ЕЛБАСЫ
Қарашаның 25-26-сында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Беларус Республикасына ресми сапар жасайды. Ал қарашаның 27-сінде Минскіде өтетін Еуразиялық экономикалық қоғамдастық (ЕурАзЭҚ) мемлекетаралық кеңесінің мәжілісіне қатысады. Ресми сапары аясында Н. Назарбаев Беларус басшылығымен кездесіп, келіссөздер жүргізеді. Оның барысында екі елдің экономикалық және ғылыми-техникалық ынтымақтастық салаларындағы өзара іс-қимылының кең ауқымды мәселелері талқыланатын болады. Келіссөздердің қорытындысы бойынша бірқатар екіжақты құжаттарға қол қойылады деп жоспарланып отыр.
Үкімет
Қарашаның 25-інде ҚР СІМ-де ҚР Мемлекеттік хатшысы-Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаевтың Норвегия Королдігінің Сыртқы істер министрімен кездесуі өтеді.
ҚОҒАМ
ҚР Мемлекеттік хатшысы-Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев желтоқсанның 1-і мен 2-сі аралығында Грекияның Афины қаласында өтетін Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы Сыртқы істер министрлері кеңесінің 17-ші мәжілісінің жұмысына қатысады.
Қарашаның 23-24-і күндері АҚШ-тың Нью-Йорк қаласында кезекті қазақ-американ инвестициялық форумы өтеді. Оған қазақстандық делегацияны Қаржы министрі Болат Жәмішев бастап барды. Аталмыш инвестициялық форум Қазақстанның инвестициялық әлеуеті туралы әлемдік инвесторларды ақпараттандырудағы, сондай-ақ экономиканың шикізаттық емес секторына екпін сала отырып инвестицияны одан әрі тарту үшін біздің еліміздің тартымдылығын арттырудағы тиімді құрал болып табылады.
Қарашаның 25-інде Астанада «Болашақ» бағдарламасы түлектерінің форумы өтеді.
Қарашаның 25-інде Астанада «2010 - 2020 жылдарға арналған ішкі көші-қон бойынша Мемлекеттік бағдарлама тұжырымдамасының жобасын талқылау» дөңгелек үстелі өтеді.
Қарашаның 25-інде Астанада «Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуі: гендерлік аспекті» деген тақырыпта халықаралық конференция өтеді.
Қарашаның 25-інде Астанада «Қазақстандық құқықтық сот жүйесіндегі халықаралық нормаларды қолдану саласында тәжірибе алмасу» атты семинар болады.
АСТАНА
Қарашаның 24-і мен 26-сы аралығында Астанада «HIGHRISE SAFETY - 2009» ІІ халықаралық конференциясы өтеді.
Қарашаның 25-інде Астанада «Болашақ» түлегі-2009: әлеуетті игеру» форумы өтеді. Форумның мақсаты: «Болашақ» бағдарламасы түлектері мен әлеуетті жұмыс берушілер арасында диалог құрастырып, болашақтықтарға еңбекке орналасу жөнінде ақпарат беру.
Қарашаның 25-інде «Мемлекеттік жастар саясаты: дамудың жай-күйі және перспективасы» деген тақырыпта дөңгелек үстел өтеді.
Қарашаның 25-інде «Алашаңқау» және «Бақты» сауда өңірлерінің ашылуына орай таныстырылымы өтеді.
Қарашаның 25-інде «Жолаушылар тасымалы» АҚ-дағы жағдай» атты баспасөз мәслихаты өтеді.
Қарашаның 25-інде Конгресс-холл сарайында Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік халық аспаптары академиялық оркестрінің 75 жылдығына арналған концерт өтеді.
АЛМАТЫ
Қарашаның 25-і күні Алматыда «Беларус, Қазақстан және Ресейдің Кедендік одағы: бүгіні мен келешегі» тақырыбында халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция болады. Бұл шара ҚР Президентінің жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты мен «Тұран» университетінің ұйымдастыруымен өтпек.
Қарашаның 25-і күні Алматыда «Беларус, Қазақстан және Ресейдің Кедендік одағы: бүгіні мен келешегі» тақырыбында халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтеді
Қарашаның 25-інде Rixos Almaty, Ball Room қонақ үйінде Медиа-құрылтай өтеді.
Қарашаның 25-інде Достық қонақ үйінде «Орталық Азиядағы адам саудасына қарсы күресте шақырулар, үрдістер және мүмкіндіктер» үкіметтік емес ұйымдар желілері форумы өтеді.
Қарашаның 25-інде Holiday Inn қонақ үйінде Қазақстан-корей инвестициялық форумы өтеді.
Қарашаның 25-інде «Беларусия, Қазақстан және Ресей Кедендік одағы: қазіргі жағдайы мен перспективасы» халықаралық конференция өтеді.
Қарашаның 25-інде Ұлттық баспасөз клубында «Ұлттық біртұтастық» доктринасына орай мәлімдеме туралы» М.Шахановтың баспасөз мәслихаты өтеді.
Қарашаның 25-інде Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінде құқықтық тәртіп студенттік жасақтарының қалалық слеті өтеді.
Қарашаның 25-інде Республикалық спорт колледжінде (Тимирязев, 41) «Спорт - есірткіге қарсы» мини-футболы өтеді.
Қарашаның 25-інде Әскерилер үйінде «Vivat, Жеңіс!» ән фестивалі өтеді.
25 ҚАРАША, СӘРСЕНБІ
Халықаралық әйелдерге қатысты күш көрсетуді жою үшін күрес күні. 1961 жылы осы күні Доминикан Республикасында ел билеушісі Рафаэль Трухильо бұйрығымен саяси белсенділер, апалы-сіңлілі Мирабалдар, айуандықпен өлтірілген. 2000 жылы БҰҰ-ның Бас Ассамблеясы 25 қарашаны «Халықаралық әйелдерге қатысты күш көрсетуді жою үшін күрес күні» деп жариялап, үкіметтерге, халықаралық ұйымдар мен үкіметтік емес ұйымдарға бұл күні осы мәселеге қоғам назарын аударуға бағытталған шаралар өткізуді ұсынды.
Босния мемлекеттігі күні. 1943 жылғы 25 қарашада Варцар Вакуф, Мрконич Град қалаларында әскери парламент дәрежесіндегі Босния мен Герцеговинаны халықтық азат етудің Мемлекеттік антифашистік вечасының (ЗАВНОБИХ) құрылтай мәжілісі өтті. ЗАВНОБИХ Қарары және Босния мен Герцеговинаны және олардың халқын тануда тек ЗАВНОБИХ пен АВНОЮ - Югославияны халықтық азат етудің Антифашистік вечасы ғана - уәкілдік ете алатынын бекіткен Босния мен Герцеговина халықтарына Мәлімдеме қабылданды.
ОҚИҒАЛАР
5 жыл бұрын (2004) 25-27 қарашада Бішкекте (Қырғызстан) Халықаралық ғылым академиялары ассоциациясы (МААН), ЮНЕСКО, Азия ғылым академиялары ассоциациясы (ААНА) және Халықаралық мәселелер жөніндегі Академиялараралық кеңесі қолдауымен Қырғыз Республикасы Ұлттық ғылым академиясы ұйымдастырған «Посткеңестік кеңістіктегі ғылым мен білім мәселелері» халықаралық конференциясы өтті. Қазақстан Республикасының делегациясын Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым Академиясының президенті Мұрат Жұрынов басқарды.
5 жыл бұрын (2004) Ақтөбеде тұңғыш қалалық бос орындар жәрмеңкесі өтті.
3 жыл бұрын (2006) Алматыда Қазақстан ғалымдар одағының тұңғыш құрылтайы болып өтті. Оған парламенттік делегация және өзге де қоғам қайраткерлерінен құралған 350 делегат ғалымдар қатысты. Ғылыми-технологиялық дамуда экология, табиғи қазба байлықтарды тиімді пайдалану, денсаулық сақтау және ауыл шаруашылық саласындағы зерттеулерге басымдылық беру жайы талқыланды. Жиын соңынан елдегі ғылымды дамыту турасында резолюция қабылданды.
1 жыл бұрын (2008) Елбасы «Жоғары сот Кеңесін құру және оның құрамы туралы» жарлыққа қол қойды.
ЕСІМДЕР
100 жыл бұрын (1909-1992) Қазақстан Республикасының құрметті мұнайшысы, Атырау қаласының құрметті азаматы ИСЕНОВ Мұхамбет Айтуұлы дүниеге келді. Ұлы Отан соғысына қатысқан.
Атырау облысында туған.
И.М.Губкин атындағы Мәскеу мұнай институтын бітірген.
Еңбек жолын балық кәсіпшілігінде қара жұмысшы болып бастаған. 1937-1941 жылдары КСРО Ауыр өнеркәсіп министрлігі Халықкоматының Орта Азия бойынша тобының инженері, диспетчері, бөлім бастығы, топ жетекшісі қызметтерін атқарған. 1944-1947 жылдары - КСРО Мұнай министрлігінде аға инженер, бөлім бастығының орынбасары. 1947-1952 жылдары - Атырау облыстық партия комитеті хатшысының орынбасары. 1952-1960 жылдары - Қазақстан Компартиясы Орталық Комитеті құрылыс және құрылыс материалдары бөлімі, өнеркәсіп-көлік бөлімі, ауыр өнеркәсіп бөлімі меңгерушісінің орынбасары. 1960-1962 жылдары - Қазақ Кеңес Халық шаруашылығы отын өнеркәсібі басқармасының бастығы. 1962-1963 жылдары - Қазақ Кәсіподақтар кеңесінің хатшысы. 1963-1964 жылдары - Батыс Қазақстан өлкелік партия комитетінің екінші хатшысы - өнеркәсіп және құрылыс бойынша бюросының төрағасы. 1964-1970 жылдары Атырау облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы қызметтерін атқарған.
КСРО Жоғарғы Кеңесі 7-шақырылымының депутаты.
Ленин, екі мәрте Еңбек Қызыл Ту, 2-дәрежелі Отан соғысы, «Құрмет Белгісі» ордендерімен, медальдармен марапатталған.
75 жыл бұрын (1934-1993) ғалым, техника ғылымының докторы, профессор, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты БӘЙТЕНОВ Ноян Ахмедиярұлы дүниеге келді.
Алматы қаласында туған.
Қазақ кен-металлургия институтын, Қазақстан Ғылым Академиясының Металлургия және кен байыту институтының аспирантурасын бітірген.
1957-1959 жылдары - Шыршық қатты қорытпалар комбинатының (Өзбекстан) инженері. 1969-1993 жылдары Қазақстан Ғылым Академиясының Металлургия және кен байыту институтының зертханасының меңгерушісі қызметін атқарған.
Бәйтеновтің негізгі ғылыми зерттеулері құрамында титаны бар шикізатты және пигментті титан қос оксидін алуға, титан тетрахлориді конденсациясын жетілдіруге және оны қоспалардан тазартуға, қышқылмен шаймалау әдісі арқылы ильменит концентратынан рутилді, көмір ванадий кектерін шаймалауға, сондай-ақ, целестин концентратынан стронций тұзын алуға, титан өндірісіндегі үймелерді пайдалану мақсатында хлоридті термолиздеу мәселелеріне арналған. Ол шикізатты кешенді пайдаланудың жаңа технологиясын жасады, сондай-ақ, хлорлы металлургия саласында жаңа ғылыми бағыттың негізін қалады.
55 жыл бұрын (1954) экономика ғылымдарының кандидаты, профессор, Қазақстан Республикасы Білім беру саласының үздігі, «Тұран» университетінің бірінші проректоры ТАЗАБЕКОВ Қуаныш Әмірқұлұлы дүниеге келді.
Талдықорған облысында туған.
С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін (әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университет), Алматы халық шаруашылығы институтының аспирантурасын бітірген.
1979-1992 жылдары Алматы халық шаруашылығы институтының оқытушысы, аға оқытушысы, доценті. 1992-1994 жылдары «Тұран» университеті бизнес және менеджмент факультетінің деканы қызметтерін атқарған. Қазіргі қызметінде - 1994 жылдан.
1999 жылдан - Қазақстан ақпараттық-энциклопедиялық анықтамалығының (КИНЭС) бас редакторы. 2000 жылдан - Қазақстан маркетинг ассоциациясының президенті, Қазақстан Республикасы Қоғамдық маркетинг академиясының президенті.
40-тан астам ғылыми жарияланымдардың авторы.
26 ҚАРАША, БЕЙСЕНБІ
Арафат күні. Зул-Хиджаның 9 жұлдызында атап өтіледі. Меккенің қасындағы қажылыққа барғандар Арафат тауының бөктерінде намаз оқитын күн. Арафат күні - Алланың ең есте қалар күні. Ізгі іс-әрекеттер істегені үшін бұл күнгі ақы сан мәрте арта түседі. Әсте, күнә салмағы да бұл күні бірнеше есе өсе түседі.
Бүкіләлемдік ақпарат күні. БҰҰ-ның Экономикалық және Әлеуметтік кеңестерінде бас консультативтік мәртебесі бар - Халықаралық ақпараттандыру академиясының ұсынысы бойынша «Бүкіләлемдік ақпарат күні» атап өтіледі.
Абхазияда Конституция күні. 1994 жылғы 26 қарашада Абхазия Республикасы Жоғарғы Кеңесі «Егеменді, демократиялық, құқықтық мемлекет - Абхазия Республикасының Конституциясын» қабылдады.
АҚШ-та алғыс айту күні. Тұңғыш рет 1961 жылы Плимут колониясында тұратын, ағылшын отаршылары мейрамдаған. Өткен қыс өте ауыр және азыққа жұтаң болады, келер қыс та отаршыларға шамалы жақсылық әкелері сезіледі. Сонда губернатор Уильям Брэдфорд өз бағыныштыларының рухын көтеруге шешім қабылдап, алғашқы Алғыс айту күнін ұйымдастырады. Мейрамды британдық отаршылар мен көршілері үндістер бірге атап өтеді, солардың көмегімен Плимут колониясы алғашқы аш-жұтаң қыстан аман шығады. Пуритандар бұл мейрамға терең діни мағына береді - олар мұны Жоғары мәртебелі Тәңірдің рақымы үшін алғыс айту деп қабылдайды.
Қарашаның төртінші бейсенбісінде аталып өтеді.
ОҚИҒАЛАР
15 жыл бұрын (1994) Қазақстан баспасөз клубы құрылған. Бұл - Қазақстандағы БАҚ-тар, мемлекеттік және бизнес жүйелер, халықаралық ұйымдар үшін коммуникативтік және ақпараттық қызметтердің кешенді түрлерін көрсететін ұйым. Жұмыс істей бастаған кезеңнен бері 3000-нан астам баспасөз мәслихаттарын және басқа да ауқымды шаралар өткізген. Жоғары деңгейдегі кәсіби қызметтері үшін көптеген наградалармен және грамоталармен марапатталған.
5 жыл бұрын (2004) Алматыда, «Суретшілер үйінің вернисажында», Елена Бейсембинованың «Менің әлемім терезесі» жеке көрмесі өтті. Экспозицияға суретшінің кескіндеме өнері мен қолданбалы өнер туындылары қойылды.
Е. Бейсембинова - декоративтік-қолданбалы өнер және мультипликациялық кино жанрларының шебері.
Бір жыл бұрын (2008) Нью-Йорктегі Линкольн орталығында «Кең байтақ қазақ даласының әуендері» деп аталған фольклорлық-этнографиялық «Отырар сазы» оркестрінің концерті болды. Нью-Йорктегі дипломатиялық корпустың, қазақ диаспорасының көптеген өкілдері және қазақ мәдениеті мен Қазақстанды танығысы келген қыруар америкалықтар оркестр өнеріне тәнті болып, шаттанған қуанышпен дүркірете қол соқты.
ЕСІМДЕР
130 жыл бұрын (1879-1940) ғалым, геология-минералогия ғылымдарының докторы, профессор, КСРО Ғылым Академиясының академигі АРХАНГЕЛЬСКИЙ Андрей Дмитриевич дүниеге келген.
Ресей Федерациясының Рязань қаласында туған. Архангельский КСРО Ғылым Академиясының қазақстандық базасын ұйымдастыруға белсене қатысты. Осы база Қазақ филиалына (қазіргі Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым Академиясы) айналғаннан кейін оның төрағасы болды.
Негізгі ғылыми еңбектері Еділ сыртының, Арал ойысының, Орта Азияның палеоген және бор шөгінділерінің стратиграфиясын, литологиясын, палеонтологиясын, боксит, темір, марганец кендерінің пайда болуының геологиялық жағдайларын зерттеуге арналған. Салыстырмалы литология әдісінің негізін салған.
50 жыл бұрын (1959) қаржы магистрі, экономика ғылымдарының кандидаты ЖАНГЕЛДИН Ерлен Тоқтағалиұлы дүниеге келді.
Алматы қаласында туған.
С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін (әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті), КСРО ҒА Шығыстану институтының аспирантурасын, Лондон университетін бітірген.
1985-1990 жылдары Қазақ КСР Сыртқы істер министрлігінің баспасөз және ақпарат бөлімінің екінші хатшысы, хаттама бөлімінің екінші хатшысы, сыртқы экономикалық байланыстар бөлімінің бірінші хатшысы. 1990-1991 жылдары - Қазақ КСР Министрлер кеңесінің Іс басқармасы сыртқы байланыстар бөлімінің жетекші маманы. 1991-1992 жылдары - Қазақстан Республикасы Президентінің Аппараты мен Министрлер Кабинетінің сыртқы байланыстар бөлімінің референті, аға референті. 1992-1993 жылдары «Алемсистем» корпорациясының вице-президенті болып жұмыс істеген. 1993-1996 жылдары - Еуропалық қайта құру және даму банкінің (ЕБРР) кеңесшісі, банк қызметкері. 1997-1998 жылдары Қазақстан Республикасы Мемлекеттік экспорттық-импорттық банкі басқармасы төрағасының бірінші орынбасары. 1998-2000 жылдары - «Кедентранссервис» Республикалық мемлекеттік кәсіпорны бас директорының орынбасары, «Global Kazkommerts» Инвестициялық банкі» ЖАҚ басқарма төрағасы орынбасарының міндетін атқарушы, «Орталық-Азиялық ынтымақтастық және даму банкі» ЖАҚ вице-президенті, президентінің міндетін атқарушы. 2000-2003 жылдары Қазақстан Республикасы Ұлттық банкі төрағасының орынбасары. 2003-2006 жылдары «Ұлттық үдерістік орталық» АҚ басқармасының төрағасы қызметтерін атқарған.
27 ҚАРАША, ЖҰМА
Құрбан айт мейрамы. Ең маңызды мұсылман мейрамдарының бірі - Құрбан айт қасиетті ораза ұстаудан 70 күн өткеннен кейін келеді. Құрбан айт мұсылмандық күнтізбесі бойынша, Зул-Хиджаның 10 жұлдызында басталады. Құрбан - араб тілінде «жақындау» дегенді білдіреді, яғни жасаған сауап істер арқылы жүректі тазартып, Аллаға жақындай түсу. Ал шариғаттағы терминдік мағынасы - «шарттарымен санаса отырып құлшылық ниетімен мал бауыздау» дегенге саяды. Мұсылмандар тоқты, қой, сиыр немесе түйе сойып, құрбандыққа шалады. Құрбан айттың бірінші күні - мұсылмандар үшін ең маңызды күн. Мешіттерде бұл күні айт намаз оқылады,
Қасиетті мейрам - Құрбан айтының бірлік пен бейбітшілік, ынтымақ пен ырыс бастауы болып саналуының бір сыры: бұл күні жер жүзіндегі бүкіл мұсылман қауымы оны бір мезгілде атап өтіп, бір мезгілде Айт намазын оқиды. Құрбан айт дастарханы шақырылған да, шақырылмаған да қонақтарға жаюлы болып, араздасқан ағайын ренішін ұмытады.
Теңіз жаяу әскерлері күні. Ресейде І Петр патшаның тұңғыш «теңіз солдаттары полкын» (1705 ж.) құру туралы жарлығын есте қалдыру мақсатымен 1995 жылғы 19 қарашада РФ Әскери-теңіз флоты Бас қолбасшысының бұйрығына сәйкес атап өтіледі.
Ресей бағалаушысы күні. 1996 жылғы Ресей Федерациясы Еңбек және әлеуметтік даму министрлігінің Қаулысымен «Бағалаушы» (мүлікті бағалау жөніндегі сарапшы) қызметі бойынша кәсіптік сипаттама бекітілген күннен бастап атап өтіледі.
ОҚИҒАЛАР
5 жыл бұрын (2004) Таразда әйелдердің қоғамдық іс-шараларға қатысуы жөніндегі «Демократия іс жүзінде» халықаралық жобаның таныстырылымы өтті. Ұйымдастырушылар - АҚШ Мемлекеттік департаментінің қолдауымен Қазақстан қоғамдық бірлестігі, ЕҚЫҰ Демократия және адам құқықтары жөніндегі бюросы. Жобаны жүзеге асырудағы мақсат - тұрғындарды жергілікті деңгейде шешім қабылдау үдерісіне тарту, жергілікті өкілетті органдар жанындағы қоғамдық комитеттердегі әйелдер рөлін күшейту.
3 жыл бұрын (2006) Ақтауда «Маңғыстау облысының инвестициялық ахуалы мен мүмкіндіктері» тақырыбында тұңғыш Каспий инвестициялық форумы болып өтті. Форумда әлемнің тоғыз елінен ірі еуропалық және азиялық қаржы институттарының топ-менеджерлері, жетекші рейтингілік агенттіктердің, инвестициялық қорлардың, құрылыс-инженерлік компаниялардың өкілдері қатысты. Олардың арасында Қазақстаннан, ТМД елдерінен және алыс шетелдерден жүзден астам компаниялар болды.
Бір жыл бұрын (2008) Павлодардағы ғалым Федор Бойко (1920-2007) тұрған үйде мемориалдық тақта орнатылды.
Ф. Бойко - қаладағы тұңғыш электр стансасының құрылысы басшыларының бірі, кейіннен осында ашылған Павлодар индустриалды институтының ректоры болып тағайындалған. Ғалым 25 техника ғылымдарының кандидатын, 3 ғылым докторын, бүгінде облыстың кәсіпорындарында еңбек етіп жүрген жүздеген мамандар тәрбиелеп шығарған. Оның техника саласында ойлап тапқан жаңалықтары мен патенттері Қазақстан мен Ресейде кеңінен қолданылады.
ЕСІМДЕР
80 жыл бұрын (1929) ғалым-зоотехник КАРБОВСКИЙ Эдуард Семенович дүниеге келді.
Беларусь Республикасының Витебск облысында туған.
Ярослав ауыл шаруашылығы институтын бітірген.
1960-1972 жылдары - Шығыс Қазақстан облыстық партия комитетінің бөлім меңгерушісі, хатшысы. 1972-1980 жылдары - Қазақстан Компартиясы ОК ауыл шаруашылығы бөлімінің меңгерушісі. 1980-1982 жылдары Қазақ КСР Министрлер Кеңесі Төрағасының орынбасары. 1983-1989 жылдары - Қазақ КСР Жоспарлау комитеті төрағасының орынбасары, бірінші орынбасары. 1990-1992 жылдары - Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинеті жанындағы тіршілік әлемін сақтау бас басқармасының экономисі. 1992-1997 жылдары - Қазақстан Республикасы Экономика министрлігінің, Мемлекеттік комитетінің кеңесшісі қызметтерін атқарған.
Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің 8-11-шақырылымдарының депутаты.
Ленин, Октябрь Революциясы, 3 мәрте Еңбек Қызыл Ту орденімен, медальдармен, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен марапатталған.
45 жыл бұрын (1964) филология ғылымының докторы, профессор, А.Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтының директоры ҚҰРМАНБАЙҰЛЫ Шерубай дүниеге келді.
Алматы облысы Нарынқол ауданында туған.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін бітірген.
1991-1996 жылдары - Қазақстан Ғылым Академиясы Тіл білімі институтының ғылыми қызметкері, ғалым хатшысы. 1996-2005 жылдары - әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті шығыс тілдері кафедрасының меңгерушісі, қазақ тілі кафедрасының меңгерушісі. 2005-2009 жылдары - Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі Тілдер жөніндегі комитетінің төрағасы. Қазіргі қызметінде - 2009 жылдың тамызынан.
1 монография мен 60 аса ғылыми басылымдардың авторы.
28 ҚАРАША, СЕНБІ
Ат-Ташрик күндері. Ат-Ташрик күндері - Зул-Хиджаның 11-13 жұлдыздары, Құрбан айт мейрамының жалғасы. Қажылыққа келгендер Ат-Ташриктың бірінші күнінің түнінде Мина елді мекеніне барып, түнейді. Ташрик күнінің таңғы намазынан бастап Ташрик үшінші күнінің түстен кейінгі намазына шейін, жаппай намаздардан соң, Ташрик такбар деп аталатын такбир оқылады. Ат-Ташриктың бірінші күні Аз-Зуһр уақыты келгенде үш бағанаға тастар лақтырылады. Әуелі кішкентайына (джамрат аль-ула) - 7 тас, сосын ортадағы бағанаға (джамрат аль-вуста) - 7 тас, енді үлкен бағанаға (джамрат аль-акаба) - 7 тас. Лақтырып жатқанда: «Аллах Акбар» деп айтқан абзал. Ат-Ташриктың екінші күні, бірінші күнгідей, сол ырым тағы қайталанады. Сонан соң, егер қажылыққа келуші екінші күні Күннің ұясына қонар сәтін Минада қарсы алар болса, онда ол осында қалып, үшінші күні де тас лақтыруға міндетті. Егер кімде-кім адам нөпірінен қорқар болса, ол тас лақтыруды соңғы, үшінші күнге қалдыруына болады, ал егерде тәні кемістігінен болса, басқа біреуге жүктейді. Алайда, егер өзі орындай алар болса, біреуді міндеттеуге болмайды.
Албания туы күні. Албанияның мемлекеттік туы - қызыл түсті, елтаңбасы ортасында орналасқан. Тудың қызыл түсі - түрік қанаушыларына қарсы көпғасырлық күресте төгілген албандық патриоттар қанының символы. Осы күйіндегі бейнесін ту 1945 жылдан сақтап келед.
ОҚИҒАЛАР
3 жыл бұрын (2006) Алматыда Қазақстанның белгілі қоғам қайраткері, Қазақстан халықтары Ассамблеясының мүшесі, Ұлы Отан соғысының ардагері Леонид Гирштің «Өмір үшін» атты жаңа кітабының тұсау кесер рәсімі болып өтті. Кітапта ардагер майдангердің жас толқынды елін, жерін, халқын сүйіп, оны қорғауға үндейтін әскери және бейбіт тақырыптағы бірқатар өлеңдері мен мақалалары келтірілген.
Бір жыл бұрын (2008) Талдықорғанда Қазақстан халқы ассамблеясы Алматы облыстық бөлімінің Достық үйі ашылды.
Бүгінгі күні мұнда барлық 23 аудандық ұлттық-мәдени орталықтардың кеңселері орналасқан. Бұл ғимаратта мемлекеттік тілді ғана емес, басқа да ұлттар тілін үйренуге мүмкіндік беретін мультимедиалық және лингофондық орталық, дыбыс жазу студиясы, би залы, 200 орындық мәжіліс залы, 50 орындық «дөңгелек үстелдер» өткізетін конференц залы, 70 орындық кафе бар.
Бас сәулетшісі - Қазақстан Сәулетшілер одағының мүшесі Нұркен Белдібаев. Ғимараттың жалпы көлемі - 4207 шаршы метр.
ЕСІМДЕР
85 жыл бұрын (1924-2008) тау-кен инженері, Мемлекет және қоғам қайраткері ОМАРОВА Зауре Сәдуақасқызы дүниеге келді.
Қарағанды облысының Ұлытау ауданының Қарсақпай кентінде туған.
Днепропетровск тау-кен институтын бітірген.
Еңбек жолын Қарағанды шахталарында бастап, шахта ауысымының бастығы, шахта бастығы қызметіне дейін көтерілген. 1954 жылдан бастап 2 рет КСРО Жоғары Кеңесінің, 6 рет Қазақ КСР Жоғары Кеңесінің депутаты болып сайланған.1958-1963 жылдары - Қазақ КСР Министрлер Кеңесі төрағасының орынбасары. 1963-1966 жылдары - Алматы облыстық атқару комитетінің төрағасының орынбасары, төрайымы. 1966-1980 жылдары - Қазақ КСР Әлеуметтік қамсыздандыру министрі, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің бөлім меңгерушісі қызметтерін атқарған.
«Отан», Ленин, 2 рет Еңбек Қызыл Ту және «Құрмет белгісі» ордендерімен, көптеген медальдармен марапатталған.
50 жыл бұрын (1959) Қазақстан Республикасы Парламент Мәжілісінің депутаты ХОЧИЕВА Людмила Хисаевна дүниеге келді.
Жамбыл облысы Қордай ауданында туған.
Қырғыз мемлекеттік ұлттық университетін бітірген.
Шамалған кеңшарында, «Азер К» шағын кәсіпкерлігінің заңгері, шаруа қожалығының басшысы қызметтерін атқарған. 1996 жылдың наурыз айынан - «Минги-Тау» Қарашай-балқар ұлттық-мәдени орталығының төрайымы. 2007 жылдың 2 қыркүйегінен - Қазақстан Республикасы Парламент Мәжілісінің депутаты.
Қазақстан Республикасы Парламент Мәжілісі Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің, Қазақстан Халықтары ассамблеясы кеңесінің мүшесі.
«Құрмет» орденімен, «Астана», «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 10 жыл», «Қазақстан Конституциясына 10 жыл» медальдарымен марапатталған.
45 жыл бұрын (1964) Қостанай облысы әкімінің орынбасары СӘДУАҚАСОВ Нұралы дүниеге келді.
Қостанай облысында туған.
К.А.Тимирязев атындағы Москва ауыл шаруашылық академиясын бітірген.
1998-2000 жылдары Қостанай облысы Әулиекөл ауданының әкімі, 2000-2004 жылдары Қостанай ауданының әкімі, 2004-2006 жылдары Қостанай қаласының әкімі қызметтерін атқарған.
Қазіргі қызметінде - 2006 жылдың маусым айынан.
35 жыл бұрын (1974) Қазақстан Республикасы Ақпаратандыру және байланыс агенттігі төрағасының орынбасары АРИФХАНОВ Айдар Абдразақұлы дүниеге келді.
Алматы қаласында туған.
Қазақ мемлекеттік басқару академиясын, Колумбия университетінің Халықаралық және қоғамдық қатынастар мектебін бітірген. 1998-2000 жылдары Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің Дипломатиялық академиясының тыңдаушысы болды.
Еңбек жолын 1997 жылы Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Сырттан қарыздар тарту комитеті бағдарламалық және әлеуметтік қарыздар бөлімінің бас маманы қызметінен бастады. 1998-2004 жылдары - бағдарламалық және әлеуметтік қарыздар, мемлекеттік сыртқы қарыздар және мемлекеттік кепілдемелер басқармасының қарыздарды іске асыру бөлімінің, Үкіметтік қарыздар мен мемлекеттік кепілдемелер басқармасының бастығы, Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік қарыз және несиелеу департаменті директорының орынбасары. 2004-2006 жылдары - Қазақстан Республикасы Қаржы вице-министрі. 2006 жылғы ақпан-қараша айлары аралығында - Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Кеңсесі Басшысының орынбасары. 2006 жылғы қарашадан бастап 2007 жылғы мамыр айы аралығында - Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі. 2009 жылғы қаңтар-наурызға аралығында Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің кеңесшісі қызметінде болды. Аталған қызметінде - 2009 жылдың сәуір айынан.
29 ҚАРАША, ЖЕКСЕНБІ
Халықаралық Палестина халқымен ынтымақ күні. 1947 жылдың осы күні БҰҰ Бас ассамблеясы Палестинаны бөлу туралы қарар қабылдады. 1977 жылы БҰҰ-ның Бас ассамблеясы жыл сайын 29 қарашаны «Халықаралық Палестина халқымен ынтымақ күні» ретінде атап өтуге қаулы қабылдайды.
Албания азаттығы күні. Елдің фашист басқыншыларынан азат етілуі құрметіне атап өтіледі. Екінші Дүниежүзілік соғыс жылдарында Албанияны фашистік Италия әскерлері жаулап алады. 1944 жылғы 11 қыркүйекте оларға фашистік Германия әскерлері қосылады. Осылайша, немістер одақтастарға Грекия аумағынан Югославияға өтіп кетуге кедергі жасаймыз деп үміттенді. Коммунистер көсемі Э.Ходжа бастаған партизандар армиясы 1944 жылғы 28 қарашада Шкодер қаласын азат етеді, ал елдің бүкіл аумағы басқыншылардан ертеңгі күні толықтай тазартылады.
Ресейде Аналар күні. 1998 жылғы 30 қаңтарда Ресей Федерациясының Президенті бекіткен. Қарашаның соңғы жексенбісінде атап өтіледі.
ОҚИҒАЛАР
5 жыл бұрын (2004) Жамбыл облысында байытылған белокты азықтық өнім өндіретін зауыт ашылды. Ол қазіргі заманғы технология бойынша салынған және әлемдік алдыңғы қатарлы өндірушілердің автоматтандырылған жабдықтарымен жарақтанған. Зауыт өнімінің құрамына дымқыл протеин, азотсыз экстрабелсенді заттар, май, клетчатка, күл, дәрумендер мен микробөлшектер кіреді. Мұндай азық құс-жануарларға мол қуатты қорек беріп, мүйізді ірі қараның салмақ қосуына тиімді әсерін тигізеді, сүт сауынын 10-18 пайызға, тауықтардың жұмыртқалауын - 15 пайызға арттырады.
3 жыл бұрын (2006) қарашаның 29-ы мен 30-ы аралығында Астанада «Қазақстандық астық форумы - 2006» атты халықаралық конференция болып өтті.
3 жыл бұрын (2006) Алматыда Қазақстан Республикасы Ұлттық кітапханасында Қазақстандағы Пушкин жылына орай «Сөйлейді Пушкин қазақша» атты республикалық конференция болып өтті. Шараны ұйымдастырушы - Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің Тіл комитеті. Онда ұлы орыс ақынның қазақ әдебиетінің классиктері Абай, Шәкәрім, І.Жансүгіров, Ә.Тәжібаев пен Қ. Бекхожиннің аударма туындыларымен қатар жас-ақын жазушылардың А.С.Пушкинге арналған шығармалары қойылды.
ЕСІМДЕР
100 жыл бұрын (1909-1985) ғалым, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты ҒАЛИАҚБЕРОВ Нажиб Закирұлы дүниеге келген.
Петропавл қаласында туған. Алматы зоотехникалық-мал дәрігерлік институтын бітірген. 1934-1951 жылдары Қазақ мал өсіру ғылыми-зерттеу институтында аға ғылыми қызметкер, бөлім меңгерушісі, директордың ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары, 1951-1964 жылдары Бүкілодақтық ауыл шаруашылығы академиясының қазақ филиалында сектор меңгерушісі, 1964 жылдан өмірінің соңына дейін Қазақ КСР Ауыл шаруашылығы министрлігінде бөлім бастығы қызметтерін атқарды. Қазақтың сиыры мен калмақтың герефордтық бұқасын будандастыру арқылы ет алуға бағытталған «Казақтың ақбас сиырын» шығарғаны (1930-1950) үшін бір топ ғалымдармен бірге КСРО Мемлекеттік сыйлығын алды.
3 рет «Құрмет белгісі» орденімен марапатталған.
100 жыл бұрын (1909-1986) ғалым, хирург-ортопед, медицина ғылымының докторы, Қазақстанның еңбек сіңірген дәрігері ОРАЗАҚОВ Естөре Оразақұлы дүниеге келген.
Маңғыстау облысының Шетпе ауылында туған. Қазақ медицина институтын бітірген. 1936-1953 жылдары - Оңтүстік Қазақстан, Алматы облыстарында дәрігер. 1953-1980 жылдары Қазақ клиникалық және эксперименттік хирургия ғылыми-зертттеу институтында аға ғылыми қызметкер, директордың ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары, ғылыми консультант болды.
Негізгі ғылыми еңбектері іштен туа біткен ортопедиялық ауруларды емдеу мәселесіне арналған. Ол реслубликада балалар ортопедиясының негізін салды. Полиомиелит, жүйке жүйесі ауруларына шалдыққан, жарақаттанған балаларды сауықтыру жүйесін жасап, гипс орнына «Коллосиликат» қоспасын ұсынды.
85 жыл бұрын (1924) ғалым, геология-минералогия ғылымының докторы, профессор, Қазақстан Ғылым Академиясының академигі, Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым қайраткері АБДУЛИН Айтмұхамед Абдоллаұлы дүниеге келді. Қазақстанның Мемлекет сыйлығының, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты.
Ұлы Отан соғысына қатысқан.
Қарағанды облысының Ұлытау ауданында туған.
1953-1964 жылдары Қазақстан Ғылым Академиясының Геологиялық ғылымдар институтының лаборанты, инженері, кіші, аға ғылыми қызметкері, лаборатория меңгерушісі, ғылыми хатшы. 1964-1974 жылдары - Геологиялық ғылымдар институты директорының орынбасары. 1974-1995 жылдары - Геологиялық ғылымдар институтының директоры, Қазақстан Ғылым Академиясы Президиумының академик-хатшысы, вице-президенті. 1995 жылдан Қазақстан Республикасы Ғылым Академиясы Геология ғылымдары институтының құрметті директоры.
Ғылыми зерттеулерінің негізгі бағыттары: жалпы және аймақтық геология, тектоника, металлогения, мұнай және газ геологиясы. А.Абдулин Орталық Қазақстанда алтын, мыс, турмалин кендерін зерттеумен шұғылданды. Мұғалжар кешенді экспедициясын басқарды. Бірнеше кен орындарын (Самар алтын мыс кені, Құмкөл, Арысқүм, Нұралы мұнай кендері, т.б.) ашты. Ғалымның тапқан нақты мәліметтері бойынша республиканың тектоникалық картасы жасалды. Орал, Тянь-Шань және Орталық Казақстанның тектоникалық құрылымдарының байланысы жөніндегі теориялық мәселелер жаңа тұрғыдан шешілді, геологиялық дамуының ерекшеліктері айқындалды.
Октябрь революциясы, 1-дәрежелі Отан соғысы, 2 рет Қызыл Жұлдыз, Еңбек Қызыл Ту, «Құрмет» ордендерімен, Халықаралық геологиялық конгрестің алтын белгісімен, академик С.И.Вавилов медалімен марапатталған.