ҚазАқпарат-Анонс: қазанның 1-і мен 4-і аралығындағы оқиғалардың күнтізбесі

ҚазАқпарат-Анонс: қазанның 1-і мен 4-і аралығындағы оқиғалардың күнтізбесі

ЕЛБАСЫ

Қазанның 1-інде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың    Атырау  облысына  жұмыс сапары  жалғасады.Түске дейін   Президент       Атырауда салынған  жаңа нысандарды аралайды деп    жоспарлануда.     Нұрсұлтан  Назарбаев      100 орындық жаңа перзентхананың ашылу,    Атырау  жылу-электр орталығындағы қуаты  25 мВт     турбинаны  іске  қосу рәсімдеріне   қатысады,   Мұз  айдынында   болады.

Қазанның 2-сінде Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевтың Әзірбайжанға  ресми сапары жоспарлануда. Екі ел басшылары екіжақты және көпжақты форматтағы қазақстан-әзірбайжан арасындағы  өзара ынтымақтастық перспективалары мәселелерін талқылауды жоспарлауда.

Қазанның 3-інде Нахичеванда (Әзірбайжан Республикасы) Қазақстан Республикасының Президенті Н. Назарбаев қатысатын   Түркі тілдес елдер басшыларының 9-шы Саммиті өтеді.

ПАРЛАМЕНТ

Қазанның 1-інде  Парламент  Сенатының  пленарлық   отырысы  өтеді.

ҮКІМЕТ

Қазанның 1-інде Баку қаласында экономикалық ынтымақтастық мәселелері бойынша 6-шы қазақстан-азербайджан үкіметаралық комиссия отырысы жоспарланып отыр. Үкіметаралық комиссия отырысында қазақстан тарапынан ҚР Энергетика және минералды ресурстар Министрі Сауат Мынбаев ал азербайджан жағынан - АР Өнеркәсіп және энергетика Министрі Натиг Алиев бастаған делегациялар қатыспақ.

Қазанның 1-інде  Қаржы министрлігінде  «Салық төлеуші кабинеті»   web-қосымшасының  таныстырылымы өтеді.

Қазанның 2-сінде Астанада экономикалық ынтымақтастық бойынша қазақстан-польша үкіметаралық комиссиясы өтеді. Отырыста қазақстан тарапынан ҚР Сыртқы істер министрлігінің Жауапты хатшысы Рапиль Жошыбаев ал польша жағынан - ПР Премьер-министрдің орынбасары - Экономика Министрі Вальдемар Павляк бастаған делегациялар қатыспақ.

ҚОҒАМ

Қыркүйектің  28-і мен  қазанның 9-ы аралығында Варшава қаласында мыңнан астам ұлттық делегациялар өкілдері, адам құқықтары мен демократизациялау жөніндегі көптеген үкіметтік емес ұйымдардың (ҮЕҰ), академиялық топ өкілдерінің қатысуымен адам өлшемі саласындағы міндеттемелерді орындау барысына қатысты жыл сайынғы ЕҚЫҰ Кеңесі өткізіледі. Кеңеске Қазақстан жағынан СІМ Ерекше тапсырмалар жөніндегі Елшісі Мәдина Жарбосынова бастаған делегация қатысады.

Қазанның 1-2-сінде Қазақстанға Египет Араб Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Ахмед Фатах Аланың іссапары жоспарлануда.

Қазанның 2-сінде Қазақстанға Бразилия Федеративті Республикасының Даму, өндіріс және халықаралық сауда министрінің орынбасары Иван Жоао Гимараес Рамальо бастаған бразилиялық бизнес-делегация келеді

АСТАНА

Қыркүйектің 11-і мен   қазанның 11-і аралығында  Қазақстанның Тұңғыш   Президентінің мұражайында   Қостанай  облыстық мұражай  қорларының  «Ұлттық  мәдениеттер  бесігі»   тақырыбындағы  көрмесі    өтеді.

Қыркүйектің 15-і мен қазанның 15-і аралығында  Астанада    тазалық  айлығы өтеді.

Қазанның 1-інде Президенттік мәдениет орталығы мұражайының көркемсурет галереясында  суретші Жеңісбек Әбдіраманның «Атамекен» атты жеке көрмесінің ашылуы болады.

Қазанның  1-інде    Ұлттық   академиялық  кітапханада С.Құсайыновтың  «Сайын дала, салт-дәстүр   сыр шертеді  суретте»   фотокөрмесі  ашылады.

Қазанның 2-9 аралығында Астанада  тұңғыш рет Бүкіләлемдік туристік ұйымның  (UNWTO) Бас Ассамблеясының XVIII сессиясы  өтеді.  Оған  әлемнің 156 елінен 600 делегат қатыспақ.

Қазанның 2-сінде Астанада Бразилия Федеративті Республикасының Даму, өндіріс және халықаралық сауда министрінің орынбасары Иван Жоао Гимараес Рамальоның  Қазақстанға сапары аясында «Қазақстан-Бразилия: ынтымақтастық перспективалары» атты бизнес-форум өтеді.      Форумға әуе, тау-кен, энергетика, металл өндіру, байланыс, медицина, химия, ауылшаруашылық, агроөнеркәсіп және тамақ сынды  әртүрлі сала өкілдерінен құралған 20-дан аса бразилиялық компания өкілдері қатысады деп күтілуде.

Қазанның  3-інде  Астанада Бразилия Федеративті Республикасының Даму, өндіріс және халықаралық сауда министрінің орынбасары Иван Жоао Гимараес Рамальоның  қатысуымен қазақстандық БАҚ өкілдеріне арналған баспасөз  мәслихаты өтеді.

Астанада қазанның 4-і күні «Қазанат» ипподромында  ұлттық ат спорты түрлерінен фестиваль өтеді.   Аталмыш шараныҚР  Туризм және спорт министрлігі, Астана қаласының әкімдігі және ҚР Ұлттық ат спорты түрлерінің қауымдастығы бірігіп ұйымдастыруда. Бұл бәсеке Бүкіләлемдік туристік ұйымның  (UNWTO) Бас Ассамблеясының XVIII сессиясына орайластырылып отыр. Қазанның 2-9 күндері өтетін бұл алқалы жиын биыл елімізде тұңғыш рет ұйымдастырылуда. Оған  әлемнің 156 елінен 600 делегат қатыспақ.

АЛМАТЫ

Алматыда қыркүйек айының 25-інен қазан айының 5-іне дейін дәстүрлі 4  қалалық «Алматы - менің сүйікті қалам» атты фото байқау өтеді. Шараны Алматы қаласы жастар саясатының  мемлекеттік дамыту қоры мен Ә. Қастеев атындағы мемлекеттік өнер мұражайы ұйымдастыруда.

Қазанның  1-інде Алматы  әкімдігінде  «Сапа  және  дағдарыс:  мүмкіндіктер»  атты  IV  Алматы    халықаралық  форумы   өтеді.

АЙМАҚ

2009 ЖЫЛДЫҢ ҚАЗАН АЙЫНДА:

ОҚИҒАЛАР

130 жыл бұрын (1879) ағартушы Ыбырай Алтынсариннің (1841-1889) «Қырғыз хрестоматиясы» басылып шықты. Бұл - қазақ ауыз әдебиеті туындылары: ертегілер, аңыздар, мақал-мәтелдер, жұмбақтар жинағы.

100 жыл бұрын (1909) Санкт-Петерборда Абай Құнанбаевтың (1845-1904) алғашқы жыр жинағы басылып шықты. Ақынның 1889-1990 жылдары кейбір өлеңдері Омбыда «Дала Уалаяттары» газеті беттерінде жарияланған болатын.

85 жыл бұрын (1924) Ақмола облыстық мемлекеттік мұрағаты құрылды.Ақмола уездік мұрағаты болып құрылып, 1928 жылы - округтік, 1932 жылы - Ақмола аудандық, 1939 жылдан бастап Ақмола облыстық мемлекеттік мұрағаты, 1960-1993 жылдары - Целиноград облыстық мемлекеттік мұрағаты болып аталған. Ақмола облыстық мемлекеттік мұрағаты - Ақмола облысының тарихына байланысты құжаттарды мемлекеттік сақтауға алған арнаулы мекеме. Мұрағатта облыстық, уездік, аудандық, болыстық ревкомдар мен Кеңестердің атқару комитеттерінің қызметін айғақтайтын 1917 жылдан бергі тарихи құжаттар жинақталған. Облыс жеріндегі кәсіпорындар мен ауыл шаруашылық, халық ағарту, заң қорғау, денсаулық сақтау мен мәдени ағарту орындарының жұмысын айғақтайтын құнды деректер сақталады. Тың өлкесі кезіндегі бүкіл Солтүстік Қазақстанның экономикасы мен мәдениетін сипаттайтын қорлар кешені бар.

70 жыл бұрын (1939) Жамбыл облыстық мұрағаты құрылды. Ғылыми-анықтамалық әдебиеттер қоры 1,5 мыңға жуық. Құжаттардың хронологиясы 1917 жылдан басталады. Қаратау қалалық бөлімшесі, 8 ауданда бөлімшелері бар. 

79 жыл бұрын(1970) «Өскемен» қонақ үйі пайдалануға берілді.

68 жыл бұрын (1941) Петропавл №239 зауыты (В.Куйбышев атындағы Петропавл машина жасау зауыты) алғашқы өнімін берді.

51 жыл бұрын (1958) Өскемен құрылыс-жол институты ашылды. Қазіргі атауы - Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік техникалық университеті. Қазақстанның аса ірі техникалық жоғары оқу орны. Техникалық әрі экономикалық бейіндегі, сондай-ақ ақпараттық технологиялар, сәулет өнері мен дизайн аясында мамандар дайындайды.

50 жыл бұрын (1959) жазушы Сәуірбек Бақбергенов қазақтың күйшісі Дина Нұрпейісованың өмірі мен шығармашылығынан сыр шертетін балаларға арналған «Дина» атты повесть жазып шығарды.

45 жыл бұрын (1964) Қалижан Бекқожин (1913-1990) революционер Әліби Жангельдин және ақын Сәкен Сейфуллинге арналған «Сұңқар туралы аңыз» поэмасын жазды.

40 жыл бұрын (1969) жазушы Әлжаппар Әбішев өзінің «Найзағай» атты романын жазып бітірді. Бұл кітапта қазақ халқының ер жүрек ұлы - азаттық және әділеттілік үшін күрескер, белгілі ақын және композитор Мәдидің өмір сүрген сол кездегі тұрмыс-тіршілік, әдет-ғұрып, салт-дәстүр және әбігерлік көріністері баяндалған. Басына түскен ауыр соқпақтар халық жақтаушысының табандылығы мен мүдірместігінен бас тартқызбайды.

25 жыл бұрын (1984) қазақтың көрнекті ақыны Кенен Әзірбаевтің (1884-1976) 100-жылдық мерейтойына арнап «Жазушы» баспасы «Песни гор и степей» атты жырлары, айтыстар мен поэмалар жинағын басып шығарды.

1 ҚАЗАН, БЕЙСЕНБІ

Кипр Республикасының Мемлекеттік мейрамы - Тәуелсіздік күні (1960). Сирияның батысында және Түркияның оңтүстігінде орналасқан, Жерорта теңізінің көлемі жағынан үшінші аралында орналасқан мемлекет. Астанасы - Никосия. Мемлекеттік тілдері - грек тілі (кипрлік диалект), түрік тілі. Мемлекеттік құрылымы - республика. Мемлекет басшысы - президент. Ақша бірлігі - кипр фунты (түрік бөлігінде түріктің лирасы да қолданыста). 1960 жылы Кипр Республикасы өз тәуелсіздігін жариялады. Келісімшарт бойынша Ұлыбританияның бірнеше әскери базасы Кипр жерінде әлі күнге дейін бар.

Қазақстан Республикасы мен Кипр Республикасы арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас 1992 жылғы сәуірдің 2-де орнатылды.

Нигерия Федеративтік Республикасының Ұлттық мейрамы - Тәуелсіздік күні (1960). Мемлекет Батыс Африкада орналасқан. Солтүстікте Нигермен шектеседі, шығысында - Чадпен және Камерунмен, батысында - Бенинмен шектеседі. Оңтүстігін Гвинея шығанағы шайып жатыр. Астанасы - Абуджа. Мемлекеттік тілі - ағылшын тілі. Мемлекет басшысы және қарулы күштерінің қолбасшысы - генерал. Ақша бірлігі - найра.

Тувалудың Ұлттық мейрамы - Тәуелсіздік күні (1978). Бұл мемлекет тоғыз аралдан тұратын, Тынық мұхиттың батыс бөлігінде орналасқан. Фунафути негізгі аралы болып саналады. Астанасы - Фонгафале. Мемлекеттік тілдері - тувалу, ағылшын тілдері. Мемлекеттік құрылымы - конституциялық монархия. Мемлекет басшысы - Ұлыбритания патшайымының ұсынуымен тағайындалатын генерал-губернатор. Үкімет басшысы - премьер-министр. Ақша бірлігі - австралиялық доллар.

ҚХР Мемлекеттік мейрамы - Қытай Халық Республикасының құрылған күні (1949). Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасы арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас 1992 жылғы қаңтардың 3-де орнатылған.   

Палау Республикасының Ұлттық мейрамы - Тәуелсіздік күні (1994). Палау Республикасы - Филиппин аралдарынан шығысқа қарай 500 шақырым қашықтықта орналасқан, тынық мұхиттың Филиппин теңізіндегі мемлекет. Жалпы көлемі 458 шаршы шақырым, шамамен 200-дей аралдан тұрады. Атқарушы билік басшысы - президент. Заң шығарушы органы - екі палаталы ұлттық заң шығарушы жиналыс (сенат пен делегаттар палатасы). Ақша бірлігі - АҚШ доллары.

Халықаралық егде кісілер күні. Халықаралық статистика бойынша, 20 ғасырдың екінші жартысында өмір сүрудің орташа ұзақтығы 20 жылға артқан. 2005 жылы 1 миллиард адам 60-тың асқарынан өтеді. 2050 жылы 65 жастан үлкен кісілер саны екі есеге артады. Ал 2150 жылы 60 жастан асқандардың саны жер бетіндегі халықтың тең жартысын құрайды. Планета халқының қартаюы егде кісілердің жағдайларының жақсаруына кері әсер келтіруі мүмкін. Сондықтан Мадридте өткен БҰҰ-ның конференциясында егде кісілердің мәселелерін шешуге арналған жоспар құрылды. Құжатта үлкен кісілердің денсаулығына ең басты назар аударған жөн делінген. Конференцияда, сондай-ақ кейінгі ұрпақтың егде кісілермен дөрекі сөйлесуі мәселесі алғаш рет талқыланған.

Халықаралық музыка күні. Ол 1975 жылы ЮНЕСКО халықаралық музыкалық кеңесінің бастамасымен аталып өтеді. Бұл мерекені белгілеуге себеп болған тұлғалардың бірі - ұлы орыс композиторы Дмитрий Шостакович.

ОҚИҒАЛАР

87 жыл бұрын (1922) Көкшетау-Бурабай темір жол учаскесі пайдалануға берілді.

10 жыл бұрын(1999) АҚШ Халықаралық күлкі күнін алғаш рет атап өтті. Бұл мерекені американдық суретші Харви Бэлл ойлап тапты. Ол бұл күн «жақсы көңіл-күйге және игі істерге бағытталу керек» деп санады.

ЕСІМДЕР

105 жыл бұрын (1904-1981) ғалым, техника ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Ғылым Академиясының академигі, Қазақстанның еңбек сіңірген ғылыми қайраткері ГОРЯЕВ Михаил Иванович дүниеге келді.

Ресейдің Пермь облысында туған.

Пермь мемлекеттік университетін бітірген.

1936-1939 жылдары - Алматы зоотехникалық малдәрігерлік институтының кафедра меңгерушісі. 1939-1946 жылдары - КСРО Ғылым Академиясы Қазақ филиалының химиялық-технологиялық институтының лаборатория меңгерушісі, директоры. 1946-1981 жылдары Қазақстан Ғылым Академиясының вице-президенті, Қазақстан Химия ғылымдары институтының лаборатория меңгерушісі, табиғи және биологиялық активті қосылыстар бөлімінің бастығы қызметтерін атқарған.

Негізгі ғылыми еңбектері эфир майларын зерттеуге, оларды өнеркәсіптік жолмен өндіру әдістерін жетілдіруге арналған. Маңғыстау мұнайының құрамындағы қатты парафиндерден белок бөліп алып, оны мал азығы ретінде пайдалануды ұсынды.

100 өнертабыстың авторы.

Ленин, Октябрь Революциясы, Еңбек Қызыл Ту, «Құрмет Белгісі» ордендерімен марапатталған.

100 жыл бұрын (1909-1988) қоғам қайраткері, ғалым, экономика ғылымының докторы, профессор, Қазақстан Ғылым академиясының академигі, Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым кайраткері БӘЙІШЕВ Сақтаған Бәйішұлы дүниеге келді. Ұлы Отан соғысына қатысқан.

Ақтөбе облысы Байғанин ауданының Ақжар ауылында туған.

1927 жылы Темір орыс-қазақ жетіжылдық мектебін бітіріп, Қарсақпайда жас пионерлер аудандық бюросының төрағасы болған. 1930 жылы Түркістан қаласында БЛКЖО аудандық комитетінің хатшысы болып істеген. Осы жұмыстарда жүргенде-ақ С.Бәйішев экономикалық зерттеулермен шұғылдана бастаған. Журналистикаға деген құштарлық С.Бәйішевті республикалық жастар газеті - «Лениншіл жасқа» алып келеді. Мұңда ол алғашқыда бөлім меңгерушісі, сосын редактордың орынбасары қызметтерін атқарған. С.Бәйішев 1937-1941 жылдары Алматы жоғары оқу орындарында сабақ берген. 1937-1938 жылдары - Қазақ Марксизм-ленинизм ғылыми-зерттеу институтының директоры. 1938-1941 жылдары - «Социалистік Қазақстан» («Егемен Қазақстан») газетінің жауапты редакторы. 1941-1945 жылдары - Кеңес Армиясы қатарында әскери құраманың комиссары, саяси бөлім бастығы, Кеңес Армиясының Саяси Басқармасы аппаратының жауапты қызметкері. 1946-1956 жылдары - КОКП Орталық комитеті жанындағы Марксизм-ленинизм институты Қазақ филиалының, Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің жанындағы Партия тарихы институтының директоры, 1956-1968 жылдары - Қазақ КСР Ғылым академиясының вице-президенті қызметімен қатар Экономика институтының директоры. 1968-1982 жылдары Экономика институтының бөлім меңгерушісі қызметтерін атқарған. Осы жылдары ол елімізде ғылыми кадрлар даярлау, жаңа ғылым салаларын қалыптастыру ісіне елеулі үлес қосты. Ол алпысқа жуық ғылым кандидаттары мен докторларының ғылыми жетекшісі болды. С.Бәйішев Карл Маркс «Капиталының» І-томының тарауларын, В.Лениннің «Ресейде капитализмнің дамуы», «Империализм - капитализмнің жоғары сатысы» атты күрделі еңбектерін тұңғыш рет қазақ тіліне аударған. Ғалым 1959 жылы Республика Жоғарғы Кеңесінің Төрағасы болып сайланды. Ғылыми және қоғамдық қызметі кезінде 300-ден аса ғылыми мақала, 7 монография жариялады. Өмірінің соңғы жылдарын академик Сақтаған Бәйішев оқытушылық жұмысқа арнап, ғылыми кадрлар мен экономистердің жаңа ұрпағын даярлау саласында ұланғайыр іс тындырды.

Ш.Уәлиханов атындағы сыйлықтың иегері. КСРО ордендерімен, медальдармен марапатталған.

Ақтөбе қаласындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханаға,Алматы қаласындағы бір көшеге, Темір қаласындағы орта мектепке ғалымның есімі берілген.

45 жыл бұрын (1964) ғалым, медицина ғылымының докторы, Қазақстан Республикасы денсаулық сақтау ісінің үздігі ДӘУЛЕТБАЕВ Дамир Абайділдәұлы дүниеге келді.

Қызылорда қаласында туған.

Ақтөбе мемлекеттік медициналық институтын бітірген.

Қызылорда облыстық ауруханасының реаниматолог дәрігері, хирургі, аурухана бас дәрігерінің емдеу жөніндегі орынбасары болды. 1999-2003 жылдары - Қызылорда облыстық денсаулық сақтау басқармасының бастығы. 2003-2005 жылдары - Қызылорда облыстық медициналық орталығының директоры. 2005-2006 жылдары - Қазақстан медицина университетінің ғылыми кеңесшісі. 2006-2008 жылдары А.Сызғанов атындағы хирургиялық ғылыми орталығының өңеш, асқазан, және көкірек аралық хирургия бөлімінің бас ғылыми қызметкері болған. 2008 жылдың қыркүйек айынан Алматы медицина колледжінің директоры.

1 монография, 72 ғылыми еңбектің, 9 өнер табыстың авторы. Ғалымның жетекшілігімен 4 кандидаттық диссертация қорғалды.

«Қазақстан тәуелсіздігіне 10 жыл» медалімен марапатталған.

2 ҚАЗАН, ЖҰМА

  

Гвинея Республикасының мемлекеттік мейрамы - Тәуелсіздік күні (1958). Мемлекет Батыс Африкада орналасқан. Солтүстігінде Гвинея-Бисаумен, Сенегал және Малимен шектессе, шығысы мен оңтүстік-шығысында - Кот-д'Ивуармен, оңтүстігінде Либериямен және Сьерра-Леонмен шектеседі. Батыс жағалауын Атлант мұхиты шайып жатыр. Астанасы - Конакри. Мемлекеттік тілі - француз. Мемлекеттік құрылымы - республика. Мемлекет басшысы - президент. Ақша бірлігі - гвинеялық франк.

Қазақстан Республикасы мен Гвинея Республикасы арсындағы дипломатиялық қарым-қатынастар 1992 жылғы маусымның 6-да орнатылған.

  

Бүкіләлемдік ауылшаруашылығы жануарларының күні.

Бұл мереке 70 жылдан аса уақыттан бері аталып келеді. Көптеген елдерде табиғат қорғау ұйымдарының бастамасымен үй жануарларына қамқорлықпен қарау мәселесіне байланысты көптеген заңдар қабылданды. Содан бері өркениетті елдерде үй жануарлары отбасы мүшесі ретінде есептеледі. Олар да жақсы тамақ ішіп, медициналық көмекке құқығы бар, тіпті мейрамдары бар.

ОҚИҒАЛАР

18 жыл бұрын (1991) Қазақстанның тұңғыш ғарышкері, Халық қаһарманы Тоқтар Әубәкіров ғарышқа ұшты. Ресейлік А.Волков, австриялық Ф.Фибекпен бірге Байқоңырдан «Союз-ТМ-13» кемесімен ұшып, «Мир» орбиталық кешенінің космонавт-зерттеуші болған. Онда барлық ғарышкерлермен бірге технология, металлургия, медицина салалары және Арал теңізі аймағы бойынша ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізіп, 10 қазанда «Союз-ТМ-12» кемесімен Жерге оралған. Ғарышта 7 күн 22 сағат 13 минут болған.

68 жыл бұрын (1941) Мәскеуді жаулауға арналған гитлерлік жоспар - «Тайфун» операциясы басталды. Гитлер әскерлеріне «үш жарым айда, қыс түспей жатып, жауды жеңеміз. Барлық дайындық аяқталды. Бүгін бұл жылдың ең шешуші соғысы болады» деп хабарлаған болатын. Екі айдан соң Мәскеу түбінде кеңес әскерлерінің қарсы шабуылына ұшыраған ол, енді Мәскеуді жоюды емес, өз армиясын аман алып қалуды ойлады.

ЕСІМДЕР

  

85 жыл бұрын (1924-1987) жазушы ИМАНБАЕВ Зейнел-Ғаби дүниеге келді. Ұлы Отан соғысына қатысқан.

Солтүстік Қазақстан облысы Сергееев ауданы Ортақкөл ауылында туған.

Баян орта мектебін бітіргеннен кейін ұжымшарда есепші болып жұмыс істеген.

«Қанатты өмір» атты очерктің, «Бастама» әңгімелер жинағының, «Сұңқар туралы жыр» деректі повестердің, «Қыран түлегі», «Ауыл түтіні» кітаптарының, «Сырымбет», «Арлан», «Дала көктемі», «Кішкене малшы», «Кең аймақ», «Жас шыбықтар», «Солмайтын гүл», «Нажағайлы түн» атты туындылардың авторы. Жекелеген әңгіме-очерктері мектеп оқулықтарына енген.

«1941-1945 Ұлы Отан соғысы жылдарында еңбектегі ерлігі үшін» медалімен марапатталған.

65 жыл бұрын (1944) ғалым, педагогика ғылымдарының докторы СИҚЫМБАЕВ Игілік дүниеге келді.

Оңтүстік Қазақстан облысының Түлкібас ауданында туған.

Шымкент педагогикалық институтын және оның аспирантурасын бітірген.

1969-1975 жылдары мұғалім болып жұмыс істеген. 1975-1978 жылдары - Шымкент педагогикалық институты мәдени-ағарту жұмыстары теориясы кафедрасының аға оқытушысы. 1981-1984 жылдары - мәдени-ағарту жұмыстары факультеті деканының орынбасары. 1988-1997 жылдары - мәдени-ағарту теориясы кафедрасының меңгерушісі. 1997-1999 жылдары - аға ғылыми қызметкері. 2001-2007 жылдары - Шымкент әлеуметтік-педагогикалық университеті мәдениеттану және әлеуметтік педагогикалық кафедрасының меңгерушісі қызметтерін атқарған.

65 ғылыми еңбектің, оның ішінде бір монография, бес оқу құралының авторы.

  

65 жыл бұрын (1944) баскетболшы, КСРО-ның еңбек сіңірген спорт шебері ЖАРМҰХАМЕДОВ Әлжан Мұсырбекұлы дүниеге келді.

Оңтүстік Қазақстан облысында туған.

1970-1974 және 1976-1980 жылдар аралығында КСРО-ның, 1972 жылы Мюнхендегі (Германия), 1980 жылы Мәскеудегі (Ресей) Олимпиадалық ойындарының, 1967, 1971 және 1979 жылдары Еуропаның чемпионы.

«Құрмет белгісі» орденімен марапатталған.

  

60 жыл бұрын (1949) «Еуразия» Халықаралық экономикалық академиясының академигі, Қазақстан Республикасы Парламент Мәжілісінің депутаты ТІЛЕУБЕРДИН Алтай Абылайұлы дүниеге келді.

Алматы қаласында туған.

Алматы халық шаруашылығы институтын бітірген.

1972-1981 жылдары - Қазақ КСР-і Мемлекеттік жоспар экономисі, аға экономисі, бас маманы. 1981-1986 жылдары - Қазақстан Орталық Комитеті Коммунистік партиясының нұсқаушысы. 1986-1991 жылдары - Алматы облыстық партия комитеті экономика бөлімінің меңгерушісі, Министрлер Кеңесі төрағасының, Қазақ КСР Премьер-Министрі көмекшісі, Қазақ КСР Президент Аппаратының және Министрлер Кабинеті нарық экономикасы жөніндегі тобының консультанты. 1991-1994 жылдары - Қазақстан Республикасы вице-президентінің кеңесшісі, көмекшісі, Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі. 1994-2000 жылдары - Қазақстан Республикасы Президенті хатшылығының меңгерушісі, Қазақстан Республикасы экономика министрі, Қазақстан Республикасы Премьер-Министр Кеңсесінің жетекшісі, Қазақстан Республикасы табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті қорғау және шағын кәсіпкерлікті қолдау агенттігінің төрағасы. 2000-2007 жылдары - Қазақстан Республикасы Премьер-Министрі Кеңсесінің басшысы қызметін атқарған. 2007 жылдан - Парламент Мәжілісінің депутаты - Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Аграрлық мәселелер комитетінің мүшесі.

3 ҚАЗАН, СЕНБІ

Германия Федеративтік Республикасының мемлекеттік мейрамы - Германияның бірігу күні (1990). Мемлекет Орталық Еуропада орналасқан. Солтүстігінде Даниямен шектессе, шығысында - Польшамен және Чех Республикасымен, оңтүстігінде - Австриямен және Швейцариямен, батысында - Франциямен, Люксембургпен, Бельгиямен және Нидерландиямен шектеседі. Солтүстігін Солтүстік және Балтық теңіздері шайып жатыр. Астанасы - Берлин. Мемлекеттік тілі - неміс тілі. Мемлекеттік құрылымы - федеративтік республика. Мемлекет басшысы - президент, үкімет басшысы - канцлер. Немістер бірлігі күні 1990 жылғы Батыс және Шығыс Германияның біріккен күні атап өтіледі. Сонымен бірге бұл күн ресми ұлттық мереке және мемлекеттік демалыс күні боп жарияланған.

Қазақстан Республикасы мен Германия Федеративтік Республикасы арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастар 1992 жылғы  ақпанның 12-де орнатылған.

  

Халықаралық жануарларды қорғау күні.

Бұл мереке 1931 жылдан бері табиғат қорғау қозғалысы жақтастары тарапынан Халықаралық конгресте қабылданды. Содан бері жануарларды қорғау қоғамы бұл атаулы күнді тойлап келеді.

ОҚИҒАЛАР

52 жыл бұрын (1957) КСРО-да алғаш рет әлемдегі жердің жасанды серігі «Спутник-І» ұшырылды. Содан бері 4-10 қазан аралығында Дүниежүзілік космос күні аталып өтіледі.

19 жыл бұрын (1990) екі ел - ГДР мен ФРГ әлемдік картадан алынып тасталып, орнына Германия деген мемлекет пайда болды. Берлинде бұл күні ГДР-дің байрағы түсіріліп, сол күннен бастап бұл мемлекеттің аты жойылды.

ЕСІМДЕР

70 жыл бұрын (1939) жазушы, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қызметкері ҚАЛДЫБАЕВ Әділхан дүниеге келді.

Жамбыл облысының Шу ауданындағы «Кербұлақ» ұжымшарында туған.

Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген. Еңбек жолын 1963 жылы Қызылорда облысының Арал ауданындағы Бөген орта мектебінде қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып бастаған. 1965 жылдан Жамбыл облыстық теледидар және радио хабарларын тарату жөніндегі комитетінің редакторы, облыстық «Еңбек туы» газетінің әдеби қызметкері, Жамбыл облыстық партия комитетінің нұсқаушысы қызметтерін атқарған. 1976-1995 жылдары - облыстық «Еңбек туы» («Ақ жол») газеті редакторының орынбасары, редакторы.

Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының мүшесі, Қазақстан Жазушылар және Журналистер одақтары облыстық ұйымдарының төрағасы.

Балалар мен жасөспірімдерге арналған «Көк дөңгелек», «Қос тентек», «Су тасушы Әшірбек», «Байнаш солдат», «Шаншар атай», «Мишка - менің досым», «Өзен жағасында», «Менің ағам - солдат», «Көк дөңгелек», «Автобус аялдамасы» кітаптарының авторы. «Ата» деген атпен таңдамалы шығармалары жарық көрді. Жазушының бірқатар туындылары орыс, беларус, армян, түркімен, татар тілдеріне аударылған.

«Шаншар» атай аталған комедиясы 1980 жылы Жамбыл облыстық драма театрында қойылып, балалар мен жастарға арналған спектакльдердің Бүкілодақтық байқауында бірінші орынға ие болды.

4 ҚАЗАН, ЖЕКСЕНБІ

Лесото Корольдігінің Ұлттық мейрамы - Тәуелсіздік күні (1966). Бұл ел Африканың оңтүстігінде орналасқан. Астанасы - Масеру. Мемлекеттік тілдері - ағылшын, сото тілдері. Мемлекеттік құрылымы - парламенттік демократия негізі бар конституциялық монархия. Мемлекет басшысы - король. Үкімет басшысы - премьер-министр. Ақша бірлігі - ма-лоти.

  

Мұғалім күні. Қазақстан Республикасы Президенті Н.Назарбаевтың 1998 жылғы 20 қаңтарындағы Жарлығына сәйкес қазанның бірінші жексенбісінде аталып өтеді.

ОҚИҒАЛАР

  

15 жыл бұрын (1994) Ангола Республикасымен Дипломатиялық қарым-қатынастар орнату туралы хаттамаға қол қойылды.

  

10 жыл бұрын (1999) Президент Н.Назарбаев Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының сол кездегі төрағасы, Норвегияның Сыртқы істер министрі К.Воллебекты қабылдады. Кездесу барысында Н.Назарбаев пен К.Воллебек Қырғызстандағы жағдай, Стамбулда өтетін ЕҚЫҰ саммиті және республикадағы парламенттік сайлауды өткізуге дайындық барысы туралы пікір алмасты. Сондай-ақ мемлекет басшысы мен ЕҚЫҰ-ның төрағасы әлемдегі және Орталық Азиядағы қоғамдық өмірді демократияландыру үрдісін кеңейту мен тереңдетудің ахуалы және келешегін талқылады. Әңгіме барысында сонымен қатар көлік және коммуникация, сумен жабдықтау, экология салаларында Қазақстан Республикасы мен Норвегия Корольдігі арасындағы екіжақты ынтымақтастықты кеңейтудің болашағы қарастырылды.

  

5 жыл бұрын (2004) «Қазпочта» акционерлік қоғамы Қазақстан Республикасы аумағында почта айналымына «Құттықтаймыз!» купонды көркем пошталық маркасы пошталық төлемдердің мемлекеттік белгісін енгізді. Қазпошта қызметін пайдаланушы өз суреті салынған марка ала алады. Ол үшін поштамтқа келіп суретке түсіп, купонмен өзінің жақын туыстарына хат жіберсе ғана болғаны.

1 жыл бұрын (2008) қазанның 4-11 аралығында Түркияда «Ресей баспа БАҚ-ның нарығы: үрдістер, жаңа технологиялар, келісім-шарт қатынастары» тақырыбындағы Баспа өнімдерін таратушылар ассоциациясының (БӨТА) XV халықаралық семинары болып өтті.

Форумда баспасөз нарығының ресейлік және шетелдік сарапшылары, баспа үйлерінің және таратушы мекемелердің басшылары, медиабизнес саласында істейтін аймақтық ұйымдардың өкілдері баяндамалар жасап, хабарламалар таратып, сөз сөйледі.

ЕСІМДЕР

  

105 жыл бұрын (1904-1987) ғалым, аудармашы, филология ғылымдарының докторы, профессор КЕНЖЕБАЕВ Бейсенбай дүниеге келді.

Оңтүстік Қазақстан облысы Ордабасы ауданы Бөген ауылында туған.

Мәскеудегі Шығыс еңбекшілері коммунистік университетін, Казақ мемлекеттік университетін бітірген.

«Жас қайрат», «Лениншіл жас» («Жас алаш»), «Кеңес туы», «Оңтүстік Қазақстан», «Социалистік Қазақстан» («Егемен Қазақстан») газеттерінде редактор, бөлім меңгерушісі қызметтерін атқарған. 1941-1944 жылдары - Қазақстан мемлекеттік біріккен баспасының бас редакторы. 1961-1987 жылдары - Қазақ мемлекеттік университетінің (әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті) қазақ әдебиеті кафедрасының меңгерушісі, профессоры.

Кенжебаев - қазақ әдебиетінің мәселелеріне, қазақ баспасөзінің тарихына арналған іргелі еңбектердің, Абай, С.Торайғыров, Ж.Жабаев, М.Сералин, М.Әуезов, С.Шәріповтердің өмірі мен шығармалары туралы зерттеулердің авторы. Жоғары оқу орындары студенттеріне арналған оқулықтар мен хрестоматиялар, «Тымпи», «Көңіл ашар» сатиралық фольклор мұраларын жариялады. «Асау жүрек» әңгімелер жинағы жарық көрген.

Ленин орденімен және медальдармен марапатталған.

50 жыл бұрын (1959) Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің қаржы және экономика департаменті басшысы РАЕВА Бақытжан Темірбайқызы дүниеге келді.

Алматы облысы Шамалған аулында туған.

Москва гидромелиоративті институтын, Алматы экономика және статистика институтын бітірген. Лондон қаласындағы Экономикалық және саяси ғылымдар мектебінде кәсібін жоғарылату курсынан өткен.

1984-1985 жылдары - Үлкен Алматы каналын пайдалану жөніндегі басқармасының инженері. 1985-1986 жылдары - Алматы облысы Қаскелен ауданы «Дружба» кеңшарының инженері, комсомол комитетінің хатшысы. 1986-1992 жылдары - Қазақстан ЛКЖО Қаскелен аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы. 1995-1999 жылдары - Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Қаскелен және Алматы қалаларындағы әлеуметтік қорғау бөлімінің бастығы, мемлекеттік инспектор, жұмыспен қамту испекциясы бөлімінің бастығы. 1999-2000 жылдары - Денсаулық сақтаудың медициналық және экономикалық мәселелері жөніндегі ғылыми орталықтың кіші ғылыми қызметкері. 2000-2001 жылдары - Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау істері жөніндегі агенттігінің қаржыландыру бөлімінің бастығы, бас маманы. 2001-2007 жылдары Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі бюджеттік бағдарламаларды жоспарлау және мониторингі бөлімінің бастығы, қаржы және экономика департаменті жоспарлау және экономика басқармасының бастығы, қаржы және экономика департаменті бастығының орынбасары қызметтерін атқарған.

Қазіргі қызметінде - 2007 жылдан.