ҮКІМЕТ
Қаңтардың 18-і күні Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің қатысуымен Ауыл шаруашылығы министрлігінің кеңейтілген алқа мәжілісі өтеді. Алқалы жиында министр Ақылбек Күрішбаев «Ауыл шаруашылығы министрлігінің 2009 жылғы жұмыс қорытындысы және 2010 жылғы міндеттері» деген тақырыпта баяндама жасайды.
Қаңтардың 18-інде Ішкі істер министрлігінде апталық брифинг болады.
Қаңтардың 18-інде Сыртқы істер министрлігінде апталық брифинг өтеді.
ПАРЛАМЕНТ
Қаңтардың 18-інде Парламент Мәжілісінде Үкімет сағаты өтеді. Онда Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Гүлшара Әбдіхалықова баяндама жасайды.
Қаңтардың 21-інде ҚР Парламенті Сенатының Аграрлық мәселелер және қоршаған ортаны қорғау комитеті депутаттарының көшпелі мәжілісі болады. Еліміздің басшылығы соңғы жылдары аграрлық сектордың бәсекеге қабілеттігін арттыру үшін оның басымды бағыттарына қолдау көрсету экономикалық саясатын ұстанып отыр. АӨК-ні дамытуда жаңа идеяларды, озық инновациялық технологияларды және әдістерді пайдалану ауыл шаруашылығы өндірісін тиімді жүргізудің негізгі құрамдас бөлігіне айналып келеді.
ҚАЗАҚСТАН ЖӘНЕ ӘЛЕМ
Қаңтардың 16-сы мен 18-і аралығында Мәскеу және Бүкіл Ресей Патриархы Кирилл Қазақстанда ресми сапармен келеді. Патриарх сапар аясында Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен кездеседі және Астанадағы жаңа кафедралдық соборда дұға рәсімдерін атқарады. Әулие Патриарх Кирилл сонымен қатар өзінің сапары барысында Алматыда болып, қаланың Вознесенск кафедральдық соборында дұға оқиды және Абай атындағы Мемлекеттік академиялық опера және балет театрында жұртшылықпен кездеседі.
СПОРТ
Қаңтардың 17-сі мен 22-сі аралығында елордада жас теннисшілер үшін іріктеу жарысы өтеді. Оның негізгі мақсаты - еліміздің жастар құрамасын құру.
Еліміздің грек-рим стиліндегі балуандары қаңтардың 15-17-сі аралығында Ресейдің Түмен қаласында өтетін Иван Поддубныйды еске алу турниріне қатысады.
Қаңтардың 16-сы мен 23-і аралығында Астанада ересектер арасында кикбоксингтан Қазақстан чемпионаты өтеді. Турнирдің басты мақсаты - ұлттық командаға іріктеу үшін мықтыларды анықтау.
Қаңтардың 22-24-і аралығында Павлодарда ағайынды Сергей және Иван Ярмоленконы еске алуға арналған халықаралық турнир өтеді.
АСТАНА
Қаңтар айында Президенттік мәдениет орталығының «Қазақ әлемі» залында сондай-ақ, И. Тасмағамбетовтың жеке коллекциясының көрмесі өтеді.
Қаңтардың 15-і мен 24-і аралығында Астанада бокстан Қазақстан чемпионаты өтеді. Чемпионатқа облыстардан және Астана, Алматы қалаларынан барлығы 14 команда қатысады.
Қаңтардың 18-інде Мәскеу және барша Русь Патриархы Кириллдің қатысуымен Успен соборының ашылу рәсімі болады.
Қаңтардың 20-сы күні сағат 15.00-де Қазақ экономика, қаржы және халықаралық сауда университетінің конференц-залында ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, ҰҒА академигі Кенжеғали Әбенұлы Сағадиевтің мерзімді баспасөзде жарияланған «Дағдарыс өтер де кетер, ал, болашақты бүгіннен ойлау парыз» («Кризис кризисом, но пора подумать и о будущем». «Деловая неделя» от 20.11.2009г. және «Егемен Қазақстан» газетінде) атты мақаласын талқылауға арналған дөңгелек үстел жиыны өтеді.
Қаңтардың 20-27-сі аралығында Астана қаласындағы Сарыарқа, Есіл және Алматы аудандарының әкімдері 2009 жылдың қорытындысы бойынша халық алдында есеп береді.
Қаңтардың 21-22-сі күндері елордадағы С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінде «Қазақстан Республикасы аграрлық университеттерінің күндері» өтеді.
АЛМАТЫ
Қаңтардың 23-і күні Алматыдағы Абай атындағы мемлекеттік опера және балет театрында Қазақстанның халық жазушысы, «Құрмет белгісі», «Парасат», «Достық» ордендерінің иегері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, көрнекті ақын Фариза Оңғарсынованың 70 жасқа толуына арналған салтанатты кеш өтеді,
АТАУЛЫ КҮНДЕР. ЕЛЕУЛІ ОҚИҒАЛАР. МЕРЕЙТОЙЛАР.
ҚАҢТАРДЫҢ 18-І, ДҮЙСЕНБІ
Перуда Лиманың негiзделген аптасы. 1821 жылы Лима қаласы тәуелсіз Перудің астанасы болып жарияланды. Лимада осы күнге дейін сақталып қалған айбынды шiркеулер және испандық бекзадаларының салтанатты жекежайлары, вице-корольдің сарайы бар. 1991 жылы ЮНЕСКО Лиманы адам баласының мәдени мұрасы деп жариялады.
Тунисте төңкеріс күні. Тунистегі жыл сайын қаңтардың 18-інде атап өтетін төңкеріс күні Еске алу күні ретінде де танымал. 1881 жылдан Францияның отарында болып келген Тунисте 1956 жылы ұлттық қозғалыс болып, Франциядан тәуелсiздiк алған.
ОҚИҒАЛАР
18 жыл бұрын (1992) Қазақ халқының танымал ақыны Сүйінбай Аронұлы туралы жаңа ғылыми-танымдық «Сөздің пірі - Сүйінбай» атты телефильм жарық көрді.
18 жыл бұрын (1992) Австрия Қазақстан Республикасының егемендігін мойындады.
5 жыл бұрын (2005) Алматыда журналистердің жаңа қоғамдық ұйымы «MediaNet» Халықаралық журналистика орталығы» құрылды. Орталықтың мақсаты журналистердің кәсіптік деңгейін жақсарту болып табылады.
5 жыл бұрын (2005) Пекинде «Мал өнімдерi корпорациясы» ЖАҚ қазақстандық мал шаруашылығы азық-түлiк бірлестігінің өкiлдігі ашылды.
«Мал өнімдерi корпорациясы» ЖАҚ ауыл шаруашылығын дамытуда бюджеттік қаржыландыруды ұлғайту мақсатындағы Қазақстан Республикасы Мемлекеттік агроазық бағдарламасын және ауылды қолдау үшжылдық бағдарламаларын іске асыру аясында Қазақстан Үкіметінің Қаулысымен құрылған.
Корпорация қызметiнiң негiзгi бағыттары мал өнімдерін дайындау, өңдеу және iшкi және сыртқы нарыққа шығару болып табылады.
ЕСІМДЕР
125 жыл бұрын (1885-1973) зоолог, анатом, биология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Ғылым академиясының академигі, Қазақстанның ғылым мен техника саласына еңбегі сіңген ғылым қайраткері ДОМБРОВСКИЙ Бронислав Александрович дүниеге келді.
Украинада туған.
Самар гимназиясын, Киев университетін бітірген.
1929 жылдан Қазақстанда жұмыс істеген.
Ол - елімізде жануарлардың салыстырмалы анатомиясы мен морфологиясын зерттеу мектебін, Биология ғылымындағы биоморфология бағытын қалыптастырды.
1929-1954 жылдары Алматы зоотехникалық-малдәрігерлік институтында (қазіргі Қазақ ұлттық аграрлық университеті) өзі құрған мал анатомиясы кафедрасын басқарды. 1954 жылдан өмірінің соңына дейін Қазақ мемлекеттік университетінде (әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті) жануарлар морфологиясы және зоология кафедраларына басшылық етті, кеңесші-профессор болды.
Негізгі ғылыми-зерттеу еңбектері салыстырмалы анатомия мен жануарлардың эволюциялық морфологиясына арналған. Домбровский омыртқалылар мен омыртқасыздардың тыныс алу, ас қорыту, жүрек, қантамыр, жүйке мен жыныс жүйелерінің қызметін зерттеді. Батыс Қазақстан, Украина мен Кавказ маңына зоологиялық экспедиция жасап, сол аймақтардың фаунасын зерттеді.
«Основы сравнительной морфологии животных» и «Сравнительная морфология животных и синтетическая зоология» атты ғылыми еңбектердің авторы.
110 жыл бұрын (1900-1964) қазақтың халық ақыны САРИЕВ Әбдіғали Нұрымбетұлы дүниеге келді.
Ол 1919 жылы Алматыда, 1923 жылы Ұзынағашта өткен Жетісу ақындарының слетіне, 1938 жылы Жамбыл Жабаевтың 75-жылдық мерейтойына арналып өткізілген ақындар айтысына қатысты. 1939 және 1943 жылдары Кенен Әзірбаев, Саяділ Керімбеков, Үмбетәлі Кәрібаев, Есдәулет Кәндековтармен айтысып, бақ сынасты.
Ә.Сариев «Саурық батыр», «Асу», «Алатау майданы», «Қойшы» сияқты бірнеше поэманың авторы.
Қызыл Жұлдыз орденімен және медальдармен марапатталған.
ҚАҢТАРДЫҢ 19-Ы, СЕЙСЕНБІ
Беларус құтқарушылары күнi.
Он тоғызыншы - Сұлтан күнiнiң мерекесi. Мереке араб тілінен «әмірлік» деген мағынаны білдіреді. Он екі айлық Бахаи күнтiзбесі бойынша Сұлтан айының бiрiншi күнiнде аталып өтедi.
ОҚИҒАЛАР
70 жыл бұрын (1940) Қазақ мемлекеттік шет тілдер мұғалімдер институтының негізі қаланды (қазіргі - Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университеті). Бүгінгі таңда университет Қазақстан және шетел мемлекеттерінде беделі өскен оқу-ғылыми кешендерінің бірі болып табылады.
18 жыл бұрын (1992) Алматыда Қазақстан Республикасы мен Ұлыбритания Біріккен Корольдігі және Солтүстік Ирландия арасындағы дипломатиялық қарым-қатынасты орнату туралы бірлескен өтінішке қол қою рәсімі өтті.
1 жыл бұрын (2009) Қызылордада «Ақ орда» республикалық қозғалысы» қоғамдық бірлестігінің «Ұшқыр жебе» атты жастар қанаты құрылды. Жаңа құрылымның негізгі мақсаты - жастардың қоғамдағы белсенділігін арттырып, талантты және өнерлі жастардың шығармашылығын шыңдау болып табылады. Оларды ғарыштық және ғылыми-техникалық мамандықтарға баулығаннан кейін азаматтық қоғам институттарын құру арқылы құқық бұзушылыққа қарсы күрес белсенділігі арттырылады.
1 жыл бұрын (2009) 28 күмiс шақа Атырау мұражайы қорын толтырды. Қазақстан Республикасының Ұлттық банкі шектеулі тиражпен шығарылған 28 күмiс естелік шақаларын Атырау филиалына тапсырды.
ЕСІМДЕР
45 жыл бұрын (1965) аға әділет кеңесшісі, Оңтүстік-Қазақстан облысы прокурорының бірінші орынбасары МИРАЗОВ Ғабит Төреұлы дүниеге келді.
Жамбыл облысы Жуалы ауданында туған.
С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін бітірген (әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті).
Оңтүстік-Шығыс аймақтық көлік прокурорының бірінші орынбасары қызметін атқарған. Аталған қызметінде - 2009 жылдың 9 қазанынан.
45 жыл бұрын (1965) бокстан еңбек сіңірген спорт шебері, әлем, Еуропа және КСРО чемпионы РУЖНИКОВ Игорь Иванович дүниеге келді.
Қарағанды облысының Теміртау қаласында туған.
КСРО чемпионаты және КСРО халықтары ІХ Спартакиадасының үш қола медалінің иегері. 1986 жылғы Мәскеуде өткен Өз Еріктері ойындарының жеңімпазы.
1990 жылдан кәсіпқой бокспен айналысады. 1994-1995 жылдары АҚШ-та бірнеше рет жекпе-жек өткізген.
ҚАҢТАРДЫҢ 20-СЫ, СӘРСЕНБІ
Автономды Қырым Республикасының күні. 1991 жылы ақпанның 12-де Украина КСР-нің Жоғарғы Кеңесі «Қырым Автономды Кеңестік Социалистiк Республикасын қалпына келтiру туралы» Заң қабылдады.
Ауғанстанда тоталитарлы тәртiптiң құрбандарын еске алу күні.
ОҚИҒАЛАР
15 жыл бұрын (1995) №11 Орал лицейі оқу корпусының алдындағы алаңға белгілі жазушы, қазақ халқының ардақты ұлдарының бірі Сәкен Сейфуллин ескерткіші қойылды.
1 жыл бұрын (2009) «Қазпошта» АҚ-ғы Екінші Ұлттық халық санағына арналған пошта конвертін айналымға шығарды. «Kazpost» таңбалы конвертте Екінші ұлттық халық санағының белгісі мен «Елтаңба» стандартты пошта маркасы басылған. Көлемі 220 х 110 мм-лік конверт - 1 миллион дана.
1 жыл бұрын (2009) Оралда Қазақстанның мұсылмандары діни басқармасының Батыс Қазақстан облысы бойынша өкiлі, имам Смайыл Сейітбековтің «Иман негіздері» атты кітабы жарық көрді.
Он бөлімнен тұратын, үш мың данамен шыққан кітап иман негіздеріне қатысты бірқатар ауқымды тақырыптарды қамтыған. Атап айтқанда: тәухид сенімі, ақиданың маңызы, күпірліктің түрлері, Аллаһқа, періштелерге, қасиетті кітаптарға, пайғамбарларға, о дүниенің бар екендігіне, тағдырдағы жақсы-жаманды істің бір Аллаһтан екендігіне сенім дәлелді әрі дәйекті түрде берілген.
ЕСІМДЕР
70 жыл бұрын (1940) ғалым, заң ғылымдарының докторы, профессор ӨСЕРҰЛЫ Нұралы дүниеге келді.
Оңтүстік Қазақстан облысы Түркістан қаласында туған.
Ташкенттегі Орта Азия университетін бітірген.
Еңбек жолын Қазақ КСР-і Ғылым Академиясы Философия және құқық институтының ғылыми қызметкері болып бастаған. Д.Қонаев атындағы Гуманитарлық университетінде, Қазақ мемлекеттік заң академиясында (Қазақ гуманитарлық заң университеті) дәріс беріп, Ислам құқықтарын зерттеу орталығының директоры қызметін атқарған. 2004 жылдан - Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті Тараз институты құқықтану кафедрасының меңгерушісі.
Ғылыми жұмыстары қазақ халқының дәстүрлі әдет-ғұрыптары мен салт-дәстүрлеріне, мұсылмандық заңдарға, қазақ халқының хандық билік дәуіріндегі заңдарына, шариаттың ұлттық әдет-ғұрып заңдарына әсерін зерттеуге арналған.
Қазақ мектептерінің 2-3- және 8-9-сыныптарына арналған араб тілі оқулықтарының, әдістемелік құралдары мен бағдарламаларының авторы.
Құран Кәрімді тәржімалап, аяттардың оқылуын алғаш рет қазақ әріптерінің жүйесіне түсірді.
60 жыл бұрын (1950) кәсіби журналист, палеонтолог, Орыс тілді басылымдардың бүкіләлемдік қауымдастығының мүшесі, Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының иегері КОЧЕНОВ Владимир Григорьевич дүниеге келді.
Ақмола облысында туған.
«Призыв» аудандық газетінің редакторы, республикалық ұлтаралық келісім газеті «Азамат-Таймстың» саяси шолушысы, Целиноград қалалық «Городские новости» газетінің редакторы, «Вечерняя Астана» газетінің бас редакторы қызметтерін атқарған.
Нью-Йорк, Вашингтон, Берлин, София, Мәскеу, Киев, Баку қалаларында өткен орыс тілді басылымдардың бүкіләлемдік конгресіне, Флоренция, Тулуза, Мәскеу, Таллин, Санкт-Петерборда өткен ғылыми симпозиумдерге қатысты. Халықаралық палеонтологиялық экспедицияның құрамында Моңғолияға сапар шекті.
«Очарованный странник» ғылыми-көпшілік журналының негізін салушы және ғылыми редакторы. Палеонтология және биостратиграфия саласы бойынша 70-тен астам ғылыми еңбектің авторы.
«Құрмет» орденімен марапатталған.
ҚАҢТАРДЫҢ 21-І, БЕЙСЕНБІ
Достық құшақтың халықаралық күні. Қаңтардың 21-інде бүкіләлемде ерекше мерекелердің бірі - Достық құшақтың халықаралық күні аталып өтеді. Бұл жаңа мерекенің дәстүрі бойынша танымайтын адамды да достық құшағына алуға болады.
Польшада әже күнi. Бұл күні Польшада ересек және кішкентай немерелері өз әжелерін «Әже күнімен» құттықтайды.
ОҚИҒАЛАР
13 жыл бұрын (2007) Алматыдағы Магнитогор көшесі актер, КСРО-ның халық әртісі Ыдырыс Ноғайбаевтің атына өзгертілді.
10 жыл бұрын (2000) Ақтөбе қаласында «Алтын Орда» республикалық тәуелсіз апталық газеті шыға бастады. Мемлекеттік тілде шығатын басылымның таралымы бір жылдың ішінде 26800 данаға жетті. Алматы, Астана, Ақтау, Қызылорда, Шымкент, Атырау, Орал, Қостанай қалаларында меншікті тілшілері бар.
1 жыл бұрын (2009) Республиканың елордасында қаланың 10-жылдық мерейтойына арналған «Астана» энциклопедиясының тұсау кесер рәсімі өтті.
Баспа қаланың тарихымен, экономикасымен, тұрғындары құрамымен, мәдениетімен, бiлiмімен, ғылымымен, географиялық назар аударатын жерлерімен, тарихи және мәдени мұрасымен, қала құрылысы, сонымен бiрге сирек кездесетiн ғимараттар, сәулеттiк ансамбльдерімен таныстырады. Энциклопедияда ғылым мен бiлiмнің, өнердiң белгiлi қайраткерлерiнiң өмiрбаянының мәлiметтерi енгізілген. Бас редактор, ғылыми-редакция кеңесінің төрағасы - Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағанбетов, кеңестің мүшесі - Қазақстан Республикасы Парламент Сенаты депутаты Әбіш Кекілбаев, Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед, Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым Академиясының академигі Рымғали Нұрғали, Қазақстан Республикасы Президентік мәдениет орталығының директоры Мырзатай Жолдасбеков, және т.б. Энциклопедия 20000 данамен қазақ және орыс тілінде шығарылған.
1 жыл бұрын (2009) Алматыда қала әкiмi Ахметжан Есімовтың қатысуымен Holyday Inn желiсiнiң бiрiншi қонақ үйi ашылды.
Бұл - Алматыдағы бірінші орташа класты халықаралық қонақ үйі және Қазақстандағы бірінші Holiday Inn. 230 нөмірлі қонақ үйде салтанат залы және алты қосымша конферец-залы бар.
ЕСІМДЕР
260 жыл бұрын (1750-1813) батыр, әулие, ағартушы, сәулетші БЕКЕТ АТА Мырзағұлұлы дүниеге келді.
Маңғыстау (Ақтау) қаласында туған.
Хорезмде Пақыржан қажыдан оқыған. Маңғыстау, Атырау, Үстірт аймағында медресе-мешіттер салып, халықты сауаттандыруға көп күш жұмсаған.
Жер асты ғимараттарын қашап жасаудың ежелгі дәстүрін дамытқан сәулетші әрі шебер болған.
Елінің тәуелсіздігі үшін шайқасқан батыр, қолбасшы болған.
Білімдарлығы, абыздығы мен көріпкелдік қасиеттері үшін елі оны көзі тірісінде қастерлеп, қадір тұтқан.
Маңғыстауда, Оғыландыдағы өз мешітіне жерленген. Бекет Атаны әулие тұтып, қабіріне түнейді.
70 жыл бұрын (1940) альпинизмнен спорт шебері, шыңға өрлемеуден спорт шеберіне кандидат ПОСТНИКОВА Тамара Николаевна дүниеге келді.
Алматы қаласында туған.
Қазақ мемлекеттік университетін (әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университет).
Қазақстанның альпинизм мен шыңға өрлемеуден бірнеше дүркін чемпионы.
Памирдегі Е.Корженевская шыңына, Хан Тәңірі шыңына көтерілген алғашқы әйел.
1966-1970 гг. әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде жаттықтырушы болып, альпинизм мен шыңға өрлемеуден көптеген белгілі спорт шеберлерін даярлаған.
Альпинизм ардагерлері кеңесінің мүшесі.
ҚАҢТАРДЫҢ 22-І, ЖҰМА
Польшада ата күні. Польшада қаңтардың 21-інде «Әже күнін» атап өткен соң, кішкентай және ересек немерелер қаңтардың 22-інде «Ата күнімен» өз аталарын құттықтайды.
ОҚИҒАЛАР
18 жыл бұрын (1992) Алматыда Қазақстан мен Монғолия арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас орнату хаттамасына қол қойылды.
17 жыл бұрын (1993) республика жоғары ғылыми мекеме мәртебесі берілген Қазақстан Ғылым Академиясы Ұлттық Ғылым Академиясы болып өзгертілді (ҰҒА).
ЕСІМДЕР
55 жыл бұрын (1955-1998) монументші-кескіндемеші әрі спортшы, Таэквандо федерациясының қазақстандағы тұңғыш президенті ТҮЛКИЕВ Бексейіт Әбдезұлы дүниеге келді.
Оңтүстік Қазақстан облысы Төле би ауданы Қасқасу ауылында туған.
Мәскеудегі жоғары көркем-өнер училищесін бітірген.
«Ұлы көш», «Замандастар», «Әке», «Ата-баба жері», «Суретшінің түсі», «Әже», «Түсіру алаңы», «Әкені майданға шығарып салу», т.б. кескіндемелік туындылардың авторы.
Шығармалары Бүкілодақтық және халықаралық көрмелерге қойылған.
Ол бейнелеу өнері саласындағы шығармашылық еңбегін спортпен де етене ұштастыра отырып, жастарды спортқа баулыды. Өзі таэквандодан «қара белбеу» иесі атанған.
Қасқасу ауылындағы орта мектепке есімі берілген.
ҚАҢТАРДЫҢ 23-І, СЕНБІ
ОҚИҒАЛАР
18 жыл бұрын (1992) БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі отырысында Қазақстан Республикасын БҰҰ-ға мүше етіп қабылдау туралы қарар қабылдады. 1992 жылғы наурыздың 2-сінде Қазақстан БҰҰ-ның толық мүшесі болды.
15 жыл бұрын (1995) Брюсселде Елбасы Н.Назарбаев пен Еуропа ынтымақтастығы кеңесінің төрағасы Ален Жюппе Қазақстан Республикасы мен Еуропа ынтымақтастығы арасындағы серіктестік пен ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды.
3 жыл бұрын (2007) Өскеменде Шығыс Қазақстан мемлекеттік университеті ғимаратының алдында қазақ тілі білімінің негізін салушы Сәрсен Аманжоловқа орнатылған ескерткіштің ашылу салтанатты өтті.
Қола мүсiн ескерткiшi белгiлi қазақстандық сәулетшiлер Қазақстан өнеріне еңбек сіңірген қайраткер, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығының иегері, профессор Е.Сергебаев және Жамбыл атындағы сыйлықтың иегері Б.Әбішевтердің жобалары бойынша орындалған.
С.Аманжолов (1903-1958) жоғарғы оқу орындарында қазақ тілін зерттеуде өзінің түбегейлі үлесін қосып, бағдарламалар мен курстарын енгізген, сонымен қатар мектептер мен университеттерге қазақ тіліндегі бірінші оқулықтарын жасаған түрктанушы.
ЕСІМДЕР
1140 жыл бұрын (870-950) қыпшақ даласынан шыққан ұлы энциклопедист ғалым, ойшыл, философ, математик, астролог, музыка теоретигі ӘБУ НАСР ӘЛ-ФАРАБИ, Әбу Наср Мұхаммад ибн Тархан ибн Узлағ әл-Фараби дүниеге келді.
Әскер басының отбасында туған.
Отырар медресесінде, Шаш, Самарқан, Бұхара, кейін Харран, Мысыр, Халеб (Алеппо), Бағдад шаһарларында білім алған.
Әбу Наср әл-Фараби - түркі ойшылдарының ең атақтысы, ең мәшһүрі, «Әлемнің 2-ші ұстазы» атанған ғұлама. Оның заманы «Жібек жолы» бойындағы қалалардың, оның ішінде Отырардың экономикасы мен мәдениетінің гүлденген кезіне дәл келді. Әбу Наср әл-Фараби Орта Азия, Парсы, Ирак, араб елдері қалаларына жиһанкездік сапарлар жасап, тез есейді. Ол жерлерде көптеген ғұламалармен, ойшыл-ақындармен, қайраткерлермен танысып, сұхбаттасты. Тарихи деректер бойынша 70-ке жуық тіл білген. Өздігінен көп оқып, көп ізденген ойшыл философия, логика, этика, метафизика, тіл білімі, жаратылыстану, география, математика, медицина, музыка салаларынан 164 трактат жазып қалдырды. Шығармаларында көне грек оқымыстыларының, әсіресе, Аристотельдің еңбектеріне талдау жасады (Аристотельдің «Метафизика», «Категория», «Бірінші және екінші аналитика» сияқты басты еңбектеріне түсіндірмелер жазған). Арабтың атақты ғалым-географы ибн-Хаукалдың «Китаб масалик уә мамалик» атты еңбегінде және 13 ғасырда өмір сүрген ибн-Халликан өзінің «Уфиат әл-аиан фи әл-заман» атты еңбегінде Әбу Наср әл-Фарабидің арғы аталарының аттарын (Тархан, Ұзлағ) таза түркі тілінде келтірген.
Әбу Наср әл-Фараби заманының әлеуметтік-саяси көзқарастарын, тіл мәдениетін, философиялық-гуманитарлық (философия, логика, этика, эстетика, саясат, социология, лингвистика, поэзия, шешендік, музыка) және жаратылыстану (астрономия, астрология, физика, химия, география, математика, медицина) ғылымдары салаларын терең меңгеріп, осы бағыттарда өзі де құнды ғылыми жаңалықтар ашты.
Ұлы ойшыл философияға үлкен мән берді, оған көп үміт артты. Ол философияны қоғамды оятатын зерде, парасат шамшырағы, халықты әділетті қоғамға жеткізетін негізгі бағыт, ұрпақтар арасындағы рухани-мәдени сабақтастықты ғасырларға жалғастыратын құрал, әлеуметтік-этикалық күрделі мәселелердің шешімін, уақыт талаптарының жауабын табатын әдіс деп түсінді. «Ғылымдар тізбегі» атты еңбегінде сол кездегі ғылымды үлкен-үлкен бес салаға бөледі: 1) тіл білімі және оның тараулары; 2) логика және оның тараулары; 3) математика және оның тараулары; 4) физика және оның тараулары, метафизика және оның тараулары; 5) азаматтық ғылым және оның тараулары, заң ғылымы және дін ғылымы.
Қазақстанда Әбу Наср әл-Фарабидің мұрасын ХХ ғасырдың 60-жылдары танымал ғалымдар Ақжан әл-Машани мен Қ.Сәтбаевтар зерттеген. 20-дан астам трактаттары қазақ және орыс тілдерінде басылып шыққан. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетте оның еңбектерін зерттеу, қазақшаға аудару, насихаттау орталығы құрылды.
1975 жылы Алматы, Мәскеу және Бағдадта Әбу Насрдің 1105-жылдық мерейтойы халықаралық деңгейде аталып өтті.
Оның есімі Шымкент педагогикалық институтына, Алматыдағы Қазақ мемлекеттік университетіне және бір даңғылға берілген.
35 жыл бұрын (1975) Қазақстан Республикасы Премьер-министрі Кеңсесінің жетекшісі ӘБДІРАХИМОВ Ғабидолла Рахматоллаұлы дүниеге келді.
Оңтүстік Қазақстан облысында туған.
Қазақ мемлекеттік аграрлық университетін, Неміс жоғары мемлекеттік басқару мектебін («Болашақ» бағдарламасы бойынша) бітірген.
Қазақ мемлекеттік аграрлық университетінде ассистент, Қазақстан Республикасы Мемлекеттiк қызмет iстерi жөнiндегі агенттігінiң бас маманы, бөлім бастығы, төраға кеңесшісі, төраға орынбасары, бірінші орынбасары, төрағасы қызметтерін атқарған. Қазіргі қызметінде - 2008 жылдың 13 қазанынан.
Қазақстан Республикасы Президентінің «Болашақ» халықаралық стипендиясы түлектері қауымдастығының құрметті кеңес мүшесі.
«Құрмет» орденімен, «10 жыл Астана» медалімен марапатталған.
ҚАҢТАРДЫҢ 24-І, ЖЕКСЕНБІ
ОҚИҒАЛАР
15 жыл бұрын (1995) Брюссельде болған кездесуде Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаев пен НАТО-ның Бас хатшысы Вили Клаес «Бейбітшілік жолындағы серіктестік» бағдарламасы шеңберіндегі ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды. Дәл осы күні Брюссельде Қазақстанның Бенилюкс елдеріндегі елшілігінің ашылу салтанаты болып өтті. Оған Қазақстанның мемлекет басшысы және Бельгия королі отбасының мүшелері және үкімет адамдары, осы елде тіркелген басқа елдердің елшілері қатысты.
14 жыл бұрын (1996) Қазақстан Республикасы Президенті Н.Назарбаевтың «Қазақстан Республикасының мемлекеттiк символикасы туралы» заң күші бар Жарлығы шықты.
3 жыл бұрын (2007) халықаралық баспасөз орталығында «Жаңа Астана» жаңа қоғамдық ұйымның тұсау кесер рәсімі өтті.
«Жаңа Астана» өзіне барлық қызмет саласының өкілдерін біріктіреді. Оған тұтынушылар қоғамының өкілдері, жастар ұйымдары, маслихат депутаттары, қоғам қайраткерлері мен кәсіпкерлер кіреді.
ЕСІМДЕР
110 жыл бұрын (1900-1956) режиссер, Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген өнер қайраткері ШТЕЙН Яков Соломонович дүниеге келді.
Ресейдің Орынбор қаласында туған.
1943 жылдан Алматы қаласында тұрып, Орыстың мемлекеттік академия драма театрында режиссерлікпен айналысты. Ол орыс жазушыларының шығармалары бойынша көптеген спектакльдерді осы театр сахнасына шығарды. Олардың қатарында А.Толстойдың «Иван Грозный» мен «Азапты сапарда», В.Вишневскийдің «Ұмытылмас 1919 жыл», Лопе де Веганың «Құмыралы қыз», К.Треневтің «Любовь Яровая», А.Горькийдің «Егор Булычов және баскалар», А.Штейннің «Жеке іс», А.Степанов пен И.Поповтың «Порт-Артур», Ф.Достоевскийдің «Қорланғандар мен қор болғандар», т.б. пьесалар бар. Сондай-ақ Казақтың мемлекеттік академия драма театрында актер Қ.Бадыровпен бірлесіп, М.Әуезовтің «Қара қыпшақ Қобыланды» және Ә.Тәжібаевтың «Дубай Шубаевич» пьесаларын, Ш.Аймановпен бірге Әуезовтің «Абай» романын сахнаға шығарды.
Н.Ановпен бірлесіп, «Жүрек әмірімен» атты пьесасын жазып, оны Орыс мемлекеттік академия драма театрында сахналады.
100 жыл бұрын (1910-1971) кеңес актері, режиссер, Ресейдің еңбек сіңірген әртісі ТУТЫШКИН Андрей Петрович дүниеге келді.
Молдова Республикасының Кишинев қаласында туған.
1930 жылы Е.Вахтангов атындағы Мәскеу театры жанындағы мектепті бітіріп, осы театрда 20 жылдан астам уақыт актер және режиссер болып жұмыс істеген. Сонымен қатар Ленинград музыкалық комедия театрының көркемдік жетекшісі, Лениндік комсомол атындағы Ленинград театрының бас режиссері болған.
«Волга-Волга», «Девушка с характером», «Сердца четырех», Карнавальная ночь», «Взрослые дети» атты фильмдерде комедиялық рөлдерді сомдаған. «Мы с вами где-то встречались» комедиясын қойып, «Вольный ветер», «Свадьба в Малиновке» атты оперетталарды экранға шығарған.