ҚазАқпарат-Анонс: қарашаның 5-і мен 8-і аралығындағы оқиғалардың күнтізбесі

ҚазАқпарат-Анонс: қарашаның 5-і мен 8-і аралығындағы оқиғалардың күнтізбесі

Елбасы

Қарашаның 4-і мен 6-сы аралығында Президент Нұрсұлтан Назарбаев Италияға  және Ватиканға ресми сапар жасайды. Cапар барысында Елбасы Италия Президенті Джорджио Наполетаномен және осы елдің Министрлер кеңесінің төрағасы Сильвио Берлусконимен келіссөздер жүргізіп, екі ел арасындағы үкіметаралық және коммерциялық келісімдерге қол қояды деп күтілуде. Сондай-ақ Мемлекет басшысының сапары аясында екі елдің ірі компаниялары мен іскер топ өкілдерінің қатысуымен Қазақстан-итальян бизнес форумы өтеді. Ал Ватиканға сапары барысында Мемлекет басшысы Рим папасы Бенедикт XVI және Қасиетті тақ Мемлекеттік хатшысы  Тарчизио Бертонемен кездеседі.

ҮКІМЕТ

Қарашаның 3-і мен 5-сі аралығында ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі «Қыс-2009» командалық-штабтық оқу-жаттығуын өткізеді. Оқу-жаттығудың мақсаты - басқару органдарының, апаттық-құтқару қызметі күштерінің және құралдарының, өмір сүрумен қамтамасыз ететін нысандардың, қыс айларында төтенше жағдайлар жағдайында іс-қимыл жасауға халықты құлағдар ету жүйелерінің даярлығын тексеру.

Қарашаның 5-де   Ауыл  шаруашылығы министрлігінде «Климаттың  өзгеруі    және   оның әсері:   өзен  ағындарының  қысқаруы  және    Қазақстан  Республикасының ауыл шаруашылығында 2030 жылға  дейін     бейімделу  шараларын  әзірлеу»    тақырыбына арналған  «дөңгелек  үстел»  отырысы  өтеді.

ПАРЛАМЕНТ

Қарашаның 5-і күні Мәжілістің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің ұйымдастыруымен өтетін отырыста парламентшілер бастамашылығымен дайындалған «Әйелдер мен ерлердің тең құқықтары және тең мүмкіндіктері туралы» заң жобасы талқыға салынады.

ҚОҒАМ

Қарашаның  5-6-да Вена қаласында «Гендерлік теңдік, әйелдер жөніндегі зорлыққа қарсы күреске ерекше назармен» (Gender equality, with a special focus on combating violence against women) атты адам өлшеміндегі үшінші Қосымша кеңес жоспарлануда.Аталған іс-шарада Қазақстан жағынан Ерекше тапсырмалар жөніндегі Елші М.Жарбосынованың бастаған делегация қатысады.

Қарашаның 2- 6-сы аралығында БарселонадаҚР қоршаған ортаны қорғау министрінің орынбасары Эльдана Садуақасова бастаған қазақстандық делегация БҰҰ шеңберлік конвенциясының климаттың өзгеруіне қатысты және Киот хаттамасы міндеттемелерінің орындалуына бағытталған ұзақ мерзімді ортақ әрекеттер жөніндегі жұмысшы топ сессиясына қатысады.

Қарашаның 5-і мен 9-ы аралығында Ыстамбұл қаласында Ислам Конференциясы Ұйымының (ИКҰ) Экономика және сауда ынтымақтастығы жөніндегі тұрақты комитетінің 25-жылдығына орай ИКҰ мүше мемлекеттердің басшыларының қатысуымен Экономикалық саммит өтеді.  Аталған саммитке ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Ө.Шөкеев бастаған қазақстандық делегация қатысады деп күтілуде.

СПОРТ

Қарашаның 5-6-да хоккейден Қазақстанның  чемпионатының   бірінші кезегінің аясында  жоғары лига командалары «Ертіс-Павлодар» - «Қазмырыш Торпедо-2» командалары кездеседі.

Қарашаның 8-де Алматы қаласында Оралдың «Ақжайығы» мен Көкшетаудың «Оқжетпесі» премьер-лига жолдамасын сарапқа салады.

АСТАНА

Қарашаның 5-де   Журналистер   үйінде «Сот  билігі  және   БАҚ» деген тақырыпта  форум өтеді.

Қарашаның 5-де   «Тәңірі»   қонақүйінде  «Инклюзивті  білім:     білім    саясатын  жүзеге асыруды    жетілдіру»  дегене  тақырыпта  халықаралық  конференция  өтеді.

Қарашаның  5-де Кәсіподақтар  федерациясының  кеңсесінде  «Жұмысшы  және   жұмыс беруші:   әлеуметтік  және    еңбек қатынастарын  реттеу»  тақырыбында  семинар болады.

Қарашаның 5-де   Ұлттық мұрағатта  Партияаралық  диалогттың  «Көзқарас»    саяси клубының    отырысы  өтеді.

Қарашаның  5-де «Нұр Отан»  партиясының елордалық филиалында  «Жаңа  Қазақстан  әйелдердің көзімен» деген  тақырыпта    «дөңгелек  үстел»  отырысы  өтеді.

Қарашаның 5-де   Кедендік  бақылау департаментінде «Кеден - кәсіпкерлер:  ашық   өзара іс-қимыл»  деген  тақырыпқа  арналған «дөңгелек  үстел» отырысы  өтеді.

Қарашаның 5-6-да Астанада  бірқатар мүдделі министрліктер мен ведомстволар өкілдері қатысатын консульдық мәселелер жөніндегі Қазақстан-Үндістан консультацияларының бірінші кезеңі өтеді. Келіссөздер барысында тараптар екі ел азаматтарының құқықтары мен мүдделерін қорғау, шарт-құқықтық базаны кеңейту және басқа мәселелерді талқылауды жоспарлауда.

Қарашаның 7-сі күні Астанадағы Конгресс Холл сарайында «Нұр Отан» партиясы «Жас Отан» жастар қанатының кубогі жолында Халықаралық КТК ойындары өтеді. Ойынға «Максимум» (Томск), «Сок» (Самара), «Триод и Диод» (Смоленск), «Федор Двинятин» (Мәскеу), «Астана. Kz» (Қазақстан) сынды Халықаралық КТК Одағы Жоғары лигасының командалары қатысады.

АЛМАТЫ

Алматыда қараша айының 5-і күні, салауатты өмір салтын насихаттау мен  экстремалды спорт түрін насихаттауға арналған, жыл сайынғы IV  «X-MOVIE» экстремалды әуесқой видео  фестивалі өтеді.

 Қарашаның 6-сы күні Алматыда қазақ балет  тарихында тұңғыш рет  жас балет әртістеріне арналған «Өрлеу» атты жаңа театр ашылады. Аталмыш театр А.В.Селезнев атындағы Алматы  хореографиялық училищесінің 75 жылдық мерейтойы құрметіне орай, училище жанынан ашылмақ.

АТАУЛЫ КҮНДЕР. ЕЛЕУЛІ ОҚИҒАЛАР. МЕРЕКЕЛЕР.

5 ҚАРАША, БЕЙСЕНБІ

Армения барлау әскерлерінің күні. 1992 жылдың 5 қарашасынан, Армения Қарулы күштерінің барлау бөлімшелерін құру аяқталған күннен бастап аталып өтеді.

Әскери барлаушы күні. Ресей Федерациясы Қорғаныс министрлігінің 2000 жылғы 12 қазандағы № 490-ыншы бұйрығымен бекітілген.

Перудегі Пуно күні. Үндістердің аңызында инктердің ежелгі ата-бабалары - Манко Капак пен оның апайы және әйелі Мама Окльо Титикака көлінің суынан шығып, қаланың негізін қалайды. Олар Манко Капактың алтын аса таяғы жерге кіретін орынды іздейді. Сол жерді таба салысымен инктердің қаласын тұрғыза бастайды. Пуно күні дәстүр бойынша Титикака көлінің жағасындағы сол аттас қалада аталып өтеді.

ОҚИҒАЛАР

5 жыл бұрын (2004) Қызылордадағы көшенің біріне Сағымбай Рысбаевтың есімі берілді. Ол өткен ғасырдың 30-ыншы жылдары қала басшысының қызметін атқарған, маңайдағы ауылдарының біріндегі қоймада сақталған 5-6 тонна тарыны аштықтан қиналғандар арасында бөліп бергені үшін қуғын-сүргінге ұшыраған. Ол Сәкен Сейфуллинмен және Бейімбет Майлинмен тығыз достық қарым-қатынаста болған екен.

С.Рысбаев - асқан мәдениетті адам болған, айналасындағыларға адамгершілікпен қарап, жанашырлығымен, тыңғылықты білімділігімен де ерекшеленген.

5 жыл бұрын (2004) Таразда республикалық жеңіл атлетикалық кросс жарысы өтті. Оған Қазақстанның сегіз облысынан 200 спортшы қатысты. Бірінші орынды Жамбыл облысының жеңіл атлеттері жеңіп алды.

ЕСІМДЕР

85 жыл бұрын (1924) Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген ауыл шаруашылығы қызметкері БРУСНИК Дмитрий Яковлевич дүниеге келді.

Қостанай облысының Сарыкөл ауданында туған.

Златоуст (Ресей Федерациясы Челябі облысы) әскери училищесін, Алматы жоғары партия мектебін бітірген.

1947-1950 жылдары - Қостанай облысы Аннов ауылдық кеңес хатшысы, төрағасы. 1950-1954 жылдары - Сарыкөл аудандық партия комитетінің хатшысы, бөлім меңгерушісі. 1958-1970 жылдары - кеңшар партия комитетінің хатшысы, Сарыкөл және Обаған аудандары партия комитеттерінің 1-хатшысы. 1970-1986 жылдары - Қостанай облысы кәсіподақ кеңесінің төрағасы. 1987-2006 жылдары облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы қызметтерін атқарған.

Отан соғысы, ІІІ-дәрежелі Даңқ, үш Еңбек Қызыл Ту, Халықтар достығы ордендерімен марапатталған.

65 жыл бұрын (1944) құрметті теміржолшы, «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ техникалық департаменті техникалық басқармасының бастығы НАРЫМБЕТОВ Әділғазы Сарымсақұлы дүниеге келді.

Оңтүстік-Қазақстан облысының Арыс қаласында туған.

Новосібір теміржол көлігі инженерлері институтын бітірген.

1968-1984 жылдары Алматы Теміржол басқармасының Арыс-1 стансасында станса бойынша кезекші, стансалық диспетчер, сұрыптау стансасының бас инженері, станса бастығы болып жұмыс істеген. 1984-1992 жылдары - Арыс қалалық партия комитетінің екінші хатшысы, Алматы Теміржолының Шымкент бөлімшесі бастығының орынбасары, 1 Теміржолдағы Семей бөлімшесінің қозғалыс бөлімінің бастығы - бөлімше бастығының орынбасары. 1992-1997 жылдары - Алматы теміржолы бастығының бірінші орынбасары, қозғалыс қызметінің бастығы - Алматы темір жолы бастығының орынбасары. 1997-1998 жылдары - «Қазақстан теміржолы» РМК жүк тасымалдау және коммерциялық жұмыстар Бас басқармасы бастығының бірінші орынбасары. 1998-2004 жылдары - «Русский мир» ұлттық компаниясының Қазақстан Республикасындағы өкілдігінің директоры. Қазіргі қызметінде - 2004 жылдың сәуірінен.

45 жыл бұрын (1964) киноактриса ДОСМАТОВА Гүлнар Абдуллақызы дүниеге келді.

Алматы қаласында туған.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін бітірген.

1985 жылдан «Қазақфильм» киностудиясының актрисасы.

Кинодағы алғашқы елеулі ролі - «Даладағы қуғын» фильміндегі Әйгерім. 20-дан астам фильмге түскен. Олардың ішінде «Жеңімпаз», «Мерекенің үш күні», «Кардиограмма», «Адамдық тағдыр», отандық телесериал «Тоғысқан тағдырлар», және т.б.

«Адамдық тағдыр» фильміндегі ролі үшін 1985 жылы Минскіде (Беларус) өткен Бүкілодақтық кинофестивальда «Ең үздік әйел бейнесі» жүлдесін иеленген. 2000 жылы «Жыл таңдауы» байқауында «Жылдың үздік актрисасы» атанды. 

6 ҚАРАША, ЖҰМА

Соғыс және қарулы қақтығыстар кезінде қоршаған ортаны залалдауды болдырмаудың халықаралық күні. БҰҰ-ның Бас Ассамблеясы соғыстың экологиялық зардаптарына көңіл аудару және әскери мүдделеріне жету жолында экожүйелерді залалдаудан да, мәнсіз залал келтіруден де бас тарту мақсатында бекіткен.

РФ сот приставтарының күні. РФ-ның «Сот приставтары туралы» Заң күшіне енген 1997 жылдың 6 қарашасынан аталып өтеді.

Финляндиядағы швед мәдениеті күні. Ту күні (заңдылықтармен бекітілген орындарда мемлекеттік ту көтерілетін мейрамдар мен еске алу күндері) 1908 жылдан Швеция мен швед мәдениетіне арналып белгіленген және кеңінен аталып өтеді.

ОҚИҒАЛАР

30 жыл бұрын (1979) азамат және Ұлы Отан соғыстарында қаза тапқан солтүстік қазақстандықтарды мәңгі есте қалдыру мақсатында Петропавл қаласының алаңында Революциялық және жауынгерлік даңқ мемориалы ашылды. Мемориал авторлары - ленинградтық сәулетшілер М.Е.Константинов, В.А.Федоров, В.Н.Фурсов және петропавловдық А.Н.Бургаев.

5 жыл бұрын Астана қаласының әкімшілігі мен Сеул қаласының мэриясы Қазақстан мен Корея Республикасы астаналары арасында бауырластық қатынастарды бекіту туралы келісім-шартқа және өзара түсіністік меморандумына қол қойды. Бұл - сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық салалардағы ынтымақтастық туралы келісім, сондай-ақ қалалық инфрақұрылым мәселелеріндегі бірлескен әріптестік кепілі.

5 жыл бұрын (2004) Алматыдағы Орталық концерт залында атақты америкалық дирижер Руберт Гуттердің жетекшілігімен Қазақ симфониялық оркестрінің орындауында «Америка киносының әуендері» концерті болып өтті. Р.Гуттер - Солтүстік Каролина штатындағы Гринсборо филармониясының музыкалық директоры және Халықаралық дирижерлер институтының арт-директоры. Нью-Йорк Музыка мен Өнер мектебін және Йель университетінің музыка факультетін тәмамдаған. Дирижер дәрежесінде ол 25 елдің алдыңғы қатарлы оркестрлерімен жұмыс істеген.

5 жыл бұрын (2004) Таразда Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы Марат Жаһиттың 60 жылдық мерейтойына арналған қазақша күрестен кубок турнирі болып өтті. Қазақша күрестен Қазақстан Кубогын жеңіп алу үшін еліміздің барлық облыстарынан, Астана мен Алматы қалаларының командалары белдесті.

Марат Жаһит - Қазақстан Республикасына еңбек сіңірген бапкер, көптеген талантты шәкірттер - қазақша күрестен бірнеше мәрте республикалық және халықаралық жарыстардың жеңімпаздарын тәрбиелеп шығарды.

ЕСІМДЕР

85 жыл бұрын (1924-1986) кескіндемеші, Қазақстанның халық суретшісі, өнертану кандидаты, Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының иегері НҰРМҰХАМЕДОВ Нағымбек Жемаладдинұлы дүниеге келді.

Ұлы Отан соғысына қатысқан.

Павлодар облысы Баянауыл ауданында туған.

Театр-көркемсурет училищесін, Санкт-Петербор кескіндеме, мүсін және архитектуралық институтын, КСРО Көркемсурет академиясы жанындағы аспирантураны бітірген.

«Даладағы өрт», «Әкем келе жатыр», «Бес қаруың сай болсын», «Кеңес Одағы Әскери Теңіз-флотының адмиралы И.С.Исаков», «Кеңес Одағының Батыры М.Ғабдуллин», «Теміртау су қоймасы», «Алатау беткейінде», «Фудзияма тауы», «Еңбек даңқы ерлері» атты еңбектері кеңінен танымал.

Бүкілодақтық және республикалық көрмелерге қатысты. 7 мәрте өзінің жеке көрмесі болды. Оның еңбектері Канадада, Бельгияда, Югославияда, Финляндияда көрмелерге қойылды.

Қазақстанның бейнелеу өнері жөніндегі бірнеше кітаптар мен альбомдардың авторы.

2-дәрежелі Отан соғысы, «Құрмет белгісі» орденімен марапатталған.

85 жыл бұрын (1924-1996) Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген сауда қызметкері САЛТЫБАЕВ Сәкен Әбілғазыұлы дүниеге келді.

Ұлы Отан соғысына қатысқан.

Қарағанды облысы Қарқаралы ауданында туған.

КСРО Сауда министрлігінің Жоғарғы сауда мектебін бітірген.

1945-1954 жылдары Түркістан-Сібір теміржолында жұмыс істеген. 1956-1958 жылдары - Түркістан-Сібір теміржолы жұмысшыларды қамтамасыз ету басқармасы бастығының орынбасары. 1958-1961 жылдары - Оңтүстік-Қазақстан облыстық сауда басқармасының бастығы. 1961-1962 жылдары - Шымкент қалалық атқару комитетінің төрағасы. 1962-1963 жылдары - Оңтүстік-Қазақстан өлкелік партия комитетінің бөлім меңгерушісі. 1963-1966 жылдары - Қазақ КСР Партиялық-мемлекеттік бақылау комитетінің бөлім меңгерушісі. 1966-1971 жылдары - Қазақ КСР Сауда министрінің орынбасары - Қазақ КСР Сауда палатасы президиумының төрағасы. 1971-1979 жылдары - Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің сауда, жоспарлау және қаржы органдары бөлімінің меңгерушісі. 1979-1984 жылдары - Қазақ КСР Еңбек жөніндегі Мемлекеттік комитеті төрағасының орынбасары қызметтерін атқарған.

Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің 8-9 шақырылымдарының депутаты.

Ұлы Отан соғысы, Қызыл Жұлдыз, екі мәрте Еңбек Қызыл Ту ордендерімен, медальдармен және Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен марапатталған.

55 жыл бұрын (1954) Қазақстан Республикасы Энергетика және минералдық ресурстар министрлігінің энергетикалық қадағалау жөніндегі комитетінің төрағасы РАМАЗАНОВ Мұрат Зекенұлы дүниеге келді.

Ақмола облысында туған.

В.Куйбышев атындағы Мәскеу инженерлік-құрылыс институтын бітірген.

1977-1980 жылдары Целиноград инженер-құрылыс институтында оқытушы болып жұмыс істеген. 1980-1996 жылдары - «Целинэнерго» электр стансасының инженері, аға инженері, кезекші инженері, партия комитеті хатшысының орынбасары, диспетчер, сектор бастығы. 1996-1997 жылдары - «Қазақстанэнерго» ұлттық энергетикалық жүйесі аймақтық диспетчерлік орталығының аға диспетчері. 1997-1998 жылдары - «АРЭК» АҚ-ы Ақмола электр жүйесінің бас инженері. 1998-1999 жылдары - Ақмола қаласы әкімі аппаратының энергиямен және қаланың қалыпты тіршілігін қамтамасыз ету бөлімінің меңгерушісі, Астана қаласы «Қалалық электр жүйелері» Ашық түрдегі акционерлік қоғамның (ТЭЦ, ТЭЦ-2, «Жылу жүйелері» акционерлік қоғамдарының басқарушы компаниясы) президенті қызметтерін атқарған. 1999-2000 жылдары - Энергетика және минералдық ресурстар министрлігі Энергетикалық қадағалау комитеті төрағасының орынбасары. Қазіргі қызметінде - 2000 жылдың сәуірінен.

Медальмен марапатталған.

35 жыл бұрын (1974) Қазақстан Республикасының Грекия Республикасындағы істері бойынша уақытша сенімді өкілі НҰРТАЕВ Сергей Нұртайұлы дүниеге келді.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін бітірген.

Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігінің Алматы қаласындағы өкілдігінің үшінші хатшысы, 2002-2004 жылдары Қазақстан Республикасының Ұлыбританиядағы Елшілігінің үшінші хатшысы, 2004 жылдың наурыз айынан Қазақстан Республикасының Санкт-Петербор қаласындағы Бас консулы болып қызметтер атқарған. 2007 жылдан - Қазақстан Республикасының Грекия Республикасындағы істері бойынша уақытша сенімді өкілі.

7 ҚАРАША, СЕНБІ

Түрікменстандағы денсаулық күні. 2000 жылы Түркіменстан Президентінің Жарлығымен бекітілген. Қарашаның бірінші сенбісінде аталып өтеді.

Ресейде әскери даңқ күні - Мәскеудің Қызыл алаңында Ұлы Октябрь Социалистік революциясының жиырма төртінші жылдығы құрметіне әскери шеру өткізілген күн (1941).

Қырғызстан ақпарат және баспасөз күні. 1924 жылдың 7 қарашасы - ұлттық газет «Эркин-тоо» (қазір «Кыргыз Туусу») бірінші санының жарық көрген күні Қырғыз Республикасы Үкіметінің 1993 жылғы 1 қарашадағы Қаулысымен кәсіби мейрам болып бекітілген.

Дүниежүзілік ерлер күні. КСРО-ның бұрынғы президенті Михаил Горбачевтың ұсынысын веналық магистрат, БҰҰ-ның Венадағы бөлімшесі және бірқатар басқа да халықаралық ұйымдар қолдаған. Қарашаның бірінші сенбісінде аталып өтеді.

ОҚИҒАЛАР

80 жыл бұрын (1929) Алматыда «Қызыл әскер»- қазақ тіліндегі тұңғыш әскери газет аптасына бір рет шығып тұрды.

Газет Кеңес өкіметінің қорғаныс қуатын арттыру, қазақ жастарын әскери өнерге баулу, офицерлердің әскери білімдерін кеңейту, еңбекшілердің Қызыл әскермен байланысын нығайту жолында жұмыс жүргізді. Қазақ дивизионын, атты әскер полкін жасақтау ісіне белсене атсалысты. Газеттің жұмысына І.Жансүгіров, А.Лекеров, Ә.Көшімов, т.б. белсенділер қатысып тұрды. Оның бүгінгі мұрагері - Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің орталық баспасөз органы - «Қазақстан сарбазы» басылымы.

75 жыл бұрын (1934) Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрында «Қыз Жібек» - опералық шығармасының алғашқы қойылымы өтті. Басты партияларды К.Байсейітова (Жібек), Қ.Байсейітов (Төлеген), М.Ержанов (Шеге) орындады. Екі жастың мөлдір махаббаты лиро-романтикалық сазбен өрбіп, армандарына жете алмаған аянышты тағдыры трагедиямен аяқталады. Операда ұлттық вокалдық және аспаптық шығармалар, халық композиторларының (Үкілі Ыбырай, Мүхит, Жаяу Мұса, Тәттімбет) ән-күйлері молынан пайдаланылды. «Гәкку», «Айқара көк», «Аққұм», т.б. халық әндері кейіпкерлердің бейнелерін ашып, шығарманың ұлттық бояуын канықтыра түсті. «Қыз Жібек»» операсының қойылуы ұлттық мәдениет тарихындағы айтулы оқиға еді. Опера сахнада ұзақ жылдар қойылып келеді. Әнші артистердің кәсіби деңгейі өсіп, орындаушылық қабілетінің шыңдалуына ықпал етті. «Қыз Жібек» операсындағы әндер, билер көркемөнерпаздар үйірмелері мен жеке орындаушылар репертуарынан берік орын алды. 1968 ж. 27 қаңтарда «Қыз Жібек» операсының мыңыншы қойылымы (реж. Б.Досымжанов) өнер мерекесіне айналды.

5 жыл бұрын (2004) 7-8 қарашада Өскеменде ауыл жастарының «Рауан-2004» республикалық слеті болып өтті. Форум қорытындысында ауылдағы жастар саясаты саласында жаңа заңдық негіз жасау үшін нақты ұсыныстар қарастырылған қарар қабылданды.

 ЕСІМДЕР

80 жыл бұрын (1929-1979) ғалым, филология ғылымының кандидаты САХАРИЕВ Баламер дүниеге келді.

Шығыс Қазақстан облысының Қатонқарағай ауданында туған.

Қазақ педагогикалық университетін (Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университет) бітірген.

1950-1962 жылдары - «Халық мұғалімі» (қазіргі «Қазақстан мектебі»), «Жұлдыз» журналдарының бөлім меңгерушісі. 1962-1963 жылдары - Әдебиет және өнер институтының ғылыми қызметкері. 1963 жылдан - Әдебиет және өнер институтына қарасты М.О.Әуезовтің әдеби-мемориалдық мұражай үйінің аға ғылыми қызметкері.

«Бұқа мен аю» әңгімелер туындысы, «Уақыт тынысы», «Күрескер тұлғасы» атты ғылыми-зерттеу еңбектері мен әдеби-сын мақалалар жинақтары жарық көрген. «Қазақ совет әдебиеті тарихының» кейбір тарауларын жазған, орта мектептерге арналған «Қазақ совет әдебиеті» оқулығы авторларының бірі болған. М.Базарбаевпен бірге қазақ әдебиетінің окулығын жазған.

Орыс жазушылары А.Куприннің, И.Буниннің, әзірбайжан жазушысы О.Туманянның, қырғыз жазушысы Ш.Айтматовтың кейбір шығармаларын, Н.Крупскаяның педагогикалық еңбектерін, куба жазушысы Д.Олеманның «Төңкеріс түлектері» повесін, Поповтың «Семья», А.Корнейчуктың «Днепр айдынында» пьесаларын казақ тіліне аударған.

80 жыл бұрын (1929) қоғам қайраткері, Тараз қаласының құрметті азаматы АҚҚОЗИЕВ Сейілхан дүниеге келді.

Жамбыл облысының Мойынқұм ауданында туған.

Қазақ ауыл шаруашылығы институтын бітірген.

1953-1963 жылдары бас инженер, Ульянов аудандық партия комитетінің екінші хатшысы, аудандық атқару комитетінің төрағасы, Жаңаарқа аумақтық ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру және дайындау басқармасының парторгы, 1963-1964 жылдары Жамбыл облыстық партия комитетінің бөлім меңгерушісі, 1964-1970 жылдары Луговой аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы, 1970-1971 жылдары Жамбыл облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы, 1971-1973 жылдары Жамбыл облыстық партия комитетінің хатшысы, 1973-1986 жылдары Жамбыл облыстық атқару комитетінің төрағасы, 1986 жылдың желтоқсанынан - «Жамбылдорстрой» АҚ-да меңгерушісінің орынбасары, вице-президенті қызметтерін атқарған.

Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің 9-11 шақырылымдарының депутаты.

Төрт мәрте Еңбек Қызыл Ту, екі мәрте «Құрмет Белгісі» ордендерімен, медальдармен марапатталған.

70 жыл бұрын (1939) ғалым, геология-минералогия ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Ұлттық Ғылым академиясының академигі ОЗДОЕВ Сұлтан Мәжитұлы дүниеге келді.

Ресейде туған.

Қазақ политехникалық институтын (Қ.И.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университеті) бітірген.

1967 жылдан Қазақстан ҒА-ның Қ.И.Сәтбаев атындағы Геология ғылымдары институтында ғылыми қызметте.

Негізгі ғылыми еңбектері Қазақстанның мұнай алаңдарының геологиясын зерттеу мәселелеріне арналған. Зерттелмеген кен орындарының болашағы мен оны анықтаудың бұдан бұрын қолданылмаған әдістерін: мұнай, газ кен орындарын барлап-болжау жұмыстарында қолданыс тапқан тау жыныстарының толқынданып орналасуына негізделген жаңа белгілер ұсынды.

3 монография, 60-тан астам ғылыми еңбек жазған.

1995 жылдан Қазақстандағы ингуш ұлттық-мәдени орталығының төрағасы.

65 жыл бұрын (1944) Қазақстанның спорт шебері, самбодан Қазақстанның және КСРО-ның еңбек сіңірген жаттықтырушысы, қазақша күрестен Қазақстанның мемлекеттік бапкері ЖАҺИТ Марат Нұрмұханбетұлы дүниеге келді.

Шығыс Қазақстан облысының Аягөз қаласында туған.

Алматы ауылшаруашылық институтын бітірген.

Студент кезінде П.Терещенкодан самбо әліппесін үйреніп, 1963 жылы республикалық біріншілікте, бүкілодақтық жарыстарда жүлделі орындарға ие болған. КСРО-ның студенттер құрамасы сапында күресіп, есімі әлемге танылған атақты жаттықтырушы А.Харлампиевтен тәлім алған. Әскерде жүріп Беларусьтің чемпионы, күміс жүлдегері болды. М.Жаһит тәрбиелеген А.Мұсабеков, Қ.Байшолақов, Т.Байшолақов, С.Жартыбаев, С.Валобуев, А.Махмұтов, Н.Оспанов, А.Жақит, М.Жүнісбеков, Ғ.Ахметов, С.Жақит Қазақстанның, КСРО-ның, Азияның, Еуропаның, дүние жүзінің чемпионаттары және Кубок жолындағы жарыстарда қола, күміс жүлдегер болып, жеңімпаз, чемпион атанған.

Аягөзде және Семейде Марат Жаһит атындағы жүлде үшін самбошылардың жарысы өткізіліп тұрады.

«Халықтар достығы» орденімен, медальдармен марапатталған.

60 жыл бұрын (1949) «Акмо-Фарм» Қоғамдық қоры президентінің кеңесшісі БЕЛГІБАЕВ Сейіт Қуандықұлы дүниеге келді.

Оңтүстік-Қазақстан облысында туған. 

Қазақ политехникалық институтын, Алматы Жоғарғы партия мектебін бітірген.

1972-1975 жылдары - Шымкент қорғасын зауытының бригадирі, агломерациялық цехтың шебері. 1975-1982 жылдары - Қазақстан ЛКЖО Еңбекші аудандық комитетінің бірінші хатшысы, аудандық партия комитетінің бөлім меңгерушісі, Шымкент облыстық партия комитетінің нұсқаушысы. 1982-1988 жылдары - Кентау қалалық партия комитетінің хатшысы, Абай аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы. 1988-1992 жылдары - Қазақстан Коммунистік партиясы Орталық комитетінің жауапты ұйымдастырушысы, ұйымдастыру-партиялық жұмыс бөлімі меңгерушісінің орынбасары, «Тамыр» ЖШС-нің вице-президенті. 1992-1995 жылдары - Шымкент қалалық әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары, «Түркістан» фирмасының бас директоры, Шымкент қалалық әкімшілігінің басшысы. 1995-1997 жылдары - «БСК» ЖШС-нің президенті. 1997-2004 жылдары - «Энергия» институты» АҚ-ның бірінші вице-президенті, президент кеңесшісі қызметтерін атқарған. Қазіргі қызметінде - 2004 жылдан.

8 ҚАРАША, ЖЕКСЕНБІ

Халықаралық КВН (Көңілділер мен Тапқыштар Клубы) күні. 2001 жылдың 8 қарашасынан аталып өтеді.

Германияда халықтық азалы күн. Халықтық азалы күнінің тарихы тұңғыш рет 1922 жылы рейхстагта бірінші дүниежүзілік соғыс құрбандарын Еске алу сағаты өткен күннен бастауын алады. ФРГ құрылғаннан кейін, католиктік Рождествоны еске алу шараларынан шамамен бір ай бұрын жүйесіз өткізіліп келсе, 1952 жылдан бастап қарашаның екінші жексенбісінде біріктіріп атап өтуге шешім қабылданды.

Қытайда журналист күні. 2004 жылдың 8 қарашасынан атап өтіледі.

Әке күні. Тұңғыш рет «Әке күні» Вашингтонда 1910 жылғы 19 маусымнан жаппай тойлана бастап, содан бері Америкадағы көптеген отбасылар өздерінің әкелерін құттықтайтын болған. Алайда, тек президент Линдон Джонсон маусымның үшінші жексенбісін ұлттық мейрам деп жариялағаннан кейін ғана, 1966 жылдан бастап «Әке күні» бүкіламерикалық мейрамға айналды. Әдетте, жыл сайынғы салтанаттар барысында мемлекет пен қарапайым азаматтар балаларын жалғызілікті тәрбиелеп отырған, табыстары төмен әкелерге қамқорлық жасауға асығады екен.

Баку метрополитені қызметкерлерінің күні. Әзірбайжан Президентінің 2006 жылғы 28 қазандағы жарлығына сәйкес, бакулік метро жүйесінің іске қосылғанына 40 жыл толуына байланысты, Әзірбайжанда жыл сайын қарашаның 8-інде Баку метросы қызметкерлерінің күні аталып өтеді.

ОҚИҒАЛАР

5 жыл бұрын (2004) Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінде Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше елдері Елшілері клубының бірінші мәжілісі болып өтті. Мәжіліске Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі, Қытай Халық Республикасының, Қырғыз Республикасының, Ресей Федерациясының, Тәжікстан Республикасының, Өзбекстан Республикасының Елшілері қатысты. Мәжілісте ШЫҰ хатшылығының, Қазақстанда тіркелген Ұлттық үйлестірушілер мен тұрақты өкілдер кеңесінің бірлескен әрекеттестіктері қарастырылды.

 5 жыл бұрын (2004) Қазақстан делегациясы 8-11 қарашада Лондонда «World Travel Market» - WTM-2004 туристік көрмесіне қатысты. Көрмеде әлемнің 190 елінен келген мемлекеттік туристік ұйымдар мен жеке туристік компаниялардың өкілдері өздерінің туристік мүмкіндіктерін паш етті және іскер ынтымақтастықтың болашағын талқыға салды. 

Біздің делегация құрамында Қазақстан Республикасы Индустрия және сауда министрлігінің Туризм жөніндегі комитетінің, аймақтық туризм жөніндегі департаменттердің, «Эйр Астана» ұлттық әуе тасымалдаушысының, Қазақстан туристік ассоциациясының, сондай-ақ «Тұран-Азия», «Отырар-групп», «Глобал-Эйр», «Хан Тәңірі», «Asia Discovery», «Азия Туры» тәрізді ірі қазақстандық туристік компаниялардың және «Астана Интер Отель» мен «Қазақстан» қонақ үйлерінің өкілдері қатысты.

5 жыл бұрын (2004) Семей мешітіне 1907 жылы Қазанда басып шығарылған Құран табыс етілді. Оны ескі ғимаратты жөндеу жұмыстары кезінде «Дау-Қаз» серіктестігінің қаржы директоры Олег Власенко тауып алған. Бұл басылымда Құранның араб мәтінімен қатар көрнекті орыс шығыстанушысы Гордий Саблуков жасаған орысша аудармасы қоса келтірілген.

5 жыл бұрын (2004) Павлодар қаласының «РубиКОМ» ЖШС-і «Агропродэкспо» халықаралық көрмесінен төрт алтын, бір күміс және үш қола медаль жеңіп алды. Бұл фирма ет және шұжық бұйымдарын шығарумен айналысады, өнімдерін Қазақстанның басқа да облыстарына жөнелтеді.

3 жыл бұрын (2006) Қазақстан мен Египет басшылары Нұрсұлтан Назарбаев пен Хұсни Мүбарак «Отан қорғаушылары» ескерткішіне гүл шоқтарын қою салтанатына қатысты. Дәстүрге сәйкес Х. Мүбарак «Мемлекет басшылары аллеясына» ағаш отырғызды.

ЕСІМДЕР

85 жыл бұрын (1924) кескіндемеші РЕЧЕНСКИЙ Павел Иванович дүниеге келді.

Ресей Федерациясының Саратов облысында туған.

Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан.

1930 жылдан Қарағанды қаласында тұрады.

«Саран шахтерлары», «Дүбірлі Қарағанды», «Қазақстан Магниткасы», «Алтын шынар», «Күз», «Көктемгі қар», «Шахтаға түскен суретшілер», «Прометей туралы аңыз» еңбектердің авторы.

40 жыл бұрын (1969) «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ экономика және қаржы жөніндегі бас директорының орынбасары БЕКЕЖАНОВА Жаннета Дүйсетайқызы дүниеге келді.

Алматы қаласында туған.

Қазақ мемлекеттік басқару академиясын бітірген.

1989-1995 жылдары «Казахинторг» бірлестігінде аға экономист, ҚР-ның ҚХР-дағы Сауда өкілдігінде аға экономист, Гонконгтегі Қазақ сауда үйі директорының орынбасары, 1995-1997 жылдары «Финекс-Центр» ЖШС-нің директоры, 1997-2004 жылдары «ҚазТрансОйл» ЖАҚ-ның материалдық-техникалық жабдықтау департаментінің бастығы, қаржы жөніндегі атқарушы директоры, қаржы директоры, қаржы директоры - қазынашылық бастығы, экономика және қаржы жөніндегі бас директордың орынбасары қызметтерін атқарған. 2004 жылдың сәуірінен - «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ экономика және қаржы жөніндегі бас директорының орынбасары қызметін атқарады.

2004 жылдың шілде-тамызында «АНПЗ» ЖШС қадағалаушы кеңесінің мүшесі.