ЕЛБАСЫ
Сәуірдің 21-23-і күндері Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Корея Республикасындағы мемлекеттік сапары өтуде.
ҮКІМЕТ
Сәуірдің 23-інде Әділет министрлігінде Мемлекеттік қызметтердің сапасы мен қолжетімділігін бақылау және мониторингілеу жөніндегі республикалық қоғамдық кеңестің мәжілісі болады.
Сәуірдің 23-інде Bnews.kz порталында Ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары А.Евниевтің қатысуымен он-лайн конференция болады.
ПАРЛАМЕНТ
Сәуірдің 23-інде Қостанай облысынан сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының шығып қалған депутатының орнына сайлау өтеді.
Сәуірдің 23-інде Парламент Сенатында Аграрлық мәселелер жөніндегі комитеттің отырысы болады.
ҚАЗАҚСТАН ЖӘНЕ ӘЛЕМ
Сәуірдің 24-інде «Байқоңыр» ғарыш айлағынан «Бриз-М» блогы мен АМС-4R ғарыш аппараты бар «Портон-М» зымыран тасығышы ұшырылады.
Сәуірдің 23-24-інде Алматыдағы «Қазақстан» қонақүйінде Сыртқы істер министрінің орынбасары Нұрлан Ермекбаевтың төрағалығымен Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесінің Аға лауазымды тұлғалары комитетінің кезекті мәжілісі болады.
ӘЛЕМ
Сәуірдің 21-і мен 27-сі аралығында Висбаденде ((Гессен федералдық жері) шығысеуропалық киноның халықаралық «Go East» («Шығысқа қарай алға») фестивалі өтеді.
Сәуірдің 27-сі мен мамырдың 4-і аралығында Әзірбайжан астанасы - Бакуде мектеп оқушыларының химия пәнінен Менделеев олимпиадасы өтеді.
ҚОҒАМ
Сәуірдің 15-інен мамырдың 15-іне дейін елімізде «Балалар - біздің болашағымыз» акциясы өтуде.
Сәуірдің 9-ынан мамырдың 9-ына дейін елімізде Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 65 жылдығына арналған «Ерлік даңқы өшпейді» акциясы өтуде.
Сәуірдің 22-24-і аралығында Бурабайда ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия мен БҰҰ-ның Даму бағдарламасы бірлесіп тренинг өткізеді. Гендерлік саясатты ілгерілетуде мемлекеттік қызметкерлердің әлеуетін арттыру мәселесіне арналған тренинг «Қазақстан Республикасында Гендерлік теңдікті қамтамасыз ету шараларын жетілдіру жөніндегі ұлттық комиссияны қолдау» жобасы аясында өтуде.
Сәуірдің 23-і мен 30-ы аралығында Қазақстанда «Игілікті іс - әр күн сайын» ұранымен Ізгілік апталығы өтеді.
СПОРТ
Сәуірдің 19-ы мен 23-і аралығында Астанада «Астана-Арена» стадионында «Оле Бразил Клаб» (Бразилия, Сан-Пауло) футбол академиясы жетекші жаттықтырушыларының қатысуымен Қазақстанның жас футболшыларымен шеберлік сабақтары өтеді.
Сәуірдің 24-інде Павлодарда джиу-джитсу бойынша республикалық турнир өтеді.
Сәуірдің 24-25-і күндері Қарағандыда джип-спринттен ҚР чемпионаты өтеді.
Сәуірдің 26-сында елордадағы «Астана-Арена» стадионында жасөспірімдер арасында «Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Кубогы» ІІІ халықаралық турнирі өтеді.
Сәуірдің 26-сында елордадағы «Қазақстан» спорт сарайында халықаралық санаттағы спорт шебері А.Гавриловты еске алуға арналған жүзуден Қазақстан біріншілігінің салтанатты ашылу рәсімі болады.
АСТАНА
Сәуірдің 22-23-інде сағат 10.00-де Қазақстандағы президенттік институттың жиырма жылдық даму қорытындысына арналған «Қазақстан Республикасындағы президенттік институт: тарихы және қазіргі кезеңі» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтеді.
Сәуірдің 22-23-і күндері Л.Н.Гумилев атындағы Еуразиялық Ұлттық унвиерситетте «Қазақстандағы Германия жылы» ауқымында неміс-қазақстан қоғамының ұйымдастыруымен «Германиядағы Ислам», «Берлин физикасының тарихы» тақырыптарында дәрістер оқылады.
Сәуірдің 23-інде Ұлттық академиялық кітапханада Ашық есік күні болады.
Сәуірдің 23-інде Тұңғыш Президент мұражайында «Даңқты ерлікті жас ұрпақ ұмытпайды» деген тақырыпта ашық сабақ болады.
Сәуірдің 23-інде «Арена-Астана» стадионында «ҚР Президентінің Кубогы» халықаралық жасөспірімдер турниріне арналған баспасөз мәслихаты болады.
Сәуірдің 24-інде «Біз - таза қала үшін» айлығы ауқымында жалпықалалық сенбілік өтеді.
АЛМАТЫ
Сәуірдің 21-23-і күндері «Атакент» көрме орталығында «Мектеп 2010», «ЖОО 2010, «Мансап 2010» «Инфотех 2010» «Білім туризмі 2010», «Іскерлік және оқулық әдебиет 2010» халықаралық көрмелері өтуде.
Сәуірдің 22-23-і күндері «Білім -күш» ұранымен Cisco Expo ақпараттық технологиялары бойынша жыл сайынғы конференция өтуде.
Сәуірдің 23-інде ҚР Ұлттық кітапханасында Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығына арналған «Еуропаға жол - өркениетке жол» кітап көрмесінің ашылуы өтеді.
Сәуірдің 23-інде Алматы қаласында (Абылай хан даңғылы,38, М.Мәметова көшесімен қиылысы) Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында сағат 15.00-де , Бүкіләлемдік зияткерлік меншік ұйымымен бекітілген халықаралық зияткерлік меншік Күні қарсаңында, "Шапағат-2010" конкурсының нәтижесін қорытындылау және жаңа лауреаттар мен жеңімпаздарды марапаттау салтанаты өтеді.
Сәуірдің 23-інде Тұңғыш Президент Қорында «Қазақстанның еуропалық перспективасы: серіктестіктің жаңа кезеңдері» атты халықаралық конференция болады.
Сәуірдің 23-інде Қазақтың әл-Фараби атындағы университетінде «Қазақстан Республикасындағы президенттік институты: тарих және қазіргі уақыт» деген тақырыпта халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция болады.
Сәуірдің 23-інде Ұлттық кітапханада «Еуропаға жол - өркениетке жол» кітап көрмесі болады.
Сәуірдің 23-інде «Қазақстан» қонақүйінде Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесінің Аға лауазымды тұлғалары комитетінің кезекті отырысына арналған брифинг болады.
АЙМАҚТАР
ШЫҒЫС ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫ
Сәуірдің 15-і мен 29-ы аралығында Семей қаласындағы Абай атындағы кітапханада Германияның Қазақстандағы жылы ауқымында «Қазіргі Германия» көрмесі өтуде.
Сәуірдің 24-25-і күндері Семейдегі Ф.Достоевский атындағы орыс драма театрында Жеңістің 65 жылдығына арналған «Майдангер қыз» спектаклінің премьерасы өтеді.
ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫ
Сәуірдің 16-сы мен 20-сы аралығында Қызылордада жалпы білім беретін мектептер пәндерінен республикалық олимпиада өтуде.
АТАУЛЫ КҮНДЕР. ЕЛЕУЛІ ОҚИҒАЛАР. МЕРЕЙТОЙЛАР.
СӘУІРДІҢ 23-І, ЖҰМА
Дүниежүзілік кітап және автор құқығы күні. Дүниежүзілік кітап және автор құқығы күні 1995 жылы 15 қарашада ЮНЕСКО - ның 28 сессиясында жарияланды (Қарар №3.18).
Шешім халықтың сауатын ашу мақсатымен, мәдениетті дәстүрдің дамуын ұғындыру үшін қабылданды, және де кітап білім берудің ең үлкен құралы болып табылады, тағы да оны ең сенімді әдіспен сақтайды. Қарарда бұл күні кітап көрмелері мен жәрмеңкелердің өткізілуі әсерлі болады деп танылған.
Бұл күн 23 сәуір 1616 жылы өмірден қайтқан Мигель де Сервантес, Уильям Шекспир (Юлиан күнтізбесі бойынша), Инка Гарсиласо де ла Веганы еске алу мақсатында бекітілген. Кітаптың арқасында ең алдымен білімге, ойға рухани моральдық құндылықтарға, адамзаттың шығармашылық жетістіктерімен әсемділікті түсінуіне жол ашылады. Кітап - бұл сан алуан мәдениетті әлемнің терезесі және де әр түрлі уақыттағы өркениетпен кеңістікті жалғастырып тұратын көпір.
Дүниежүзілік кітап және автор құқығы күнін атап өте тұрып, біз кітаптың сақталуының маңыздылығына ерекше көңіл бөлуіміз керек және де әр мемлекет өз мәдениеттін арттыра түсіруі керек.
ОҚИҒАЛАР
430 жыл бұрын (1580) Ташкент билеушісі Баба сұлтан Ақназар (Хақназар) ханды опасыздықпен өлтірді. Мұның алдында Шарапхана маңында сол Баба сұлтанның қолынан Ақназардың екі ұлы қаза тапқан. Ақназар үш тарап - үш ұлысты ағалы-інілі үш туысқан бастаған Үш жүз деп жариялап, бастарын қайта қосқан болатын.
5 жыл бұрын (2005) Қазақстан Республикасының Президенті Н.А.Назарбаев «Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы «Қазақстан Республикасының сайлауы туралы», «Қазақстан Республикасының лицензиялау сұрақтары бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» Конституциялық Заңдарына қол қойды.
1 жыл бұрын (2009) Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы» Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер енгізу туралы» Заңға қол қойды. Заң Наурыз мейрамын мерекелеу күндерін наурыздың 21-нен 23-не дейін ұлғайтуды және Қазақстан Республикасы күнін мерекелеуді алып тастауды көздейді.
1 жыл бұрын (2009) Польшадағы Великопольски аймағының астанасы Познань қаласында Адам Мицкевич атындағы университеттің Шығыстану және түркітану институтында қазақ бөлімі ашылды.
Польшаның ең ірі оқу орындарының бірінде қазақ бөлімінің ашылуы поляк ғылыми-педагогикалық және студенттер қоғамының елімізге, оның мәдениеті мен салт-дәстүрлеріне, тарихы мен тіліне деген қызығушылығын білдіреді.
ЕСІМДЕР
100 жыл бұрын (1910-1986) ғалым-биохимик, медицина ғылымының докторы, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым қайраткері ВЕРБОЛОВИЧ Петр Алексеевич дүниеге келді.
Ұлы Отан соғысына қатысқан.
Украинаның Запорожье облысында туған. Днепропетровск медициналық институтын бітірген.
1946 жылдан Алматы мемлекеттік медицина институтында ассистент, доцент, кафедра меңгерушісі болған.
Негізгі ғылыми еңбектері адам биохимиясына арналған. Миоглобин және басқа хромопротеидтер биохимиясын зерттеді. Миоглобиннің ет қызметіне, жануарлар жүйке жүйесіне тигізетін әсерін анықтады. Алматы мемлекеттік медицина институты жанында орталық ғылыми-зерттеу зертханасын ұйымдастырды.
«Құрмет белгісі» орденімен, медальдармен марапатталған.
60 жыл бұрын (1950) әнші, профессор, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Абай атындағы опера және балет театрының әншісі ӘБІЛЕВ Шаһимардан Қайдарұлы дүниеге келді.
Павлодар облысы Шарбақты ауданында туған. Алматы эстрада-цирк өнері студиясын, Құрманғазы атындағы Алматы консерваториясын бітірген.
1973-1975 жылдары - Қазақ академиялық опера және балет театрының әншісі. 1981-1982 жылдары - Қазақ филармониясының, Құрманғазы атындағы Алматы консерваториясы жанындағы опера студиясының соло-әншісі болған. 1981-1997 жылдары Құрманғазы атындағы Алматы консерваториясының аға оқытушысы, вокалдық өнер факультетінің деканы, доцент қызметтерін атқарған. 1997 жылдан - ән салу кафедрасының профессоры.
Әнші репертуарларынан қазақ, орыс, тағы басқа елдердің композиторлары Абай Құнанбайұлының, Рахманиновтың, Чайковскийдің, Бизенің, Вердидің, Ахмет Жұбановтың музыкалық шығармалары елеулі орын алған. Гастрольдік сапармен Моңғол Халық Республикасында, Ресейде, тағы басқа көптеген елдерде болған. 1989 жылы Халықаралық «Алтын алма» фестиваліне қатысып өнер көрсеткен. Күләш Байсейітова атындағы 2-республикалық байқауының, Ереван қаласында өткен М.Глинка атындағы Бүкілодақтық әншілер байқауының жүлдегері.
СӘУІРДІҢ 24-І, СЕНБІ
Халықаралық жастар ынтымақтастығы күні. Халықаралық жастар ынтымақтастығы күні Дүниежүзілік демократиялық жастар федерациясының шешімімен жыл сайын 1957 жылдан бастап аталып өтеді. Бұл атаулы күн бұқаралық ақпарат құралдары мен мемлекеттік органдардың жастар мәселелеріне назарын аударуға бағытталған.
1955 жылы Азия мен Африка елдерінің Бандунг конференциясында шешім қабылданған күннен бастап, отаршылдыққа қарсылық білдіріп, бейбітшілікті қолдайтын жастардың халықаралық ынтымақтастығы күні ретінде атап өтіледі.
Халықаралық астрономия күні. Бұл мереке 1973 жылы Америкада дүниеге келіп, астрономия жанкүйерлерін «Астрономияны адамзатқа таныстырушылар» деген бір ұранның астына жинады. Бүгінде бұл қозғалысты Астрономия лигасы, Тынық мұхит Астрономиялық қоғамы, Халықаралық Планетарийлер одағы басқарады.
Астрономия күнін әдетте сенбі күні, ай орталанып, сәуір аяқталып, мамыр бастау алар кезде тойлайды. Бұл күні көптеген елдерде мыңдаған астрономиялық клубтар, ғылыми мұражайлар мен расытханалар, планетарийлер әртүрлі қызықты шаралар ұйымдастырып, көпшілікке дәрістер оқып, телеконференция, біріккен жобалар жасап, жұлдызды аспанды телескоптармен тамашалатады.
ОҚИҒАЛАР
20 жыл бұрын (1990) Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Н.Ә.Назарбаевты Қазақ КСР-нің тұңғыш Президенті етіп сайлады.
20 жыл бұрын (1990) Қазақ КСР-інің «Қазақ КСР Президенті қызметін бекіту және Конституцияға (Негізгі заң) өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңы, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің «Қазақ Кеңес Социалистiк Республикасының Президенті туралы» Жарлығы қабылданды.
15 жыл бұрын (1995) жазушы Қасым Қайсеновке, ардагерлер Алексей Кулаков пен Мурдин Тайповке «Халық қаһарманы» атағы берілді.
15 жыл бұрын (1995) Түркияда Абай күндерінің аясында Абайдың (1845-1904) шығармашылығына арналған мерекелік шаралар өтті. Анкарада салтанатты түрде жаңа мектеп ашылды, аталған мектепке қазақтың ұлы ақыны Абайдың есімі берілді. Түркиядағы Қазақстан Елшілігінің қолдауымен, онда Абайдың мұражайы ашылды.
10 жыл бұрын (2000) Алматыда «Еуразия - 2000» экономикалық саммиті өз жұмысын бастады.
ЕСІМДЕР
85 жыл бұрын (1925-1991) кен ісі саласындағы қазақ ғалымы, Қазақ КСР Ғылым академиясының корреспондент мүшесі, техника ғылымының докторы, профессор, жер қойнауын ашық қазу саласы маманы МҰСТАФИНА Әсия Мұстафақызы дүниеге келді.
Қызылорда облысы Сырдария ауданында туған. Қазақ тау-кен металлургия институтын (қазіргі Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университет) бітірген.
Еңбек жолын КСРО Металлургия өнеркәсібі министрлігі Кемпірсай кен басқармасы техникалық бақылау бөлімі бастығының орынбасары қызметінен бастаған. 1954 жылы пайдалы қазбалар кен орындарын игеруде техникалық көмек көрсету үшін Қытай Халық Республикасына жіберіліп, ол жерде «Совкитайметалл» АҚ-ы басқармасының өндірістік-техникалық бөлімінде аға инженер болып қызмет атқарған. Елге келген соң Қазақ КСР Ғылым Академиясының Кен істері институтынның кіші ғылыми қызметкері, аға ғылыми қызметкері, жер қойнауын ашық қазу зертханасының меңгерушісі және ғылыми кеңесшісі қызметтерін атқарған.
Негізгі ғылыми еңбектері кен ашу жұмыстарында жаппай қопару әдістерін қолдану, бұрғылау технологиясын жетілдіру, кенді ашық әдіспен қазу жүйелерін талдау және карьерлерді автоматтандырылған басқару жұйелері арқылы пайдалану мәселелеріне арналған.
Ә.Мұстафина жемісті ғылыми-ұйымдастырушылық қызметі үшін «Құрмет белгісі» орденімен, медальдармен, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен марапатталған. 2002 жылы Қазақстан кен ғылымына қосқан зор үлесі үшін және Кен істері институтының дамуына сіңірген еңбегіне байланысты «Д.А.Қонаев атындағы Кен істері институтының құрметті ғылыми қызметкері» атағы берілді.
СӘУІРДІҢ 25-І, ЖЕКСЕНБІ
Бүкіләлемдік безгекке қарсы күрес күні (ДДҰ). Безгек әлем халқының 40 пайызына қауіп төндіруде. Жыл сайын 500 миллионнан астам адам безгекпен ауырып, бір миллионнан астам адам осы кеселден көз жұмады. Ең ауыр салмақ Африканың Сахарадан әрі қарай оңтүстігіне түседі, бірақ бұл ауру адамдарды Азияда да, Латын Америкасында да, Таяу Шығыста да, тіпті Еуропаның кейбір бөлігінде де жалмайтын көрінеді.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ассамблеясы өзінің 2007-нші жылғы мамырдағы сессиясында бекіткен Бүкіләлемдік безгекке қарсы күрес күні - бұл безгекке қарсы тиімді күрес жүргізуді қамтамасыз ету бойынша жаһандық күш жұмылдыру қажеттігін мойындау күні. Бұл күні өз аумақтарында ауру тарап кеткен елдер - өз күш-жігерлерін бір-бірімен тәжірибе алмасып, бірін-бірі қолдауға жұмылдырады; жаңа донорлар - безгекке қарсы күрес жолында жаһандық әріптестікпен бірлесіп қимылдауға жұмылады.
Дүниежүзілік бауырлас қалалар күні. Дүниежүзілік бауырлас қалалар федерациясының шешімімен, жыл сайын сәуірдің соңғы жексенбісінде атап өтіледі. 1943 жылы Сталинград қаласына Англияның Ковентри қаласынан хат келді. Ковентри тұрғындары 1940-1941 жылдары жау қолында қалған батыр қаланың қаһармандығына таң қалып, Сталинградпен достастық комитетін құрған екен.
1992 жылы Халықаралық «Бауырлас қалалар» қауымдастығы құрылды. Бұл ұйым ТМД ауқымындағы қалалардың байланысын дамытып қана қоймай, серіктестік қарым-қатынас орнатуға мүмкіндік жасайды.
2000 жылы бауырлас қалалар қауымдастығы 160-тан астам мемлекеттің 3500-ден аса қаласын біріктірді.
Қазақстан Елордасы - Астанамен әлемнің 12 қаласы бауырласқан, олардың арасында - Берлин, Мәскеу, Киев, Қазан, Тбилиси, Сеул, Пенсильвания штатындағы Питсбург, Италияның Мантуя сияқты қалалар бар.
ОҚИҒАЛАР
5 жыл бұрын (2005) Алматыда Сырым Бөкейхановтың қазақ және орыс тіліндегі «Өткенді ұмытуға болмайды» («Нельзя о прошлом позабыть») деген кітабының тұсау кесер рәсімі өтті. Ол кітапта қазақтың көрнекті қайраткерлері Әлихан Бөкейханов, Ысмағұл Сәдуақасов, Шәкәрім Құдайбердіұлы, Елизавета Бөкейханова-Сәдуақасова және олардың ұрпақтары туралы айтылған. Қосымша мәліметтер Мәскеуден және Санкт-Петербордан алынған, Шәкәрім Құдайбердіұлы туралы ақпарат кеңейтілген, Қасенхан Алтынбеков туралы жаңа тарау пайда болды.
3 жыл бұрын (2007) Қазақстанда ең алғашқы «Сentras Private Equite Fund» халықаралық тікелей инвестициялық қор ашылды.
Бұл қордың басты инвесторы Еуропалық қайта құру және даму банкі.
Қордың негізгі инвестициялары бастапқы кездегі немесе бизнестің даму кезеңінде тұрған шағын және орта бизнес компанияларын дамытуға бағытталады. Қордың мақсатты секторлары болып банктік емес қаржылық қызмет, азық-түлік, бөлшек сауда, телекоммуникацияның баламалы қаражаты, құрылыс материалдары өндірісі табылады.
Қордың негізін қалаушы және инвестициялық менеджері «Ceнтрас Cекьюритиз» АҚ-ы.
3 жыл бұрын (2007) Қаныш Сәтпаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетінде Мұнай мен газ институтының жанындағы Геологиялық ғылымдарды зерттеу орталығы ашылды.
Орталық заманауи құрылғылармен жабдықталған.
1 жыл бұрын (2009) Алматыдағы қалалық әкімшілігі ғимаратының алдында Сакура аллеясының салтанатты ашылу рәсімі болды.
2008 жылдың маусымында Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Жапонияға ресми сапармен барған кезінде Сакура көшеттерін Қазақстан халқына сыйға тартқан болатын. Хоккайдо аралынан сакураның 9 түрі алынған, ондағы климат Алматының табиғатына ұқсас.
ЕСІМДЕР
120 жыл бұрын (1890-1918) Жетісудағы 1916 жылғы қазақ халқының ұлт-азаттық көтерілісін ұйымдастырушылардың бірі БОКИН Тоқаш дүниеге келді.
Верный уезі (Алматы) Мойынқұм болысының Қарасу ауылында туған. 1898-1906 жылдары Верный қаласындағы ер балалар гимназиясында білім алған.
1914 жылға дейін Верный уезінің сот органдарымен қоныс аудару басқармасында тілмәш болған. 1914-1916 жылдары Санкт-Петербор қаласында сот палатасында жұмыс істеген. 1916 жылы елге оралған Бокин қазақ халқының ұлт-азаттық көтерілісінің Жетісу ошағы жетекшілерінің бірі болды.
Ол 1918 жылы 2-13 қаңтар аралығында Верный қаласында өткен Кеңес үкіметін орнатуды жақтаған Жетісу облысы шаруалар депутаттарының 2-съезіне қатысып, одан соң Жетісу соғыс-революция комитетінің мүшелігіне сайланды. Большевиктік өкіметтің жергілікті жүйесін құру ісіне қатысып, жергілікті әскери бөлімдерін жасақтап, оларды 1918 жылдың көктем және жаз айларында азық-түлікпен қамтамасыз етуге күш жұмсады.
115 жыл бұрын (1895-1937) көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері НҰРМАҚОВ Нығмет дүниеге келді.
Қарағанды облысында туған. Бастапқыда ауылда ашылған орыс мектебінде білім алып, кейін Қарқаралыдағы екі сыныптық орыс-қазақ училищесін бітірген.
Омбы семинариясында оқып жүріп, сондағы білім алушы жастар Сәкен Сейфуллин, Мағжан Жұмабаев, Әбілхайыр Досовтармен бірге «Бірлік» атты мәдени-ағарту ұйымын құрған. Ұйым мүшелері Ресей үкіметінің қазақ даласында жүргізіп отырған отаршылдық саясатына қарсы үгіт-насихат жұмыстарын жүргізумен қатар, Омбы тұрғындарын қазақ халқының мәдениетімен таныстыру мақсатында әр түрлі кештер өткізіп тұрды.
1915 жылы Н.Нұрмақов Қарқаралыдағы өзі оқыған орыс-қазақ училищесіне оқытушы болып қызметке орналасты. 1917 жылы күзде «Дала одағы» ұйымын құрды. Ұйым патшаның қазақтарды қара жұмысқа алу туралы жарлығына қарсы үгіт жұмыстарын жүргізді. Көп кешікпей Колчак үкіметінің орнауына орай кеңес таратылып, ол бір топ жолдасымен тұтқынға алынды. 18 ай түрмеде отырып, талай қиындықты басынан өткерген ол 1919 жылы желтоқсанда босап шықты.
1920 жылдан бастап Қарқаралыда, сонан соң Семейде уездік, губерниялық атқару комитеттерінде бірқатар жауапты қызметтерде істеп, «Қазақ тілі» газетінің, «Қызыл Қазақстан» журналының редакторы болды. 1922 жылы Орынборға ауысып, Қазақ өлкелік партия комитетінің бөлім меңгерушісінің орынбасары қызметін атқарды. Сол жылы қазан айында өткен Бүкілқазақтық кеңестердің 3-ші съезінде Қазақ атқару комитеті төралқасының құрамына сайланған оған Жоғары революциялық трибуналды басқару жүктелді. Қазақ трибуналы 1923 жылы ақпанның 19-ында РКФСР Жоғарғы сотының қазақ бөлімі болып құрылған тұста төрағалыққа тағы да Н.Нұрмақов бекітілді. Ал 1923 жылдың мамырында оған Әділет комиссары міндеті жүктелді және сол жылдың күзіне дейін Сот төрағасы қызметін қоса атқарды.
Ол әділет комиссары ретінде прокуратура және сот құрылысы ережелерін енгізді. Прокуратура және сот қызметкерлерінің білімін арттыру, білікті жаңа кадрларды қалыптастыру, оларды қызметке тұрақтандыру, жалақыларын өсіру, тұрмыстық жағдайларын жақсарту мәселелерін шешуде де оның табандылығының арқасында біраз жұмыстар атқарылды. Н.Нұрмақовтың басшылығымен сот-тергеу органдарында қазақ тілінде іс жүргізу қысқа мерзім ішінде жүзеге асырылды. Сот қызметкерлерінің барлық санының 60 пайызға жуығын қазақтар құрады.
1924 жылдан өлкелік партия комитеті үгіт-насихат бөлімінің меңгерушісі, Халық комиссарлар кеңесінің төрағасы қызметтерін атқарды. Сол жылдардағы өмірге жолдама алған мемлекеттік маңызды құжаттардың бәрінде Н.Нұрмақовтың қолы тұрды. Бұл жылдарда Қазақстанның халық шаруашылығы құлаш жайып, Екібастұз, Қарағанды, Ембі, Балқаш өндіріс орындары елге таныла бастады. Оның Қазақстан үкіметінің басшысы ретінде республиканың аумақтық тұтастығы, өнеркәсіп құрылысы, қазақтарды жерге орналастыру мәселесі, құрғақшылық зардаптарына қарсы күрес, оқу-ағарту және мәдени даму, қазақтарды басқару ісіне тарту, ауыл шаруашылығын қалпына келтіру, т.б. салаларда атқарған қызметтері еліміздің өсіп-өркендеуіне, нығаюына белгілі әсерін тигізді. 1924 жылы Қазақ АКСР-і астанасын Орынбордан Қызылордаға, ал 1929 жылы Алматыға көшіру туралы шешімдерді қабылдауға тікелей қатынасып, ұйымдастыру жұмыстарын басқарды. Ол еліміздің тұңғыш конституциясы жобасын әзірлеу комиссиясының мүшесі, қазақ әліпбиін құрастыру комиссиясының төрағасы болды. Алғашқы қазақ драма театрын ашуға үлкен еңбек сіңірді.
Н.Нұрмақов Ф.Голощекиннің қазақ даласында «Кіші Қазан төңкерісін» жасау керек деген арандатушылық пікіріне және халық малын тәркілеуге бағытталған шараларына үзілді-кесілді қарсы болып, оған ашық қарсы шықты. Ф.Голощекинмен арадағы пікір қайшылығы оның үкімет басшысы қызметінен босап, Мәскеудегі БК(б)П ОК жанындағы Жоғары партия мектебіне оқуға жіберілуімен аяқталды. Мәскеуде ол Бүкілодақтық атқару комитеті хатшысының орынбасары және аз ұлттар бөлімінің меңгерушісі болды. Сібір, Повольженің аз халықтар тұратын аудандарын аралап, қызмет жасады.
Көрнекті қоғам қайраткері 1937 жылдың қуғын-сүргініне алғашқылардың бірі болып ілінді. Кейін Алматыда, Қарағандыда Н.Нұрмақовтан «тапсырма» алып отырған О.Исаев, А.Асылбековтардың ұйымдары табылды деген жаламен тұтқынға алынды. Мәскеу мұрағатының анықтамасына қарағанда Н.Нұрмақов 1937 жылы маусымның 3-інде Мәскеудегі пәтерінде тұтқындалып, қыркүйектің 27-інде «айыбын мойнына алып», «үштіктің» үкімімен 15 минутта тағдыры шешіліп, 42 жасында атылған. Қоғам қайраткері 1958 жылы тамыздың 11-інде КСРО Жоғарғы соты әскери алқасының шешімімен ақталды.
1928 жылы оның саяси-әлеуметтік тақырыптарға арналған мақалалар жинағы «Строительство Казахстана» деген атпен және 1934 жылы Мәскеуде «Состояние и задачи работы среди национальных меньшинств РСФСР» деп аталатын еңбектері жарық көрген.
Алматы, Қызылорда, Қарағанды, Қарқаралы қалаларындағы көшелерге, Қарағанды қаласындағы 2-ші мектеп-интернатқа Н.Нұрмақов есімі берілген. Алматыда тұрған үйіне ескерткіш тақта, туған ауылында ескерткіш орнатылған.