ҚазАқпарат-Анонс: сәуірдің 14-і мен 19-ы аралығындағы оқиғалардың күнтізбесі

ҚазАқпарат-Анонс: сәуірдің 14-і мен 19-ы аралығындағы оқиғалардың күнтізбесі

ЕЛБАСЫҚытай Халық Республикасының төрағасы Ху Цзиньтаоның шақыртуымен Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев сәуірдің 15-19-ы аралығында Қытайға мемлекеттік сапар жасайды. ҮКІМЕТ Сәуірдің 14-інде Үкімет отырысы өтеді.Сәуірдің 14-інде Үкімет үйінде Адам құқықтары жөніндегі комиссияның мәжілісі өтті. Сәуірдің 14-інде Денсаулық сақтау министрлігінде апталық брифинг өтеді. Қазақстан Республикасының туризм және спорт министрлігі сәуірдің 14-16-сы күндері www.e-gov.kz порталында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Дағдарыстан ? дамуға» атты Қазақстан халқына Жолдауын түсіндіру жөнінде Интернет-конференция өткізеді. ПАРЛАМЕНТСәуірдің 14-інде Мәжілістің Әлеуметтік мәдени даму комитеті дөңгелек үстел өткізеді. Мәжілістің Әлеуметтік мәдени даму комитетінің төрайымы Динар Нөкетаеваның мәлімдеуінше, басқосуда «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы» кодексі жобасының өзекті мәселелері талқыланады. Оның ішінде бала асырап алу, құрсақ ана, балалар құқығын қорғайтын өкілетті ұйым туралы мәселелер жан-жақты қарастырылмақ.Сәуірдің 14-інде Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Төрағасы, осы Палатадағы «Нұр Отан» ХДП фракциясының жетекшісі Орал Мұхамеджанов Корея Республикасының Қазақстандағы жаңадан тағайындалған Төтенше және Өкілетті Елшісі Ли Бён-хвамен, оның өз өтініші бойынша кездеседі. Жүздесуде Қазақстан мен Корея мемлекеттері арасындағы ынтымақтастық қарым-қатынасты дамыту, парламентаралық байланысты нығайту мәселелері сөз болмақСәуірдің 15-і, сәрсенбі күні, Мәжілістің жалпы отырысы, жұма, сәуірдің 17-сі күні Мәжіліс Бюросының отырысы өтетіні жоспарланған. ҚОҒАМЕлімізде 2009 жылғы ақпанның 17-сі мен шілденің 1-і аралығында шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерін тексеруге мораторий жарияланды.Көлік және коммуникация министрлігінің көліктік бақылау комитетінің ұйымдастыруымен ағымдағы жылғы наурыздың 30-ы мен сәуірдің 30-ы аралығында «Таза ауа» атты акция өткізіледі. Бұл акцияның басты мақсаты ? Қазақстан Республикасы заңнамасының экологиялық талаптары бойынша өрескел тәртіп бұзушыларды анықтау және тасымалдаушылар мен автокөліктерден шығатын ластаушы заттар мөлшерінің құрамы нормаларына қатаң бақылау орнату.ӘЛЕМ және ҚАЗАҚСТАН Сәуірдің 16-17-сінде ҚР Мемлекеттік хатшысы Қанат Саудабаев Римде өтетін ««Ядролық қауіпті жеңу» атты халықаралық конференцияға қатысады.Сәуірдің 14-де Сеулде Сауда-экономикалық және ғылыми-техникалық ынтымақтастық жөніндегі қазақ-оңтүстік кореялық үкіметаралық комиссияның 4-ші отырысы өтеді. Айта кетейік, комиссияға Қазақстан тарапынан ҚР Энергетика және минералдық ресурстар министрлігінің Жауапты хатшысы Асқар Баталов, ал Оңтүстік Корея тарапынан сол елдің Сыртқы істер және сауда вице-министрі Ли Ён Джон тең төрағалық жасайды.СПОРТ Хоккейден Қазақстанның ұлттық құрамасы сәуірдің 11-17-сі күндері Вильнюсте өтетін Әлем чемпионатына қатысады. Сәуірдің 14-16-сы күндері Тайландта жағажайдағы волейболдан ерлер мен әйелдер командалары арасында Азиялық тур ойындары өтеді. Бұл дүбірлі додаға Қазақстаннан Алматы мен Ақтау қалаларының командалары қатысады. Ал сәуірдің 24-інде Вьетнамда әйелдер командалары арасында жалауы көтерілетін Азиялық турда ел намысын «Алматиночка» командасы қорғамақ. Ташкентте сәуірдің 15-17-сі күндері «Өзбекстан Тәуелсіздігі кубогы» үшін еркін күрестен халықаралық Гран-при турнирі өтеді.АСТАНАСәуірдің 14-інде Ұлттық медициналық орталықта Парламенттің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің көшпелі отырысы өтеді. Сәуірдің 14-інде «Нұр Отан» партиясында «Сыбайлас жемқорлықпен күресу» тақырыбына арналған «дөңгелек үстел» отырысы өтеді. Сәуірдің 14-інде «Нұр Отан» партиясының елордалық филиалында Ақсақалдар кеңесінің отырысы өтеді. Сәуірдің 14-інде Астана Ішкі істер департаментінде апталық брифинг өтеді. Сәуірдің 18-і күні «Біз ? таза қала үшін» ұранымен жалпы қалалық сенбілік өтеді АЛМАТЫ Сәуірдің 14-інде Ұлттық банкте баспасөз мәслихаты өтеді. Сәуірдің 14-інде «Интерфакс» баспасөз орталығында «Нұрбанктегі» жағдай туралы баспасөз мәслихаты өтеді. Сәуірдің 14-інде Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінде Журналистика академиясы филиалының ашылу рәсімі өтеді. Сәуірдің 14-інде Алматы әкімдігінде вице-премьер С.Ахметовтың қатысуымен республикалық кеңес өтеді. Сәуірдің 15-і мен 17-сі аралығында Алматыда азық-түлік өндірісіне арналған бірнеше көрме өтеді. Аталған шараны Қазақстанның азық өндіру және өңдеушілер одағы ҚР Ауыл шаруашылығы, ҚР Индустрия және сауда министрлігі, Алматы әкімдігінің қолдауымен өткізбек.Сәуірдің 17-сінде кәсіпқой бокстан халықаралық матч өтеді. АЙМАҚБАТЫС ҚАЗАҚСТАНСәуірдің 1-і мен мамырдың 1-і аралығында Орал қаласында тазалық айлығы жарияланды. Осыған орай қала әкімдігінің құрылымдық бөлімшелері мен тұрғын үй-коммуналдық саласы кәсіпорындары ауқымды жұмыс көлемін атқармақ. Тазалық айлығы жариялануына байланысты Орал қалалық ардагерлер кеңесі үндеу қабылдады. Онда ардагерлер мекеме-кәсіпорындар, ұйымдар басшы-қызметкерлері мен қала тұрғындарын айлыққа белсенді қатысуға шақырған. -------------------------------------------------------------------------------------------------- АТАУЛЫ КҮНДЕР, ЕЛЕУЛІ ОҚИҒАЛАР СӘУІРДІҢ 14-І, СЕЙСЕНБІБирмадағы Су фестивалі ? Жаңа жыл мерекесі. Бұл күні адамдардың бір-біріне су шашу дәстүрі өтеді. «Көп адамды суға малшындырсаң, соғұрлым бақытты өзіңе тартасың» деген түсінік қалыптасқан.ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР48 жыл бұрын (1961) «Казахстанская правда» газеті Қазақ КСР Ғылым академиясының география бөлімі қызметкерлерінің Сарқанд алабындағы Жоңғар Алатауының солтүстік беткейіндегі мұздыққа және Іле Алатауының солтүстік бөлігіндегі Қарғалы тау сілеміндегі шыңға КСРО-ның тұңғыш ғарышкері Юрий Алексеевич Гагарин есімін беру туралы шешімін жариялады.16 жыл бұрын (1993) Қазақстан Республикасының «Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы» Заңы қабылданды.12 жыл бұрын (1997) Қазақстан Республикасының «Атом энергиясын пайдалану туралы» Заңы қабылданды. 11 жыл бұрын (1998) Ақтөбе қаласындағы Ленин атындағы көшеге Әйтеке би есімі берілді.9 жыл бұрын (2000) Алматы қаласындағы №162 қазақ орта мектебіне жазушы Сапар Байжанов есімі берілді.8 жыл бұрын (2001) Елбасы Н.Назарбаевтың Алматы облысының әкімшілік орталығын Талдықорған қаласына көшіру туралы Жарлығы шықты.ЕСІМДЕР70 жыл бұрын (1939) жазушы, филология ғылымының кандидаты, Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері ВЛАДИМИРОВ Владислав Васильевич дүниеге келді. Шымкент қаласында туған. Қазақ мемлекеттік университетін бітірген. «Алматинская правда», «Огни Алатау», «Вечерняя Алма-Ата» газеттерінде, Қазақстан Жоғарғы Кеңесінің Төралқасында, Қазақстан КП ОК-інде жауапты қызметтер атқарған. Қаламгердің «Керек адам», «Ер есімін бағалай біл», «Туған жердің желі», «Жалынның жарқылымен бірге», «Қолғаппен және қолғапсыз», «Қарапайым Ивановтар», «Үзіліссіз қойылым», т.б. көптеген деректі және көркем прозалық кітаптары жарық көрген. Оның «Бернули заңы» романы қазақ тіліне аударылған. «Құрмет белгісі», «Еңбек Қызыл Ту» ордендерімен, медальдармен марапатталған. СӘУІРДІҢ 15-І, СӘРСЕНБІҚХДР-дағы күн мерекесі (Ким Ир Сеннің туған күні). Елдегі басты ұлттық мереке саналатын атаулы күн 1997 жылдан бастап атап өтіледі. Елдің әрбір азаматы бұл күні «ұлт әкесі» ескерткішіне гүл қоюға міндетті. АҚШ-та салық күні. Бұл американдықтардың салық төлейтін күні емес, алдағы жыл үшін айлық жалақыларынан ұсталған жалпы салық міндеттемелерін келісудің жылдық мерзімі. Дәл осы күні салық төлеушілердің 5-тен 4-і артық төлеген салықтарын қайтарып алады. Американдықтар үшін мұндай Салық күні ? нағыз мереке.ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР84 жыл бұрын (1925) Қызылордада Қырғыз (Қазақ) АКСР Кеңестерінің V съезі басталды. Съезде Ахмет Байтұрсынұлының халыққа өзінің тарихи «қазақ» атын қайтару жөніндегі ұсынысы қаралып, қолдау тапты. «Қырғыз басқа, қазақ басқа екенін қазақ баласы тегіс білсе де бұл күнге шейін ештеңе демей, тымақтары салпиып келеді. Оны өткен замандардың ағымдары көтерсе де, қазіргі күнде ұлт атын жасыруды, ұлт тарихы ондай жаңсақтықты көтермейді», деп сөйлеген. Сонымен, Ахмет Байтұрсынұлының ұлт алдындағы тағы бір ұлы еңбегі ? қазақты қайтадан қазақ атандырып бергені.16 жыл бұрын (1993) Қазақстан Республикасының Бельгия Корольдігінде Елшілігі ашылды.3 жыл бұрын (2006) Түркия Республикасының беделді азаматтық ұйымдарының бірі Түркия жазушылар және өнер қайраткерлер қоғамы (ТҮРКСАВ) Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевты 2005 жылғы «Түркі әлеміне сіңірген ерен еңбегі үшін» сыйлығымен марапаттады.ЕСІМДЕР95 жыл бұрын (1914-2000) Қазақстанның халық жазушысы, Қазақстан Жазушылар одағы сыйлығының лауреаты СӘМӘДИ Зия дүниеге келді. Алматы облысының Панфилов ауданында туған. 1931 жылы ата-анасымен Шығыс Түркістанға қоныс аударды. Мұнда ол білімін жетілдіре жүріп, Құлжа мектебінің бірінде ұстаздық етті әрі «Іле» газетінде қызмет жасады. Қытай революциясы жеңгеннен кейінгі жылдарда түрлі саяси-қоғамдық жұмыстар атқарды. Ол Синьцзян ұйғыр автономиялық ауданының мәдениет министрі болып қызмет етіп, ұйғыр мәдениет қайраткерлерінің делегацияларын басқарып КСРО, Үндістан мемлекеттеріне барды. Синьцзян ұйғыр автономиялық ауданында Жазушылар одағын құруда зор еңбек сіңірді. Оның тікелей қатысуымен 1957 жылы Үрімжі қаласында тарихта тұңғыш рет ұйғыр жазушыларының съезі ашылды. 1961 жылдың қарашасында туған еліне оралды. Алғаш ақындық өнерімен қалам ұстаған ол 1934 жылы «Раушан» атты драма жазды. Бұл шығармасын кейін өңдеп, «Қанды дақ» деген атпен қайыра шығарып, шетелдік ұйғырлар драматургиясының негізін қалады. 1936 жылы «Ғәріп пен Сәнәм» пьесасын шығарды. Қаламгердің «Маймхан» романы орыс тіліне аударылып, өзбек тілінде екі рет жарық көрді. Аталған шығарма бойынша «Айдаһар жылы» фильмі түсірілді. Көркем аударма саласында С.Мұқановтың «Қашқар қызы», Ғ.Мүсіреповтің «Кездеспей кеткен бір бейне» шығармаларын тәржімалады. «Еңбек Қызыл Ту» орденімен марапатталған. 85 жыл бұрын (1924) философия ғылымының кандидаты, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген қызметкері, Ұлы Отан соғысының ардагері АХМЕТОВ Қанапия Ғабдоллаұлы дүниеге келді. Қостанай облысында туған. Қазақ мемлекеттік университетін, КОКП ОК жанындағы Қоғамдық ғылымдар академиясының аспирантурасын бітірген. Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің үгіт және насихат бөлімі меңгерушісінің орынбасары, Алматы қалалық партия комитетінің екінші хатшысы, Қазақ мемлекеттік университетінің проректоры, Қазақ дене тәрбиесі институтының ректоры, Алматы энергетика институтының кафедра меңгерушісі қызметтерін атқарған. 1994 жылы зейнет демалысына шыққан. Ғалымның 80-нен астам ғылыми жарияланымы, оның ішінде 2 томдық «Саясаттану негіздері» атты кітабы бар. «Қызыл Жұлдыз», 2-ші дәрежелі «Отан соғысы», «Құрмет белгісі», «Парасат» ордендерімен, медальдармен, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен марапатталған.80 жыл бұрын (1929-1995) жазушы, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қызметкері ҚЫДЫРБЕКҰЛЫ Балғабек дүниеге келген. Алматы облысының Жамбыл ауданында туған. Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітірген. 1960-1987 жылдары «Социалистік Қазақстан» газетінде әдеби қызметкер, бөлім меңгерушісі, редактордың орынбасары, бірінші орынбасары, бас редакторы, Қазақстан Журналистер одағы басқармасының төрағасы қызметтерін атқарды. Алғашқы фельетондар жинағы «Ешкімге айтпа» деген атпен 1962 жылы жарық көрді. «Шайтанның шатағы», «Қара сандық», «Маздаған шырақ», «Ұрының еншісі», «Ақпа құлақ», «Алатау», «Ақымақтың миы», «Түгел сөздің түбі бар», «Қым-қиғаш жылдар», «Қайран Ораз», тағы басқа кітаптары жарық көрді. Балғабек Қыдырбекұлы өз шығармаларында халық тарихын, ірі тұлғалар бейнесін сомдады. Қазыбек бек Тауасарұлының жазбалары деп саналатын қолжазбаны тауып, кітап етіп шығарды. Білікті басшы, білгір ұйымдастырушы ретінде басылым беделінің артуына лайықты үлес қосты. Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің мүшесі, Республика Жоғарғы Кеңесінің бірнеше дүркін депутаты болып сайланды. Оның еңбегі Қазақстан Республикасы Журналистика академиясының «Алтын Самұрық-2002» арнайы сыйлығымен атап өтілді. Қаламгердің атында туған ауылы, Алматы қаласында көше және журналистикалық сыйлық бар. «Еңбек Қызыл Ту», «Халықтар дос¬тығы» ордендерімен, бірнеше медальдармен марапатталған.70 жыл бұрын (1939) Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты, Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі, экономика ғылымының кандидаты, Қазақстан Республикасы Инженерлік академиясының корреспондент мүшесі, Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы ғылымдары академиясының академигі, Жамбыл облысының құрметті азаматы БАЙГЕЛДІ Өмірбек дүниеге келді. Жамбыл облысында туған. Алматы зоотехникалық-малдәрігерлік институтын, КОКП ОК жанындағы Қоғамдық ғылымдар академиясын бітірген. 1974-1975 жылдары ? Жамбыл облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы бастығының бірінші орынбасары. 1975-1984 жылдары ? Жамбыл облыстық партия комитетінің бөлім меңгерушісі. 1992-1995 жылдары ? Жамбыл облысы әкімдігінің басшысы, Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі. 1995-2005 жылдары ? Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты, Сенат төрағасы, төрағаның бірінші орынбасары. 2005 жылы Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатына қайта сайланған. «Еңбек Қызыл Ту», «Халықтар достығы», «Құрмет», «Отан», ордендерімен, ТМД елдерінің «Содружество» орденімен, бес медальмен марапатталған. Қазақстан Республикасы Президентінің Алғысымен көтермеленген.60 жыл бұрын (1949) физика-математика ғылымдарының кандидаты, педагогика ғылымының докторы, профессор, Халықаралық жоғары мектеп ғылым академиясының, Халықаралық ақпараттану академиясының академигі ӘБДІМАНАПОВ Сәрсенғали Әбдіғалиұлы дүниеге келді. Жамбыл облысында туған. Қазақ мемлекеттік университетін, Қазақстан Ғылым академиясы Математика және механика институтының аспирантурасын бітірген. Қарағанды мемлекеттік университетінің оқытушысы, аға оқытушысы, доценті, кафедра меңгерушісі, математика факультетінің деканы, оқу ісі жөніндегі проректоры, Ғылыми-зерттеу орталығының жетекшісі қызметтерін атқарған. 2000-2008 жылдары Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің бірінші проректоры, ректоры болған. 2002 жылы Халықаралық биографиялық орталығы (Кембридж) директорының орынбасары болып тағайындалған. С.Әбдіманапов туралы мәліметтер АҚШ-та, Ұлыбританияда жарық көрген беделді халықаралық биографиялық анықтамалықтарға енген. Ғалымның 200-ден астам ғылыми еңбегі, оның ішінде монографиясы, сөздігі, жоғары білім беруді жетілдіру мәселелеріне арналған оқу құралдары жарық көрген. «Құрмет» орденімен марапатталған. СӘУІРДІҢ 16-СЫ, БЕЙСЕНБІДания Корольдігінің Ұлттық мейрамы ? Королева туған күні. 68 жыл бұрын (1940) Дания королевасы 2-ші Маргрете дүниеге келді. 1972 жылғы қаңтардың 14-де таққа отырған. Дания Еуропаның солтүстік-батысында орналасқан ең кішкентай мемлекет. Ютланд түбегінің біраз бөлігін, Зеландия, Фюн, Лолланн, Фальстер, Мен, Борнхльм, т.б. аралдарды алып жатыр. Оңтүстігінде Германиямен шектеседі. Шығысында Балтық, батысы мен солтүстігі Солтүстік теңізімен шайылады. Әкімшілік жағынан 14 амтқа (облысқа) бөлінеді. Астанасы ? Копенгаген. Мемлекеттік тілі ? дат тілі. Ақша бірлігі ? дат кронасы. Дания ? конституциялық монархия. Мемлекет басшысы ? Королева. Жоғарғы атқарушы органы ? Үкімет. Жоғарғы заң шығарушы органы бір палаталы парламент ? Фолькетинг.ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР 87 жыл бұрын (1922) Қостанай драма театры құрылды.10 жыл бұрын (1999) Қазақстанның Қытайдағы Елшілігінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қытай және ағылшын тілдерінде шығарылған «Қазақстан - 2030» кітабының тұсаукесері өткізілді.7 жыл бұрын (2002) Cisco Systems компаниясының Қазақстан Республикасындағы өкілдігі ашылды.6 жыл бұрын (2003) ҚР Үкіметінің қаулысына сәйкес «Тұрғын-үй жинақ құрылыс банкі» ЖАҚ құрылды.75 жыл бұрын (1934) Кеңес Одағында 1934-1991 жылдары Отан үшін ерекше ерлік көрсеткен адамдарға берілетін ең жоғарғы атағы - Кеңес Одағының Батыры КСРО Орталық Атқару комитетінің қаулысымен бекітілген. Кеңес Одағының Батыры атағы КСРО Жоғарғы Кеңесінің Төралқасының Жарлығымен беріледі. Кеңес Одағының Батыры атағы берілгендерге «Ленин» ордені, «Алтын Жұлдыз» медалі және КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасының грамотасы тапсырылады. Кеңес Одағының Батыры атағын екінші рет алғандар екінші «Алтын Жұлдыз» медалімен марапатталып, оның туған жеріне қоладан бюст қойылады. Ал Кеңес Одағының Батырын үш рет алғандарға бюст Мәскеуде орнатылады. Кеңес Одағының Батыры атағын алғаш алғандар мұзда қалған кемелердегі адамдарды құтқарушы ұшқыштар болды. Қазақстандықтардың ішінен ең алғашқы Кеңес Одағының Батыры атағы ұшқыш П.Шевцовқа Испанияда фашизмге қарсы күресте көрсеткен ерлігі үшін берілді. Ұлы Отан соғысы жылдарында 500-ге жуық қазақстандықтар Кеңес Одағының Батыры атанды. Кеңес одағы тұсында аталмыш атаққа 12500-ге жуық адам ие болды.ЕСІМДЕР55 жыл бұрын (1954-2005) жазушы, педагогика ғылымының докторы, профессор ХАЙДАРОВ Жарқын Сапаржанұлы дүниеге келді. Қостанай қаласында туған. Алматы энергетика институтын бітірген. 1980-1985 жылдары ? Қазақ мемлекеттік университетінің жетекші инженері, кіші, аға ғылыми қызметкері, зертхана меңгерушісі. 1986-1994 жылдары ? Литва халық шаруашылығы мамандарының біліктілігін арттыру институтының аға оқытушысы, КСРО Ішкі істер министрлігі Минск жоғары мектебінің оқытушысы, Рига қаласындағы «Педагогикалық эксперимент» халықаралық орталығының профессоры. 1995-1999 жылдары Ресей Ғылым академиясы Археология институтының аға ғылыми қызметкері болған. Қаламгердің 10-нан астам монографиясы және көптеген көркем шығармалары бар. Олардың ішіндегі ең танымалы «Ұлы той» роман дилогиясы. Оның Қазақстан мен Ресей Президенттері Н.Назарбаев пен В.Путин бейнеленген «Еуразияның қос президенті» деп аталатын мүсіндік композициясы бар. Аталған өнер туындысы сыншы-өнертанушылар тарапынан жоғары бағаланған.50 жыл бұрын (1959) танымал әнші, композитор, Қазақстан Жастар одағы сыйлығының лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, Қазақстан композиторлар одағының мүшесі, Республикалық «Жігер-87», Халықаралық «Ыстықкөл-89», «Бұқара-90» фестивальдерінің, Ш.Қалдаяқов атындағы республикалық байқаудың, «Азия даусы-95», «Алтын диск-97» (Ыстамбұл), Франциядағы «Достық әндері» фестивальдерінің, «Каир-2003» (Мысыр) халықаралық байқауының лауреаты ОМАРОВ Марат Әбдіұлы дүниеге келді. Оңтүстік Қазақстан облысында туған. Әл-Фараби атындағы Мәдени-ағарту институтын бітірген. Шымкент облыстық филармониясында «Ауылым - әнім» ансамблінің әншісі, Қазақ телевизиясының музыкалық редакторы қызметтерін атқарған. 2001 жылдан Астана қаласында Президент оркестрінде және филармонияда қызмет істеген. Ол «Наурыз» шығармашылық қорын, «Балаларды дамыту» қорын ашқан. 2000 жылы Лос-Анджелес қаласындағы FIDOF Әлемдік композиторлар қауымдастығының мүшесі болып қабылданды. Әншінің орындауында «Анашым», «Әке арманы», «Қыз сыны», «Сыңарым», «Әнші балапан», «Қоштасқым келмейді», «Арман қала ? Астана», «Мекке-Мәдине», «Наурыз», т.б. әндері бар.120 жыл бұрын (1889-1977) америкалық киноактер, кинорежиссер, сценарийші, композитор әрі продюсер, Оксфорд университетінің құрметті докторы ЧАПЛИН (Chaplin) Чарлз Спенсер дүниеге келді. Лондон қаласында туған. 1897-1942 жылдары мюзикл-холл сахнасында, Ф.Карго жетекшілік еткен пантомима театрында ойнап, актерлік өнер шеберлігін жетілдірді. Ол мұнда мюзикл-холлдың талабына орай пластика мен пантомима өнерін үздік меңгерді. 1914 жылы АҚШ-та кинодағы актерлік және режиссерлік өнер жолын бастады. Қойған фильмдердің сценарийлерін де өзі жазды. Бір қатар фильмдерінде лирикалық және комедиялық бояуды шебер шеңдестіре отырып, «кішкене адамның» есте қалар жиынтық бейнесін жасады. Пантомима мен комедия өнерін жан-жақты дамыта отырып, өз орнымен пайдалану арқылы «Нәресте» мен «Алтынның әлегі» фильмінде ақша билеген ортадағы қорғансыз жандардың азапты ауыр өмір тұрмысын бейнеледі. 1922 жылы «Чарлз Чаплин фильм корпорейшен» деген атпен кинофирма ұйымдастырды. «Париж қызы» фильмін қоюмен өзінің кинода психологиялық драма жасаудың шебері екенін байқатты. «Пилигрим», «Цирк», «Үлкен қаланың оттары», «Жаңа кезең», «Ұлы диктатор», «Месье Верду», «Рампа оттары», «Король Нью-Йоркте», «Гонконгтен келген граф әйелі» атты фильмдердің авторы. Оның шығармалары Америка Құрама Штаттарының реалистік кино өнерінің қалыптасуына игі ықпал жасаумен қатар, дүниежүзілік кинокомедияның дамуына да мол үлес қосты. 1954 жылы Халықаралық Бейбітшілік сыйлығын алды. СӘУІРДІҢ 17-СІ, ЖҰМАҚазақстан Республикасының өртке қарсы қызмет күні. 1918 жылы сәуірдің 17-де кеңестік республикаларда «Өртпен күресудің мемлекеттік шараларын ұйымдастыру туралы» декретке қол қойылды. Бұл күн Қазақстан Республикасында және бұрынғы КСРО республикаларында өртке қарсы қызметтің ұйымдастырылған күні ретінде атап өту қабылданған. Бүгінгі таңда елімізде аталмыш қызметтің құрамында 13 мыңға жуық адам қызмет етеді. Өрт бөлімшелері 3 мыңға жуық негізгі және арнайы өрт машиналарымен және басқа да өрт сөндіретін құрал-жабдықтармен жарақтанған.Кубадағы контрреволюцияны жеңген күні. Осы күні Кубадағы революциямен күресу үшін АҚШ Орталық барлау басқармасы дайындаған 1500 кубалық эмигранттар десанты талқандалды. 1961 жылы төңкерісшілердің жеңісімен аяқталған ұрыс тарихқа Свиней шығанағына әскер түсіру және АҚШ президенті Кеннедидің ірі жеңілісі, ал Кастроның ірі жеңісі ретінде қалды. Сондай-ақ дәл осы күні Фидель Кастро Куба социализм бағытында өркендеуге бет түзейтінін жариялады.Сирия Араб Республикасының Ұлттық мейрамы ? Эвакуация күні (1946). 1941 жылдың сәуірінде Сирия тәуелсіз республика болып жарияланды, бірақ толық тәуелсіздігін 1946 жылы елдегі француз және ағылшын әскерлері шығарылғаннан кейін ғана алды. Сирия ? оңтүстік-батыс Азияда орналасқан мемлекет. Солтүстігінде Түркиямен, шығысында Иракпен, оңтүстігінде Иорданиямен, Израильмен, батысында Ливанмен шектеседі. Әкімшілік жағынан 14 уәлаятқа немесе губернаторлыққа бөлінген. Астанасы ? Дамаск қаласы. Мемлекеттік тілі ? араб тілі. Сондай-ақ күрд, армян, арамей, француз тілдері де кеңінен қолданылады. Ақша бірлігі ? сирия фунты. Атқарушы билік Президент пен Министрлер Кеңесіне басшылық жасайтын Премьер-Министрге тиесілі. Жоғары заң шығарушы органы бір палаталы парламент ? Халықтық кеңес. 1991 жылы Парсы шығанағындағы ирак-куәйт соғысы аяқталғаннан кейін Сирия араб және Батыс Еуропа елдерінен және Жапониядан қаржылай көмек алды. Осы көмек Сирияның сыртқы қарыздарын өтеуге, сонымен қатар үзіліп қалған сауда байланыстарын қалпына келтіруге септігін тигізіп, негізгі өнеркәсіп бағыттары мұнай мен фосфорит өндіруді дамытты. Қазақстан Республикасы мен Сирия Араб Республикасы арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас 1992 жылғы наурыздың 27-і күні орнатылды.ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР18 жыл бұрын (1991) көркем-әдеби және қоғамдық-саяси «Нива» журналының алғашқы саны жарық көрді. Бұл журналдың ұйымдастырушысы және редакторы ? ақын, жазушы Владимир Гундарев.14 жыл бұрын (1995) Қазақстан Республикасының «Лицензиялау туралы» Заңы қабылданды.3 жыл бұрын (2006) Лондондағы Альберт-холлда «Бабалар әуені» атты қазақ фольклорының мерекесі өтіп, «Тілеп» композициясы компакт-дискісінің таныстырылымы болды. Композицияның авторы ? белгілі ағылшын композиторы Карл Дженкинс. Жеті бөлімнен тұратын «Тілеп» композициясында қазақтың халық музыкасы, Абай әндері, Қорқыт пен Ықылас күйлері, Тілеп Аспантайұлының қобыз сарыны шебер қиюластырылған. Аталмыш шығарманың таныстырылымына Лондонның симфониялық оркестрі, атақты скрипкашы Марат Бисенғалиев, Финляндияның халық хоры, Астанадағы «Тілеп» қобызшылар квартеті және қазақ халық аспаптары оркестрі қатысты. Бұл жобаны жүзеге асыруға астаналық кәсіпкер, танымал меценат, күйші Тілеп Аспантайдың ұрпағы Сапар Ысқақов мұрындық болды. Концертке «Бритиш Газ», «Бритиш Петролеум», «Шелл», ITE, IBC, «Келтик Рисорсиз», «Империал Энерджи», FMC, AMEC, «Қазақмыс», «Қазақголд», «Қазмұнайгаз», «Эйр Астана», т.б. компаниялары демеушілік жасады.ЕСІМДЕР55 жыл бұрын (1954) техника ғылымының кандидаты, 2-ші сыныпты кеңесші ЕСЕНБАЕВ Марат Төлеубекұлы дүниеге келді. Қарағанды қаласында туған. Мәскеу станок жасау институтын, Н.Бауман атындағы Мәскеу жоғары техникалық училищесінің аспирантурасын бітірген. Еңбек жолын Қазақ политехникалық институтының кіші ғылыми қызметкері болып бастап, Қарағанды политехникалық институтының оқытушысы, доценті, кафедра меңгерушісі қызметтерін атқарған. 1993-1994 жылдары ? Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің бірінші хатшысы. 1994-1996 жылдары ? Қазақстан Республикасының АҚШ-тағы Елшілігінің бірінші хатшысы. 1996-1998 жылдары ? Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің кеңесшісі, бөлім бастығы. 1998-2000 жылдары ? Қазақстанның Тайландтағы істерінің уақытша сенімді өкілі. 2000-2002 жылдары ? Қазақстан Республикасының БҰҰ жанындағы тұрақты өкілдігінің кеңесшісі. 2002-2004 жылдары ? Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің Көпжақты ынтымақтастық департаменті директорының орынбасары. 2004 жылдан бастап Қазақстан Республикасының Норвегиядағы істерінің уақытша сенімді өкілі қызметін атқарады. СӘУІРДІҢ 18-І, СЕНБІХалықаралық ескерткіштер мен тарихи орындар күні. Бұл мереке алғаш рет 1984 жылы атап өтілді. 1983 жылы ЮНЕСКО жанынан құрылған Халықаралық ескерткіштер мен көрнекті орындарды қорғау мәселелері жөніндегі кеңес ассамблеясы бекіткен. Бүгінгі таңда осы ұйымның қатарында әлемнің 175 мемлекеті бар. Дүниежүзінің 122 еліндегі 754 тарихи құндылық ЮНЕСКО тізіміне енгізілген. 2003 жылы осы тізімге еліміздегі «Әзірет Сұлтан» тарихи-архитектуралық кешені, Алматыға таяу Тамғалы тас шатқалындағы жартастарға салынған суреттер топтамасы кірді. Қазақстанда ұлттық құндылық болып табылатын 25 мыңнан астам тарихи-мәдени ескерткіш бар.Зимбабве Республикасының Ұлттық мейрамы ? Тәуелсіздік күні. Африкандықтардың нәсілшілдік режимге қарсы қарулы көтерілісі 1980 жылы Зимбабве мемлекетінің тәуелсіздігін жариялауға алып келді. Зимбабве ? оңтүстік Африкада орналасқан мемлекет. Ол Замбия, Мозамбик, Ботсвана және Оңтүстік Африка Республикасымен шектесіп жатыр. Ресми тілдері ? ағылшын және шона тілдері. Астанасы ? Хараре қаласы. Ақша бірлігі ? Зимбабве доллары. Елді президент басқаратын бұл республика 8 провинцияға бөлінеді. Заң шығарушы органы ? бір палаталы Ұлттық ассамблея 150 депутаттан тұрады. Олардың 120-сын халық сайласа, 12-ін президент тағайындайды. Бұған қоса провинцияларды басқаратын 8 губернатор мен 10 тайпа көсемі парламент мүшесі болып табылады. Қазақстан Республикасы мен Зимбабве Республикасы арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас 1992 жылғы сәуірдің 10-ында орнатылды.Украинаның тарихи және мәдени ескерткіштер күні. 1999 жылдан бастап Украина Президентінің Жарлығымен ғалымдардың, сәулетшілердің, тарихи және мәдени ескерткіштер қорғау мемлекеттік органдары қызметкерлерінің бастамасын қолдау мақсатында бекітілген.Англиядағы бәйшешек күні. Бұл мереке 1984 жылдан бастап атап өтіледі.ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР16 жыл бұрын (1993) Алматыда Дүниежүзілік экономикалық форум өтті. Оған әлемнің 30 елінен 100-ден астам ірі халықаралық және ұлттық компаниялардың басшылары жиналды. 3 жыл бұрын (2006) Павлодар облыстық «Звезда Прииртышья» газеті журналистика саласындағы жалпыұлттық «Алтын жұлдыз» сыйлығының иегері атанды.ЕСІМДЕР50 жыл бұрын (1959) Алматы облысы Ескелді ауданының әкімі ДҮЙСЕНБИНОВ Сұлтан Мырзабекұлы дүниеге келді. Алматы облысында туған. Алматы инженерлік-құрылыс институтын, Алматы халық шаруашылығы институтын бітірген. 1991-1995 жылдары ? «Кабсан» көпсалалы сауда-құрылыс кәсіпорнының директоры. 1995-1998 жылдары ? ФОРЭС қоры директорының орынбасары. 1998-1999 жылдары ? Талдықорған облысы әкімінің орынбасары. 1999-2001 жылдары ? Алматы облысының Ескелді ауданы әкімінің орынбасары. Қазіргі қызметінде 2001 жылдан бастап істейді. Ол 2005 жылы кейбір аудандарда байқау ретінде өткен аудан әкімдері сайлауында сайлаушылардың 84,6 пайыз дауысын жинап, қызметін сақтап қалды. Медальмен марапатталған.35 жыл бұрын (1974) гимнастикадан спорт шебері, Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы, Әлем чемпионы, Әлем кубогының қола жүлдегері, ХІІ Азия ойындарының күміс жүлдегері ФЕДОРЧЕНКО Сергей Владимирович дүниеге келді. СӘУІРДІҢ 19-Ы, ЖЕКСЕНБІЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР49 жыл бұрын (1960) Шығыс Қазақстандағы Бұқтырма су қоймасын толтыру басталды.13 жыл бұрын (1996) Алматыда Қазақстанның халық жазушысы Мәриям Хакімжанова тұрған үйдің қабырғасына ескерткіш тақта орнатылды.4 жыл бұрын (2005) Өскеменде Қазақстандағы бірінші экологиялық мұражай ашылды.3 жыл бұрын (2006) Ұлыбританияда Азия елдері мен мәдениетін, Азия халықтарының тарихы мен салт-дәстүрлерін насихаттаумен айналысатын британиялық беделді Asia House ұйымы Қазақстанның еңбек сіңірген суретшісі Қырым Алтынбеков жұмыстарының таныстырылымын өткізді. Қ.Алтынбеков сақ мәдениетінің мыңдаған ескерткіштерін, оның ішінде әлемге әйгілі «Алтын адам», «Сармат көсемі» сияқты бірегей жәдігерлерді қалпына келтіріп жаңғыртқан өз ісінің хас шебері. Asia House-де британиялық ғылыми және мәдениеттану ортасы өкілдерінің назарына Қырым Алтынбеков Қазақстан аумағындағы археологиялық қазбалардың нәтижесінде табылып жаңғыртылған көне замандағы алтын мен күмістен соғылған зергерлік бұйымдар ұсынған. ЕСІМДЕР60 жыл бұрын (1949) қоғам қайраткері, Төтенше және Өкілетті Елші ЖӨКЕЕВ Төлеген Тілекұлы дүниеге келді. Атырау облысында туған. М.Азизбеков атындағы Әзірбайжан мұнай және химия институтын бітірген. 1982-1988 жылдары ? Маңғыстау облыстық партия комитетінің нұсқаушысы, бірінші хатшының көмекшісі. 1990-1991 жылдары ? Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі төрағасының көмекшісі, Қазақстан Республикасы Жаңа экономикалық құрылымдарды қолдау және монополиялық қызметті шектеу мемлекеттік комитеті төрағасының бірінші орынбасары, «ҚазинтерСЭЗ» қауымдастығының вице-президенті. 1991-1992 жылдары ? Қазақстан Республикасы вице-президенті хатшылығының меңгерушісі. 1992-1994 жылдары ? Қазақстан Республикасының мемлекеттік кеңесшісі ? Қазақстан Республикасы Президенті және Министрлер Кабинеті Аппаратының бөлім меңгерушісі. 1994-1995 жылдары ? Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары, Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің Ерекше тапсырмалар жөніндегі елшісі. 1995-2000 жылдары ? Қазақстан Республикасының Корей Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі. 2000-2003 жылдары Қазақстан Республикасының Ирандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі болған. 2005 жылдан Қазақстанның «Азат» демократиялық партиясының бас хатшысы болып істейді. «Құрмет» орденімен марапатталған.