Ол көркем аудармаларының басым көпшілігін 20-30-шы жылдары аралығында, КСРО халықтарының орталық баспасындағы Қазақ секциясының әдеби қызметкері болып қызмет етіп жүрген кезінде жасаған. Бөкейханов қазақ және орыс тілдерінде қатар жазған публицист. Оның қаламынан шыққан мақалалар Санкт-Петербордағы «Сибирские вопросы», «Биржевые ведомости», «Новая жизнь» секілді басылымдарда жиі шығып тұрған. Ол халықтың сана-сезімі мен ұлттық мәдениетін көтерудегі баспасөздің орасан зор маңызын бағалай білген.

65 жыл бұрын (1946-2010) белгілі күйші-домбырашы, Қазақстанның халық әртісі, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, профессор АХМЕДЯРОВ (Қаршымбай)Қаршыға Ахмедиярұлы дүниеге келді.

Атырау облысы Махамбет ауданында туған. Алматы мемлекеттік консерваториясын бітірген. 1967-1991 жылдары Құрманғазы атындағы қазақ академиялық халық аспаптар оркестрінің домбырашысы, концертмейстері, жеке орындаушысы, дирижері қызметтерін атқарған. Оның репертуарында отандық композиторлардың күйлері, сондай-ақ шет ел композиторларының шығармалары бар. 1974 жылдан Алматы мемлекеттік консерваториясында педагогикалық қызметпен шұғылданып, ғылыми-зерттеу жұмыстармен айналысты. 1981 жылы «Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген артисі» атағына ие болған. 1993 жылдан - Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының профессоры, 1996 жылдан «Домбыра» кафедрасының меңгерушісі қызметтерін атқарған.

Ол - «Шашақты найза, шалқар күн» (Махамбет), «Әсемқоңыр» (Дина), «Сарыарқа» (Құрманғазы), «Жігер» (Дәулеткерей), «Атырау» күйлер жинағы кітаптарын жарыққа шығарды. Оның «Нарын», «Қуаныш», «Сағыныш», «Аққайың», «Желдірме», т.б. күйлері бар. Ахмедияров гастрольдік сапармен Болгария, Венгрия, Югославия, Франция, Италия, Үндістан, Ангола, Португалия, Жапония, АҚШ, т.б. елдерде болды.

«Парасат» орденімен және медальдармен марапатталған.

35 жыл бұрын (1976) «Деловой мир Астана» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің құрылтайшысы, «Деловой мир», «50кз.Индустриально-инновационный Казахстан», «Отбасым» журналдарының бас редакторы СЫЗДЫҚОВА Шолпан Викторқызы дүниеге келді.

Целиноград (Астана) қаласында туған. Сакен Сейфуллин атындағы Ақмола аграрлық университетін бітірген.

1995-1997 жылдары - «Цена» қалалық газетінің менеджері, тілшісі. 1997-1999 жылдары - «ДэЛайт» ақпараттық-жарнамалар қызметінің бас редакторы. 1999-2002 жылдары - «Әрекет» Бизнес орталығы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас директоры, «Деловой мир» журналының бас редакторы қызметтерін атқарған. 2002 жылдан бастап - қазіргі қызметінде. 2005 жылы Қазақстан Республикасының, Астана қаласының «Ең үздік кәсіпкері» атанған.

«Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 10 жыл» мерейтойлық медалімен, Қазақстан Республикасы Ақпарат және мәдениет министрінің Құрмет грамотасымен марапатталған.

НАУРЫЗДЫҢ 26-Ы, СЕНБІ

Украинаның Ішкі істер министрлігінің ішкі әскерінің күні. Украинаның Жоғарғы Радасы «Украинаның Ішкі Істер Министрлігінің ішкі әскері туралы» Заңын қабылдаған күннен бастап жыл сайын аталып өтеді.

ОҚИҒАЛАР

3 жыл бұрын (2008) Алматыда Өзбекәлі Жәнібеков атындағы көшенің ашылу рәсімі өтті. Новая көшесіне Өзбекәлі Жәнібековтің есімін беру туралы шешімді Алматы әкімі мен қалалық мәслихат шығарды.

Өзбекәлі Жәнібеков (1931-1998) - мемлекеттік қайраткер, этнограф, тарих ғылымдарының кандидаты. Қазақтың Абай атындағы педагогикалық институтын (қазіргі Абай атындағы Алматы мемлекеттік университеті) бітірген.

Қазақстан ЛКЖО Орталық Комитетінің бірінші хатшысы, Қазақстан Компартиясы Торғай облыстық комитетінің хатшысы, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің шетелдермен байланыс бөлімінің меңгерушісі, Қазақстан мәдениет министрінің орынбасары, Қазақстан мәдениет министрі, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің хатшысы болды.

Ұлттық мәдениеттің, ана тілінің, қазақ халқы дәстүрлерінің өркендеуі мен дамуына үлкен үлес қосты. ХХ ғасырдың 70-ші жылдары Ахмет Яссауидің кесенесін қайта қалпына келтірудің бастамашысы болды. Қазақстан мәдениет министрі, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің хатшысы болған кезде Шығыс Қазақстан облыстық этнографиялық мұражайының дамуына айтарлықтай үлес қосқан.

Екі мәрте Еңбек Қызыл Ту орденімен наградталды.

1 жыл бұрын (2010) Астананың сол жағалауында онкологиялық және басқа да сырқаттарды ерте кезеңде анықтауға мүмкіндік беретін Позитронды-эммисиондық томограф орталығы ашылды.

Позитронды-эммисиондық томограф сәулелер арқылы ішкі ағзалардың суретін ғана емес, сонымен қатар олардың функионалдық жұмысын көруге мүмкіндік береді. ПЭТ-тің басты ерекшелігі, онкологиялық және басқа да ауруларды, олардың клиникалық белгілері көрінбей тұрған кезде анықтай алады.

Позитронды-эммисиондық томограф ядролық диагностиканың бұл түрінің дәрігерлер мен науқастардың ағзасына еш қаупі жоқ. Ядролық медицина орталығы кепілдендірілген тегін медициналық көмек шеңберінде ақысыз, сондай-ақ таяу және алыс шет елдерден келген науқастарға ақылы негізде қызмет көрсететін болады.

ЕСІМДЕР

105 жыл бұрын (1906-1983) геолог-ғалым, геология-минералогия ғылымдарының докторы, Қазақстанның еңбек сіңірген геолог-барлаушысы, Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты БЕСПАЛОВ Вениамин Федорович дүниеге келді.

РФ-ның Сызрань қаласында туған. Қазақ кен-металлургия институтын бітірген. Ұлы Отан соғысына қатысқан. 1928-1931 жылдары - Ленинград қаласындағы Геологиялық карталар институтының кіші ғылыми қызметкері. 1931-1941 жылдары - Қазақстанның Орталық және Оңтүстік геологиялық-түсіру партиясының бастығы. 1943-1955 жылдары - Қазақстанның, Оңтүстік Қазақстанның геологиялық-түсіру, іздестіру партияларында қызметтер атқарды. 1955-1968 жылдары - С.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің, Қазақ политехникалық институтының доценті, 1968-1983 жылдары - Қазақ КСР-і Ғылым академиясы геологиялық ғылымы институтының Тектоника секторының жетекшісі қызметтерін атқарған. Ғылыми еңбектері аймақтың геология мен техтоника мәселелеріне арналған. Ол Орталық Қазақстандағы прекембрий мен төменгі палеозой құрылымдарының ара жігін көрсетті, бірінші вольфрамит кен орнын ашқан. Сондай-ақ Қазақстанның көптеген аймақтарының геологиялық карталарының авторы және редакторы болды. «Джунгаро-Балхашская герцинская геологическая провинция. Вопросы геологии Азии», «Геологическая карта Казахской Советской Социалистической Республики и прилегающих территорий союзных республик», «Геологическое строение Казахской ССР» атты шығармалары жарық корген.

Еңбек Қызыл Ту орденімен және медальдармен марапатталған.

50 жыл бұрын (1961) Оңтүстік Қазақстан облыстық туризм, денешынықтыру және спорт басқармасының бастығы ҚЫРЫҚБАЕВ Полат Наурызбайұлы дүниеге келді. Оңтүстік Қазақстан облысы Ордабасы ауданында туған. Педагогитка ғылымдарының кандидаты, самбо және қазақша күрестен спорт шебері, Қазақстан Республикасының самбодан еңбек сіңірген жаттықтырушысы. Ордабасы ауданының Құрметті азаматы.

Қазақ денешынықтыру институтын, «Қайнар» университетін бітірген. 1985-1986 жылдары - Бөген аудандық балалар мен жасөспірімдер мектебінің оқытушы-бапкері, Қазақ химия технологиялық институтының Денешынықтыру кафедрасының оқытушысы. 1986-1987 жылдары - «Қайрат» балалар мен жасөспірімдер мектебінің жаттықтырушысы. 1987-1988 жылдары - Шымкент облыстық кеңесі Бөген аудандық «Қайрат» ерікті денешынықтыру және спорт қоғамының төрағасы. 1988-1989 жылдары - Арыс қаласы балалар мен жасөспірімдер мектебінің жаттықтырушысы-ұстазы, 1989-1991 жылдары - Шымкент облыстық Олимпиадалық резервтегі мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің жаттықтырушысы-ұстазы, аға жаттықтырушысы. 1991-1994 жылдары - Шымкент педагогикалық денешынықтыру институты жекпе-жек кафедрасының оқытушысы. 1994-1999 жылдары - Оңтүстік Қазақстан облысы Олимпиадалық резервтегі су және ұлттық ойындар түрі бойынша мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер жоғары спорт шеберлігі мектебінің директоры.

1999-2003 жылдары - Оңтүстік Қазақстан облыстық денешынықтыру және спорт департаментінің бастығы. 2003-2007 жылдары - Оңтүстік Қазақстан облысы кешенді жоғары спорт шеберлігі мектебінің директоры. 2007-2009 жылдары - Бекзат Саттарханов атындағы спортта дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-интернатының директоры, Ордабасы ауданы Бөген ауылдық округінің әкімі қызметтерін атқарған. «Құрмет»орденімен, медальдармен марапатталған.

45 жыл бұрын (1966) Астана қаласы әкімнің орынбасары ХОРОШУН Сергей Михаилұлы дүниеге келді. Солтүстік Қазақстан облысы Жамбыл ауданында туған. Целиноград инженерлік-құрылыс институтын бітірген.

1984-1986 жылдары - КСРО Қарулы күштер қатарында қызметте болған. 1990-1995 жылдары - «Целинограджилстрой» өндірістік құрылыс ұйымында, 1995-1998 жылдары - Целина теміржол басқармасында, 1998-2000 жылдары - «Қалалық коммуналды қожалық» МКК КҚБ-ның бөлім бастығы, бастығының орынбасары. 2000-2005 жылдары - Коммуналды қожалық департаментінің директоры. 2005-2006 жылдары Астана қаласы Энергетика және коммуналды қожалық департаментінің директоры қызметтерін атқарған.

2006 жылдан бастап - қазіргі қызметінде. 2009 жылдың наурыз айынан - «Самұрық-Қазына» жылжымайтын мүлік қоры»АҚ Директорлар кеңесінің мүшесі.

«Құрмет» орденімен және медальдармен марапатталған.

НАУРЫЗДЫҢ 27-І, ЖЕКСЕНБІ

Халықаралық театр күні. Венада өткен ЮНЕСКО жанындағы Халықаралық театр институтының (ХТИ) ХІ-ші конгресінде бекітілген. 1962 жылдан бастап аталып өтеді.

Беларус тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы мен тұрғындардың тұрмысында қызмет ететін қызметкерлердің күні. 1998 жылғы наурыздың 26-дағы Беларус Республикасы Президенті Жарлығымен бекітілген. Жыл сайын наурыздың төртінші жексенбісінде аталып өтеді.

ОҚИҒАЛАР

5 жыл бұрын (2006) Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Бельгия Корольдігінің сыртқы істер министрі, ЕҚЫҰ-ның қазіргі Төрағасы Карл де Гюхтты ақордада қабылдады. Сондай-ақ Астанада өзінің Қазақстандағы Бельгия Елшілігінің ашылуына қатысқанын айта келе, Елшілік бұдан былайғы уақытта Бельгия мен Қазақстанның арасындағы экономикалық ынтымақтастықты дамытуға үлес қоса беретіндігін жеткізді.

Қазақстан Республикасының мемлекеттік егемендігін Бельгия Корольдігі 1991 жылғы желтоқсанның 31-інде мойындады.

1992 жылғы тамыздың 25-інде дипломатиялық қарым-қатынас орнатылды.

1 жыл бұрын (2010) Алматыда КСРО және Қазақ КСР халық әртісі, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты «театрдың анасы» атанған Сабира Майқанованың құрметіне мемориалдық ескерткіш тақта ашылды

Ескерткіш тақта қазақтың ұлы актрисасы соңғы жылдары тұрған үйінде қойылды.

Сабира Майқанова 1914 жылы қаңтар айының 1-інде Қызылорда облысы, Сырдария ауданында дүниеге келді. Халық әртісі Отан алдындағы еңбегі үшін Еңбек Қызыл Ту орденімен және бірнеше медальдармен марапатталған. 1932 жылдан бастап Мұхтар Әуезов атындағы академиялық драма театрында өнер көрсетті. 1967 жылы Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанды. 1970 жылы КСРО халық артисі атағын алды. Сахна төрінің шебері - Сабира Майқанова 1995 жылы ақпан айының 14-інде дүниеден өтті.

ЕСІМДЕР

80 жыл бұрын (1931-2004) мемлекет қайраткері, Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген экономисі НАЙМУШИНА Серафима Захаровна дүниеге келді.

Ресейдің Алтай өлкесінде туған. Ленинград жоспарлау институтын бітірген.

1954-1955 жылдары - Шығыс Қазақстан облысы статистика басқармасының экономисі. 1955-1962 жылдары - Шығыс Қазақстан облысы Зырянов аудандық мемлекеттік статистика бөлімінің инспекторы. 1962-1970 жылдары - Шымкент облыстық статистика басқармасы бастығының орынбасары. Оңтүстік Қазақстан өлкелік партия комитетінің нұсқаушысы, Шымкент облыстық статистика басқармасы бастығының орынбасары. 1970-1973 жылдары - Шымкент облыстық партия комитетінің нұсқаушысы. 1973-1981 жылдары - Шымкент облыстық статистика басқармасы бастығы. 1981-1987 жылдары - Қазақ КСР-і Орталық статистка басқармасы бастығының орынбасары, бірінші орынбасары. 1987-1990 жылдары - Қазақ КСР-і Статистика жөніндегі Мемлекеттік комитеті төрағасының орынбасары қызметтерін атқарған.

Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен марапатталған.

40 жыл бұрын (1971). Физика-математика ғылымдарының докторы, «Нұр Отан» ХДП Сыртқы байланыс басқармасының бастығы САХИЕВ Саябек Қуанышбекұлы дүниеге келді.

Шымкент қаласында туған. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін және аспирантурасын, Евней Букетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін бітірген. 1995-2000 жылдары - Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің аға оқытушысы. 2000-2005 жылдары - Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің басқарма бастығы, басқарма бастығының орынбасары, бөлім бастығы, бас маманы, Қазақстан Республикасы Премьер-Министрі орынбасарының кеңесшісі, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің кадр және ұйымдастыру жұмыстары басқармасының бастығы. 2005-2008 жылдары - «Нұр Отан» ХДП Орталық аппараты бағдарламалар және сыртқы байланыс мониторингі департаментінің директоры, әлеуметтік-экономикалық саясаты департаментінің директоры, идеология департаментінің директоры, «Нұр Отан» ХДП төрағасы қызметін атқарушысының көмекшісі қызметтерін атқарған. 2008 жылдан бастап - қазіргі қызметінде.

90-нан астам ғылыми еңбектің авторы. Домбыра сыныбы бойынша Республикалық жас орындаушылар байқауының лауреаты.

Екі медальмен марапатталған.