ҮКІМЕТ
Қаңтардың 15-інде «Транспорт Тауэрде» Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің қатысуымен Индустрия және сауда министрлігінің кеңейтілген алқа мәжілісі болады.
Қаңтардың 15-інде туризм және спорт министрлігінде «Азиада ойындарына дайындық» таұырыбында баспасөз мәслихаты өтеді.
Қаңтардың 15-інде Экономика және минералдық ресурстар министрлігінің кеңейтілген алқа мәжілісі өтеді.
Қаңтардың 15-інде Еңбек министрлігінде «Нұр Отан» партиясы Астана филиалының Қоғамдық қабылдауының көшпелі мәжілісі өтеді.
Қаңтардың 16-сы күні Астанада Қазақстан Республикасы Премьер-Министрі Кәрім Мәсімовтің қатысуымен Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің кеңейтілген алқа мәжілісі өтеді. Алқа мәжілісінде Әділет министрі Рашид Түсіпбеков «Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің 2009 жылдағы қызметі және 2010 жылға қойылған мақсаттары» бойынша баяндама жасайды.
МЕМЛЕКЕТТІК ХАТШЫ
Қаңтардың 12-15-і аралығында ҚР Мемлекеттік хатшысы - Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев бастаған ресми делегацияның Австрия Республикасына ресми сапары өтуде.
ПАРЛАМЕНТ
ҚАЗАҚСТАН ЖӘНЕ ӘЛЕМ
2010 жылдың қаңтар айында Венада Қазақстанның Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымындағы (ЕҚЫҰ) төрағалығына арналған салтанатты таныстырылым өтеді. Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығының ресми ашылуына орай қаңтардың 13-і күні Венада бірқатар маңызды мәдени шаралар өткізу жоспарланған. Атап айтқанда, осы қаңтардың 13-і күні Хофбург сарайындағы қазақстандық кеш ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан жолы» кітабының австриялық нұсқасының тұсаукесерімен ашылады.
2010 жылы Қазақстан Республикасының Оман Сұлтандығындағы Елшілігі ашылады.
2010 жылы қаңтардың 1-інен бастап Беларус, Қазақстан және Ресей елдері Бірыңғай кедендік тарифті енгізеді. Тарифті қалыптастыру жөніндегі өкілдік Кедендік одақ Комитетіне беріледі.
Қаңтардың 5-інен бастап Қазақстанның ЕҚЫҰ-дағы төрағалығына арналған номиналдары 1 мың теңгелік жаңа банкноттар айналымға шығарылады.
Қаңтардың 16-сы мен 18-і аралығында Мәскеу және Бүкіл Ресей Патриархы Кирилл Қазақстанда ресми сапармен келеді. Патриарх сапар аясында Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен кездеседі және Астанадағы жаңа кафедралдық соборда дұға рәсімдерін атқарады. Әулие Патриарх Кирилл сонымен қатар өзінің сапары барысында Алматыда болып, қаланың Вознесенск кафедральдық соборында дұға оқиды және Абай атындағы Мемлекеттік академиялық опера және балет театрында жұртшылықпен кездеседі.
ҚОҒАМ
Қаңтардың 1-інен бастап Қазақстанда мемлекеттік сатып алулар тек электрондық әдіспен жасалатын болады.
Қазақстан Республикасы Үкіметінің Қаулысымен Әлеуметтік сақтандырудың мемлекеттік қорынан төленетін әлеуметтік төлемақылардың көлемі қаңтардың 1-інен бастап көтеріледі.
СПОРТ
Қаңтардың 17-сі мен 22-сі аралығында елордада жас теннисшілер үшін іріктеу жарысы өтеді. Оның негізгі мақсаты - еліміздің жастар құрамасын құру.
Еліміздің грек-рим стиліндегі балуандары қаңтардың 15-17-сі аралығында Ресейдің Түмен қаласында өтетін Иван Поддубныйды еске алу турниріне қатысады.
Қаңтардың 16-сы мен 23-і аралығында Астанада ересектер арасында кикбоксингтан Қазақстан чемпионаты өтеді. Турнирдің басты мақсаты - ұлттық командаға іріктеу үшін мықтыларды анықтау.
АСТАНА
Қаңтардың 11-і мен 17-сі аралығында Президенттік мәдениет орталығында «Тәуелсіз Қазақстан Республикасы және оның негізін қалаушы - Президент Нұрсұлтан Назарбаев» деген тақырыпта көрме өтеді.
Қаңтар айында Президенттік мәдениет орталығының «Қазақ әлемі» залында сондай-ақ, И. Тасмағамбетовтың жеке коллекциясының көрмесі өтеді.
Қаңтардың 15-інде Ұлттық академиялық кітапханада «Ерейментау» кітабының таныстырылымы болады.
Қаңтардың 15-інде Жоғарғы сотта ведомствоның 2009 жылғы жұмыс қорытындысына арналған кеңейтілген кеңес өтеді.
Қаңтардың 15-і мен 24-і аралығында Астанада бокстан Қазақстан чемпионаты өтеді. Чемпионатқа облыстардан және Астана, Алматы қалаларынан барлығы 14 команда қатысады.
АЛМАТЫ
Қаңтардың 11-і мен 17-сі аралығында Алматыда VI халықаралық Жәутіков олимпиадасы өтеді. Оған Қазақстанның мамандандырылған мектептерінің 46 командасы, Алматының құрама командасы, республикалық мамандандырылған физика-математикалық мектебінің үш командасы, ТМД және алыс шетелдерден командалар қатысады.
Қаңтардың 15-інде Қазақтың әл-Фараби атындағы ұлттық университетінде «Жоғары білім - зияткер ұлтты қалыптастырудың стратегиялық ресурсы» деген тақырыпта конференция өтеді.
Қаңтардың 15-інде Денсаулық сақтау басқармасында Бірыңғай Ұлттық денсаулық сақтау жүйесін енгізу мәселесіне арналған баспасөз мәслихаты өтеді.
Қаңтардың 15-інде Қазақстандық баспасөз клубында Қазақстанда Құқықтық және салыстырмалы зерттеулер институтының құрылуына арналған баспасөз мәслихаты болады.
АТАУЛЫ КҮНДЕР. ЕЛЕУЛІ ОҚИҒАЛАР. МЕРЕЙТОЙЛАР.
ҚАҢТАРДЫҢ 15-І, ЖҰМА
Хорватияны халықаралық мойындау күні. 1992 жылдың қаңтардың 15-інде Хорватия Республикасын Еуропалық одақтың 12 елі халықаралық түрде мойындады. Дәл осы күні оған Австрия, Болгария, Канада, Венгрия, Мальта, Польша және Швейцария қосылды. 1992 жылы қаңтардың аяғына дейін тағы да жеті мемлекет: Финляндия, Румыния, Албания, Босния мен Герцеговина, Бразилия, Парагвай және Боливия мақұлдады. Хорватияны азиялық елдер ішінде бірінші болып Иран мақұлдады, ал африкалық елдерде Мысыр. 1992 жылы мамырдың 22-інде Хорватия БҰҰ-на қабылданды, және сол кезде Ресеймен, Жапониямен, АҚШ, Израильмен және Қытаймен мойындалған. Хорватияда 48 елшілік, әртүрлi халықаралық ұйымдарда алты тұрақты миссиялары, 23 елшіліктері бар және әлемнің 120 елімен дипломатиялық қарым-қатынас орнатылған.
ОҚИҒАЛАР
285 жыл бұрын (1725) Әбілқайыр ханның қазақтардың басын қосып, Түркістанды қайта алғаны жөніндегі хабар Мәскеуге жетті.
235 жыл бұрын (1775) «Жайық өзенін - Орал, сонда орналасқан казактарды оралдықтар, Жайық қаласын - Орал» деп өзгерту туралы ІІ Екатерина патшаның жарлығы шықты.
45 жыл бұрын (1965) Семей ядролық полигонында, қурап қалған Шаған өзенінің 178 метрлік тереңдігінде 104-тонналық атом бомбасы жарылды. Жарылыстың соңында ені 408 метрлік және тереңдігі 100 метрлік шұңқыр пайда болды. Содан кейін шұңқырдан 25-30 метрдей жерде айдын шалқар көл пайда болды. Жер қазатын техниканың көмегімен канал қазылып, ол арқылы су шұңқырға құйылды. Содан бастап шұңқырды су қоймасы ретінде пайдаланады.
1 жыл бұрын (2009) Республикадағы танымал жазушы Медеу Сәрсекенің жаңа кітабы жарық көрді. «Дара дарын» атты роман-эсседе қазақтың ұлы ақыны академик Қаныш Сәтпаев туралы жазылған. Жаңа баспаға ғалымның өмірі мен қызметінің әр түрлі кезеңін көрсететін үш жүзге жуық фотосуреттер кірді.
1 жыл бұрын (2009) Ақмола облысының Еңбекшiлер ауданында жаңа туристiк кешен ашылды. Бес жақсы жабдықталған коттедждер, спорт және балалар алаңы, бассейні бар 60 адамға қызмет көрсетуге есептелген орталық Щучье-Бурабай курорт аймағында орналасқан.
1 жыл бұрын (2009) «Semey» фотоальбомы жарық көрді. Тиражы 500 мың дана. Журнал қазақ, орыс, ағылшын және қытай тілдерінде басылған. Альбомда ескі Семейдің тарихи ескерткіштері, сәулеті мен мәдениетінің, қазiргi заман жаңа құрылыстары, даңғылы және көшелерінің суреттері жинақталған. Оның авторы - мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басқарушысы Айдар Самаев.
ЕСІМДЕР
75 жыл бұрын (1935) актриса, Қазақстанның халық әртісі ӘКБАРОВА Зинат дүниеге келді.
Алматы облысы Жаркент қаласында туған.
Алматы хореографиялық училищесін бітірген.
1955 жылдан бастап Ұйғыр музыкалық театрының бишісі, кейін актрисасы болды.
Әкбарова жасаған образдар қызу каңды, өткір мінезімен айқындалады. Театр сахнасында Майымхан, Лейліхан, Гүлзара (Д.Асимов пен А.Садыров «Анархан»), Гүлбадам (Д.Асимов пен В.Дьяков «Ғарип пен Сәнәм»), Гүлшеһра (Ү.Гаджибеков «Аршин мал алан»), Айхан (X.Хамзан «Майсараның айласы»), Назугум (Қ.Хасанов пен С.Башоян «Назугум»), Әмал (С.Жамал «Қара райхан»), Яренка (А.Александров пен Л.Юхвид «Малиновкадағы той») рөлдерін орындады.
60 жыл бұрын (1950-2008) сәулетші, Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген сәулетшісі, КСРО халық сәулетшісі МОНТАҚАЕВ Қалдыбай Жұмағалиұлы дүниеге келді.
Ресей Федерациясының Алтай Республикасында туған.
Қазақ политехникалық институтын бітірген.
1972-1982 жылдары Алматы Жобалау институтында сәулетші, аға сәулетші, топ жетекшісі, шеберхана бастығы, бас сәулетшісі қызметтерін атқарған. Қазақстан Сәулетшілер одағының президенті, Шығыс елдері Сәулет Академиясыньң вице-президенті, оның Қазақстандағы бөлімшесінің төрағасы, «Алматыгипрогор» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы болды.
Алматыдағы 12-қабатты экспериментті тұрғын үйдің, Қазақстан КП ОК ғимаратының, Алматыдағы Президент сарайының, Республика алаңы кешенінің, «Айнабұлақ», «Ақсай», «Орбита» ықшам аудандарындағы бірқатар кешенді құрылыстардың, сондай-ақ Мәскеу қаласындағы Қазақстан мәдени орталығы жобасының авторлар тобын басқарған. Кейінгі жылдары Астана қаласындағы Президент резиденциясы, Үкімет және Парламент үйі, бірқатар министрлер, Конгресс-холл, Астана аэропорты мен аэровокзалы, орталық әмбебап дүкені және тағы басқа жобаларын жасады.
КСРО Мемлекеттік сыйлығының иегері, Афина қаласында өткен Акрополь мұражайына арналған халықаралық байқаудың дипломанты, дүниежүзілік Бьеннале фестивалінің иегері.
Қазақстанның 2000 жылғы «Жыл сәулетшісі» атағын алған. «Құрмет» орденімен марапатталған.
ҚАҢТАРДЫҢ 16-СЫ, СЕНБІ
АҚШ-та дiни сенімнің бостандық күнi. Қаңтардың 16-сын Құрама Штаттарда дiни сенімнің бостандық күнi деп жариялай отырып, бұрынғы Президент Буш діни сенімге және сол сенімді өз сөздерімен істерінде білдіру құқығы ол «әрбір адамға берілген құқық» деп атап өтті.
Тайландта мұғалім күні. 1956 жылы премьер-министр Филд Маршал Пибулсонкрам бiлiм саласы қызметкерлерiнiң кәсiби мерекесiн - мұғалiм күнін бекітті.
ОҚИҒАЛАР
18 жыл бұрын (1992) Швеция Корольдігі Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігін мойындады.
3 жыл бұрын (2007) Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаев «Әлеуметтiк-кәсiпкерлiк бірлестіктерді құру және қызметтерін қамтамасыз ету шаралары туралы» Жарлықа қол қойды.
3 жыл бұрын (2007) Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Қазақстандық стратегиялық зерттеулер институтында (ҚСЗИ) қазiргi саясат мәселелеріне арналған төрт монография басылып шықты.
Бұл еңбек халықаралық және аймақтық аренада, соның ішінде Қазақстанда әлемдік геосаясатпен айналысатындардың стратегиялық мүдделері мен жаңа саясаттарын, біздің еліміздің Ресей, Қытай және Орталық Азия елдерімен шекара құрудағы мүдделерін зерттеуге арналған.
Төрт монографияның екеуі қазақ тілінде.
1 жыл бұрын (2009) Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Жұмыспен қамту және атаулы әлеуметтік көмек мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілеріне толықтырулар мен өзгерістер енгізу туралы» Заңға қол қойды.
ЕСІМДЕР
110 жыл бұрын (1900-1989) альпинизм және туризмнен спорт шебері, ГТО белгісінің Қазақстандағы алғашқы иегері ЗИМИН Виктор Матвеевич дүниеге келді.
Тау, шаңғы және велосипед туризмін ұйымдастырушы.
1930-1963 жылдары Абай атындағы Қазақ педагогикалық институты дене тәрбиесі кафедрасының меңгерушісі болды.
1932 жылы Каменский үстіртінде Қазақстандағы алғашқы шаңғыға арналған трамплин салды. 1934 жылы Кішіалматы шыңына көтерілген бірінші топқа, 1935 жылы Комсомол шыңына көтерілген бұқаралық альпиниадаға жетекшілік етті. Сол жылдың қазан айында республикалық альпинистер мен туристер клубын ұйымдастырды.
1935 жылы 12 адамнан тұратын альпинистер тобымен Талғар шыңына, 1938-1940 жылдары Іле Алатауы шыңдарына алғаш рет жол салды.
1940 жылы Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтында республиканың бас мектептеріне оқытушылар дайындайтын дене тәрбиесі бөлімшесін ашты. Осы бөлімшенің негізінде 1945 жылы Дене тәрбиесі институты ашылды.
В.Зимин есімі Қазақстан Республикасының спорт ардагерлері алтын кітабына енгізілген.
60 жыл бұрын (1950) актриса, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі КЕНЖЕБЕКОВА Алмахан Нұрпейісқызы дүниеге келді.
Алматы облысы Райымбек ауданында туған.
Алматы Республикалық эстрада студиясын бітірген.
1975 жылдан Б.Римова атындағы Алматы облыстық қазақ драма театрының актрисасы.
Теарт сахнасында Мақпал (Ғ.Мүсірепов «Қозы Көрпеш - Баян сұлу»), Маржан, Бопай (М.Әуезовтің «Қарагөз», «Хан Кене»), Толғанай, Әже, Жәмила, Хадиша (Ш.Айтматовтың «Ана - Жер-Ана», «Ақ кеме», «Жәмила», «Арманым, Әселім») образдарын сомдады.
ҚАҢТАРДЫҢ 17-СІ, ЖЕКСЕНБІ
Бүкіләлемдік діндер күні. 1950 жылдан бастап, БҰҰ-ның бастамасымен қаңтардың үшінші жексенбісінде аталып өтеді.
ОҚИҒАЛАР
50 жыл бұрын (1960) «Білім және еңбек» деген атпен ғылыми-танымдық журнал жарық көрді. 1989 жылдан «Зерде» деген атаумен шығады. Журнал өз оқырмандарын, оның ішінде жастар мен жасөспірімдерді отандық және әлемдік ғылым мен білім саласындағы жаңалықтармен таныстырып келеді. Қазақ басылымдарының ішінде алғаш рет әл-Фараби туралы мақала осы журналда жарияланды. Абылай хан мен Әбілқайыр ханның суреттері де тұңғыш рет «Білім және еңбекте» жарық көрді.
18 жыл бұрын (1992) Жоғарғы Кеңес «Қазақстан Республикасының прокуратурасы туралы» Заң қабылдады.
9 жыл бұрын (2001) Оралда өрт машиналары шығарыла бастады.
1 жыл бұрын (2009) Өскеменде есімі өлкенің автомобиль саласының қалыптасуы мен дамуына тікелей қатысты қаланың құрметті азаматы Григорий Флейтлихқа арналған ескерткіш тақтаның ашылу рәсімі өтті.
Г.Флейтлих (1927-2007) бұл салаға өзінің 50 жылдық еңбегін арнады. Оның жетекшілігімен облыстық жолаушылар кәсiпорындарының ең iрi материалдық-техникалық базасы және көлiк инфрақұрылымы салынды. Григорий Флейтлих Өскемен қаласының құрметті азаматының жоғарғы мәртебесімен, Еңбек Қызыл Ту, екі мәрте «Құрмет Белгісі» ордендерімен, медальдармен мараппаталған.
ЕСІМДЕР
105 жыл бұрын (1905-1987) ғалым, малдәрігерлік ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Ғылым Академиясының академигі, Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым қайраткері БОЕВ Сергей Николаевич дүниеге келді.
Орал қаласында туған.
Саратов зоотехникалық-малдәрігерлік институтын бітірген.
Қазақ малдәрігерлік ғылыми-зерттеу институты ғылыми қызметкері, зертхана меңгерушісі, директордың орынбасары, Қазақстан Ғылым Академиясы Зоология институтының зертхана меңгерушісі, ғылыми кеңесші қызметтерін атқарған.
Негізгі ғылыми еңбектері үй малдары мен тұяқты жабайы аңдарда кездесетін гельминттерді зерттеуге арналған.
К.Скрябин атындағы сыйлықтың иегері. 2 рет «Құрмет Белгісі» орденімен марапатталған. Оның есімі Республиканың Құрметті Алтын кітабына жазылған.
100 жыл бұрын (1910-1974) экономика ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген экономисі БУТИН Мәжікен Есенұлы дүниеге келді.
Батыс Қазақстан облысы Жаңақала ауданында туған.
Ленинград тұтынушылар кооперациясы институтын, Мәскеу экономика және тауартану институтының аспирантурасын бітірген.
Бутин әсіресе, бухгалтерлік есеп саласының республикада орнығуына, бухгалтер мамандар даярлауға үлкен үлес қосты. 1957 жылы ҚазМУ-де республикадағы тұңғыш бухгалтерлік есеп кафедрасын ұйымдастырды.
1945-1954 жылдары - Қазақ КСР Тамақ өнеркәсібі министрі. 1967 жылдан өмірінің соңына дейін Қазақстан Тамақ өнеркәсібі министрінің бірінші орынбасары болып істеді. Ғылыми-зерттеу жұмыстарының негізгі бағыты бухгалтерлік есеп, экономикалық талдау салаларының теориялық және тәжірибелік негіздеріне арналған.
«Бухгалтерлік есеп және бухгалтерлік сараптау», «Қазақстан тамақ өнеркәсібінің экономикасы» атты кітаптардың авторы.
1-дәрежелі Отан соғысы, екі мәрте Еңбек Қызыл Ту ордендерімен марапатталған.