ҚазАқпарат-Анонс: қаңтардың 20-cы мен 24-і аралығындағы оқиғалардың күнтізбесі

ҚазАқпарат-Анонс: қаңтардың 20-cы мен 24-і аралығындағы оқиғалардың күнтізбесі

ҮКІМЕТ

Қаңтардың 20-да Астанада ЕҚЫҰ-ның қазіргі төрағасы, ҚР Мемлекеттік хатшысы-Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев Қазақстанда тіркелген дипломатиялық корпустың өкілдерімен кездесу өткізеді.

Қаңтардың 20-сында Қоршаған ортаны қорғау министрлігінде Премьер-Министр К.Мәсімовтің қатысуымен кеңейтілген алқа мәжілісі өтеді.

Қаңтардың 20-сында Жер ресурстарын басқару комитетінде Премьер-Министр К.Мәсімовтің қатысуымен кеңейтілген алқа мәжілісі өтеді.

Қаңтардың 20-сында Ішкі істер министрлігінде апталық брифинг болады.

ҚАЗАҚСТАН ЖӘНЕ ЕҚЫҰ

Қаңтардың 26-да ЕҚЫҰ-ның қазіргі төрағасы - ҚР Мемлекеттік хатшысы-Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев Брюссельде өтетін министрлер деңгейіндегі Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы-Еуропалық одақ бірлескен мәжілісінің жұмысына қатысады

ПАРЛАМЕНТ

Қаңтардың 20-сы, сәрсенбі күні, Бельгияның Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Даниель Бертран мырза Мәжіліс үйіне келеді. Бельгия Елшісі Мәжілістің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Әмзебек Жолшыбековпен кездеседі. Кездесуде Қазақстан мен Бельгия арасындағы ынтымақтастық байланысты дамытуға қатысты мәселелер қозғалмақ.

Қаңтардың 21-інде ҚР Парламенті Сенатының Аграрлық мәселелер және қоршаған ортаны қорғау комитеті депутаттарының көшпелі мәжілісі болады. Еліміздің басшылығы соңғы жылдары аграрлық сектордың бәсекеге қабілеттігін арттыру үшін оның басымды бағыттарына қолдау көрсету экономикалық саясатын ұстанып отыр. АӨК-ні дамытуда жаңа идеяларды, озық инновациялық технологияларды және әдістерді пайдалану ауыл шаруашылығы өндірісін тиімді жүргізудің негізгі құрамдас бөлігіне айналып келеді.

СПОРТ

Қаңтардың 17-сі мен 22-сі аралығында елордада жас теннисшілер үшін іріктеу жарысы өтеді. Оның негізгі мақсаты - еліміздің жастар құрамасын құру.

Еліміздің грек-рим стиліндегі балуандары қаңтардың 15-17-сі аралығында Ресейдің Түмен қаласында өтетін Иван Поддубныйды еске алу турниріне қатысады.

Қаңтардың 16-сы мен 23-і аралығында Астанада ересектер арасында кикбоксингтан Қазақстан чемпионаты өтеді. Турнирдің басты мақсаты - ұлттық командаға іріктеу үшін мықтыларды анықтау.

Қаңтардың 22-24-і аралығында Павлодарда ағайынды Сергей және Иван Ярмоленконы еске алуға арналған халықаралық турнир өтеді.

АСТАНА

Қаңтар айында Президенттік мәдениет орталығының «Қазақ әлемі» залында сондай-ақ, И. Тасмағамбетовтың жеке коллекциясының көрмесі өтеді.

Қаңтардың 15-і мен 24-і аралығында Астанада бокстан Қазақстан чемпионаты өтеді. Чемпионатқа облыстардан және Астана, Алматы қалаларынан барлығы 14 команда қатысады.

Қаңтардың 20-сы күні сағат 15.00-де Қазақ экономика, қаржы және халықаралық сауда университетінің конференц-залында ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, ҰҒА академигі Кенжеғали Әбенұлы Сағадиевтің мерзімді баспасөзде жарияланған «Дағдарыс өтер де кетер, ал, болашақты бүгіннен ойлау парыз» («Кризис кризисом, но пора подумать и о будущем». «Деловая неделя» от 20.11.2009г. және «Егемен Қазақстан» газетінде) атты мақаласын талқылауға арналған дөңгелек үстел жиыны өтеді.

Қаңтардың 20-сында Астанада ҚР Президенті жанындағы Жаппай қырып-жоятын қаруды таратпау мәселелері жөніндегі комиссияның бірінші отырысы өтеді .

Қаңтардың 20-сында «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» акционерлік қоғамының кеңсесінде Қазақстан Республикасының 2008-2010 жылдарға арналған мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасының Астана қаласында жүзеге асырыла бастауына арналған брифинг болады.

Қаңтардың 20-27-сі аралығында Астана қаласындағы Сарыарқа, Есіл және Алматы аудандарының әкімдері 2009 жылдың қорытындысы бойынша халық алдында есеп береді.

Қаңтардың 21-22-сі күндері елордадағы С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінде «Қазақстан Республикасы аграрлық университеттерінің күндері» өтеді.

2010 жылдың 20 қаңтарында Астана қаласында сағ 11:00-де «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ Астана қаласында ҚР Тұрғын үй құрылысын дамытудың 2008-2010 жылдарға арналған Мемлекеттiк бағдарламасының жүзеге асырыла бастауына орай баспасөз өкілдерінің сауалдарына жауап береді. БАҚ өкілдерімен кездесу барысында Астана қаласы бойынша Мемлекеттік бағдарламаға қатысушылардың төлем қабілеттілігін тексеру тәртібі және ҚР Тұрғын үй құрылысын дамытудың 2008-2010 жылдарға арналған Мемлекеттiк бағдарламасының Республика бойынша жүзеге асырылу барысы туралы кеңінен ақпарат беріледі.

АЛМАТЫ

Қаңтардың 20-сында «Интерфакс» баспасөз орталығында Германиядағы Қазақстан жылының ашылуына орайластырылған баспасөз мәслихаты өтеді.

Қаңтардың 20-сында Алмалы, Бостандық және Әуезов аудандары әкімдерінің есеп беру кездесулері өтеді.

Қаңтардың 23-і күні Алматыдағы Абай атындағы мемлекеттік опера және балет театрында Қазақстанның халық жазушысы, «Құрмет белгісі», «Парасат», «Достық» ордендерінің иегері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, көрнекті ақын Фариза Оңғарсынованың 70 жасқа толуына арналған салтанатты кеш өтеді.

АТАУЛЫ КҮНДЕР. ЕЛЕУЛІ ОҚИҒАЛАР. МЕРЕЙТОЙЛАР.

ҚАҢТАРДЫҢ 20-СЫ, СӘРСЕНБІ

Автономды Қырым Республикасының күні. 1991 жылы ақпанның 12-де Украина КСР-нің Жоғарғы Кеңесі «Қырым Автономды Кеңестік Социалистiк Республикасын қалпына келтiру туралы» Заң қабылдады.

Ауғанстанда тоталитарлы тәртiптiң құрбандарын еске алу күні.

ОҚИҒАЛАР

15 жыл бұрын (1995) №11 Орал лицейі оқу корпусының алдындағы алаңға белгілі жазушы, қазақ халқының ардақты ұлдарының бірі Сәкен Сейфуллин ескерткіші қойылды.

1 жыл бұрын (2009) «Қазпошта» АҚ-ғы Екінші Ұлттық халық санағына арналған пошта конвертін айналымға шығарды. «Kazpost» таңбалы конвертте Екінші ұлттық халық санағының белгісі мен «Елтаңба» стандартты пошта маркасы басылған. Көлемі 220 х 110 мм-лік конверт - 1 миллион дана.

1 жыл бұрын (2009) Оралда Қазақстанның мұсылмандары діни басқармасының Батыс Қазақстан облысы бойынша өкiлі, имам Смайыл Сейітбековтің «Иман негіздері» атты кітабы жарық көрді.

Он бөлімнен тұратын, үш мың данамен шыққан кітап иман негіздеріне қатысты бірқатар ауқымды тақырыптарды қамтыған. Атап айтқанда: тәухид сенімі, ақиданың маңызы, күпірліктің түрлері, Аллаһқа, періштелерге, қасиетті кітаптарға, пайғамбарларға, о дүниенің бар екендігіне, тағдырдағы жақсы-жаманды істің бір Аллаһтан екендігіне сенім дәлелді әрі дәйекті түрде берілген.

ЕСІМДЕР

70 жыл бұрын (1940) ғалым, заң ғылымдарының докторы, профессор ӨСЕРҰЛЫ Нұралы дүниеге келді.

Оңтүстік Қазақстан облысы Түркістан қаласында туған.

Ташкенттегі Орта Азия университетін бітірген.

Еңбек жолын Қазақ КСР-і Ғылым Академиясы Философия және құқық институтының ғылыми қызметкері болып бастаған. Д.Қонаев атындағы Гуманитарлық университетінде, Қазақ мемлекеттік заң академиясында (Қазақ гуманитарлық заң университеті) дәріс беріп, Ислам құқықтарын зерттеу орталығының директоры қызметін атқарған. 2004 жылдан - Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті Тараз институты құқықтану кафедрасының меңгерушісі.

Ғылыми жұмыстары қазақ халқының дәстүрлі әдет-ғұрыптары мен салт-дәстүрлеріне, мұсылмандық заңдарға, қазақ халқының хандық билік дәуіріндегі заңдарына, шариаттың ұлттық әдет-ғұрып заңдарына әсерін зерттеуге арналған.

Қазақ мектептерінің 2-3- және 8-9-сыныптарына арналған араб тілі оқулықтарының, әдістемелік құралдары мен бағдарламаларының авторы.

Құран Кәрімді тәржімалап, аяттардың оқылуын алғаш рет қазақ әріптерінің жүйесіне түсірді.

60 жыл бұрын (1950) кәсіби журналист, палеонтолог, Орыс тілді басылымдардың бүкіләлемдік қауымдастығының мүшесі, Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының иегері КОЧЕНОВ Владимир Григорьевич дүниеге келді.

Ақмола облысында туған.

«Призыв» аудандық газетінің редакторы, республикалық ұлтаралық келісім газеті «Азамат-Таймстың» саяси шолушысы, Целиноград қалалық «Городские новости» газетінің редакторы, «Вечерняя Астана» газетінің бас редакторы қызметтерін атқарған.

Нью-Йорк, Вашингтон, Берлин, София, Мәскеу, Киев, Баку қалаларында өткен орыс тілді басылымдардың бүкіләлемдік конгресіне, Флоренция, Тулуза, Мәскеу, Таллин, Санкт-Петерборда өткен ғылыми симпозиумдерге қатысты. Халықаралық палеонтологиялық экспедицияның құрамында Моңғолияға сапар шекті.

«Очарованный странник» ғылыми-көпшілік журналының негізін салушы және ғылыми редакторы. Палеонтология және биостратиграфия саласы бойынша 70-тен астам ғылыми еңбектің авторы.

«Құрмет» орденімен марапатталған.

ҚАҢТАРДЫҢ 21-І, БЕЙСЕНБІ

Достық құшақтың халықаралық күні. Қаңтардың 21-інде бүкіләлемде ерекше мерекелердің бірі - Достық құшақтың халықаралық күні аталып өтеді. Бұл жаңа мерекенің дәстүрі бойынша танымайтын адамды да достық құшағына алуға болады.

Польшада әже күнi. Бұл күні Польшада ересек және кішкентай немерелері өз әжелерін «Әже күнімен» құттықтайды.

ОҚИҒАЛАР

13 жыл бұрын (2007) Алматыдағы Магнитогор көшесі актер, КСРО-ның халық әртісі Ыдырыс Ноғайбаевтің атына өзгертілді.

10 жыл бұрын (2000) Ақтөбе қаласында «Алтын Орда» республикалық тәуелсіз апталық газеті шыға бастады. Мемлекеттік тілде шығатын басылымның таралымы бір жылдың ішінде 26800 данаға жетті. Алматы, Астана, Ақтау, Қызылорда, Шымкент, Атырау, Орал, Қостанай қалаларында меншікті тілшілері бар.

1 жыл бұрын (2009) Республиканың елордасында қаланың 10-жылдық мерейтойына арналған «Астана» энциклопедиясының тұсау кесер рәсімі өтті.

Баспа қаланың тарихымен, экономикасымен, тұрғындары құрамымен, мәдениетімен, бiлiмімен, ғылымымен, географиялық назар аударатын жерлерімен, тарихи және мәдени мұрасымен, қала құрылысы, сонымен бiрге сирек кездесетiн ғимараттар, сәулеттiк ансамбльдерімен таныстырады. Энциклопедияда ғылым мен бiлiмнің, өнердiң белгiлi қайраткерлерiнiң өмiрбаянының мәлiметтерi енгізілген. Бас редактор, ғылыми-редакция кеңесінің төрағасы - Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағанбетов, кеңестің мүшесі - Қазақстан Республикасы Парламент Сенаты депутаты Әбіш Кекілбаев, Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед, Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым Академиясының академигі Рымғали Нұрғали, Қазақстан Республикасы Президентік мәдениет орталығының директоры Мырзатай Жолдасбеков, және т.б. Энциклопедия 20000 данамен қазақ және орыс тілінде шығарылған.

1 жыл бұрын (2009) Алматыда қала әкiмi Ахметжан Есімовтың қатысуымен Holyday Inn желiсiнiң бiрiншi қонақ үйi ашылды.

Бұл - Алматыдағы бірінші орташа класты халықаралық қонақ үйі және Қазақстандағы бірінші Holiday Inn. 230 нөмірлі қонақ үйде салтанат залы және алты қосымша конферец-залы бар.

ЕСІМДЕР

260 жыл бұрын (1750-1813) батыр, әулие, ағартушы, сәулетші БЕКЕТ АТА Мырзағұлұлы дүниеге келді.

Маңғыстау (Ақтау) қаласында туған.

Хорезмде Пақыржан қажыдан оқыған. Маңғыстау, Атырау, Үстірт аймағында медресе-мешіттер салып, халықты сауаттандыруға көп күш жұмсаған.

Жер асты ғимараттарын қашап жасаудың ежелгі дәстүрін дамытқан сәулетші әрі шебер болған.

Елінің тәуелсіздігі үшін шайқасқан батыр, қолбасшы болған.

Білімдарлығы, абыздығы мен көріпкелдік қасиеттері үшін елі оны көзі тірісінде қастерлеп, қадір тұтқан.

Маңғыстауда, Оғыландыдағы өз мешітіне жерленген. Бекет Атаны әулие тұтып, қабіріне түнейді.

70 жыл бұрын (1940) альпинизмнен спорт шебері, шыңға өрлемеуден спорт шеберіне кандидат ПОСТНИКОВА Тамара Николаевна дүниеге келді.

Алматы қаласында туған.

Қазақ мемлекеттік университетін (әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университет).

Қазақстанның альпинизм мен шыңға өрлемеуден бірнеше дүркін чемпионы.

Памирдегі Е.Корженевская шыңына, Хан Тәңірі шыңына көтерілген алғашқы әйел.

1966-1970 гг. әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде жаттықтырушы болып, альпинизм мен шыңға өрлемеуден көптеген белгілі спорт шеберлерін даярлаған.

Альпинизм ардагерлері кеңесінің мүшесі.

ҚАҢТАРДЫҢ 22-І, ЖҰМА

Польшада ата күні. Польшада қаңтардың 21-інде «Әже күнін» атап өткен соң, кішкентай және ересек немерелер қаңтардың 22-інде «Ата күнімен» өз аталарын құттықтайды.

ОҚИҒАЛАР

18 жыл бұрын (1992) Алматыда Қазақстан мен Монғолия арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас орнату хаттамасына қол қойылды.

17 жыл бұрын (1993) республика жоғары ғылыми мекеме мәртебесі берілген Қазақстан Ғылым Академиясы Ұлттық Ғылым Академиясы болып өзгертілді (ҰҒА).

ЕСІМДЕР

55 жыл бұрын (1955-1998) монументші-кескіндемеші әрі спортшы, Таэквандо федерациясының қазақстандағы тұңғыш президенті ТҮЛКИЕВ Бексейіт Әбдезұлы дүниеге келді.

Оңтүстік Қазақстан облысы Төле би ауданы Қасқасу ауылында туған.

Мәскеудегі жоғары көркем-өнер училищесін бітірген.

«Ұлы көш», «Замандастар», «Әке», «Ата-баба жері», «Суретшінің түсі», «Әже», «Түсіру алаңы», «Әкені майданға шығарып салу», т.б. кескіндемелік туындылардың авторы.

Шығармалары Бүкілодақтық және халықаралық көрмелерге қойылған.

Ол бейнелеу өнері саласындағы шығармашылық еңбегін спортпен де етене ұштастыра отырып, жастарды спортқа баулыды. Өзі таэквандодан «қара белбеу» иесі атанған.

Қасқасу ауылындағы орта мектепке есімі берілген.

ҚАҢТАРДЫҢ 23-І, СЕНБІ

ОҚИҒАЛАР

18 жыл бұрын (1992) БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі отырысында Қазақстан Республикасын БҰҰ-ға мүше етіп қабылдау туралы қарар қабылдады. 1992 жылғы наурыздың 2-сінде Қазақстан БҰҰ-ның толық мүшесі болды.

15 жыл бұрын (1995) Брюсселде Елбасы Н.Назарбаев пен Еуропа ынтымақтастығы кеңесінің төрағасы Ален Жюппе Қазақстан Республикасы мен Еуропа ынтымақтастығы арасындағы серіктестік пен ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды.

3 жыл бұрын (2007) Өскеменде Шығыс Қазақстан мемлекеттік университеті ғимаратының алдында қазақ тілі білімінің негізін салушы Сәрсен Аманжоловқа орнатылған ескерткіштің ашылу салтанатты өтті.

Қола мүсiн ескерткiшi белгiлi қазақстандық сәулетшiлер Қазақстан өнеріне еңбек сіңірген қайраткер, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығының иегері, профессор Е.Сергебаев және Жамбыл атындағы сыйлықтың иегері Б.Әбішевтердің жобалары бойынша орындалған.

С.Аманжолов (1903-1958) жоғарғы оқу орындарында қазақ тілін зерттеуде өзінің түбегейлі үлесін қосып, бағдарламалар мен курстарын енгізген, сонымен қатар мектептер мен университеттерге қазақ тіліндегі бірінші оқулықтарын жасаған түрктанушы.

ЕСІМДЕР

1140 жыл бұрын (870-950) қыпшақ даласынан шыққан ұлы энциклопедист ғалым, ойшыл, философ, математик, астролог, музыка теоретигі ӘБУ НАСР ӘЛ-ФАРАБИ, Әбу Наср Мұхаммад ибн Тархан ибн Узлағ әл-Фараби дүниеге келді.

Әскер басының отбасында туған.

Отырар медресесінде, Шаш, Самарқан, Бұхара, кейін Харран, Мысыр, Халеб (Алеппо), Бағдад шаһарларында білім алған.

Әбу Наср әл-Фараби - түркі ойшылдарының ең атақтысы, ең мәшһүрі, «Әлемнің 2-ші ұстазы» атанған ғұлама. Оның заманы «Жібек жолы» бойындағы қалалардың, оның ішінде Отырардың экономикасы мен мәдениетінің гүлденген кезіне дәл келді. Әбу Наср әл-Фараби Орта Азия, Парсы, Ирак, араб елдері қалаларына жиһанкездік сапарлар жасап, тез есейді. Ол жерлерде көптеген ғұламалармен, ойшыл-ақындармен, қайраткерлермен танысып, сұхбаттасты. Тарихи деректер бойынша 70-ке жуық тіл білген. Өздігінен көп оқып, көп ізденген ойшыл философия, логика, этика, метафизика, тіл білімі, жаратылыстану, география, математика, медицина, музыка салаларынан 164 трактат жазып қалдырды. Шығармаларында көне грек оқымыстыларының, әсіресе, Аристотельдің еңбектеріне талдау жасады (Аристотельдің «Метафизика», «Категория», «Бірінші және екінші аналитика» сияқты басты еңбектеріне түсіндірмелер жазған). Арабтың атақты ғалым-географы ибн-Хаукалдың «Китаб масалик уә мамалик» атты еңбегінде және 13 ғасырда өмір сүрген ибн-Халликан өзінің «Уфиат әл-аиан фи әл-заман» атты еңбегінде Әбу Наср әл-Фарабидің арғы аталарының аттарын (Тархан, Ұзлағ) таза түркі тілінде келтірген.

Әбу Наср әл-Фараби заманының әлеуметтік-саяси көзқарастарын, тіл мәдениетін, философиялық-гуманитарлық (философия, логика, этика, эстетика, саясат, социология, лингвистика, поэзия, шешендік, музыка) және жаратылыстану (астрономия, астрология, физика, химия, география, математика, медицина) ғылымдары салаларын терең меңгеріп, осы бағыттарда өзі де құнды ғылыми жаңалықтар ашты.

Ұлы ойшыл философияға үлкен мән берді, оған көп үміт артты. Ол философияны қоғамды оятатын зерде, парасат шамшырағы, халықты әділетті қоғамға жеткізетін негізгі бағыт, ұрпақтар арасындағы рухани-мәдени сабақтастықты ғасырларға жалғастыратын құрал, әлеуметтік-этикалық күрделі мәселелердің шешімін, уақыт талаптарының жауабын табатын әдіс деп түсінді. «Ғылымдар тізбегі» атты еңбегінде сол кездегі ғылымды үлкен-үлкен бес салаға бөледі: 1) тіл білімі және оның тараулары; 2) логика және оның тараулары; 3) математика және оның тараулары; 4) физика және оның тараулары, метафизика және оның тараулары; 5) азаматтық ғылым және оның тараулары, заң ғылымы және дін ғылымы.

Қазақстанда Әбу Наср әл-Фарабидің мұрасын ХХ ғасырдың 60-жылдары танымал ғалымдар Ақжан әл-Машани мен Қ.Сәтбаевтар зерттеген. 20-дан астам трактаттары қазақ және орыс тілдерінде басылып шыққан. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетте оның еңбектерін зерттеу, қазақшаға аудару, насихаттау орталығы құрылды.

1975 жылы Алматы, Мәскеу және Бағдадта Әбу Насрдің 1105-жылдық мерейтойы халықаралық деңгейде аталып өтті.

Оның есімі Шымкент педагогикалық институтына, Алматыдағы Қазақ мемлекеттік университетіне және бір даңғылға берілген.

35 жыл бұрын (1975) Қазақстан Республикасы Премьер-министрі Кеңсесінің жетекшісі ӘБДІРАХИМОВ Ғабидолла Рахматоллаұлы дүниеге келді.

Оңтүстік Қазақстан облысында туған.

Қазақ мемлекеттік аграрлық университетін, Неміс жоғары мемлекеттік басқару мектебін («Болашақ» бағдарламасы бойынша) бітірген.

Қазақ мемлекеттік аграрлық университетінде ассистент, Қазақстан Республикасы Мемлекеттiк қызмет iстерi жөнiндегі агенттігінiң бас маманы, бөлім бастығы, төраға кеңесшісі, төраға орынбасары, бірінші орынбасары, төрағасы қызметтерін атқарған. Қазіргі қызметінде - 2008 жылдың 13 қазанынан.

Қазақстан Республикасы Президентінің «Болашақ» халықаралық стипендиясы түлектері қауымдастығының құрметті кеңес мүшесі.

«Құрмет» орденімен, «10 жыл Астана» медалімен марапатталған.

ҚАҢТАРДЫҢ 24-І, ЖЕКСЕНБІ

ОҚИҒАЛАР

15 жыл бұрын (1995) Брюссельде болған кездесуде Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаев пен НАТО-ның Бас хатшысы Вили Клаес «Бейбітшілік жолындағы серіктестік» бағдарламасы шеңберіндегі ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды. Дәл осы күні Брюссельде Қазақстанның Бенилюкс елдеріндегі елшілігінің ашылу салтанаты болып өтті. Оған Қазақстанның мемлекет басшысы және Бельгия королі отбасының мүшелері және үкімет адамдары, осы елде тіркелген басқа елдердің елшілері қатысты.

14 жыл бұрын (1996) Қазақстан Республикасы Президенті Н.Назарбаевтың «Қазақстан Республикасының мемлекеттiк символикасы туралы» заң күші бар Жарлығы шықты.

3 жыл бұрын (2007) халықаралық баспасөз орталығында «Жаңа Астана» жаңа қоғамдық ұйымның тұсау кесер рәсімі өтті.

«Жаңа Астана» өзіне барлық қызмет саласының өкілдерін біріктіреді. Оған тұтынушылар қоғамының өкілдері, жастар ұйымдары, маслихат депутаттары, қоғам қайраткерлері мен кәсіпкерлер кіреді.

ЕСІМДЕР

110 жыл бұрын (1900-1956) режиссер, Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген өнер қайраткері ШТЕЙН Яков Соломонович дүниеге келді.

Ресейдің Орынбор қаласында туған.

1943 жылдан Алматы қаласында тұрып, Орыстың мемлекеттік академия драма театрында режиссерлікпен айналысты. Ол орыс жазушыларының шығармалары бойынша көптеген спектакльдерді осы театр сахнасына шығарды. Олардың қатарында А.Толстойдың «Иван Грозный» мен «Азапты сапарда», В.Вишневскийдің «Ұмытылмас 1919 жыл», Лопе де Веганың «Құмыралы қыз», К.Треневтің «Любовь Яровая», А.Горькийдің «Егор Булычов және баскалар», А.Штейннің «Жеке іс», А.Степанов пен И.Поповтың «Порт-Артур», Ф.Достоевскийдің «Қорланғандар мен қор болғандар», т.б. пьесалар бар. Сондай-ақ Казақтың мемлекеттік академия драма театрында актер Қ.Бадыровпен бірлесіп, М.Әуезовтің «Қара қыпшақ Қобыланды» және Ә.Тәжібаевтың «Дубай Шубаевич» пьесаларын, Ш.Аймановпен бірге Әуезовтің «Абай» романын сахнаға шығарды.

Н.Ановпен бірлесіп, «Жүрек әмірімен» атты пьесасын жазып, оны Орыс мемлекеттік академия драма театрында сахналады.

100 жыл бұрын (1910-1971) кеңес актері, режиссер, Ресейдің еңбек сіңірген әртісі ТУТЫШКИН Андрей Петрович дүниеге келді.

Молдова Республикасының Кишинев қаласында туған.

1930 жылы Е.Вахтангов атындағы Мәскеу театры жанындағы мектепті бітіріп, осы театрда 20 жылдан астам уақыт актер және режиссер болып жұмыс істеген. Сонымен қатар Ленинград музыкалық комедия театрының көркемдік жетекшісі, Лениндік комсомол атындағы Ленинград театрының бас режиссері болған.

«Волга-Волга», «Девушка с характером», «Сердца четырех», Карнавальная ночь», «Взрослые дети» атты фильмдерде комедиялық рөлдерді сомдаған. «Мы с вами где-то встречались» комедиясын қойып, «Вольный ветер», «Свадьба в Малиновке» атты оперетталарды экранға шығарған.