ҮКІМЕТ
Мамырдың 18-інде Үкімет үйінде министрлер кабинетінің кезекті отырысы өтеді.
Мамырдың 18-інде Қаржы министрлігінде Салық комитетінің төрағасы Д.Ерғожиннің қатысуымен он-лайндық конференция өтеді.
ҚОҒАМ
Мамырдың 26-29-ы аралығында Астанада «KADEX-2010» («Kazakhstan Defense Exposition») Қару-жарақ, әскери техника мен әскери-техникалық мүлік халықаралық көрмесі өтеді. Оған Қарулы Күштерге қажет отандық және шетелдік әскери және арнайы өнімдер шығаратын шетелдік кәсіпорындар қатысқалы отыр.
Мамырдың 18-і мен 20-сы күндері Тәжікстан астанасы Душанбеде Ислам конференциясы ұйымы Сыртқы істер министрлерінің 37-ші сессиясы өтеді. Оған қатысатын біздің елдің делегациясын ЕҚЫҰ-ның іс басындағы төрағасы, ҚР Мемлекеттік хатшысы-Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев бастап барады.
Мамырдың 21-інде Кеден одағы елдері үкімет басшыларының кеңесі өтеді, онда Кеден одағын қалыптастыру және оны шілденің 1-інен толық көлемінде іске қосудың өзекті мәселелері талқыланады, сондай-ақ Бірыңғай экономикалық кеңістікті қалыптастыру үшін базалық келісімдер қаралады.
ӘЛЕМ
Еуроодақ пен Халықаралық валюта қоры бөлген қаржы көмегінің алғашқы траншын Грекия мамырдың 19-ында алып қалады.
СПОРТ
Мамырдың 23-і мен 31-і аралығында елордада ҚР Спорт және туризм министрлігі, Азия Бокс конфедерациясы және Қазақстан Бокс федерациясының ұйымдастыруымен бокстан әйелдер арасындағы Азия чемпонаты өтеді. Турнирге 20-дан астам елдің былғары қолғап шеберлері шақырылған. Шаршы алаңдағы 11 салмақ санатындағы бәсекелер ASBC ережелеріне сәйкес әрі Азия Бокс конфедерациясының техникалық ресми тұлғаларының қадағалауымен өтеді.
Мамырдың 24-інде сағат 16.00-де чемпионаттың ашылу салтанаты болады, ал сағат 17.00-ден бәсекелер басталады. Мамырдың 27-сінде - ширек финал, 29-ында - жартылай финал, 30-ында - финалдық бәсекелер өтеді.
Мамырдың 23-і күні қазақстандық кәсіпқой бокс шебері Виталий Демьяненко Мәскеуде РАВА чемпионы атағын қорғау үшін австралиялық Сэмюэл Коломбанмен жекпе-жек өткізеді.
АСТАНА
Мамырдың 18-інде Қазіргі заман өнері мұражайында Халықаралық Мұражай күніне арналған Ашық есік күні өтеді.
Мамырдың 18-інде Астана қаласының Ішкі істер департаментінде апталық брифинг болады.
Мамырдың 18-інде «Нұр Отан» партиясы Орталық аппаратының кеңсесінде «Абырой» кеңесінің мәжілісі болады.
Мамырдың 18-інде Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінде шетелдік сарапшылардың қатысуымен білім бағдарламаларын халықаралық аккредитациялау шарасы өтеді.
Мамырдың 18-і күні елордадағы ҚР Президенттік мәдениет орталығында ҚР еңбек сіңірген өнер қайраткері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Ресей көркемсурет академиясының академигі, «Платиналы Тарлан» сыйлығының лауреаты, Сальвадор Дали атындағы Халықаралық суретшілер одағының және Брюссельдегі «Еуро Юнион» сыйлықтарының иегері, Францияның «Өнер» орденінің кавалері, атақты суретші Ерболат Төлепбайдың көрмесі ашылады
АЛМАТЫ
Мамырдың 18-інде «Риксос-Алматы» қонақүйінде «Орталық Азиядағы ВИЧ-инфекциясының эпидемиясы» деген тақырыпта аймақтық конференция болады.
Мамырдың 18-інде Қазақстан-британ техникалық университетінде «Кеден одағының елдері: дағдарыс және дағдарыстан кейінгі қалпына келу үдерісі» деген тақырыпта «дөңгелек үстел» отырысы» болады.
Мамырдың 18-інде С.Бегалин атындағы кітапханада мексика-американ жазушысы, ақын Ана Кастийомен кездесу болады.
Мамырдың 18-інде Қазақтың Ұлттық аграрлық университетінде ақын Олжас Сүлейменов студент жастармен кездеседі.
Алматыда мамырдың 19-21 аралығында «V Рысқұлов оқулары - Ryskulov Readings» атты халықаралық ғылыми форум өтеді. Оқуларға әлемнің 12 елінен 600-ден аса өкіл қатысады, оның ішінде министрлік пен ведомство басшылары, банк, компания мен мекемелердің, халықаралалық ұйымдардың және Қазақстанда тіркелген шетелдік елшілік өкілдері болмақ.
Мамырдың 20-25-і аралығында Алматыда «Қазақстандық өнер апталығы» халықаралық көрме-конкурсы өтеді. Аталған шара аясында фотоөнер, кескіндеме, мүсін, қолданбалы өнер, сурет салалары бойынша конкурстар, шеберлік сыныптары мен семинарлар, «дөңгелек үстел» мәжілістері өтеді.
Мамырдың 24-де Алматыдағы Республика сарайының жөндеуге жабылуы қарсаңында маусымдағы соңғы концерт өтеді.
АЙМАҚТАР
БАТЫС ҚАЗАҚСТАН
Батыс Қазақстан облысында сәуірдің 20-сы мен мамырдың 20-сы аралығында құқықтық білім және құқық бұзушылықтың алдын алуға арналған айлық өткізілмек.
ШЫҒЫС ҚАЗАҚСТАН
Мамырдың 20-сында Өскеменде сәулетшілердің халықаралық конкурсы басталады.
АТАУЛЫ КҮНДЕР. ЕЛЕУЛІ ОҚИҒАЛАР. МЕРЕЙТОЙЛАР.
МАМЫРДЫҢ 18-І, СЕЙСЕНБІ
Халықаралық мұражай күні. 1977 жылдан бастап жыл сайын әлемнің 150-ден астам елінде атап өтіледі. Осы күні барлық мұражайларда ашық есік күні өтеді. Қазақстанда 150-дей мұражай бар.
ОҚИҒАЛАР
18 жыл бұрын (1992) Қазақстан Республикасы Президенті Н.Назарбаев Америка Құрама Штаттарына алғашқы ресми сапар жасады.
Сапар барысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев АҚШ Президенті Джордж Бушпен, Мемлекет хатшысы Дж.Бейкермен, қорғаныс министрі Р.Чейнимен, қаржы министрі Н.Брейдимен, ауыл шаруашылығы министрі Э.Мэндиганмен, орталық барлау басқармасының директоры Р.Гейтспен, сенаторлар Дж.Митчелмен, Р.Доулмен, К.Пеллмен, С.Наннмен, А.Крэнстонмен, Р.Лугармен, Дж.Байденмен, К.Левинмен, «Шеврон» корпорациясының төрағасы К.Деррмен кездесулер өткізді.
14 жыл бұрын (1996) Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә.Назарбаев ақын Олжас Омарұлы Сүлейменовке «Қазақстанның Халық жазушысы» куәлігін және төс белгісін табыс етті.
11 жыл бұрын (1999) Оңтүстік Қазақстан облысы Кентау қаласында композитор Сейдолла Бәйтереков (1945-1998) атындағы Халықаралық «Әлия» ән фестивалі өтті.
9 жыл бұрын (2001) Астанадағы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде Күлтегін ескерткішінің ғылыми көшірмесі орнатылды.
ЕСІМДЕР
125 жыл бұрын (1885-1955) ақын АЙНАБЕКОВ Қайып дүниеге келді.
Қарағанды облысында туған.
1921 жылы Орынборда өткен Кеңестердің Бүкілқазақстандық 2-съезіне делегат болды. 1923 жылы Мәскеуде өткен Бүкілодақтық этнографиялық көрмеге қатысып, өнер көрсетті.
Алғашқы өлеңдер жинағы «Қырдың қызыл гүлдері» 1928 жылы жарық көрді. Ақын шығармалары ел өміріндегі елеулі тарихи оқиғаларды жырлауға, адалдық пен тәрбие мәселелерін уағыздауға құрылған. Ақынның қазақ ауылының сол кезеңдегі жағдайын баяндайтын «Қолаң» және көмірлі Қарағанды кеншілерінің өмірін суреттейтін «Алып туралы аңыз» дастандары бар. Өлеңдері, дастандары мен айтыстары халық ақындарының ұжымдық жинақтарында, Мәскеуде орыс тілінде жарық көрген «Қазақ поэзиясының антологиясында» жарияланған. Ол бірнеше ән шығарып, халық әндерін ел ауызынан жинау, жаздыру ісімен де айналысты. Белгілі музыка жинаушы А.В.Затаевич Айнабековтен «Сұлушаш», «Қос көтерме», «Әупілдек», «Назқоңыр», «Жеңеше» сияқты халық әндерін жазып алған.
70 жыл бұрын (1940) «Қорғау» зейнетақы жинақтау қоры» акционерлік қоғамының президенті, «Генералдар кеңесі» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, Ресей Жаратылыстану ғылыми академиясының корреспондент мүшесі, БҰҰ Халықаралық ақпараттану академиясының және Дүниежүзілік ақпараттық парламенттің академигі, Кеңес Одағының ІІМ еңбек сіңірген қызметкері ҚАЙДАРОВ Рүстем Есімханұлы дүниеге келді.
Шығыс Қазақстан облысында туған. С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін (әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті) бітірген.
1985-1990 жылдары - Кеңес Одағының ІІМ Қазақстан мен Қырғызстандағы Ұйымдасқан қылмыспен және сыбайлас жемқорлықпен күрес жөніндегі аймақаралық басқарма бастығы. 1996-1999 жылдары Қазақ мемлекеттік заң университеті қылмыстық және соттық сараптау кафедрасының меңгерушісі. Қазіргі қызметінде - 1999 жылдан.
20-дан астам ғылыми мақалалардың авторы. «Қазақ КСР Қылмыстық істер жүргізу Кодексі түсініктемесінің» әзірленуіне және басылуына қатысты. 1995-1996 жылдары - ТМД Парламентаралық Ассамблеясында Қазақстан Республикасы Парламентінің Кодекстер моделі үлгілерін өңдеу жөніндегі жұмыс тобының мүшесі. 1996 жылдан - БҰҰ Комиссиясының 39 сессиясында есірткімен күрес мәселесі бойынша Қазақстан Республикасы Үкіметі делегациясының басшысы. Қазақстан Республикасы Президентінің «Қазақстан Республикасындағы біріккен ақпараттық кеңістік құру туралы» Жарлығы авторларының бірі. Құқық тәртібі мен заңнамалық қамтамасыз ету мәселелері жөніндегі халықаралық және үкіметтік комиссия жұмыстарының белсенді мүшесі.
Медальдармен марапатталған.
МАМЫРДЫҢ 19-Ы, СӘРСЕНБІ
Түркияда жастар және спорт күнi. Бұл күн Түркияның ұлттық мерекесі болып саналады. Мереке бастапқысында жастармен де, спортпен де ешқандай байланыспаған. Қара теңiздің Самсун Портында Түрiк республикасының бiрiншi президенті Мұстафа Кемаль Ататүрік 1919 жылдың 19 мамырында шетелдiк интервенцияға қарсы мобилизация жариялады. Сол кезде Түркия мен Грекия соғысып жатқан болатын. Тәуелсіздік үшін ұлттық қозғалыстың негізін жастар құрады. Ататүрік республиканың болашағын құруды жастардың қолына бере отырып жаңа мемлекеттің маңызды элементін жасауды көздеді.
ОҚИҒАЛАР
15 жыл бұрын (1995) Алматыда Елбасы Н.Назарбаевтың қатысуымен банкноттық фабрикасы ашылды.
Банкноттық фабрика жалған ақша белгілерінен қорғайтын, көркем және полиграфиялық өнімді жоғары деңгейде орындайтын бірегейлі жабдықтардан құрылған. Оның меншiктi базасынан номиналы 100, 200, 500, 1000, 2000, 5000, 10000 теңгелік банкноттар шығарылған. Қазiр фабрикада банкноталардан басқа төлқұжат, куәлiк, диплом, аттестат, куәлiк қағаз, акциз маркалары сияқты құжаттардың жүзден астам түрлерi шығарылады.
5 жыл бұрын (2005) Астанада Беларусь Республикасының Қазақстандағы Елшілігі ашылды. Елшіліктің ашылу салтанатына Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен Беларус Президенті Александр Лукашенко қатысты.
Қазақстан Республикасы мен Беларусь Республикасы арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас 1992 жылдың 16 қыркүйегінде орнаған.
5 жыл бұрын (2005) қарағандылық Василий Кузнецов «ТМД елдерінің еңбек сіңірген энергетигі» белгісімен марапатталды. Марапаттау құжатына ТМД-дағы электрэнергетикалық кеңесiнiң президентi Анатолий Чубайс қол қойды.
Василий Павлович Кузнецовтың бүкіл еңбек жолы энергетика саласымен байланысты. Ол Қарағандыға Мәскеуден көшіп келген. Орталық диспетчерлік қызметінде жұмыс істеп, кейін сол орталықты басқарды. Теміртаудағы КарГРЭС-1, Жезқазғандағы ТЭЦ-ті орнатуға және тұрба генераторларды іске қосуға өзінің үлесін қосты. Энергетикалық кәсiпорындарға пайдалануға арналған нұсқауларды жасап шығарған. Бірнеше рет ордендермен және медальдермен марапатталған.
ЕСІМДЕР
70 жыл бұрын (1940) мүсінші, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген өнер қайраткері СЕРГЕБАЕВ Ескен Аманжолұлы дүниеге келді.
Алматы қаласында туған. Санкт-Петербордағы И.Репин атындағы кескіндеме, мүсін және сәулет институтын бітірген.
Алматы көркемсурет училищесінің, Алматы театр-көркемсурет академиясының оқытушысы, Қазақстан Суретшілер одағы басқармасының хатшысы қызметтерін атқарған. 2001 жылдан - Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының мүсін кафедрасының меңгерушісі.
Абай, М.Әуезов, әл-Фараби мүсіндерінің, сондай-ақ, қола мен граниттен жасалған М.Әуезов, І.Жансүгіровтың және ақын К.Әзірбаевтың ескерткіш-бюсттарының авторы. Монументті-безендіру саласында «Шопан мен күрішші», «Ф.Достоевский», «Қазақ эпосы» жұмыстары бар.
МАМЫРДЫҢ 20-Ы, БЕЙСЕНБІ
Дүниежүзілік метрология күні. Бұл күн өркениетті елдердің бәрінде арнайы түрде аталып өтіледі. Атап айтқанда түрлі кездесулер, семинарлар, дөңгелек үстелдер түрінде көрініс тауып, әр ел өздерінің метрология саласында жүргізген жұмыстарының қорытындысын шығарады. Сондай-ақ өзара тәжірибелерімен бөлісіп, маңызды деген мәселелер талқыға түсіп отырады.
Метрология (грек тілінде metron - өлшем және logos - сөз, ілім) - өлшеу туралы өлшеудің бірлігі мен қажетті дәлдікке жету тәсілдері туралы ғылым. Метрологияның негізгі мәселелеріне: өлшеудің жалпы теориясы, физикалық шамалардың және оның жүйелерінің бірліктерін ұйымдастыру, өлшеудің әдістері мен құралдары, өлшеудің дәлдігін анықтау әдістері (өлшеудің қателіктер теориясы), өлшеу бірлігін және өлшеу құралдарының метрология жарамдылығын қамтамассыз ету (заңды метрология) эталондар мен өлшеу құралдарының үлгілерін жасау, эталондарды бірлік өлешемдерін тарату әдістері жатады. Метрология алғашқыда өлшеудің әр түрлі тегін (сызықты, сыйымдылық, салмақ, уақыт) жазумен сонымен қатар бірнеше мемлекеттерде қолданылған ақша және олардың ара қатынасын табумен айналысты. Метрологияның күрт дамуына 1975 жылы Метрикалық конвенциясының (құрамында 17 мемлекет бар) қорытындысы (Өлшеу мен таразылар және өлшеудің метрикалық эталонын жасаудың халықаралық мекемесі) себепші болды. Қазіргі кездегі метрология физика, химия т.б. жаратылыстану ғылымдарының жетістіктерін пайдаланып, физикалық тәжірибенің жоғарғы дәлдігіне сүйенеді. Қазақстанда алғашқы метрологиялық мекеме 1923 жылы Семей қаласында ұйымдастырылды. Ол 1925 жылы Семей және Жетісу губернияларындағы таразыларды, ұзындық пен көлем өлшемдерін тексеруді жүзеге асыратын өз алдына жеке палата болды. Оның бөлімдері Петропавл, Ақтөбе, Алматы қалаларында жұмыс істеді. 1930 жылы палата Алматыға көшірілді. 1974 жылы Алматы қаласында арнайы эталондар сақтайтын ғимарат салынды.
Республиканың метрологиялық қызметінде тексеру жұмыстарын жүргізу үшін 20 жұмыс эталоны (қысым, температура, масса, ұзындық, электрлік сыйымдылық, электрлік кедергі, түзу, түзу сызық, т.б.) қолданылады. 2000 жылы Қазақстанда мемлекеттік уақыт және жиілік эталоны пайдалануға енгізілді.
ОҚИҒАЛАР
70 жыл бұрын (1940) Шығыс Қазақстан облысындағы «Шығыс сақинасы» жол құрылысы басталды.
10 жыл бұрын (2000) «Алпамыс батыр» жырының 1000 жылдығы республика көлемінде аталып өтті.
5 жыл бұрын (2005) Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Еуразиялық экономикалық қоғамдастықтың заңнамасы негіздерінің мәртебесі, оларды әзірлеу, қабылдау және іске асыру тәртібі туралы шартты бекіту туралы» Заңға қол қойды.
ЕСІМДЕР
90 жыл бұрын (1920-2004) медицина ғылымдарының докторы, профессор, КСРО Денсаулық сақтау ісінің үздігі ҚАЙРАҚБАЕВ Матхалық Қайрақбайұлы дүниеге келді. Ұлы Отан соғысына қатысқан.
Жамбыл облысының Мойынқұм ауданында туған. Алматы мемлекеттік медициналық институтын бітірген.
Майдан госпиталінде ординатор, бөлім бастығы, Қырғыз ауылшаруашылығы институтының оқытушысы, Қазақ КСР Ғылым академиясының Өлкелік патология институты Өскемен филиалының кіші, аға ғылыми қызметкері, бөлім меңгерушісі, Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтының бөлім меңгерушісі, аға ғылыми қызметкер-кеңесшісі қызметтерін атқарған.
«Пути предупреждения рака», «Дым родного отечества» атты еңбектері мен 160-тан астам ғылыми жарияланымдарының авторы.
Екі мәрте 2-дәрежелі Отан соғысының орденімен, медальдармен, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамоталарымен марапатталған.
55 жыл бұрын (1955) философия ғылымдарының кандидаты, саясаттану ғылымдарының докторы, Маңғыстау облысының әкімі КӨШЕРБАЕВ Қырымбек Елеуұлы дүниеге келді.
Қызылорда облысының Қазалы қаласында туған. Қазақ политехникалық институтын, Қоғамдық ғылымдар академиясын бітірген.
Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинеті Аппараты жетекшісінің орынбасары - Ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі, Қазақстан Республикасы Үкіметі Аппараты жетекшісінің орынбасары - Аумақтық даму бөлімінің меңгерушісі, Қазақстан Республикасы Президентінің баспасөз хатшысы - Баспасөз қызметінің жетекшісі, Қазақстан Республикасы Білім, мәдениет және денсаулық сақтау министрі, Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау, білім беру және спорт министрі, Батыс Қазақстан облысының әкімі, Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі, Қазақстан Республикасының Армениядағы және Финляндия Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі қызметтерін қоса атқарушы болды. Қазіргі қызметінде - 2006 жылдың қаңтар айынан.
Саясаттану тақырыбындағы бірнеше ғылыми еңбектің авторы.
Парасат, «Достық» ордендерімен, «Астана», «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 10 жыл», «Қазақстан Республикасының Парламентіне 10 жыл», «Астананың 10 жылдығы» медальдарымен марапатталған.
МАМЫРДЫҢ 21-І, ЖҰМА
Дүниежүзілік қарым-қатынас пен даму мақсатындағы мәдени әралуандылық күні.
2002-нші жылғы желтоқсанның 20-сында «Мәдениет және даму» қарарымен мамырдың 21-ін Дүниежүзілік қарым-қатынас пен даму мақсатында мәдени әралуандылық күні деп жариялауға қаулы қабылдады.
Қазақстан Бүкіләлемдік табиғи және мәдени мұраны қорғау туралы конвенцияға 1994-інші жылғы сәуірдің 29-ында қосылды. Есте қалар күнің мақсаты-қоғам мәдениетінің әртүрлі құндылығы мен маңыздылығына ақпарат беруі және әртүрлі мерекелік шаралар өткізуіне көмектесу. Бұл күн мәдениет құндылығын терең тануға әлем халықтарының ынтымақтастығының дамуына мүмкіндік береді.
БҰҰ Бас Ассамблеясы 2007-нші жылғы желтоқсанның 17-сінде 2010-ыншы жылды Халықаралық мәдениеттерді жақындастыру жылы деп жариялады және осы жылы дінаралық және мәдениетаралық қарым-қатынастарға, бейбітшілік үшін өзара түсіністік пен ынтымақтастыққа арналған тиісті шаралар ұйымдастыруды, соның ішінде жоғары деңгейдегі немесе азаматтық қоғаммен бірлескен бейресми интерактивті диалогтар өткізуге ұсыныс берді.
Жұмыссыздықтан қорғау күні.
Халықаралық еңбек ұйымының мәліметтері бойынша жұмыссыздардың саны миллиард адамға жетеді. Бұл ғаламшардағы жұмыс күшінің үштен біріне тең.
ОҚИҒАЛАР
11 жыл бұрын (1999) ақын Мұхтар Шахановқа халықаралық «Руханият» сыйлығы берілді.
11 жыл бұрын (1999) Батыс Қазақстаннан Қара теңіз жағалауына дейін созылатын Каспий мұнай құбырын төсеу басталды.
5 жыл бұрын (2005) басылым беттерінде Қазақстан Республикасы Президенті Н.Назарбаев қол қойған «Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексіне (Жалпы бөлім) өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңы жарық көрді.
3 жыл бұрын (2007) Павлодар облысындағы Успен ауданының орталығында Кеңес Одағының Батыры Максим Милевскийге ескерткіш орнатылды.
Максим Милевский (1923-2005) Успен ауданының Павловка ауылында дүниеге келген, соғыс басталғанда майданға өз еркімен аттанған. Соғыста Сталинградтан Берлинге дейінгі жорық жолдарынан өтіп, Қырым, Литва және Латвияны азат етуге қатысқан. Қазақстандық жауынгер ұрыстардағы ерлігі үшін Қызыл жұлдыз, 3-дәрежелі «Даңқ», «Отан соғысы» ордендерімен марапатталды. Кенигсберг түбіндегі шайқаста ержүрек командирге Кеңес Одағының Батыры атағы берілді.
2004 жылы М.Милевский республика алдында сіңірген еңбегі үшін «Парасат» орденімен марапатталды.
1 жыл бұрын (2009) «Жеті жарғы» баспасынан екі тілде жазылған «Кеден ісі бойынша сұрақтар мен жауаптар» - «Вопросы и ответы по таможенному делу» атты кітап жарық көрді. Авторы - кеден қызметінің полковнигі Бекен Нұрахметов.
Кітапта оқырмандың үш жүздей сұрақтарына жауаптар берілген. Онда қазақстанның заң шеңберiндегі кеден iсi туралы ғана емес, сонымен бірге бiздің елде бекiтiлген халықаралық конвенциялар, басқа да мәлiметтер жинақталған.
ЕСІМДЕР
40 жыл бұрын (1970) «КазИнвестБанк» АҚ Директорлар Кеңесінің төрағасы, Ланкастер Груп Директорлар Кеңесінің мүшесі ДОСАЕВ Ерболат Асқарбекұлы дүниеге келді.
Алматы қаласында туған. Алматы энергетика институтын, Н.Э.Бауман атындағы Мәскеу мемлекеттік техникалық университетін бітірген.
«Іскер» шағын өндіріс мекемесінің менеджері, «Вега» шағын өндіріс директорының орынбасары, «Акцепт» фирмасы» жауапкершілігі шектеулі серітестігі директорының орынбасары, директоры, «Акцепт» корпорациясы» акционерлік қоғамының директоры, бірінші вице-президенті, бас директоры, «ТұранӘлемБанкі» жабық акционерлік қоғамы басқармасы төрағасының орынбасары, «Алматы сауда-қаржы банкі» жабық акционерлік қоғамы басқармасының төрағасы, Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің кеңесшісі, Қазақстан Республикасы энергетика, индустрия және сауда вице-министрі, Қазақстан Республикасы қаржы вице-министрі, Қазақстан Республикасы Даму банкі Директорлар кеңесінің төрағасы, «Қазақстан халықтық жинақтаушы банкі» ААҚ Директорлар кеңесінің мүшесі, «Қазақойл» ЖАҚ Директорлар кеңесінің мүшесі, «Шағын кәсіпкерлікті дамыту қоры» ЖАҚ Директорлар кеңесінің мүшесі, «Қазақстан Эксимбанкі» ЖАҚ Директорлар кеңесінің мүшесі, Қазақстан Республикасы Табиғи монополиядарды реттеу, бәсекелестікті қорғау және шағын бизнесті қолдау агенттігінің төрағасы, Қазақстан Республикасы қаржы министрі, Қазақстан Республикасы денсаулық сақтау министрі. Қазіргі қызметінде - 2007 жылдан.
МАМЫРДЫҢ 22-І, СЕНБІ
Халықаралық биологиялық әралуандық күні.
БҰҰ Бас Ассамблеясы 2000 жылғы 30 желтоқсанда 22 мамырды Халықаралық биологиялық әралуандық күні деп жариялады, сондай-ақ осы күні Биологиялық әралуандық туралы конвенция қабылданды.
Қазақстанның биологиялық әралуандығын сақтау мақсатында 1994 жылы Биологиялық әралуандық жөніндегі конвенция бекітіліп, биологиялық әралуандықты сақтау және бірқалыпты пайдалану жөніндегі ұлттық стратегия мен іс-әрекеттер жоспары жасалынды. Бүгінгі таңда осы жұмыстар 2003 жылғы желтоқсанда Елбасы қол қойған Қазақстанның 2004-2015 жылдардағы экологиялық қауіпсіздігі конвенциясы шеңберінде атқарылуда.
ОҚИҒАЛАР
3 жыл бұрын (2007) Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев заңдарда қолданылатын терминдерді «Әскери міндеттілік және әскери қызмет туралы» Заңға сәйкестендіруге бағытталған «Қазақстан Республикасының әскери қызмет мәселелері жөніндегі бірқатар заңнамалық актілеріне өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қойды.
3 жыл бұрын (2007) Бөкей хандығының тарихы туралы Қожантай Қасеновтің «Нарын» атты кітабы жарық көрді.
Роман-дилогия екі бөлімнен тұрады, оның біріншісі «Жәңгір хан» аталса, екіншісі -«Нарын». Орыс тілінде жарық көрген кітапта Бөкей хандығындағы тарихи оқиғалар автор көзімен суреттелген. Кітапта Жәңгір ханнан бастап осы өлкенің Құрманғазы, Дәулеткерей, Салық Бабажанов, Ғұбайдолла Жәңгіров, Шәңгерей Бөкеев сынды ірі тұлғалары жөнінде баяндалады.
Қожантай Касенов - танымал ғалым, профессор, медицина ғылымдарының докторы, медицина маманы болғанымен, өзі туып өскен өңірдің өткені туралы барынша зерттеген.
1 жыл бұрын (2009) Қазақстан-Британ техникалық университетінде (КБТУ) әлемдегі тұңғыш рет технологияны өңдейтін, программамен қамтамасыз ететін және консалтингтік қызметтерiнің жетекші халықаралық серіктестігі (IPS) «Invensys Process Systems» инновациялық виртуалды технологияны ұсынды.
«Immersive Virtual Reality Process» жаңа өнiм қайта өңдейтiн өнеркәсiп саласындағы энергетика, химия, мұнай, газ тағы да басқа маман-инженерлер мен стажерлерді дайындауға жасалған. Қолданушылар стереоскопиялық құлаққаптар және дулыға арқылы зауытты басқару процесстерiн үйренедi және нақты бизнес тәжiрибесінде пайда болатын кез келген ахуалдарды шеше алады.
1 жыл бұрын (2009) Қаныш Сәтпаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетінде КазРЕНА қауымдастығының бас директоры Борис Жапаров «Республикалық жоғары оқу орындары аралығында таралған электронды кітапхана» (РЖТЭК) ұсынды. Жоғарғы оқу орындарында электронды кітапхана енгізу оқу материалдарының санын үлкейтеді, білім және ғылыми-зерттеу қызметінің сапасын жоғарлатады, отандық және шетел кітапханалар, ақпараттық орталықтар мен ұйымдар арасындағы электрондық қорларды айырбастауға мүмкіндік береді. Оның қорларына Science Directтiң арнайы жасалған программалық платформасы мен Scopus-тың электрондық анықтамасы арқылы кіруге болады.
ЕСІМДЕР
85 жыл бұрын (1925-1994) жазушы, аудармашы МЕРКУЛОВ Олег Борисович дүниеге келді. Ұлы Отан соғысына қатысқан.
Ресей Федерациясының Брянск қаласында туған. Санкт-Петербор шет тілдер институтын бітірген.
«Казахстанская правда» газетінің аудармашысы, Қазақ КСР Баспа, полиграфия және кітап саудасы істері жөніндегі комитетінің аға редакторы, Қазақстан Жазушылар одағы орыс редакциясының әдеби кеңесшісі қызметтерін атқарған.
«Ради тебя», «На двух берегах» романдары мен «Комбат Ардатов» повесінің авторы. Р.Райттың «Протяжная песня темнокожего» повесін, Дж. Б.Пристилдің «Герой - чудотворец» романын басқа да көптеген ағылшын жазушыларының әңгімелерін орыс тіліне аударған.
1-дәрежелі Ұлы Отан соғысы орденімен, «Ерлігі үшін» медалімен, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен марапатталған.
МАМЫРДЫҢ 23-І, ЖЕКСЕНБІ
Әзірбайжанның Экология және табиғи қорлар министрлігі қызметкерлерінің күні. Әзірбайжан Республикасы Президентінің Қаулысымен 2007 жылғы 16-шы мамырда жыл сайын атап өтіледі.
Ямайкада еңбек күні. Алғашқы рет 1939 жылы атап өтілген. Бұл күні Ямайка тұрғындары қоғам игілігі үшін тегін еңбек етуді дәстүрге айналдырған.
ОҚИҒАЛАР
10 жыл бұрын (2000) Минскіде Беларусь Республикасы, Қазақстан Республикасы, Қырғыз Республикасы, Ресей Федерациясы мен Тәжікстан Республикасы мемлекеттері басшыларының саммиті өтті, онда Кеден одағына қатысушы елдердің жетекшілері интеграциялық үдірістерді одан әрі дамытудың өзекті бағыттарын белгіледі. Мемлекет басшылары «1996 жылғы 29 наурыздағы экономикалық және гуманитарлық салалардағы интеграцияны тереңдету туралы Шартқа қатысушы мемлекеттердің 2000-2004 жылдардағы гуманитарлық саладағы ынтымақтастығының негізгі бағыттары туралы», «Кеден одағына қатысушы мемлекеттердің әлеуметтік және гуманитарлық салалардағы ұлттық заңнамаларын үйлестіру барысы» туралы құжаттарды бекітті.
3 жыл бұрын (2007) Алматыда Азия және Тынық мұхит елдеріне арналған Экономикалық және Әлеуметтік комиссиясы, БҰҰ-ның Еуропалық экономикалық комиссиясы және Еуразия экономикалық бірлестіктің ықпалдастық комитеті хашылығының арасындағы өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды.
Меморандум Еуразия экономикалық бірлестіктің хатшылығымен және екі аймақтық комиссиясы аралығындағы ынтымақтастықты күшейтуге және Мыңжылдық даму мақсатына қолдау көрсетуге бағытталған.
1 жыл бұрын (2009) Алматыда бірінші мамандандырылған құзға өрмелейтін «Skala» орталығының тұсау кесер рәсімі өтті. Кешен қаланың әдемi және экологиялық таза аудандарының бiрі - Үлкен Алматы шатқалында салынған.
Үш қабатты ғимараттың астынғы қабатындағы үлкен боулдринг залында екі түсіп тұратын сталактика және әр түрлі карниздер орналасқан. Осы жерде биіктігі 15 метрлік ғимараттың барлық қабаттарынан өтетін, өрмелеушілерді кешеннің кез-келген қабаттынан бақылауға болатын негізгі қабырға орналасқан.
ЕСІМДЕР
85 жыл бұрын (1925-2008) американдық генетик және биохимик, философия ғылымдарының докторы ДЖОШУА Ледерберг дүниеге келді.
АҚШ-тың Нью-Джерси штатында туған. Колубия, Йель университеттерін бітірген.
Висконсинский университетінің, Медицина мектебінің профессоры, Калифорния және Стенфорд университеттерінің молекулалық медицина зертханасының меңгерушісі қызметтерін атқарған.
Негізгі ғылыми еңбектері генетикалық мәселелерді зерттеуге арналған. Бактерияның генетикалық рекомбинациясының механизмін ашқан.
Физиология және медицина саласындағы микроорганизмдердің генетикасын зерттегені үшін Нобель сыйлығы тағайындалған.