Елбасы
Маусымның 10-11-і аралығында ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Ташкентте Шанхай ынтымақтастық ұйымына қатысушы мемлекеттер басшылары кеңесінің 10-шы отырысына қатысады.
ПАРЛАМЕНТ
Маусымның 10-ы күні сағат 10-да ҚР Парламент Сенатының пленарлық отырысы болады.
Маусымның 10-11-і күндері ҚР Парламенті Мәжілісінің заңнама және сот-құқықтық реформа жөніндегі комитетінің Қарағанды облысындағы көшпелі отырысы өтеді.
ҮКІМЕТ
Маусымның 9-10-ы аралығында екіжақты қатынастың тарихында алғашқы рет ЕҚЫҰ Қазіргі төрағасы, Қазақстанның Мемлекеттік хатшысы-Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаевтың Данияға ресми сапары басталады.
Маусымның 10-ы күні ҚР Үкіметінде ҚР Білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған Мемлекеттік бағдарламасы жобасын талқылайтын кеңес өтеді.
Маусымның 11-і күні сағат 15.00-де «BNews.kz» студиясында ҚР Мұнай және газ министрі Әсет Мағауовтың қатысуымен «Қазақстандағы мұнайхимия өнеркәсібінің дамуы» атты тақырыпта www.bnews.kz порталында оnline-конференция өтеді.
ҚАЗАҚСТАН ЖӘНЕ ӘЛЕМ
Маусымның 7-10-ы аралығында Ресейдің Түмен қаласында «Тіл саясаты және мигранттарды жерсіндірудің әлеуметтік-құқықтық сипаттары» деген тақырыпта халықаралық конференция өтеді.
Маусымның 8-9-ы күндері Ялтада (Украинаның оңтүстігі, Қырым автономиялық республикасы) ТМД-ға қатысушы мемлекеттер Кедендік қызмет басшылары кеңесінің отырысы өтеді.
Маусымның 11-12-сінде ҚХР Төрағасы Ху Цзиньтао Қазақстанға мемлекеттік сапар жасайды.
ҚОҒАМ
Маусымның 1-інен бастап елімізде жыл сайынғы «Скутер» шарасы басталып, ол шомылу маусымы аяқталғанға дейін жалғасады.
Маусымның 1-інен бастап «Қазкоммерцбанк» АҚ мемлекеттік бағдарлама бойынша "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қоры есебінен ипотекалық несиелеуді қайта қаржыландыруды жаңғыртады.
Маусымның 4-10-ы аралығында республика бойынша 151 пунктте Ұлттық бірыңғай тестілеу өтеді.
СПОРТ
Маусымның 7-12-сі күндеріелордадағы Ұлттық теннис орталығының кортында ITF Junior Circuit «The Youth of Capital» халықаралық турнирі өтеді.
АСТАНА
Маусымның 10-ы күні Астанадағы Дипломат қонақүйінде «Минералды ресурстар мен металлургия бойынша бірінші Қазақстандық Халықаралық конгресс» өтеді.
Маусымның 10-ы күні Астанадағы қалалық саябақта, су-құтқару стансысында «Адамдары су қоймаларында шомылау ережелерімен таныстыру» оқыту-әдістемелік іс-шарасы өтеді.
Маусымның 10-ы күні Қазіргі заман мұражайында «Латвия - взгляд с высоты птичьего полета» көрмесінің ашылуы болады.
АЛМАТЫ
Маусымның 1-і мен 12-сі аралығында Оқушылар сарайында Балаларды қорғаудың халықаралық күніне арналған «Балалар» сурет көрмесі өтеді.
Маусымның 9-10-ы күндері Алматыда «Қазақстандағы франчайзинг 2010» III халықаралық форумы өтеді.
Маусымның 10-ында Алматы қаласындағы ҚР Ұлттық кітапханасында аралас құқықтарды қорғау жөнінде семинар-кеңес өтеді.
Маусымның 10-ы күні Алматыда Қ.Сәтбаев атындағы ҚазҰТУ-де Қазақ политехникалық институт түлектерінің алғашқы Халықаралық форумы өтеді.
МАУСЫМНЫҢ 10-Ы, БЕЙСЕНБІ
ОҚИҒАЛАР
12 жыл бұрын (1998) Астана қаласында Қазақстан Республикасының жаңа астанасын ресми таныстыруға арналған салтанатты мәжіліс өтті. 1994 жылы Қазақстан Республикасы Парламенті отырысында Президент Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның астанасын Алматыдан Ақмолаға көшіру туралы ұсыныс жасады. 1997 жылы қазанның 20-да астананы ауыстыру туралы Жарлыққа қол қойды. 1998 жылы мамырдың 6-да Ақмола қаласының атауы Астана болып өзгерді. 10 маусым 2006 жылға дейін астананың туған күні ретінде атап өтіліп келді. 2006 жылдан бастап 6 шілде елорда күні ретінде атап өтіледі.
5 жыл бұрын (2005) Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Астанада Қазақ ұлттық музыка академиясы орган залының ашылу рәсіміне қатысты.
5 жыл бұрын (2005) Жезқазғанның Достық пен халықтар мәдениеті үйі алдында ақын Тайжан Қалмағамбетовқа ескерткіш орнатылды.
Тайжан Қалмағамбетов (1879-1937) - суырып салма ақын, 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілістің қатысушысы. Қарағанды облысы Ұлытау ауданында туған. Сталиндік тәртіп кезінде «халық жауы» атанып 1937 жылдың 26-шы қыркүйегінде ату жазасына тартылған. Тайжан ақынның шығармалары «Қазақ халқының 1000 өлеңі», «Пернедегі термелер», «Халық ақындары» жинақтарында жарияланған. 1984 жылы «Ой ағысы» атты өлеңдер мен әндер жинағы, 2004 жылы «Сақ-сақ күлсін сырнайым» атты жинағы жарық көрді. Оның есімі Жезқазған филармониясына берілген.
Ескерткіштің авторлары - мүсіншілер Өмірхан Жүнісбеков, Шақыбәдін Сейткенов, сәулетші Асқар Сариев.
1 жыл бұрын (2009) Қазақстан Республикасының Президенттік мәдениет орталығында Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты, экономика ғылымдарының докторы, профессор Өмірбек Байгелдінің «Табылмай келген қазына» атты ғылыми-деректі фильмінің және қытайдың ақыны Ли Бо туралы кітабының тұсау кесер рәсімі өтті.
Өмірбек Байгелді өзінің жұмысында 1300 жыл бұрын дүниеге келген қытайдың ұлы ақыны Ли Бо Қазақстанның Шу өңірінде туғанын дәлелдеген.
ЕСІМДЕР
55 жыл бұрын (1955) Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты -Аграрлық мәселелер комитетінің мүшесі, техника ғылымдарының кандидаты, доцент РАМАЗАНОВ Еркін Аманоллаұлы дүниеге келді.
Павлодар облысында туған. Қазақ химия-технологиялық институтын бітірген.
Алматы сәулет-құрылыс институты технология факультетінің деканы, құрылыс материалдары кафедрасының доценті. 1992-1998 жылдары - «ЮРСК» компаниясының директоры, «Қазэкспортастық» акционерлік қоғамының бас директоры, президенті, бақылау кеңесінің төрағасы, директорлар кеңесінің төрағасы. 1999-2007 жылдары - ІІІ сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты. 2007 жылдан - Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты - Аграрлық мәселелер комитетінің мүшесі.
Бір монографияның, бес авторлық куәліктің және елуден астам ғылыми еңбектің авторы.
35 жыл бұрын (1975) математика ғылымдарының кандидаты, «Қазақтелеком» АҚ басқарма төрағасы ЕСЕКЕЕВ Қуанышбек Бақытбекұлы дүниеге келді.
Алматы қаласында туған. Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетін бітірген.
«Қазақойл» ЖАҚ-ның, «Қазақстан темір жолы» РМК-ның ақпараттық технологиялар департаменті жетекшісі, Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің, Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігінің департамент директоры, Қазақстан Республикасы Ақпараттандыру және байланыс агенттігі төрағасының орынбасары, төрағасы қызметтерін атқарған. Аталған қызметінде - 2010 жылдың наурыз айынан.
МАУСЫМНЫҢ 11-І, ЖҰМА
ОҚИҒАЛАР
3 жыл бұрын (2007) Өскеменнің төрт орталық көшесі жаңа атаулармен өзгертілді. Бұрынғы Ленин даңғылы - Тәуелсіздік даңғылы, Қызыл Қыран жағалауы - Александр Протозанов атындағы көше деп аталды. Текстильщиктер даңғылы - академик Қаныш Сәтбаевтың, Ермак көшесі - Жақыпбек Малдыбаевтың есімдеріне ие болды.
Бұдан басқа қаланың орталық алаңы - Республика алаңы, ал қалалық саябақ - «Жастар» саябағы деп аталды. Қаланың тағы бір көшесі Панкратьев бағының негізін қалаған Густав Винтениустің, солтүстік жағалауда салынып жатқан жаңа даңғыл Ілияс Есенберлиннің есімдерін иеленді.
3 жыл бұрын (2007) Ресейде семейлік жазушының «Сталин - разгадка Сфинкса» атты кітабы жарық көрді. Кітаптың авторы Марат Ахметов - бұрынғы журналист, біздің республикамызда КСРО-ны басқарған тарихи адамдар туралы жазатын адамдардың бірден бірі.
«Сталин - разгадка сфинкса» кітабында Иосиф Джугашвили басқа тұрғыдан бейнеленген. Кітап автордың екі ел мұрағатында ізденіс жұмыстарын өткізіп және Сталинді жеке таныған адамдармен кездесу нәтижесінде жасалған хроникалық-деректі шығарма болып табылады.
1 жыл бұрын (2009) Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен Қостанай облысы Рудный қаласында №6 ТЭЦ АО «ССГПО» энергоблогы іске қосылды. Жобаның құны - 8241,3 млн. теңге, ал қуаттылығы - 63 МВт.
ЕСІМДЕР
100 жыл бұрын (1910-1997) францияның атақты мұхит зерттеушісі, кинорежиссер, өнертапқыш, фотограф, Франция академиясының мүшесі КУСТО Жак Ив дүниеге келді.
Францияның Сен-Андре-де-Кюбзак қаласында туған. Францияның теңіз академиясын бітірген.
1943 жылы Эмиль Ганьянмен бірге аквалангты ойлап тауып, оны сынақтан өткізді.
Кусто «Калипсо» кемесімен мұхиттың графикалық зерттеулерін жүргізді. Фредерик Дюмамен бірлесіп жазған «В мире безмолвия» атты кітабы Кустоға атақ алып келді. 1956 жылы кітап бойынша түсірілген фильмі «Оскар» және «Золотая пальмовая ветвь» сыйлығын иеленді.
1957 жылдан Монакодағы Мұхиттану институтының директоры болды. Бүкіләлем көрермендеріне кеңінен танымал фильмдердің авторы. 1973 жылы теңіз ортасын қорғау коммерциялық емес «Кусто қоғамын» құрды.
«Тірі теңіз», «Дельфиндер», «Жак Кусто: мұхит әлемі» кітаптардың авторы.
МАУСЫМНЫҢ 12-І, СЕНБІ
Бүкіләлемдік бала еңбегімен күрес күні. Халықаралық Еңбек ұйымы (ХЕҰ) 2002 жылы барлық елдерді қамтыған балалар еңбегіне және оның ең жайсыз түрлеріне тыйым салу үшін қозғалысқа көңіл аудару мақсатында маусымның 12-сін Бүкіләлемдік бала еңбегімен күрес күні деп жариялады.
Нәтижесі 1999 жылдың 17 маусымында ХЕҰ Бас конференциясының Женевадағы 87-ші сессиясымен қабылданған бала еңбегінің ең жайсыз түрлері туралы ХЕҰ-ның №182 және ең төменгі жас туралы № 138 Конвенциясын бекіткен елдердің саны арта түсуі болып табылған бұл қозғалысқа Бүкіләлемдік күн жаңа серпін бермек.
Қазақстан бұл Конвенцияны 2002 жылдың 26 желтоқсанында бекітті.
ОҚИҒАЛАР
85 жыл бұрын (1925) Қазақ өлкелік комитетінің РКП (б) хатшылығы қазақ пролетар жазушыларының ассоциациясын (ҚазААП) құру туралы шешім қабылдады. Бұл ассоциация жазушылардың дүниетанымының қалыптасуында, олардың саяси көзқарастарының анықталуында, әдебиетке жаңа күштерді тартуда, жазушылар мен ақындардың идеялық-көркемдік шеберлігін арттыруда маңызды рөл атқарды.
10 жыл бұрын (2000) Алматыда жазушы Сәбит Мұқановтың (1900-1973) ескерткіші ашылды.
3 жыл бұрын (2007) Екібастұз ГРЭС-інде қуаты 500 киловаттық жаңартылған №4 энергоблок іске қосылды.
1 жыл бұрын (2009) Қазақстанда алғашқы рет австрияның бір тума сазгері Франц Шуберттің «Октет фа мажор» атты шығармасы орындалды.
Концертті «А-Моторс» компаниясының Алматыдағы Nissan ресми дилерінің қолдауымен Халықаралық фаготистер қауымдастығының мүшесі, халықаралық байқаулардың лауреаты, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваторияның түлегі Жамбыл Мұхамбетжанов ұйымдастырды.
1 жыл бұрын (2009) Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентiнiң интеллектуалды мектептерiнiң дамуы туралы сарапшы-консультациялық кеңестің алғашқы мәжiлiсi болып өттi.
Сарапшы-консультациялық кеңес «Өркен» АҚ-ның жанындағы зияткерлік мектептерде физика-математикалық және химия-биологиялық пәндерді тереңдетіп оқытуға бағытталған бiлiм беру ісіне ғылыми-әдiстемелiк қамтамасыз ету мақсатымен құрылған.
ЕСІМДЕР
80 жыл бұрын (1930) шопан, Социалистік Еңбек Ері, Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген ауыл шаруашылығы қызметкері МОЛДАСАНОВ Жолсейіт дүниеге келді.
Алматы облысының Райымбек ауданында туған.
1947 жылдан қазіргі Райымбек ауданының Қарқара өңірінде шопан болды. Ол әр 100 саулықтан 141 қозы алып, әр қойдан 4 кг жоғары сапалы жүн қырықты.
Оның есімі республикалық Құрметті Алтын кітапқа жазылды.
2 мәрте Ленин және Қазан революциясы ордендерімен, медальдармен марапатталған.
МАУСЫМНЫҢ 13-І, ЖЕКСЕНБІ
Қасиетті Раджаб айының басы (Мұсылман мейрамы). Раджаб айы - үш қасиетті айлардың бірі (Раджаб, Шағбан, Рамазан). Алла Тағаланың өзінің құлдарына жасаған ең үлкен рақымшылығы болып табылады. Бұл айларда жақсы әрекет жасағандарға сауап тиеді және жасаған күнәларына шын көңілден өкінетін жандарды Алла Тағала кешіреді.
«Раджаб» сөзі үш әріптен тұратын (араб тілінде дауысты дыбыс жоқ): «Р» - «рахмат» (Алла Тағаланың қайырымдылығы), «дж» - «джурмулгабди» (Алла Тағала құлдарының күнәлары) және «б» - «бирру Ллахи Тағаля» (Алла Тағаланың жақсылығы) деген мағынаны білдіреді.
Ресей жеңіл өнеркәсіп қызметкерлерінің күні. Маусымның екінші жексенбісінде атап өтіледі. 1980 жылғы қазанның 1-де КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумы «Мерекелік және атаулы күндер туралы» Жарлығымен бекітілген.
ОҚИҒАЛАР
12 жыл бұрын (1998) Германияда Қазақстанның мәдени күндері басталды.
9 жыл бұрын (2001) Алматыда I Республикалық «Бөбек шақырады» фестивалі өтті.
3 жыл бұрын (2007) Халықаралық баспасөз орталығында «Сұрапыл жылдар құрбандарына тағзым» атты кітаптың таныстырылымы болды.
Оған Ақмола облысының 400-ден астам майдангерлердің шығармалары енді. Кітапта Талғат Бигелдинов, Рахымжан Қошқарбаев, Әлмұқан Сембинов сынды батырлар туралы естеліктер жинақталып, Ақмола облысынан шыққан әскери дивизиялардың ерліктері баяндалады. Ұлы Отан соғысы кезінде Ақмола облысынан 70 мыңнан астам азамат майданға аттанған болатын.
Екі мәрте Кеңес Одағының Батыры атағына ие болған Талғат Бегелдинов 1922 жылы Ақмола облысының Ақмола ауданы Майлыбалақ ауылында дүниеге келді. Орынбор және Саратов қалаларындағы әскери авиация училищесін, Әскери-әуе академиясын бітіріп 1956 жылға дейін КСРО Қарулы Күштерінде командирдің орынбасары және авиация полкінде штаб бастығы қызметтерін атқарған. 1956 жылдан запастағы авиацияның генерал-майоры. Талғат Бегелдинов атындағы Халықаралық қайырымдылық қордың президенті. Бұл қор Қазақстан Республикасының және шетелдердің мемлекеттік және қоғамдық ұйымдарымен бірлесіп жұмыс істейді. 1945,1985 және 1995 жылдарғы Жеңіс шеруіне қатысқан. «Илы атакуют», «305 рейдов» және «Сражение в воздухе» кітаптарының авторы. Ленин, екі мәрте Қызыл Ту, І-,ІІ дәрежелі Отан соғысы, Қызыл Жұлдыз, Александр Невский, ІІІ-дәрежелі Даңқ ордендерімен және медальдарымен марапатталған. Алматыда тұрады.
Қошқарбаев Рақымжан (1924-1988) Ақмола облысының Тайтөбе ауылында өмірге келген. 1945 жылғы 30 сәуірде ол жауынгер Григорий Булатовпен бірге Кеңес әскерлері арасынан Рейхстагқа алдымен жетіп, жеңіс туын тікті. Берлиндегі Рейхстагқа ту тігіп, қазақтың нағыз батыр ұлт екендігін дәлелдеген қайсар азамат Рақымжан Қошқарбаевқа 1999 жылы тәуелсіз еліміздің «Халық қаһарманы» атағы берілді. Р.Қошқарбаев 1988 жылы 10 тамызда Алматыда қайтыс болды.
Үздік барлаушы Әлмұқан Сембинов (1924-1972) Ақмола ауданының Жаңабірлік ауылында дүниеге келген. 1943 жылдың қақаған қысынан жеңістің жылы самалы соққанға дейін майданның алғы шебінде болған ардагердің жолы ерлікке толы. Ол өзінің сенімді серіктері Данил Лебедкин және Николай Беловпен бірге жау бекінісінен талай рет «тіл» алып келіп, олардың жоспарлары мен құпия істерін ашып, жеңіс күнін жақындатуға көп үлес қосқан. Қызыл Жұлдыз, І, ІІ, ІІІ дәрежелі «Даңқ» ордендерімен, медальдармен. Бүгінгі таңда Астана қаласының бір көшесі майдангер атамыздың есімімен аталады.
ЕСІМДЕР
55 жыл бұрын (1955) композитор, Қазақстан Композиторлар одағының төрайымы, филология ғылымының кандидаты ҚЫДЫРБЕК Балнұр Балғабекқызы дүниеге келді. Алматы қаласында туған. К.Байсейітова атындағы республикалық арнаулы музыка мектебін, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясын бітірген.
Алматы мемлекеттік консерваториясында, Қазақстан Композиторлар одағында қызмет істеген.
«Қарлығаштың құйрығы неге айыр» атты тұңғыш ұлттық балалар балетінің, «Қалқаман-Мамыр» опера-балетінің, «Наурыз мейрам хикаясы» балетінің, сондай-ақ көптеген симфониялық поэмалар мен увертюралардың, оркестрлік, камералық шығармалардың авторы. Ол - отандық музыка тарихында тұңғыш рет үрмелі аспаптар оркестріне арналған шығармалар жазған композитор.