ҮКІМЕТ
Қаңтардың 22-сінде Сыртқы істер министрлігінде Мемлекеттік хатшы-Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаевтың ЕҚЫҰ Минск тобының өкілдерімен кездесуі болады.
Қаңтардың 22-сінде Мәдениет және ақпарат министрлігінде «Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс туралы» Заң жобасын әзірлеуші жұмыс тобының отырысы өтеді.
Қаңтардың 22-сінде Ауыл шаруашылығы министрлігінде «Ветеринария туралы заңның мал шаруашылығы өнімдерінің қауіпсіздігіне бағытталған жаңа нормалары туралы» деген тақырыпқа арналған баспасөз мәслихаты өтеді.
Қаңтардың 23-інде Статистика агенттігінде Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің қатысуымен кеңейтілген алқа мәжілісі өтеді.
ҚАЗАҚСТАН ЖӘНЕ ЕҚЫҰ
Қаңтардың 26-да ЕҚЫҰ-ның қазіргі төрағасы - ҚР Мемлекеттік хатшысы-Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев Брюссельде өтетін министрлер деңгейіндегі Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы-Еуропалық одақ бірлескен мәжілісінің жұмысына қатысады
ПАРЛАМЕНТ
Қаңтардың 22-сінде Парламент Мәжіліснде «Нұр Отан» партиясы фракциясының жиналысы болады.
СПОРТ
Қаңтардың 17-сі мен 22-сі аралығында елордада жас теннисшілер үшін іріктеу жарысы өтеді. Оның негізгі мақсаты - еліміздің жастар құрамасын құру.
Қаңтардың 16-сы мен 23-і аралығында Астанада ересектер арасында кикбоксингтан Қазақстан чемпионаты өтеді. Турнирдің басты мақсаты - ұлттық командаға іріктеу үшін мықтыларды анықтау.
Қаңтардың 22-24-і аралығында Павлодарда ағайынды Сергей және Иван Ярмоленконы еске алуға арналған халықаралық турнир өтеді.
АСТАНА
Қаңтар айында Президенттік мәдениет орталығының «Қазақ әлемі» залында сондай-ақ, И. Тасмағамбетовтың жеке коллекциясының көрмесі өтеді.
Қаңтардың 15-і мен 24-і аралығында Астанада бокстан Қазақстан чемпионаты өтуде. Чемпионатқа облыстардан және Астана, Алматы қалаларынан барлығы 14 команда қатысуда.
Қаңтардың 20-27-сі аралығында Астана қаласындағы Сарыарқа, Есіл және Алматы аудандарының әкімдері 2009 жылдың қорытындысы бойынша халық алдында есеп беруде.
Қаңтардың 21-22-сі күндері елордадағы С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінде «Қазақстан Республикасы аграрлық университеттерінің күндері» өтеді.
Қаңтардың 22-сінде № 1 мектеп-лицейде (Желтоқсан көшесі, 9) сағат 10.00-де Ауғанстанда қаза болған интернационалист жауынгерлерге ескерткіш тақта орнату рәсімі өтеді. . Бұл салтанатты іс-шара Ауғанстаннан әскер шығарылғанына 21-жыл толуына және Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 65-жылдығына арналады.
Қаңтардың 22-сінде Бас прокуратурада алқа мәжілісі өтеді.
Қаңтардың 22-сінде Ұлттық академиялық кітапханада Ә.Асқаровтың Алтай алтын бесік, ата жұрт» кітабының таныстырылымы өтеді.
АЛМАТЫ
Қаңтардың 22-сінде Алматы әкімдігінде қалалық мәслихаттың 25-ші сессиясы өтеді.
Қаңтардың 22-сінде Қазақтың әл-Фараби атындағы ұлттық университетінде «Қазақстан Республикасында қылмыстық саясатты либеризациялаудың келешегі» деген тақырыпта «дөңгелек үстел» отырысы өтеді.
Қаңтардың 22-сінде Күләш Байсейітова атындағы дарынды балаларға арналған республикалық мамандырылған музыкалық орта мектеп-интернатында Әбдіманап Жұмабекұлының «Қылқобыз хрестоматиясы» оқулығының таныстырылымына арналған баспасөз мәслихаты болады.
Қаңтардың 23-і күні Алматыдағы Абай атындағы мемлекеттік опера және балет театрында Қазақстанның халық жазушысы, «Құрмет белгісі», «Парасат», «Достық» ордендерінің иегері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, көрнекті ақын Фариза Оңғарсынованың 70 жасқа толуына арналған салтанатты кеш өтеді.
АТАУЛЫ КҮНДЕР. ЕЛЕУЛІ ОҚИҒАЛАР. МЕРЕЙТОЙЛАР.
ҚАҢТАРДЫҢ 22-І, ЖҰМА
Польшада ата күні. Польшада қаңтардың 21-інде «Әже күнін» атап өткен соң, кішкентай және ересек немерелер қаңтардың 22-інде «Ата күнімен» өз аталарын құттықтайды.
ОҚИҒАЛАР
18 жыл бұрын (1992) Алматыда Қазақстан мен Моңғолия арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас орнату хаттамасына қол қойылды.
17 жыл бұрын (1993) республика жоғары ғылыми мекеме мәртебесі берілген Қазақстан Ғылым Академиясы Ұлттық Ғылым Академиясы болып өзгертілді (ҰҒА).
ЕСІМДЕР
55 жыл бұрын (1955-1998) монументші-кескіндемеші әрі спортшы, Таэквандо федерациясының қазақстандағы тұңғыш президенті ТҮЛКИЕВ Бексейіт Әбдезұлы дүниеге келді.
Оңтүстік Қазақстан облысы Төле би ауданы Қасқасу ауылында туған.
Мәскеудегі жоғары көркем-өнер училищесін бітірген.
«Ұлы көш», «Замандастар», «Әке», «Ата-баба жері», «Суретшінің түсі», «Әже», «Түсіру алаңы», «Әкені майданға шығарып салу», т.б. кескіндемелік туындылардың авторы.
Шығармалары Бүкілодақтық және халықаралық көрмелерге қойылған.
Ол бейнелеу өнері саласындағы шығармашылық еңбегін спортпен де етене ұштастыра отырып, жастарды спортқа баулыды. Өзі таэквандодан «қара белбеу» иесі атанған.
Қасқасу ауылындағы орта мектепке есімі берілген.
ҚАҢТАРДЫҢ 23-І, СЕНБІ
ОҚИҒАЛАР
18 жыл бұрын (1992) БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі отырысында Қазақстан Республикасын БҰҰ-ға мүше етіп қабылдау туралы қарар қабылдады. 1992 жылғы наурыздың 2-сінде Қазақстан БҰҰ-ның толық мүшесі болды.
15 жыл бұрын (1995) Брюсселде Елбасы Н.Назарбаев пен Еуропа ынтымақтастығы кеңесінің төрағасы Ален Жюппе Қазақстан Республикасы мен Еуропа ынтымақтастығы арасындағы серіктестік пен ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды.
3 жыл бұрын (2007) Өскеменде Шығыс Қазақстан мемлекеттік университеті ғимаратының алдында қазақ тілі білімінің негізін салушы Сәрсен Аманжоловқа орнатылған ескерткіштің ашылу салтанатты өтті.
Қола мүсiн ескерткiшi белгiлi қазақстандық сәулетшiлер Қазақстан өнеріне еңбек сіңірген қайраткер, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығының иегері, профессор Е.Сергебаев және Жамбыл атындағы сыйлықтың иегері Б.Әбішевтердің жобалары бойынша орындалған.
С.Аманжолов (1903-1958) жоғарғы оқу орындарында қазақ тілін зерттеуде өзінің түбегейлі үлесін қосып, бағдарламалар мен курстарын енгізген, сонымен қатар мектептер мен университеттерге қазақ тіліндегі бірінші оқулықтарын жасаған түрктанушы.
ЕСІМДЕР
1140 жыл бұрын (870-950) қыпшақ даласынан шыққан ұлы энциклопедист ғалым, ойшыл, философ, математик, астролог, музыка теоретигі ӘБУ НАСР ӘЛ-ФАРАБИ, Әбу Насыр Мұхаммад ибн Тархан ибн Узлағ әл-Фараби дүниеге келді.
Әскер басының отбасында туған.
Отырар медресесінде, Шаш, Самарқан, Бұхара, кейін Харран, Мысыр, Халеб (Алеппо), Бағдад шаһарларында білім алған.
Әбу Насыр әл-Фараби - түркі ойшылдарының ең атақтысы, ең мәшһүрі, «Әлемнің 2-ші ұстазы» атанған ғұлама. Оның заманы «Жібек жолы» бойындағы қалалардың, оның ішінде Отырардың экономикасы мен мәдениетінің гүлденген кезіне дәл келді. Әбу Насыр әл-Фараби Орта Азия, Парсы, Ирак, араб елдері қалаларына жиһанкездік сапарлар жасап, тез есейді. Ол жерлерде көптеген ғұламалармен, ойшыл-ақындармен, қайраткерлермен танысып, сұхбаттасты. Тарихи деректер бойынша 70-ке жуық тіл білген. Өздігінен көп оқып, көп ізденген ойшыл философия, логика, этика, метафизика, тіл білімі, жаратылыстану, география, математика, медицина, музыка салаларынан 164 трактат жазып қалдырды. Шығармаларында көне грек оқымыстыларының, әсіресе Аристотельдің еңбектеріне талдау жасады (Аристотельдің «Метафизика», «Категория», «Бірінші және екінші аналитика» сияқты басты еңбектеріне түсіндірмелер жазған). Арабтың атақты ғалым-географы ибн-Хаукалдың «Китаб масалик уә мамалик» атты еңбегінде және 13 ғасырда өмір сүрген ибн-Халликан өзінің «Уфиат әл-аиан фи әл-заман» атты еңбегінде Әбу Насыр әл-Фарабидің арғы аталарының аттарын (Тархан, Ұзлағ) таза түркі тілінде келтірген.
Әбу Насыр әл-Фараби заманының әлеуметтік-саяси көзқарастарын, тіл мәдениетін, философиялық-гуманитарлық (философия, логика, этика, эстетика, саясат, социология, лингвистика, поэзия, шешендік, музыка) және жаратылыстану (астрономия, астрология, физика, химия, география, математика, медицина) ғылымдары салаларын терең меңгеріп, осы бағыттарда өзі де құнды ғылыми жаңалықтар ашты.
Ұлы ойшыл философияға үлкен мән берді, оған көп үміт артты. Ол философияны қоғамды оятатын зерде, парасат шамшырағы, халықты әділетті қоғамға жеткізетін негізгі бағыт, ұрпақтар арасындағы рухани-мәдени сабақтастықты ғасырларға жалғастыратын құрал, әлеуметтік-этикалық күрделі мәселелердің шешімін, уақыт талаптарының жауабын табатын әдіс деп түсінді. «Ғылымдар тізбегі» атты еңбегінде сол кездегі ғылымды үлкен-үлкен бес салаға бөледі: 1) тіл білімі және оның тараулары; 2) логика және оның тараулары; 3) математика және оның тараулары; 4) физика және оның тараулары, метафизика және оның тараулары; 5) азаматтық ғылым және оның тараулары, заң ғылымы және дін ғылымы.
Қазақстанда Әбу Насыр әл-Фарабидің мұрасын ХХ ғасырдың 60-жылдары танымал ғалымдар Ақжан әл-Машани мен Қ.Сәтбаевтар зерттеген. 20-дан астам трактаттары қазақ және орыс тілдерінде басылып шыққан. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетте оның еңбектерін зерттеу, қазақшаға аудару, насихаттау орталығы құрылды.
1975 жылы Алматы, Мәскеу және Бағдадта Әбу Насырдың 1105-жылдық мерейтойы халықаралық деңгейде аталып өтті.
Оның есімі Шымкент педагогикалық институтына, Алматыдағы Қазақ мемлекеттік университетіне және бір даңғылға берілген.
35 жыл бұрын (1975) Қазақстан Республикасы Премьер-министрі Кеңсесінің жетекшісі ӘБДІРАХИМОВ Ғабидолла Рахматоллаұлы дүниеге келді.
Оңтүстік Қазақстан облысында туған.
Қазақ мемлекеттік аграрлық университетін, Неміс жоғары мемлекеттік басқару мектебін («Болашақ» бағдарламасы бойынша) бітірген.
Қазақ мемлекеттік аграрлық университетінде ассистент, Қазақстан Республикасы Мемлекеттiк қызмет iстерi жөнiндегі агенттігінiң бас маманы, бөлім бастығы, төраға кеңесшісі, төраға орынбасары, бірінші орынбасары, төрағасы қызметтерін атқарған. Қазіргі қызметінде - 2008 жылдың 13 қазанынан.
Қазақстан Республикасы Президентінің «Болашақ» халықаралық стипендиясы түлектері қауымдастығының құрметті кеңес мүшесі.
«Құрмет» орденімен, «10 жыл Астана» медалімен марапатталған.
ҚАҢТАРДЫҢ 24-І, ЖЕКСЕНБІ
ОҚИҒАЛАР
15 жыл бұрын (1995) Брюссельде болған кездесуде Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаев пен НАТО-ның Бас хатшысы Вили Клаес «Бейбітшілік жолындағы серіктестік» бағдарламасы шеңберіндегі ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды. Дәл осы күні Брюссельде Қазақстанның Бенилюкс елдеріндегі елшілігінің ашылу салтанаты болып өтті. Оған Қазақстанның мемлекет басшысы және Бельгия королі отбасының мүшелері және үкімет адамдары, осы елде тіркелген басқа елдердің елшілері қатысты.
14 жыл бұрын (1996) Қазақстан Республикасы Президенті Н.Назарбаевтың «Қазақстан Республикасының мемлекеттiк символикасы туралы» заң күші бар Жарлығы шықты.
3 жыл бұрын (2007) халықаралық баспасөз орталығында «Жаңа Астана» жаңа қоғамдық ұйымның тұсау кесер рәсімі өтті.
«Жаңа Астана» өзіне барлық қызмет саласының өкілдерін біріктіреді. Оған тұтынушылар қоғамының өкілдері, жастар ұйымдары, маслихат депутаттары, қоғам қайраткерлері мен кәсіпкерлер кіреді.
ЕСІМДЕР
110 жыл бұрын (1900-1956) режиссер, Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген өнер қайраткері ШТЕЙН Яков Соломонович дүниеге келді.
Ресейдің Орынбор қаласында туған.
1943 жылдан Алматы қаласында тұрып, Орыстың мемлекеттік академия драма театрында режиссерлікпен айналысты. Ол орыс жазушыларының шығармалары бойынша көптеген спектакльдерді осы театр сахнасына шығарды. Олардың қатарында А.Толстойдың «Иван Грозный» мен «Азапты сапарда», В.Вишневскийдің «Ұмытылмас 1919 жыл», Лопе де Веганың «Құмыралы қыз», К.Треневтің «Любовь Яровая», А.Горькийдің «Егор Булычов және баскалар», А.Штейннің «Жеке іс», А.Степанов пен И.Поповтың «Порт-Артур», Ф.Достоевскийдің «Қорланғандар мен қор болғандар», т.б. пьесалар бар. Сондай-ақ Казақтың мемлекеттік академия драма театрында актер Қ.Бадыровпен бірлесіп, М.Әуезовтің «Қара қыпшақ Қобыланды» және Ә.Тәжібаевтың «Дубай Шубаевич» пьесаларын, Ш.Аймановпен бірге Әуезовтің «Абай» романын сахнаға шығарды.
Н.Ановпен бірлесіп, «Жүрек әмірімен» атты пьесасын жазып, оны Орыс мемлекеттік академия драма театрында сахналады.
100 жыл бұрын (1910-1971) кеңес актері, режиссер, Ресейдің еңбек сіңірген әртісі ТУТЫШКИН Андрей Петрович дүниеге келді.
Молдова Республикасының Кишинев қаласында туған.
1930 жылы Е.Вахтангов атындағы Мәскеу театры жанындағы мектепті бітіріп, осы театрда 20 жылдан астам уақыт актер және режиссер болып жұмыс істеген. Сонымен қатар Ленинград музыкалық комедия театрының көркемдік жетекшісі, Лениндік комсомол атындағы Ленинград театрының бас режиссері болған.
«Волга-Волга», «Девушка с характером», «Сердца четырех», Карнавальная ночь», «Взрослые дети» атты фильмдерде комедиялық рөлдерді сомдаған. «Мы с вами где-то встречались» комедиясын қойып, «Вольный ветер», «Свадьба в Малиновке» атты оперетталарды экранға шығарған.