ҮКІМЕТ
Қыркүйектің 11-де «Radisson SAS Hotel Astana» қонақүйінде Қазақстан Республикасының Экономика және бюджеттік жоспарлау вице-министрі Тимур Сүлейменовтің тең төрағалығымен Сауда-экономикалық және ғылыми-техникалық ынтымақтастық бойынша Қазақстан-румын үкіметаралық комиссиясының 8-ші отырысы өтеді.
БАСҚА МЕМЛЕКЕТТІК ҚҰРЫЛЫМДАР
Шілде айынан бастап қыркүйек айына дейін Кедендік бақылау комитетінің басшылары азаматтарды қабылдайды. Комитет төрағасы азаматтарды - шілденің 11-і, тамыздың 14-і, қыркүйектің 11-і күндері қабылдайды. Азаматтар сондай-ақ өз мәселелерімен комитет төрағасының орынбасарларына да кіре алады. Төраға орынбасары Сержан Дүйсебаев - шілденің 16-сында, тамыздың 13-інде, қыркүйектің 17-сінде қабылдаса, Жарқынбек Оспанов - шілденің 15-інде, тамыздың 12-сінде, қыркүйектің 9-ында, ал Игорь Тен - шілденің 6-сында, тамыздың 10-ында, қыркүйектің 14-інде қабылдайды. Қабылдау уақыты - сағат 16.30-18.30-дың аралығында. Мына телефон арқылы қабылдауға жазылуға болады: (8-7172) 79-45-79.
ҚОҒАМ
Қыркүйектің 11-інде сағат 10.00-де «Қазына Тауэр»-де Қазақстан Даму банкі «Әлемдік қаржы дағдарысын жеңе білу және екі ел арасында қаржы саласындағы өзара қарым-қатынастар» деген тақырыпта практикалық семинар өткізеді.
Қыркүйектің 11-інде сағат 12.00-де «Нұр Отан» ХДП үйінде (Қонаев көшесі, 12/1) «Барлық қазақстандықтар үшін шынайы денсаулық» деген тақырыпта «дөңгелек үстел» өтеді.
Тамыздың 1-інен бастап жолаушылар пойыздарының плацкарт вагондарының билет құнына төсек жабдықтарының құны қосылады. Жолаушылар төсек жабдықтарын бұдан былай билет кассасында жол құжатын ресімдеу кезінде сатып ала алады. Оған қоса, қыркүйектің 15-іне дейін плацкарт вагондарда ВУ-9 түбіртектері бойынша төсек жаймаларының уақытша сатылымына рұқсат етіліп отыр. Бірақ қыркүйектің 15-інен бастап вагондарда төсек жабдықтарын сатуға тыйым салынады. Жолаушы төсектің құнын билет кассасында төлеуден бас тартса, оны вагонда сатып ала алмайды.
Тамыздың 11-і мен қыркүйектің 30-ы арылығында БҰҰ-ның Нью-Йорктегі штаб-пәтерінде «Ядролық қаруға жол жоқ» қазақстан-жапон көрмесі өтеді.
Қыркүйектің 5-11-і күндері Алматы облысында НАТО-ның қолдауымен халықаралық құтқарушылар қызметі бөлімшелерінің табиғат апатының зардабын жою кезіндегі бірлескен іс-қимылын пысықтауға арналған халықаралық жаттығу өтеді.
АСТАНА
Қыркүйектің 11-інде сағат 14.00-де «Қазгидромет» РМК «Panasonic тәжірибесін басшылыққа ала отырып электрмен жабдықтау» атты семинар өткізеді.
Қыркүйектің 11-інде сағат 17.00-де Тұңғыш Президент мұражайында «Ұлттық мәдениеттің бесігі» атты көрме ашылады.
Қыркүйектің 11-інде сағат 18.00-де Тәуелсіздік және келісім сарайында А.М.Рахымжановтың қатысуымен жастар мен балалар театрының жаңа маусымын ашатын «Ревизор» спектаклінің премьерасы болады.
АЛМАТЫ
Қыркүйектің 11-інде Ядролық физика институтында ядролық және радиациялық физика бойынша халықаралық конференциясының жабылуы өтеді.
Қыркүйектің 11-інде сағат 10:00-де ҚазЭУ-де «Негізгі қорларды жаңарту - орнықты экономикалық дамуға көшудің негізі» халықаралық конференциясы өтеді.
Қыркүйектің 11-інде сағат 10:00-де қалалық әкімдікте әкімнің орынбасары Сейдуманов қытайлық делегациямен кездесу өткізеді.
Қыркүйектің 11-інде сағат 11:00-де Қазақ Ұлттық техникалық университетінде мемлекеттік білім гранттарын салтанатты тапсыру болады.
Қыркүйектің 11-інде сағат 11:00-де Kazakhstan Open 2009 European Challenge Tour гольфі бойынша 5-ші кәсіби турнирдің өткізілуіне арналған баспасөз мәслихаты өтеді.
Қыркүйектің 11-інде сағат 12:00-де Қазақстан баспасөз клубында Чернобыль зардаптарын жоюшыларға арналған ескерткіштің құрылысына арналған баспасөз мәслихаты өтеді.
Қыркүйектің 11-інде сағат 12:00-де Ұлттық баспасөз клубында «Құпия» фильмін шығарушылардың қатысуымен баспасөз мәслихаты өтеді.
Қыркүйектің 11-інде сағат 15:00-де қазақстандық жазушылардың кітапханасында Қала күніне арналған мерекелік кеш өтеді.
Қыркүйектің 11-інде сағат 16:00-де «Қазақстан» телеарнасында телеарнаның бас продюсері А.Рахметовпен сұхбат өтеді (тек ҚазАқпарат үшін!).
Қыркүйектің 11-інде сағат 19:00-де «D'Adamas» салонында «ХХІ ғасырдың құндылықтары - магия және сұлулық» атты көрме ашылады.
ҚЫРКҮЙЕК АЙЫНДА:
ОҚИҒАЛАР
ҚЫРКҮЙЕКТІҢ 7-І, ДҮЙСЕНБІ
АҚШ-та Еңбек күні. Қыркүйектің алғашқы аптасының бірінші дүйсенбісінде тойланады. АҚШ-тағы Еңбек күні «пролетариаттық күш-қуаттың жауынгерлік байқауы» емес, бұл - іс жүзінде соның алдындағы бейсенбі күнгі кештен бастап, келесі сейсенбінің таңына дейін созылатын - шұбалаңқы уик-энд. Еңбек күні топтасу және шерулерде емес, көбінесе көліктерімен қыдырыстау үстінде өтеді. Бұл мереке АҚШ-та демалыстар маусымының аяқталуы ретінде қабылданады.
Соғыс ойыншықтарын жою күні. Бұл күн 1988 жылы Дүниежүзілік ата-аналарының қамқорлығынан айрылған және жетім балаларға көмек қауымдастығының бастамасы бойынша алғаш рет аталып өтті. Осы күні соғыс ойыншықтарын тәттілерге және жұмсақ ойыншықтарға ауыстыру қабылданған.
Бразилия Федеративтік Республикасының Ұлттық мейрамы - Тәуелсіздік күні (1822).
Бразилия - Оңтүстік Америкада орналасқан мемлекет. Астанасы - Бразилиа. Мемлекеттік тілі - португал тілі. Мемлекеттік құрылымы - федеративтік республика. Мемлекет басшысы - президент. Ақша бірлігі - реал.
Қазақстан Республикасы мен Бразилия Федеративтік Республикасы арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас 1993 жылғы қыркүйектің 22-інде орнатылды.
ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР
18 жыл бұрын (1991) Қазақстан социалистік партиясы (Қазақстан Коммунистік партиясын қайта атау нәтижесінде) құрылды.
10 жыл бұрын (1999) Қазақстан Республикасының Президенті Н. Ә. Назарбаев мынадай Жарлыққа қол қойды: «Украина Президенті - Леонид Данилович Кучманы Қазақстан мен Украина халықтары арасындағы дәстүрлі достық пен бауырластық қарым-қатынастарды нығайтуға, қазақстан-украиндық ынтымақтастықты жан-жақты және өзара тиімді кеңейтуге ұдайы ұмтылу мәселелеріне қосқан көрнекті үлесі үшін «Алтын қыран» орденімен марапатталсын».
8 жыл бұрын (2001) Елбасы Н.Назарбаев Ақтау қаласында өткен бірнеше іс-шараға: Қазақстан жастарының бірінші конгресіне, қаланың «Ынтымақ» алаңындағы «Достық» монументінің және паром терминалының, ашылу салтанатына қатысты. Жаңа паромдық желілер Ақтауды Ноушахр (Иран), Баку (Әзірбайжан) және Оля (Ресей) айлақтарымен аралықты байланыстырды.
5 жыл бұрын (2004) Астанада синагог ашылу салтанаты өтті.
5 жыл бұрын (2004) Израильдің бас раввині Иона Мецгер мен америкалық еврей филантропы Рональд Лаудер Нұрсұлтан Назарбаевқа өркениеттер арасындағы диалогқа қосқан үлесі үшін Маймонид атындағы Халықаралық сыйлық табыс етті. Қазақстан Президенті бұл халықаралық сыйлықтың тұңғыш лауреаты болды. Осы мәртебелі сыйлықты әлемдегі беделді еврей ұйымдары мен қауымдарының өкілдерін біріктіретін - соны арнайы тапсырумен айналысатын - Халықаралық комитет тағайындаған. Бұл сыйлық өз отаны Кордовода (Испания) орнатылған Рабби Моше бен Маймон ескерткішінің кішірейтілген скульпторлық көшірмесі болып табылады.
5 жыл бұрын (2004) Елбасының өкіміне сәйкес Бесландағы лаңкестік актінің салдарынан қаза тапқандарды қазақстандықтар Жалпыұлттық бір минут үнсіздікпен еске алды. Түс мезгілінде Қазақстанның барлық телеарналары мен радиостансылары хабар таратуын бір минутқа тоқтатты.
4 жыл бұрын (2005) Павлодардың «Космос» жастар-демалыс орталығында әртіс әрі кинорежиссер Қуат Әбусейітовке арналған ескерткіш тақта орнатылды. Осыдан бастап жастардың демалыс орталығы қазақ киносы шеберінің есімімен аталатын болды. Ескерткіш тақтаны ашу салтанатына қатысқан облыс әкімі Қайрат Нұрпейісов бар өмірін өнер жолына арнаған режиссер Қ. Әбусейітовтің ұлттық киноны дамытуға қосқан үлесінің зор екендігін атап көрсетті. Өзінің кіндік қаны тамған Баянауылдың даңқын аспандатқан жерлестеріне арналған кеште актер, кинорежиссер, сазгер әрі ақын Қуат Әбусейітов туралы фильмнің тұсаукесері болды.
85 жыл бұрын (1924) француз физигі Луи де Бройль қарапайым бөлшектердің толқындану қасиеті болуы мүмкін деген болжам жасады. Осы болжам кванттық механиканың негізін қалауға себеп болды. Бройль өзінің бұл еңбегін Париж университетінің табиғи ғылымдар факультетіне докторлық диссертациясы есебінде ұсынған.
ЕСІМДЕР
90 жыл бұрын (1919-1988) күйші-домбырашы, Қазақ КСР халық әртісі ОМАРОВ Рүстембек Бейсенұлы дүниеге келген. Ұлы Отан соғысына қатысқан.
Павлодар облысында туған. Ленинградтағы (Санкт-Петерборг қ.) музыкалық училищені, Алматы консерваториясын бітірген. 1934 жылданҚазақ халық аспаптар оркестрінің домбырашысы, домбырашылар тобының концертмейстері, жеке орындаушысы. Консерваторияда дәріс берген, сонымен бірге Құрманғазы атындағы халық аспаптар оркестрінде домбырашы қызметін атқарған. Көптеген күйші-домбырашылар тәрбиелеп шығарған, олардың қатарында - А. Есқалиев, Қ. Ахмедияров, т.б. танымал орындаушылар бар.
Қазақтың халық күйлерінің сарқылмас қорын, әсіресе әйгілі Құрманғазы күйлерін, оның орындаушылық дәстүрін жетік меңгерген.
80 жыл бұрын (1929) сәулетші, Қазақстанның еңбек сіңірген сәулетшісі КАЦЕВ Владимир Зеликович дүниеге келді.
Харьков инженер-құрылыс институтының сәулет факультетін бітірген. 1953-1959 жж. Магнитогорск жобалау институтының сәулетшісі болып жұмыс істеген. 1959 жылдан Алматыда, «Казгорстройпроекттің» Мемлекеттік жобалау институтының (МЖИ) сәулетшісі қызметін атқарған. 1967 жылдан «Алматыгипрогор» МЖИ шеберханаларының бас сәулетшісі. 1964-1983 жж. Қазақстан Сәулетшілер одағының басқарма мүшесі.
В. Кацевтің басқа да сәулетшілермен бірлескен жобалары бойынша Алматыда Қазақ циркі, «Медеу» биік таудағы спорт кешені және де басқа ғимараттар бой көтерді.
30 жыл бұрын (1979) Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі Ақпарат және мұрағаттар комитеті төрағасының орынбасары АЙТҚАЛИЕВ Әшір Қайыржанұлы дүниеге келді.
Алматы қаласында туған. Қазақ мемлекеттік басқару академиясын, Қазақ мемлекеттік заң академиясын, Мәскеу қаласындағы Еңбек және әлеуметтік қатынастар академиясын бітірген. «Самғау» Ұлттық ғылыми-технологиялық холдинг» АҚ аппарат басшысы, «Ұлттық ғылыми-техникалық ақпарат орталығы» АҚ аппарат басшысы, «Арна-Медиа» Ұлттық ақпарат холдингі АҚ уәкілетті өкілі қызметтерін атқарған. 2008 жылдан жоғарыда аталған қызметте.
ҚЫРКҮЙЕКТІҢ 8-І, СЕЙСЕНБІ
Сауаттандырудың халықаралық күні. 1967 жылдан бастап, ЮНЕСКО Бас конфедерациясы 14-ші сессиясының 1.141. қарары негізінде аталып өтіледі.
Журналистердің халықаралық ынтымақ күні (1958). Бұл - чех журналисі Юлиус Фучикті гитлершілердің Берлин түрмесі - Плетцензеде айуандықпен өлтірген күні. Жалынды журналисті еске алу мақсатында Халықаралық журналистер ұйымының Бухаресте өткен 4-ші конгресінің шешімі бойынша атап өтіледі.
Блокада құрбандарын еске алу күні. Бүгін Ұлы Отан соғысы тарихындағы ең қайғылы оқиғалардың бірі - 900 күнге созылған Ленинград қоршауына 67 жыл толды.
ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР
75 жыл бұрын (1934) «Теміржолшы» және «Железнодорожник Казахстана» газеттерінің алғашқы нөмірлері жарық көрді.
16 жыл бұрын (1993) Алматыдағы «Мұраттас» ғылыми-зерттеу баспа орталығы ғұлама ақын Қожа Ахмет Яссауидің «Ақыл кітабын» («Диуани хикмет») қазақ тілінде жарыққа шығарды.
15 жыл бұрын (1994) Қазастан Республикасының Президенті Н. Ә. Назарбаевтың Жарлығымен республикамыздың Мемлекеттік даму банкі құрылды.
12 жыл бұрын (1997) Батыс Қазақстан облысының Орда ауылында Жәңгір хан кесенесінің ашылу салтанаты болды.
9 жыл бұрын (2000) Алматыда Қазақстанның тұңғыш Президенті Н. Ә. Назарбаевтың 60 жылдық мерейтойына арналған «Болашаққа сеніммен» атты фотоальбомның тұсаукесер рәсімі өтті. «Отан» партиясының ұйымдастыруымен жарық көрген альбомда Елбасының жеке мұрағатынан алынған суреттер пайдаланылған.
8 жыл бұрын (2001) Астанада ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаев «Қазақстан картасы: «Атамекен» деп аталатын жаңа этномемориалдық саябақтың салтанатты ашылу рәсіміне қатысып, оның лентасын қиды. Бұл картада Қазақстанның барлық аймақтары қамтылып, еліміз аумағында орналасқан 100-ден астам нысан түпнұсқасынан айнымайтындай етіп көрсетілген. Олардың арасында қалалар, ондағы басқару мекемелері, мәдениет ошақтары, ірі өндіріс орындары, тарихи ескерткіштер қамтылған.
3 жыл бұрын (2006) бір топ американдық ғалым Калифорния штатының солтүстігі жағалауынан өздері «Жердегі ең биік тірі организм» деп таныған ағаш тапты. Гиперион деп аталған бұл ағаштың биіктігі 115 метрге жетеді. Бұған дейін әлемдегі ең биік «тірі организм» деп секвойя ағаш аталып келген еді. Ғалымдар «Стратосфера алыбы» деген екінші атауы бар биіктігі 100 метрден асатын 135 секвойя ағашын тапқан. Әлемдегі ең қарт ағаш саналатын секвойя да осы Калифорнияда өседі, оның жасы шамамен 4650 жыл деп бағалануда.
3 жыл бұрын (2006) Моңғол ұлттық қоғамдық телеарнасында «ТВ-Толқын» атты қазақ бағдарламалары редакциясы өз жұмысын бастады. Теледидарлық бағдарлама қазақ тілінде аптасына 1 рет жарық көреді, Моңғолиядағы қазақтар өмірінің барлық қыр-сырынан хабардар ететін бұлардың осындағы қазақ тілді аудиторияға бағытталған және кең көлемді хабар тарату мүмкіншілігі бар.
ЕСІМДЕР
70 жыл бұрын (1939-2002) мемлекеттік қайраткер ҚОРЖЫМБАЕВ Юрий Ермекович дүниеге келген.
Қарағанды облысында туған. Қазақ кен-металлургия институтын бітірген. «Карагандауголь» комбинатының шахта учаскесі ауысым шебері, бастығы болып жұмыс істеген. 1969-1991 жж. Қазақ КСР Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің оперативтік өкіл, аға оперативтік өкіл, бөлімше бастығы, бөлім бастығы, 1-інші басқарма бастығының орынбасары қызметтерін атқарған. 1991-1992 жж. Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің «Альфа» арнайы бөлімшесінің командирі.
Қызыл Жұлдыз орденімен, алты медальмен, ҚазКСР Жоғарғы Кеңесінің құрмет грамотасымен марапатталған.
ҚЫРКҮЙЕКТІҢ 9-Ы, СӘРСЕНБІ
Әсемдіктің бүкілдүниежүзілік күні. Халықаралық Эстетика және косметология комитетінің (СИДЕСКО) бастамасы бойынша атап өтіледі.
Корей Халық Демократиялық Республикасының Ұлттық мейрамы - КХДР-дің құрылған күні (1948). Мемлекет Шығыс Азиядағы Корей түбегінде орналасқан. Астанасы - Пхеньян қаласы. Ақша бірлігі - вон. Ресми тілі - корей тілі.
Қазақстан Республикасы мен Корей Халық Демократиялық Республикасы арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас 1992 жылғы қаңтардың 29-ында орнатылды. Қазақстанның Корей Халық Демократиялық Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі міндетін қоса атқарушысы - Адырбеков Икрам.
Тәжікстанның Мемлекеттік мейрамы - Тәуелсіздік күні. 1991 жылы Мемлекет тәуелсіздігі туралы декларация қабылданды.
Қазақстан Республикасы мен Тәжікстан Республикасы арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас 1993 жылғы қаңтардың 7-інде орнатылды. Қазақстан Республикасының Тәжікстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі - Әбілдаев Ерлан Әділханұлы. Тәжікстан Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі - Искандаров Акбаршо Искандарович.
ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР
15 жыл бұрын (1994) Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан Республикасы үкімет мүшесінің анты туралы» қаулы қабылдады.
4 жыл бұрын (2005) ҚР Бас прокурорының бұйрығымен Екібастұзда Қазақстандағы тұңғыш базалық прокуратура ашылды. Онда Павлодар және Шығыс Қазақстан облыстары прокуратураларының жас қызметкерлері кәсіби дайындықтары деңгейін көтереді.
83 жыл бұрын (1926) америкалық Эн-Би-Си телекомпаниясының негізі қаланды.
233 жыл бұрын (1776) Америка Біріккен Колонияларының жаңа атауы - Америка Құрама Штаттары болып бекітілді.
ЕСІМДЕР
70 жыл бұрын (1939) ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі МЕДЕТБАЕВ Шәріпбай дүниеге келген.
Оңтүстік Қазақстан облысында туған. Ташкент педагогикалық институтын бітірген. Мектеп мұғалімі, Келес аудандық партия комитетінде жұмыс істеген.
«Көктем тынысы», «Келесім - атамекенім», «Арайлы», «Келес толқындары», «Күміс толқындар» өлең жинақтарының авторы.
70 жыл бұрын (1939) жазушы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі МАЦКЕВИЧ Эдурд Олегович дүниеге келген. ҚазМУ (қазіргі Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетін) бітірген. Өскемен облыстық газетінде, республикалық «Ленинская смена» жастар газетінде, «Простор» журналында жұмыс істеген, «Известия» газетінің Қазақстан бойынша меншікті тілшісі қызметін атқарған.
Жазушының тұңғыш «Жабайы алма» кітабы 1965 жылы жарық көрген. Деректі және көркем прозалық «Ерлік пен сезім парағы», «Көк бұлғын», «Ала таулар күнтізбесі», «Өзіңмен бірге» кітаптардың авторы.
ҚЫРКҮЙЕКТІҢ 10-Ы, БЕЙСЕНБІ
Халықаралық фашизмнің құрбандарын еске алу күні.
ОҚИҒАЛАР
90 жыл бұрын (1919) Орынбор губерниялық комитеті мен Қазақ Революциялық комитетінің біріккен отырысының нәтижесінде Орынбор губерниясын Қазақстан құрамына кіргізу туралы шешім қабылданды.
17 жыл бұрын (1992) Жамбыл облысы Мойынқұм ауданының Көктерек ауылында 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасының құрбаны, Халық қаһарманы Қайрат Рысқұлбековтің ескерткіші ашылды.
16 жыл бұрын (1993) Қазақстанда Ресейдің мәдениет күндері өтті.
16 жыл бұрын (1993) Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесі Президиумы қаулысымен Атырау облысы Теңіз ауданы - Құрманғазы ауданы болып өзгертілді.
16 жыл бұрын (1993) Алматы қаласында «Қарқара-93» Халықаралық көрмесі өтті. Көрмеге 200-ден аса шетелдің ірі компаниялары мен фирмалары және 60-тан аса қазақстандық кәсіпорындар қатысты.
15 жыл бұрын (1994) Алматы қаласы Кеңсай қорымындағы ақын Сырбай Мәуленовтің зиратына ескерткіш белгі қойылды.
13 жыл бұрын (1996) Жоғары дипломатиялық мектебі құрылды. (1997 жылдан - Дипломатиялық академия)
13 жыл бұрын (1996) Республикада алғаш кадет корпусы құрылды.
11 жыл бұрын (1998) Қазақстан Республикасы Президенті Н.Назарбаевтың Жарлығымен Мәдениетті және өнерді қолдаудың мемлекеттік қоры құрылды.
11 жыл бұрын (1998) мерзімді қоғамдық-саяси, тарихи-археологиялық «Қазақ батырлары» газетінің алғашқы саны жарық көрді. Газет тарихтан бұрын-соңды өткен хандар, билер, шешендер мен көсемдер туралы, салт-дәстүрлерді, халықтың шежіресін жариялайды. 2000 жылдан «Қазақ батырлары» альманах-газеті болып өзгертілген.
10 жыл бұрын (1999) Австралияның Инебург қаласында өткен Дүниежүзілік кинофестивальде Сатыбалды Нарымбетовтың «Көзімнің қарасы» фильміне Халықаралық бас жүлде берілді.
4 жыл бұрын (2005) Қостанай облысы Қарабалық ауданында Ауған боздақтарына арналған монумент ашылды. Ескерткіш Қарабалық ауданы әкімшілігі басшылығының, Ауған соғысының ардагерлерінің қолдауымен салынған. Монументте Қарабалықтық төрт Ауған боздақтарының аттары жазылған.
3 жыл бұрын (2006) «Қазатомөнеркәсіп» Ұлттық атом компаниясының сенімді басқаруындағы Степногор тау-кен химиялық комбинатының Күкірт-қышқыл зауыты ашылды. Күкірт қышқылы халық шаруашылығының әртүрлі саласында кең қолданылатын химиялық өнеркәсіптің негізгі өнімдерінің бірі болып табылады. Күкіртті шикізат ретінде Қазақстан Республикасы шығаратын жай ғана күкірт өңделеді. Шикізаттың (күкірт жентегін) жөнелтуші «ТеңізШевройл» фирмасы (Атырау қаласы).
45 жыл бұрын (1964) Кипр аралына гректер мен түріктер арасындағы қақтығыстарын тоқтату мақсатында Біріккен Ұлттар Ұйымының әскери бітімгершілік бөлімдері жіберілді.
ЕСІМДЕР
115 жыл бұрын (1894-1938) қоғам және мемлекет қайраткері, ғалым, публицист ҚОЖАНОВ Сұлтанбек Қожаұлы дүниеге келді.
Оңтүстік Қазақстан облысының Созақ ауданында туған. Түркістандағы 4 сыныптық орыс түзем мектебін, 3-сыныптық қалалық мектепті, Ташкент мұғалімдер семинариясын тамамдаған. Мәскеуде БК(б)П Орталық комитетінің марксизм-ленинизм курсын бітірген. Саяси қызметін Ташкент қаласында семинария оқушыларынан «Кеңес» атты астыртын жастар ұйымын құрудан бастаған. 1917 жылы көктемде Ташкентте Мұстафа Шоқай, Қ.Қожықов, Қ.Болғанбаев, С.Ақаевтармен бірге «Бірлік туы» газетін шығарды. Түркістан (Қоқан) автономиясына қызу қолдаушылық танытып, оны кеңес өкіметінің әскер күшімен құлатуын жергілікті халықтың өзін-өзі билеу құқығын аяқ асты етушілік деп бағалады.Өлкеде кеңестік билік тұсында орын алған ашаршалаққа қарсы күресте белсенділік танытты. Аштықпен күресетін орталық комитеттің мүшесі ретінде 1918 жылы қарашадан бастап түркістан, Созақ, Жаңақорған, Қызылқұм, Шиелі өңірлерінде ашыққан адамдарды тамақтандыратын арнайы орындар ашуды ұйымдастырған. 1919-1920 жылдары - Сырдария уездік революциялық комитетінің төрағасының орынбасары, Түркістан уездік- қалалық атқару комитетінің, Сырдария облыстық революциялық комитеттің төрағасы. 1920-1921 жылдары Түркістан Республикалық Ішкі істер халық комиссары, Халық ағарту халық комиссары қызметтерін атқарған. Оқу - ағарту саласында білім беруді жергілікті халықтар тілінде жүргізу мәселесін көтеріп, оны жүзеге асыруды талап етті. Түркістанда баспасөздің және ұлттық театрдың өркендеуіне елеулі үлес қосты. «Ақ жол» газетін ұйымдастырып, оның алғашқы редакторы болды. 1922-1925 жылдары Түркістан КП Орталық комитетінің хатшысы, атқару комитетінің төрағасының орынбасары, РК(б)П Орталық комитетінің Орта Азия бюросының мүшесі, РК(б)П Қазақ облыстық комитетінің - Қазақ өлкелік комитетінің екінші хатшысы қызметтерін атқарған. Қожановтың тікелей ұсынысымен Кеңестердің 1 съезі қазақ халқының тарихи атауын(патшалық тұсынан бұрмаланып қалыптасқан «киргиз» деген атты төл атауға - «қазаққа» түзетіп) атты қайтарып, астаналық қала атын Қызылорда деп өзгертті. 1925-1928 жылдары БК(б)П орталық комитетіне шақырылып, ұлт республикалары бойынша жауапты нұсқаушы лауазымымен Кавказға, Ташкентке, Орта Азия Бюросына қызметке жіберілген. С.Қожанов Бүкілодақтық ауыл шаруашылығы Ғылым академиясының (ВАСХНИЛ) Ташкент бөлімшесін ұйымдастырды. 1929 жылы Орта Азия мақта-ирригациялық политехника институтын құрып, алғашқы директоры болды, сонымен қатар 1929-1931 жылдары Орта Азия мақта комитетінің директоры қызметін атқарды. 1931-1932 жылдары БК(б)П Орталық комитетінің аппаратында қызмет істеді. С.Қожановтың мектепке арналған «Есептану құралы» атты оқулығы, «Түркістанның Кеңестік Автономиясының он жылдығына» атты орыс тіліндегі зерттеу жеке кітап болып шыққан. Ол 1937 жылы Ташкентте тұтқындалып, саяси қуғын-сүргін құрбаны болды. 1957 жылы ақталды. Алматы, Шымкент, Түркістан, Кентау, Сарыағаш, Жетісай қалаларындағы, Созақ, Сарыағаш аудандарындағы, Ақсүмбе ауылындағы көше, мектеп, саябақ, мекемелерге С.Қожановтың есімі берілген. Түркістан, Кентау қалаларында, Созақ ауданында ескерткіш қойылған.
70 жыл бұрын (1939) философия ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Әлеуметтік ғылымдар академиясының академигі, «Мемлекеттік тіл» қоғамдық қозғалысының тең төрағасы АЙТАЛЫ Аманкелді Әбдірахманұлы дүниеге келді.
Ресейдің Астрахань облысының Володар ауданында туған. Гурьев (Атырау) педагогикалық институтын, Қазақ мемлекеттік университетінің (қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті) аспирантурасын бітірген. 1967-1968 жылдары - Қазақ мемлекеттік университетінің ассистенті. 1968-1995 жылдары - Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе университетінің аға оқытушысы, деканы, философия және мәдениеттану кафедрасының меңгерушісі, проректоры. 1995-1996 жылдары - «Дүние» мемлекеттік емес жоғарғы оқу орнының проректоры. 1996-1999 жылдары - Ақтөбе облысы әкімінің кеңесшісі, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе университетінің философия және мәдениеттану кафедрасының меңгерушісі қызметтерін атқарған. 1999-2007 жылдары - Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты болды. Атырау, Қызылорда университеттерінің, Ақтөбе педегогикалық институтының құрметті профессоры. Төрт монография, 100-ден аса ғылыми мақаланың авторы.
«Құрмет Белгісі», «Парасат» ордендерімен, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің грамотасымен марапатталған. Ақтөбе қаласының құрметті азаматы.
60 жыл бұрын (1949) Қазақстанның еңбегі сіңірген қайраткері, Жамбыл облысы Шу ауданының әкімі ҚАРАШОЛАҚОВ Бағлан Жиенәліұлы дүниеге келді.
Жамбыл облысында туған. Жамбыл гидромелиоративті құрылыс институтын бітірген. Еңбек жолын Мойынқұм ауданында бастап, совхоз директоры, Мойынқұм аудандық атқару комитеті төрағасының орынбасары болған. 1992-1997 жылдары - Жамбыл облысы Мойынқұм ауданының әкімі. 1997-2001 жылдары - Жамбыл облыстық Тәртіптік кеңесінің төрағасы. 2001-2004 жылдары - Жамбыл облысы Мерке ауданының әкімі қызметтерін атқарған. 2004 жылдан Жамбыл облысы Шу ауданынң әкімі қызметін атқарады.
Мерке ауданының Құрметті азаматы.
Медальдармен марапатталған.
60 жыл бұрын (1949) әнші, композитор, Қазақстанның еңбегі сіңірген артисі СҮЛЕЙМЕНОВ Ғалым дүниеге келді.
Алматы облысы Ақсу ауданында туған. Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясын бітірген. І.Жансүгіров атындағы Талдықорған мемлекеттік университетінде, республикалық телерадио хабарларын тарату комитетінің музыкалық редакциясында әр түрлі қызметтер атқарған. Талдықорған облыстық филармониясының директоры қызметін атқарып, қазақ халық аспаптары оркестрін құрған. Халық ауызында айтылып жүрген «Әкешім», «Сүй, жан сәулем», «Жетісу» әндерінің авторы. Әншінің өмірі мен шығармашылығы туралы 1994 жылы «Әншоқтығы» телефильмі түсірілген.
45 жыл бұрын (1964) Ақтөбе қаласының сәулет және қала құрылысы бөлімі бастығы ҚАРМАНОВ Шымыр Досмырзаұлы дүниеге келді.
Ақтөбе облысында туған. Алматы сәулет-құрылыс институтын бітірген.Еңбек жолын 1989 жылы «Ақтөбеазаматжоба» мемлекеттік жобалау институтының сәулетшісі лауазымынан бастаған. «Шахар» шағын жеке кәсіпорынының сәулетшісі, Ақтөбе қаласының бас сәулетшісі, Ақтөбе облысы бойынша құрылыс, тұрғын үй, сәулет және аумақты салу басқармасының аумақ салу және жоспарлау бөлімінің бастығы, «СЭВАС» шағын жеке кәсіпорынның сәулетшісі, «Аман&CO» жобалау тобының сәулетшісі болған. 1998 жылы кәсіпқой және шығармашы сәулетші ретінде Атырауға жұмысқа шақырылған. 2003-2004 жылдары - Атырау облыстық сәулет және қала құрылысы саясаты басқармасының бөлім бастығы, Атырау облысының бас сәулетшісі, «Атыраугосэкспертиза» ЕМК директоры. 2005-2006 жылдары - Атырау облыстық мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау департаментінің директоры қызметтерін атқарған. 2006 жылдан - Ақтөбе қаласының сәулет және қала құрылысы бөлімінің бастығы қызметін атқарады.
110 жыл бұрын (1899-1974) керемет көріпкел, сиқыршы, профессор, РКФСР-дің еңбек сіңірген артисі МЕССИНГ Вольф Григорьевич дүниеге келді.
Польшаның Гура-Кальвария қаласында туған. Екінші дүниежүзілік соғыста Гитлердің жеңіліске ұшырайтынын Мессинг 1937 жылы болжаған болатын. Мессинг барлық құрлықта гастрольдік сапармен болған. Ол әйгілі А.Эйнштейн, З.Фрейд, Махатма Ганди, Марлен Дитрихтермен арнайы кездескен. Польшаның президенті Юзеф Пилсудскийдің жиі қонағы болды. Неміс басқыншылары Польшаны басып алғаннан кейін көріпкелдің басын алып келген адамға 200 000 марка сыйлық берілетіні хабарланды. Бір күні Варшава көшесінде неміс күзетшілері Мессингті танып қалады, полиция мекемесінде ол барлық күзетшілерді арбап, өз камерасына жинайды да, өзі жайбарақат шығып кетеді. Сосын Оңтүстік Буг арқылы КСРО-ға қашады. Беларус жеріне гастрольдік сапармен келген Вольф Григорьевичті НКВД офицерлері ұстап алып, Кремльге, Сталиннің алдына жеткізеді. Екеуі біраз әңгіме-дүкен құрып болғаннан кейін, Сталин Мессингтен Кремль есігінен рұқсат қағазсыз кіріп көруді өтінеді. Сиқыршы бұл өтінішті орындап, «көсемді» таң қалдырады. Ол және Мемлекеттік банктен тап-таза қағаз көрсетіп, 100 000 сом алып кетіп, тағы бір таң қаларлық іс жасайды. Ол ақшаны қайтарған кезде, кассада отырған адам таң қалғаны сонша, жүрек талмасына ұшыраған. Ұлы Отан соғысы кезінде Мессинг өз қаражатына кеңес әуе қызметі үшін екі ұшақ алып берді.
ҚЫРКҮЙЕКТІҢ 11-І, ЖҰМА
Эфиопияның Жаңа жыл мерекесі. Эфиопиялықтар жаңа жылды қыркүйектің 10-11-інде қарсы алады. Жаңа жылда бірыңғай ақ киім киеді, ерте тұрып, шіркеуге барады. Сосын самырсын ағашының көлеңкесінде жаңа жылға арнап дастархан жаяды. Балалар жаңа жылға арнап салған суреттерін ата-анасына сыйлайды. Үй ортасына жіп керіп, әлгі суреттерді іліп қояды. Сонан кейін мерекелік дастархан басына отырады.
Ресейдің әскери даңқ күні. Орыс эскадрасының 1790 жылы Тендра мүйісіндегі Ф.Ушаковтың қолбастауымен түрік эскадрасын жеңген күні.
АҚШ-тың патриоттар күні. 2001 жылы АҚШ-та жан түршігерлік лаңкестік әрекетінен қайтыс болғандарды еске алу күні.
ОҚИҒАЛАР
126 жыл бұрын (1883) жылы Семей өлкелік мұражайы ұйымдастырылды. Мұражайды ұйымдастыруға Абай Құнанбайұлы қатысып, қазақтың киіз үйін барлық жабдықтарымен сыйға тарқан.
78 жыл бұрын (1931) Қарағандыда жергілікті «Большевистская кочегарка» (қазіргі «Индустриальная Караганда») газетінің тұңғыш нөмірі жарық көрді. 1932-1935 жж. газет «Карагандинская коммуна» атауымен шыққан. Сол жылдары оның беттерінде донецкілік кенші Никита Изотовтың бастамасы туралы, Алексей Стахановтың рекордтық көмір өндіруі жайында мақалалар жарияланды. Осы газет арқылы бүкіл еліміз Т.Күзембаев, Қ.Байтуғанов, А.Топаев сияқты стахановшы-жұмысшылар туралы оқып-білді. Газеттің 50 жылдық мерейтойы тойланған жылы редакция ұжымы Еңбек Қызыл Ту орденімен марапатталды. Газетте ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстан-2030» Стратегиясында бекітілген идеяларды насихаттауға айрықша көңіл бөлінеді.
18 жыл бұрын (1991) Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Жарлығымен Ғарышты зерттеу агенттігі мен Жерге орналастыру және жер қатынастары мемлекеттік комитеті құрылды.
16 жыл бұрын (1993) Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің алқасы Атырау облысы Теңіз ауданын Құрманғазы атына өзгерту туралы Қаулы қабылдады.
12 жыл бұрын (1997) Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Әскери академиясы құрылды.
8 жыл бұрын (2001) АҚШ-та жан түршігерлік лаңкестік әрекет орын алуына байланысты Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев АҚШ Президенті Джордж Бушқа Қазақстан атынан және өз атынан жеделхат жолдап, қайғыға ортақтасып көңіл айтты.
ЕСІМДЕР
80 жыл бұрын (1929-1996) техника ғылымының докторы, профессор, Халықаралық Инженерлер Академиясы мен Қазақстан Республикасы Инженерлік Академиясының академигі, инженер-технолог, Қазақстанның еңбегі сіңірген құрылысшысы ПӘРІМБЕТОВ Беркімбай дүниеге келді.
Қызылорда облысының Шиелі ауданында туған. Қазақ химия-технология институтын, КСРО Халық шаруашылық басқару институтын бітірген. 1954-1965 жылдары - Қазақстан Ғылым академиясында, КСРО Құрылыс және сәулет академиясында, Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің құрылыс бөлімінде, КСРО құрылыс материалдары өнеркәсібі мемлекеттік комитетінде әр түрлі қызметтер атқарды. 1965-1973 жылдары - Қазақстан Құрылыс материалдары өнеркәсібі министрі. 1973-1979 жылдары - КСРО Министрлер Кеңесі жанындағы Қазақстан Министрлер Кеңесінің тұрақты өкілі. 1979-1984 жылдары - Қазақстан Құрылыс материалдары өнеркәсібі министрі қызметтерін атқарған. 1984-1996 жылдары - Мемлекеттік құрылыс комитетінің жобалау конструкторлық «Казоргтехстром» институтының директоры қызметін атқарды.
Негізгі ғылыми-зерттеу еңбектері анорганикалық байланыстырғыш материалдардың қатаю процестерін, құрылыс материалдарының коррозияға төзімділігін, құрылыс материалдарын өндіру үшін өнеркәсіптік минералды қалдықтарды пайдалануға арналған.
1974 жылы КСРО Министрлер Кеңесінің сыйлығына ие болған.
3 рет Еңбек Қызыл Ту, «Құрмет Белгісі» ордендерімен және медальдармен марапатталған.
115 жыл бұрын (1894-1956) украин кинорежиссері, кинодраматург, жазушы, РКФСР-дің халық артисі, КСРО Мемлекеттік сыйлығының иегері ДОВЖЕНКО Александр Петрович дүниеге келді. Ұлы Отан соғысына қатысқан.
Чернигов облысында туған. Глуховскийдегі мұғалімдер институтын бітірген. Кинодағы қызметін 1926 жылы бастады. 1927 жылы тұңғыш рет ғажайып-хикаялы «Дипкурьердің сумкасы» атты фильм қойып, өзі пеш жағушының рөлін ойнаған. 1930 жылы өзінің сценариі бойынша жасалған «Жер» атты фильмі оның есімін дүние жүзіне әйгілі етті. Ол киноның көркемдік тәсілдерін өркендету жолына үлкен үлес қосты. Киев көркемсуретті фильмдер киностудиясына оның есімі берілген.
Ленин, Еңбек Қызыл Ту ордендерімен марапатталған.
ҚЫРКҮЙЕКТІҢ 12-І, СЕНБІ
Қазақ киносының күні.
ОҚИҒАЛАР
68 жыл бұрын (1941) Қазақ КСР Халықтық Кеңесінің Қаулысымен Алматы көркем фильмдер киностудиясы құрылды.
65 жыл бұрын (1944) Құлжа қаласында Шығыс Түркістан Республикасы құрылды. Әлихан төре (Бөкейханов) үкімет басшысы, Әшімбек қожа орынбасары болып сайланды. Республиканың туы - ортасында сары түсті ай, жұлдыз салынған жасыл ту болады деп белгіледі. 1945 жылы сәуірдің 8-інде Шығыс Түркістан Республикасының Ұлттық армиясы құрылды.
11 жыл бұрын (1998) Алматы қаласында ақын, ғалым, қоғам қайраткері Ахмет Байтұрсыновқа ескерткіш-бюст қойылып, үй-мұражайы ашылды.
3 жыл бұрын (2006) ұлы түркі ғалымы Махмұд әл-Қашқаридың 11-інші ғасырда жазған «Диуани луғат-ат-түрік» еңбегінің орыс тіліндегі тұңғыш басылымының тұсаукесері болып өтті. «Диуани луғат-ат-түрік» түркі тілдерінің ең көне сөздігі және Орталық Азиядағы өркениет тарихы жайлы ғылымның аса маңызды қайнар көзі болып табылады. Қазақстандық зерттеуші-ғалым Зифа-Алуа Әуезова араб тіліндегі түпнұсқадан аударып, дайындаған бұл басылымда құнды шығарманың орыс тіліндегі тұңғыш толық аудармасы түзілген. Мұсылмандықты қабылдауының ерте кезеңіндегі түркі мәдениетін әл-Қашқаридың сезіне алуының түрліше қырлары мен түркі лексемасының көрсеткіштеріне арналған аудармашының алғысөзін дайындаған - білікті батыс ғалымы - Роберт Эрмерс. Құнды ғылыми еңбек аудармасының өзі көне қолжазбаның факсимильдік басылымы негізінде орындалған. Жалпы алғанда, «Диуани луғат-ат-түрік» еңбегінің орыс тіліне аударылуы тарихшыларға, философтарға, мәдениеттанушыларға, тіл мамандары мен әдебиет зерттеушілерге ғылыми-зерттеу жұмыстары үшін маңызды қайнар бұлақ қызметін атқара алады.
ЕСІМДЕР
100 жыл бұрын (1909-1976) Қазақстандағы бірінші сәулетші, Қазақстанның еңбек сіңірген құрылысшысы, КСРО Сәулет академиясының корреспондент мүшесі БӘСЕНОВ Төлеу Құлқаманұлы дүниеге келді.
Ақтөбе облысы Шалқар ауданында туған. Санкт-Петербор азаматтық-инженерлер институтын бітірген. Бәсенов Қазақстанда қазіргі архитектуралық мектептің негізін салып, Сәулетшілер одағын ұйымдастырушылардың, сәулет саласындағы алғашқы ғалым-педагогтардың бірі. 1933-1937 жылдары Жамбылда, Алматыда, Қырғызстанда қызметтер атқарды. 1937-1941 жылдары - Алматы қаласының бас сәулетшісі. 1944-1954 жылдары - Қазақ КСР Министрлігі Кеңесі жанындағы сәулет басқармасының бастығы. 1958-1976 жылдары - Құрылыс істері жөніндегі мемлекеттік комитеті төрағасының орынбасары қызметтерін атқарған. Бәсенов Алматы қаласының бас жоспарын, Мәскеудегі халық шаруашылығы жетістіктері көрмесіндегі Қазақстан павильонын, Алматыдағы Достық даңғылының бас жобасын, Алматы әуежайының бірінші кешенін, Қазақ опера және балет театрының үйін, Амангелді ескерткішінің жоспарын, тұрғын үйлерді жобалау жұмыстарын кәсіби шеберлікпен орындап шықты. Батыс Қазақстан сәулет ескерткішін зерттеп, Ембі, Маңғыстау, Үстірт аймақтарындағы мемориалды-ғұрыптық тарихи құрылыстардың ерекшеліктеріне ғылыми талдау жасады.
Бәсеновтың «Сам аймағындағы архитектуралық ескерткіштер», «Қазақстан архитектурасындағы өрнектер», «Архитектура және қала құрылысы», тағы басқа еңбектері жарық көрген. 1997 жылы Қазақ мемлекеттік сәулет және құрылыс академиясының үздік студенттеріне Т.Бәсенов атындағы диплом тағайындалған.
60 жыл бұрын (1949) Дүние жүзіне, Кеңеске белгілі конькиден мәнерлеп сырғанаушы, халықаралық дәрежедегі еңбек сіңірген спорт шебері РОДНИНА Ирина Константиновна дүниеге келді.
Мәскеу қаласында туған. Дене шынықтыру орталық институтын тәмамдаған. Ирина Роднинаның стилі мәнерлеп сырғанауда ерекше із қалдырды. Ол шексіз еңбекшілдігімен, шеберлігімен, жоғары кәсібилігімен, мұздағы шығармашылық тапқырлығымен ерекшеленді. КСРО-ның, Еуропаның, әлемнің бірнеше дүркін чемпионы, Олимпиада ойындарының чемпионы И.Роднина конькиде өзін өте еркін сезінетін. Оның ойынсеріктері 1968-1972 жылдары Уланов, 1973 жылдан бастап Зайцев болды. АҚШ-тың Лейк-Эрроу қаласында орналасқан халықаралық мәнерлеп сырғанау орталығында жаттықтырушы болып қызмет атқарған. И.Роднинаның есімі Гиннесс кітабына енген.
Қазіргі уақытта ол жаттықтырушылық қызмет атқарады.
55 жыл бұрын (1954) экономика ғылымының кандидаты, Халықаралық Ақпараттану академиясының корреспондент-мүшесі, «Южполиметалл» АҚ-ның президенті АСАМБАЕВ Тұрсынбек Қанатбекұлы дүниеге келді.
Оңтүстік Қазақстан облысында туған. Қазақ политехникалық институтын (Қ.Сәтпаев атындағы Қазақ Ұлттық техникалық университеті) бітірген. Кентау экскаваторлық зауытының инженер-технологы, Шымкент облыстық комсомол комитетінің бөлім меңгерушісі, Шымкент қорғасын зауыты комсомол комитетінің хатшысы. 1988-1989 жылдары - Шымкент облыстық атқару комитетінің бөлім бастығы. 1989-1996 жылдары - «Шымкент қорғасын зауыты» АҚ-ның директордың орынбасары, коммерциялық директоры, коммерциялық-сауда орталығының директоры. 1996-1998 жылдары - «Шымкент қорғасын зауыты» АҚ-ның бас директоры, президенті. 1999-2004 жылдары - «Южполиметалл» ЖАҚ президенті қызметтерін атқарған. Аталған қызметінде 2004 жылдан істейді.
«Құрмет» орденімен, медальдармен марапатталған.
50 жыл бұрын (1959) Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары КЕМАЛОВА Роза Кеңесқызы дүниеге келді.
Ақмола облысында туған. Алматы халық шаруашылығы институтын бітірген. Торғай мемлекеттік банкінде, Ақтөбе аумақтық мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитетінде әр түрлі қызметтер атқарды. 1998-2002 жылдары -- Қарғалы ауданы әкімінің орынбасары. 2002-2003 жылдары - Хромтау ауданы әкімінің орынбасары. 2003-2004 жылдары - Атырау облыстық мұнайгаз кешенді басқармасы бастығының орынбасары. 2004-2005 жылдары - Ақтөбе облысының ішкі саясат департаменті директорының орынбасары. 2005-2008 жылдары - Ақтөбе облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының бастығы қызметтерін атқарған. 2008 жылдан Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары қызметін атқарады.
80 жыл бұрын (1929) ресей кинорежиссері, сценарист, Санкт-Петербордың кино және теледидар университетінің профессоры, Ресейдің еңбегі сіңірген өнер қайраткері МЕНАКЕР Леонид Исаакович дүниеге келді.
Ленинград (Санкт-Петербор) қаласында туған. Ленинград мемлекеттік театр, кино және музыка институтын (қазіргі Санкт-Петербор мемлекеттік театр өнері академиясы) бітірген. 1954-1964 жылдары - Лениндік кеңесі атындағы театрдың режиссері. 1964 жылдан - «Ленфильм» киностудиясының режиссері. 1965-1990 жылдары «Жаворонок», «Не забудь... станция Луговая», «Ночная смена», «Опознание», «Рассказ о простой вещи», «Молодая жена», «Последний побег», «Никколо Паганини», «Завещание профессора Доуэля», «Последняя дорога», «Собачий пир» атты кинофильмдерді түсірген. Сонымен қатар «Город и песня» «Мелодии города» атты музыкалық телефильмдерді өмірге әкелді.
«Жаворонок» және «Не забудь...станция Луговая» фильмдерін режиссер Никита Курихинмен, ал «Молодая жена» атты фильмді әкесі, режиссер Исаак Менакермен бірігіп түсірген. «Волшебный фонарь», «Цареубийцы» атты кітаптардың авторы.
ҚЫРКҮЙЕКТІҢ 13-І, ЖЕКСЕНБІ
Танкистер күні. КСРО Жоғарғы Кеңесінің жарлығымен қыркүйек айының екінші жексенбісі танкистер мейрамы ретінде атап өтіледі.
ОҚИҒАЛАР
3 жыл бұрын (2006) Орал қаласында «Пушкин и Приуралье» кітабы қазақ және орыс тілінде жарық көрді. Кітаптың авторы - оралдық ғалым-әдебиетші, филология ғылымының кандидаты Николай Щербанов.
А.Пушкин 1933-інші жылы Емельян Пугачев бастаған көтеріліс тарихын зерттеу мақсатымен Оралда болғаны мәлім. Ол мұнда қыркүйектің 21-інен 23-іне дейін (жаңа жыл санау бойынша қазанның 3-і мен 5-і аралығы) үш күнін өткізген, осы оқиға қала шежіресіне мәңгі енгізілді. Оралда данышпан әдебиетшіні мәңгі есте сақтауға әрдайым мейлінше көңіл бөлініп келеді. Осында бір көшеге оның есімі берілген, әр жылдары А. Пушкиннің бірнеше ескерткіштері мен мүсіндік бейнелері ашылды.
100 жыл бұрын (1909) генетика ғылымы дүниеге келді. ДНК ашылды. Нидерландта тұратын Вильгельм Людвиг Иогансен «ген» терминін ресми қолданысқа енгізді, ал АҚШ-та Томас Хант Морган тұқым қуалаушылықтың хросомдық теориясын ұсынды.
ЕСІМДЕР
65 жыл бұрын (1944) Қазақстан Республикасы Ұлттық банкінің еңбек сіңірген қызметкері САТҚЫНОВА Фану Сатқынқызы дүниеге келді.
Алматы халық шаруашылығы институтын бітірген. Жамбыл қалалық мемлекеттік банкі басқармасының инспекторы болған. 1968-1973 жылдары - Талдықорған облыстық мемлекеттік банк басқармасының бөлім меңгерушісі, аға экономисі. 1973-1988 жылдары - Маңғыстау облыстық мемлекеттік банк қалалық басқармасының бастығы, Маңғыстау кентінің бөлімше басқарушысы, бөлім бастығы, аға экономисі. 1988-1990 жылдары - Шевченко автобус паркі бастығының орынбасары.1990-1998 жылдары - «Агропромбанк» Шевченко бөлімшесінің басқарушысы, Маңғыстау облыстық басқармасының бастығы қызметтерін атқарған. 1998 жылдан Қазақстан Республикасы Ұлттық банкі Маңғыстау филиалының директоры қызметін атқарады.
«Құрмет Белгісі» орденімен және медальдармен марапатталған.
115 жыл бұрын(1894-1984) ағылшын жазушысы, драматург ПРИСТЛИ Джон Бойтон дүниеге келді.
Әдебиет әлеміне еніп, алғашқы пьесасын жаза бастағанда ол сыншылдығымен, журналистігімен елге танымал болып үлгерген болатын. Оның әрбір жазған туындысы күні бүгінге дейін әлемнің барлық сахналарында қойылып, үлкен табысқа жетіп жатыр. («Абыройлы жолдас», «Періште көшесі», «Лондонның тұйық көшесі»).