ҚазАқпарат-Анонс: Мамырдың 14-і мен 16-сы аралығындағы оқиғалардың күнтізбесі

ҚазАқпарат-Анонс: Мамырдың 14-і мен 16-сы аралығындағы оқиғалардың күнтізбесі

ҮКІМЕТ

Мамырдың 14-інде «Риксос» президенттік отелінде Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтң қатысуымен «Бизнестің жол картасы» бағдарламасы аясындағы құжаттарға қол қою рәсімі болады.

Мамырдың 14-15-і күндері ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасы, ҚР Мемлекеттік хатшысы-Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев Алматыда өтетін «ЕҚЫҰ-ның еуразиялық өлшемі» атты екінші Трансазиялық парламенттік форумға қатысады.

Мамырдың 14-інде Қызылорда мен Жамбыл облыстарында ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Өмірзақ Шөкеевтің, ҚР Көлік және коммуникация министрі Әбілғазы Құсайыновтың және жергілікті атқарушы органдар басшыларының қатысуымен «Батыс Еуропа - Батыс Қытай» жобасының іске асырылуы жөніндегі басқару орталығының кезекті отырыстары өтеді.

Мамырдың 14-інде Төтенше жағдайлар министрлігінде «Жаз мезгілінде суға шомылу кезіндегі ережелерін сақтау» мәселесіне арналған брифинг өтеді.

ПАРЛАМЕНТ

Мамырдың 14-і күні, Алматы қаласында басталатын «ЕҚЫҰ-ның еуразиялық өлшемі» атты Трансазиялық парламенттік форумның аясында бірнеше халықаралық кездесулер өтеді. Атап айтқанда, ҚР Парламенті Мәжілісінің Төрағасы Орал Мұхамеджановтың Ауғанстан Ислам Республикасы Парламентінің Волеси Джирга Төрағасының бірінші орынбасарымен кездесуі ұйғарылған. Мамырдың 14-інде Орал Мұхамеджанов сондай-ақ, ЕҚЫҰ ПА-ның төрағасы Жоа Соарешпен кездеседі деп күтілуде.

Мамырдың 15-і, сенбі күні Орал Мұхамеджановтың ЕҚЫҰ ПА президентінің орынбасары, Финляндия Республикасы Парламентінің депутаты Киммо Кильюненмен кездесуі, ТүрікПА-ның Бас Хатшысы Рамиль Гасановпен кездесуі қарастырылған.

ҚОҒАМ

Сәуірдің 15-інен мамырдың 15-іне дейін елімізде «Балалар - біздің болашағымыз» акциясы өтуде.Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникация министрлігі сәуірдің 30-ы мен мамырдың 30-ы аралығында «Таза ауа» акциясын өткізеді. Акцияның мақсаты - автокөлік құралдарының тасымалдаушылары мен жүргізушілерінің рұқсат етілген автокөлік құралдарының шығарындыдағы ластаушы заттар құрамының экологиялық талаптары мен нормаларын сақтауы бөлігінде Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзушылықтың алдын алу.

СПОРТ

Сәуірдің 15-і мен мамырдың 15-і аралығында Қазақстанда «Балалар - біздің болашағымыз» атты акция өтуде.

Еркін күрестен Қазақстанның әйелдер құрамасы мамырдың 14-де Үндістан астанасы Делиде басталатын Азия чемпионатына қатысады.

АСТАНА

Мамырдың 10-ы мен 14-і аралығында Астана қаласы Бейбітшілік және келісім сарайында Біріккен Араб Әмірліктерінің мәдени күндері өтуде.

Мамырдың 14-інде сағат 17.00-де елордадағы Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің мұражайында Шығыс Қазақстан облысы Семей қаласының мұражайлары қорынан ұйымдастырылған «Ұлы тұлғалар бесігі» атты көрменің ашылуы болады.

Мамырдың 14-інде «Риксос» президенттік отелінде Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің қатысуымен «Бизнестің жол картасы» бағдарламасы аясындағы құжаттарға қол қою рәсімі болады.

Мамырдың 14-інде Астана әкімдігінде «Үйлесімді отбасылық қарым-қатынастарды қалыптастырудағы Астана қаласының психологиялық қызметінің ролі» деген тақырыпта «дөңгелек үстел» отырысы өтеді.

Мамырдың 14-і күні Астанадағы Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің әлеуметтік ғылымдар факультетінің мәжіліс залында дінімізді көркем сөзбен өрнектеп, кеңінен насихаттау мақсатында діни өлеңдер мүшайрасы өткізіледі.

Мамырдың 14-інде «Нұр Отан» партиясы Орталық аппаратының кеңсесінде «Елім деп соққан жүрегім» атты жалпыреспубликалық конкурстың басталуына арналған брифинг өтеді.

Мамырдың 14-інде «Нұр Отанның» орталық кеңсесінде Балалардың қоғамдық ұйымдары жетекшілерінің XXIII слеті ашылады.

Мамырдың 14-інде Президенттік мәдениет орталығында «Кілемдер әлемі» көрмесі ашылады.

Мамырдың 14-інде Конгресс-холда Ұлы Жеңістің 65 жылдығына арналған қайырымдылық концерті өтеді.

АЛМАТЫ

Мамырдың 14-інде «Интерконтиненталь» отелінде Мемлекеттік хатшы -сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев ЕҚЫҰ Бас хатшысы МаркПеррен де Бришамбомен және ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясының Президенті Жоао Соарешпен кездеседі.

Мамырдың 14-і күні Алматыдағы ҚР Орталық мемлекеттік мұражайында «Музей түні-2010» PR шарасы өтеді.

Мамырдың 14-інде Қазақстандық Стратегиялық зерттеулер институтында «Германияның Қазақстандағы және Орталық Азиядағы саяси және экономикалық мүдделері» деген тақырыпта халықаралық конференция өтеді.

Мамырдың 14-інде Тұңғыш Президент Қорында «Жатсар ғылымда -2010» халықаралық жастар форумы өтеді.

Мамырдың 14-і мен 16-сы аралығында Алматыда «ЕҚЫҰ Еуразиялық өлшемі» Трансазиялық парламенттік форумы өтеді .

Мамырдың 14-16 күндері Алматыда дәстүрлі «Шәкен жұлдыздары» халықаралық кинофестивалі өтеді.

Алматыда мамырдың 15-і күні Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Мемлекеттік «Дарын» сыйлығының лауреаты, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Әсел Мәмбетованың 50 жасқа толу мерейтойына арналған «Театр - менің тағдырым» деп аталатын бенефис-кеші өтеді.

Алматыда мамырдың 16-сы күні Қазақстанның еңбек сіңірген артисі Уәйіс Сұлтанғазиннің туғанына 60 жыл толуына арналған еске алу кеші өтеді.

АЙМАҚТАР

АҚТӨБЕ ОБЛЫСЫ

Мамырдың 14-і күні Ақтөбеде «КАЗКА» Қазақстан кәсіпкерлері қауымдастығының ұйымдастыруымен «Қазақстандық қамту: шағын және орта бизнестің міндеттері мен мүкіндіктері» атты аймақтық бизнес-форум өтеді.

АТАУЛЫ КҮНДЕР. ЕЛЕУЛІ ОҚИҒАЛАР. МЕРЕЙТОЙЛАР.

МАМЫРДЫҢ 14-І, ЖҰМА

Грузияның Тамаробасы - Грузиндердің ұлттық мерекесі. Әулие Тамара ханшайымды еске алу күні. Ұлттық мереке ретінде 1917 жылдан бастап атап өтіледі.

ОҚИҒАЛАР

3 жыл бұрын (2007) Қарағанды облысының әкімдігі мен Табиғи ресурстардың Еуразиялық корпорациясы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.

1 жыл бұрын (2009) Семейде Шығыс Қазақстандағы тұңғыш «Көксерек» атты аудиокітап шықты. Кітапты «Альфа Марино» жарнама студиясы қазақ әдебиетінің классигі Мұхтар Әуезовтың хикаясы бойынша шығарды.

Идеяның авторы «Қазақстан - Семей» телеарнасының қызметкері Қуат Ахмеджанов. Ұзақтығы 1 сағат 5 минуттық әдеби шығарманы дыбыстандырған да өзі. Шығарушылар аудиокітаптың алғашқы жиынтығын қаладағы мектеп-интернаттарға сыйлық ретінде табыстады.

1 жыл бұрын (2009) Киев қалалық кеңесінің 2008 жылғы желтоқсанның 18-дегі шешімімен Шевченко ауданындағы Кузьминская көшесі қазақ поэзиясының алыбы Жамбыл Жабаевтың есіміне ауыстырылды. 2009 жылғы мамырдың 8-де осы көшеде Жамбыл Жабаевтың мемориалдық тақтасы ресми түрде салтанатпен ашылды.

ЕСІМДЕР

60 жыл бұрын (1950) Қазақстан Республикасының Египет Араб Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі, Қазақстан Республикасының Сирия Араб Республикасындағы, Марокко Корольдігіндегі Төтенше және Өкілетті Елшісі қызметін қоса атқарушы, Араб Мемлекеттері Одағы жанындағы Қазақстан Республикасының Тұрақты өкілі ТАСЫМОВ Бақтияр Сардарбекұлы дүниеге келді.

Өзбекстан Републикасында туған. Ташкент мемлекеттік университетін бітірген.

Қазақстан Республикасының Сауд Арабиясы Корольдігіндегі кеңесші-уәкілі қызметін атқарған. Аталған қызметінде - 2008 жылдан.

45 жыл бұрын (1965) Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау, аттестаттау және аккредиттеу департаменті - Қазақстан Республикасы Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері агенттігінің мемлекеттік құрылыс инспекторы ӘБДРӘЙІМОВ Ғалымжан Райылұлы дүниеге келді.

Жамбыл облысында туған. Жамбыл гидромелиоративті-құрылыс институтын, «Тұран» Университетін бітірген.

Қазақстан Республикасы Индустрия және сауда министрлігінің Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері жөніндегі комитеті Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау, аккредиттеу және аттестаттау басқармасының директоры қызметін атқарды. Қазіргі қызметінде - 2009 жылдан.

МАМЫРДЫҢ 15-І, СЕНБІ

Халықаралық отбасы күні. 1993 жылдан БҰҰ Бас Ассамблеясының қарарымен бекітілген.

Бұл күнді белгілеу әлемдік қауымдастықтың отбасының қазіргі жағдайы мен оның қоғам өміріндегі және өскелең ұрпақ тәрбиесіндегі маңызына алаңдаушылық туғызуына орай жүзеге асып отыр.

Адам өмірі отбасынан басталады, азамат болып қалыптасуы да осында өрбиді. Отбасы - сүйіспеншіліктің, құрметтеудің, ынтымақтастық пен үйір болушылықтың ошағы, яғни, кез келген зиялы қоғамның діңгегі, онсыз адам өмір сүре алмайтын құндылық негізі. Отбасының аман-саулығы - әрбір елдің дамуы мен келешегінің өлшемі.

ОҚИҒАЛАР

18 жыл бұрын (1992) Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Жарлығымен Ұлттық ядролық орталық және Атом қуаты жөніндегі агенттік құрылды.

11 жыл бұрын (1999) Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Жарлығымен Қазақстан Республикасының Мемлекеттік құпияларды қорғау жөніндегі агенттігі құрылды.

3 жыл бұрын (2007) Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев еңбек қатынастарын құқықтық реттеудің жаңа моделін бекітетін, еліміздің экономикалық дамуының осы заманғы талаптарына және еңбек саласындағы халықаралық стандарттарға жауап беретін Қазақстан Республикасының Еңбек кодексіне қол қойды.

Сонымен қатар, Елбасы «Қазақстан Республикасы Еңбек кодексін қолданысқа енгізу туралы» Заңға, сондай-ақ «Қазақстан Республикасының еңбек мәселелерін реттейтін бірқатар заңнамалық актілерін қолданыстағы заңдарды жаңадан қабылданған Еңбек кодексіне сәйкестендіруге бағытталған өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңына қол қойды.

1 жыл бұрын (2009) Берлинде Қазақстанның Германиядағы жылы ауқымында «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ-ның («Болашақ») Германиядағы және Еуропадағы құрылықтық елдердегі өкілдіктері ресми түрде ашылды.

ЕСІМДЕР

90 жыл бұрын (1920-1997) қазақтың белгілі жазушысы БАҚБЕРГЕНОВ Сәуірбек дүниеге келді.

Оңтүстік Қазақстан облысында туған.

Ұлы Отан соғысына қатысып, Солтүстік Батыс майданда Новгород, Псков, Калинин, Холм түбіндегі ұрыстарға қатысты. 28-панфиловшылар дивизиясында взвод командирі, кейін дивизиялық байланысшы офицер болды. Соғыстан кейін «Социалистік Қазақстан» («Егемен Қазақстан») газетінде, «Жазушы» баспасында қызмет атқарған.

Алғашқы жыр шумақтары баспасөз бетіне 1939 жылы шықты. Кеңес Одағының батыры атағын екі рет алған ұшқыш Т.Бигелдиновтің өміріне арналған алғашқы «Талғат» повесі 1950 жылы жарияланған. Сонымен қатар Ш.Уәлиханов, К.Әзірбаев, Б.Момышұлы өмірінен елеулі туындылар жазған. Жастарды адамгершілікке, адалдыққа, отансүйгіштікке баулитын, замандастар жайлы ой толғайтын, тарих қойнауынан сыр шертетін және Ұлы Отан соғысы тақырыбын арқау еткен 20-ға жуық романдар мен повестер жинағының авторы. Көптеген шығармалары ТМД елдерінің тілдеріне аударылған. Көркем аударма саласында да жемісті еңбек етіп, М.Горькийдің, У.Фолкнердің, В.Короленконың бірсыпыра шығармаларын қазақшаға тәржімалаған.

45 жыл бұрын (1965) Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі, экономика ғылымдарының кандидаты ӘБДІҚАЛЫҚОВА Гүлшара Наушақызы дүниеге келді.

Қызылорда облысында туған. Жамбыл жеңіл және тамақ өнеркәсібі технологиялық институтын бітірген.

1987-1994 жылдары - Қызылорда облысының халықты әлеуметтік қорғау басқармасының аға инспекторы, бөлім бастығы. 1994-1995 жылдары - Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің халықты әлеуметтік қорғау жөніндегі консультанты. 1995-2003 жылдары - Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің бөлім бастығы, басқарма бастығының орынбасары, зейнетақымен қамтамасыз ету басқармасының бастығы, әлеуметтік қамтамасыз ету департаменті директорының орынбасары, әлеуметтік қамтамасыз ету және әлеуметтік көмек көрсету департаментінің директоры, зейнетақымен қамтамасыз ету және халықтың табысын реттеу департаментінің директоры. 2003-2005 жылдары - Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі. 2005-2006 жылдары - «Мемлекеттік аннуитеттік компания» өмірді сақтандыру компаниясы» АҚ басқармасының төрағасы. 2006-2007 жылдары - Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі. 2007-2008 жылдары - Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің жауапты хатшысы. 2008-2009 жылдары Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі, Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның төрайымы қызметтерін атқарған. Қазіргі қызметінде - 2009 жылдың наурызынан.

МАМЫРДЫҢ 16-Ы, ЖЕКСЕНБІ

Бүкілдүниежүзілік Жұқтырылған қорғаныш тапшылығы белгісі (ЖҚТБ) құрбандарын еске алу күні. 1983 жылдан бастап, мамырдың үшінші жексенбісінде атап өтіледі.

Арменияның Әуе қорғанысының күні. 1992 жылғы мамырда Армения Республикасының Қарулы Күштерiнiң әуе қорғаныс бөлiмшелерiнiң құрастырылуы аяқталды. Осы уақыттан бастап мамырдың үшінші жексенбісі Арменияның қарулы күштерінде Әуе қорғаныс күні болып атап өтіледі.

ОҚИҒАЛАР

10 жыл бұрын (2000) Астанада академик Өмірбек Арысланұлы Жолдасбеков тұрған үй қабырғасына ескерткіш тақта орнатылды.

Өмірбек Арысланұлы Жолдасбеков (1931-1999) - көрнекті мемлекет қайраткері, Қазақстан Республикасы және халықаралық сыйлықтардың лауреаты, бірнеше рет парламент депутаты болып сайланған. Қазақстан жоғары техникалық оқу орындарының бағдарламасы мен оқыту жүйесін жасаушылардың бірі.

3 жыл бұрын (2007) Нью-Йорктегі БҰҰ-ның штаб-пәтерінде Тұрақты даму комиссиясының 15-ші сессиясы шеңберінде 2007-2024 жылдардағы Қазақстанның тұрақты даму тұжырымдамасының таныстырылымы өтті. Таныстырылымды БҰҰ-дағы Қазақстанның тұрақты өкілінің қатысуымен Қазақстан Республикасының Қоршаған ортаны қорғау министрлігі ұйымдастырды.

Тұжырымдама елдің 2030 жылға дейінгі ұзақ мерзімді даму бағдарламасын және бәсекеге қабілетті елу ел қатарына кіру мақсатын іске асырудың ең маңызды құралы болып табылады.

3 жыл бұрын (2007) Алматыда «Есімізде сол соғыс» Естелік кітабы Қазақстан Республикасының Орталық мемлекеттік мұражайына салтанатты түрде табыс етілді.

460 беттен тұратын бұл жалғыз дана кітапқа 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысына қатысып, аман қалған ардагерлер мен тылда қызмет еткен 200-ден астам адамның қолтаңбасы қалдырылған. Бұл кітапқа келесі жылы болатын Жеңіс күніне дейін соғыстың дәмін татып, көзкөрген адамдар өз қолтаңбаларын қалдыра алады.

ЕСІМДЕР

75 жыл бұрын (1935) ақын АСҚАР Оразақын Асқарұлы дүниеге келді.

Батыс Түркістан өлкесіне қарасты Іле аймағында туған. Үрімжі қаласындағы Ұлттар институтын, С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін (әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті) бітірген.

1955 жылы атамекені Қазақстанға түбегейлі қоныс аударды. Шекарадан өлең толы қолжазба дәптерлерін ала келген Оразақын бірден Алматыдағы Жазушылар одағына келіп, ақындар Хамит Ерғалиев, Ғафу Қайырбеков, Жаппар Өмірбековтерге жолығады. Олар жас ақынның өлеңдерін ұнатып, сол кезде баспаға дайындалып жатқан жас ақындардың «Қос жүрек» атты жинағына бір топ өлеңдерін дереу енгізеді. 1961 жылы араб әрпін білуіне байланысты арнайы сұраныспен Қазақ КСР Ғылым Академиясының Ш.Уәлиханов атындағы Тарих, археология және этнография институтына кіші ғылыми қызметкер болып орналасады. 1964-1970 жылдары Қазақстан Жазушылар одағының Әдебиетті насихаттау бюросында нұсқаушы, Поэзия секциясында орынбасар болып қызмет атқарады. 1970-1984 жылдары Кітап палатасында бөлім меңгеруші, одан 1995 жылға дейін «Жалын» баспасында поэзия бөлімінің аға редакторы болды.

«Қорықтар әлеміне саяхат» деп аталатын топтама өлеңдері 1983 жылы Қазақстан табиғат қорғау қоғамының бәйгесіне ие болды. «Туған жердің картасы» деген дастаны 1974 жылы балалар мен жастарға арналған «Жалын» баспасының жабық конкурсында жүлдеге ие болды. «Тұңғыш», «Мейірім», «Белжайлау», «Балқарағай», «Өркеш», «Орбұлақ», «Күнгей», «Тәуелсіздік тартулары» атты жинақтары жарық көрді. Ол қазақтың қара өлең түрлерін ұзақ жылдар бойы ел ішінен жинап, жиырма мың жолдық екі кітабын жариялады. Бұл еңбегі 1994 жылы Мәдениет министрлігі мен Ғылым академиясы, Әдебиет институты бірігіп жариялаған ауыз әдебиетін жинаушыларға арналған бәйгеде бірінші орынды жеңіп алды.

70 жыл бұрын (1940) ақын, аудармашы, Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері, Жамбыл Жабаев атындағы Халықаралық сыйлықтың, Ілияс Жансүгіров атындағы Қазақстан Жазушылар Одағы сыйлығының иегері ДҮЙСЕНБАЙҰЛЫ Есенбай дүниеге келді.

Ақтөбе облысы Байғанин ауданында туған. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін бітірген.

Алғашқы еңбек жолын Жарқамыс орта мектебінде мұғалімдіктен бастаған. Кейіннен Темір және Байғанин аудандық және Ақтөбе облыстық газеттерінің әдеби қызметкері, аға тілшісі, бөлім меңгерушісі, редактордың орынбасары болды. 1978-2007 жылдары республикалық «Жалын», «Ана тілі», «Раритет», «Жазушы» баспаларының аға редакторы, жетекші редакторы, аудармашы-редакторы, редакторы қызметтерін атқарған.

«Бозала таң мен бозторғай», «Ақпейіл», «Ұланғайыр», «Ашық аспан», «Ақ желкенді ағыстар», «Біздің толқын», «Ашық хат», «Таң торғайы», «Үш-бұлақ», «Санамақ», «Әліппе - тілашар», «Менің жаңа астанам», «Жаңбыр әні» атты жыр жинақтарының авторы.

М.Горькийдің «Әдебиет туралы», Г.Ломидзенің «Ұлы достық ұлағаты» кітаптарын, Әл-Хамиси лирикасын, Б.Абакированың жырларын қазақ тіліне тәржімалаған.