ҮКІМЕТ
Ақпанның 4-інде Қаржы министрлігінде Қазақстан Республикасы Премьер-Министрі К.Қ.Мәсімовтің қатысуымен кеңейтілген алқа отырысы өтеді.
Ақпанның 4-інде Статистика агенттігінде 2009 жылы өткен Ұлттық халық санағының қысқаша қорытындысына арналған брифинг өтеді.
Ақпанның 5-інде Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігінде Қазақстан Республикасы Премьер-Министрі К.Қ.Мәсімовтің қатысуымен кеңейтілген алқа отырысы өтеді.
ПАРЛАМЕНТ
Ақпанның 4-інде Парламент Сенатының жалпы отырысы өтеді.
Ақпанның 4-інде Парламент Мәжілісінде Еуроодақтың Қазақстандағы өкілдігінің басшысы Н. Жустенмен кездесу болады.
ҚАЗАҚСТАН ЖӘНЕ ӘЛЕМ
Ақпанның 4-5-інде Қазақстанға Норвегия корольдігінің тақ мұрагері ханзада Хокон Магнус ресми сапармен келмек. Сапар барысында ханзада еліміз басшылығымен бірқатар кездесулері орын алады деп күтілуде.
Ақпанның 2-4-і аралығында Мемлекеттік хатшы - Сыртқы істер министрі, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының қазіргі төрағасы Қанат Саудабаевтың АҚШ-қа ресми сапары өтуде.
Ақпанның 5-інде Нью-Йоркте Мемлекеттік хатшы - Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесінің отырысына қатысады. Оның барысында Қанат Саудабаев Кеңес мүшелерін Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық ету кезінде Қазақстан жоспарлаған жұмыс бағыттарынан хабардар етеді. Сондай-ақ сол күні отандық сыртқы істер ведомствосының жетекшісінің Біріккен Ұлттар Ұйымының басшылығымен бірқатар кездесулері жоспарлған.
АСТАНА
Ақпанның 4-інде Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетов тұрғындар алдындағы есептік кездесуін өткізеді. Әкімнің халықпен жүздесуі Конгресс-Холл сарайында (Бейбітшілік көшесі,1) таңертеңгі сағат 10.00-де өтеді. Қала басшысы жиында 2009 жылы атқарылған жұмыстардың қорытындысын, елорданың жалпы экономикалық-әлеуметтік жағдайының көрсеткіштерін жариялайтын болады. Сондай-ақ, жиналған қауымның көкейлеріндегі түйіткілді сауалдарына жауап береді.
Ақпанның 4-інде «ҚазАқпарат» ұлттық компаниясының баспасөз орталығында Қазақстан әйелдері коалициясының баспасөз мәслихаты болады. Конференция әйелдердің мүдделері мен құқықтарын жан-жақты қолдау, халықаралық ынтымақтастықты кеңейту мәселелеріне арналады.
Ақпанның 4-інде Ұлттық академиялық кітапханада Ұлттық бірлік доктринасын талқылауға арналған «дөңгелек үстел» отырысы болады.
Ақпанның 4-інде Бас прокуратурада апталық брифинг өтеді.
АЛМАТЫ
Ақпан айының 2-5-і аралығында Алматыдағы «Бастау» бильярд клубында бильярд спорты бойынша ерлер және әйелдер арасында жаңа ойын маусымындағы бірінші ел чемпионаты өтуде.
Ақпанның 4-інде №2 балалар үйінде «Неке және отбасы туралы» Кодекс жобасының өзекті мәселелеріне арналған «дөңгелек үстел» отырысы өтеді.
Ақпанның 4-інде Оқушылар сарайында Медеу әкімдігі Елбасы Жолдауы жүктеген міндеттерді талқылауға арналған отырыс өткізеді.
Ақпанның 4-інде Қазақстандық баспасөз клубында Қатерлі ісікке қарсы күресудің дүниежүзілік күніне арналған баспасөз мәслихаты болады.
Ақпанның 4-інде қалалық онкологиялық диспансерде мекеме дәрілерлерінің баспасөз мәслихаты болады.
Ақпанның 4-інде Алматы аудандық және Бостандық аудандық әкімдіктерінде Жолдау жүктеген міндеттерді талқылауға арналған жиындар өтеді.
АЙМАҚ
Ақпанның 4-7-сі аралығында Семей мемлекеттік педагогикалық институтында оқу орнының ғылыми жұмыстар және халықаралық байланыстар жөніндегі проректоры, экология және география кафедрасының меңгерушісі, биология ғылымдарының докторы, профессор Михаил Семенович Паниннің 70 жылдығына арналған халықаралық конференция өтеді.
АТАУЛЫ КҮНДЕР. ЕЛЕУЛІ ОҚИҒАЛАР. МЕРЕЙТОЙЛАР.
2010 ЖЫЛДЫҢ АҚПАН АЙЫНДА:
ОҚИҒАЛАР
90 жыл бұрын (1920) Омбыда «Кедей сөзі» газетінің алғашқы саны жарық көрді. Газеттің басты мақсаты қазақ жұмыскерлеріне революция заңдарын, қазақ ауылдарындағы Совет үкіметінің қалыптасуын түсіндіру және насихаттау болып табылады. Газетте С.Сәдуақасовтың, Мадиярдың (М.Дулатов) және т.б мақалалары жарияланған. 1921 жылғы наурыздың 14-інде Петропавл қаласына көшірілді де, сонда «Бостандық туы» атымен шыға бастады.
17 жыл бұрын (1993) Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен Қазақ КСР-нің Ғарышты Зерттеу Агентствосы Қазақстан Республикасының Ұлттық Әуеғарыш Агентствосы болып өзгертілді. Байқоңырда «Космодром Байқоныр» ҰӘҒА басқармасы құрылды.
5 жыл бұрын (2005) «Семей-Невада» ядролық қаруға қарсы халықаралық қозғалысы ЮНЕСКО-ның «Память мира» («Әлем жады») бүкіләлемдік регистріне енгізілді.
5 жыл бұрын (2005) Қазақстан Республикасының мәдениет, ақпарат және спорт Министрлігінде Тілдер комитеті құрылды.
Қазақстан Республикасы Мәдениет, ақпарат және спорт министрлігінің Тiл комитетi өз құзыреті шегінде iске асыру және бақылау-қадағалау функцияларын, сондай-ақ өз құзыретіне жатқызылған қызмет саласында салааралық үйлестiрудi жүзеге асыратын Қазақстан Республикасы Мәдениет, ақпарат және спорт министрлігінің ведомствосы болып табылады. Комитеттің негiзгi мiндеттерi Тілдерді қолдану мен дамытудың 2001-2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламада қарастырылған тiлдердi дамыту саласындағы мемлекеттік саясатты iске асыру, Қазақстан Республикасындағы тілдер туралы заңнаманың сақталуын бақылауды және қадағалауды жүзеге асыру болып табылады.
АҚПАННЫҢ 4-І, БЕЙСЕНБІ
Дүниежүзілік қатерлі ісікке қарсы күрес күні. «Халықаралық онкологиялық ауруларға қарсы күрес жөніндегі одақ» (Қатерлі ісікке қарсы одақ - UICC) жариялаған. Бұл халықаралық күннің мақсаты - қатерлі ісіктің қазіргі өркениеттің ең қауіпті ауруының бірі екендігі туралы хабардарлықты арттыру, осы кеселдің алдын алуға, анықтауға және емдеуге назар аудару. Қатерлі ісік - бүкіл әлемде өлімге әкеліп соғатын кесел саналады.
Халықаралық зорлыққа қарсы күрес күні. Бұл күн 1985 жылдан бері аталып келеді. Адамды азаптаудың түрлері сан алуан.
Шри-Ланка Демократиялық Социалистік Республикасының (бұрынғы Цейлон) Ұлттық мерекесі - Тәуелсіздік күні. Ел 1948 жылы доминион құқында Ұлыбританиядан тәуелсіздік алды.
Қазақстан Республикасы мен Шри-Ланка Республикасы арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас 1992 жылғы маусымның 15-інде орнатылды.
ОҚИҒАЛАР
18 жыл бұрын (1992) Францияның Тур қаласында өткен халықаралық кинофестивальда режиссер Ермек Шынарбаевтың «Кек» фильмі бірінші орынға иеленсе, Сергей Әзімовтің «Өлі теңіз хроникасы» атты фильмі екінші жүлдеге ие болды.
18 жыл бұрын (1992) Қазақстан Республикасы мен Бангладеш Халық Республикасы арасында дипломатиялық қарым-қатынас орнату туралы хаттама қабылданды.
17 жыл бұрын (1993) Қазақстан Республикасы мен Мальта Республикасы арасында дипломатиялық қарым-қатынас орнатылды.
5 жыл бұрын (2005) Алматыда «Қазақстан Республикасының Конституциясы» атты кітап шықты. Қазақстан Республикасының қазіргі Конституциясының 10-жылдығына арналған ғылыми-заңды түсінік. Елдегі басты заңға ғылыми-заңды түсінік берген, танымал ғалым-заңгерлер Ғайрат Сапарғалиев, Мақсұт Нәрікбаев, Бауыржан Мұхамеджанов және басқалар.
1 жыл бұрын (2009) Алматыда Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде археология мен этнологияның ғылыми-зерттеу орталығы ашылды. Зерттеу орталығы тас, қола, темір, ортағасырлар археологиясы мен Қазақ этнологиясы сынды 5 бөлімнен тұрады. Бұнда У.Шалекенов, А.Төлеубаев, М.Елеуов, Ж.Таймағамбетов, Б.Қалшабаева, А.Тоқтабай сынды танымал ғалымдар жұмыс істейді.
ЕСІМДЕР
95 жыл бұрын (1915-1973) тарих ғылымдарының докторы, профессор КИМ Сын Хва дүниеге келді.
Ресей Федерациясының Приморье өлкесінде туған.
Самарқан университетін, КОКП ОК-і жанындағы Қоғамдық ғылымдар академиясын бітірген.
Қазақ КСР Ғылым Академиясының Тарих, археология және этнография институтының аға ғылыми қызметкері болған.
Негізгі ғылыми еңбектері Кеңестік корей халқының тарихы және Қазақстандағы Октябрь социалистік революциясының тарихына арналған.
«Құрмет Белгісі» орденімен және Корей Халық Демократиялық Республикасының 3 орденімен марапатталған.
70 жыл бұрын (1940) ғалым, медицина ғылымының докторы, профессор, Қазақстан Ұлттық Ғылымдар Академиясының академигі ҚҰЛҚЫБАЕВ Ғабдолла Әбдіқожаұлы дүниеге келді.
Қарағанды облысында туған.
Қарағанды мемлекеттік медицина институтын (Қарағанды мемлекеттік медицина академиясы) бітірген.
Қарағанды медицина институтында ғылыми-педагогикалық қызметпен шұғылданған. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі кардиология ғылыми-зерттеу институтының директоры, Еңбек гигиенасы мен кәсіби ауруларды зерттейтін ұлттық ғылыми орталығының директоры қызметтерін атқарған.
Ғылыми еңбектерінің негізгі бағыты теориялық токсикология, өндірістік гигиена және медициналық экология мәселелеріне арналған. Фосформен улану потогенезінің негізгі механизмдерін алғаш анықтады. Құрамында әр түрлі антиаксиданттық витаминдер, амин қышқылдары, май қышқылы және тағамдық талшықтары бар тағамның (тамақтың) улануға қарсы модификация ықпал ететіндігін анықтады. Республикадағы гигиена-экология ғылыми-зерттеулер бағытының тұжырымдамасын жасады.
Қарағанды қаласының құрметті азаматы.
АҚПАННЫҢ 5-І, ЖҰМА
Мексиканың мемлекеттік мерекесі - Конституция күні. Конституция диктаторлық режім құлағаннан кейін, 1917 жылы қабылданған болатын.
Қазақстан Республикасы мен Мексика Құрама Штаттары арасында дипломатиялық қатынас 1992 жылы сәуірдің 13-інде орнатылған.
ОҚИҒАЛАР
65 жыл бұрын(1945) Алматыда алғашқы қазақ консерваториясы ашылды.
14 жыл бұрын (1996) Қазақстанның (КАТЕЛКО) телекоммуникация консорциумі құрылды.
9 жыл бұрын (2001) Алматыда «Сөзтаным» журналының алғашқы нөмірі шықты.
1 жыл бұрын (2009) Қарағандыда малдәрігерлік зертхана ашылды. Ол толығымен халықаралық стандарттарға сай келеді. Заманауи жабдықтарымен жарақтанған жаңа зертхана аса қауіпті мал ауруларын қысқа мерзімде сынамадан өткізуге мүмкіндік береді. Мұнда сондай-ақ азық-түлік өнімдері де тексеріледі. Бұл қазақстандағы осындай алтыншы зертхана.
ЕСІМДЕР
80 жыл бұрын (1930) қазақ экономисі, экономика ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Гуманитарлық Ғылымдар Академиясының академигі ЕЛБОСЫНОВ Сүният Құсайынұлы дүниеге келді.
Семей қаласында туған.
Мәскеу түсті металдар және алтын институтын, Орал политехникалық институтының аспирантурасын бітірген.
Оның 80-нен астам ғылыми еңбектері, соның ішінде 15 монографиясы, кітапшалары, оқу құралдары бар. Ғылыми жұмыстарының негізгі бағыты - түсті металлдар өндірісін интенсификациялаудың теориялары мен әдістемелері мәселесі.
70 жыл бұрын (1940-1997) жазушы ОЙШЫБАЕВ Бақтығұл дүниеге келді.
Батыс Қазақстан облысы Сырым ауданында туған.
Қазақ мемлекеттік университетін (қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті) бітірген.
«Лениншіл жас» газетінде, одан кейін Тайпақ, Жымпиты (қазіргі Сырым) аудандық газеттерінде қызметтер атқарған. Оның алғашқы үш әңгімесі республика жас жазушыларының «Шұғыла» атты жинағына енген.
«Алыстан көрінген от», «Қимас күндер» атты әңгіме, хикаяттар кітаптарының авторы. Сондай-ақ көптеген очерктері жарық көрген.
Медальдармен марапатталған.
АҚПАННЫҢ 6-Ы, СЕНБІ
Халықаралық саамдар күні. Солтүстік Еуропаның байырғы халықтарының мейрамы - төрт елдің саамдары (Ресей, Норвегия, Швеция және Финляндия).
Халықаралық бармен күні (Қасиетті Аманда күні). Көптеген мемлекеттерде бармен мен рестораторлардың кәсіби мейрамы қасиетті Аманда күні атап өтіледі.
Шарап ашытушы мен бармендердің қорғаушысы қасиетті Аманда, Маастрихит епископбы (584-679) Францияның, Германия мен Фландрияның шарап ашытатын аймақтарында шарап ашытушылардың, шарап сатушылардың, сырашының, бар мен мейрамхана иелерін, және де бар жұмысшыларының (барменнен ыдыс жуушыға дейін) ресми қорғаушысы болып табылады.
ОҚИҒАЛАР
90 жыл бұрын (1920) Түркістан майданы революциялық әскери кеңесінің бұйрығына сәйкес жеке қазақ әскери бригадасы құрылды.
3 жыл бұрын (2007) Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев йод жетіспеушілігі ауруларының алдын алу саласындағы қоғамдық қатынастарды реттеуді әрі қарай жетілдіру мақсатында «Йод жетіспеушілігі ауруларының алдын алу туралы» Қазақстан Республикасы Заңына өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қойды.
1 жыл бұрын (2009) Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев бұқаралық ақпарат құралдары туралы заңнаманы жетілдіруге және бұқаралық ақпарат құралдарының қызметіне байланысты жекелеген әкімшілік рәсімдерді жеңілдетуге бағытталған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне бұқаралық ақпарат құралдары мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қойды.
1 жыл бұрын (2009) Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетінде «Шәкәрім және Алаш Орда» кітабінің тұсау кесер рәсімі өтті. Бұл - тарих ғылымдарының докторы, университет ректоры Ерлан Сыдыковтың көпжылғы зерттеулері.
Кітап Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінің көмегімен шықты. Бұл кітапта алғаш рет Шәкәрім Құдайбердиевтің саяси қызметі көрсетілген. Шәкәрімнің Алаш Орда қозғалысына қатынасы туралы Кеңес Одағы дәуірі кезінде жасырын болатын. Қазақ халқының данышпан ұлы ақталғаннан кейін өмірінің осы қыры зерттелді.
ЕСІМДЕР
70 жыл бұрын (1940) биология ғылымдарының докторы, профессор,Халықаралық Педагогикалық Білім беру Ғылымдары Академиясының, Халықаралық Акмеологиялық Ғылымдар Академиясының, Қазақстан Республикасы Жаратылыстану Ғылымдары Академиясының, Қазақстан Республикасы Жоғары мектеп Ғылым Академиясының корреспондент мүшесі, Семей мемлекеттік педагогикалық институтының ғылыми жұмыстар және халықаралық байланыстар жөніндегі проректоры ПАНИН Михаил Семенович дүниеге келді.
Шығыс Қазақстан облысында туған.
Семей педагогикалық институтын бітірген.
Семей педагогикалық институты химия кафедрасының меңгерушісі, биология-химия факультетінің деканы, оқу ісі жөніндегі проректоры, ректоры, «Семей» мемлекеттік университетінің, Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетінің ректоры қызметтерін атқарған. Қазіргі қызметінде - 2004 жылдан.
650-ден астам ғылыми жұмыстардың авторы, олардың арасында бес монография, жоғарғы мектеп проблемасы жөнінде 70 ғылыми-әдістемелік жұмысы бар. Сондай-ақ ол «Химиялық экология» пәні бойынша жоғарғы оқу орындары үшін алғашқы оқулық жазған ғалым. 2000 жылы оған Қазақстан Республикасы ғылымы мен техникасын дамытуға қосқан аса зор еңбегі үшін Мемлекеттік ғылыми стипендия берілген.
«Құрмет белгісі» орденімен, медальдармен марапатталған.
Семей қаласының құрметті азаматы.
55 жыл бұрын (1955) кинорежиссер, продюсер, киносценарист, актер, КСРО Кинематографистер одағының мүшесі ҚАРПЫҚОВ Абай Сәдуақасұлыдүниеге келді.
Талдықорған облысында туған.
Мәскеу мемлекеттік тарих-мұрағат институтын, С.Герасимов атындағы Бүкілодақтық мемлекеттік кинематография институтының режиссерлік факультетін бітірген.
Тұңғыш қысқа метражды көркем фильмі республика жас кинематографистерінің «Бастау - 83» байқау конкурсында үздік шықты.
А.Қарпықов отандық алғашқы «Тоғысқан тағдырлар», «Шегіртке» сериалдарының продюссері болып табылады. Сондай-ақ, «Полторы штуки», «Влюбленная рыбка», «Воздушный поцелуй», «Дорога дорогой, дорогая», «Автобус в час пик», «Бахыт. Первая кровь», «Ясновидец Мажикен», «Тот, кто нежнее», «Фара» фильмдерін түсірген.
АҚПАННЫҢ 7-І, ЖЕКСЕНБІ
Гренаданың тәуелсіздік күні. 1974 жылы ақпанның 7-інде Британ достастығының құрамында Гренаданың тәуелсіздігі жарияланды.
Жапониядағы солтүстік аумақтар күні. Жапониядағы атаулы күндер қатарында осы күн ерекше орын алады. Өйткені, бұл ел ресейлік Кунашир, Итуруп, Шикотан аралдарын өзіне қайтару туралы мәселені күн тәртібінен түсірген емес.
ОҚИҒАЛАР
80 жыл бұрын (1930) Қазақстанның оңтүстігінде көтеріліс басталды. Қысқа мерзім ішінде Созақта жергілікті құқық қорғау органы қызметкерлері талқандалып, өкілдері мен белсенділері қаза тауып, 20-ға жуығы қамауға алынды. Көтерілісті ұйымдастырушы Сұлтанбек Шолақұлы хан болып сайланып, көмекшілері ретінде Әли Асадулла, бұрынғы милиция бөлім бастығы Бейсенбаев, Кужак, Д.Әтінбаев, К.Жолшиев, С.Шалымбетов, А.Дюганов, О.Оразбаев және Т.Аюбековтар тағайындалды. Олар «Кеңес үкіметі құрысын», «Хандық өкімет жасасын» және «Қазақ үкіметі жасасын» деген ұрандар тастады. Осы жағдай жөніндегі ақпараттан кейін үкімет Созақтың айналасын қоршауға алып, «коммунистер жасағынан» тұратын бірнеше қарулы жасақ әкеліп қойды. Көтерілісшілер Шолаққорғанға қарай шегінді, бірақ №6 ауылда Никитенконың жасағы оларды тоқтаты. 15-16 ақпанда көтерілісшілер ауданына Журавлев пен Логачев жасағы келіп жетті. 4 сағаттық ұрыс көтерілісшілердің жеңілуімен аяқталды. Хан Сұлтанбек өлтірілді, 200 жуық адам тұтқынға алынып, 400-ге жуық шаруа қайтыс болды.
10 жыл бұрын (2000) Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаев Еуропаның жетекші газеттерінің журналистеріне сұхбат берді. Онда инвестициялық саясат, елдің қоғамдық-саяси жағдайы мен Астананың болашағы мәселелері жан-жақты қамтылды.
5 жыл бұрын (2005) Алматы облысында талдықорғандықтар туралы, Талдықорған қаласының Абай атындағы №1 мектеп-гимназиясының, тарих пәнінің мұғалімі Андрей Березиннің «Изменчивый мир, или время собирать камни» атты кітабы жарық көрді. Кітап
«Соль земли, немесе Версии без грифа секретности» және «Времен связующая нить» атты екі бөлімнен тұрады. Кітаптың бірінші бөлімінде А.Березиннің аймақ газеттеріне шығатын тарихи-өмірбаяндық очерктері жиналған. Кітаптың екінші бөлімі Талдықорған қаласының Абай атындағы №1 мектеп-гимназиясына арналған. Онда мектеп тарихының, мұғалімдері мен оқушылары туралы деректі очерктер жиналған. Кітап автордың өз қаражатына, тиражы 1000 дана болып шығарылды.
3 жыл бұрын (2007) Өскеменде композитор Бағдат Есдәулетованың «Жүрегім, ән сал» деген атпен шығармашылық кеші өтті. Оқырмандар алдында есеп беріп, осымен 14-ші жыл қатарынан шығармашылық кешін өткізіп отырған композитор кештен түскен қаражатын қайырымдылық мақсаттарға жұмсамақ. Б.Есдәулетова 50-ден астам әннің авторы. Композитор ұлы Абайдың, Серік Ғабдуллин, Ғалым Байбатыров, Анар Құсайынова, Ұлықбек Есдәулетов, Меруерт Сарынова сынды ақындардың өлеңдеріне ән жазған. Сондай-ақ, облыс орталығының 280 жылдығы құрметіне жазылған Өскемен қаласының әнұранының авторы.
ЕСІМДЕР
95 жыл бұрын (1915) қазақстандық ғалым, физика-математика ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Ғылым Академиясының академигі КЕЛЬМАН Вениамин Моисеевич дүниеге келді.
Ұлы Отан соғысына қатысушы.
Украинада туған.
Киев Мемлекеттік университетін бітірген.
Оның негізгі ғылыми еңбектері электронды және иондық оптика мәселелеріне арналған. 29 жаңашыл өнертабысқа авторлық куәлігі бар. 1962-1987 жылдары зертхана меңгерушісі, 1987 жылдан - Қазақстан Ядролық физика институтының бас ғылыми қызметкері. 1992 жылдан АҚШ-та тұрады.
Екінші дәрежелі Отан соғысы, Еңбек Қызыл Ту, Халықтар достығы, «Құрмет белгісі» ордендерімен және басқа да медальдармен марапатталған.
60 жыл бұрын (1950) грек-рим күресінен спорт шебері, халықаралық дәрежедегі спорт шебері, КСРО чемпионы ГРИМАЙЛО Василий Иванович дүниеге келді.
Қырғызстан Республикасында туған.
КСРО және Қарулы Күштері біріншіліктеріне бірнеше рет қатысқан. КСРО және Халықтар достығы біріншіліктерінің чемпионы болған. 1974 жылы Швецияда өткен Халықаралық турнирде екі дүркін жеңімпаз атанған.
Жаттықтырушысы - В.Псарев.