ҚазАқпарат-Анонс: наурыздың 26-сы мен 28-і аралығындағы оқиғалардың күнтізбесі

ҚазАқпарат-Анонс: наурыздың 26-сы мен 28-і аралығындағы оқиғалардың күнтізбесі

ҮКІМЕТ

Наурыздың 26-сында Ұлттық медициналық холдингтің Республикалық диагностикалық орталығының конференц-залында Денсаулық сақтау министрі Жақсылық Досқалиевтің қатысуымен «Қазақстандағы ядролық медицина - қазіргі жағдайы және перспективалық дамуы» атты республикалық конференция өтеді.

Наурыздың 26-31-і аралығында ҚР Көлік және коммуникация министрілігінің Көліктік бақылау комитеті БАҚ пен тұрғындарды көшпелі көліктік бақылау бекеттерінің жұмысымен таныстыру мақсатында баспасөз-турлар ұйымдастырады.

АСТАНА

Наурыздың 10-мен 28-і аралығында Астана қаласындағы қазіргі заман өнері мұражайында Германияның Қазақстандағы жылы ауқымында Қазақстан-неміс университеті Қазақстандағы алғашқы «Су және Энергия: өзің үшін Н2О және Ватт әлемін аш!» жылжымалы көрмесін ұсынады.

Елордада наурыздың 25-і мен 28-і аралығында кикбоксингіден ерлер арасындағы Қазақстан Республикасының кубогы өтеді, бұл шара осы спорттың еліміздегі жиырма жылдық мерекесіне орайластырылып отыр.

Наурыздың 26-сында Астана қ. көшпелі көліктік бақылау бекетінің жұмысымен таныстыру аясында алғашқы баспасөз-тур өткізіледі.

Наурыздың 26-сында «Бейжің-Палас» отелінде «Стратегия 2020 - әйелдерге арналған жаңа мүмкіндіктер» деген тақырыпта халықаралық конференция өтеді.

Наурыздың 26-сында Корея мәдени орталығында «Қазақстан Республикасы және Корея Республикасы: ғылыми қоғамдастық серіктестігі» деген тақырыпта семинар болады.

Наурыздың 26-сында Эталон орталығында «Қазақстан Республикасының аумағындағы уақыттың есептелуі» деген тақырыпта брифинг болады.

АЛМАТЫ

Алматыда наурыздың 24-29 күндері музыкалық түрлі оқу орындары оқушылары арасындағы 44-ші республикалық фестиваль-байқауы өтуде.

Алматыда наурыздың 23-27 күндері Қазақтың Мұхтар Әуезов атындағы академиялық драма театрында дәстүрлі «Театр көктемі-2010» фестивалі өтуде.

Наурыздың 26-сында «Қазгидромет» орталығында Су ресурстарының дүниежүзілік күніне арналған «дөңгелек үстел» отырысы болады.

Наурыздың 26-сында Студенттер сарайында «Студенттік көктем-2010» фестивалі өтеді.

Наурыздың 26-сында «Нұр Отан» партиясының кеңсесінде Сыбайлас жемқорлықпен күрес жөніндегі қоғамдық кеңестің мәжілісі өтеді.

АТАУЛЫ КҮНДЕР. ЕЛЕУЛІ ОҚИҒАЛАР. МЕРЕЙТОЙЛАР.

НАУРЫЗДЫҢ 26-СЫ, ЖҰМА

Украинаның ІІМ ішкі әскерінің күні. Украинаның Жоғарғы Радасы «Украинаның Ішкі Істер Министрлігінің ішкі әскері туралы» Заңын қабылдаған күннен бастап жыл сайын аталып өтеді.

ОҚИҒАЛАР

5 жыл бұрын (2005) Алматыда «LG Electronics Қазақстан» компаниясының демеушілігімен корей фильмдерінің фестивалі өтті.

Ашылу рәсіміне қала әкімінің орынбасары Ғалым Боқаш, Оңтүстік Кореяның Қазақстандағы елшісі Тэ Сок Вон, демеуші компания президенті Чой Ёнг Кю қатысты. Корей мәдениетімен жақынырақ таныстыру мақсатында ұйымдастырылған бұл шара екі ел арасындағы мәдениет, өнер саласындағы ынтымақтастықты тереңдетуге ықпал етті.

1 жыл бұрын (2009) Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Біріккен Ұлттар Ұйымының Климаттың өзгеруі туралы негіздемелік конвенциясының Киото хаттамасын ратификациялау туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды.

1 жыл бұрын (2009) Алматыда «Дінмұхамед Қонаев» атты Қазақстан Республикасына кеңес жылдарында басшылық еткен атақты мемлекет және қоғам қайраткері туралы фотоальбом жарық көрді.

Кітапта Дінмұхамед Қонаевтің (1912-1993) өмірі мен тағдырын бейнелейтін жастық шағынан өмірінің соңғы күндеріне дейінгі суреттері жиналған. Танымал саясаткердің суреттерін Мемлекеттік кинофотоқұжаттар және дыбыс баспаларының орталық мұрағаты, Д.Қонаевтің үй-мұражайы, туған-туыстары, әріптестері және достары берді.

Көптеген суреттер бірінші рет жарияланып тұр. Фотоальбомның негізін 1992 жылы Алматыда басып шығарылған Д.Қонаевтің «О моем времени» атты кітабынан алынған үзінділер құрайды. Фотоальбом өзінің мазмұнымен ғана емес, сонымен қатар көлемімен де таң қалдырады. Ол 600 беттік кітап А3 форматында жасалған, қабын былғарыдан өрнектеп алтынмен жазған. Бір кітаптің салмағы - 8,5 кг. Жобаның бастаушысы және бастырушысы - Вагиф Гаджиев, құрастырушы - Мұрат Мусин. Фотоальбом 2012 жылғы қаңтарда тойланатын Дінмұхамед Қонаевтің 100-жылдық мерейтойына арналған.

ЕСІМДЕР

120 жыл бұрын (1890-1954) халық ақыны, әнші, композитор, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері БЕКЕЖАНОВ Нартай дүниеге келді.

Қызылорда облысы Шиелі ауданында туған.

Әлеуметтік мазмұндағы өлең-толғауларымен («Сараң байға», «Мырзалық емес», «Жесір дауы», «Бір қойшыға», «Сүйінші», «Сыр», «Ақ алтынды аймағым», «Колхозшыларға», «Мұзбалақтар») Сыр бойына жас кезінен танымал болады.

Бүкілодақтық ауыл шаруашылық көрмесінің ашылу құрметіне арналған этнографиялық концертке, қазақ әдебиеті мен өнерінің онкүндігіне, республикалық ақындар айтыстарына қатысқан Ұлы Отан соғысы жылдарында арнаулы концерттік бригада ұйымдастырып, халықтың рухын көтеруге белсене ат салысты.

Бекежанов сырнаймен, домбырамен ән, терме, толғау, жыр айту, айтыс дәстүрін дамытқан, өзінің бірегей ән-жыр мектебін қалыптастырған сазгер, ақын, халық әндерін және өз әндерін орындау шеберлігімен қазақ өнерінің тарихында қалған. Оның «Толқын», «Нартай сазы», «Ахау, жалған», «Нартайдың әні», т.б. әндері ұлттық ән өнерінің алтын қорына қосылды. Шығармалары «Домбыра сазы», «Өлеңдері мен айтыстары», «Өсиет», «Аманат» деген атпен жеке кітап болып жарық көрді.

«Құрмет белгісі» орденімен, медальдармен марапатталған. Қызылорда облысының қазақ драма театрына Бекежанов есімі берілген. Осы облыстың Шиелі ауданында Бекежанов ауылы бар.

115 жыл бұрын (1895-1937) көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері НҰРМАҚОВ Нығмет дүниеге келді.

Қарағанды облысында туған. Бастапқыда ауылда ашылған орыс мектебінде білім алып, кейін Қарқаралыдағы екі сыныптық орыс-қазақ училищесін бітірген.

Омбы семинариясында оқып жүріп, сондағы білім алушы жастар Сәкен Сейфуллин, Мағжан Жұмабаев, Мұхтар Саматов, Әбілқайыр Досовтармен бірге «Бірлік» атты мәдени-ағарту ұйымын құрды. Ұйым мүшелері Ресей үкіметінің қазақ даласында жүргізіп отырған отаршылдық саясатына қарсы үгіт-насихат жұмыстарын жүргізумен қатар, Омбы тұрғындарын қазақ халқының мәдениетімен таныстыру мақсатында әр түрлі кештер өткізіп тұрды.

1915 жылы Н.Нұрмақов Қарқаралыдағы өзі оқыған орыс-қазақ училищесіне оқытушы болып қызметке орналасты. 1917 жылы күзде «Дала одағы» ұйымын құрды. Ұйым патшаның қазақтарды қара жұмысқа алу туралы жарлығына қарсы үгіт жұмыстарын жүргізді. Көп кешікпей Колчак үкіметінің орнауына орай кеңес таратылып, ол бір топ жолдасымен тұтқынға алынды. 18 ай түрмеде отырып, талай қиындықты басынан өткерген ол 1919 жылы желтоқсанда босап шықты.

1920 жылдан бастап Қарқаралыда, сонан соң Семейде уездік, губерниялық атқару комитеттерінде бірқатар жауапты қызметтерде істеп, «Қазақ тілі» газетінің, «Қызыл Қазақстан» журналының редакторы болды. 1922 жылы Орынборға ауысып, Қазақ өлкелік партия комитетінің бөлім меңгерушісінің орынбасары қызметін атқарды. Сол жылы қазан айында өткен Бүкілқазақтық кеңестердің 3-ші съезінде Қазақ атқару комитеті төралқасының құрамына сайланған оған Жоғары революциялық трибуналды басқару жүктелді. Қазақ трибуналы 1923 жылы ақпанның 19-ында РКФСР Жоғарғы сотының қазақ бөлімі болып құрылған тұста төрағалыққа тағы да Н.Нұрмақов бекітілді. Ал 1923 жылдың мамырында оған Әділет комиссары міндеті жүктелді және сол жылдың күзіне дейін Сот төрағасы қызметін қоса атқарды.

Ол әділет комиссары ретінде прокуратура және сот құрылысы ережелерін енгізді. Прокуратура және сот қызметкерлерінің білімін арттыру, білікті жаңа кадрларды қалыптастыру, оларды қызметке тұрақтандыру, жалақыларын өсіру, тұрмыстық жағдайларын жақсарту мәселелерін шешуде де оның табандылығының арқасында біраз жұмыстар атқарылды. Н.Нұрмақовтың басшылығымен сот-тергеу органдарында қазақ тілінде іс жүргізу қысқа мерзім ішінде жүзеге асырылды. Сот қызметкерлерінің барлық санының 60 пайызға жуығын қазақтар құрады.

1924 жылдан өлкелік партия комитеті үгіт-насихат бөлімінің меңгерушісі, Халық комиссарлар кеңесінің төрағасы қызметтерін атқарды. Сол жылдардағы өмірге жолдама алған мемлекеттік маңызды құжаттардың бәрінде Н.Нұрмақовтың қолы тұрды. Бұл жылдарда Қазақстанның халық шаруашылығы құлаш жайып, Екібастұз, Қарағанды, Ембі, Балқаш өндіріс орындары елге таныла бастады. Оның Қазақстан үкіметінің басшысы ретінде республиканың аумақтық тұтастығы, өнеркәсіп құрылысы, қазақтарды жерге орналастыру мәселесі, құрғақшылық зардаптарына қарсы күрес, оқу-ағарту және мәдени даму, қазақтарды басқару ісіне тарту, ауыл шаруашылығын қалпына келтіру, т.б. салаларда атқарған қызметтері еліміздің өсіп-өркендеуіне, нығаюына белгілі әсерін тигізді. 1924 жылы Қазақ АКСР-і астанасын Орынбордан Қызылордаға, ал 1929 жылы Алматыға көшіру туралы шешімдерді қабылдауға тікелей қатынасып, ұйымдастыру жұмыстарын басқарды. Ол еліміздің тұңғыш конституциясы жобасын әзірлеу комиссиясының мүшесі, қазақ әліпбиін құрастыру комиссиясының төрағасы болды. Алғашқы қазақ драма театрын ашуға үлкен еңбек сіңірді.

Н.Нұрмақов Ф.Голощекиннің қазақ даласында «Кіші Қазан төңкерісін» жасау керек деген арандатушылық пікіріне және халық малын тәркілеуге бағытталған шараларына үзілді-кесілді қарсы болып, оған ашық қарсы шықты. Ф.Голощекинмен арадағы пікір қайшылығы оның үкімет басшысы қызметінен босап, Мәскеудегі БК(б)П ОК жанындағы Жоғары партия мектебіне оқуға жіберілуімен аяқталды. Мәскеуде ол Бүкілодақтық атқару комитеті хатшысының орынбасары және аз ұлттар бөлімінің меңгерушісі болды. Сібір, Повольженің аз халықтар тұратын аудандарын аралап, қызмет жасады.

Көрнекті қоғам қайраткері 1937 жылдың қуғын-сүргініне алғашқылардың бірі болып ілінді. Кейін Алматыда, Қарағандыда Н.Нұрмақовтан «тапсырма» алып отырған О.Исаев, А.Асылбековтардың ұйымдары табылды деген жаламен тұтқынға алынды. Мәскеу мұрағатының анықтамасына қарағанда Н.Нұрмақов 1937 жылы маусымның 3-інде Мәскеудегі пәтерінде тұтқындалып, қыркүйектің 27-інде «айыбын мойнына алып», «үштіктің» үкімімен 15 минутта тағдыры шешіліп, 42 жасында атылған. Қоғам қайраткері 1958 жылы тамыздың 11-інде КСРО Жоғарғы соты әскери алқасының шешімімен ақталды.

1928 жылы оның саяси-әлеуметтік тақырыптарға арналған мақалалар жинағы «Строительство Казахстана» деген атпен және 1934 жылы Мәскеуде «Состояние и задачи работы среди национальных меньшинств РСФСР» деп аталатын еңбектері жарық көрді.

Алматы, Қызылорда, Қарағанды, Қарқаралы қалаларындағы көшелерге, Қарағанды қаласындағы 2-ші мектеп-интернатқа Н.Нұрмақов есімі берілген. Алматыда тұрған үйіне ескерткіш тақта, туған ауылында ескерткіш орнатылған.

45 жыл бұрын (1965) Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты БЕКЕНОВ Асхат Сахибеденұлы дүниеге келді.

Атырау облысы Қызылқоға ауданында туған. В.И.Ленин атындағы Қазақ политехникалық институтын (Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университет) бітірген.

Атырау облысы Жылыой ауданының әкімі қызметін атқарған. 2007 жылдан - Парламент Мәжілісінің депутаты - Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің мүшесі.

НАУРЫЗДЫҢ 27-І, СЕНБІ

Халықаралық театр күні. Венада өткен ЮНЕСКО жанындағы Халықаралық театр институтының (ХТИ) ХІ-ші конгресінде бекітілген. 1962 жылдан бастап аталып өтеді.

ОҚИҒАЛАР

80 жыл бұрын (1930) Жетісудың Лепсі, Ақсу аймағы қазақтарының Кеңес өкіметі ұжымдастыру саясатына карсы көтерілісі болды. Олардың қатары ресми деректерде 1000 адамға дейін жеткен. Көтерілісті Егеубек Жанбайұлы, Қалдыбай Қылиұлы және Ғали Сатырбайұлы басқарды. 27 наурыз күні көтерілісшілер Ақсу елді мекенін басып алып, мемлекеттік мекемелерді өртеді, телеграф бағаналарын қиратты. ОГПУ органдары көтерілісті басу үшін 25 адамдық жасақ аттандырды. Қару-жарағы жеткіліксіз көтерілісшілер өкімет әскерімен қақтығыста ойсырай жеңіліп, Балкаш қаласы маңындағы Жаман Жамал, Күшікжан секілді бұйрат-құм шоғырларын, жыңғылды мекендерді тасалап жүрді. Көтерілісшілердің соңдарына түскен атты әскер оларды құм ішінде қырғынға ұшыратты.

3 жыл бұрын (2007) астанамыздағы «Окан Интерконтиненталь» қонақ үйінде Маңғыстау облысындағы туризм саласын дамытуға арналған «Кендірлі» жобасының таныстырылымы болып өтті.

Жоба аясында Маңғыстау облысындағы «Кендірлі» демалыс аймағында 10 мың адам тыныға алатын курорт ашу жоспарланған. Жылдың 6 айында жайлы ауа райы тұратын бұл жерде 6 ірі туристік және ойын-сауық кешендерін салу көзделген. Теңіз жағалауында бес жұлдызды отельдер орналасса, оның қасында гольф алаңдары болмақ.

Каспий теңізі аумағында туризм саласын дамыту бастамалары мемлекеттік бағдарламада халықаралық маңызы бар жобалар ретінде белгіленген.

3 жыл бұрын (2007) Алматыда MediaNet Халықаралық журналистика орталығы «Парламенттік журналистика. Қазақстан мен Ұлыбритания тәжірибесі» атты кітаптың таныстырылымын өткізді. Жаңа тәжірибелік қолдау материал Ұлыбритания Елшілігі мен Британ кеңесінің қолдауымен Қазақстан мен Қырғызстандағы парламенттік журналистиканы дамыту жобасы аясында жарық көріп отыр.

Авторлары болып өз елдерінің парламент жұмыстарын үнемі баспасөз беттерінде жариялап отыратын қазақстандық және британдық тәжірибелі журналистер табылады.

Кітап «Қазақстандық тәжірибе» және «Британдық тәжірибе» атты екі бөліммен тұрады.

ЕСІМДЕР

70 жыл бұрын (1940-2002) ақын, кескінші, мүсінші КУРДАКОВ Евгений дүниеге келді.

Ресей Федерациясының Орынбор қаласында туған.

Өскемен, Мәскеу тағы басқа қалаларда тұрып, жұмыс істеген.

М.Горький атындағы Әдебиет институты жанындағы Жоғары әдеби курстарын бітірген.

Реставратор, халық кәсіпшілігі маманы, суретші-модельер, этнографиялық мұражайдың аға ғылыми қызметкері, флорист-декоратор, Қазақстан Жазушылар одағының әдеби кеңесшісі, әдеби журналдың бөлім бастығы, бірнеше әдеби студиялардың жетекшісі қызметтерін атқарған.

Түркі тілінен аудармашы, А.Пушкин, Ф.Тютчев, И.Бунин, С.Есенин, Низами, Абай шығармаларының зерттеушісі болған.

«Ертіс қызы», «Менің жайқалған бағым», «Менің мәңгілік жағалауым» жыр жинақтары жарық көрген. «Орман мен балта», «Флористикалық этюдтер» атты философиялық эсселердің авторы.

65 жыл бұрын (1945) тіл білімі маманы, филология ғылымдарының докторы Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылымдар Академиясының корреспондент мүшесі ХҰСАЙЫН Көбей Шахметұлы дүниеге келді.

Алматы қаласында туған. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін бітірген.

Ғылыми еңбектері қазақ тілінің лексикологиясы, фонетикасы, лексикографиясы мен терминологиясының теориялық мәселелеріне, мемлекеттік тілдің қызметі мен қазақ тілі білімінің тарихына арналған. 50 аса ғылыми мақала мен 3 монографияның авторы. «Қазақ тілінің (түсіндірме) сөздігі», үлкен «Қазақша-орысша сөздік», академиялық «Қазақ грамматикасы», «Қазақ тілінің орфографиялық сөздігі», «Қазақ тілінің орфоэпиялық сөздігі» сияқты іргелі еңбектер мен монографиялар, мақалалар жинағы мен ғылыми журналдарға ғылыми еңбектері енді. Алты ғылым кандидаты мен бір докторын даярлаған.

Қазіргі таңда А.Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институты лексикология бөлімінің бас ғылыми қызметкері.

НАУРЫЗДЫҢ 28-І, ЖЕКСЕНБІ

Беларус тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы мен тұрғындардың тұрмысында қызмет ететін қызметкерлердің күні. 1998 жылғы наурыздың 26-дағы Беларус Республикасы Президенті Жарлығымен бекітілген. Жыл сайын наурыздың төртінші жексенбісінде аталып өтеді.

ОҚИҒАЛАР

16 жыл бұрын (1994) Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаев Мәскеуге алғашқы ресми сапармен барды. Кремльде Қазақстан - Ресей келіссөзінің қорытындысы бойынша саяси, экономикалық, әскери және гуманитарлық салалардағы ынтымақтастық бойынша 23 құжатқа қол қойылды.

13 жыл бұрын (1997) Мәскеуде өткен ТМД басшылары кездесуінде мемлекет басшылары «Тәжік-ауған мемлекеттік шекарасы аймағындағы жағдайды реттеу жөніндегі 1993 жылғы 22 наурыздағы ТМД мемлекеттерінің шешімін ұзарту туралы», «ТМД мемлекеттерінің қазіргі сыртқы шекараларын сақтау және реттеу принциптері туралы декларация», «ТМД елдері Қауіпсіздік және арнайы қызмет органдары басшыларының кеңесін құру туралы» және тағы да басқа құжаттарға қол қойылды.

1 жыл бұрын (2009) Алматыда «Абылайхан» жаңа спорт кешенінің ашылу салтанаты өтті.

Жаңа кәсiби спорт клубы бокс жаттығуларына, таэквондо және шығыс жекпе-жектерiне, каратэ, кунг-фу, дзюдо, айкидо, күрес, самбоға арналған, әйелдер және балаларға арналған, фитнес, йога жаттығуларын жүргiзуге, пилатес, шығыс билері, бала гимнастикасы, аэробика бағдарламаларына арналған залдардан тұрады.

ЕСІМДЕР

150 жыл бұрын (1860-1924) халық ақыны, әнші-композитор, қаз дауысты Қазыбек бидің ұрпағы МӘДИ Бәпиұлы дүниеге келді.

Қарағанды облысында туған.

Ақан сері, Біржан сал, Балуан Шолақ, Үкілі Ыбырай сияқты саңлақтармен кездесіп, өнеге алған. Жала жабылып, абақтыға түскен. Түрмеде елін, жерін сағынып, әділетсіз заманға налыған Мәди «Қаракесек» әнін шығарды. Бұдан басқа Мәдидің «Үшқара», «Шіркін-ай», «Мәди» атты әндері де жан сезімін, көңіл күйлерін бейнелейтін шабытты шығармалар. Бұл әндердің біразы кейінгі «Қаракесек», «Ер Тарғын», «Қыз Жібек» атты қазақ операларында пайдаланылды.

Мәди 1916 жылы азаттық жолындағы халық көтерілісіне үн қосты. Патшаның жергілікті әкімдерінің озбырлығын әшкерелейтін жырлар толғады.

Мәдидің ән мәтіндерінен басқа өлеңдері әлі де жинақталмаған.

Оның шығармалары туралы Ахмет Жұбанов зерттеу еңбектерінде, Әлжаппар Әбішев «Найзағай», Әйіп Бектасов «Мәди» атты кітаптарында жазды.

40 жыл бұрын (1970) Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Заң департаментінің бастығы БИМЕНДИН Нұржан Дастенұлы дүниеге келді.

Солтүстік Қазақстан облысында туған. Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін бітірген.

Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Тергеу комитеті Әскери қылмысты ұйымдастыру басқармасының бастығы қызметін атқарған. Аталған қызметінде - 2009 жылдан.