ҚазАқпарат-Анонс: тамыздың 17-сі мен 23-і аралығындағы оқиғалардың күнтізбесі

ҚазАқпарат-Анонс: тамыздың 17-сі мен 23-і аралығындағы оқиғалардың күнтізбесі

ҮКІМЕТ

Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігі «Электрондық Үкімет» (www.e.gov.kz )  порталында тамыздың 15-і мен 25-і аралығында Мемлекет Басшысының «Дағдарыстан жаңару мен дамуға» атты Қазақстан халқына Жолдауын түсіндіру және жүзеге асыру аясында елдің әлеуметтік-экономикалық дамуының І жартыжылдығы бойынша қорытындылары мен 2009-2011 жылдарға арналған Қазақстан Республикасындағы рұқсат беру жүйесін жетілдіру, сондай-ақ Мемлекет басшысының «Нұр Отан» ХДП кезектен тыс съезінде атап өткен негізгі 7 бағыт бойынша инвестициялық жобаларды іске асыру барысы жөнінде Интернет-конференция өткізеді.

Тамыздың  17-сінде Үкіметтің селекторлық кеңесі   өтеді.

Тамыздың 17-сінде   Ішкі істер министрлігінде  апталық брифинг  өтеді.

Тамыздың  19-ында   6  айдың  қорытындысы  бойынша  Үкімет  мәжілісі  өтеді.

ҚАЗАҚСТАН ЖӘНЕ ӘЛЕМ

Мәскеу түбіндегі Жуковскінің М.Громов атындағы ұшқыштар институтының жазғы алаңында тамыздың 18-і мен 23-і аралығында «MAKС-2009» Халықаралық авиациялық-ғарыш салоны өтеді.

БАСҚА МЕМЛЕКЕТТІК ҚҰРЫЛЫМДАР

Шілде айынан бастап қыркүйек айына дейін Кедендік бақылау комитетінің басшылары азаматтарды қабылдайды. Комитет төрағасы Козы-Көрпеш Кәрібозов азаматтарды - шілденің 11-і, тамыздың 14-і, қыркүйектің 11-і күндері қабылдайды. Азаматтар сондай-ақ, өз мәселелерімен комитет төрағасының орынбасарларына да кіре алады. Төраға орынбасары Сержан Дүйсебаев - шілденің 16-сында, тамыздың 13-інде, қыркүйектің 17-сінде қабылдаса, Жарқынбек Оспанов - шілденің 15-інде, тамыздың 12-сінде, қыркүйектің 9-ында, ал Игорь Тен - шілденің 6-сында, тамыздың 10-ында, қыркүйектің 14-інде қабылдайды. Қабылдау уақыты - сағат 16.30-18.30-дың аралығында. Мына телефон арқылы қабылдауға жазылуға болады: (8-7172) 79-45-79.

ҚОҒАМ

Тамыздың 1-інен бастап  жолаушылар пойыздарының  плацкарт  вагондарының  билет  құнына  төсек  жабдықтарының    құны қосылады. Жолаушылар төсек  жабдықтарын    бұдан былай билет кассасында     жол құжатын   ресімдеу кезінде    сатып ала алады. Оған қоса,       қыркүйектің 15-іне  дейін  плацкарт  вагондарда  ВУ-9  түбіртектері  бойынша   төсек жаймаларының уақытша сатылымы    рұқсат етіліп отыр.     Бірақ    қыркүйектің  15-інен бастап     вагондарда төсек жабдықтарын сатуға  тыйым салынады.  Жолаушы   төсектің  құнын   билет кассасында төлеуден бас тартса,  оны вагонда    сатып  ала алмайды.

Тамыздың  17-19-ы аралығында   Мәжіліс спикері Орал  Мұхамеджанов    Қостанай  облысының    Жангелдин және  Амангелді аудандарын,  Арқалық қаласын аралайды.

Тамыздың 11-і мен  қыркүйектің 30-ында   БҰҰ-ның  Нью-Йорктегі   штаб-пәтерінде  «Ядролық қаруға  жол жоқ»  қазақстан-жапон көрмесі өтеді.

АСТАНА

Тамыздың 17-сінде  ҚР Тұңғыш  Президентінің    Интеллектуалдық мектебінде  орта  мектеп  мұғалімдерінің  «Сыныпты басқару»  бағдарламасының  түлектеріне арналған  конференциясы   болады.

Тамыздың 17-сінде   «Нұр Отан»  партиясы  орталық  аппаратының  кеңсесінде Шекарашы күніне арналған   ҰҚК  Шекара  қызметі  ансамблінің концерті  болады.

Тамыздың  17-сінде   елорданың  Пригородный кентіндегі балабақша-мектебінде  «Балаларды  мектепке дайындайық!»  атты  қайырымдылық   шарасы  болады.

АЛМАТЫ

Тамыздың 5-і мен қыркүйектің 5-і аралығында  Алматыда қоршаған ортаның  сапасын жақсарту   мақсатында «Таза ауа» айлығы өткізіледі.     Айлық аясында  қалаға кіре беріс жолдар мен көлік  магистралдарында автокөліктерден шығатын түтін  мен улы газдардың  нормасына, атмосфералық  ауаны ластаушы  бірқатар  кәсіпорындардың  табиғатты қорғау  қызметіне, жанармай  құю  стансаларында  сатылатын  көлік  жанармайларының  сапасына мониторинг  жасау көзделген.

Тамыздың 22-24-інде  «Атакент» көрме  орталығында  тері  өнімдерінің  «LESHOW-2009»   халықаралық   көрмесі  өтеді

АТАУЛЫ  КҮНДЕР.  ЕЛЕУЛІ ОҚИҒАЛАР

ТАМЫЗДЫҢ 17-СІ, ДҮЙСЕНБІ

Индонезия Республикасының Ұлттық мейрамы - Тәуелсіздігін жариялаған күні (1945). Индонезия - Оңтүстік-Шығыс Азияда Малайя архипелагының үлкен бөлігін алып жатқан мемлекет. Ел аумағы 17 508 аралдан тұрады. Халқының саны жағынан дүние жүзінде  төртінші орында. Әкімшілік жағынан 27 провинцияға бөлінеді. Астанасы - Джакарта қаласы. Мемлекеттік тілі - индонезия тілі, сонымен қатар 300-ге жуық тіл мен диалект қолданылады. Ақша бірлігі - рупи. Мемлекет басшысы - Президент. Ол Министрлер Кабинетін басқарады және Қарулы Күштердің бас қолбасшысы болып табылады. Жоғарғы заң шығарушы органы - Халықтық консультативтік конгресс.

Қазақстан Республикасы мен Индонезия арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас 1993 жылғы маусымның 2-інде орнатылды.

Габон Республикасының Тәуелсіздік күні (1960). Габон - Орталық Африканың батысында орналасқан мемлекет. Солтүстік-батысында Экваторлық Гвинеямен, солтүстігінде Камерунмен, шығысында және оңтүстігінде Конго Республикасымен, батысында Атлант мұхитымен шектеседі. Астанасы - Либревиль қаласы. Мемлекеттік тілі - француз тілі. Ақша бірлігі - франк. Бүгінгі таңда Габон табиғи бай ресурсының және шетел инвестициясының арқасында Африка елдерінің алдыңғы қатарында.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

75 жыл бұрын (1934) Бүкілодақтық кеңес жазушыларының I съезі өтті. Делегаттар алдында сөз сөйлеген БКП (б) ОК хатшысы А.Жданов «Кеңестік әдебиет - әлемдегі ең идеялы, ең озық әдебиет» деп атап өтті.

1935 жылдан бастап осы съезге қатысқан Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров, Исаак Бабель, Давид Бергельсон, Николай Бухарин, Артем Веселый, Лев Выготский, Иван Катаев, Владимир Киршон, Михаил Кольцов, Борис Корнилов, Г.Лелевич, Карел Радек, Тициан Табидзе, Фефер, Егише Чаренц, Бруно Ясенский, Паоло Яшвили сынды қаламгерлер саяси қуғын-сүргінге ұшырады.

3 жыл бұрын (2006) Қазақстан Республикасының аумағында «Дүние жүзіндегі діндер», «Діни ғимараттар» атты екі пошта маркасы айналымға енгізілді.

3 жыл бұрын (2006) Қазақстан Республикасы Президенті Н.Назарбаев «Алматы қаласының мамандандырылған қаржылық сотын құру туралы» Жарлыққа қол қойды.

ЕСІМДЕР

85 жыл бұрын(1924) филология ғылымының докторы, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым қайраткері, Қазақстан Ұлттық ғылым академиясының академигі СЫЗДЫҚОВА Рабиға Ғалиқызы дүниеге келді.

Ақтөбе облысының Ойыл ауданында туған. Ақтөбе мұғалімдер институтын, Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтын және аспирантурасын бітірген. 1951-1957 жылдары - Қазақ мемлекеттік көркем әдебиет баспасының аға редакторы, редакция меңгерушісі. 1957-1961 жылдары - Қазақ КСР Ғылым академиясы Тіл білімі институтының кіші ғылыми қызметкері. 1961-1981 жылдары Қазақ КСР Ғылым академиясы Тіл білімі институтының аға ғылыми қызметкері, тіл мәдениеті бөлімінің меңгерушісі қызметтерін атқарған. 1981 жылдан Қазақстан Ғылым академиясы Тіл және әдебиет институтының бас ғылыми қызметкері, мәдениет және қазақ тілдері бөлімінің меңгерушісі қызметтерін атқарды.

Ғалымның негізгі ғылыми еңбектері қазақ тілі тарихы мен грамматикасы, тіл мәдениеті мәселелеріне арналған. Қазақ жазба әдебиетінің негізін салуда Абай Құнанбаев шығармаларының зор маңыз атқарғанын дәлелдеді. «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі», «Қазақ тілінің орфографиялық сөздігі», «Абай тілінің сөздігі», тағы басқа еңбектерді жазуға қатысты. 15-19 ғасырлардағы қазақ әдеби тілінің тарихын, Қ.Жалайырдың «Жами-ат-тауарих» атты шежіресінің тілін, қазақ тіл мәдениетінің мәселелерін зерттеді. Оның «Абай шығармаларының тілі», «Абай өлеңдерінің синтаксистік құрылысы», «Сөздер сөйлейді», «Сөз сазы», «Қазақ тілі әдістерінің негізгі мәселелері», тағы басқа еңбектері жарық көрді. Р.Сыздықованың 130-дан астам ғылыми еңбегі, оның ішінде 9 монографиясы, оқулығы, оқу құралы бар. Есімі Қазақстан Республикасының Алтын кітабына енгізілген. 

«Парасат», «Құрмет белгісі» ордендерімен, медалдармен марапатталған.

ТАМЫЗДЫҢ 18-І, СЕЙСЕНБІ

Қазақстан Республикасы Шекара әскерінің құрылған күні. 1992 жылғы тамыздың 18-індегі Қазақстан Республикасы Президенті Жарлығына сәйкес Шығыс шекара округі негізінде Қазақстан Республикасы Шекара әскері құрылды.

Рига қаласының күні. Рига қаласының ірге тасы 1201 жылы қаланған деп саналады. Бірақ, археологиялқ мәліметтерге қарағанда XII ғасырдың бірінші жартысында бұл жерде елді мекен болған. Көпшілік лингвистердің пікірінше қала атауы көне балтық Ring (өзеннің бұрылған жері) сөзінен шыққан. Қаланың негізін қалаған тарихи тұлға туралы ғалымдар арасында қарама-қайшылық бар. Дегенмен Бертольд, Мейнхард және Альберт фон Аппельдерн атты үш эпископтың аты жиі аталады. Ал осылардың соңғысы ресми түрде Рига қаласының негізін қалаушы деп танылған.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

17 жыл бұрын (1992) Қазақстан Республикасы Президенті Н.Назарбаевтың «Қазақстан Республикасының шекара әскерлері туралы» Жарлығы шықты.

17 жыл бұрын (1992)  Бельгия Корольдігі мен Қазақстан Республикасы арасында дипломатиялық қарым-қатынас орнатылды.

16 жыл бұрын (1993) Швейцарияның Локарно қаласында өткен кинофорумда Ермек Шынарбаевтың «Сұрғылт үш бұрышты орын» фильмі «Алтын қабылан» жүлдесін жеңіп алды.

15 жыл бұрын (1994) Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетінің қаулысына сәйкес Көкшетау ауыл шаруашылығы институтына Смағұл Сәдуақасов есімі берілді.

5 жыл бұрын (2004) «Қазпошта» АҚ-ы қоғамынң 10 жылдық мерейтойына орай Қазақстан аумағында пошталық төлемнің жаңа мемлекеттік белгісін айналымға енгізді.

95 жыл бұрын (1914) Ресей императоры II Жарлығымен Санкт-Петербор қаласының атауы Петроград болып өзгерді.

ЕСІМДЕР

100 жыл бұрын (1809-1984) ауыл шаруашылығы ғылымының докторы, профессор, Қазақстан Ғылым академиясының академигі, Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым қайраткері, Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты БОРОВСКИЙ Владимир Михайлович дүниеге келді.

Ресейдің Санкт-Петербор қаласында туған. Ленинград (Қазіргі Санкт-Петербор) университетін бітірген. КСРО Ғылым академиясы ұйымдастырған Орал облысындағы Жәнібек орман-топырақ зерттеу стационарын құруға қатысып, бірнеше жыл басшылық жасаған. 1940-1945 жылдары - Қызылорда су шаруашылығы бөлімінің аға инженері. 1945-1951 жылдары - Қызылорда облыстық топырақтану-мелиорация станциясының директоры. 1951-1954 жылдары - «Қазгипросуэлектр» институтының бөлім бастығы. 1954-1956 жылдары - Қазақ мемлекеттік университетінің доценті. 1956-1984 жылдары Қазақстан Топырақтану институтының бөлім меңгерушісі, директорының орынбасары, директоры қызметтерін атқарған.

Негізгі ғылыми еңбектері Қазақстанда топырақты мелиорациялау, суармалы егіншілік, топырақтану, экология, топырақты игеру мәселелеріне арналған. Ұзақ жылдар бойы жүргізілген кең ауқымды зерттеулеріне сүйене отырып, Сырдария, Іле, Шу, Жайық, Талас өзендерінің төменгі ағысындағы жерлерді игеру жобасын жасады.

Екі рет «Еңбек Қызыл Ту», «Халықтар достығы» ордендерімен, медальдармен марапатталған.

55 жыл бұрын (1954) техника ғылымының кандидаты ЕСЕНБЕРЛИН Қозыкөрпеш Ілиясұлы дүниеге келді.

Алматы қаласында туған. Қазақ политехникалық институтын бітірген. Қазақ политехникалық институтының инженері, Республикалық студенттік құрылыс отряды штабының сектор меңгерушісі, Республикалық тас өңдеу комбинатының аға шебері, цех бастығы. 1989-1992 жылдары - «Геожүйе» ғылыми-өндірістік бірлестігінің бас директоры. 1992-1994 жылдары - «Әлемсистем» қаржы-инвестициялық корпорациясының вице-президенті, Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің штаттан тыс кеңесшісі. 1994-1995 жылдары - «Азия-лизинг» акционерлік қоғамының президенті, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік мүлік комитеті жанындағы Лизинг жөніндегі департаменттің директоры. 1995 жылдан - «Азия-Лизинг» АҚ-ның президенті, І.Есенберлин атындағы қоғамдық қордың президенті. 2001 жылдан - «Кочевники» баспа үйінің президенті.

«Өмір туралы сұхбат» атты кітап авторларының бірі.

45 жыл бұрын (1964) халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Қазақстанның бірнеше дүркін жеңімпазы, КСРО чемпионы СОН Эдуард Васильевич дүниеге келді.

Қарағанды қаласында туған. Қарағандының «Шахтер» мектебінен тәлім алған. Футболшы Алматының «Қайрат», Қарағандының «Шахтер» құрамаларының сапында шабуылшы болып ойнаған. КСРО біріншілігінің 121 ойынына қатысып, 29 доп, Еуропа кубогының 9 матчына қатысып, 3 доп соққан. 1989 жылы КСРО кубогына ие болып, КСРО біріншілігінің жеңімпазы атанған.

ТАМЫЗДЫҢ 19-Ы, СӘРСЕНБІ

Ауғанстанның Ұлттық мейрамы - Тәуелсіздік күні (1919). Ауғанстан - Азияның оңтүстік-батысында орналасқан мемлекет. Солтүстігінде Түрікменстан, Өзбекстан, Тәжікстанмен, шығысында Қытай, Үндістанмен, шығысында және оңтүстігінде Пәкістанмен, батысында Иранмен шектеседі. Астанасы - Кабул қаласы. Мемлекеттік тілі - пушту, дари тілдері. Ақша бірлігі - афгани.

Қазақстан мен Ауғанстан мемлекеті арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас 1992 жылғы ақпанның 12-інде орнатылды.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

17 жыл бұрын (1992) Қазақстан Республикасы Бүкіләлемдік денсаулық сақтау ұйымына 180-ші мемлекет болып кірді.

11 жыл бұрын (1998) Алматыда композитор, Қазақстанның халық әртісі Шәмші Қалдаяқов тұрған үйге ескерткіш тақта орнатылды.

5 жыл бұрын (2004) Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары «Туған жер» республикалық қоғамдық бірлестігін құрды. Мақсаты - ауыл экологиясының мәселесін шешу, қазіргі ауылдық инфрақұрылым құру.

170 жыл бұрын (1839) Пулков расытханасы (Санкт-Петербор қаласында) ашылды.

65 жыл бұрын (1944) Париж көтерілісі басталды. Көтеріліске шыққан париждіктер американ әскерлерінің шеруінен қаланы босатып, бөлінуден сақтап қалды.

ЕСІМДЕР

60 жыл бұрын (1949) «Бекарыс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры, ауыл шаруашылығы ғылымының кандидаты, доцент ЗЕЙНУЛЛИН Аманжол дүниеге келді.

Атырау облысында туған. Батыс Қазақстан ауыл шаруашылығы институтын бітірген. Әр түрлі ауыл шаруашылығы және өнеркәсіп орындарында жауапты қызметтер атқарған. 1992-1994 жылдары Батыс Қазақстан ауыл шаруашылығы институтында сабақ берген.

Ол Батыс Қазақстан облысының саяси-әлеуметтік өміріне белсене араласып, «Қазақ тілі» қоғамының, «Азат» қозғалысының  жергілікті бөлімшелерін ұйымдастыруға жетекшілік жасаған. 1997 жылы «Еділ-Жайық қазақтары қауымдастығын» құрып, орыс-қазақ тілдерінде «Еділ-Жайық» газетін шығарған. Оның 20-дан астам ғылыми-танымдық еңбегі жарияланып, мал тұқымын асылдандыруға байланысты зерттеу жұмыстарына 2 авторлық куәлік берілген.

45 жыл бұрын (1964) Қазақстан Республикасы Энергетика және минералдық ресурстар министрлігінің жауапты хатшысы БАТАЛОВ Асқар Болатұлы дүниеге келді.

Алматы қаласында туған. Алматы сәулет-құрылыс институтын, Мәскеу менеджмент академиясын бітірген. 1994-1997 жылдары - «Райымбек» фирмасының вице-президенті. 1997-1998 жылдары - Қазақстан Республикасы Инвестиция жөніндегі мемлекеттік комитетінің бас менеджері. 1998-2005 жылдары - «Қазинвест» қазақстандық инвестицияға жәрдемдесу орталығы»  республикалық мемлекеттік кәсіпорнының директоры, «Қазинвест» жабық акционерлік қоғамының президенті. 2005 жылы мамырда Қазақстан Республикасы Индустрия және сауда вице-министрі болып тағайындалған. Қазіргі қызметінде 2007 жылдан бастап істейді.

«Құрмет» орденімен, медальдармен марапатталған.

ТАМЫЗДЫҢ 20-СЫ, БЕЙСЕНБІ

Венгрия Республикасының Ұлттық мейрамы - Венгер мемлекетінің негізін қалаушы әулие Иштван күні. Қазақстан Республикасы мен Венгрия арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас 1992 жылғы наурыздың 24-інде орнатылды. Қазақстан Республикасының Венгриядағы Төтенше және Өкілетті Елшісі - Ибраев Рашид Тұрарұлы. Венгрия Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі - Янош Немет.

Эстонияның тәуелсіздігін қалпына келтіру күні. 1991 жылы тамыздың 20-ында Эстон КСР Жоғары Кеңесі КСРО құрамынан тыс, ұлттық тәуелсіз Эстон мемлекетін құру туралы қарар қабылдады.

Ресейдің Әуе флоты күні (Авиация күні). 1992 жылы қыркүйекте бекітілген. Бұған дейін КСРО Әуе флоты күні деп аталған болатын.

Тайванда махаббат күні.

Алжирде күрескер күні атап өтіледі. 1955 жылы тамыздың 20-ында Алжирде ұлт бостандығы үшін қарулы көтеріліс басталды.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

15 жыл бұрын (1999) Астанада «Қазақтардың тарихи-көркем мұрасы» атты бірінші ұлттық мультимедиялық оқыту бағдарламасының тұсаукесер рәсімі өтті. Окулықтың компьютерлік үлгісі белгілі ғалым Е.Арынның бастамасымен жүзеге асты.

13 жыл бұрын (1996) Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы екіге бөлініп, Ш.Айманов атындағы Қазақ кинофабрикасы және Қазақстан Республикасы Ұлттық продюсерлік орталығы құрылды.

6 жыл бұрын (2003) Елбасы Н.Назарбаевтың қолдауымен «Ақ жауын» Мемлекеттік камералық оркестрі құрылды. Шығармашылық ұжымның алғашқы концерті 2004 жылғы наурыздың 21-інде Конгресс-холл сахнасында өтті. Оркестрдің көркемдік жетекшісі және бас дирижері - Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі, Қазақстан Жастар одағы сыйлығының лауреаты, танымал композитор Секен Тұрысбеков. Оркестр дирижері - Қазақ КСР-інің халық әртісі, Халық қаһарманы, дирижер-композитор Нұрғиса Тілендиевтің шәкірті, доцент Қарасай Сайжанов. Оркестр «Шабыт» халықаралық жастар шығармашылық фестивалінің, «Дарын» сыйлығының және «Жігер» фестивалінің лауреаты болған.

70 жыл бұрын (1939) В.Жуков басқарған кеңес әскері Халқын-көл маңында жапон агрессорларына күйрете соққы берді. Қыркүйектің ортасында Моңғолия аймағы жапондықтардан толық тазартылды.

45 жыл бұрын (1964) ИНТЕЛСАТ атты спутниктік байланыс жөніндегі халықаралық ұйым құрылды. Ұйымның шығу тарихына келер болсақ, 1962 жылы АҚШ конгресі мемлекеттік және жеке компаниялардың және басқа да мемлекеттердің телекоммуникация саласының қажеттілігін қанағаттандыратын, сонымен қатар басқа мемлекеттермен ынтымақтаса отырып, спутниктік байланыстың коммерциялық жүйесін құру мақсатында Спутниктік байланыс туралы Заң қабылдады. Осыған орай 1964 жылы тамыздың 20-ында 11 елдің өкілі бүкіләлемдік спутниктік байланыстың коммерциялық жүйесін құру бойынша уақытша іс-шаралар туралы келісімге қол қойды.

ЕСІМДЕР

75 жыл бұрын (1934-2002) КСРО және Қазақ КСР халық ағарту ісінің үздігі ӘБДРАХИМОВА Дина Ерғазықызы дүниеге келді.

Алматы қаласында туған. Қазақ мемлекеттік университетін бітірген. Қарағанды облыстық партия комитетінің нұсқаушысы, бөлім меңгерушісі, хатшысы қызметтерін атқарған. 1985-1990 жылдары - Қазақ КСР Әлеуметтік қамтамасыз ету министрі. 1990-1993 жылдары - Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесі Ардагерлер, мүгедектер, әскери қызметкерлер ісі жөніндегі комитеті төрағасының орынбасары, Халықтың денсаулығын сақтау және оны әлеуметтік қорғау комитетінің мүшесі.  1995-2002 жылдары Халел Досмұхамедов атындағы қордың президенті болып істеген.

«Еңбек Қызыл Ту», «Құрмет белгісі», ордендерімен, медальдармен, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен марапатталған.

75 жыл бұрын (1934) шығыс жекпе-жегінің шебері, Қазақстан Республикасының ушу-саньдадан еңбек сіңірген жаттықтырушысы РУБЦОВ Михаил Иванович дүниеге келді.

Қытай елінде туған. 70-ші жылдардың басында Қазақстанға көшіп келіп, аты-жөнін өзгертіп, шығыс жекпе-жегінің түрлері каратэ, ушуды дамытуға зор үлес қосқан. 1979 жылы Қазақстан Республикасының каратэден ресми түрде аға жаттықтырушысы болған. М.Рубцов Қазақстан Республикасы Муайтай федерациясының вице-президенті, Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы, Халықаралық турнирлер мен КСРО кубогының жүлдегері, Қазақстанның ушу-саньдадан бірнеше дүркін чемпионы, Азия, және Еуропа біріншіліктерінің жеңімпазы, Әлем чемпионы, Ушу-саньдадан Азиялық кәсіби лигада екі рет чемпиондық белбеуді жеңіп алған, халықаралық дәрежедегі спорт шебері Аманқұлов Фархатты дайындаған. Сондай-ақ тәрбиеленушілер қатарында Қазақстан Республикасы Муайтай федерациясының президенті, Қазақстан Республикасы Ұлттық олимпиадалық комитетінің вице-президенті, Халықаралық Муайтай федерациясының вице-президенті, Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов, ағайынды Аманқұловтар, Даулет Бейсенов, Саттар Байсейітов, Нұрзат Ордабаев, Асқар Дүсенов, тағы басқалар бар.

65 жыл бұрын (1944) І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің ректоры, физика-математика ғылымдарының кандидаты, педагогика ғылымының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Жоғары мектеп ғылым академиясының корреспондент мүшесі, Қазақстан Республикасы Әлеуметтік ғылымдар академиясының академигі, Халықаралық жоғары мектеп ғылым академиясының академигі МЕДЕУОВ Есенгелді Өміржанұлы дүниеге келді.

Алматы облысында туған. Қазақ мемлекеттік университетін бітірген. Қазақ политехникалық институтының ассистенті, Қазақстан Ғылым академиясы Математика және механика институтының кіші ғылыми қызметкері болған. 1984-1989 жылдары - Қазақ политехникалық институтының доценті, физика-математика факультетінің деканы, партия комитетінің хатшысы. 1990-1991 жылдары - Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің нұсқаушысы. 1991-1993 жылдары - Қазақстан Республикасы Президенті және Министрлер Кабинеті Аппаратының аға рефереті, сектор меңгерушісі. 1993-1996 жылдары - Қазақстан Республикасы Білім министрінің орынбасары. 1996-1998 жылдары - Оңтүстік Қазақстан гуманитарлық университетінің ректоры. 1998-2001 жылдары - М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің ректоры. Қазіргі қызметінде 2001 жылдан бастап істейді.

Ғалымның 100-ден астам ғылыми жарияланымы және «7 сыныпқа арналған алгебра» атты оқулығы бар.

«Құрмет» орденімен, медальмен марапатталған.

60 жыл бұрын (1949) суретші, Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі АМАНЖОЛОВ Мағауия дүниеге келді.

Қарағанды облысында туған. Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтын бітірген.  Қылқалам шеберінің «Қыстаудағы көктем», «Әкем екеуіміз», «Әке жолы», «Өткен күндер әуені», т.б. өнер туындылары бар.

50 жыл бұрын (1959) тарих ғылымының докторы, профессор АРТЫҚБАЕВ Жамбыл Омарұлы дүниеге келді.

Қарағанды облысында туған. Қарағанды мемлекеттік университетін бітірген. Қарағанды мемлекеттік университетінің оқытушысы, аға оқытушысы, доценті, профессоры, кафедра меңгерушісі, тарих факультетінің деканы, зертхана меңгерушісі қызметтерін атқарған. 2003 жылдан бастап Павлодар мемлекеттік университетінің археология, этнология және Қазақстан тарихы кафедрасының меңгерушісі болып істейді.

65 жыл бұрын (1944-1991) 1984-1989 жылдардағы Үндістанның Премьер-Министрі ГАНДИ Раджив дүниеге келді.

Бомбейде туған. Оның атасы Джавахарлал Неру 1947-1964 жылдары Үндістанның Премьер-Министрі болса, шешесі Индира Ганди де 1966-1977 және 1980-1984 жылдары осы лауазымды иеленген болатын. Р.Ганди Лондондағы Империал колледжде, Кембридж университетінің Тринити колледжінде білім алған. Үндістанға оралғаннан кейін «Индиан эйруэйз» компаниясында жұмыс істеген. Ал інісі Санджай Индира Гандидің басты саяси көмекшісі және Жастар конгресінің көшбасшысы болатын. Саясатқа араласуға ниеті жоқ Раджив інісі Санджай әуе апатынан қайтыс болғаннан кейін И.Гандидің өтінішімен араласып, бауырының парламенттегі және жастар конгресіндегі орнын басады. 1984 жылғы маусымдағы Амритсардағы әскери әрекеттер үшін сикхтер Индира Гандиді сол жылы қазанның 31-інде өлтіреді де Министрлер кабинеті Раджив Гандиді премьерлікке сайлайды. Бірнеше күннің ішінде индустар мыңдаған сикхті өлтіреді де Раджив тәртіпті қалпына келтіру үшін еріксіз әскер күшіне жүгінеді. Сол жылы жалпы сайлау өтіп, төменгі палатанының 80 пайызын иеленген Үндістан ұлттық конгресі жеңіске жетеді.

Р.Ганди Үндістанға келетін шет ел тауарларына көптеген шектеулерді алып тастап, 1986-1990 жылдары ел экономикасының өсуіне мүмкіндік берді. 1989 жылы қарашада өткен сайлауда депутаттық орнын сақтағанымен, парламенттегі одақтастарының азаюына байланысты Премьер-Министрліктен бас тартуға мәжбүр болды.

ТАМЫЗДЫҢ 21-І, ЖҰМА

Қасиетті Рамазан және мұсылмандардың бес парызының бірі - Оразаның басталу күні. 2009 жылғы тамыздың 21-і - 1430 хижра жылының 1-ші рамазаны.

Орыс актері, КСРО халық әртісі, РКФСР Мемлекеттік сыйлығының иегері, Социалистік Еңбек Ері Никулин Юрий Владимировичті (1921-1997) еске алу күні.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

18 жыл бұрын (1991) Елбасы Жарлығымен республикада Қазақ КСР Қауіпсіздік кеңесі құрылды. Кеңестің негізгі мақсаты еліміздің егемендігін, мемлекеттілігін, экономикалық және экологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету.

17 жыл бұрын (1992) Қазақстан Республикасы Халықаралық азаматтық авиация ұйымына кірді.

9 жыл бұрын (2000) Алматыда украин халқының ақыны Тарас Григорьевич Шевченконың (1814-1861) ескерткіші ашылды. Ескерткіш салмағы 12 тонна, биіктігі 3,5 метр. Авторы - украиндық мүсінші Виталий Рожик. Оңтүстік астанаға украин халқының сыйлығы Алматы әкімшілігі мен Украин елшілігінің бастамасымен жасалынды.

9 жыл бұрын (2000) Қостанай қаласындағы облыстық тарихи-өлкетану мұражайы күрделі жөндеуден кейін қайта ашылды.

8 жыл бұрын (2001) Қазақстан Республикасы Үкіметінің «Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі «Қызмет» республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорнын құру туралы» қаулысы жарық көрді.

5 жыл бұрын (2004) Ә.Қастеев мұражайында «ICOMOS Қазақстанда» атты жаңа қоғамдық ұйымның тұсаукесер рәсімі өтті. ICOMOS мақсаты - әлемдегі мәдени мұралардың сақталуына көмек көрсету. Әлемде 7 мыңға жуық жеке тұлға мен ұйым аталған ұйымның мүшесі. Олар өз қызметтерін 110 елде орналасқан ұлттық комитет желілері арқылы жүзеге асырады.

50 жыл бұрын (1959) Гавай аралдары АҚШ құрамына елдің 50-ші штаты болып қосылды.

ЕСІМДЕР

120 жыл бұрын (1889-1959) опера әншісі, Қазақстанның халық әртісі КАЗАКЕВИЧ Александр Пахомович дүниеге келді.

Ресейдің Витебск облысында туған. Санкт-Петербор университетінің физика-математика факультетін бітірген. Санкт-Петербор консерваториясының опера әншілері курсында оқыған. 1923-1924 жылдары - Мәскеудегі Зимин опера театрының әнші. 1925-1930 жылдары - Новосибирск, Пермь, Свердловск, Самара (Куйбышев) опера театрларының әншісі. 1931-1935 жылдары - Санкт-Петербор опера және балет театрының әншісі. 1935-1959 жылдары Алматыда Қазақ опера және балет театрының әншісі болды. Мұнда А.Зильбердің «Бекет» операсында Осиптің партиясын орындаған. Оның репертуарында: Борис (М.Мусогорский «Борис Годунов»), Кончак (А.Бородин «Князь Игорь»), Листницкий (И.Дзержинский «Тынық Дон»), тағы басқа партиялар болды.

45 жыл бұрын (1964) Қазақстан Республикасының Австрия Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі, Қазақстан Республикасының Вена қаласындағы халықаралық ұйымдар жанындағы Тұрақты өкілі ҚАЗЫХАНОВ Ержан Хозеұлы дүниеге келді.

Алматы қаласында туған. А.Жданов атындағы Ленинград мемлекеттік университетін, КСРО Сыртқы істер министрлігі жанындағы Дипломатиялық академияны және Үндістан халықаралық қатынастар институтын бітірген. Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің екінші, бірінші хатшысы, бөлім меңгерушісі, басқарма бастығының орынбасары қызметтерін атқарған. 1995-2000 жылдары - Қазақстанның БҰҰ-дағы өкілдігінің кеңесшісі. 2000-2003 жылдары - Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің департамент директоры.  2003 жылдан Қазақстанның БҰҰ-дағы Тұрақты өкілі, Қазақстан Республикасының Куба Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі, Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары, Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі қызметтерін атқарған. Қазіргі қызметінде 2008 жылдан бастап істейді.

2 медальмен марапатталған.

125 жыл бұрын (1884-1969) Венесуэланың бұрынғы президенті, жазушы ГАЛЬЕГОС Ромулодүниеге келді.

Ол Венесуэланың 38-ші президенті Висент Гомес тұсында сенатор болды, бірақ аз уақыттан кейін қызметтен бас тартып, Испанияға қоныс аударды. 1935 жылы отанына оралып, білім беру министрі болып сайланды. 1948 жылы ақпанда Ромуло Бетанкура тақтан тайғаннан кейін президент болды. Сол жылы қарашада қорғаныс министрі  Дельгадо Чальбо оны президенттіктен тайдырды.

Гальегостың «Вьюнок», «Донья Барбара», «Земля под ногами» атты романдары бар. «Донья Барбара» романы әлемнің көптеген тілдеріне аударылып, оқиға желісімен көркемфильм түсірілген. 1964 жылы Ромуло Гальегос халықаралық сыйлығы тағайындалды.

ТАМЫЗДЫҢ 22-СІ, СЕНБІ

Ресей Федерациясының Мемлекеттік туы күні. Қазіргі көк-ақ-қызыл жолақты Ресей туы 1994 жылғы тамыздың 22-сінде мемлекеттік нышанға айналған. Ол туралы Жарлыққа сол кездегі Ресей Президенті Борис Ельцин қол қойған. Алғаш рет бұл түстерді Ұлы Петр пайдаланған екен. Бұл алыс қашықтықтан көрінетін болғандықтан, белгі ретінде пайдаланылған. Кейіннен Бірінші Петр оны Әскери флот туы ретінде бекіткен. Содан соң ақ-көк-қызыл жолақты ту Ресей сауда флотының туы ретінде бекітіліп, сонымен бір мезгілде ол Ресей мемлекетінің нышанына айналды.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

100 жыл бұрын (1909) Уфа қаласында ақын Міржақып Дулатовтың «Оян, қазақ!» атты өлеңдер жинағы басылып шықты.

20 жыл бұрын (1989) Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі қабылдаған «Тіл туралы» Заңға сәйкес, Қазақстан Республикасында қазақ тілі - мемлекеттік тіл мәртебесіне ие болды. Бұл Заң 1990 жылғы шілденің 1-інде күшіне енді

145 жыл бұрын (1864) соғысып жатқан армиялардың жараланған солдаттарына көмектесу жөніндегі Женева конвенциясына 16 мемлекет қол қойды. Конвенция соғыс кезінде әскери госпитальдар мен медицина қызметкерлеріне ешкім тимейтіндеріне кепілдік етті. Олардың ерекшелік белгісі - ақ матадағы қызыл крест. Осылайша Қызыл крест ұйымы дүниеге келді.

20 жыл бұрын (1989) Литва Жоғарғы кеңесінің арнайы комиссиясы 1940 жылы Латвия, Литва және Эстония КСРО-Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясы заңсыз түрде қосылған деген қорытынды жасады.

ЕСІМДЕР

50 жыл бұрын (1959)Қазақстан Республикасы Президенті Күзет қызметінің бастығы АЮБАЕВ Мұхтар Ақатұлы дүниеге келді.

Алматы облысында туған. Жамбыл жеңіл және тамақ өнеркәсібі технологиялық институтын, Минск қаласындағы КСРО Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің жоғары курсын бітірген. Алматы облысы Кербұлақ аудандық комсомол комитетінің нұсқаушысы, Қазақ КСР Мемлекеттік қауіпсіздік комитеті Шымкент облысы бойынша басқармасының жеделуәкілі қызметтерін атқарған. 1991-1995 жылдары - Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Талдықорған облысы бойынша басқармасының жедел уәкілі, аға жедел уәкілі, хатшылық бастығы. 1995-2002 жылдары - Қазақстан Республикасы Президенті жеке күзетінің бөлімше бастығы, бөлім бастығының орынбасары, бастығы. Қазақстан Республикасы Президенті Күзет қызметінің 1-ші департаменті бастығының орынбасары. 2002-2004 жылдары - Қазақстан Республикасы Президентінің Күзет қызметі бастығының орынбасары. 2004-2006 жылдары - Республикалық гвардия қолбасшысының бірінші орынбасары. Қазіргі қызметінде 2006 жылдан бастап істейді.

2-ші дәрежелі «Айбын» орденімен, медальдармен марапатталған.

ТАМЫЗДЫҢ 23-І, ЖЕКСЕНБІ

Халықаралық жұмыс күшін сату құрбандарын еске алу күні. ЮНЕСКО-ның бастамасы бойынша, адамзат тарихындағы осы жайсыз жағдайлардан сақтандыру және құлдарды өз бостандығы үшін күресуге шақыру мақсатында аталып өтіледі.

Беларус Республикасының мемлекеттік статистика қызметкерлері күні.

Ресей Федерациясының Әскери даңқ күні.  Кеңес армиясының Курск доғасында неміс әскерлерін жеңген күні.

Литвада аза лентасы күні. 1939 жылы тамыздың 23-інде Мәскеуде шабуыл жасамау және оған құпия хаттамалар (Молотов-Риббентроп келісімі) туралы кеңес-герман келісіміне қол қойылды.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

13 жыл бұрын (1996) Алматы қаласында, Достық даңғылы мен Жамбыл көшелерінің қиылысына ақын Жамбыл Жабаевтың ескерткіші орнатылды.

13 жыл бұрын (1996) Алматыда қырғыз елінің елшілігі ашылды.

7 жыл бұрын (2002) Н.Назарбаев Қарағанды қаласының құрметті азаматы атанды.

3 жыл бұрын (2006) Көкшетауда «Шахматы Казахстана» атты республикалық журналдың алғашқы саны жарық көрді. Басылымның бас редакторы - әйгілі шахматшы, халықаралық гроссмейстер Серікбай Темірбаев. Түрлі-түсті 34 беттік, әр тоқсанда бір рет шығарылатын журнал республика көлемінде таратылады. Басылымның тұсаукесер санында шахмат тарихынан мәтіндер, соңғы шахмат спартакиадалары, турнир қорытындылары, шахмат жөніндегі теориялық мақалалар берілген.

95 жыл бұрын (1914) Жапония Германияға соғыс жариялады.

ЕСІМДЕР

60 жыл бұрын (1949) Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты, Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрағасы, саяси ғылымдар докторы, Қазақстан Республикасы Саяси ғылымдар академиясының академигі және бірінші вице-президенті  БИЖАНОВ Ақан Құсайынұлы дүниеге келді.

Алматы облысында туған. Қазақ политехникалық институтын бітірген. Алматы машина жасау зауытының Партия комитеті хатшысының орынбасары болған. 1993-1994 жылдары - Алматы қалалық әкімдігі басшысының бірінші орынбасары. 1994-1995 жылдары - Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесі Мемлекеттік құрылыс және аймақтық саясат мәселелері комитеті төрағасының бірінші орынбасары. 1995-1996 жылдары - Қазақстан Республикасы Президентінің көмекшісі. 1996-2000 жылдары - Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің бөлім меңгерушісі. 2000-2005 жылдары - Алматы қаласы әкімінің орынбасары, қала әкімінің кеңесшісі. 2005 жылы Алматы қаласынан Қазақстан Республикасы Парламентіне депутат болып сайланған.

«Республика Казахстан: демократическая модернизация общества переходного периода» атты кітаптың авторы.

«Құрмет» орденімен, медальдармен марапатталған.

55 жыл бұрын (1954) педагогика ғылымының кандидаты, профессор ҚУАНЫШЕВ Төлеген Шаңғытбайұлы дүниеге келді.

Алматы қаласында туған. Қазақ дене тәрбиесі институтын, әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университетін бітірген. Ақтөбе педагогикалық институтының аға оқытушысы, кафедра меңгерушісі, деканның орынбасары, әлеуметтік мәселелер жөніндегі проректоры қызметтерін атқарған.  1996-1999 жылдары - Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің мүшесі. 1999-2002 жылдары - Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Жоғары білім беру департаментінің бөлім, басқарма бастығы.  2002 жылдан Қазақстан Республикасы Парламенті  Мәжілісі Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің хатшылық меңгерушісі, бөлім меңгерушісі, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі Аппараты ұйымдастыру-бақылау және кадр жұмысы бөлімі меңгерушісінің орынбасары қызметтерін атқарған. Қазір ұйымдастыру-бақылау және кадр жұмысы бөлімі меңгерушісі болып істейді.

110 жыл бұрын (1899-1983) бельгиялық және американдық биохимик КЛОД Альбердүниеге келді.

Бельгияда туған. 1929-1950 жылдары АҚШ-та тұрған. Ол биологияда алғашқылардың бірі болып электронды микроскопты пайдаланған. Оның көмегімен митохондрияның дем алу функциясын тапқан. 1974 жылы ол өзінің 2 әріптесімен физиология және медицина бойынша Нобель сыйлығын иеленген. Ғалым Брюссель, Рокфеллер университеттерінің профессоры, Франция, Бельгия медицина академияларының мүшесі, Американың Ғылым және өнер академиясының құрметті мүшесі болған.