ҮКІМЕТ
Қыркүйектің 21-інде Сыртқы істер министрлігінде ведомство алқасының мәжілісі өтеді. Алқа отырысынан кейін министрліктің апталық брифингі жоспарланған.
Қыркүйектің 21-інде Ішкі істер министрлігінде апталық брифинг болады.
Қыркүйектің 22-сінде «Транспорт Тауэр» ғимаратында (№ 704 кабинет) ҚР Көлік және коммуникация министрлігінің көліктік бақылау комитетінің төрағасы Әділет Бәрменқұловтың «Жолаушылар тасымалының қауіпсіздігі» республикалық акциясының нәтижелеріне арналған баспасөз конференциясы өтеді.
ҚОҒАМ
Тамыздың 11-і мен қыркүйектің 30-ы аралығында БҰҰ-ның Нью-Йорктегі штаб-пәтерінде «Ядролық қаруға жол жоқ» қазақстан-жапон көрмесі өтеді.
АСТАНА
Қыркүйектің 11-і мен қазанның 11-і аралығында Қазақстанның Тұңғыш Президентінің мұражайында Қостанай облыстық мұражай қорларының «Ұлттық мәдениеттер бесігі» тақырыбындағы көрмесі өтеді.
Қыркүйектің 15-і мен қазанның 15-і аралығында Астанада тазалық айлығы өтеді.
Қыркүйектің 21-інде Қазақстан халқы тілдерінің мерекесіне орай Астана қаласы Кедендік бақылау департаментінің «Астана кедендік рәсімдеу орталығы» кеден бекетінде «Тілге құрмет - елге құрмет» атты семинар өткізіледі. Жоспарланған аталмыш шара барысында департаменттің мемлекеттік тілді дамытуда атқарып жатқан шаралары туралы әңгіме болып, оның соңы қызметкерлердің қатысуымен ұйымдастырылған мерекелік концертке ұласады. Бұдан басқа, мемлекеттік тілден ашық сабақтар және тіл мерекесіне байланысты әр ұлт өкілдерінен тұратын кеденшілердің әзірлеген бағдарламасы өтеді деп жоспарлануда.
Қыркүйектің 21-інде Тәуелсіздік сарайында Қазақстанның энергетикалық апталығының ашылу рәсімі болады. Сондай-ақ бұл күні «Kazenergy» халықаралық жастар конференциясы өтеді.
Қыркүйектің 24-25 күндері Тәуелсіздік сарайында IV-ші «Kazenergy» Еуразиялық энергетикалық форумы өтеді. Осымен төртінші рет ұйымдастырылған форум биыл қазақстандық мұнайдың 110 жылдығына арналған апталық шеңберінде болады. IV-ші «Kazenergy» Еуразиялық энергетикалық форумын өткізудегі басты идея Азиядағы энергетикалық ықпалдастық шекарасын кеңейту және энергетика саласындағы серіктестік пен стратегиялық альянстардың рөлін талқылау болып табылады.
АЛМАТЫ
Қыркүйектің 21-інде Алматыда «Ұлтаралық әрекеттестік үлгісі: Қазақстан халқы Ассамблеясы және ЕҚЫҰ» атты халықаралық семинары өтеді. Аталған іс-шара Қазақстан халқы Ассамблеясы және ҚР Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының ұйымдастыруымен және ЕҚЫҰ-ның Аз ұлттар мәселелері жөніндегі Жоғарғы Комиссары Кнут Воллебектің қатысуымен өткізілетін болады.
Қыркүйектің 21-інде «Анкара» қонақүйінде «Қазақстран әлемдік қоғамдастыққа тықпалдасу жолында» тақырыбына арналған «дөңгелек үстел» отырысы өтеді.
АТАУЛЫ КҮНДЕР. МЕРЕКЕЛЕР.
ҚЫРКҮЙЕКТІҢ 21-І, ДҮЙСЕНБІ
Армения Республикасының Мемлекеттік мейрамы - Тәуелсіздік күні. 1991 жылғы қыркүйекте болған Бүкілхалықтық референдумда көпшілік тәуелсіз мемлекет құруды қолдады.
Қазақстан Республикасы мен Армения Республикасы арасындағы дипломатиялық қарым-қатыныс 1992 жылғы тамыздың 27-сінде орнатылды. Арменияның Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі - Казарян Василий Хачатурович (2008 жылдың қазан айынан).
Мальта Республикасының ұлттық мерекесі -- Тәуелсіздік күні (1964). Мальта Республикасы үш аралдан тұрады. Жерорта теңізінде (Сицилия аралынан оңтүстік жағында, Тунистен солтүстік жағында) орналасқан. Астанасы - Валетта.
ОҚИҒАЛАР
8 жыл бұрын (2001) Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевтың Жарлығымен Қазақстан мен Ватикан елдері арасындағы Достық қарым-қатынас пен ынтымақтастықты нығайтуға қосқан үлесі үшін Ватиканның Мемлекеттік хатшысы Анджело Содано І дәрежелі «Достық» орденімен марапатталды.
45 жыл бұрын (1964) Мальта Ұлыбританиядан тәуелсіздігін алды.
ЕСІМДЕР
105 жыл бұрын (1904-2000) актер, қоюшы режиссер, Қазақстан халық әртісі, КСРО мемлекеттік сыйлығының лауреаты, қазақ театрының іргетасын қалаған өнер саңлақтарының бірі БАДЫРОВ Қапан Оралұлы дүниеге келді.
Қазіргі Қостанай облысы Қарабалық ауданында туған. 1922-1925 жылдары Қазақ халық ағарту институтында (Орынбор) оқыған. Сондағы көркемөнерпаздар үйірмесіне белсене қатысып, Б.Майлиннің «Бетім-ау, құдағи» атты шағын пьесасында Айқын келіншектің рөлін ойнап шыққан. 1925 жылы жаңадан ұйымдастырылып жатқан Қазақ драма театрына шақырылады. 1926 жылы Мал дәрігерлік техникумға жолдамамен жіберіліп, онда жұмысшы жастар театрының жетекшісі болған. М.Әуезовтың «Қарагөз», «Еңлік - Кебек», Ө.Оспановтың «Зарлық» пьесалары бойынша үш спектакль қойып, өзі де ойнады. 1928 жылы Ә.Сұлтановтың «Дариға-Қайдар», татар жазушысы Фахти Бурнаштың «Яш юряклар» пьеаларын қойды. 1931 жылы Қазақ драма театрына қайта оралды. Алғашқы көрнекті ролі - М.Тригердің «Сүңгуір қайығындағы» Игорь Оленин. Қ.Бадыров театр сахнасында 200-дей рөлде ойнады. Алғашқы тәжірибе жинау мақсатындағы рөлдерден кейінгі еңбектері ұлттық классикаға қосылатын дүниелер болып шықты. Солардың ішінде Еркебұлан (С.Сейфуллин «Қызыл сұңқарлар»), Жомарт (Ғ.Мұстафин «Миллионер»), Арқалық (Ж.Шанин «Арқалық батыры»), Шыңғыс сұлтан (С.Мұқанов «Шоқан Уәлиханов»), М.Яровой (К.Тренев «Любовь Яровая»), Уәзір (Н.Хикмет «Фархад-Шырын») сияқты бейнелер көрермендердің ойынан шықты. Ал оның орындауындағы Науан хазірет (Ғ.Мүсрепов «Ақан сері -Ақтоқты») пен Отелло (Шекспир «Асауға тұсау») күні бүгінге дейін ерекше табыс ретінде бағалануда. 1940-1941 жылдары режиссурамен айналысып, Ә.Әбішевтің «Жолдастарын» сахналады. Кинода Қаратай («Аманкелді»), Айдар, Сырттан («Абай әні»), Көреген («Алып туралы аңыз»), Сәрсен («Өмір жолы») тағы басқа рөлдерін ойнаған. 1952 жылы Бадыровқа М.Әуезовтің «Абай» романындағы Абай ролін сахналағаны үшін КСРО Мемлекеттік сыйлығы берілді. Бадыровтың «Өткендер мен өткелдер», «Естен кетпес есімдер», «Театр, моя судьба» деген естелік кітаптары, көптеген мақалалары жарық көрген
Екі рет Еңбек Қызыл Ту ордендерімен және Халықтар достығы орденімен марапатталған
85 жыл бұрын (1924-1998) ғалым, тарих ғылымының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Гуманитарлық Ғылымдар академиясының академигі АРҒЫНБАЕВ Халел Арғынбайұлы дүниеге келді. Ұлы Отан соғысына қатысқан.
Павлодар облысының Баянауыл ауданында туған. Абай атындағы қазақ педагогикалық институтын, Қазақстан Ғылым академиясы Тарих және этнология институтының аспирантурасын бітірген. 1951-1957 жылдары Талдықорған облысы Панфилов қаласындағы педагогикалық училищеде мұғалім, 1957 жылдан Қазақстан Ғылым академиясының Тарих, археология және этнография институтының кіші, аға ғылыми қызметкері, этнографиялық бөлімнің меңгерушісі, институттың бас ғылыми қызметкері болды. Қазақ халқының тарихи этнографиясын (көшпенділік, мал шаруашылығы, қол өнері, оқу-ағарту, отбасы, т.б.) зерттеуге үлес қосты. Осы салада 200-ден астам ғылыми еңбек, бірнеше ғылыми монографиялар жазған. 1959-1976 жылдары қазақстанның бірқатар облыстарында арнайы ұйымдастырылған этнографиялық экспедицияларды басқарды. Қазақстан мен Орта Азия халықтарының тарихи-этнографиялық атласын жасауға атсалысты. Арғынбаев Қазақстандағы этнографиялық ғылымның негізін салушы академик Ә.Марғұланның ғылыми мектебі дәстүрін дамытты.
Ұлы Отан соғысының 2 дәрежелі орденімен, көптеген медальдармен, ҚазКСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен марапатталған.
30 жыл бұрын (1979) Қарағанды облысы әкімінің агроөнеркәсіптік кешен, жер қатынастары, экология, шағын бизнесті дамыту мәселелері жөніндегі орынбасары ДҮЙСЕБАЕВ Асылбек Жексенбайұлы дүниеге келді.
Ақмола облысының Шортанды ауданында туған.
2001 жылы С.Сейфуллин атындағы Ақмола аграрлық университетін бітірген. Еңбек жолын 1998 жылы «Агро-Центр Астана» астық компаниясының бақылау-ревизиялық бөлімінің бақылаушы-ревизоры болып бастаған. 2002 жылдан мемлекеттік қызметте. 2002-2005 жылдары - Астана қаласы әкімі аппаратының Сыртқы экономикалық байланыстар комитеті сыртқы экономикалық ынтымақтастық бөлімінің бас маманы, Қазақстан Республикасының Көлік және коммуникация министрлігі Байланыс және ақпарат жөніндегі комитетінің Байланыс саласындағы мемлекеттік қадағалау басқармасының лицензияланатын қызметті бақылау бөлімінің бас маманы, Қазақстан Республикасының Көлік және коммуникация министрлігі Автомобиль жолдары және инфрақұрылымдық кешен құрылысы комитетінің қаржыландыру басқармасы сыртқы заемдердың қаржы рәсімдерін атқару, бухгалтерлік есеп және есепшілік бөлімінің бас маманы, сыртқы заемдерді және инвестициялық жобаларды басқару бөлімінің бастығы. Қазақстан Республикасының Президенті Әкімшілігінің Ұйымдастыру-бақылау жұмысы және кадр саясаты Басқармасы ұйымдастыру-бақылау бөлімінің бас инспекторы. 2005-2006 жылдары - Қазақстан Республикасының Президенті Әкімшілігінің мемлекеттік бақылау және ұйымдастыру жұмысы бөлімінің бас инспекторы. 2006-2007 жылдары - Қарағанды облысы әкімінің көмекшісі, Қазыбек би атындағы аудан әкімінің орынбасары, Қарағанды қаласы әкімінің орынбасары. 2007-2009 жылдары - Қарағанды облысы әкімінің аппарат жетекшісі қызметтерін атқарған. 2009 жылдың ақпан айынан Қарағанды облысы әкімінің орынбасары қызметін атқарады.
100 жыл бұрын (1909-1967) архитектор ЛЕППИК Александр Арнольдович дүниеге келген. Ұлы Отан соғысына қатысушы.
Ресей Федерациясының Тверь облысында туған. Ленинград инженер-құрылыс институтын бітірген. 1937 жылдан Алматы қаласында тұрған. 1937-1938 жылдары Қазақстан Ағарту Халық Комиссариатының архитектуралық жобалар бюросында жұмыс істеген. 1938-1960 жылдары - Қазақ қалалық құрылыс жобалау институтының Жобалау бөлімінің бас архитекторы.
Білікті сәулетшінің қатысуымен Қазақ филармониясының, Қазақстан Жазушылар одағы Үйінің, Қазақ Балалар мен жасөспірімдер театрының, Неке сарайы ғимараттарының сәулеті дүниеге келген.
115 жыл бұрын (1894-1993) башқұрт ақыны, Башқұрт АКСР-інің халық ақыны ҚҰДАШ Сайфи (Құдашев Сайфи Фаттахұлы) дүниеге келді.
Башқортостанның Уфа губерниясында туған. Ауыл медресесінде, Уфадағы «Ғалия» медресесінде білім алған. «Ғалия» медресесінде Б.Майлин, Ж.Тілепбергенов, Х.Бәсімов, Н.Манаевпен бірге оқып, онда қазақ шәкірттерінің «Садақ» журналын шығаруға атсалысқан. 1913-1915 жылдары Қостанай өңірінде мұғалім болды. 1930-1948 жылдары - «Октябрь» журналының редакторы, Башқұртстан Жазушылар одағының басшысы болған. Қазақ ақыны Н.Наушабаевты ұстаз тұтқан, оған еліктей отырып, алғашқы өлеңдерін 1913 жылы қазақ тілінде жазған. Оның «Азаттық жырлары», «Қызыл жауынгер», «Дауыл шықты», «Соқа жырлары», «Күрес батыры», «Бақыт заңы», «Республика жырлайды», «Шақыру», «Шын жүректен», «Менің махаббатым», тағы басқа жыр жинақтары жарық көрген. «Хат», «Менің ауылдасым» атты поэмалары бар. Сайфи Құдаш балаларға арналған «Баярлар бар кезде» әңгімесін, «Әзір бол» өлеңдер жинағын, «Бақытты балалық шақ» кітаптарын жазған. «Ұмытылмас минуттар» мемуарлық еңбегі жарық көрген. Ол «Жастық шақтың ізімен» естеліктер жинағында Абай шығармаларынан үзінділер келтіріп отырған.
Ленин, Еңбек Қызыл Ту, «Халықтар Достығы», «Құрмет Белгісі» ордендерімен марапатталған.
ҚЫРКҮЙЕКТІҢ 22-І, СЕЙСЕНБІ
Болгария Республикасының ұлттық мейрамы - Тәуелсіздік жариялаған күні. 1908 жылғы қыркүйектің 22-інде Велико-Тырновода Болгария княздігінің Осман империясынан тәуелсіздігі туралы манифест жарияланды.
Қазақстан мен Болгария арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас 1992 жылғы маусымның 5-інде орнатылды.
Мали Республикасының ұлттық мейрамы - Тәуелсіздік күні (1960). Қазақстан мен Мали Республикасы арасындағы қарым-қатынас 1992 жылғы қарашаның 26-ында орнатылды.
ОҚИҒАЛАР
75 жыл бұрын (1934) Қазақ кен-металлургия институты (қазіргі Қаныш Имантайұлы Сәтбаев атындағы Қазақ Ұлттық техникалық университеті) ашылған.1960 жылы Қазақ политехникалық институты боп қайта құрылып, 1970 жылы институтқа В.И.Ленин есімі берілді.
Институттың белді ғылым ордасы болып қалыптасуы Х.К.Аветисян, О.А.Байқоңыров, И.И.Бок, А.В.Бричкин, Л.Г.Кушев, В.Д.Пономарев, А.С.Попов, В.В.Стендер, А.А.Цефт, Е.Д.Шлыгин және де басқа осындай атақты ғалымдар атымен тығыз байланысты.
Қазақ политехникалық институтының негізінде 1975-інші жылы Алматы энергетика институты, 1977-нші жылы Рудныйда индустриалдық институт, 1980-інші жылы - Алматы архитектура-құрылыс институты құрылды.
1994 жылдың қаңтарында В.И.Ленин атындағы ҚазПТИ Қазақ Ұлттық техникалық университет болып қайта құрылды, сөйтіп оған әлемдік тәжірибеде қабылданған көпсалалы жүйе бойынша еліміз үшін білікті кадрлар дайындау, сондай-ақ түрлі техникалық салалардағы қажетті мамандықтар бойынша оқу жоспарлары мен бағдарламаларын жасау міндеттері жүктелді.
Бүкіл еліміз бойынша инженерлік-техникалық кадрлар дайындаудағы айрықша жетістіктері үшін Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1999 жылғы қыркүйектің 22-дегі Қаулысымен Қазақ Ұлттық техникалық университетіне көрнекті қазақ ғалымы, академик Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың есімі берілді.
20 жыл бұрын (1989) Қазақ КСР-інде «Тілдер туралы» заң қабылдады. Бұл тәуелсіздікке қол жеткізбегенмен, Қазақстан үшін туған тілдің маңызының зор екендігінің айқын көрінісі еді. Сол кезден бастап елде маңызды өзгерістер орын алды. Өмірге қазақ тіліндегі түсіндірме сөздіктер, кітаптар, бастаушылар және жалғастырушылар үшін қазақ тіліндегі оқу құралдары жарық көре бастады. Қазақ тілін жылдам үйрету әдістері пайда болды. Бұл бағдарлама көптеген мемлекеттік мекемелерге енгізілді. 1997 жылы Қазақстанда «Тілдер туралы» жаңа заң қабылданды.
14 жыл бұрын (1995) Қазақстанда Украина елшілігі ашылды
8 жыл бұрын (2001) Папа Римский Иоанн Павел II ресми сапармен Қазақстанға келді.
3 жыл бұрын (2006) Батыс Қазақстан облысының Қаратөбе ауданында қазақтың әйгілі әншісі, композитор Мұхит Мерәліұлына (1841-1918) кесене тұрғызылды.
510 жыл бұрын (1499) Базель келісімі бойынша Швейцария конфедерациясы Қасиетті Рим империясынан тәуелсіздік алды.
70 жыл бұрын (1939) КСРО мен Германия Польшада Висла бойымен алдына-ала екі ел арасындағы шекараны белгіледі.
ЕСІМДЕР
70 жыл бұрын (1939) «Оразалин и К» ЖШС-нің бас директоры ОРАЗАЛИН Аманкелді Байдалыұлы дүниеге келді.
Ақмола облысында туған. Целиноград ауыл шаруашылық институтын бітірген. Алексеев аудандық ауыл шаруашылық басқармасының бастығы, совхоз директоры, бас агроном, агроном болған. 1974-1982 жылдары - Краснознаменск аудандық атқару комитетінің төрағасы. 1982-1989 жылдары - Краснознаменск аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы 1989-1990 жылдары - Қима аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы, атқару комитетінің төрағасы. 1990-1991 жылдары - Целиноград облыстық партия комитетінің хатшысы. 1991-1992 жылдары - Целиноград облыстық кеңесі төрағасының кеңесшісі. 1992-1997 жылдары - Балкашино ауданының әкімі қызметтерін атқарған. 1998 жылдан «Оразалин и К» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас директоры қызметін атқарады.
Еңбек Қызыл Ту, «Құрмет белгісі» ордендерімен және медальдармен марапатталған.
ҚЫРКҮЙЕКТІҢ 23-І, СӘРСЕНБІ
Сауд Арабиясы Корольдігінің Мемлекеттік мейрамы - Корольдіктің жарияланған күні (1932).
Қазақстан Республикасы мен Сауд Арабиясы арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас 1994 жылғы сәуірдің 30-ында орнатылды.
ОҚИҒАЛАР
17 жыл бұрын (1992) Қазақстан Республикасы мен Колумбия Республикасы арасында дипломатиялық қарым-қатынас орнатылды.
15 жыл бұрын (1994) Ақмола аграрлық университетіне Сәкен Сейфуллин есімі берілді.
11 жыл бұрын (1998) Алматыда танымал композитор Әсет Бейсеуовке ескерткіш орнатылды.
5 жыл бұрын (2004) Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаев Алматыдағы резиденциясында Афинада өткен XXVIII жазғы Олимпиада ойындары жүлдегерлерімен кездесіп, мемлекеттік наградаларды табыс етті.
Бокстан Олимпиада чемпионы Бақтияр Артаев 1-інші дәрежелі «Барыс» орденімен, Олимпиаданың күміс жүлдегерлері - грек-рим күресінің палуаны Георгий Цурцумиа, боксшы Геннадий Головкин, еркін күрес палуаны Геннадий Лалиев, ауыр атлет Сергей Филимонов «Құрмет» орденімен, қола жүлдегерлер - жеңіл атлет-онсайысшы Дмитрий Карпов, боксшы Серік Елеуов, грек-рим күресінің палуаны Мхитар Манукян «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды. Олимпиада жеңімпазы мен жүлдегерлерін дайындаған жаттықтырушылар - Н.Ақүрпеков, К.Ғалымтаев, Л.Дон, Ю.Мельниченко, Т.Сайханов және В.Карповқа «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағы берілді. Қазақстан спортшылары Олимпиада ойындарынан бір алтын, төрт күміс және үш қола медаль жеңіп алды. Командалық есеп бойынша Қазақстан қырқыншы орынға табан тіреді.
3 жыл бұрын (2006) Атырауда бесжұлдызды Renaissance қонақүйі ашылды. Бұл отельде 51 жоғары мәртебелілерге арналғандарын қосқанда, өзге де кең бөлмелер мен клуб, барлығы 202 нөмір бар. Мұнда сондай-ақ екі мейрамхана, бизнес орталық, жабық бассейн де көп көңілінен шығады. Қоғамдық шаралар өткізу үшін отельде бүгінге күнге дейін Атыраудағы ең көлемді, жалпы аумағы 605 шаршы метр кең зал да келушілерге өз қызметін ұсынады.
115 жыл бұрын (1894) тұңғыш француз кәсіподағы - Біртұтас еңбек конфедерациясы құрылды.
ЕСІМДЕР
70 жыл бұрын (1939) ақын, республикалық Махамбет атындағы сыйлықтың лауреаты ӘЖІҒАЛИЕВ Нұралы дүниеге келді.
Атырау облысында туған. Атырау педагогикалық институтын бітірген. Атырау облысының Ембі аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы қызметін атқарған, облыстық және аудандық газеттерде жұмыс істеген. Қазіргі уақытта «Нарын» журналының бас редакторы.
«Жаңғырығы жанымның», «Тағдырым осы таңдаған» жинақтарының авторы.
50 жыл бұрын (1959) Халықаралық ақпараттандыру академиясының корреспондент мүшесі ӘБДІҚҰЛОВ Тауғазы Сәтбайұлы дүниеге келді.
Жамбыл облысында туған. Мәскеу электротехника байланыс институтын бітірген. Жамбыл телефон-телеграф стансасының қалалық телефон жүйесінде цех инженері болып жұмыс істеген. 1984-1987 жылдары - Жамбыл аудандық байланыс бөлімшесінің бас инженері. 1987-1997 жылдары - Жамбыл қалалық телефон жүйесінің бас инженері, бастығы. 1997 жылы - Жамбыл қалалық телекоммуникациялар мекемесінің директоры. 1997-1998 жылдары - Жамбыл облыстық телекоммуникациялар дирекциясының бас директоры. 1998-2000 жылдары - «Алматытелеком» бас директорының бірінші орынбасары. 2000-2002 жылдары - «Қазақтелеком» ААҚ-ның атқарушы директоры - сату департаментінің директоры, Батыс Қазақстан облыстық телекоммуникация дирекциясының бас директоры - «Қазақтелеком» ААҚ-ның бас коммерциялық директорының орынбасары, Атырау облыстық телекоммуникация дирекциясының бас директоры - «Қазақтелеком» ААҚ батыс аймағы бойынша атқарушы директоры. 2002-2005 жылдары - «Қазақтелеком» АҚ-ның бас әкімшілік директоры - вице-президенті. 2005 жылы - «Қазақтелеком» АҚ-ның бас коммерциялық директоры - вице-президенті. 2005 жылдың тамызынан «Астанателеком» бас директоры - «Қазақтелеком» АҚ-ның атқарушы директоры.
55 жыл бұрын (1954) «Нұр Отан» ХДП Ақмола облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары ПОЛИТКИН Николай Афанасьевич дүниеге келді.
Омбы педагогика институтын, Алматы жоғары партия мектебін бітірген. Сілеті аудандық партия комитетінің нұсқаушысы, жалпы бөлімінің меңгерушісі қызметтерін атқарған. 1994-1997 жылдары - Степногор қалалық мәслихатының бөлім меңгерушісі. 1997-1999 жылдары - Степногор қаласының әкімі аппаратының басшысы. 1999 жылдан - басшы орынбасары, 2004 жылдың қазанынан - Ақмола облысының әкімі апппаратының басшысы. Жоғарыда аталған қызметінде 2008 жылдың қаңтарынан жұмыс істеуде.
«Құрмет» орденімен марапатталған.
40 жыл бұрын (1969) ауыр атлетикадан Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері НЮ Вячеслав дүниеге келді.
Алматы облысының Үштөбе қаласында туған. Жаттықтырушысы - Ю. Мельников. Қазақстан біріншіліктері мен халықаралық жарыстардың жүлдегері. 1994 жылғы XII Азия ойындарының (Хиросима, Жапония) жеңімпазы. 1996 жылғы Әлем чемпионатының қола жүлдегері.
ҚЫРКҮЙЕКТІҢ 24-І, БЕЙСЕНБІ
Дүниежүзілік жүрек күні. 2001 жылдан Дүниежүзілік жүрек федерациясының бастамасымен Жүрек ауруларының қауіптілігін насихаттау мақсатында атап өтіледі.
Гвинея-Бисау Республикасының Ұлттық мейрамы - Тәуелсіздік күні (1973). Гвинея-Бисау - Солтүстік-Батыс Африкада орналасқан мемлекет. Солтүстігі Сенегалмен, шығысы мен оңтүстігі Гвинеямен, батысы Атлант мұхитымен шектеседі. Мемлекетке 60-қа жуық аралдар кіреді. Астанасы - Бисау қаласы. Мемлекеттік тілі - португал тілі. Ақша бірлігі - песо.
ОҚИҒАЛАР
75 жыл бұрын (1934) Ұйғыр музыкалық комедия театры құрылды. Театр 1941-1961 жылдары Еңбекшіқазақ ауданында орналасқан, кейінірек Алматы қаласына қоныс аударған. 1964 жылы атауы Республикалық ұйғыр музыкалық драма театры деп өзгерген.
38 жыл бұрын (1971) Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің Қаулысымен сот және әділет органдарының жұмысын жақсарту мақсатында кәсібін көтеру курстары ұйымдастырылды.
18 жыл бұрын (1991) 1986 жылғы желтоқсанның 17-18-і күндері Алматы қаласындағы оқиғаларға байланысты жағдайларға кесімді баға беру жөніндегі қорытындылар мен ұсыныстар туралы Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президиумының Қаулысы жарияланды.
10 жыл бұрын (1999) Лондондағы әйгілі Бейкер-стритте Шерлок Холмсқа ескерткіш орнатылды.
ЕСІМДЕР
105 жыл бұрын (1904-1922) жазушы, аудармашы, Қазақ КСР мәдениетіне еңбек сіңірген қайраткер ӨЗДЕНБАЕВ Хасен дүниеге келді.
Қостанай облысында туған. Орынбордағы мұғалімдер даярлайтын курстарды, Мәскеудегі облыстық газеттердің редакторларын даярлайтын курстарды, Қостанай мұғалімдер институтын бітірген. 1920-1928 жылдары - кеңестік заң органдарында, 1928-1973 жылдары - баспаларда редакторлық қызметтер атқарған. Әдеби қызметін 1929-1930 жылдары бастайды. Қостанайдың өлкелік «Ауыл» газетінде фельетондары, очерктері жарық көрген. М.Алексеевтің «Большевики», М.Шолоховтың «Поднятая целина», «Тихий Дон», И.Гончаровтың «Обломов» туындыларын, О.Бальзактың, П.Мэрименнің, И.Вазовтың шығармаларын қазақ тіліне, Ғ.Мұстафиннің «Дауылдан кейін» романын Н.Кузьминмен бірлесіп орысшаға, өзбек жазушысы А.Мұхтардың «Апалы-сіңлілер» кітабын, татар жазушысы А.Еникийдің «Айтылмай қалған өсиет» повесін аударған.
«Еңбектегі ерлігі үшін», «Еңбек ардагері» медальдарымен, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Құрмет Грамотасымен марапатталған.
95 жыл бұрын(1914-1992) ғалым, биология ғылымының докторы, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым қайраткері АЛМАНИЯЗОВ Ағыбай Алмасұлы дүниеге келді.
Қызылорда облысы Қазалы ауданында туған. Ташкент ауыл шаруашылығы институтын бітірген. 1938-1941 жылдары - Оңтүстік Қазақстан облыстық жер басқармасының агрономы, Бүкілодақтық мақта шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының аға ғылыми қызметкері. 1953-1959 жылдары - Ташкент ауыл шаруашылығы институтының кафедра меңгерушісі. 1959-1984 жылдары - Қазақ Ауыл шаруашылық институтының кафедра меңгерушісі қызметтерін атқарған. Алманиязовтың негізгі ғылыми-зерттеу жұмыстары өсімдік биологиясын, оның ішінде: бидай, жүгері, қызылша, бақша дақылдары, жоңышқа және мақта эмбрологиясын, цитологиясын және селекциясын зерттеуге арналған. Ол сондай-ақ жоңышқа өсімдігіндегі цитоплазмалық аталық ұрықсыздықты тапқан. Бұл зерттеудің Орта Азия мен Қазақстанда жоңышқаның гетерозистік будандарын алуда маңызы зор болды. Қауынның «Қазақстан - 1», «Қазақстан - 2» деп аталатын сорттарын шығарды. Қазалы қаласының орталық көшелерінің біріне Алманиязовтың есімі берілген.
90 жыл бұрын (1919) ақын, фольклоршы, әдебиеттанушы, филология ғылымдарының кандидаты АДАМБАЕВ Балтабай Әбдірахманұлы дүниеге келген. Ұлы Отан соғысына қатысушы.
Жамбыл облысында туған. ҚазМУ-ді (қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті) бітірген. Сарысу аудандық газетінде, Жамбыл облыстық комсомол комитетінде, Тараз қаласындағы орта мектепте жұмыс істеген. 1957-інші жылдан Қазақ КСР Ғылым академиясы Әдебиет және өнер институтының аға ғылыми қызметкері. Б.Адамбаевтың өлеңдері 1938-інші жылдан жариялана бастады. «Шын жүректен», «Ақбөбек», «Аманат», «Тұлпардың ізімен» жинақтарында Отанға, Жер-Анаға сүйіспеншілік жырланады. «Жорықтағы солдат» повестер мен әңгімелер кітабы Ұлы Отан соғысының майдандары мен тылдағы адамдар ерлігі айқын көрініс тапқан. Ол ғалым ретінде «Шешендік өнер», «Халық даналығы», «Қазақ шешендік өнері» кітаптарында халқымыздың мақал-мәтелдері мен шешендік өнерінің жанрлық табиғаты мен одан әрі даму жолдары зерттелген.
2-дәрежелі Ұлы Отан соғысы орденімен екі рет марапатталған.
45 жыл бұрын (1964) заң ғылымдарының кандидаты ҒИЛЫМОВ Самат Қуанышұлы дүниеге келді.
Атырау қаласында туған. Қазақ Ауыл шаруашылығы институтын, Қазақ Мемлекеттік заң университетін бітірген. Атырау облысы бойынша нашақорлықпен және қылмыспен күрес басқармасының ерекше істер бойынша аға инспекторы, бөлім бастығы, басқарма бастығының орынбасары қызметтерін атқарған. 1999-2001 жылдары - Атырау облысы бойынша Қаржы полициясы департаментінің бастығы. 2001-2002 жылдары - Каспий аймағы бойынша көліктегі қаржы полициясының бөлім бастығы. 2002-2005 жылдары - Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары.
Медальмен марапатталған.
270 жыл бұрын (1739-1791) Ресейдің мемлекеттік және әскери қайраткері, генерал-фельдмаршал, 1762 жылғы патша сарайындағы төңкеріске қатысушылардың бірі, патшаханым ІІ Екатеринаның таңдаулысы және жақын көмекшісі ПОТЕМКИН Григорий Александрович дүниеге келді.
Солтүстік Причерноморьені игеруге мүмкіндік жасаған, Қара теңіз флотын құруға басшылық жасаған. Қырымды біріктіргеннен кейін Тавриялық жарқын князь лауазымын алған. 1787-1791 жылдары - орыс-түрік соғысында орыс армиясының Бас қолбасшысы болған.
ҚЫРКҮЙЕКТІҢ 25-І, ЖҰМА
Халықаралық теңіз күні. 1978-інші жылы БҰҰ Бас ассамблеясының 10-ыншы сессиясында қабылданған. Әдетте қыкүйектің соңғы жұмасында аталып өтеді.
ОҚИҒАЛАР
81 жыл бұрын (1928) Қызылордада «Ленинская смена» атты жастар газетінің (қазіргі «Экспресс-К» республикалық газеті) тұңғыш саны жарық көрді.
62 жыл бұрын (1947) Өскемен мырыш зауыты іске қосылды.
3 жыл бұрын (2006) Қазақстан мен Үндістанның әскери альпинистер тобы Ладакхедегі 7140 метрлік Нун шыңына көтерілді. Бұл екі елдің шыңға өрмелеушілерінің бірлесіп жасаған алғашқы шарасы. 34 адамнан тұратын аталмыш экспедицияға Үндістан Қарулы Күштерінің подполковнигі А.Гот жетекшілік жасады. Оған Қазақстаннан аға лейтенант Тахир Алпысов пен Рүстам Жорабаев және сержант Юрий Горбунов, Сергей Самойлов, Александр Рудаков пен Дмитрий Чумаков қатысты.
220 жыл бұрын (1789) АҚШ Конгресі - қазірде Құқық туралы Билль атауымен белгілі - конституцияға 12 өзгеріс енгізді.
40 жыл бұрын (1969) Англияда әйгілі «Битлз» тобының соңғы студиялық Abbey Road альбомы шықты.
30 жыл бұрын (1979) монреальдық ірі ағылшын тілінде шығатын газет «Монрель Стар» 110 жылдық тарихынан соң жарық көруін тоқтатты.
ЕСІМДЕР
110 жыл бұрын (1899-1921) ақын ІЗТӨЛИН Баймағамбет Қанапияұлы дүниеге келді.
Солтүстік Қазақстан облысында туған. Пресногорький мектебінде оқып, сосын Троицк қаласындағы «Уәзифа» медресесінде білім алған. Революция кезінде жарлы-жақыбайлар арасында саяси насихатпен айналысып, үндеухаттар таратты. Ұлы Октябрь социалистік революциясынан кейін Петропавл қаласында мұсылман бюросы мен қазақ-татар клубы жұмысына белсенді қатысып, Федоров аудандық халыққа білім беру бөлімінің инспекторы қызметін атқарған, мектептер ашып, мұғалімдер даярлайтын қысқа мерзімді курстар ұйымдастырған. Петропавлдағы ақгвардияшылармен ұрыста қаза тапқан.
17 жасынан өлең жаза бастаған. Жасөспірім ақынның шығармашылығына Абай поэзисы мен қазақ фольклорының әсері мол болған. 1916-1919 жылдар аралығында жарық көрген «Ала торпақ», «Жалғыз жілік», «Өкпеге жауап», «Өмірім», «Соғыс», «Айым мен күніме» өлеңдері Баймағамбет есімін дүйім жұртқа кеңінен мәшһүр етті.
Оның шығармалар жинағы бірнеше рет (1926, 1933, 1951, 1981) баспаларда жарық көрген. Өлеңдері бірқатар оқулықтарда да жарияланды. Ізтөлиннің бейнесі С.Мұқановтың «Өмір мектебі» трилогиясында жарқын көрініс тапқан.
85 жыл бұрын (1924) Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері, Қазақстан халық ағарту ісінің озық қызметкері ӨЗБЕКОВ Түркістан Мақсұтұлы дүниеге келді. Ұлы Отан соғысына қатысушы.
Оңтүстік Қазақстан облысының Түркістан қаласында туған. 1953 жылы Алматы консерваториясын бітірген. 1953-1961 жылдары - Алматы консерваториясы жанындағы арнаулы орта музыкалық мектептің директоры, 1961-1963 жылдары - Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің ғылым, мәдениет және оқу орындары бөлімінің нұсқаушысы. 1963-1964 жылдары - Алматы музыка училищесінің директоры. 1964-1968 жылдары Республикалық орта музыка мектеп-интернатының негізін қалап, директоры болды. 1968-1976 жылдары - Алматы консерваториясының деканы, доценті. 1976-1984 жылдары - Абай атындағы опера және балет театрының директоры. 1984 жылдан Алматы консерваториясының оқытушысы, профессоры. Гастрольдік сапармен Португалияда, Швейцарияда, Вьетнамда болған.
«Қазақ халық әндерінің негізіндегі керней мен фортепьяноға арналған пьесалар жинағы», «Үрмелі аспаптарда ойнауға үйрету методикасы» ғылыми еңбектерінің авторы.
1-дәрежелі Отан соғысы орденімен, екі рет «Құрмет Белгісі» орденімен марапатталған.
70 жыл бұрын (1939) ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Ғылым академиясының корреспондент мүшесі, Қазақстанның еңбек сіңірген агрономы ӘБДІРАЙЫМОВ Сейфолла дүниеге келді.
Қызылорда облысы Жаңақорған ауданының Бірлік аулында туған.
1964-1965 жылдары - Қазақстан Ауыл шаруашылығы министрлігінде жауапты қызметкер. 1965-1978 жылдары - Қазақ қаракөл шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтында бөлім меңгерушісі. 1978 жылдан осы институт директорының орынбасары.
Оның ғылыми-зерттеу еңбектері шөлейт аймақтарда өсетін мал азықтық өсімдіктер тұқымын шығаруға арналған. С.Әбдірайымов Қазақстанның қуаңшылықты аймақтарында жайылымдарды суландырудың теориялық негізін жасап, 200 000 га суландырылатын жайылым алқабын ауыл шаруашылық өндірісі айналымына енгізді. Сондай-ақ, құрғақшылыққа төзімді, жоғары өнімді мал-азықтық шөптердің бірнеше сорттарын («Сырдариялық изен», «Арыстық» теріскен, «Жан сая» қара сексеуіл) шығарды.
70 жыл бұрын (1939) актер, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі ЕСЕНҚҰЛОВ Сейітхан дүниеге келді.
Алматы облысы Жамбыл ауданында туған. Алматы мемлекеттік консерваториясын бітірген. 1964 жылдан Ғ.Мүсірепов атындағы Балалар мен жасөспірімдер театрында өнер көрсетеді.
Сахнада Клавдий патшаның (У.Шекспир «Гамлет»), Марданның (М.Әуезов «Алуа»), Бүркіттің, Асқардың (С.Мұқанов «Мөлдір махаббат», «Ботагөз») бейнелерін сомдаған.
50 жыл бұрын (1959) суретші, өнертану докторы КЕМЕШОВ Ділдабай Әнуарұлы дүниеге келді.
Оңтүстік Қазақстан облысында туған. Ә.Қастеев атындағы Шымкент өнер колледжін, Ғ.Низами атындағы Ташкент педагогика институтын бітірген. М.Әуезов атындағы Шымкент педагогика институтының көркем сурет кафедрасының оқытушысы, әуен және өнер кафедрасының меңгерушісі қызметтерін атқарған. 1998-1999 жылдары Мәскеу қаласындағылыми-практикалық сынақтан өткен. Қазір Қ.А.Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті өнер факультетінің киім дизайны кафедрасының меңгерушісі болып жұмыс істейді.
1 монографияның, 15 әдістемелік құралдар мен бірқатар жарияланған ғылыми еңбектердің авторы. 2 шәкірт тәрбиелеп шығарған.
ҚЫРКҮЙЕКТІҢ 26-Ы, СЕНБІ
Шет тілдердің еуропалық күні. Жаңа мыңжылдық басталысымен ЮНЕСКО 21-ші ғасырды полиглоттар ғасыры деп жариялады. 2001 жыл Дүниежүзілік тілдер жылы деп жарияланды.
ОҚИҒАЛАР
47 жыл бұрын (1962) Қазақстан Республикасының Энергетика және электрификация министрлігі Қазақ КСР Энергетика және электрификация министрлігі болып құрылған.
Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың 1992 жылғы 7-інші ақпандағы Жарлығымен министрлік таратылды. Соның негізінде Қазақстан Республикасы Энергетика және отын ресурстары министрлігі құрылды.
12 жыл бұрын (1997) Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Жарлығымен «Фармацевтикалық және медициналық өнеркәсіпті дамытудың мемлекеттік бағдарламасы» бекітілді.
7 жыл бұрын (2002) Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев ЮНЕСКО шеңберінде атап өтілген ежелгі Ұлы Жібек жолы бойындағы мәдениет пен ғылым өркендеген көне Тараздың 2000 жылдығына арналған мерекелік шараларға қатысты. Орталық алаңда Бәйдібек Қарашаұлының үлкен ескерткіші ашылып, Мұражай мен Тараз университеті жанынан сәулет өнерінің соңғы жетістіктері үлгісімен салынған Мұхаммед Қайдар Дулати атындағы Жастар сарайы пайдалануға берілді. Бұрынғы Химиктер сарайы жаңғыртылып, Баласағұн атындағы сарай болып қайта ашылды. Осы күні қойылған театрландырылған көрініске қаланың 6 мыңнан астам өнерпаздары қатысты.
3 жыл бұрын (2006) Павлодарда өмірі мен шығармашылығы Солтүстік Қазақстанмен байланысты жазушы Иван Шуховқа арналған «Сайын дала ұлы» деректі бейнефильмі түсірілді. 40 минуттық фильмде Шуховпен жолығысқан адамдардың естеліктері таспаға жазылған. Бейнежазбада - әдебиетшінің ой-қиялының қатпарларынан сыр бүгіп, өткен оқиғаларға баға берген, өмірі мен шығармашылығы жайындағы ойларынан әңгіме шерткен әдебиетші күнделігінің беттері берілген.
3 жыл бұрын (2006) Лондондағы танымал концерт залдарының бірі - Барбикан-Холлда Қазақстан Елшілігінің ұйымдастыруымен және қаржылай қолдауымен Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясы Студенттік симфониялық оркестрінің концерті өтті. Оның жетекшісі - консерватория ректоры, танымал пианист Жәния Әубәкірова. Концертті тамашалауға келген 1700-ден астам классикалық музыка сүйермендері Ш.Қажығалиевтың, С.Рахманиновтың және И.Брамстың таңдаулы әуенді композицияларын тыңдап, шынайы өнер кәусарына қанықты.
75 жыл бұрын (1934) Англияда Queen Mary мұхиттық лайнері пайдалануға берілді. Бұл суығыстырғыштығы 75000 тоннадан астам тұңғыш кеме болатын. 1936 жылғы көктемде толықтай іске қосылғаннан кейін ол Атлант мұхитын кесіп өтуден бірнеше рекордтар жасаған.
ЕСІМДЕР
65 жыл бұрын (1944) Алматы облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының бастығы ДӘНДІБАЕВ Мамыш дүниеге келді.
Алматы облысында туған. Қазақ ауыл шаруашылығы институтын бітірген. Алматы электротехника зауытының шебері, инженер-технологы болып жұмыс істеген. 1981-1986 жылдары - Қазақ КСР Автомобиль көлігі министрлігі басқармасы бастығының орынбасары, бастығы. 1986-1998 жылдары - Алматы облыстық жолаушылар автомобиль көлігі басқармасының бастығы. 1998-2000 жылдары - Алматы қалалық Жүргізушілер одағының директоры. 2000 жылы - «Алаутрансгаз» АҚ-ы президентінің кеңесшісі. 2000-2001 жылдары - «Қазақстан Республикасы Көліктегі қауіпсіздік қоры» ЖШС-нің бас директоры. 2001-2003 жылдары - «Қазақстан Республикасы Жол қозғалысы қауіпсіздігі қоры» Алматы қалалық филиалының директоры. 2003-2005 жылдары - «Қазавтокөлік» ААҚ-ның басқарушысы. 2005 жылы - «Көлік қызметкерлерінің Кәсібін жетілдіру институты» ЖШС-гі директорының орынбасары. 2005 жылдың қазанынан жоғарыда аталған қызметінде.
50 жыл бұрын (1959) Оңтүстік Қазақстан облысы Сарыағаш ауданының әкімі БАЙҒОНОВ Жамбыл Шырақбайұлы дүниеге келді.
Оңтүстік Қазақстан облысында туған. Қазақ ауыл шаруашылығы институтын, «Қайнар» университетін бітірген. Алғабас аудандық қаржы бөлімінде аға экономист, Қазақстан ЛКЖО Алғабас аудандық комитетінің екінші хатшысы болып жұмыс істеген. 1988 жылы - Алғабас аудандық партия комитетінің нұсқаушысы. 1988-1990 жылдары - Қазақстан ЛКЖО Алғабас аудандық комитетінің бірінші хатшысы. 1990-1992 жылдары - партком хатшысы, совхоз директорының орынбасары. 1992-1998 жылдары - салық инспекциясының бастығы, Алғабас ауданы әкімінің орынбасары. 1998-2002 жылдары - Бәйдібек ауданының әкімі. 2002 жылы - Оңтүстік Қазақстан облыстық экономика және кәсіпкерлік департаментінің бастығы. 2002-2004 жылдары - Ордабасы ауданының әкімі. Жоғарыда аталған қызметінде - 2004 жылдың желтоқсанынан.
«Құрмет» орденімен, төрт медальмен марапатталған.
160 жыл бұрын (1849-1936) орыстың аса көрнекті физиологы, Петербор Ғылым академиясының академигі, Ресей Ғылым академиясының академигі, КСРО Ғылым академиясының академигі, ас қорыту механизмін зерттегені үшін Нобель сыйлығының иегері ПАВЛОВ Иван Петрович дүниеге келді.
Петербор университетін, Медициналық-хирургиялық академияны бітірген. 1890-1924 жылдары Әскери-медициналық академияның профессоры, сонымен бірге Эксперименттік медицина кафедрасының меңгерушісі қызметін қоса атқарған. 1925-інші жылдан өмірінің соңына дейін КСРО Ғылым академиясының Физиология институтына жетекшілік жасаған.
Қазіргі заманғы ірі физиология мектебінің, физиологиялық зерттеулерге жаңаша талап пен әдістемелердің негізін қалаушы. И.Павлов - өлім процесін қағазға түсіріп, бастан-аяқ тізіп берген ғалым. Жаны қиналған сәттен төсегінің басында отырған шәкірттеріне дене мүшелерінің қайсысы ұйығанын, тартылып қалғанын, қайсысынан жан кете бастағанын, қысқасы - адамның қалай өлетінін рет-ретімен түгел айтып кеткен.
75 жыл бұрын (1934) кеңес және ресейлік танымал театр мен кино әртісі, КСРО халық әртісі БАСИЛАШВИЛИ Олег Валерианович дүниеге келді.
Мәскеудің Көркемөнер академиялық театры жанындағы студия-мектебін бітірген соң Лениндік комсомол атындағы Ленинград театрына жолдама алады. 1959 жылы Академиялық үлкен драма театрының труппасына шақырылады. Әйгілі Г.А Товстоноговтың «Зұлымдар», «Мұхит», «Ақыл азабы», «Апалы-сіңлілер», «Ат хикаясы» тәрізді танымал қойылымдарында өнер көрсетеді. Эльдар Рязановтың «Қызметтестер хикаясы», «Екеуге арналған бекет», «Пұшайман гусарды жұбатар сөз айтыңыз», Георгий Данелияның «Күзгі марафон» кинофильмдерінде орындаған рөлдері талантты актерді бұрынғыдан да танымал етті. 2006 жылы «Ғасыр қолтаңбасы» кітабын шығаруға қатысты.
III және IV дәрежелі «Отан алдындағы жетістігі үшін», Достық, Еңбек Қызыл Ту ордендерімен марапатталған. «Қызметтестер хикаясы» фильміндегі Самохваловтың рөлі үшін ағайынды Васильевтер атындағы РСФКР Мемлекеттік сыйлығын иеленді, сондай-ақ әдебиет, өнер және архитектура саласындағы Санкт-Петербор Үкіметі сыйлығының, үздік ер адам рөлі үшін «Алтын софит» пен «Алтын перде» сыйлықтарының да иегері.
ҚЫРКҮЙЕКТІҢ 27-І, ЖЕКСЕНБІ
Халықаралық туризм күні. Бүкілдүниежүзілік туристік ұйымның Бас ассамблеясының шешімімен жыл сайын қыркүйектің соңғы жексенбісінде атап өтіледі.
Саңыраулардың халықаралық күні. Бүкілдүниежүзілік саңыраулар федерациясының құрылуына орай 1951 жылдан қыркүйектің соңғы жексенбісінде атап өтіледі.
Машина жасаушылар күні. 1980 жылғы қазанның 1-індегі КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасының Жарлығымен қыркүйек айының соңғы жексенбісі болып бекітілген.
ОҚИҒАЛАР
80 жыл бұрын (1929 жылғы қыркүйектің 27-30) Сырдария өлкесі Бостандық ауданының (қазіргі Өзбекстан аумағында) тұрғындары астық дайындау науқаны барысындағы несие төлеу ауырпалықтарына және кеңестік биліктің оған күштеп көндіру қимылдарына қарсы наразылық танытты. 500-ге жуық адам қатысқан Бостандық көтерілісін ұйымдастырушылар Т.Мұсабаев, Ұ.Майлыбаев болды. Бірішмолла қыстағы маңындағы шайқаста И.Чаныбековтың басмашылар отряды көтерілісшілерге көмекке келді. Көтерілісті біріккен мемлекеттік саяси басқарма отряды жаншып тастады. Көтерілісшілердің ішінен 50 адам қаза тауып, 2 адам ату жазасына кесілсе, 36 адам - 10 жылға түзету лагерьлеріне жөнелтіліп, 7 адам - 5 жылға жер аударылды.
4 жыл бұрын (2005) Астанада Жамбыл атындағы №4 мектеп-гимназиясы негізінде жас туристер стансысы ашылды.
3 жыл бұрын (2006) Германияның Баден-Вюртемберг жерінде, Вальдбрунн-Мюльбен қаласында Қазақстан Елшілігі жергілікті қымыз өндіруші фермамен бірлесіп, Германиядағы қазақ диаспорасы мен Қазақстаннан көшіп барған отандастарымыздың белсенді атсалысуымен «Қымыз мерекесін» өткізді. Шара аясында мерекелік қойылымдар ұйымдастырылып, қымыз мерекесіне арнайы келген қонақтардың алдында Кельн және Бавария қалаларындағы қазақ диаспорасының көркемөнерпаз әртістері өнер көрсетті. Мереке қонақтары қазақтың киіз үйімен, домбыра аспабымен, ұлттық дастарқан мәзірімен және Германиядағы қымыз өндірісінің басталу тарихымен, қымыздың емдік қасиеттерімен танысты.
3 жыл бұрын (2006) Алматы облысы Іле ауданындағы Первомай кентінде Қазақстандағы алғашқы инфузиялық ерітінділер шығаратын зауыттың таныстырылымы болды. Инфузиялық ерітінділер стратегиялық маңызды дәрі-дәрмек қатарына жатады. Олар ауруханаларда күн сайын үлкен көлемде пайдаланылады. Сондай-ақ түрлі эпидемиялар, табиғи және техногендік сипаттағы апаттар мен соғыс қимылдары кезінде де оған деген сұраныс еселеп арта түседі. Халықаралық медициналық зерттеулерге қарағанда бір адамға жылына орта есеппен екі литр инфузиялық ерітінділер керек. Қазіргі таңда олардың 90 пайызы шет елдерден әкелінеді.
ЕСІМДЕР
65 жыл бұрын (1944-1998) Қазақстан Республикасының құрметті прокуратура қызметкері, 3-дәрежелі мемлекеттік әділет кеңесшісі ТӘЛІПОВ Қабділмәжит Шаймарданұлы дүниеге келді.
Павлодар облысында туған. Қазақ мемлекеттік университетін (қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті) бітірген. Баянауыл, Успен аудандық прокуратураларының тергеушісі, Павлодар облыстық прокуратурасының аға тергеушісі қызметтерін атқарған. 1980-1983 жылдары - Маңғыстау облысы прокурорының орынбасары. 1983-1984 жылдары - Маңғыстау облыстық партия комитетінің жауапты қызметкері. 1985-1994 жылдары - Орал (Батыс Қазақстан) облысының прокуроры. 1994-1998 жылдары - Маңғыстау облысының прокуроры.
Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Грамоталарымен марапатталған.
55 жыл бұрын (1954) Маңғыстау облысы Маңғыстау ауданының әкімі АБЫТОВ Жиенай дүниеге келді.
Ақтөбе қаласында туған. Қарағанды кооперативтік институтын бітірген. Маңғыстау облысы бойынша Салық комитеті төрағасының міндетін атқарушы болып жұмыс істеген. 2006 жылдың сәуірінен жоғарыда аталған қызметін атқаруда.
55 жыл бұрын (1954) «Жайықмұнай» ЖШС-нің бас директоры, жер қойнауын барлау ісінің үздігі ДРУЖИНИН Вячеслав Михайлович дүниеге келді.
Ақтөбе облысында туған. Томск политехникалық институтын бітірген. 1977-1979 жылдары - геологиялық-барлау партиясының бұрғылаушы мастері, Волков өндірістік геологиялық бірлестігінің аға инженер-конструкторы. 1979-1983 жылдары - кешенді геологиялық экспедицияның аға конструкторы. 1983-1994 жылдары - «Волковгеология» бірлестігінде геологиялық-барлау партиясының бас инженері, еңбекті қорғау және техника қауіпсіздігі жөніндегі бас маман, бас директордың орынбасары. 1994-1997 жылдары - «Жарық» мемлекеттік холдингтік компаниясының вице-президенті, «Қазақгаз» мемлекеттік холдингтік компаниясының құрамындағы «Газкон» АҚ-ның бас директоры. 1997 жылдан жоғарыда аталған қызметінде.
Бүкілодақтық халық шаруашылығы жетістіктері көрмесінің қола медалімен, «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 10 жыл», «Қазақстан мұнайына 100 жыл» медальдарымен марапатталған.