ҮКІМЕТ
Маусымның 15-і мен 23-і аралығында Ішкі істер министрлігінің сайтында (www.iim.kz және www.mvd.kz) нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрес, есірткі қылмыстары үшін жауапкершілікті күшейту мәселелеріне арналған интернет-конференция өтеді. Жұртшылықтың сауалдарынан Ішкі істер вице-министрі Қалмұханбет Нұрмұханұлы Қасымов жауап береді. Сауалдар ведомство сайтының «Конференция» айдарында маусымның 15-і мен 23-і аралығында қабылданады, ал вице-министрдің жауаптары маусымның 26-сы күні шығады.
Маусымның 23-інде ҚР Қоршаған ортаны қорғау министрлігінің алқа отырысының жиыны өтеді.
ПАРЛАМЕНТ
Маусымның 23-інде ҚР Парламент палаталаларының бірлескен отырысы өтеді
ҚОҒАМ
Маусымның 23-інде сағат 15.00-де Отан Қорғаушылардың ескерткішіне гүл шоқтарын қою салатанаты өтеді. Сағат 16.00-де Қазақстан полициясының 17 жылдығына арналған салтанатты концерт болады.
Маусымның 23-інде сағат 19.00-де Бейбітшілік және Келісім сарайында ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қатысуымен Адольф Аданның «Корсар» балетінің тұсаукесер қойылымы болады.
СПОРТ
Маусымның 16-22-сі күндері Румынияның Бухарест қаласында ауыр атлетикадан Әлем чемпионаты өтеді. Онда қазақстандықтар 4 салмақ дәрежесі бойынша бақ сынамақ. Бұл дүбірлі додада ел намысын қорғайтын 7 атлеттің төртеуі - қызылордалықтар. Олар - 85 килә салмақтағы Мирас Қожахметов, 94 киләдағы Роман Русяновский мен Альберт Хакимурин және 105 киләдағы Айбол Алдабергенов. Бапкерлер бұл сайыста өзге өңірлерден тек 77 киләдағы қарағандылық Роман Кулик пен Александр Дзюбаны және 85 киләдағы алматылық Тахир Халматовты қосып отыр.
Маусымның 20-сы мен 30-ы аралығында Ыстықкөлдің жағасында Шолпанатада өтетін халықаралық шахмат фестиваліне Астана, Алматы, Қарағанды және республиканың басқа да қалаларынан қазақстандық шахматшылардың үлкен тобы қатыспақ.
Маусымның 17-24-і күндері Дубайда волейболдан ерлер арасында клубтық Азия чемпионаты өтеді. Біріккен Араб Әмірліктеріндегі бұл дүбірлі додаға биыл 14 команда қатыспақ. Онда ел намысын XVII Қазақстан чемпионатының жеңімпазы Алматының «Алматы» клубы қорғамақ.
ҚАЗАҚСТАН ЖӘНЕ ӘЛЕМ
Маусымның 10-ы мен 26-сы аралығында «In search of Kazakhstan» бағдарламасы аясында Нидерландыдан келген волонтерлер тобы Алматыда болады. Нидерландылық волонтерлер «Code-X International» халықаралық бағдарламаны ұсынады.
Ұйымдастырушылар: «Komanda SOS» волонтерлер үйлестіруші оталығы және «Нұр Отан» ХДП жанындағы «Жас Отан» жастар қанаты» қоғамдық бірлестігінің Алматы қалалық филиалы.
Маусымның 23-і мен 25-і аралығында Лондон мэрі Сити Иан Дэвид Лудердің Қазақстанға сапары болады.
АСТАНА
Маусымның 23-інде сағат 11.00-де Президенттің мәдениет орталығында Қазақстан полициясының 17 жылдығына арналған салтанатты жиын өтеді.
Маусымның 23-інде сағат 14.00-де Тарих институтында «ҚР Президенті Н.Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауының тарихи мәні» атты халықаралық ғылыми- практикалық конференция өтеді.
АЛМАТЫ
Маусымның 23-інде Шамалған стансысында ҚР Президентінің туған жері туралы фоторепортаж ұйымдастырылады.
Маусымның 23-інде сағат 11.00-де «Интерфакс» баспасөз орталығында «Казкоммерцбанк» АҚ баспасөз мәслихаты өткізіледі.
Маусымның 23-інде сағат 14.00-де Қазақстан баспасөз-клубында «Үкіметтік емес ұйымдар азаптауға қарсы күресте күш біріктіреді» деген тақырыпта баспасөз мәслихаты өтеді.
Маусымның 23-інде сағат 17.00-де «Ою» галереясында Кармен Барбараның «Қазына аралы» атты жеке көрмесі өтеді.
--------------------------------------------------------------------------------------------------
АТАУЛЫ КҮНДЕР. ЕЛЕУЛІ ОҚИҒАЛАР.
МАУСЫМНЫҢ 23-і, СЕЙСЕНБІ
Қазақстан полициясы күні. 1992 жылғы маусымның 23-інде ҚР Жоғарғы Кеңесі «Қазақстан Республикасы ішкі істер органдары туралы» Заң қабылдады. Бұл Қазақстан полициясының қызметі мен міндетін анықтайтын алғашқы құқықтық акт болатын. 2007 жылы маусымның 5-інде Мемлекет Басшысы Нұрсұлтан Назарбаев өз Жарлығымен маусымның 23-ін - Полиция күні деп бекітті.
Халықаралық Олимпиадалық жүгіру күні. Қазіргі Олимпиадалық қозғалыстың басшы органы - Халықаралық Олимпиада комитетінің құрылған жылынан (1894 жылғы маусымның 23-і) бастап атап өтіледі.
БҰҰ-ның Мемлекеттік қызмет күні. 2002 жылғы желтоқсанның 20-дағы БҰҰ Бас Ассамлеясының шешімімен бекітілген.
Люксембург Ұлы Герцогтігінің Ұлттық мейрамы - Ұлы Герцогтың туған күні (1921). Люксембург Батыс Еуропада орналасқан мемлекет. Солтүстігінде және батысында Бельгиямен, шығысында Германиямен, оңтүстігінде Франциямен шектеседі. Әкімшілік жағынан 3 округке бөлінеді. Астанасы - Люксембург қаласы. Мемлекеттік тілі - француз және неміс тілдері. Ақша бірлігі - еуро. Люксембург - конституциялы-монархиялы ел. Мемлекет басшысы - Люксембург Ұлы Герцогы. Жоғары заң шығарушы органы - парламент (Депутаттар палатасы). Жоғары атқарушы органы - Үкімет.
Қазақстан Республикасы мен Люксембург Ұлы Герцогтігі арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас 1992 жылғы маусымның 29-да орнатылды.
Молдова Республикасының тәуелсіздігін жариялаған күні (1990). Қазақстан Республикасы мен Молдова арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас 1992 жылғы шілденің 31-де орнатылды.
ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР
17 жыл бұрын (1992) Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен Қазақстан Республикасының Министрлер Кабинеті жанындағы Ұлттық патент ведомствосы (Қазпатент) құрылды. Елбасының 1995 жылғы қазанның 19-дағы Жарлығымен Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинеті жанындағы Ұлттық патент ведомствосы Қазақстан Республикасы Ұлттық патенттік ведомствосы болып қайта құрылды.
16 жыл бұрын (1993) Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә.Назарбаевтың қаулысымен Алматы шет ел тілдері педагогикалық институты Қазақ мемлекеттік әлем тілдері университеті болып қайта құрылды. (Қазір «Абылай хан атындағы халықаралық қатынастар және әлем тілдері университеті» АҚ-ы)
15 жыл бұрын (1994) Қазақстан Республикасы Президенті Н.Назарбаевтың «Қазақстан Республикасындағы кәсіпкерлікті қолдау мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасы туралы» қаулысы жарияланды.
8 жыл бұрын (2001) елордада «SOS Астана балалар қалашығы» ашылды.
ЕСІМДЕР
85 жыл бұрын (1924) техника ғылымының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі, Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым қайраткері ИСАКОВА Руфина Афанасьевна дүниеге келді.
Алматы облысында туған. Қазақ тау-кен металлургия институтын (қазіргі Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университеті) бітірген. 1947-1994 жылдары - Қазақстан Ғылым академиясы Металлургия және кен байыту институтының лаборанты, кіші, аға ғылыми қызметкері, зертхана меңгерушісі қызметтерін атқарған. 1991 жылдан осы институтта бас ғылыми қызметкер болып істейді.
Ғалымның негізгі ғылыми еңбектері вакуумдық металлургия саласына, металдарды вакуумде тазартуға және аса таза металдар алуға, түсті металлургияның бастапқы сульфидті шикізатын вакуумде термиялық жолмен қайта өңдеуге арналған. Ол сынап-сүрмелі, алтын-мышьякты, алтын-сүрмелі, мыс-висмутты мыс-қорғасынды және басқа да полиметалл қоспаларын вакуумде өңдеу технологиясын жасауға үлес қосты. Оның жетекшілігімен зертхана ұжымы сульфидтерді вакуумдеу жөніндегі кинетикалық зерттеулер әдісін жасап, оны өндірісте игерді. Зерттеу нәтижелері Шымкент, Өскемен, Ертіс және Лениногор зауыттарындағы штейндерді вакуумдеу жөніндегі өнеркәсіптік-тәжірибелік сынақтарда қолданылды.
«Құрмет белгісі» орденімен, медальдармен марапатталған.
30 жыл бұрын (1979) Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің баспасөз хатшысы ШӘКІРОВА Айнагүл Еркінқызы дүниеге келді.
Ол Kazakhstan Today агенттігінде, Ұлттық баспасөз клубында, PR-компанияда қызмет жасаған. Қазіргі қызметінде 2007 жылдан бастап істейді.
120 жыл бұрын (1889-1966) орыс ақыны, аудармашы АХМАТОВА (Горенко) Анна Андреевна дүниеге келді.
Киевтегі жоғары әйелдер курсында, Киев университетінің заң факультетінде білім алды. «Кеш» атты алғашқы өлеңдер жинағы 1912 жылы жарияланды. Кейін «Жел, мені жерле», «Үйеңкі», «Ән», т.б. поэтикалық жинақтары жарық көрді. Ол лирикалық миниатюраның әлемге танымал шебері. Оның поэзиясында түркілік пафос, азиялық таным, көркемдік қабылдау ерекше аңғарылады.
Шығыс пен Батыс поэзиясының үздік дәстүріне үндескен А.Ахматова шығармалары өзіндік дара стилімен өзгешеленеді. «Замана ағымы» жинағы үшін Италияның Энта-Таормин әдеби сыйлығы берілді. Оксфорд университетінің құрметті докторы болды. Өлеңдері ағылшын, француз, итальян, жапон, чех және басқа да тілдерге аударылған.