ҮКІМЕТ
Қазанның 16-сында Әділет министрлігінде «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Д.Қалетаев партияның аймақтық филиалдарының жетекшілерімен селекторлық кеңес өткізеді.
Қазанның 16-сында «ҚазМұнайГаз» кеңсесінде Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясының арасындағы ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссияның отырысы өтеді.
ҚОҒАМ
Қазанның 16-сында Жамбыл облысындағы «Матыбұлақ» полигонында Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының Жедел әрекет етуші ұжымдық күштерінің басқару органдары мен бөлімдері арасында «Өзара іс-қимыл-2009» бірлескен стратегиялық командалық-штабтық жаттығуының белсенді фазасы өтеді.
Қазанның 15-і мен 16-сы аралығында Сеулде өтетін «Инфрақұрылымдағы мемлекеттік-жеке әріптестік: жаһандық қаржы дағдарысына ықпалы» атты конференцияға «Қазақстандық мемлекеттік-жеке әріптестік орталығы» АҚ басқарма төрағасы Болат Смағұлов қатысады. Конференцияға қатысушылар бірқатар маңызды мәселелерді, олардың ішінде - жаһандық қаржы дағдарысының ықпалы мен мемлекеттік-жеке әріптестіктің қазіргі үрдістері мен проблемаларын талқылайды.
АСТАНА
Қазанның 6-23-і аралығында Парижде ЮНЕСКО Бас Конференциясының білім, ғылым және мәдениет жөніндегі 35-ші сессиясы өтеді. Аталған конференцияға ЮНЕСКО істері жөніндегі ҚР Ұлттық Комиссия төрағасы, Астана қаласының әкімі И.Тасмағамбетов бастаған Қазақстан делегациясы қатысады.
Қазанның 15-18-і күндері Қазақстанда алғаш рет Астана қаласында көркем гимнастикадан IV Азия чемпионаты өтуде.
Қазанның 16-сында Медициналық академияда «Медициналық білімнің, ғылым мен тәжірибенің проблемалары» тақырыбына арналған халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтеді.
Қазанның 16-сында «Абай» қонақүйінде «БҰҰ-ның Әлеуметтік-еңбек қатынастары саласындағы жаһандық келісімшартының қағидаларын енгізуді, бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін дамытуды қолдау» мәселесіне арналған «дөңгелек үстел» отырысы болады.
Қазанның 16-сында Бейбітшілік және келісім сарайында «Жоғары адамгершілік және руханилық - дағдарыстан кейінгі әлемді реттеудің басты тетіктері» деген тақырыпта халықаралық конференция өтеді.
Қазанның 16-сында Ұлттық баспасөз клубында оппозициялық басылымдардың бас редакторларының баспасөз мәслихаты өтеді.
АЛМАТЫ
Қазанның 16-сында Қазақтың әл-Фараби атындағы ұлттық университетінде Туризм және спорт министрі Т.Досмұханбетовтың қатысуымен студенттік олимпиаданың ашылу рәсімі болады.
Қазанның 16-сында АДК стадионында Тұңғыш Президент қорының ұйымдастыруымен балалардың спорттық мерекесі өтеді.
Қазанның 16-сында «Тянь-Шань» отелінде «Қылмыстық заңнаманы әрі қарай дамыту» мәселесіне арналған «дөңгелек үстел» отырысы болады.
Қазанның 16-сында КИМЭП институтында Қазақстанның Жастар конгресінің ұйымдастыруымен «Үкіметтік емес ұйымдардың менеджмент негіздері» деген тақырыпта семинар өтеді.
АЙМАҚ
Қазанның 16-сында Жамбыл облысының Гвардиялықауылындағы Мәтібұлақ полигонында «Өзара әрекеттестік 2009» атты ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттер басшылары қатысатын ҰҚШҰ-ның Ұжымдық жедел әрекет ету күштерінің (КСОР ОДКБ) қатысуымен ортақ стратегиялық командалық-штабтық жаттығуларының соңғы кезеңі өтеді.
АТАУЛЫ КҮНДЕР. МЕРЕКЕЛЕР.
16 ҚАЗАН, ЖҰМА
Бүкіләлемдік азық-түлік күні. БҰҰ Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының құрылған күніне орай, ұйым шешімімен тойланады (1945 жылғы қазанның 16-ы).
ОҚИҒАЛАР
75 жыл бұрын (1934) Семей орыс драма театры құрылған. Ол жергілікті басқару органдарының шешімі бойынша Жұмысшы жастар театры негізінде құрылып, 1935 жылы сахна шымылдығын алғаш ашты. 1937-1940 жылдары орыс және шетел жазушыларының пьесаларын сахнаға шығарған. Актерлар Қазақстанның еңбегі сіңірген артисі Н.Батурин, Қазақстанның Халық артистері И.Загвоздикина, Е.Орел, т.б. өздерінің сахналық өнер жолын осы театрдан бастаған. 1970-2000 жылдары орыс және шетел драматургиясының таңдаулы туындылары театр сахнасынан тұрақты орын алды. 1975 жылы театрға жазушы Ф.Достаевскийдің есімі берілген. 1987 жылы театр Қазақ КСР Жоғары Кеңесінің Құрмет грамотасымен марапатталған.
15 жыл бұрын (1994) 16-17 қазанда Н. Ә. Назарбаев Түркияға ресми сапармен барды. Сапар барысында Түркия мен Қазақстан арасындағы Достық пен ынтымақтастық туралы келісім-шартқа қол қойылды.
9 жыл бұрын (2000) Семейде Ертіс өзеніне көпір салынды. Ол Жапония Халықаралық экономикалық ынтымақтастық фондының және Қазақстан Республикасының қаржысына салынды. Бұл көпірдің ерекшелігі - 50 градус суықтықта да, тіпті жаздың шыжыған ыстығында да селт етпейді.
1 жыл бұрын (2008) Астанада Парламент Мәжілісінің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің ұсынысымен «Қазіргі жағдай және тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге Қазақстанның үлесі» тақырыбында Халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті.
Форумға Бельгия, Чехия, Франция, Германия, Түркия және Моңғолия сияқты елдерден, сондай-ақ Ресейден саясаткерлер, сарапшылар, журналистер, әскери мамандар қатысты.
ЕСІМДЕР
65 жыл бұрын (1944) жазушы, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі АМАНТАЙ Боранқұл дүниеге келді.
Батыс Қазақстан облысы Қаратөбе ауданында туған.
Абай атындағы Қазақ мемлекеттік педагогикалық институтын, С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін бітірген.
Жымпиты (қазіргі Сырым) аудандық «Қызыл ту» (қазіргі «Қайнар») газетінің тілшісі, жауапты хатшысы, редактордың орынбасары, бөлім меңгерушісі, «Орал өңірі» газетінің тілшісі боған. 1994-2001 жылдары - Сырым аудандық зейнетақы қорының меңгерушісі, аудандық мұрағаттың директоры. 2001-2002 жылдары - Бөрлі аудандық «Бөрлі жаршысы» газетінің жауапты хатшысы, редактордың орынбасары. 2002-2003 жылдары - облыстық «Ұстаз» журналының жауапты редакторы, тәуелсіз «Еділ-Жайық» газетінің жауапты хатшысы. 2005-2007 жылдары аралығында Орал қалалық «Жайық үні» газетінің тілшісі, редактордың орынбасары қызметтерін атқарған.
«Жазықсыз жазаланған боздақтар», «Алашорда - тәуелсіздік бастауы», «Тәуелсіздік тірегі - Алашорда» кітаптарының авторы. Амантай Боранқұл 1990 жылдан бері Алашорда, оның ішінде күнбатыс Алашорданың беймәлім беттерін зерттеп, жарыққа шығаруда өнімді еңбек етуде.
1974 жылдан КСРО және Қазақстан журналистер одағының мүшесі.
17 ҚАЗАН, СЕНБІ
Кедейшілікті жою жолындағы халықаралық күрес күні. Бұл күн «АТД-Eourth World» атты француз қайырымдылық қозғалысының және БҰҰ-ның бұрынғы Бас хатшысы Хавьер Перес де Куэльярдың бастамасымен атап өтіледі.
АҚШ-тағы негр нәсілділер поэзиясының күні. Америкада қара нәсілділер арасынан шыққан тұңғыш ақын Юпитер Хэммонды еске алу мақсатында жыл сайын атап өтіледі.
ОҚИҒАЛАР
5 жыл бұрын (2004) 17-18 қазанда Душанбеде «Орталық Азия Ынтымақтастығы» (ОАЫ) Ұйымына мүше Мемлекеттер басшыларының отырысы өтті.
1 жыл бұрын (2008) 17-нен 19-шы қазан күндері Түркия Республикасы Ризе қаласының университетінде Махмуд Қашқаридың туғанына 1000-жыл толуына арналған «Ата сөздігіміз, рухани кенішіміз» халықаралық симпозиумі болып өтті.
1 жыл бұрын (2008) Астанада «Ортақ әлем: әр түрлілік арқылы прогреске» Халықаралық форумы өтті. 56 елдің СІМ басшылары мен 10-нан астам халықаралық ұйымдардың өкілдері қатысты.
Форумның басты мақсаты - мұсылман әлемі мен Батыс арасындағы жағымды қарым-қатынастарды қалыптастыру және нығайту.
ЕСІМДЕР
70 жыл бұрын (1939) ғалым, филология ғылымдарының докторы, Жазушылар одағы облыстық бөлімшесінің төралқа мүшесі, Гуманитарлық Ғылымдар академиясының академигі СЫЗДЫҚОВ Керімбек дүниеге келді.
Оңтүстік Қазақстан облысы Созақ ауданында туған.
Қазақ мемлекеттік университетінің (әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті) филология факультетін, аспирантурасын бітірген.
1961-1964 жылдары - Шымкент педагогикалық институтының оқытушысы. 1967-1974 жылдары - Қазақстан Ғылым Академиясы Әдебиет және өнер институтының ғылыми қызметкері. 1974-1994 жылдары - М.Әуезов атындағы Шымкент педагогикалық институтының доценті, профессоры, кафедра меңгерушісі, факультет деканы, проректоры, ректоры, Шығыстану институты ректорының кеңесшісі. 1996-1999 жылдары - Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің профессоры, кафедра меңгерушісі. 1999-2002 жылдары - Қазақ-Кувейт университетінің ректоры. 2003 жылдан Халықаралық қазақ-түрік университетінің профессоры қызметтерін атқарған.
Қазақ әдебиеті мен мәдениетінің, ғылымының келелі мәселелері, оның басты өкілдерінің шығармашылығы жайлы зерттеу еңбектерінің, «Әуезовтің шығармашылығына байланысты библиографиялық көрсеткіш» (авторлар ұжымы), «Мұхтар Әуезов - әдебиет сыншысы», «Уақыт және қаламгер» (авторлар ұжымы), «Ата қоныс» (С.Жолдасовпен бірге) атты ұжымдық еңбектердің, «Жібек жолы», «Мұхтартанудың беймәлім беттері», «Ұстаздық ұлағат» атты монографиялардың авторы.
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен, «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 10-жылдығы» медалімен марапатталған.
70 жыл бұрын (1939) сәулетші, Қазақстанның еңбек сіңірген сәулетшісі БАЙМЫРЗАЕВ Орысбай Жұбайұлы дүниеге келді.
Қарақалпақстанның Нүкіс қаласында туған. Мәскеу архитектура институтын бітірген. 1967 жылдан бастап Қарақалпақстан құрылыс және сәулет істері жөніндегі басқармасының аға сәулетшісі, Беруни қаласының бас сәулетшісі болды. 1970-1982 жылдары - Алматы қала құрылысын жобалау институтының сәулетшілер тобының жетекшісі, жобалау шеберханасының жетекшісі. 1982-1983 жылдары - Алматы құрылыс жобалау бас басқармасының бастығының орынбасары, қаланың бас сәулетшісінің орынбасары. 1983-1993 жылдары - Алматы құрылыс жобалау бас басқармасының бастығы, 1993 жылдан «Рахат» біріккен кәсіпорны бас директорының орынбасары қызметтерін атқарған.
О.Баймырзаев - Қазақ драма театры, «Байланыс» көрме павильоны, Жер серіктерімен байланыс жасайтын зертханасы мен «Рахат» қонақ үйі ғимараттарының авторы.
Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты.
50 жыл бұрын (1959) Қазақстан Республикасының Жер ресурстарын басқару жөніндегі агенттігі төрағасының орынбасары РАЙЫМБЕКОВ Каналбек Өтжанұлы дүниеге келді.
Оңтүстік Қазақстан облысында туған. Москва жерге орналастыру инженерлері институтын, «Тұран» университетін бітірген.
«Казгипрозем» Қазақ мемлекеттік жобалау институты кешенді іздестіру бөлемшесінің ннженер-жерге орналастырушы, аға жерге орналастырушы, жетекші инженер-жерге орналастырушы, Қазақстан Республикасы жер қатынастары мен жерге орналастыру мемлекеттік комитетінің бас маманы, бөлім бастығы, Қазақстан Республикасының Жер ресурстарын басқару жөніндегі агенттігінің Жерге орналастыру және жер кадастры басқармасының бастығы қызметтерін атқарған. Қазіргі қызметінде - 2002 жылдан.
18 ҚАЗАН, ЖЕКСЕНБІ
Азық-түлік өнеркәсібі қызметкерлерінің күні. Азық-түлік өнеркәсібі қызметкерлерінің күні 1966 жылы бекітілген және қазанның үшінші жексенбісінде тойланады. Азық-түлік және қайта өңдеу өнеркәсібінің кәсіпорындары бүкіл әлемде халықты азық-түлік тауарларымен қамтамасыз етуде жетекші орын алады, өйткені нан тауып беруге қамқорлық - қай кезде де адамзаттың басты қажеттілігінің бірі. Азық-түлік өнеркәсібінің қызметкерлері өздері өндіретін өнімдерінің сапасын ұдайы жақсартып, түрлерін кеңейтуді басты назарда ұстайды.
Әзірбайжан Республикасының Мемлекеттік мейрамы - Тәуелсіздік күні (1991). Әзірбайжан - Азияның батысында Кавказ аймағында орналасқан мемлекет. Солтүстігінде Ресеймен, солтүстік-батысында Грузиямен, оңтүстігінде Иранмен, батысында Армениямен, шығысында Каспий теңізімен шектеседі. Астанасы - Баку қаласы. Мемлекеттік тілі - азербайжан тілі. Ақша бірлігі - манат.
Қазақстан Республикасы мен Әзірбайжан Республикасы арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас 1992 жылғы тамыздың 27-інде орнатылды.
Рухани келісім күні. 1992 жылы қазанда Қазақстанның сол кездегі астанасы Алматы қаласында Рухани келісімнің 1-інші әлемдік конгресі өтті. Конгреске қатысушылар қазанның 18-ін рухани келісім күні - қақтығыстар мен жанжалдарға тоқтам салу күні, татулық іздеу күні, жақынға қайырымдылық және көмек күні деп жариялау туралы манифест қабылдады. 1992 жылдан бастап бұл күн Қазақстанда атаулы күн ретінде атап өтіледі.
ОҚИҒАЛАР
70 жыл бұрын (1939) Қарағанды облысының Ұлытау ауданы құрылған. Аудан орталығы - Ұлытау селосы. Аудан жері Сарыарқаның төбелі-қырқалы, аласа таулы (Ұлытау, Кішітау, Арғанаты, Желдіадыр) батыс бөлігін қамтиды. Аудан құрамына 15 ауылдық округ және 25 елді мекен кіреді.
15 жыл бұрын (1994) 18-19 қазан күндері Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаев Стамбулда өткен түркітілдес мемлекеттер (Қазақстан, Әзірбайжан, Қырғызстан, Түркменстан, Өзбекстан, Түркия) басшылары жоғары дәрежедегі екінші басқосуларына қатысты. Кездесу барысы Стамбул декларациясын қабылдаумен аяқталды.
5 жыл бұрын (2004) Алматыда «Деректі фильмнен көркем киноға дейін» кітабының тұсау кесер рәсімі өтті. Авторы - іскерлік әкімшілік басқарудың докторы, Қазақстан Республикасы Президенті сыйлығының, «Дарын» жастар сыйлығының лауреаты Мақат Садық. Кітап тек кәсіби кинематографистерге ғана емес, сонымен қатар қазіргі заманғы қазақ мәдениетінің дамуына қызығушылықпен қарайтын бұқаралық оқырмандарға арналған.
ЕСІМДЕР
30 жыл бұрын (1979) армреслингтен халықаралық дәрежедегі спорт шебері ЖАҚЫПОВ Руслан Мұратұлы дүниеге келді.
Шығыс Қазақстан облысында туған.
Алғашқы бапкері - С.Қыдырханов. 1996 жылдан Қазақстан Республикасының құрама командасында. 1997 жылы Еуропа чемпионатында (Словакияның Попрад қ-сы) 4 орын, әлем чемпионатында (Үндістанның Гувакати қ-сы) 5 орын алған. 1999 жылы Владикавказда өткен әлем чемпионатында қола медаль иеленген. 2003 жылғы әлем чемпионатының (Ресей Федерациясының Суздаль қ-сы) күміс жүлдегері.
85 жыл бұрын (1924-1979) көрнекті жазушы және аудармашы ДҮЗЕНОВ Мұхамеджан дүниеге келді.
Қостанай облысының Жангелдин ауданында туған.
М.Горький атындағы Әдебиет институтын бітірген. Қазақ радиосында, Абай атындағы опера және балет театрының әдебиет бөлімінің меңгерушісі, Қостанай облыстық газетінің меншікті тілшісі, мәдениет бөлімінің меңгерушісі, Қазақстан Жазушылар одағының әдеби кеңесші, Қазақ радиосы комитетінің бас редакторы, Қазақ КСР Мәдениет министрлігі репертуар-редакция алқасының бас редактор қызметтерін атқарған.
Алғашқы өлеңдері мен әңгімелері 1949 жылдан баспа беттерінде жарық көре бастаған. «Ақ әже», «Ұзақтың жолы», «Сын Тлектеса» повестерінің, «Әке болғым келеді», «Ант» романдарының авторы.
1967 жылы бір актілі пьесалар конкурсында «Аралдың алтын балығы» туындысы екінші бәйге алды. Прозалық шығармалары бірнеше дүркін бүкілодақтық «Советский писатель» баспасында да жарық көрді. Ол В.Васильевскаяның «Пламя на болотах» романын, С.Маршактың «Умные вещи» пьесасын, Л.Кассильдің «Ход белой королевы» туындысын қазақшаға аударған.