ҚазАқпарат-Анонс: қазанның 15-і мен 18-і аралығындағы оқиғалардың күнтізбесі

ҚазАқпарат-Анонс: қазанның 15-і мен 18-і аралығындағы оқиғалардың күнтізбесі

ҮКІМЕТ

Қазанның  15-інде Алматыдағы  Әскери-инженерлік    радиоэлектроника  институтында    Қазақстанның  Қорғаныс министрі    Ә.Жақсыбеков пен  Беларус  Республикасының   Қорғаныс министрі Л.Мальцев кездеседі. 

ПАРЛАМЕНТ

Қазанның 15-інде  Парламент Мәжілісінде «Сақтандыру  туралы»  заң  жобасының таныстырылымы болады.

Қазанның 15-інде Парламент  Сенатында   депутаттардың    Әділет министрімен және  Қазақстан  Республикасындағы  Адам құқықтары  жөніндегі уәкілмен кездесуі   болады.

ҚОҒАМ

Қазанның  16-сында Жамбыл облысындағы «Матыбұлақ» полигонында  Ұжымдық қауіпсіздік  туралы  шарт ұйымының   Жедел әрекет етуші  ұжымдық күштерінің   басқару  органдары мен бөлімдері арасында  «Өзара іс-қимыл-2009»    бірлескен  стратегиялық командалық-штабтық   жаттығуының      белсенді фазасы  өтеді.

Қазанның 15-інде  Сыртқы істер министрлер орынбасарларының деңгейінде сімаралық казақстан-ресей кеңестері өтеді. Қазақстан делегациясын ҚР сыртқы істер министрінің орынбасары К.Жигалов, ал Ресей делегациясын - РФ сыртқы істер министрінің орынбасары АлександрГрушко басқармақ. Аталған іс-шараның күн тәртібінде Афины қаласында өтетін Сыртқы істер министрлер кеңесіне дайындық, 2010 жылға жоспарлар, Астанадағы ЕҚЫҰ орталығының және Алматыдағы бөлімінің әрекеті, аймақтық мәселелер және 2010 жылғы әрекеттерін үйлестіру сынды мәселелер қарастыру көзделуде.

Қазанның 15-і мен 16-сы аралығында Сеулде өтетін «Инфрақұрылымдағы мемлекеттік-жеке әріптестік: жаһандық қаржы дағдарысына ықпалы» атты конференцияға «Қазақстандық мемлекеттік-жеке әріптестік орталығы» АҚ басқарма төрағасы Болат Смағұлов қатысады. Конференцияға қатысушылар бірқатар маңызды мәселелерді, олардың ішінде - жаһандық қаржы дағдарысының ықпалы мен мемлекеттік-жеке әріптестіктің қазіргі үрдістері мен проблемаларын талқылайды.

АСТАНА

Қыркүйектің 15-і мен қазанның 15-і аралығында Астанада тазалық айлығы өтеді.

Қазанның 6-23-і аралығында Парижде ЮНЕСКО Бас Конференциясының білім, ғылым және мәдениет жөніндегі 35-ші сессиясы өтеді. Аталған конференцияға ЮНЕСКО істері жөніндегі ҚР Ұлттық Комиссия төрағасы, Астана қаласының әкімі И.Тасмағамбетов бастаған Қазақстан делегациясы қатысады.

Қазанның 15-18-і күндері Қазақстанда алғаш рет Астана қаласында көркем гимнастикадан IV Азия чемпионаты өтеді. Азияның осы құрлықаралық біріншілігі бағдарламасы бойынша жеке көпсайыстан, көпсайыстың жекелеген түрлерінен және командалық біріншілік өтеді.

Қазанның 15-інде  «Бейжің-Палас» отелінде  «Қазақстан Республикасындағы  әйелдер  мен  еркектер үшін   тең мүмкіндіктер:  іс жүзіндегі  жағдай  мен    перспектива»  деген тақырыпта  конференция   өтеді.

Қазанның  15-інде қайта жаңарту жұмыстарынан кейінгі С.Сейфуллин атындағы   мұражайдың  ашылу  рәсімі  болады.  Шараға Астана  әкімі И.Тасмағамбетов қатысады.

Қазанның  15-інде   «Риксос»   отелінде    ЕурАзЭҚ Атқарушы комитетінің  жанындағы Денсаулық сақтау   жөніндегі кеңестің    кезекті  отырысы  өтеді.

Қазанның 15-інде  «Нұр Отан» партиясының  орталық кеңсесінде  «Қазақстан  Республикасындағы партиялық-саяси жүйе  және   парламентаризмнің дамуы» деген  тақырыпта «дөңгелек үстел»  отырысы   өтеді.   Сондай-ақ бұл күні, партияның  орталық кеңсесінде  Партияаралық кеңестің  VI  мәжілісі  өтеді.

Қазанның  15-інде Бас прокуратурада   апталық брифинг  өтеді.

Қазанның  15-інде Ұлттық  академиялық кітапханада Б.Соқпақбаевтың  85 жылдығына арналған  «Балалық шаққа саяхат»  атты әдеби кеш өтеді.

АЛМАТЫ

Қазанның 15-інде «Қарғалы» шипажайында БҰҰ Даму бағдарламасының  бесінші  транш  жобасы  бойынша  V конференция  өтеді.

Қазанның 15-інде Алматыдағы Әскери-инженерлік    радиоэлектроника  институтында    Қазақстанның  Қорғаныс министрі    Ә.Жақсыбеков пен  Беларус  Республикасының Қорғаныс министрі Л.Мальцев кездеседі. 

Қазанның 15-інде Қазақтың әл-Фараби  атындағы  ұлттық  университетінде  оқу орнының  75 жылдығына   арналған  конкурстың    жеңімпаздары    марапатталады.

АЙМАҚ

Қазанның 16-сында Жамбыл облысының Гвардиялықауылындағы Мәтібұлақ полигонында «Өзара әрекеттестік 2009» атты ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттер басшылары қатысатын ҰҚШҰ-ның Ұжымдық жедел әрекет ету күштерінің (КСОР ОДКБ) қатысуымен ортақ стратегиялық командалық-штабтық жаттығуларының соңғы кезеңі өтеді.

АТАУЛЫ КҮНДЕР. МЕРЕКЕЛЕР.

15 ҚАЗАН, БЕЙСЕНБІ

Ауыл әйелдерінің бүкіләлемдік күні. Аталмыш күнді атап өту идеясы 1995 жылы Бейжіңде өткен Біріккен Ұлттар Ұйымының 4-ші әйелдер конференциясында ұсынылды және сол жылдан бастап атап өтіледі.

Ауыл әйелдері жер шары тұрғындарының ширектен астамын құрайды және азық-түлік өнімдерін өндіруде, сондай-ақ ауылдық жерлердің дамуына, тұрақтылығына көп септігін тигізеді. Дегенмен олардың өмірлік маңызы зор несие алу, білім алу сияқты қызмет түрлерін пайдалануға мүмкіндіктері аз. Әлемде 500 миллон ауыл әйелдері кедейшілікте өмір сүреді.

ОҚИҒАЛАР

10 жыл бұрын (1999) Оңтүстік Қазақстан облысы Түлкібас ауданы Тұрар Рысқұлов атындағы ауылда Мұхамед Хайдар Дулатиға ескерткіш орнатылды.

10 жыл бұрын (1999) Оңтүстік Қазақстан облысы Түркістан қаласының Маяковский көшесі ақын Сабырхан Асановтың атына өзгертілді.

10 жыл бұрын (1999) қалалық әкімшілік шешімімен Алматы қаласының кітапханалар күні белгіленді.

6 жыл бұрын (2003) Қазақстанда алғашқы Азаматтық форум болып өтті. Бұл билік пен «үшінші сектор» арасындағы алғашқы сындарлы диалог болатын. Осы уақыт аралығында үкіметтік емес ұйымдар саны артты. Олар толық орнығып алды, сондай-ақ олар да басқа заңды тұлғалар сынды мемлекеттің болашағы үшін қызмет етеді. Бүгінде билікпен бірлесе жұмыс істеу аңыз емес, шындыққа айналды.

5 жыл бұрын (2004) Башқұртстан Республикасының Президенті Мұртаза Рахимов сапармен Қазақстан Республикасына келді.

5 жыл бұрын (2004) белгілі журналист Аяған Сандыбайдың «Чем порадовать сердце» кітабы жарық көрді. Кітапта Қазақстанда соңғы жылдары болып жатқан қоғамдық маңызды оқиғалардың мәні зерделенген.

ЕСІМДЕР

115 жыл бұрын (1894-1938) қазақтың атақты ақыны, жалынды жазушысы, дарынды драматург, білікті ұстаз, мемлекеттік қайраткері СЕЙФУЛЛИН Сәкен дүниеге келген.

Қарағанды облысы Ақадыр ауданы Қарашілік қыстағында туған. Нілдідегі орыс-қазақ, Ақмоладағы бастауыш приход мектебінде, қалалық үш класты училищеде оқыған. 1914 жылы Қазан қаласында «Өткен күндер» деп аталған тұңғыш өлеңдер жинағын бастырып шығарған. Омбыдағы қазақ жастарының «Бірлік» қауымы басшыларының бірі болған. 1917 жылы Бұғылыда мектеп ашып, орыс тілінен сабақ берген. 1918 жылғы сәуірде «Жас қазақ марсельезасын» жазып, 1 мамырда «Бақыт жолында» атты пьесасының беташар қойылымын көрсеткен.

Осыдан бір ай өтпестен, маусымның 4-де ақтар көтеріліс жасап, Ақмола совдепшілерін тұтқынға алған. Сәкен атаман Анненковтың «азап вагонында» 47 күн ажалмен арпалысып, 1919 жылғы сәуірдің 3-де адмирал Колчактың Омбыдағы түрмесінен қашып шыққан. 1920 жылғы мамырдың 7-де Ақмолаға қайтып оралып, атқару комитеті төрағасының орынбасары және әкімшілік бөлімінің меңгерушісі болған. Осы жылғы қазанның 4-де Қазақ Кеңес Автономиялық Республикасын жариялаған Кеңестердің Бірінші Құрылтай съезі делегаты болып қатысқан, Орталық Атқару Комитеті Президиумының мүшесі болып сайланған. Жер-су комиссиясының жұмысына және баспасөз ісіне басшылық жасаған.

«Еңбекші қазақ» газетінің редакторы, хaлық ағарту комиссарының орынбасары, Қазақ КАСР Халық Комиссарлары Кеңесінің Төрағасы, Халық ағарту комиссариаты жанындағы ғылым Орталығының төрағасы, Қазақстан пролетар жазушылары ассоциациясының басшысы, БК(б)П Қазақстан Өлкелік Комитетінің партия тарихы бөлімінің меңгерушісі, Қызылордадағы халық ағарту институтының, Ташкенттегі қазақ педагогикалық институтының директоры, «Жыл құсы» альманағы, «Жаңа әдебиет» журналы басшысы, Қазақтың мемлекеттік институтының доценті, «Әдебиет майданы» журналының редакторы, Қазақтың коммунистік журналистика институтының профессоры қызметтерін атқарған. Осы кезде жаңа өмір жолында күреске шақырған «Асау тұлпар» өлеңдер жинағы, «Бақыт жолына», «Қызыл сұңқарлар» атты пьесалары жарық көрген. «Домбыра», «Экспресс», «Тұрмыс толқынында» атты поэтикалық жинақтарында Қазан төңкерісінің жеңісі жырланды. Жаңашыл ақын поэзия мен драматургияға көп жаңалықтар енгізді. Өлеңнің түрі мен мазмұнында түбегейлі өзгеріс жасап, қазақ халқының поэтикалық дәстүрін дамытты.

С.Сейфуллин өмірде де, әдебиетте де белсенді күрескер болды. «Көкшетау», «Қызыл ат» дастандарында заманалық мәселелер көрсетілген. «Қызыл атта» 30-жылдардың бас кезінде Казақстанның ауыл шаруашылығында орын алған асыра сілтеу оқиғалары сыналады. «Ақсақ киік», «Аққудың айрылуы» шығармаларында туған даланың табиғатын, адамның ішкі сезім күйлерін суреттейді.

С.Сейфуллин проза, драматургия, әдеби сын, әдебиеттану салаларында көрнекті еңбек етті. «Жұбату» әңгімесі - Сәкеннің қазақ әйеліне арналған алғашқы прозалық, шығармасы. «Жемістер, «Біздің тұрмыс», «Сол жылдарда» туындыларында замандастар өмірі бейнеленген. С.Сейфуллин қазақ халқының патшалық езгіге қарсы күресін «Тар жол, тайғак, кешу» атгы тарихи-мемуарлық романында көрсетеді. Публицистика саласының дамуына қосқан еңбегі баға жетпес. Қазақтың ескі әдебиет нұсқауларын жинау, зерттеу, бастыру ісімен де шұғылданды. Оның қатысуымен «Қазақтың ескі әдебиет нұсқаулары», «Батырлар», «Ақан сері - Ақтоқты», «Ләйлі - Мәжнүннің» қазақша аудармасы жарық көрді. «Қазақ әдебиеті» кітабы - осы саладағы алғашқы зерттеу еңбектерінің бірі. Халық әдебиеті материалдарын мол жинап, пайдаланған бұл зерттеуінде қазақ ауыз әдебиеті үлгілерін жанрлық жағынан жіктеп, идеялық-көркемдік талдаулар жасайды. С.Сейфуллин қазақ әдебиетінен мектептерге оқулық жазу ісіне де қатысқан. Қазақ әдебиетінің кадрларын даярлауға, алғашқы кітаптарын бастыруға көп күш салды.

1936 жылы қазақ әдебиеті мен өнерінің Москвада өткен бірінші онкүндігіне қатысты. Қазақ жазушылары ішінен тұңғыш рет Еңбек Қызыл Ту орденімен марапатталып, шығармашылық еңбегіне 20 жыл толуы кеңінен мерекеленді. 1938 жылы жолсыз жазаға ұшырады.

Ол туралы С.Мұқановтың «Сәкен Сейфуллин» пьесасы, Ғ.Мүсіреповтың «Кездеспей кеткен бір бейне» повесі, поэмалар, әдебиеттанушылық зерттеулер жазылды.

70 жыл бұрын (1939) әдебиет зерттеушісі, профессор, жазушы ҚАЛИҰЛЫ Әуелхан дүниеге келді.

Қытайдың Шыңжаң-Алтай аймағы Буырылшын ауданында туған. Шыңжаң педагогикалық институтын бітірген. 1959-1978 жылдары Шыңжаң педагогикалық институтында, 1978-1995 жылдары Шыңжаң университетінде сабақ берді. 1995 жылдан Шыңжаң оқу-ағарту институтының  ректоры қызметін атқарады.

Оның қазақ тілі мен әдебиеті мәселелерін зерттеуге арналған «Жазушылықтың негіздері», «Қазіргі қазақ тілінің стилистикасы», «Қазақ ауыз әдебиетіне шолу» атты монографиялары және «Әдебиетіміз туралы кейбір ойлар», «Биіктеген там» әңгімелер мен эсселер жинағы, «Ауырлықты жер көтереді» пьесалар жинағы жарық көрген. «Қазақтың байырғы тұрмыс-салты жырлары» деген кітабы ағылшын тілінде жарияланды.

  

70 жыл бұрын (1939-1996) актер, режиссер, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері ОМАРОВ Жақып дүниеге келген.

Ақмола облысы Мәдениет ауылында туған.

Қазақ академиялық драма театрының студиясын, Алматы өнер институтын (қазіргі Қазақ ұлттық консерваториясы) бітірген.

Қарағанды облыстық драма театрының актері, Қазақ академиялық театрының режиссері қызметтерін атқарған. Жамбыл облыстық драма театрының, Қарағанды облыстық драма театрының, Шымкент облыстық драма театрының бас режиссері. 1990 жылдан өмірінің соңына дейін Астана қаласындағы музыкалық драма театрының көркемдік жетекшісі болды.

Ж.Омаров сол кездегі Кеңестер Одағына кеңінен танымал классиктердің туындыларын ғана емес, әлемдік классика шығармаларын да сахналап, лайықты бағасын алған. 1972 жылы Қарағанды облыстық драма театрында Мұстай Кәрімнің «Ай тұтылған түн» спектаклін қойса, 1978 жылы әйгілі Уильям Шекспирдің «Макбет» спектаклі үшін Бүкілодақтық байқауда 1-інші дәрежелі дипломмен марапатталды. Шымкент облыстық драма театрында 1981 жылы қойған Ғабит Мүсіреповтың «Ақан сері - Ақтоқты» қойылымы үшін 1983 жылы КСРО Мәдениет министрлігінің дипломын иеленді, 1982 жылы сахналаған Әлжаппар Әбішевтің «Мәдиі» де қалың өнерсүйер қауым жүрегінен жол тапты. Ал, 1996 жылы Астана театрында қойылған Шахмет Құсайыновтың «Алдар көсе» спектаклі Уфа қаласында өткен «Туғанлық» фестивалінің жүлдесін жеңіп алды.

60 жыл бұрын (1949) сәулетші-ғалым, философия ғылымдарының докторы, Сәулетшілер одағының мүшесі, Қазақстан Республикасының құрметті сәулетшісі АХМЕТЖАНОВ Абай Қапанұлы дүниеге келді.

Солтүстік Қазақстан облысы Жамбыл ауданында туған.

Қазақ мемлекеттік политехникалық институтын (Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университет) бітірген.

Целиноград (Ақмола) инженерлік-құрылыс институты архитектура кафедрасының оқытушысы болған. Институтта студенттердің жобалау-конструкторлық бюросының бастығы болған. Қазір Алматы облысы Талғар ауданының бас сәулетшісі.

1997 жылы Еуропа университетінде сәулетші мамандығы бойынша докторлық дәрежесін алған. 1998 жылы Табиғат және қоғам жөніндегі Халықаралық ғылыми академияның толық мүшелігіне сайланды (Мәскеу бөлімшесі), Табиғат және қоғам жөніндегі Халықаралық ғылыми академияның «Ғылым мен өнер серісі» атағына ие болды, орденмен марапатталды. 2005 жылы Табиғат тану ғылыми Еуропа Академиясының құрметті докторы атағын алды. 2005 жылдан Ганновер қаласындағы Табиғат тану ғылыми Еуропа Академиясының толық мүшесі, осы Академияның «Золотой Коронованный Орел» орденімен марапатталған. «Қазақстан Конституциясының 10-жылдығы» мерекелік медалімен марапатталған.

50 жыл бұрын (1959) Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының хатшысы

МЕЛДЕШОВ Бақыт Сарсенбайұлы дүниеге келді.

Оңтүстік Қазақстан облысы Киров ауданының Мақталы ауылында туған.

С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін бітірген.

1985-1986 жылдары - Алматы темір жолы басқармасы заң бөлімінің юрисконсульты. 1986-1989 жылдары - Қазақ ССР Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының аға консультанты. 1989-1995 жылдары - Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесі хаттар және азаматтарды қабылдау бөлімінің консультанты, қабылдау бөлмесінің меңгерушісі. 1995-1996 жылдары - Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясы ұйымдастыру-заң бөлімінің аға консультанты, Парламент Сенаты аппараты заң шығару бөлімінің консультанты. 1996-1997 жылдары - Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің заң шығару және сот жүйесі жөніндегі бөлімінің аға сарапшысы. 1997-1998 жылдары - «Қазақтелеком» ААҚ-ы Басқармасы шарт-талдау бөлімінің бастығы. 1998-2001 жылдары - «Қазақтелеком» ААҚ-ы Басқармасы шарт-талдау бөлімінің меңгерушісі. 2001-2003 жылдары - Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясы Заң бөлімінің меңгерушісі. 2003-2007 жылдары - Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының мүшесі. Қазіргі қызметінде - 2007 жылдан.

16 ҚАЗАН, ЖҰМА

Бүкіләлемдік азық-түлік күні. БҰҰ Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының құрылған күніне орай, ұйым шешімімен тойланады (1945 жылғы қазанның 16-ы).

ОҚИҒАЛАР

75 жыл бұрын (1934) Семей орыс драма театры құрылған. Ол жергілікті басқару органдарының шешімі бойынша Жұмысшы жастар театры негізінде құрылып, 1935 жылы сахна шымылдығын алғаш ашты. 1937-1940 жылдары орыс және шетел жазушыларының пьесаларын сахнаға шығарған. Актерлар Қазақстанның еңбегі сіңірген артисі Н.Батурин, Қазақстанның Халық артистері И.Загвоздикина, Е.Орел, т.б. өздерінің сахналық өнер жолын осы театрдан бастаған. 1970-2000 жылдары орыс және шетел драматургиясының таңдаулы туындылары театр сахнасынан тұрақты орын алды. 1975 жылы театрға жазушы Ф.Достаевскийдің есімі берілген. 1987 жылы театр Қазақ КСР Жоғары Кеңесінің Құрмет грамотасымен марапатталған.

15 жыл бұрын (1994) 16-17 қазанда Н. Ә. Назарбаев Түркияға ресми сапармен барды. Сапар барысында Түркия мен Қазақстан арасындағы Достық пен ынтымақтастық туралы келісім-шартқа қол қойылды.

9 жыл бұрын (2000) Семейде Ертіс өзеніне көпір салынды. Ол Жапония Халықаралық экономикалық ынтымақтастық фондының және Қазақстан Республикасының қаржысына салынды. Бұл көпірдің ерекшелігі - 50 градус суықтықта да, тіпті жаздың шыжыған ыстығында да селт етпейді.

1 жыл бұрын (2008) Астанада Парламент Мәжілісінің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің ұсынысымен «Қазіргі жағдай және тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге Қазақстанның үлесі» тақырыбында Халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті.

Форумға Бельгия, Чехия, Франция, Германия, Түркия және Моңғолия сияқты елдерден, сондай-ақ Ресейден саясаткерлер, сарапшылар, журналистер, әскери мамандар қатысты.

ЕСІМДЕР

65 жыл бұрын (1944) жазушы, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі АМАНТАЙ Боранқұл дүниеге келді.

Батыс Қазақстан облысы Қаратөбе ауданында туған.

Абай атындағы Қазақ мемлекеттік педагогикалық институтын, С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін бітірген.

Жымпиты (қазіргі Сырым) аудандық «Қызыл ту» (қазіргі «Қайнар») газетінің тілшісі, жауапты хатшысы, редактордың орынбасары, бөлім меңгерушісі, «Орал өңірі» газетінің тілшісі боған. 1994-2001 жылдары - Сырым аудандық зейнетақы қорының меңгерушісі, аудандық мұрағаттың директоры. 2001-2002 жылдары - Бөрлі аудандық «Бөрлі жаршысы» газетінің жауапты хатшысы, редактордың орынбасары. 2002-2003 жылдары - облыстық «Ұстаз» журналының жауапты редакторы, тәуелсіз «Еділ-Жайық» газетінің жауапты хатшысы. 2005-2007 жылдары аралығында Орал қалалық «Жайық үні» газетінің тілшісі, редактордың орынбасары қызметтерін атқарған.

«Жазықсыз жазаланған боздақтар», «Алашорда - тәуелсіздік бастауы», «Тәуелсіздік тірегі - Алашорда» кітаптарының авторы. Амантай Боранқұл 1990 жылдан бері Алашорда, оның ішінде күнбатыс Алашорданың беймәлім беттерін зерттеп, жарыққа шығаруда өнімді еңбек етуде.

1974 жылдан КСРО және Қазақстан журналистер одағының мүшесі.

17 ҚАЗАН, СЕНБІ

Кедейшілікті жою жолындағы халықаралық күрес күні. Бұл күн «АТД-Eourth World» атты француз қайырымдылық қозғалысының және БҰҰ-ның бұрынғы Бас хатшысы Хавьер Перес де Куэльярдың бастамасымен атап өтіледі.

АҚШ-тағы негр нәсілділер поэзиясының күні. Америкада қара нәсілділер арасынан шыққан тұңғыш ақын Юпитер Хэммонды еске алу мақсатында жыл сайын атап өтіледі.

ОҚИҒАЛАР

5 жыл бұрын (2004) 17-18 қазанда Душанбеде «Орталық Азия Ынтымақтастығы» (ОАЫ) Ұйымына мүше Мемлекеттер басшыларының отырысы өтті.

1 жыл бұрын (2008) 17-нен 19-шы қазан күндері Түркия Республикасы Ризе қаласының университетінде Махмуд Қашқаридың туғанына 1000-жыл толуына арналған «Ата сөздігіміз, рухани кенішіміз» халықаралық симпозиумі болып өтті.

1 жыл бұрын (2008) Астанада «Ортақ әлем: әр түрлілік арқылы прогреске» Халықаралық форумы өтті. 56 елдің СІМ басшылары мен 10-нан астам халықаралық ұйымдардың өкілдері қатысты.

Форумның басты мақсаты - мұсылман әлемі мен Батыс арасындағы жағымды қарым-қатынастарды қалыптастыру және нығайту.

ЕСІМДЕР

  

70 жыл бұрын (1939) ғалым, филология ғылымдарының докторы, Жазушылар одағы облыстық бөлімшесінің төралқа мүшесі, Гуманитарлық Ғылымдар академиясының академигі СЫЗДЫҚОВ Керімбек дүниеге келді.

Оңтүстік Қазақстан облысы Созақ ауданында туған.

Қазақ мемлекеттік университетінің (әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті) филология факультетін, аспирантурасын бітірген.

1961-1964 жылдары - Шымкент педагогикалық институтының оқытушысы. 1967-1974 жылдары - Қазақстан Ғылым Академиясы Әдебиет және өнер институтының ғылыми қызметкері. 1974-1994 жылдары - М.Әуезов атындағы Шымкент педагогикалық институтының доценті, профессоры, кафедра меңгерушісі, факультет деканы, проректоры, ректоры, Шығыстану институты ректорының кеңесшісі. 1996-1999 жылдары - Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің профессоры, кафедра меңгерушісі. 1999-2002 жылдары - Қазақ-Кувейт университетінің ректоры. 2003 жылдан Халықаралық қазақ-түрік университетінің профессоры қызметтерін атқарған.

Қазақ әдебиеті мен мәдениетінің, ғылымының келелі мәселелері, оның басты өкілдерінің шығармашылығы жайлы зерттеу еңбектерінің, «Әуезовтің шығармашылығына байланысты библиографиялық көрсеткіш» (авторлар ұжымы), «Мұхтар Әуезов - әдебиет сыншысы», «Уақыт және қаламгер» (авторлар ұжымы), «Ата қоныс» (С.Жолдасовпен бірге) атты ұжымдық еңбектердің, «Жібек жолы», «Мұхтартанудың беймәлім беттері», «Ұстаздық ұлағат» атты монографиялардың авторы.

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен, «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 10-жылдығы» медалімен марапатталған.

70 жыл бұрын (1939) сәулетші, Қазақстанның еңбек сіңірген сәулетшісі БАЙМЫРЗАЕВ Орысбай Жұбайұлы дүниеге келді.

Қарақалпақстанның Нүкіс қаласында туған. Мәскеу архитектура институтын бітірген. 1967 жылдан бастап Қарақалпақстан құрылыс және сәулет істері жөніндегі басқармасының аға сәулетшісі, Беруни қаласының бас сәулетшісі болды. 1970-1982 жылдары - Алматы қала құрылысын жобалау институтының сәулетшілер тобының жетекшісі, жобалау шеберханасының жетекшісі. 1982-1983 жылдары - Алматы құрылыс жобалау бас басқармасының бастығының орынбасары, қаланың бас сәулетшісінің орынбасары. 1983-1993 жылдары - Алматы құрылыс жобалау бас басқармасының бастығы, 1993 жылдан «Рахат» біріккен кәсіпорны бас директорының орынбасары қызметтерін атқарған.

О.Баймырзаев - Қазақ драма театры, «Байланыс» көрме павильоны, Жер серіктерімен байланыс жасайтын зертханасы мен «Рахат» қонақ үйі ғимараттарының авторы.

Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты.

50 жыл бұрын (1959) Қазақстан Республикасының Жер ресурстарын басқару жөніндегі агенттігі төрағасының орынбасары РАЙЫМБЕКОВ Каналбек Өтжанұлы дүниеге келді.

Оңтүстік Қазақстан облысында туған. Москва жерге орналастыру инженерлері институтын, «Тұран» университетін бітірген.

«Казгипрозем» Қазақ мемлекеттік жобалау институты кешенді іздестіру бөлемшесінің ннженер-жерге орналастырушы, аға жерге орналастырушы, жетекші инженер-жерге орналастырушы, Қазақстан Республикасы жер қатынастары мен жерге орналастыру мемлекеттік комитетінің бас маманы, бөлім бастығы, Қазақстан Республикасының Жер ресурстарын басқару жөніндегі агенттігінің Жерге орналастыру және жер кадастры басқармасының бастығы қызметтерін атқарған. Қазіргі қызметінде - 2002 жылдан.

18 ҚАЗАН, ЖЕКСЕНБІ

Азық-түлік өнеркәсібі қызметкерлерінің күні. Азық-түлік өнеркәсібі қызметкерлерінің күні 1966 жылы бекітілген және қазанның үшінші жексенбісінде тойланады. Азық-түлік және қайта өңдеу өнеркәсібінің кәсіпорындары бүкіл әлемде халықты азық-түлік тауарларымен қамтамасыз етуде жетекші орын алады, өйткені нан тауып беруге қамқорлық - қай кезде де адамзаттың басты қажеттілігінің бірі. Азық-түлік өнеркәсібінің қызметкерлері өздері өндіретін өнімдерінің сапасын ұдайы жақсартып, түрлерін кеңейтуді басты назарда ұстайды.

Әзірбайжан Республикасының Мемлекеттік мейрамы - Тәуелсіздік күні (1991). Әзірбайжан - Азияның батысында Кавказ аймағында орналасқан мемлекет. Солтүстігінде Ресеймен, солтүстік-батысында Грузиямен, оңтүстігінде Иранмен, батысында Армениямен, шығысында Каспий теңізімен шектеседі. Астанасы - Баку қаласы. Мемлекеттік тілі - азербайжан тілі. Ақша бірлігі - манат.

Қазақстан Республикасы мен Әзірбайжан Республикасы арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас 1992 жылғы тамыздың 27-інде орнатылды.

Рухани келісім күні. 1992 жылы қазанда Қазақстанның сол кездегі астанасы Алматы қаласында Рухани келісімнің 1-інші әлемдік конгресі өтті. Конгреске қатысушылар қазанның 18-ін рухани келісім күні - қақтығыстар мен жанжалдарға тоқтам салу күні, татулық іздеу күні, жақынға қайырымдылық және көмек күні  деп жариялау туралы манифест қабылдады.  1992 жылдан бастап бұл күн Қазақстанда атаулы күн ретінде атап өтіледі.

ОҚИҒАЛАР

70 жыл бұрын (1939) Қарағанды облысының Ұлытау ауданы құрылған. Аудан орталығы - Ұлытау селосы. Аудан жері Сарыарқаның төбелі-қырқалы, аласа таулы (Ұлытау, Кішітау, Арғанаты, Желдіадыр) батыс бөлігін қамтиды. Аудан құрамына 15 ауылдық округ және 25 елді мекен кіреді.

15 жыл бұрын (1994) 18-19 қазан күндері Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаев Стамбулда өткен түркітілдес мемлекеттер (Қазақстан, Әзірбайжан, Қырғызстан, Түркменстан, Өзбекстан, Түркия) басшылары жоғары дәрежедегі екінші басқосуларына қатысты. Кездесу барысы Стамбул декларациясын қабылдаумен аяқталды.

5 жыл бұрын (2004) Алматыда «Деректі фильмнен көркем киноға дейін» кітабының тұсау кесер рәсімі өтті. Авторы - іскерлік әкімшілік басқарудың докторы, Қазақстан Республикасы Президенті сыйлығының, «Дарын» жастар сыйлығының лауреаты Мақат Садық. Кітап тек кәсіби кинематографистерге ғана емес, сонымен қатар қазіргі заманғы қазақ мәдениетінің дамуына қызығушылықпен қарайтын бұқаралық оқырмандарға арналған.

ЕСІМДЕР

  

30 жыл бұрын (1979) армреслингтен халықаралық дәрежедегі спорт шебері ЖАҚЫПОВ Руслан Мұратұлы дүниеге келді.

Шығыс Қазақстан облысында туған.

Алғашқы бапкері - С.Қыдырханов. 1996 жылдан Қазақстан Республикасының құрама командасында. 1997 жылы Еуропа чемпионатында (Словакияның Попрад қ-сы) 4 орын, әлем чемпионатында (Үндістанның Гувакати қ-сы) 5 орын алған. 1999 жылы Владикавказда өткен әлем чемпионатында қола медаль иеленген. 2003 жылғы әлем чемпионатының (Ресей Федерациясының Суздаль қ-сы) күміс жүлдегері.

85 жыл бұрын (1924-1979) көрнекті жазушы және аудармашы ДҮЗЕНОВ Мұхамеджан дүниеге келді.

Қостанай облысының Жангелдин ауданында туған.

М.Горький атындағы Әдебиет институтын бітірген. Қазақ радиосында, Абай атындағы опера және балет театрының әдебиет бөлімінің меңгерушісі, Қостанай облыстық газетінің меншікті тілшісі, мәдениет бөлімінің меңгерушісі, Қазақстан Жазушылар одағының әдеби кеңесші, Қазақ радиосы комитетінің бас редакторы, Қазақ КСР Мәдениет министрлігі репертуар-редакция алқасының бас редактор қызметтерін атқарған.

Алғашқы өлеңдері мен әңгімелері 1949 жылдан баспа беттерінде жарық көре бастаған. «Ақ әже», «Ұзақтың жолы», «Сын Тлектеса» повестерінің, «Әке болғым келеді», «Ант» романдарының авторы.

1967 жылы бір актілі пьесалар конкурсында «Аралдың алтын балығы» туындысы екінші бәйге алды. Прозалық шығармалары бірнеше дүркін бүкілодақтық «Советский писатель» баспасында да жарық көрді. Ол В.Васильевскаяның «Пламя на болотах» романын, С.Маршактың «Умные вещи» пьесасын, Л.Кассильдің «Ход белой королевы» туындысын қазақшаға аударған.