ҮКІМЕТ
Наурыздың 15-інде Сыртқы істер министрлігінде ҚР Мемлекеттік хатшысы -Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев Босния және Герцоговина Сыртқы істер министрі Свен Алкалаймен кездеседі.
Наурыздың 15-інде сыртқы саясат ведомствосында апталық брифинг болады.
Наурыздың 15-інде ҚР Мемлекеттік хатшысы -Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев елімізге жұмыс сапарымен келген Еуропалық Кеңестің Парламентаралық Ассамблеясының төрағасы Мевлют Чавушоғлынмен кездеседі.
Наурыздың 17-сінде сағат 15.00-те BNews.kz порталында (www.bnews.kz ) Бәсекелестікті қорғау агенттігінің төрағасы Мәжит Есенбаевтың қатысуымен оnline-конференция өтеді.
ПАРЛАМЕНТ
Наурыздың 15-і күні Мәжілісте «Қазақ тілі - ел бірлігінің кепілі» атты ғылыми-тәжірибелік конференция өтеді.
СПОРТ
Наурыздың 14-і мен 19-ы аралығында Астанада Қазақстан, Өзбекстан, Әзірбайжан және Украина ұлттық құрамаларының қатысуымен бокстан халықаралық турнир өтуде.
ҚАЗАҚСТАН ЖӘНЕ ӘЛЕМ
Наурыздың 15-і мен 17-сі аралығында Қазақстанда Еуропалық Кеңестің Парламентаралық Ассамблеясының төрағасы Мевлют Чавушоғлы жұмыс сапарымен болады.
Наурыздың 15-і мен 16-сы аралығында Минскіде Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының 18-ші экономикалық-экологиялық форумына екінші мәрте дайындық конференциясы өтеді.
АСТАНА
Наурыздың 10-мен 28-і аралығында Астана қаласындағы қазіргі заман өнері мұражайында Германияның Қазақстандағы жылы ауқымында Қазақстан-неміс университеті Қазақстандағы алғашқы «Су және Энергия: өзің үшін Н2О және Ватт әлемін аш!» жылжымалы көрмесін ұсынады.
Наурыздың 15-і күні Астанадағы «Редиссон САС» қонақүйінде исламдық қаржыландыру мәселесіне арналған екікүндік конференция ашылады.
Наурыздың 15-інде Қазақстан тұтынушылары ұлттық лигасы Дүниежүзілік тұтынушылар күніне орай 2009 жылдың қорытындысы бойынша баспасөз мәслихатын өткізеді.
Наурыздың 15-інде ҚР Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі ҚР Білім және ғылым министрлігімен бірлесе отырып, «Жастар жемқорлыққа қарсы» республикалық кең ауқымды акциясының басталуына арналған баспасөз мәжілісін өткізеді.
Наурыздың 20-сы күні Президенттік мәдениет орталығында «Түрік дүниесі» орталығының ашылу рәсімі болады.
Наурыздың 21-і күні Президенттік мәдениет орталығының сыйкәде өнімдерінің тұсаукесері (көрме-жәрмеңке) өтеді. Көрме ашылу рәсімі аясында «Армысың, әз-Наурыз!» атты театрландырылған концерттік бағдарлама ұсынылады.
АЛМАТЫ
Алматыда наурыздың 15-і күні Қазақтың әл-Фараби атындағы ұлттық университетінде «Қазақстанның мемлекеттік ақпараттық саясаты: болашаққа көзқарас» атты әдістемелік оқу құралының тұсаукесері өтеді
Алматыда наурыз айының 16-сы күні Қазақ қатынас жолдары университетінде Наурыз мерекесіне арналған «Жан жылуы» қайырымдылық шарасы өтеді.
Наурыздың 17-і күні Алматыда А.Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер мұражайында «Жібек жолы - Қытайдың жібек өнері» атты көрме ашылады,
АЙМАҚ
БАТЫС ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫ
Ақпанның 23-і мен наурыздың 23-і аралығында Батыс Қазақстан облысында туберкулезбен күрес айлығы өткізілмек.
АТАУЛЫ КҮНДЕР. ЕЛЕУЛІ ОҚИҒАЛАР. МЕРЕЙТОЙЛАР.
НАУРЫЗДЫҢ 15-І, ДҮЙСЕНБІ
Бүкіләлемдік тұтынушы құқы күні. 1961 жылғы АҚШ Конгресінде Джон Ф.Кеннеди сөз сөйлеуі жылдық мерекесінде атап өтіледі. Өз сөзінде ол тұтынушының негізгі төрт құқын атап өтті: қауіпсіздігін сақтау құқығы, ақпарат алу құқығы, таңдау құқығы және сөзін тыңдату құқығы.
Кейінірек бұған тағы да төрт құқық қосылды: келтірілген зиянды өтеу құқығы, тұтынушы біліміне құқығы, негізді қажеттілігін қанағаттандыру құқығы, таза қоршаған ортада өмір сүру құқығы.
1983 жылы наурыздың 15-і халықаралық мейрамдар күнтізбесінде Бүкіләлемдік тұтынушы құқы күн бекітілді.
ОҚИҒАЛАР
5 жыл бұрын (2005) Ақмола облысы Астрахан ауданында Жауынгерлер даңқы мұражайы ашылды.
Мұражай экспонаттарының арасында аудандық соғыс ардагерлерiнің жеке заттары, каска, сапер күректері, ордендері және медалдары, үшбұрыш хаттары бар. Сонымен бiрге, сол жылдары жарық көрген кеңес жауынгерлерінің батырлығы туралы баяндайтын шығармалар, фотоальбомдар да бар.
5 жыл бұрын (2005) Оралда Почиталин көшесіндегі Ұлы Отан соғысының ардагері, милиция генерал-майоры Наурыз Өтегенов тұрған үйдің қабырғасына ескерткіш тақта орнатылды.
Наурыз Өтегенов (1925-2005) Батыс Қазақстан облысының Жаңақала ауданында дүниеге келген. Ұлы Отан соғысына қатысқан. Соғыстан кейін көп жылдар бойы құқық қорғау органдарында қызмет еткен, 1979 жылы генерал-майор шенін алған. 1974-1986 жылдары Гурьев (қазіргі Атырау) ішкі істер басқармасының бастығы қызметін атқарған.
І дәрежелі Ұлы Отан соғысы, «Қызыл Ту» ордендерімен, «Ерлігі үшін», «Еңбегі үшін» медальдарымен марапатталған. Жанақала ауданының Құрметті азаматы.
3 жыл бұрын (2007) Ахмет Жұбанов атындағы республикалық мектепте балалар хорына арналған Әліби Әбдінұровтың «Ұрпақ әуені» шығармалар жинағының концерті өтті.
Жинақтың шығу мақсаты қазақ композиторы, ғалым және қоғам қайраткері, академик Ахмет Жұбановтың 100-жылдық мерейтойына арналған. Жинаққа 12 хордың миниатюралары және кантаталары кiрдi.
Музыканың авторы Нартай Бекежанов, Мағжан Жұмабаев, Сейфолла Оспанов және т.б. сияқты белгiлi қазақ ақындарының өлеңдерiн таңдаған.
ЕСІМДЕР
105 жыл бұрын (1905-1979) әнші-актер, режиссер, драматург, Қазақстанның халық әртісі БАЙСЕЙІТОВ Қанабек дүниеге келді.
Алматы облысында туған.
Жастайынан ән салып, «әнші бала» атанады. 1920 жылдан қызметке араласа бастайды. Ауылдағы сауат ашу мектебінде оқытушы болады. Қазақ педагогикалық техникумын бітірген. Осы техникумда оқып жүргенде, 1926 жылы техникум өнерпаздары қойған Ж.Шаниннің «Арқалық батыр» спектакліндегі Арқалық рөлін ойнап, актерлік талантын байқатады. 1927 жылы ұйымдастырылған жастар театрының режиссері болды. 1929 жылы Қазақ драма театрына қабылданды. Актерлік қызметімен қатар, пьесалар («Озбыр болыс», «Зәуре», «Тартыс», «Келіншек», т.б.) жазып, орыс жазушыларының бірнеше пьесасын қазақшаға аударды. Қазіргі Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрында М.Әуезов пен И.Коцыктың «Айман - Шолпанында» Арыстанның тұлғасын сахналады. Төлеген, Тарғын, Абай, Арыстан хан сияқты түрлі сипаттағы опералық образдарды сомдады. Ол Қазақ опера және балет театрының (Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театры) алғашқы режисерлерінің бірі ретінде «Абай», «Қамар сұлу», «Қыз Жібек», «Дударай», «Даиси», «Евгений Онегин», «Князь Игорь» операларын сахнаға шығарды. Көптеген кинофильмдерде ойнап, драматургия саласында да жемісті еңбек етті. «Беу, қыздар-ай», «Ой, жігіттер-ай» комедияларының, «Достық жолымен» балетінің және «Айсұлу», «Алтын таулар» атты опералардың либреттоларын (Қ.Шаңғытбаевпен бірге) жазды. Оның «Құштар көңіл» кітабы қазақ, орыс тілдерінде жарық көрді.
Еңбек Қызыл Ту, «Құрмет Белгісі» ордендермен, медальдармен марапатталған.
90 жыл бұрын (1920-1978) ғалым, ботаник-миколог, фитопатолог, биология ғылымдарының докторы, профессор ҚАЛЫМБЕТОВ Бердіқұл Қалымбетұлы дүниеге келді.
Ұлы Отан соғысына қатысқан.
Қызылорда облысы Сырдария ауданында туған. Ортаазиялық мемлекеттік университетін бітірген.
Қазақ КСР Ғылым Академиясы Алматы ботаника бағының аға ғылыми қызметкері, директоры, Қазақ КСР Ғылым Академиясы Ботаника институты споралы өсімдіктер биологиясы зертханасының аға ғылыми қызметкері, меңгерушісі, Қазақ ауыл шаруашылығы институты (Қазақ ұлттық аграрлық университет) фитопатология кафедрасының меңгерушісі қызметтерін атқарған.
Негізгі ғылыми еңбектері Қазақстан мен Түрікменстан микофлорасындағы микология мәселелеріне арналған. Саңырауқұлақтың ғылымға беймәлім 100 түрін ашқан.
2-дәрежелі Отан соғысы, Қызыл Жұлдыз ордендерімен және медальдармен марапатталған.
НАУРЫЗДЫҢ 16-Ы, СЕЙСЕНБІ
Республикалық ұланның құрылған күні. 1992 жылғы наурыздың 16-сында Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен Қарулы күштердің өз алдына бөлек әскери құрылымы және резерві болып құрылған Республикалық ұлан бүгінде шын мәніндегі армиямыздың таңдаулы бөлімі, үздік әрі мейлінше беделді жүйесі болып есептеледі. Республикалық ұланға Республиканың мемлекеттік билік және басқармалардың жоғарғы органдарын, Президенттің, Парламент пен Үкімет басшыларының көлік құралдарын Республика аумағында және сырт жерлерде күзету, ҚР Мемлекеттік туы мен Мемлекеттік елтаңбасының эталондарын күзету, шетел мемлекет басшыларын күтіп алу, шығарып салу кезінде, ҚР мейрамдары мен салтанаттарында жоралғылық рәсімдерді орындау, мемлекеттік және қоғамдық қауіпсіздікке әсер ететін құқық тәртібін бұзушыларды тоқтату, ҚР аумағындағы Конституцияға қарсы сипаттағы қарулы және басқа да әрекеттерді тоқтату, ҚР заңдарында көзделген тәртіпте төтенше жағдай режімі кезінде іс-шаралар жүзеге асыру міндеттелген.
ОҚИҒАЛАР
5 жыл бұрын (2005) Алматыда, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің тарих факультетінде танымал ғалым-педагог Жанұзақ Қасымбаев атындағы аудитория ашылды.
Жанұзақ Қасымбаев (1941-2004) - тарих ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасының халыққа білім беру ісінің үздігі, Қазақстан Республикасы халыққа білім беру ісінің еңбек сіңірген қызметкері, Қазақстан Республикасы Гуманитарлық Ғылымдар Академиясының академигі, Қырғыстан Тарихшылар қауымдастығының құрметті мүшесі, Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылымдар Академиясының «Парасат» орденімен және Құрмет грамотасымен марапатталған. 1981 жылдан Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті Қазақстан тарихы кафедрасын басқарды. Осы университетте 40 жылдан аса қызмет етті. Негізгі ғылыми зерттеу жұмыстарының бағыты - Ресейге қосылған Қазақстан өлкелері, XVIII ғасыр мен ХХ ғасырдың басындағы ұлт-азаттық қозғалыстар, көшпендi және отырықшы тұрғындардың Орталық Азия елдерімен қарым-қатынастары, халықаралық саяси және сауда-саттық байланысы, XVIII ғасыр мен XIX ғасырдың бiрiншi жартысындағы қазақ хандарының өмiрі мен қызметтерi.
5 жыл бұрын (2005) Оралда Плясунков көшесіндегі танымал журналист, республикамыздың еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Наурызғалы Сыдықовтың тұрған үйдің қабырғасына ескерткіш тақта орнатылды.
Наурызғали Сыдықов (1928-1998) қазіргі Бөкей орда ауданында дүниеге келген. Еңбек жолын 1944 жылы орта мектептің мұғалімі болып бастады. Орал Педагогикалық институтын бітірген соң, партияның облыстық комитетінде жауапты орындарында қызмет істеді. 1964-1988 жылдары облыстық телерадиокомитетті басқарды және оның табысты дамуы мен қалыптасуына өзінің үлесін қосты. «Құрмет белгісі» орденімен, медальдармен марапатталған.
1 жыл бұрын (2009) Қазақстан Республикасы Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Біріккен Араб Эмираттарының жоғарғы наградасы - Заид орденімен марапатталды.
Заид ордені Біріккен Араб Эмираттарының негізін қалаған шейх Заид бен Сұлтан әл-Нахайның құрметіне бекітілген марапат. Ол екi жақты қатынастардың дамыуына ерекше үлес қосқан шет мемлекеттерiнің басшыларына табыс етіледі.
1 жыл бұрын (2009) Алматыда «Алаш Орда» деректі фильмінің таныстырылымы болды.
Фильмнің режиссері - қазақстандық танымал киноматографист Қалила Омаров. Фильм Қазақстан Республикасының ақпарат және мәдениет министрлігінің тапсырмасымен «Алаш» қозғалысының 90-жылдығына арналып түсірілген. 52 минуттық фильмнің сценарийін жазған Болат Мүрсәлім, композиторы Ақан Мұсакұлов.
ЕСІМДЕР
105 жыл бұрын (1905-1984) қазақ ақыны БЕРСҮГІРОВА Дәмеш дүниеге келді.
Жетісу губерниясында (қазіргі Алматы облысы) туған. Алматы қаласында қазақ-қырғыз жастарынан оқытушылар даярлайтын курста оқыған.
Ауылдағы мәдени-ағарту жұмысына белсене қатысып, комсомол ұйымының хатшысы, әйелдер бөлімінің жетекшісі сияқты қоғамдық қызметтер атқарған. Көп жылдар бойы мектептерде ұстаздық қызметте болған.
Тұңғыш ақындық қадамын өзі жетекші болған көркемөнерпаздар үйірмесінде ұсақ тақпақтар, шағын пьесалар, «Тілші» газетіне мақалалар жазудан бастаған.
«Қоңыр жорға», «Меңдіқыз», «Жауынгер ұлыма», «Ағады Ақсу» атты көлемді туындылары бар.
60 жыл бұрын (1950) Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Мемлекеттік қызметті кадрлармен қамтамасыз ету департаментінің директоры ЖИЕНБАЕВ Еркін Рамазанұлы дүниеге келді.
Алматы облысында туған. Өскемен құрылыс-жол институтын бітірген.
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері агенттігі «Мемлекеттік қызметкерлерді оқыту Евразиялық орталығы» РМҚК-ның директоры қызметін атқарған. Қазіргі қызметінде 2008 жылдың 5 маусымынан.
НАУРЫЗДЫҢ 17-І, СӘРСЕНБІ
Ирландияның тәуелсіздік күні. Ирландия Республикасы - Батыс Еуропадағы мемлекет. Ирланд аралының 5/6 бөлігін алып жатыр. Астанасы - Дублин. Мемлекет басшысы - президент. Заң шығарушы органы - екі палаталы парламент. Ресми тілдері - ирланд және ағылшын тілдері. Ақша бірлігі - ирланд фунты.
Қазақстан Республикасы мен Ирландия Республикасы арасындағы қарым-қатынас 1992 жылы орнатылды.
ОҚИҒАЛАР
20 жыл бұрын (1990) Алматыда Қазақстан кәрістерінің құрылтайы өтті. Онда Республикалық кәріс мәдениеті орталықтарының қауымдастығы құрылды.
15 жыл бұрын (1995) журналистика саласының Жалпыұлттық «Алтын жұлдыз» атты сыйлығы құрылды. 2001 жылдан бастап «Алтын Жұлдыз» Қазақстан Журналистика академиясының ресми сыйлығы болып табылады. «Алтын Жұлдыз» сыйлығы -шығармашылық табыстарды және қазақстандық бұқаралық ақпарат құралдарының бәсекеге түсе алатындығын кәсіби және қоғамдық танудың жоғары белгісі. Қазіргі таңда Қазақстан журналистикасының дамуына өздерінің үлестерін қосқан үшін 100-ден аса шеберлер «Алтын Жұлдыз» сыйлығының иегерлері болып табылады.
5 жыл бұрын (2005) Қазақстан Республикасы Президентінің 2005 жылғы қаңтардың 25-дегі бекітілген «2005-2007 жылдардағы Қазақстан Республикасының ғарыш қызметін дамыту туралы» Жарлығына сәйкес Қазақстан Республикасы Үкіметінің Қаулысымен «Қазғарыш» Ұлттық Компаниясы» АҚ-ы құрылды. Қазақстан Республикасы Ұлттық ғарыш агенттігінің 2007 жылғы 2 тамыздағы № 32 бұйрығының негізінде аты «Қазақстан Ғарыш Сапары» ұлттық компаниясы» АҚ болып өзгертілді.
5 жыл бұрын (2005) Алматыда Гендерлік білім беру орталығының ашылу рәсімі өтті. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті әйелдер кеңесінің жанынан құрылған бұл орталықта Қазақстандағы гендерлік білім беру тұжырымдамасы жасақталып, гендерлік саясатты жүзеге асыру, гендерлік білім беру мәселелері талқыланатын болады. Сонымен қатар мұнда ана мен баланың әлеуметтік жағдайы, бала тәрбиесі, әйелдерді іскерлікке бейімдеу жұмыстары атқарылады.
ЕСІМДЕР
55 жыл бұрын (1955) Парламент Мәжілісінің депутаты - Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Аграрлық мәселелер комитетінің мүшесі ТҰРСЫНОВ Азамат Жанәбілұлы дүниеге келді.
Қостанай облысы Қарасу ауданында туған. Целиноград ауыл шаруашылығы институтын (С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университет) бітірген.
Қостанай облысы Қарасу ауданының әкімі қызметін атқарған. 2007 жылы - Парламент Мәжілісінің депутаты - Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Аграрлық мәселелер комитетінің мүшесі.
40 жыл бұрын (1970) Қарағанды облысы Сарань қаласының әкімі ЖИЕНБЕКОВ Ерік Қуантайұлы дүниеге келді.
Қарағанды облысы Жаңаарқа ауданында туған. Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін бітірген.
Қарағанды облысы салық департаменті бастығының орынбасары қызметін атқарған. Қазіргі қызметінде - 2009 жылдың 19 қаңтарынан.
НАУРЫЗДЫҢ 18-І, БЕЙСЕНБІ
Париж коммунасы күні. 1871 жылы тұңғыш пролетарлық революция жүзеге асып - Париж коммунасы құрылды. 1872 жылғы 20 ақпаннан бері Париж коммунасының күні ретінде аталып келеді.
ОҚИҒАЛАР
15 жыл бұрын (1995) Мемлекет басшысы қатысуымен елдегі қылмыспен күресті нығайту мәселелері бойынша республикалық мәжіліс өтті. Сол күні «Қылмыспен күрес және құқықтық тәртiптi нығайту бойынша шұғыл шаралар туралы» және «Қазақстан Республикасының Сайлау туралы кодексіне өзгерiстер енгiзу туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің екі қаулысы басылым беттерінен жарық көрді.
5 жыл бұрын (2005) Алматыдағы Қазақстан Республикасы Орталық мұражайында «Кілем-киіз бұйымдары» атты көрме ашылды. Мұнда ұлттық ою-өрнекпен әрленіп, түр-түске енген ХІХ ғасыр мен ХХ ғасырдың бас кезіне жататын мұражай қорындағы 500-ден астам еңбектің 30-ы көрмеге шығарылды. Олар текемет, тұскиіз, алаша, қалы кілем, тақыр кілем сияқты жерге төсейтін, қабырғаға ілетін кілем, сырмақтардың сан-алуан түрі.
1 жыл бұрын (2009) Алматыда «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ-ның еншілес кәсіпорны «Локомотив» АҚ-ның тапсырысы бойынша «General Electric» компаниясы жасап шығарған жаңа буындағы «Evolutiоn» сериялы тепловоздарын қолданысқа беру салтанатты рәсімі өтті.
Жаңа буындағы тепловоздар қазақстандық стандарттарды және еліміздегі темір жол жұмыс талаптарының жағдайларын ескере отырып жасалған. Жүргізуші кабинасы жаңа технологиялармен жабдықталған. Мұнда жұмыс істеу үшін барлық жағдайлар жасалып, қозғалтқыш дыбысын оқшаулағыштар және микроклимат реттегіштері орнатылған. Сондай-ақ жүргізуші жұмысын жеңілдететін микропроцессорлық басқару жүйесі енгізілген.
ЕСІМДЕР
60 жыл бұрын (1950) актер, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі АРАЛБАЙ Төлеубек Мұхаметжанұлы дүниеге келді.
Семей қаласында туған. М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының жанындағы студияны, Алматы мемлекеттік өнер институтын (Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы) бітірген.
1964-1970 жылдары Семей облыстық драма театрының, 1974 жылдан М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының актер болып қызмет атқарады. Сондай-ақ, Ж.Елебеков атындағы республикалық эстрада-цирк колледжінде дәріс береді.
У.Шекспирдің «Корлианында» Корлиан, И.Ғайыптың «Мен ішпеген у бармасында» Абай, Ш.Айтматовтың «Ғасырдан да ұзақ күнінде» Едіге, Ғ.Мүсіреповтың «Амангелдісінде» Амангелді, т.б. 40-қа жуық басты рөлдерді ойнаған.
Гастролдік сапармен Иран, Мысыр, Германия, Ресейде болып өнер көрсеткен. Аралбай «Қарашегіртке» телесериалында және «Аждаһа жылы» (Қытай) көркемфильміне түскен.
НАУРЫЗДЫҢ 19-Ы, ЖҰМА
Ресейдің сүңгуір-теңізшілері күні. 1906 жылы Ресей императоры ІІ Николайдың жарлығымен әскери флот қайықтары қатарына жаңа су асты қайығы дәрежесi қосылды.
ОҚИҒАЛАР
14 жыл бұрын (1996) Қазақстан Республикасы Президентінің төрағалығымен Жоғарғы сот кеңесінің бірінші мәжілісі өтті.
5 жыл бұрын (2005) Қызылорда облысы Шиелі ауданы Алғабас ауылының №157 орта мектебіне танымал ғалым, қоғам қайраткері, профессор Беркімбай Перімбетовтың есімі берілді.
Беркімбай Перімбетов (1929-1996) Қазақ КСР-ның құрылыс материалдары өнеркәсiбінің министрі, КСРО Министрлер Кеңесінде Қазақстанның тұрақты өкілі болды. 1984 жылдан «Оргтехстром» АҚ басқарды. Ғалым өнеркәсіп құрылыс материалдарының жаңа саласын құруға зор үлесін қосты.
3 жыл бұрын (2007) Алматыда «Қазақтелеком» АҚ телекоммуникациялық компаниясы өзінің корпоративті www.telecom.kz порталының тұсау кесер рәсімін өткізді.
Оның ішінде 52 ақпараттық қызмет бар, атап айтқанда олар компания туралы толық ақпарат, барлық көрсетілетін қызмет түрлері мен тарифтердің тізімі, төлеу қызметі туралы мәлімет, абонент анықтамасы және т.б.
ЕСІМДЕР
110 жыл бұрын (1900-1958) француз физигі, Әлем жақтаушыларының бүкiләлемдiк қозғалысының негiздеушісі және жетекшiлерiнің бiрі, Франция Институтының мүшесі, КСРО Ғылым Академиясының шетелдік мүшесі ЖОЛИО-КЮРИ Фредерик дүниеге келді.
Париж қаласында туған. Физика және қолданбалы химия мектебін бітірген.
Оның атымен Әлем алтын медалі бар. 120-ға жуық ғылыми еңбектер жариялаған. Оның жартысына жуығын жұбайы Иренмен бірігіп жазған. Басында олар «Ирен Кюри және Фредерик Жолио», кейіннен «Ирен және Фредерик Жолио-Кюри» деп жазғандықтан олардың тегі қосылған. Жасанды радиоактивтi құбылысты ашқан үшін, ресми сипатталғандай «радиоактивтi элементтердiң орындалған синтезi үшін», 1935 жылы Жолио-Кюри жұбайымен Нобель сыйлығын иеленді.
60 жыл бұрын (1950) актер, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, режиссер ҚАЖЫМҰРАТОВ Сердеш дүниеге келді.
Батыс Қазақстан облысы Қазталов ауданың Әжібай ауылында туған. Алматы мемлекеттік өнер институтын (Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы) бітірген.
Қарағанды облысы драма театрының актеры, Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театрының бас режиссеры қызметтерін атқарған. Қазіргі уақытта Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театрының қоюшы режиссеры.
Театр сахнасында Әлібек, Жапал (Мұхтар Әуезов «Айман-Шолпан», «Еңлік-Кебек»), Шоқан (Сәбит Мұқанов «Шоқан Уәлиханов»), Қодар, Сердәлі (Ғабит Мүсірепов «Қозы Көрпеш-Баян сұлу, «Ақан сері-Ақтоқты»), Бақыт, Алтынбек (Сәкен Жүнісов «Тырау-тырау тырналар», «Қысылғаннан қыз болдым»), Нияз (Тахауи Ахтанов «Махаббат мұңы»), Жангелдин (М.Симашко «Төтенше комиссар») рөлдерін ойнаған.
10-нан аса кинофильмге түсті, 1986 жылы «Күзет бастығы» фильмінде Құрымбайдың рөлін шынайылықпен шебер сомдады. Режиссер ретінде Дулат Исабековтың «Апа» пьесасын Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театрында сахналады.
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының иегері.
НАУРЫЗДЫҢ 20-Ы, СЕНБІ
Халықаралық франкофония күні. Бұл - француз тілінде сөйлейтін елдердің мейрамы. Бүгінгі таңда бірнеше күнге созылатын франкофония мерекесі, күнделікті француз тілінде сөйлесетін әлемнің 47 елін біріктіреді. Ал осы франкофония терминін тұңғыш рет француздық ғалым-географ Элизе Реклю қолданған болатын. 1970 жылғы наурыздың 20-ы күні Нигер астанасы Ниамей қаласында бүкіләлемдік франкофония ұйымы құрылды.
Ұйымның негізгі мақсаты барлық француз тілін сүюшілердің басын біріктіру, француз және франкотілдес елдердің мәдениетін тарату және танымал болуына жәрдем беру еді. Әдетте осы мереке күндері ғылыми конференциялар, филологиялық семинарлар, концерттер, таныстырылымдар, пікірсайыстар өтеді.
Бүкіләлемдік астрология күні. Астрология (грек тілінде astron - «жұлдыз» және logos - «сөз, ілім») - жер шарына және адамға жұлдыздардың әрекет етуі туралы ілім.
Астрология ежелде қалыптасқан, жұлдызды ғибадатпен және жұлдызды аңызбен тығыз байланысты. XX ғасыр аяғында батыс жұлдызшылары астрология күнін наурыздың 20-ында, астрономиялық және астрологиялық жыл басталған уақытта атап өтуді ұсынды. Күн бұл кезде тоқты белгісіне енеді (көктемгі күн мен түннің теңесу күні 20-21 наурызға сәйкес келеді).
ОҚИҒАЛАР
75 жыл бұрын (1935) «Төте оқу» деген атпен апталық газеттің алғашқы саны жарық көрді. Газеттің алға қойған мақсаты мектептерге, мұғалімдерге, өз беттерінше сауат ашушы адамдарға іс жүзінде көмек беру болды. 1939 жылдан «Сауатты болуға көмекші» деген атпен, латыншадан орыс графикасына көшуге байланысты 1940 жылдан «Жаңа жазу» деген атпен шықты. 1952 жылдың қараша айынан «Қазақстан мұғалімі» деген атпен жарық көрді.
Бастауыш және орта мектептердің мұғалімдері мен педагогикалық жоғары оку орындарының студенттеріне арналған.
3 жыл бұрын (2007) Тұрар Рысқұлов атындағы Қазақ экономикалық университетінде Қазақстан Республикасының адамгершілік дамуы туралы БҰҰ-ның даму бағдарламасының ақпараттық порталының және оқулықтарының тұсау кесер рәсімі өтті.
Оқулықтарды Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі мақұлдаған.
Оларды дайындауға Қазақстандағы БҰҰ жүйесінің сарапшылары, жоғарғы оқу орындарының оқытушылары және де еліміздің мемлекеттік органдарының қызметкерлері ат салысты.
3 жыл бұрын (2007) Алматыда Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының иегері, Қазақстан және КСРО халық әртісі Әмина Өмірзақоваға (1919-2006) арналған кітаптың тұсау кесер рәсімі өтті.
Кітап «Қазақстан» баспаханасының «Ғибратты ғұмыр» сериясынан 2 мың 500 дана болып шықты. Оның авторы танымал жазушы Сейілғазы Әбдікәрімов.
Әмина Өмiрзақова театрда және кинода 200-дей рөлді тамаша сомдады, соның ішіндегі басым рөлдері ана бейнесі болған.
1 жыл бұрын (2009) «Қазпошта» АҚ көктем мерекесі қарсаңында Қазақстан Республикасы аумағында «Наурыз» сериялы пошталық марканы айналымға шығарды.
Маркаларда Наурыз мейрамын тойлауға байланысты көріністер бейнеленген. Ол төрт түспен безендірілген офсеттік тәсілмен басылған. Өлшемі - 50 х 38 мм, тиражы - 30 000 дана. Маркалар Бейжің пошталық төлем белгілер фабрикасында басылды. Безендіруші - Николай Соколов.
ЕСІМДЕР
100 жыл бұрын (1910-1980) қазақ әдебиетінің зерттеушісі, филология ғылымдарының докторы БӨЖЕЕВ Мұратбек дүниеге келді.
Шығыс Қазақстан облысында туған. Саратов мемлекеттік университетін, Мәскеу педагогикалық институтын бітірген.
Қазақ педагогикалық институтының (Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университет), Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің оқытушысы, Қазақ КСР Ғылым Академиясы Тіл және әдебиет институтының кіші ғылыми қызметкері, Қазақ КСР ҒА-ның Әдебиет және өнер институтының (Ахмет Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институты) аға ғылыми қызметкері болған.
Ғылыми еңбектерінің негізгі тақырыбы - әдебиеттану мәселелері, қазақ фольклоры, Абайдың ақындық мектебі.
Бөжеев қазақ әдебиетінің 6-томдық тарихын және М.Әуезовтың 12-томдық шығармашылық жинағын баспаға әзірлеуге, ғылыми түсініктерін жазуға қатысты. «Құрмет белгісі» орденімен және медальдармен марапатталған.
75 жыл бұрын (1935) Қазақстан Халық жазушысы, Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты МОЛДАҒАЛИЕВ Тұманбай дүниеге келді.
Алматы облысы Енбекшіқазақ ауданында туған. Қазақ мемлекеттік университетінің (әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті) филология факультетін тәмамдаған.
Еңбек жолын «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас алаш») газетінде әдеби қызметкер болудан бастаған. «Пионер» журналының әдеби қызметкері, «Жазушы» баспасының редакторы, аға редакторы, «Балдырған» журналының жауапты хатшысы қызметтерін атқарған. Қазіргі кезде «Балдырған» журналының бас редакторы.
Тұнғыш өлеңдер жинағы 1957 жылы «Студент дәптері» деген атпен жарық көрді. Содан бергі уақыт ішінде ақынның қырықтан астам кітабы басылды. Бірнеше жинақтары орыс тілінде Мәскеу, Алматы баспаларынан шықты. Орыс және батыс классиктерінің, сондай-ақ туысқан республикалар ақындарының өлендерін қазақшалаған.
Н.Тлендиевтің, Ш.Қалдаяқовтың, Ә.Бейсеутовтың көптеген әндеріне өлең жазған («Құстар қайтып барады», «Әнім сен едің», «Ертіс вальсі», «Шақырады көктем», т.б).
«Парасат» орденімен, медальдармен, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Грамотасымен марапатталған. Республика Комсомолы сыйлығының, Бүкіл Түркі дүниесі ақындарының Физули атындағы Халықаралық сыйлығының иегері.
НАУРЫЗДЫҢ 21-І, ЖЕКСЕНБІ
Наурыз мейрамы. «Наурыз» сөзі парсының «ноу» - жаңа, «руз» - күн деген сөздерінен қалыптасып, жылдың бірінші күнін білдірген.
Бұл мереке бірнеше мың жылдан бері аталып келеді. Қазақстан Наурызды мемлекеттік мереке ретінде 1999 жылдан бастап атап өтіп келді. 2008 жылдың 25 маусымындағы «Қазақстан Республикасындағы мереке күндері туралы» Заңға өзгертулер мен толықтырулар енгізілуіне байланысты, 2009 жылдан бастап 3 күн бойы атап өтіледі.
Қазіргі кездегі Наурыз көне дәуірдегі дәстүрлер сабақтастығын сақтап қалған - ұлттық мәдениетті қалпына келтіруде бұл «уақыт байланысының», Қазақстан тарихы мен қазіргі кезеңінің аса маңызды жалғастырушы буыны.
Қазақстанда Наурыз мейрамы - Мемлекеттік мейрам.
Көктемгі күн мен түннің теңесу күні. Жер күні. 1971 жылғы наурыздың 21-інде БҰҰ Бас Ассамблеясының шешімінде жарияланған. Қазір ол дүниежүзінің 167 мемлекеттінде атап өтіледі. Дүниежүзілік Жер күні тағы да сәуірдің 22-інде атап өтіледі.
1990 жылы алғашқы рет халықаралық мейрам ретінде атап өтілді. Қоршаған ортаны қорғау туралы жаһандық мәселелердің ұзақ мерзімді шешімінің бастамасы. АҚШ-тың бастамасымен өтеді, онда ол 1970 жылдан бастап дәстүрлі түрде атап өтіледі.
Планетарийлер күні. Ең алғашқы рет 1990 жылы Италияда өткізілген. Халықаралық мәртебеге 1994 жылы француздық «астрономия шіркеуі» қолдағаннан кейін ие болған. Бір жылдан соң бұл мейрамды Еуропаның басқа елдерінің планитарийлері қолдады. Көктемгі күн мен түннің теңесу күніне таяу жексенбіде тойланады.
Бұл мейрамды өткізу мақсаты - қоғамды планетарийлер қызыметімен таныстыру және астрономиялық білімді насихаттау.
Дүниежүзілік Поэзия күні. ЮНЕСКО Бас конференциясының 1999 жылдың 30-ыншы сессиясында наурыздың 21-де Дүниежүзілік поэзия күнін атап өтуге шешім қабылданды. Дүниежүзілік Поэзия күні тұңғыш рет ЮНЕСКО-ның штаб-пәтері орналасқан Парижде атап өтілді. «Поэзия, - делінген ЮНЕСКО шешімінде, - қазіргі заманғы адамның өткір де терең рухани мәселелеріне жауап бере алады - бірақ бұл үшін оған қоғам назарын мүмкіндігінше кеңірек аударту қажет. Сонымен қатар Дүниежүзілік Поэзия күні қазіргі ақындардың шығармалары оқырмандарына, негізінен солардың күшімен, жол тауып жатқан - шағын баспалардың, тебіреніске толы сырлы сөзбен мәңгілік дәстүрді қайта тірілтіп жүрген - әдеби клубтардың өздерін кеңінен танытуына мүмкіндік беруі тиіс».
Бұл күн поэзияның шын мәніндегі қазіргі заманғы, адамдар ашық қабылдай алар өнер ретіндегі жағымды кейпін бұқаралық ақпарат құралдарында қалыптастыруға қызмет етуі қажет.
Халықаралық нәсілдік кемсітушілікті жою үшін күрес күні. БҰҰ Бас Ассамблеясының 1966-ншы жылғы қазанның 26-сындағы XXI сессиясының шешімі бойынша атап өтіледі. 1960-ыншы жылғы осы күні Шарпевиле қаласында (Оңтүстік Африка) ОАР-да африкалықтарды міндетті түрде төлқұжаттандыру мақстаындағы апартеид режимінің заңдарына қарсы наразылық бейбіт шеруін өткізу барысында полицейлер тұрғындарға оқ атып, 69 адам қаза тапқан. 1966-ншы жылы осы күнді жария ете отырып, Бас Ассамблея халықаралық қоғамдастықты нәсілшілдік кемсітушіліктің барлық түрін жою мақсатында екі есе күш жұмылдыруға шақырды.
Нәсілшілдік пен нәсілдік кемсітушілікке қарсы күресуші халықтармен ынтымақтастық апталығы (2010 жылғы наурыздың 21-і мен 27-сі аралығы). БҰҰ Бас Ассамблеясы нәсілшілдікке және нәсілдік кемсітушілікке қарсы күрес жөніндегі іс-қимылдың бірінші онжылдығы бағдарламасы аясында 1979-ыншы жылғы наурыздың 21-інен (34/24 қарар) барлық мемлекеттердінәсілшілдікке және нәсілдік кемсітушілікке қарсы күресуші халықтармен ынтымақтастық апталығын атап өтуге шақырды.
Бүкіләлемдік ұйқы күні. Бұл атаулы күн 2002 жылдан бастап, Еуропада Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ұйымдастыруымен ұйқы және денсаулық проблемалары жөніндегі бүкіләлемдік жоба шеңберінде өтеді.
Халықаралық қуыршақшы күні. 2003 жылғы наурыздың 21-нен бастап Халықаралық қуыршақшы күні дәстүрлі түрде аталып өтеді. Халықаралық қуыршақшы күнін дүниежүзінде тойлау идеясы қуыршақшы театрының танымал қайраткері Дживада Золфагариходаға (Иран) тиесілі. 2000 жылы Магдебургтағы УНИМА-ның XVIII-ші Конгрессінде осы ұсынысты талқылауға берді.
ОҚИҒАЛАР
60 жыл бұрын (1950) Өскемен қаласында Бүкілодақтық түрлі-түсті металл ғылыми-зерттеу институты құрылды. Қазіргі уақытта металл, цинк алатын полиметалл кендерiн өндіру, байыту және қорғасын концентраттарын қайта өңдеу мәселелерiмен айналысатын республикамыздағы ірі институт болып табылады. Еңбек Қызыл Ту орденімен марапатталған. Институттың 410 зерттемелері КСРО-ның Халық шаруашылығы жетістіктерінің көрмесінің (ВДНХ) алтын, күміс және қола медальдарымен атап өтілген. Институт КСРО-ның 1200 авторлық куәлігіне, Қазақстан Республикасының, Ресей Федерациясының және алыс шетел елдердің 400 патентіне ие.
35 жыл бұрын (1975) жазушы Сапарғали Бегалиннің (1895-1983) «Замана белестері» атты алғашқы романы жарық көрді. Романның бас кейіпкері - тарихи тұлға, көрнекті кеңес қызметкері Мұхаметғали Тәтімов.
5 жыл бұрын (2005) Алматыда сыни сараптамалық «Айт» aрт-журналының алғашқы саны жарық көрді. Журнал еліміздің мәдениеті мен өнерін насихаттап, оны дамытуға арналған. Құрылтайшылары - Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасы мен «Рух-Мирас» қоғамдық бірлестігі. Журналдың атын қоярда бірқатар пікірлер білдіріліп, соның ішінде мәдениеттанушы-ғалым Мұрат Әуезовтың ұсынысы қабылданған көрінеді.
1 жыл бұрын (2009) Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы теңіз көлігі саласындағы ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау туралы», «Үшінші елдерге қатысты арнайы қорғау, демпингке қарсы және өтемдік шараларды қолдану туралы келісімді ратификациялау туралы» Қазақстан Республикасының Заңдарына қол қойды.
1 жыл бұрын (2009) 2006 жылғы қыркүйектің 8-де Семей қаласында қол қойылған Орталық Азияда ядролық қарудан азат аймақ туралы Келісімшарт күшіне енді. Қазақстан жеріндегі тарихи келісімшартқа Қазақстан Республикасы, Қырғыз Республикасы, Тәжікстан Республикасы, Түрікменстан Республикасы және Өзбекстан Республикасы қол қойды.
ЕСІМДЕР
85 жыл бұрын (1925-2001) ақын, Қазақстан Республикасының халық жазушысы ШАҢҒЫТБАЕВ Қуандық Төлегенұлы дүниеге келді.
Ақтөбе облысында туған. Қазақ мемлекеттік университетін (әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті) бітірген.
Ақтөбе педагогикалық институтының кафедра меңгерушісі, Ақтөбе облысының «Социалистік жол», «Актюбинская правда» газеттерінде бөлім меңгерушісі, «Қазақ әдебиеті» газетінде, «Жұлдыз» журналында бас редактордың орынбасары, бас редактор, «Қазақфильм» киностудиясында, Қазақ радиосында бас редактор қызметтерін атқарған.
Алғашқы кітабы «Ар» деген атпен 1945 жылы жарық көрді. Кейін туған өлкенің шынайы өзгерістерін, замандастарының ақыл-парасатын, адамгершілік қасиетін жырлаған «Өлеңдер», «Аққу әні», «Арма, республикам», «Лирика», «Жыр жаһаны», «Гүлтолқын», «Саршатамыз», «Жыл құсы» атты лирикалық шығармалары жарық көрді.
Шаңғытбаев драматургия саласында да еңбек етіп, Қ.Байсейітовпен бірге «Беу қыздар-ай», «Ой жігіттер-ай», Құтырғаннан құтылған» пьесаларын және «Алтын таулар», «Айсұлу» операларының либерттосын жазды. Ол - көптеген ән өлеңдерінің авторы. Сондай-ақ А.Пушкиннің «Евгений Онегин» романын, М.Лермонтов, И.Гете, Р.Бернс лирикаларын, Омар Хаямның рубаяттарын, А.Горкийдің «Қыз бен ажал» поэмасын қазақ тіліне аударды.
70 жыл бұрын (1940) экономика ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Ұлттық Ғылым Академиясының, Қазақ Ауыл шаруашылығы Ғылым Академиясының академигі БАЙЗАҚОВ Сәбит дүниеге келді.
Қостанай облысында туған. Алматы ауыл шаруашылығы институтын (Қазақ ұлттық аграрлық университет) бітірген.
Қазақ ұлттық аграрлық университетінің кафедра меңгерушісі, деканы, проректоры, Қазақ Ауыл шаруашылығы Ғылым Академиясының бас ғылыми хатшысы, Қазақстан Ғылым Академиясының бас ғылыми хатшысы қызметтерін атқарған. Қазіргі уақытта Қазақ ұлттық аграрлық университеті орманшылық, екпе ормандар және көгалдандыру кафедрасының профессоры, Орман биоценологиясы проблемалары ғылыми орталығының жетекшісі.
Байзақов орман және орман шаруашылығының сандық, сапалық тұтастығын ғылыми жағынан негіздеп, бұл проблеманы шешудің басты принциптерін жасады. 62 аса ғылыми еңбектердің, оның ішінде үш монографияның авторы. 1 ғылым докторы мен 1 кандидатын даярлаған. Қазақстан Республикасының Орман кодексі жобасын жасауға қатысты.