ПАРЛАМЕНТ
Қазанның 8-12-де Афины қаласында өтіп жатқан ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясының күзгі отырысына ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы, ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясының Вице-президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бастаған парламенттік делегация қатысуда.
ҮКІМЕТ
Қазанның 12-сінде Үкімет отырысы өтеді.
Қазанның 12-сінде Ішкі істер министрлігінде апталық брифинг өтеді.
Қазанның 12-сінде Сыртқы істер министрлігінде апталық брифинг өтеді.
Қазанның 14-інде Қаржы министрлігінде «Standard & Poor's» халықаралық рейтингілік компаниясының 2009 жылы Қазақстанның компаниялары бойынша жүргізген зерттеулерінің таныстырылымы өтеді.
ҚОҒАМ
Қазанның 12-13-де Қазақстанға Израиль Мемлекеті премьер-министрінің орынбасары, сыртқы істер министрі Авигдор Либерманның ресми сапары жоспарлануда.
Қазанның 16-сында Жамбыл облысындағы «Матыбұлақ» полигонында Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының Жедел әрекет етуші ұжымдық күштерінің басқару органдары мен бөлімдері арасында «Өзара іс-қимыл-2009» бірлескен стратегиялық командалық-штабтық жаттығуының белсенді фазасы өтеді.
АСТАНА
Қыркүйектің 15-і мен қазанның 15-і аралығында Астанада тазалық айлығы өтеді.
Қазанның 2-9-ы аралығында Астанада тұңғыш рет Бүкіләлемдік туристік ұйымның (UNWTO) Бас Ассамблеясының XVIII сессиясы өтуде.
Қазанның 6-23-і аралығында Парижде ЮНЕСКО Бас Конференциясының білім, ғылым және мәдениет жөніндегі 35-ші сессиясы өтеді. Аталған конференцияға ЮНЕСКО істері жөніндегі ҚР Ұлттық Комиссия төрағасы, Астана қаласының әкімі И.Тасмағамбетов бастаған Қазақстан делегациясы қатысады.
Қазанның 12-сінде «Риксос» отелінде ЕҚЫҰ-ның 18-ші экономикалық және экологиялық форумы өтеді.
Қазанның 12-сінде «Қазақстан» спорт сарайының баспасөз клубында «Барыс» хоккей клубының баспасөз мәслихаты өтеді.
Қазанның 14-інде ҚР Туризм және спорт министрлігінің конференц - залында көркем гимнастикадан IV Азия чемпионатының ұйымдастырушылармен және чемпионаттың мәртебелі қонақтарымен баспасөз мәслихаты өтеді.
Қазанның 15-18-і күндері Қазақстанда алғаш рет Астана қаласында көркем гимнастикадан IV Азия чемпионаты өтеді. Азияның осы құрлықаралық біріншілігі бағдарламасы бойынша жеке көпсайыстан, көпсайыстың жекелеген түрлерінен және командалық біріншілік өтеді.
АЛМАТЫ
Қазанның 12-сінде Қазақтың Абай атындағы Ұлттық педагогикалық университетінде «Ақпараттық-инновациялық парадигманың қалыптасуы жағдайындағы Қазақстанның қоғамдық ғылымдары» деген тақырыпта халықаралық конференция өтеді.
Қазанның 12-сінде «Алматы» қонақүйінде Қазақстанның дағдарысқа қарсы Медиа-менеджерлер кеңесінің мәжілісі өтеді.
Қазанның 12-сінде «Интерфакс» баспасөз орталығында «Алматыинвестқұрылыс» компаниясы үлесшілерінің баспасөз мәслихаты өтеді.
Алматыда қарашаның 13-інде «Rixos» мейманханасында екінші медиақұрылтай - бұқаралық ақпарат құралдарының қазақстандық нарығын дамыту мәселелері бойынша жыл сайынғы конференция өтеді. Оның басты тақырыбы - «Дағдарыс жағдайындағы БАҚ индустриясы. Қазақстанның медиа-нарығының проблемалары мен перспективалары».
АТАУЛЫ КҮНДЕР. МЕРЕКЕЛЕР.
12 ҚАЗАН, ДҮЙСЕНБІ
Испания Корольдігінің Ұлттық мейрамы - Испан ұлтының күні. Әйгілі жихангез Христофор Колумбтың Американы ашқан күнінің құрметіне аталып өтеді (1492). Мемлекет Европаның оңтүстік батысында орналасқан. Пиреней түбегінің басым бөлігін алып жатыр. Елдің атауы финикий тілінен аударғандағы - «қояндар жағалауы» деген сөзден тарайды.
Испания Пиреней түбегінің солтүстігінде Португалиямен, осы түбектің оңтүстігінде Британияның еншісіндегі Гибралтармен, Африканың солтүстігіндегі Мароккомен, солтүстігінде Франция және Андоррамен шектеседі. Испанияны батысы мен солтүстігінде Атлант мұхиты, сондай-ақ шығысы мен оңтүстігінде Жерорта теңізі шайып жатыр.
Қазақстан Республикасы мен Испания Корольдігі арасындағы дипломатиялық қатынастар 1992 жылғы 11 ақпаннан орнаған.
Экваторлық Гвинея Республикасының ұлттық мейрамы - Тәуелсіздік күні (1958). Осы күні бұл ел республика деп жарияланған. Мемлекет Батыс Африкада орналасқан. Солтүстігінде Гвинея-Бисаумен, Сенегал және Малимен, шығысы мен оңтүстік-шығысында - Кот- д'Ивуармен, оңтүстігінде - Либерия және Сьерра-Леонемен шектеседі. Батысын Атлант мұхиты шайып жатыр. Астанасы - Конакри. Мемлекеттік тілі - француз тілі. Мемлекеттік құрылымы - республика. Мемлекет басшысы - президент. Ақша бірлігі - гвинеялық франк.
Жапонияда Денсаулық және спорт күні. Токиода 1964 жылы өткен жазғы Олимпиаданың ашылуы күні құрметіне тойланып, спорт пен салауатты өмір салтын насихаттауға арналған. Тұңғыш рет 1966 жылы 10 қазанда өткізілді. 2000 жылдан бастап қазанның екінші сейсенбісінде аталып өтеді.
ОҚИҒАЛАР
5 жыл бұрын (2004) Қазақстан білім мен ғылым қызметкерлерінің үшінші съезі өткізіліп, онда Елбасы Қазақстанда білім мен ғылымды дамытудың проблемалары мен негізгі бағыттары туралы сөз сөйледі.
1 жыл бұрын (2008) қазанның 12-14 аралығында Аустрияның Федералдық Президенті Хайнц Фишердің Қазақстанға ресми сапары болды.
Сапар барысында еліміздің басшысымен келіссөздер жүргізіліп, екіжақты ынтымақтастықтың бүкіл салалары талқыланды.
ЕСІМДЕР
90 жыл бұрын (1919-1975) ғалым, техника ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Ғылым Академиясының корреспондент-мүшесі, Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым қайраткері ЗУБАКОВ Сергей Михайлович дүниеге келді.
Ресейдің Вологда облысында туған. Ленинград (Санкт-Петербор) технология институтын, оның аспирантурасын бітірген.
1952-1958 жылдары - КСРО Құрылыс материалдары ғылыми-зерттеу институтының кіші, аға ғылыми қызметкері. 1954-1975 жылдары - Қазақстан Ғылым Академиясының Металлургия және кен байыту институты директорының орынбасары, директоры, зертхана меңгерушісі қызметтерін атқарған.
С.Зубковтың негізгі ғылыми еңбектері силикат материалдары технологиясына арналған. Ол Кемпірсай хромиттерін зерттеу жұмыстарын басқарып, жоғары сапалы, отқа төзімді материалдар алуға болатынын теориялық тұрғыдан дәлелдеді, зерттеу нәтижелерін Қарағанды металлургия комбинатында өндіріске енгізді. Болат қорыту пешінің табанын жасау және жөндеудің жедел технологиясын ұсынды.
«Құрмет Белгісі» орденімен және медальдармен марапатталған.
70 жыл бұрын (1939) Қарағанды облыстық мәслихатының тексеру комиссиясының төрағасы АҒЫБАЕВ Серік Кәрібайұлы дүниеге келді.
Қарағанды облысының Бұқар жырау ауданында туған.
Қарағанды политехникалық институтын бітірген. 1963-1964 жылдары - Қаражал қаласындағы құрылыс учаскесінің шебері. 1964-1965 жылдары - Жезқазған құрылыс техникумының оқытушысы. 1965-1973 жылдары - Ульянов ауданының (қазіргі Бұқар-Жырау ауданы) № 354 жолдарды пайдалану учаскесінің бас инженері, бастығы. 1973-1991 жылдары - Ульянов аудандық атқару комитеті төрағасының орынбасары, 1991-1994 жылдары - «Қарағанды жолдары» АҚ-ның жолдарды пайдалану учаскесінің бастығы. 1994-1999 жылдары Қарағанды облыстық мәслихаттың хатшысы, Қарағанды облыстық санақ басқармасы бастығының орынбасары, Ульянов аудандық электр жүйесі бастығының орынбасары қызметтерін атқарған.
Қарағанды облыстық мәслихатының депутаты болып екі рет сайланған.
Бірнеше медальдармен марапатталған. Бұқар-Жырау ауданының Құрметті азаматы.
35 жыл бұрын (1974) Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі Мәдениет комитеті төрағасының орынбасары ӘБІЛДИНОВА Әлия Сапабекқызы дүниеге келді.
Астана қаласында туған. Ақмола университетін бітірген. Ақмола мемлекеттік медициналық институтының оқытушы-стажер, оқытушы, аға оқытушысы болған. 1999-2004 жылдары - Қазақстан Республикасы Мәдениет, ақпарат және қоғамдық келісім министрлігі баспасөз ақпарат құралдары департаменті мерзімді басылым бөлімінің бас маманы; Қазақстан Республикасы Мемлекеттік кіріс министрлігі ведомстволық бақылау департаменті құрылымдық бөлімше жұмыстары жағдайының мониторингін бақылау басқармасы жинақтау-сараптамалық бөлімінің бас маманы; Ақпарат министрлігі баспа ісі және полиграфия департаменті басылым және маркетинг басқармасының бөлім бастығы; Ақпарат министрлігі баспа ісі және полиграфия департаменті басылым және маркетинг басқармасы кітап маркетингі бөлімінің бастығы. 2004-2005 жылдары - Қазақстан Республикасы адам құқығы жөніндегі Ұлттық Орталықтың экономикалық, әлеуметтік және мәдени құқықтар бөлімінің бас сарапшысы. 2005-2008 жылдары - Қазақстан Республикасы Президенті Баспасөз-қызметінде бас сарапшы, сектор меңгерушісі және бас инспекторы қызметтерін атқарды. 2008-2009 жылдары Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің Ақпарат және мұрағат комитеті төрағасының орынбасары міндетін атқарды. Қазіргі қызметінде - 2009 жылдан.
13 ҚАЗАН, СЕЙСЕНБІ
Ауғанстан Республикасы Ұлттық ассамблеясының негізі қаланған күн (1964).
ОҚИҒАЛАР
80 жыл бұрын (1929) Солтүстік Қазақстан радиохабары алғашқы рет эфирге шықты. Бүгін облыстық радио бағдарламасын «Қазақстан телекоммуникациялары» (КАТЕЛКО) компаниясының спутникті байланысы арқылы облыстың барлық аудандары, сонымен қатар көрші Ресей облыстарының шекарадағы аудандары қабылдайды. Әр жылдары республикамыздың және Солтүстік Қазақстан облысының маңызды оқиғалары туралы Таисия Иванова, Людмила Мальцева, Дүйсен Әуелбеков, Юрий Торопкин, Ермек Құсайынов, Ғазиз Балғожин, Галина Бушланова сынды журналистер, Валентина Малюка, Валентина Бенюх және де «қазақстандық Левитан» атанып кеткен Бүркіт Бекмағамбет сияқты дикторлар жаңалықтар, бағдарламалар, очерктер жасаған.
10 жыл бұрын (1999) Президент Н.Назарбаев Сауд Арабиясының Өнеркәсіп және энергетика министрі Х.А.Яманиді қабылдады. Кездесу барысында тараптар екіжақты ынтымақтастықты одан әрі кеңейтудің келешегін қарастырды. Сауд министрі Қазақстан Президенті Н.Ә.Назарбаевқа Сауд Арабиясының патшасы Фахдтың екі мемлекет арасындағы қарым-қатынастарды нығайтқаны үшін алғыс білдірген жеке жолдауын тапсырды.
10 жыл бұрын (1999) Қазақстан Республикасы Президенті Н.Назарбаевтың Жарлығымен Қазақстан Республикасы Энергетика, индустрия және сауда министрлігі Атом энергетикасы жөніндегі комитеті құрылды. Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2001 жылғы 25 қаңтардағы Қаулысымен Қазақстан Республикасы Энергетика және минералды ресурстар министрлігінің Атом энергетикасы жөніндегі комитеті болып қайта құрылды.
5 жыл бұрын (2004) Павлодарда «Ертістің ақын-жыраулары» кітабы жарық көрді. Кітапты қазақ және орыс тілінде С.Торайғыров атындағы облыстық кітапхана қызметкерлері шығарған. Бұл басылымның беттерінде еліміздегі ақындардың кәсіби мектебін орнатушы, белгілі ақын Бұхар жырау туралы айтылады және де өлкетану мұражайының қызметкері Эдуард Соколкиннің «Музыкалы Павлодар» атты тарихи очеркі жарияланған.
ЕСІМДЕР
110 жыл бұрын (1899-1984) композитор, дирижер, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген өнер қайраткері ИВАНОВ-СОКОЛЬСКИЙ Михаил Михайлович дүниеге келді.
Ресей Федерациясының Санкт-Петербор қаласында туған.
1937-1938 жылдары Қазақ филармониясының Ұйғыр музыкалық-драма симфониялық оркестрінің дирижері қызметін атқарған. 1942 жылдан Алматы қаласында тұрған.
«Амангелді батыр» (батырлық жыр) шығармасының, Мәншүк Мәметоваға арналған көтереңкі күйдегі фортепионалық трио, «Жамбыл нені жырлады», «Ұлы сәулетші» (вокалдық-симфониялық поэма), «Жетісудың сайын даласында» көпшілік әндер топтамасының, «Жастық желісі», т.б. туындылардың, сахна қойылымдары музыкаларының авторы.
Қызыл Жұлдыз орденімен және медальдармен марапатталған.
85 жыл бұрын (1924-ө.ж.б.) ғалым, экономика ғылымдарының докторы, профессор ҚАЙЫМОВ Баян дүниеге келген. Ұлы Отан соғысына қатысқан.
Алматы облысы Райымбек ауданының Сарыжаз ауылында туған.
ҚазМУ (Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті) экономика факультетін, Мәскеу мемлекеттік университетінің аспирантурасын бітірген.
Қызылорда облысының аудандық банкінде, Қызылорда педагогика институтында, Алматы зоотехникалық-малдәрігерлік институтында, республиканың Ғылым академиясы Экономика ғылыми-зерттеу институтында, ВАСХНИЛ-дің Қазақ бөлімшесінде, республикамыздың Жоспарлау комитеті жанындағы ғылыми-зерттеу институтында қызметтер атқарған.
1984 жылдан - Алматы халық шаруашылығы институтының кафедра меңгерушісі. Ғылыми жұмыстары экономикалық және әлеуметтік дамудың қолайлы да үйлесімділік сипатқа ие нұсқаларының маңызын зерттеуге арналған. 100-ге жуық ғылыми еңбегі жарияланған.
2-дәрежелі Ұлы Отан соғысы орденімен, бірнеше медальдармен марапатталған.
85 жыл бұрын (1924) генерал-майор ЯКУБЕЦ Федор Максимович дүниеге келді. Ұлы Отан соғысына қатысқан.
Солтүстік Қазақстан облысы Айыртау ауданы Петропавл ауылында туған.
1942 жылы Айыртау аудандық әскери комиссариаты арқылы Қызыл Армия қатарына шақырылған. Ташкент әскери пулеметшілер училищесін, Ленин атындағы саяси-әскери академияны бітірген.
Әскерде курсант, взвод командирі, батальон командирінің орынбасары, полк командирінің орынбасары, армияның саяси бөлімінің инспекторы, Солтүстік Қазақстан Әскери Округ штаб бастығының саяси бөлім жөніндегі орынбасары қызметтерін атқарған. 1983 жылы запасқа шыққан. Қазір Дондағы Ростов қаласында тұрады.
1-дәрежелі Отан соғысы, 2 мәрте Қызыл Жұлдыз ордендерімен және медальдармен марапатталған.
60 жыл бұрын (1949) пианист, Қазақстанның халық әртісі, халықаралық конкурстар мен фестивальдерінің лауреаты ҚАДЫРБЕКОВА Гүлжамила Ықсанқызы дүниеге келді.
Алматы қаласында туған. П.И.Чайковский атындағы Мәскеу мемлекеттік консерваториясының арнаулы фортепьяно факультетін және аспирантурасын бітірген. Қазақ филармониясының соло-пианисі, Алматы консерваториясының (қазіргі Қазақ ұлттық консерваториясы) оқытушысы болып қызмет атқарған. 1994 жылдан - Қазақ ұлттық консерваториясының профессоры.
Г.Қадірбекованың репертуарында И.Бахтың, В.Моцарттың, Л.Бетховенның, Ф.Листтің шығармалары бар. Ол - Н.Меңдіғалиев, Т.Қажығалиев сияқты қазақ композиторларының шығармаларын тұңғыш орындаушылардың бірі.
Талантты орындаушы ретінде Г.Қадырбекова гастрольдік сапармен Италияда, Австрияда, Венгрияда, т.б. елдерде болған. 1980 жылы Италияның Веречелли қаласында өткен байқауда 1-дәрежелі сыйлыққа ие болып, пианистердің Дж.Виотти атындағы халықаралық байқауының лауреаты атанды. Жоғарыда аталған мемлекеттерден басқа Франция, Түркия, Тунис, Чехия, Эстония, т.б. елдерде концерт берді.
«Құрмет Белгісі» орденімен марапатталған.
14 ҚАЗАН, СӘРСЕНБІ
Халықаралық апатты зілзалалардың қаупін азайту жөніндегі күні. 1989 жылғы 22 желтоқсанда БҰҰ-ның Бас Ассамблеясы 44/236 қарарымен қазанның екінші сәрсенбісін Апатты зілзалалардың қаупін азайту жөніндегі халықаралық күні деп жариялаған қаулы шығарды. Бұл Халықаралық күн 1990-1999 жылдарғы Апатты зілзалалардың қаупін азайту жөніндегі халықаралық онжылдық кезеңінде жыл сайын аталып отырды.
Стандарттаудың халықаралық күні. 1946 жылғы қазанның 14-інде Халықаралық стандарттау ұйымын құру туралы шешім шықты.
ОҚИҒАЛАР
70 жыл бұрын (1939) Жамбыл облысы құрылды. Қазақстан Республикасының оңтүстігінде орналасқан. Облыстың әкімшілік орталығы - Тараз қаласы.
Құрамына 10 аудан, 1 облыстық деңгейдегі, 3 аудандық деңгейдегі қалалар кіреді. Облыс түсті металдарға, баритке, көмірге, қаптайтын, төсейтін және техникалық мақсаттағы тастарға, құрылыс материалдарына бай.
Облыста қазақ және орыс драма театрлары, филармония, 5 мұрағат, кітапханалар, клубтар мен мәдениет үйлері бар. Тараз қаласының аумағында б.э.д. X-XI ғасырлардан сақталған Айша-Бибі және Бабажа қатын сағаналары, X-XIII ғасырлардан қалған Қарахан мен Дәуітбек сағаналары орналасқан.
15 жыл бұрын (1994) Қазақстан Республикасының президенті Н. Ә. Назарбаев Қазақстандағы Ресейдің Төтенше және Өкілетті Елшісі В. Долговтан және Қазақстан Республикасындағы Ватиканның Төтенше және Өкілетті Елшісі, Әулиелі тақтың апостолдық нунцийі Мариан Олледен сенім грамоталарын қабылдады.
15 жыл бұрын (1994) Астананың Революция көшесінде (қазіргі Сейфуллин к-сі) ақын Сәкен Сейфуллиннің 100-жылдық мерейтойына орай ескерткіші ашылды.
15 жыл бұрын (1994) Қазақстан Республикасы БҰҰ-ның Шөлге айналумен күрес жөніндегі конвенциясына (БҰҰ ШКК) қол қойып, 1997 жылдың 7 шілдесінде бекітті. Сол жылғы 9 шілдеде Қазақстан Конвенция Тарапы болды.
10 жыл бұрын (1999) «Қазақстан Республикасы мемлекеттік органдары құрылымын жетілдендіру жөніндегі және олардың құзыреттерін анықтау шаралары туралы» Қазақстан Республикасы Президенті Н.Назарбаевтың Жарлығы басылым бетіне шықты.
ЕСІМДЕР
110 жыл бұрын (1899-1974) саяси қайраткер СКВОРЦОВ Николай Александрович дүниеге келді.
Ресейдің Астрахань облысында туған.
Мәскеу жоспарлау комитеті жанындағы жоғары экономикалық курсты бітірген. 1917-1922 жылдары Қызыл гвардия қатарына кіріп, кеңес өкіметін орнатуға белсене қатысты. 1922-1933 жылдары Астрахань, Ростов облыстарында жауапты партия, кеңес қызметтерінде болды. 1933-1938 жылдары БК(б)П Орталық Комитетінің аппаратында жұмыс істеді. 1938-1945 жылдары Қазақстан Коммунистік партиясы Орталық Комитетінің 1-хатшысы болды. Н.А.Скворцов билігі кезінде Қазақстанды кеңестендіру одан әрі күшейді. Соғыс басталысымен республикаға қуғынға ұшыраған ұлт өкілдері көшіріп әкелінді. Мәдениет пен өнер саласында біраз шұғыл шаралар жүзеге асырылды. Қазақ әндері мен музыкасы түгелге жуық нотаға түсіріліп, Қазақ мемлекеттік филармониясында симфониялық оркестр, хор капелласы ашылды. Ұлттық музыканттарды Мәскеу, Ленинград консерваторияларында, ГИТИС-те оқыту ұйымдастырылды.
Ұсақ елді-мекендер ірілендіріліп, ұжымшарлар біріктірілді. 2047 шақырым темір жол салынып, қысқа мерзімде Ақмола - Қарталы жолы іске қосылды. Соғыс кезінде ұрлыққа қарсы қатаң күрес жүргізілді.
Н.Скворцов 1945-1966 жылдары Мәскеуде одақтық дәрежедегі жауапты қызметтер атқарған.
2 рет Ленин орденімен, 1-дәрежелі Отан соғысы, Еңбек Қызыл Ту, «Құрмет Белгісі» ордендерімен, медальдармен марапатталған.
45 жыл бұрын (1964) жазушы-драматург МҰҚАНОВА Роза дүниеге келді.
Шығыс Қазақстан облысы Үржар ауданында туған.
Қазақ мемлекеттік университетінің (әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті) журналистика факультетін бітірген.
Орталық мұражайдың Әдебиет және өнер бөлімінде, Қазақстан Жазушылар одағының Аударма коллегиясының аға редакторы, ҚР Ақпарат министрлігінің жауапты қызметкері болған.
«Жарық дүние», «Қыз жылаған», «Дүние кезек», «Құдірет-Кие», «Мәңгілік бала бейне» әңгімелері мен драмалық шығармалардың авторы. 2001 жылы Рабғұзидің «Қисса-сүл-Әнбий-я» кітабын қазақ тіліне тәржімалаған.
1996 жылы Қазақтың мемлекеттік М.Әуезов атындағы академиялық драма театрында «Мәңгілік бала бейне» пьесасы қойылды. 1997 жылы Ғ.Мүсірепов атындағы мемлекеттік академиялық жастар мен балалар театрында М.Әуезовтың «Қаралы сұлу» әңгімесінің желісінде жазылған драмалық қойылымы сахналанды. 2001 жылы Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы «Қыз жылаған» әңгімесінің желісімен кино түсірілді.
Қазақстан Жастар одағы сыйлығының, «Жалын» журналының Т.Айбергенов атындағы сыйлығының, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты.
15 ҚАЗАН, БЕЙСЕНБІ
Ауыл әйелдерінің бүкіләлемдік күні. Аталмыш күнді атап өту идеясы 1995 жылы Бейжіңде өткен Біріккен Ұлттар Ұйымының 4-ші әйелдер конференциясында ұсынылды және сол жылдан бастап атап өтіледі.
Ауыл әйелдері жер шары тұрғындарының ширектен астамын құрайды және азық-түлік өнімдерін өндіруде, сондай-ақ ауылдық жерлердің дамуына, тұрақтылығына көп септігін тигізеді. Дегенмен олардың өмірлік маңызы зор несие алу, білім алу сияқты қызмет түрлерін пайдалануға мүмкіндіктері аз. Әлемде 500 миллон ауыл әйелдері кедейшілікте өмір сүреді.
ОҚИҒАЛАР
10 жыл бұрын (1999) Оңтүстік Қазақстан облысы Түлкібас ауданы Тұрар Рысқұлов атындағы ауылда Мұхамед Хайдар Дулатиға ескерткіш орнатылды.
10 жыл бұрын (1999) Оңтүстік Қазақстан облысы Түркістан қаласының Маяковский көшесі ақын Сабырхан Асановтың атына өзгертілді.
10 жыл бұрын (1999) қалалық әкімшілік шешімімен Алматы қаласының кітапханалар күні белгіленді.
6 жыл бұрын (2003) Қазақстанда алғашқы Азаматтық форум болып өтті. Бұл билік пен «үшінші сектор» арасындағы алғашқы сындарлы диалог болатын. Осы уақыт аралығында үкіметтік емес ұйымдар саны артты. Олар толық орнығып алды, сондай-ақ олар да басқа заңды тұлғалар сынды мемлекеттің болашағы үшін қызмет етеді. Бүгінде билікпен бірлесе жұмыс істеу аңыз емес, шындыққа айналды.
5 жыл бұрын (2004) Башқұртстан Республикасының Президенті Мұртаза Рахимов сапармен Қазақстан Республикасына келді.
5 жыл бұрын (2004) белгілі журналист Аяған Сандыбайдың «Чем порадовать сердце» кітабы жарық көрді. Кітапта Қазақстанда соңғы жылдары болып жатқан қоғамдық маңызды оқиғалардың мәні зерделенген.
ЕСІМДЕР
115 жыл бұрын (1894-1938) қазақтың атақты ақыны, жалынды жазушысы, дарынды драматург, білікті ұстаз, мемлекеттік қайраткері СЕЙФУЛЛИН Сәкен дүниеге келген.
Қарағанды облысы Ақадыр ауданы Қарашілік қыстағында туған. Нілдідегі орыс-қазақ, Ақмоладағы бастауыш приход мектебінде, қалалық үш класты училищеде оқыған. 1914 жылы Қазан қаласында «Өткен күндер» деп аталған тұңғыш өлеңдер жинағын бастырып шығарған. Омбыдағы қазақ жастарының «Бірлік» қауымы басшыларының бірі болған. 1917 жылы Бұғылыда мектеп ашып, орыс тілінен сабақ берген. 1918 жылғы сәуірде «Жас қазақ марсельезасын» жазып, 1 мамырда «Бақыт жолында» атты пьесасының беташар қойылымын көрсеткен.
Осыдан бір ай өтпестен, маусымның 4-де ақтар көтеріліс жасап, Ақмола совдепшілерін тұтқынға алған. Сәкен атаман Анненковтың «азап вагонында» 47 күн ажалмен арпалысып, 1919 жылғы сәуірдің 3-де адмирал Колчактың Омбыдағы түрмесінен қашып шыққан. 1920 жылғы мамырдың 7-де Ақмолаға қайтып оралып, атқару комитеті төрағасының орынбасары және әкімшілік бөлімінің меңгерушісі болған. Осы жылғы қазанның 4-де Қазақ Кеңес Автономиялық Республикасын жариялаған Кеңестердің Бірінші Құрылтай съезі делегаты болып қатысқан, Орталық Атқару Комитеті Президиумының мүшесі болып сайланған. Жер-су комиссиясының жұмысына және баспасөз ісіне басшылық жасаған.
«Еңбекші қазақ» газетінің редакторы, хaлық ағарту комиссарының орынбасары, Қазақ КАСР Халық Комиссарлары Кеңесінің Төрағасы, Халық ағарту комиссариаты жанындағы ғылым Орталығының төрағасы, Қазақстан пролетар жазушылары ассоциациясының басшысы, БК(б)П Қазақстан Өлкелік Комитетінің партия тарихы бөлімінің меңгерушісі, Қызылордадағы халық ағарту институтының, Ташкенттегі қазақ педагогикалық институтының директоры, «Жыл құсы» альманағы, «Жаңа әдебиет» журналы басшысы, Қазақтың мемлекеттік институтының доценті, «Әдебиет майданы» журналының редакторы, Қазақтың коммунистік журналистика институтының профессоры қызметтерін атқарған. Осы кезде жаңа өмір жолында күреске шақырған «Асау тұлпар» өлеңдер жинағы, «Бақыт жолына», «Қызыл сұңқарлар» атты пьесалары жарық көрген. «Домбыра», «Экспресс», «Тұрмыс толқынында» атты поэтикалық жинақтарында Қазан төңкерісінің жеңісі жырланды. Жаңашыл ақын поэзия мен драматургияға көп жаңалықтар енгізді. Өлеңнің түрі мен мазмұнында түбегейлі өзгеріс жасап, қазақ халқының поэтикалық дәстүрін дамытты.
С.Сейфуллин өмірде де, әдебиетте де белсенді күрескер болды. «Көкшетау», «Қызыл ат» дастандарында заманалық мәселелер көрсетілген. «Қызыл атта» 30-жылдардың бас кезінде Казақстанның ауыл шаруашылығында орын алған асыра сілтеу оқиғалары сыналады. «Ақсақ киік», «Аққудың айрылуы» шығармаларында туған даланың табиғатын, адамның ішкі сезім күйлерін суреттейді.
С.Сейфуллин проза, драматургия, әдеби сын, әдебиеттану салаларында көрнекті еңбек етті. «Жұбату» әңгімесі - Сәкеннің қазақ әйеліне арналған алғашқы прозалық, шығармасы. «Жемістер, «Біздің тұрмыс», «Сол жылдарда» туындыларында замандастар өмірі бейнеленген. С.Сейфуллин қазақ халқының патшалық езгіге қарсы күресін «Тар жол, тайғак, кешу» атгы тарихи-мемуарлық романында көрсетеді. Публицистика саласының дамуына қосқан еңбегі баға жетпес. Қазақтың ескі әдебиет нұсқауларын жинау, зерттеу, бастыру ісімен де шұғылданды. Оның қатысуымен «Қазақтың ескі әдебиет нұсқаулары», «Батырлар», «Ақан сері - Ақтоқты», «Ләйлі - Мәжнүннің» қазақша аудармасы жарық көрді. «Қазақ әдебиеті» кітабы - осы саладағы алғашқы зерттеу еңбектерінің бірі. Халық әдебиеті материалдарын мол жинап, пайдаланған бұл зерттеуінде қазақ ауыз әдебиеті үлгілерін жанрлық жағынан жіктеп, идеялық-көркемдік талдаулар жасайды. С.Сейфуллин қазақ әдебиетінен мектептерге оқулық жазу ісіне де қатысқан. Қазақ әдебиетінің кадрларын даярлауға, алғашқы кітаптарын бастыруға көп күш салды.
1936 жылы қазақ әдебиеті мен өнерінің Москвада өткен бірінші онкүндігіне қатысты. Қазақ жазушылары ішінен тұңғыш рет Еңбек Қызыл Ту орденімен марапатталып, шығармашылық еңбегіне 20 жыл толуы кеңінен мерекеленді. 1938 жылы жолсыз жазаға ұшырады.
Ол туралы С.Мұқановтың «Сәкен Сейфуллин» пьесасы, Ғ.Мүсіреповтың «Кездеспей кеткен бір бейне» повесі, поэмалар, әдебиеттанушылық зерттеулер жазылды.
70 жыл бұрын (1939) әдебиет зерттеушісі, профессор, жазушы ҚАЛИҰЛЫ Әуелхан дүниеге келді.
Қытайдың Шыңжаң-Алтай аймағы Буырылшын ауданында туған. Шыңжаң педагогикалық институтын бітірген. 1959-1978 жылдары Шыңжаң педагогикалық институтында, 1978-1995 жылдары Шыңжаң университетінде сабақ берді. 1995 жылдан Шыңжаң оқу-ағарту институтының ректоры қызметін атқарады.
Оның қазақ тілі мен әдебиеті мәселелерін зерттеуге арналған «Жазушылықтың негіздері», «Қазіргі қазақ тілінің стилистикасы», «Қазақ ауыз әдебиетіне шолу» атты монографиялары және «Әдебиетіміз туралы кейбір ойлар», «Биіктеген там» әңгімелер мен эсселер жинағы, «Ауырлықты жер көтереді» пьесалар жинағы жарық көрген. «Қазақтың байырғы тұрмыс-салты жырлары» деген кітабы ағылшын тілінде жарияланды.
70 жыл бұрын (1939-1996) актер, режиссер, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері ОМАРОВ Жақып дүниеге келген.
Ақмола облысы Мәдениет ауылында туған.
Қазақ академиялық драма театрының студиясын, Алматы өнер институтын (қазіргі Қазақ ұлттық консерваториясы) бітірген.
Қарағанды облыстық драма театрының актері, Қазақ академиялық театрының режиссері қызметтерін атқарған. Жамбыл облыстық драма театрының, Қарағанды облыстық драма театрының, Шымкент облыстық драма театрының бас режиссері. 1990 жылдан өмірінің соңына дейін Астана қаласындағы музыкалық драма театрының көркемдік жетекшісі болды.
Ж.Омаров сол кездегі Кеңестер Одағына кеңінен танымал классиктердің туындыларын ғана емес, әлемдік классика шығармаларын да сахналап, лайықты бағасын алған. 1972 жылы Қарағанды облыстық драма театрында Мұстай Кәрімнің «Ай тұтылған түн» спектаклін қойса, 1978 жылы әйгілі Уильям Шекспирдің «Макбет» спектаклі үшін Бүкілодақтық байқауда 1-інші дәрежелі дипломмен марапатталды. Шымкент облыстық драма театрында 1981 жылы қойған Ғабит Мүсіреповтың «Ақан сері - Ақтоқты» қойылымы үшін 1983 жылы КСРО Мәдениет министрлігінің дипломын иеленді, 1982 жылы сахналаған Әлжаппар Әбішевтің «Мәдиі» де қалың өнерсүйер қауым жүрегінен жол тапты. Ал, 1996 жылы Астана театрында қойылған Шахмет Құсайыновтың «Алдар көсе» спектаклі Уфа қаласында өткен «Туғанлық» фестивалінің жүлдесін жеңіп алды.
60 жыл бұрын (1949) сәулетші-ғалым, философия ғылымдарының докторы, Сәулетшілер одағының мүшесі, Қазақстан Республикасының құрметті сәулетшісі АХМЕТЖАНОВ Абай Қапанұлы дүниеге келді.
Солтүстік Қазақстан облысы Жамбыл ауданында туған.
Қазақ мемлекеттік политехникалық институтын (Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университет) бітірген.
Целиноград (Ақмола) инженерлік-құрылыс институты архитектура кафедрасының оқытушысы болған. Институтта студенттердің жобалау-конструкторлық бюросының бастығы болған. Қазір Алматы облысы Талғар ауданының бас сәулетшісі.
1997 жылы Еуропа университетінде сәулетші мамандығы бойынша докторлық дәрежесін алған. 1998 жылы Табиғат және қоғам жөніндегі Халықаралық ғылыми академияның толық мүшелігіне сайланды (Мәскеу бөлімшесі), Табиғат және қоғам жөніндегі Халықаралық ғылыми академияның «Ғылым мен өнер серісі» атағына ие болды, орденмен марапатталды. 2005 жылы Табиғат тану ғылыми Еуропа Академиясының құрметті докторы атағын алды. 2005 жылдан Ганновер қаласындағы Табиғат тану ғылыми Еуропа Академиясының толық мүшесі, осы Академияның «Золотой Коронованный Орел» орденімен марапатталған. «Қазақстан Конституциясының 10-жылдығы» мерекелік медалімен марапатталған.
50 жыл бұрын (1959) Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының хатшысы
МЕЛДЕШОВ Бақыт Сарсенбайұлы дүниеге келді.
Оңтүстік Қазақстан облысы Киров ауданының Мақталы ауылында туған.
С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін бітірген.
1985-1986 жылдары - Алматы темір жолы басқармасы заң бөлімінің юрисконсульты. 1986-1989 жылдары - Қазақ ССР Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының аға консультанты. 1989-1995 жылдары - Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесі хаттар және азаматтарды қабылдау бөлімінің консультанты, қабылдау бөлмесінің меңгерушісі. 1995-1996 жылдары - Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясы ұйымдастыру-заң бөлімінің аға консультанты, Парламент Сенаты аппараты заң шығару бөлімінің консультанты. 1996-1997 жылдары - Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің заң шығару және сот жүйесі жөніндегі бөлімінің аға сарапшысы. 1997-1998 жылдары - «Қазақтелеком» ААҚ-ы Басқармасы шарт-талдау бөлімінің бастығы. 1998-2001 жылдары - «Қазақтелеком» ААҚ-ы Басқармасы шарт-талдау бөлімінің меңгерушісі. 2001-2003 жылдары - Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясы Заң бөлімінің меңгерушісі. 2003-2007 жылдары - Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының мүшесі. Қазіргі қызметінде - 2007 жылдан.
16 ҚАЗАН, ЖҰМА
Бүкіләлемдік азық-түлік күні. БҰҰ Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының құрылған күніне орай, ұйым шешімімен тойланады (1945 жылғы қазанның 16-ы).
ОҚИҒАЛАР
75 жыл бұрын (1934) Семей орыс драма театры құрылған. Ол жергілікті басқару органдарының шешімі бойынша Жұмысшы жастар театры негізінде құрылып, 1935 жылы сахна шымылдығын алғаш ашты. 1937-1940 жылдары орыс және шетел жазушыларының пьесаларын сахнаға шығарған. Актерлар Қазақстанның еңбегі сіңірген артисі Н.Батурин, Қазақстанның Халық артистері И.Загвоздикина, Е.Орел, т.б. өздерінің сахналық өнер жолын осы театрдан бастаған. 1970-2000 жылдары орыс және шетел драматургиясының таңдаулы туындылары театр сахнасынан тұрақты орын алды. 1975 жылы театрға жазушы Ф.Достаевскийдің есімі берілген. 1987 жылы театр Қазақ КСР Жоғары Кеңесінің Құрмет грамотасымен марапатталған.
15 жыл бұрын (1994) 16-17 қазанда Н. Ә. Назарбаев Түркияға ресми сапармен барды. Сапар барысында Түркия мен Қазақстан арасындағы Достық пен ынтымақтастық туралы келісім-шартқа қол қойылды.
9 жыл бұрын (2000) Семейде Ертіс өзеніне көпір салынды. Ол Жапония Халықаралық экономикалық ынтымақтастық фондының және Қазақстан Республикасының қаржысына салынды. Бұл көпірдің ерекшелігі - 50 градус суықтықта да, тіпті жаздың шыжыған ыстығында да селт етпейді.
1 жыл бұрын (2008) Астанада Парламент Мәжілісінің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің ұсынысымен «Қазіргі жағдай және тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге Қазақстанның үлесі» тақырыбында Халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті.
Форумға Бельгия, Чехия, Франция, Германия, Түркия және Моңғолия сияқты елдерден, сондай-ақ Ресейден саясаткерлер, сарапшылар, журналистер, әскери мамандар қатысты.
ЕСІМДЕР
65 жыл бұрын (1944) жазушы, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі АМАНТАЙ Боранқұл дүниеге келді.
Батыс Қазақстан облысы Қаратөбе ауданында туған.
Абай атындағы Қазақ мемлекеттік педагогикалық институтын, С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін бітірген.
Жымпиты (қазіргі Сырым) аудандық «Қызыл ту» (қазіргі «Қайнар») газетінің тілшісі, жауапты хатшысы, редактордың орынбасары, бөлім меңгерушісі, «Орал өңірі» газетінің тілшісі боған. 1994-2001 жылдары - Сырым аудандық зейнетақы қорының меңгерушісі, аудандық мұрағаттың директоры. 2001-2002 жылдары - Бөрлі аудандық «Бөрлі жаршысы» газетінің жауапты хатшысы, редактордың орынбасары. 2002-2003 жылдары - облыстық «Ұстаз» журналының жауапты редакторы, тәуелсіз «Еділ-Жайық» газетінің жауапты хатшысы. 2005-2007 жылдары аралығында Орал қалалық «Жайық үні» газетінің тілшісі, редактордың орынбасары қызметтерін атқарған.
«Жазықсыз жазаланған боздақтар», «Алашорда - тәуелсіздік бастауы», «Тәуелсіздік тірегі - Алашорда» кітаптарының авторы. Амантай Боранқұл 1990 жылдан бері Алашорда, оның ішінде күнбатыс Алашорданың беймәлім беттерін зерттеп, жарыққа шығаруда өнімді еңбек етуде.
1974 жылдан КСРО және Қазақстан журналистер одағының мүшесі.
17 ҚАЗАН, СЕНБІ
Кедейшілікті жою жолындағы халықаралық күрес күні. Бұл күн «АТД-Eourth World» атты француз қайырымдылық қозғалысының және БҰҰ-ның бұрынғы Бас хатшысы Хавьер Перес де Куэльярдың бастамасымен атап өтіледі.
АҚШ-тағы негр нәсілділер поэзиясының күні. Америкада қара нәсілділер арасынан шыққан тұңғыш ақын Юпитер Хэммонды еске алу мақсатында жыл сайын атап өтіледі.
ОҚИҒАЛАР
5 жыл бұрын (2004) 17-18 қазанда Душанбеде «Орталық Азия Ынтымақтастығы» (ОАЫ) Ұйымына мүше Мемлекеттер басшыларының отырысы өтті.
1 жыл бұрын (2008) 17-нен 19-шы қазан күндері Түркия Республикасы Ризе қаласының университетінде Махмуд Қашқаридың туғанына 1000-жыл толуына арналған «Ата сөздігіміз, рухани кенішіміз» халықаралық симпозиумі болып өтті.
1 жыл бұрын (2008) Астанада «Ортақ әлем: әр түрлілік арқылы прогреске» Халықаралық форумы өтті. 56 елдің СІМ басшылары мен 10-нан астам халықаралық ұйымдардың өкілдері қатысты.
Форумның басты мақсаты - мұсылман әлемі мен Батыс арасындағы жағымды қарым-қатынастарды қалыптастыру және нығайту.
ЕСІМДЕР
70 жыл бұрын (1939) ғалым, филология ғылымдарының докторы, Жазушылар одағы облыстық бөлімшесінің төралқа мүшесі, Гуманитарлық Ғылымдар академиясының академигі СЫЗДЫҚОВ Керімбек дүниеге келді.
Оңтүстік Қазақстан облысы Созақ ауданында туған.
Қазақ мемлекеттік университетінің (әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті) филология факультетін, аспирантурасын бітірген.
1961-1964 жылдары - Шымкент педагогикалық институтының оқытушысы. 1967-1974 жылдары - Қазақстан Ғылым Академиясы Әдебиет және өнер институтының ғылыми қызметкері. 1974-1994 жылдары - М.Әуезов атындағы Шымкент педагогикалық институтының доценті, профессоры, кафедра меңгерушісі, факультет деканы, проректоры, ректоры, Шығыстану институты ректорының кеңесшісі. 1996-1999 жылдары - Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің профессоры, кафедра меңгерушісі. 1999-2002 жылдары - Қазақ-Кувейт университетінің ректоры. 2003 жылдан Халықаралық қазақ-түрік университетінің профессоры қызметтерін атқарған.
Қазақ әдебиеті мен мәдениетінің, ғылымының келелі мәселелері, оның басты өкілдерінің шығармашылығы жайлы зерттеу еңбектерінің, «Әуезовтің шығармашылығына байланысты библиографиялық көрсеткіш» (авторлар ұжымы), «Мұхтар Әуезов - әдебиет сыншысы», «Уақыт және қаламгер» (авторлар ұжымы), «Ата қоныс» (С.Жолдасовпен бірге) атты ұжымдық еңбектердің, «Жібек жолы», «Мұхтартанудың беймәлім беттері», «Ұстаздық ұлағат» атты монографиялардың авторы.
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен, «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 10-жылдығы» медалімен марапатталған.
70 жыл бұрын (1939) сәулетші, Қазақстанның еңбек сіңірген сәулетшісі БАЙМЫРЗАЕВ Орысбай Жұбайұлы дүниеге келді.
Қарақалпақстанның Нүкіс қаласында туған. Мәскеу архитектура институтын бітірген. 1967 жылдан бастап Қарақалпақстан құрылыс және сәулет істері жөніндегі басқармасының аға сәулетшісі, Беруни қаласының бас сәулетшісі болды. 1970-1982 жылдары - Алматы қала құрылысын жобалау институтының сәулетшілер тобының жетекшісі, жобалау шеберханасының жетекшісі. 1982-1983 жылдары - Алматы құрылыс жобалау бас басқармасының бастығының орынбасары, қаланың бас сәулетшісінің орынбасары. 1983-1993 жылдары - Алматы құрылыс жобалау бас басқармасының бастығы, 1993 жылдан «Рахат» біріккен кәсіпорны бас директорының орынбасары қызметтерін атқарған.
О.Баймырзаев - Қазақ драма театры, «Байланыс» көрме павильоны, Жер серіктерімен байланыс жасайтын зертханасы мен «Рахат» қонақ үйі ғимараттарының авторы.
Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты.
50 жыл бұрын (1959) Қазақстан Республикасының Жер ресурстарын басқару жөніндегі агенттігі төрағасының орынбасары РАЙЫМБЕКОВ Каналбек Өтжанұлы дүниеге келді.
Оңтүстік Қазақстан облысында туған. Москва жерге орналастыру инженерлері институтын, «Тұран» университетін бітірген.
«Казгипрозем» Қазақ мемлекеттік жобалау институты кешенді іздестіру бөлемшесінің ннженер-жерге орналастырушы, аға жерге орналастырушы, жетекші инженер-жерге орналастырушы, Қазақстан Республикасы жер қатынастары мен жерге орналастыру мемлекеттік комитетінің бас маманы, бөлім бастығы, Қазақстан Республикасының Жер ресурстарын басқару жөніндегі агенттігінің Жерге орналастыру және жер кадастры басқармасының бастығы қызметтерін атқарған. Қазіргі қызметінде - 2002 жылдан.
18 ҚАЗАН, ЖЕКСЕНБІ
Азық-түлік өнеркәсібі қызметкерлерінің күні. Азық-түлік өнеркәсібі қызметкерлерінің күні 1966 жылы бекітілген және қазанның үшінші жексенбісінде тойланады. Азық-түлік және қайта өңдеу өнеркәсібінің кәсіпорындары бүкіл әлемде халықты азық-түлік тауарларымен қамтамасыз етуде жетекші орын алады, өйткені нан тауып беруге қамқорлық - қай кезде де адамзаттың басты қажеттілігінің бірі. Азық-түлік өнеркәсібінің қызметкерлері өздері өндіретін өнімдерінің сапасын ұдайы жақсартып, түрлерін кеңейтуді басты назарда ұстайды.
Әзірбайжан Республикасының Мемлекеттік мейрамы - Тәуелсіздік күні (1991). Әзірбайжан - Азияның батысында Кавказ аймағында орналасқан мемлекет. Солтүстігінде Ресеймен, солтүстік-батысында Грузиямен, оңтүстігінде Иранмен, батысында Армениямен, шығысында Каспий теңізімен шектеседі. Астанасы - Баку қаласы. Мемлекеттік тілі - азербайжан тілі. Ақша бірлігі - манат.
Қазақстан Республикасы мен Әзірбайжан Республикасы арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас 1992 жылғы тамыздың 27-інде орнатылды.
Рухани келісім күні. 1992 жылы қазанда Қазақстанның сол кездегі астанасы Алматы қаласында Рухани келісімнің 1-інші әлемдік конгресі өтті. Конгреске қатысушылар қазанның 18-ін рухани келісім күні - қақтығыстар мен жанжалдарға тоқтам салу күні, татулық іздеу күні, жақынға қайырымдылық және көмек күні деп жариялау туралы манифест қабылдады. 1992 жылдан бастап бұл күн Қазақстанда атаулы күн ретінде атап өтіледі.
ОҚИҒАЛАР
70 жыл бұрын (1939) Қарағанды облысының Ұлытау ауданы құрылған. Аудан орталығы - Ұлытау селосы. Аудан жері Сарыарқаның төбелі-қырқалы, аласа таулы (Ұлытау, Кішітау, Арғанаты, Желдіадыр) батыс бөлігін қамтиды. Аудан құрамына 15 ауылдық округ және 25 елді мекен кіреді.
15 жыл бұрын (1994) 18-19 қазан күндері Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаев Стамбулда өткен түркітілдес мемлекеттер (Қазақстан, Әзірбайжан, Қырғызстан, Түркменстан, Өзбекстан, Түркия) басшылары жоғары дәрежедегі екінші басқосуларына қатысты. Кездесу барысы Стамбул декларациясын қабылдаумен аяқталды.
5 жыл бұрын (2004) Алматыда «Деректі фильмнен көркем киноға дейін» кітабының тұсау кесер рәсімі өтті. Авторы - іскерлік әкімшілік басқарудың докторы, Қазақстан Республикасы Президенті сыйлығының, «Дарын» жастар сыйлығының лауреаты Мақат Садық. Кітап тек кәсіби кинематографистерге ғана емес, сонымен қатар қазіргі заманғы қазақ мәдениетінің дамуына қызығушылықпен қарайтын бұқаралық оқырмандарға арналған.
ЕСІМДЕР
30 жыл бұрын (1979) армреслингтен халықаралық дәрежедегі спорт шебері ЖАҚЫПОВ Руслан Мұратұлы дүниеге келді.
Шығыс Қазақстан облысында туған.
Алғашқы бапкері - С.Қыдырханов. 1996 жылдан Қазақстан Республикасының құрама командасында. 1997 жылы Еуропа чемпионатында (Словакияның Попрад қ-сы) 4 орын, әлем чемпионатында (Үндістанның Гувакати қ-сы) 5 орын алған. 1999 жылы Владикавказда өткен әлем чемпионатында қола медаль иеленген. 2003 жылғы әлем чемпионатының (Ресей Федерациясының Суздаль қ-сы) күміс жүлдегері.
85 жыл бұрын (1924-1979) көрнекті жазушы және аудармашы ДҮЗЕНОВ Мұхамеджан дүниеге келді.
Қостанай облысының Жангелдин ауданында туған.
М.Горький атындағы Әдебиет институтын бітірген. Қазақ радиосында, Абай атындағы опера және балет театрының әдебиет бөлімінің меңгерушісі, Қостанай облыстық газетінің меншікті тілшісі, мәдениет бөлімінің меңгерушісі, Қазақстан Жазушылар одағының әдеби кеңесші, Қазақ радиосы комитетінің бас редакторы, Қазақ КСР Мәдениет министрлігі репертуар-редакция алқасының бас редактор қызметтерін атқарған.
Алғашқы өлеңдері мен әңгімелері 1949 жылдан баспа беттерінде жарық көре бастаған. «Ақ әже», «Ұзақтың жолы», «Сын Тлектеса» повестерінің, «Әке болғым келеді», «Ант» романдарының авторы.
1967 жылы бір актілі пьесалар конкурсында «Аралдың алтын балығы» туындысы екінші бәйге алды. Прозалық шығармалары бірнеше дүркін бүкілодақтық «Советский писатель» баспасында да жарық көрді. Ол В.Васильевскаяның «Пламя на болотах» романын, С.Маршактың «Умные вещи» пьесасын, Л.Кассильдің «Ход белой королевы» туындысын қазақшаға аударған.