ҮКІМЕТ
Тамыздың 3-і күні «Қазақстан Республикасы үкіметінің 2008 жылдың наурыз айының 11-індегі № 230 қаулысына өзгерістер енгізу туралы» үкіметтің 2010 жылдың қаңтар айының 25-індегі №21 қаулысы күшіне енеді. Оған сәйкес, сүт және сүт өнімдерінің қауіпсіздігіне қатысты техникалық регламентке сүт өнімдерін таңбалау бөлігінде өзгерістер енгізу қарастырылған.
Тамыздың 3-інде Сыртқы істер министрлігінде апталық брифинг өтеді.
Тамыздың 3-інде Жамбыл облысының Құлан ауылында ҚР Көлік және коммуникация вице-министрі Дулат Көтербековтың қатысуымен «Батыс Еуропа - Батыс Қытай» жобасының іске асырылуы жөніндегі басқару орталығының көшпелі отырысы өтеді.
Тамыздың 3-інде Туризм және спорт министрлігінде республикалық туристік сайттың таныстырылымы өтеді.
ҚОҒАМ
Тамыз айында Ыстамбұлда Қазақстан-Түркия ынтымақтастығы кеңесінің төртінші мәжілісі өтеді.
Қазақстан Республикасы ІІМ-нің әкімшілік полиция комитеті ағымдағы жылдың 26 шілдесі - 11 тамызы аралығында мүдделі мемлекеттік органдардың, үкіметтік емес ұйымдардың, жұртшылық пен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерін тарта отырып, «Зорлық-зомбылықсыз отбасы» акциясын өткізеді.
Тамыздың 6-сынан бастап қазақстандық «Эйр Астана» әуе компаниясы «Алматы-Баку-Алматы» және кейін қарай ұшу бағытында қосымша қонусыз ұшатын рейс ашады.
СПОРТ
Талдықорғанда шілденің 31-і мен тамыздың 5-і аралығында ауыр атлетикадан ересектер арасындағы Қазақстан чемпионаты өтеді.
Волейболдан Қазақстанның ұлттық құрамасы тамыздың 1-7-сі аралығында Иранның Уруми қаласында өтетін ІІ Азия кубогы жарысына қатысады
АСТАНА
Маусымның 29-ы мен қыркүйектің 1-і аралығында ҚР Тұңғыш Президентінің мұражайында «Назарбаев және Қазақстан» атты көрме өтеді.
Тамыздың 1-інен бастап елордада заңды тұлғалар үшін судың тарифі жоғарылайды.
Тамыздың 3-інде Ұлттық баспасөз орталығында «Қазақстанда Ssang Yong автокөлігінің жаңа өндірісін ашу» тақырыбына арналған баспасөз мәслихаты болады.
Тамыздың 3-інде Көліктегі Орталық Ішкі істер басқармасында апталық брифинг өтеді.
АЛМАТЫ
Тамыздың 3-інде Алматыда ЦСКА орталығында Петерборда өткен ТМД елдері достастық армияларының VII Спартакиадасының қорытындысына арналған баспасөз мәслихаты өтеді. Спартакиадада Қазақстан Қарулы күштерінің командасы 2-ші жалпыкомандалық орын алды.
ШЫҒЫС ҚАЗАҚСТАН
Шығыс Қазақстанның облыс орталығында тамыздың 1-інен бастап Өскемен қаласының ішкі істер басқармасы көші-қон полициясының үш бірдей бөлімі жұмыс істей бастайды. Өскеменге уақытша келіп жатқан шетелдік азаматтардың саны жыл сайын артып келеді. Сондықтан да, адамдарды кезектерден құтқару үшін, қалада қосымша тағы екі көші-қон бөлімі ашылып отыр.
БАТЫС ҚАЗАҚСТАН
Тамыздың 6-сында Орал қаласындағы облыстық қазақ драма театрында «Қанатты әйел-3» атты әйелдер қолымен жасалған тауарлардың көрме-жәрмеңкесі өтеді.
СОЛТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН
Тамыздың 6-7-сі күндері Солтүстік Қазақстан облысында Сәбит Мұқановтың 110 жылдық мерейтойына арналған салтанатты іс-шаралар өтеді.
ЕЛЕУЛІ ОҚИҒАЛАР. АТАУЛЫ КҮНДЕР. ЕСІМДЕР
ТАМЫЗДЫҢ 3-І, СЕЙСЕНБІ
ОҚИҒАЛАР
5 жыл бұрын (2005) Қарағанды аймағында тұңғыш Шиеленісті шешетін орталық ашылды.
Осы бастама делдалдық әдістемесін (медиации) қолдану арқылы үкіметтік емес ұйымдар конфедерациясы жобасының шеңберінде іске асып отыр. Даулы мәселелері бар келіссөздерге медиатордың қатысуы қақтығысып қалған екі жақты дұрыс шешім қабылдауға мүмкіндік береді.
3 жыл бұрын (2007) Алматыда Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қ.Сәтбаев көшесін және Әл-Фараби даңғылын қосатын С.Сейфуллин көшесіндегі жаңа автокөлік қозғалысының ашылу рәсіміне қатысты.
Жаңа жолдың жалпы ұзындығы 2,2 шақырымды құрайды. Сонымен бiрге жолдың құрылысы кезінде жаңа инженерлiк коммуникациялардың төсемi бойынша су құбыры, жылу желiсi, кәріз, газ торабы және т.б. сияқты жұмыстар өткiзiлді. Жаңа жолдың бойына көше жарығы орнатылып, жалпы ауданы 25 мың шаршы метрді құрайтын жер телімі көгалдандырылған.
3 жыл бұрын (2007) А.Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетінің конференц-залында «Абилис» (Финляндия) қайырымдылық қорының тұсаукесері өтті.
Мүмкіндігі шектеулі адамдардың мәселелерін шешуге бағытталған жобаларды қаржыландыру жөніндегі жұмысына арналған бұл шараға облыстық ішкі саясат департаментінің, басқа да мемлекеттік органдардың, сондай-ақ Қостанай облысындағы қалалар мен аудандардың мүгедектері қоғамдық бірлестіктерінің өкілдері қатысты.
1 жыл бұрын (2009) Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Жетіген-Қорғас» теміржол желісі құрылысының басталуына арналған шараға қатысты.
Жолдың ұзындығы - 298 шақырым. Құрылыс мерзімі - 45 ай. Құрылыстың жалпы құны 147,4 миллиард теңге. 1 жол құрылысының құны - 502,7 миллион теңге.
Теміржол желісі «Жетіген» стансысынан басталып, Іле, Талғар, Еңбекшіқазақ, Ұйғыр, Панфилов аудандарының аумағымен өтіп, Қытай шекарасына барып тіреледі.
Бұл теміржол жобасы іске қосылғаннан кейін Ақтау мен Алматыдан Қытайға жүк және жолаушылар тасымалдау аралығы 500 шақырымға дейін қысқарады.
ЕСІМДЕР
75 жыл бұрын (1935) ұстаз, Қазақ КСР Білім беру ісінің үздігі, КСРО Білім беру ісінің үздігі СӘРСЕНБАЕВ Қаратай дүниеге келді.
Қостанай облысы Ұзынкөл ауданында туған. Меңдіқара педагогикалық училищесін, Ахмет Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік педагогикалық институтын бітірген.
1960-1963 жылдары - Жетіқара ауданының октябрь бастауыш мектебінің мұғалімі, оқу ісінің меңгерушісі, Әулиекөл аудандық білім беру бөлімінің инспекторы. 1963-1965 жылдары - Семиозерный аудандық партия комитетінің нұсқаушысы. 1965-1995 жылдары - Шоқан Уәлиханов атындағы №27 Әулиекөл орта мектебінің директоры. 1980 жылдан Әулиекөл аудандық партия комитетінің «Білім» қоғамдық ұйымының төрағасы қызметін атқарған.
Бірнеше медальдармен марапатталған.
ТАМЫЗДЫҢ 4-І, СӘРСЕНБІ
АҚШ жағалау күзетінің күні.
Бұл күн 1790 жылы Американың Министрлер Кеңесінде бекітілген. Дәл сол жылдың 4-ші тамызында АҚШ Конгресі Қаржы министрі Александр Гамильтон жетекшілігімен флот құрылысын бастауын бұйырған.
Жағалау күзеті АҚШ Қарулы күштерінің маңызды бөлігі болып саналады. Оның құзырына халықаралық сулар, американың жағалау желісі, порттар мен ішкі суларын қосқанда, АҚШ-тың кез-келген теңіз аймағындағы тұрғындарды, қоршаған ортаны қорғау және экономика мен қауіпсіздікті сақтау кіреді.
ОҚИҒАЛАР
7 жыл бұрын (2003) Астанадағы Республикалық клиникалық ауруханада әлемде тұңғыш рет жұлынның жүйке клеткаларын трансплантациялау бойынша операция жүргізілді.
Операция сирингомиелия ауруына шалдыққан ауруға (жұлынның атрофиясы) ойдағыдай жасалды. Операция өткенен соң, екінші күні аурудың аяқтарында екі жыл болмаған сезгіштік пайда болды. Операцияны Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрі, профессор Жақсылық Досқалиев жасады.
5 жыл бұрын (2005) тамыздың 4-6-сы аралығында Оралда, «Еуразия» туристік-сауықтыру кешенінде, облыстың жас натуралистерінің слеті болып өтті.
Слетке Батыс Қазақстан облысының Сырым, Ақжайық, Бөрлі және Тасқала аудандарының жас натуралистері қатысты. «Экология және қоғам», «Ғылымдағы алғашқы қадамдар» және «Жас биолог» деген атаумен үш секция жұмыс істеді. Оқушылар пікірталас өткізіп, өздерінің ойларымен бөлісті және баяндамаларын оқыды. Табиғатта тәжірибелік жұмыспен шұғылданды. Балалар даладағы шатыр қалашығына орналасып, сол жердің флорасы мен фаунасын зерттеді.
3 жыл бұрын (2007) Павлодарда Иван Қандыбаевтың «Жаңбырдан кейін» өлеңдер жинағы жарық көрді.
Автордың есімі павлодарлық поэзия әуесқойларына жақсы танымал, ақынның туындылары «Нива» республикалық журналында, «Звезда Прииртышья» облыстық газетінің беттерінде және павлодарлық ақындардың жинақтарында жарық көрген. Мамандығы бойынша И.Қандыбаев мұғалім, 20 жылдан бері мектепте жұмыс істеп келеді.
«Жаңбырдан кейін» кітабында ақынның ой тереңіне бойлауға және оның сезімін кеңінен тануға мүмкіндік беретін жырлары енген.
1 жыл бұрын (2009) Астанада тірек-қозғағышы аппараты аурулары бар тұрғындарды емдейтін орталық ашылды.
Орталықта «кинезис-терапия» әдісі бойынша емдік жаттығулар өткізіледі. Ол «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясының орталық аппаратының ғимаратында орналасқан.
1 жыл бұрын (2009) Ақтөбеде, Абай саябағындағы №16 тұрғын үйдің қабырғасына Қазақстанның Құрметті құрылысшысы Николай Жиленковқа арналған ескерткіш тақта орнатылды.
Николай Жиленков (1934-2008) «Ақтөбеқұрылыс» қауымдастығының президенті, «Еңбек Қызыл Ту», «Отан», «3-дәрежелі Даниил Московский» сыйлығының иегері, Ақтөбе облысының еңбек сіңірген қайраткері. Қала және облыс құрылыстарына өзінің зор үлесін қосып, қаланың қоғамдық өміріне белсенді араласқан. Ол Ақтөбе қаласының бас жоспарын дайындауға қатысқан және Свято-Никольский шіркеуінің құрылысын қадағалаған.
ЕСІМДЕР
55 жыл бұрын (1955) Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар жөніндегі Министрліктің төтенше жағдайлар саласындағы мемлекеттік материалдық резервтер жөніндегі комитетінің «Резерв» республикалық мемлекеттік кәсіпорны бас директорының орынбасары, фармацевтика ғылымдарының кандидаты, Қазақстан Республикасы Денсаулық ісінің үздігі СИХИМБАЕВА Любовь Михайловна дүниеге келді.
Көкшетау қаласында туған. Көкшетау медициналық училищесін, Алматы мемлекеттік медициналық институтын (С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медициналық университеті) бітірген.
Алматы қаласындағы №44 дәріхана бөлім меңгерушісінің орынбасары, №27 дәріхананың бөлім меңгерушісі қызметтерін атқарған. 1994-1996 жылдары - Алматы қаласындағы «Прогресс» ЖШС дәріханалық дүңгіршіктің меңгерушісі, Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі «Медстандарт» мемлекеттік ғылыми-тәжірибелік орталығының лицензиялау және сертификациялау жөніндегі жетекші маманы. 1996-2000 жылдары - Қазақстан Республикасы Білім, мәдениет, денсаулық сақтау министрлігі денсаулық сақтау комитетінің дәрілік құралдар мен медициналық техникалар жөніндегі эксперт-тексеруші, медициналық және фармацевтикалық өндірісті дамыту, дәрі-дәрмекпен қамсыздандыру басқармасы бастығының орынбасары - медициналық техникалар мен дәрілік бұйымдарды сертификациялау және сапасын тексеру бөлімінің бастығы, Қазақстан Республикасы Минералдық ресурстар және энергетика министрлігі мемлекеттік материалдық резервтер жөніндегі комитетінің мобилизациалық резервтарды бақылау жөніндегі бөлімінің бастығы. 2000-2004 жылдары - Қазақстан Республикасы Минералдық ресурстар және энергетика министрлігі мемлекеттік материалдық резервтер жөніндегі агенттігінің мемлекеттік материалдық резервтер жөніндегі комитетінің мобилизациялық резервтарды бақылау бөлімінің бастығы, Қазақстан Республикасы мемлекеттік материалдық резервтер жөніндегі агенттігінің «Резерв» РМК бас директорының орынбасары. 2008-2010 жылдары - Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар жөніндегі министрліктің төтенше жағдайлар саласындағы мемлекеттік материалдық резервтер жөніндегі комитетінің «Резерв» РМК бас директорының орынбасары, Қазақстан Республикасы мемлекеттік материалдық резервтер жөніндегі агенттігінің «Резерв» РМК бас директорының міндетін атқарушысы. Аталған қызметінде - 2010 жылдың сәуір айынан.
Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар жөніндегі министрлігінің 3-дәрежелі «Төтенше жағдайлар жүйесіне еңбегі сіңген қызметкер» төс белгісімен, Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Құрмет грамоталарымен марапатталған.
40 жыл бұрын (1970) ауыр атлетші, пауэрлифтингтен халықаралық дәрежедегі спорт шебері, арнайы мамандандырылған балалар-жасөспірімдер олимпиадалық резерв мектебінің жаттықтырушысы ДАРНОПЫХ Борис Петрович дүниеге келді.
Павлодар қаласында туған. Павлодар монтаж техникумын, Инновациялық Еуразиялық университетін бітірген.
Қазақстан Республикасы біріншіліктерінің, Кубогының бірнеше дүркін жеңімпазы атанған.
Қазіргі уақытта пауэрлифтингтен арнайы мамандандырылған балалар-жасөспірімдер олимпиадалық резерв мектебінде жаттықтырушылық қызметтін атқарады.
ТАМЫЗДЫҢ 5-І, БЕЙСЕНБІ
ОҚИҒАЛАР
13 жыл бұрын (1997) Қазақстанның Бейжіңдегі елшілігінде Президент Н.Ә.Назарбаевтың қытай тілінде шыққан «Ғасырлар тоғысында» кітабының тұсаукесер рәсімі өткізілді.
5 жыл бұрын (2005) Оралға «Татарстан-Қазақстан» бейбітшілік және достық автокеруені келді. Автокеруен Қазан қаласының 1000-жылдығына және Набережный Челнов қаласының 75-жылдығына, Қазақстан Республикасы Конституциясы мен Қазақстан халқы Ассамблеясының 10-жылдықтарына арналған.
Керуен құрамына 30 адам кірді, оның 20-ы мүгедек-спортшылар. Ұйымдастырушысы - «Еділ-Жайық» қайырымдылық қоры.
Автокеруенге қатысушылар Орал қаласының көзтартарлық жерлерімен танысып, шахматтан және дойбыдан жолдастық кездесулер, Достық үйінде ұлттық мәдениет орталықтарының өкілдері қатысқан кездесулер өткізілді.
3 жыл бұрын (2007) Алматыда қазақ тілінде әлем ертегілері енгізілген алғашқы CD-дің тұсау кесер рәсімі өтті.
Барлық материалдарды Қазақ радиосының редакциясы тапсырған. Бұл үнтаспаның бір ерекшелігі, барлық материалдар қазақ тіліне аударылған. Ертегілер мемлекеттiк тiлдi үйренгісі келген адамдарға арналған бағалы оқу құралы болып табылады. Жалпы 6 үнтаспа шығарылған, әр қайсысының ұзақтығы - 100 минут. Әр CD-ға 10-12 ертегі енген, соның ішінде «Мысық пен қоян», «Арыстан мен түлкі», «Ақылды адам» және т.б. ертегілер бар.
2 жыл бұрын (2008) Астанада Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен «Есіл» ауданы құрылды.
Ол Астана қаласының оңтүстік-батыс бөлігінде орналасқан, Елорданың «Алматы», «Сарыарқа» және Ақмола облысының Целиноград аудандарымен шектеседі. Жалпы ауданы - 31,2 мың гектар жерді құрайды, тұрғындары - 180 мың адам. Ауданға кіретін тұрғын алабтары - Пригородный, Ильинка, Шұбар, Тельман, Қараөткель, Заречный.
Ауданда 137 сауда мекемелері жұмыс істейді және «Керуен», «Мега», «Сарыарқа» сияқты ірі сауда орталықтары бар.
ЕСІМДЕР
75 жыл бұрын (1935) Дағыстан мәдени орталығының төрағасы, Қазақ КСР еңбек сіңірген ұстазы, Халықаралық Ақпараттандыру Академиясының академигі, Қазақ КСР халықтық білім беру ісінің үздігі, КСРО ағарту ісінің үздігі, Қазақстан халқы Ассамблеясы кеңесінің мүшесі, Құрметті теміржолшы УВАЙСОВ Мусаннип Зиятдинулы дүниеге келді. Дағыстан Республикасында туған. Ақтөбе педагогикалық училищесін, Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтын бітірген.
1957 жылдан Алматы қаласы мектептерінде бастауыш сыныптар мен математика пәнінің мұғалімі болған. 1964-1974 жылдары - №77 орта мектебі директорының орынбасары, №17 орта мектептің директоры. 1974-1983 жылдары - Алматы қаласы Ленин аудандық (қазіргі Жетісу) халықтық білім беру бөлімінің бастығы. 1983-1989 жылдары - Алматы темір жол оқу орындары бөлімінің бастығы. 1989-1991 жылдары - Алматы қаласы халықтық білім беру басқармасының бастығы. 1991-1996 жылдары Алматы темір жол оқу орындары бөлімінің бастығы қызметтерін атқарған. 1996 жылы зейнеткерлікке шығып, сол жылдан Дағыстан мәдени орталығының төрағасы мен «Центр» ПИК басқарма төрағалары қызметін атқарады.
«Құрмет Белгісі», «Достық» ордендерімен, «Еңбек ардагері», «За доблестный труд», «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 10 жыл», «Қазақстан темір жолына 100 жыл» медальдарымен марапатталған.
55 жыл бұрын (1955) Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Оңтүстiк Қазақстан облысы бойынша мемлекеттiк санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау департаментi комитеті директорының орынбасары МЕДЕТОВ Жұмағұл Бекенбайұлы дүниеге келді.
Оңтүстiк Қазақстан облысында туған. Қарағанды мемлекеттік медициналық университетін (Қарағанды мемлекеттік медициналық академиясы) бітірген.
1982-1992 жылдары - Оңтүстiк Қазақстан облысы Сайрам аудандық СЭС-тің эпидемолог-дәрігері, бөлім меңгерушісі. 1992-1998 жылдары - Шымкент облыстық СЭС бас дәрігерінің орынбасары. 1998-2003 жылдары - Шымкент қалалық мемлекеттік санитарлық бас дәрігері. 2003-2005 жылдары - Оңтүстiк Қазақстан облыстық мемлекеттiк санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау басқармасының бастығы. 2005-2006 жылдары - Оңтүстiк Қазақстан облыстық мемлекеттiк санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау департаментi комитетінің директоры қызметтерін атқарған. Қазіргі қызметінде - 2006 жылдан.
«Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 10 жыл» медалімен марапатталған.
ТАМЫЗДЫҢ 6-Ы, ЖҰМА
Хиросима күні. Ядролық қаруға тыйым салу үшін күрестің дүниежүзілік күні.
1945 жылы 6 тамызда АҚШ ұшқышы Томас Фереби басқарған «Энола Гей» атты Б-29 әскери ұшақ Жапонияның Хиросима қаласына әлемдегі ең бірінші атом бомбасын тастады. Тарих қойнауына жүгінсек, осынау адамзат тарихындағы ең жауыздық іс-әрекеттің американ әскері үшін ешқандай қажеттілігі болмаған. Себебі соғыстың соңына қарай Жапония армиясы талқандалып, Тынық мұхиты айдынында АҚШ-қа еш қауіп төндірмеген. Ал бомба тастау үшін Хиросиманы арнайы таңдап алуы қаланың географиялық орналасуы, үш жағынан тау қоршап тұратындығы себеп болған. Бұл 20 килотонналық уран бомбасының өз күшін толық пайдаланып, ажал уын себуіне таптырмайтын нысана еді.
Халықаралық «Дәрігерлер бейбітшілік үшін» күні.
Хиросимаға бомба тасталған күннен бастап, «Әлем дәрігерлері ядролық соғысқа қарсы» халықаралық қозғалысы атқару комитетінің шешімі бойынша аталып өтіледі.
Ямайкада тәуелсіздік күні. 1962 жылғы 6 тамызда Ямайканың тәуелсіздігі жарияланды және бұл күні мемлекеттік ту қабылданды.
Ямайка - Орталық Америкадағы мемлекет. Кариб теңізіндегі өзі аттас арал мен оған таяу шағын аралдарда орналасқан. Астанасы - Кингстон. Ямайка - конституциялық монархия. Британ Достастығы құрамына кіргендіктен, ағылшын королевасы мемлекет басшысы болып саналады. Жоғарғы заң шығарушы органы - екі палаталы парламент. Ресми тілі - ағылшын тілі. Ақша бірлігі - доллар.
ОҚИҒАЛАР
7 жыл бұрын (2003) Жамбыл облысының Қаратау қаласында фосфор саласының кеншілеріне арналған ескерткіш салтанатты түрде ашылды.
1937 жылғы бірінші геологиялық барлау экспедициясы кезінде Қаратау фосфорит алабының көлемі, сапасы және сипатты анықталды, ал 1941 жылы олардың өнеркәсiптiк игеруi басталды. Бұл жерде бастапқысында Шолақтау кенті пайда болған, тау-химия комбинаты салынды, инфрақұрылым саласы дамыды, халықтың саны өсті. Кейінен, 1963 жылы ауылға қала дәрежесін беру туралы шешім қабылданды. Бүгінгі Қаратау Қазфосфат» ЖШС-ның бөлімшесі болып табылатын тау-химия комбинатының іске қосылуының арқасында ұзақ жылдардағы тоқыраудан кейін қайтадан жаңғырып келеді.
5 жыл бұрын (2005) Батыс-Сiбiр және Оңтүстiк-Орал темiр жолдарының тарихында тұңғыш рет Петропавл мен Омбы қалаларының арасында жүретін «Экспресс» жүрдек пойызы пайда болды.
Жаңа жүрдек электр пойызының вагондары 1-шi, 2-шi және 3-шi санаттан тұрады. Ең жайлысы 1-ші санаттағы вагондар болып саналады. Оның ішінде жолаушылардың орнықты сезінуі үшін жұмсақ креслолар, олардың арасында үстелшелер, теледидар, бар орнатылған.
3 жыл бұрын (2007) Алматы облысының Кербұлақ ауданында полиэтилен тұрбаларын өндіретін «Каро» ЖШС-ы салтанатты түрде ашылды.
Кәсiпорынның өндiрiстік қуаты жылына 5 мың тонна шикізатты қайта өңдеп шығарады, және диамері 60-тан 630 милиметрге дейін 100 мың метр полиэтилен тұрбаларын шығаратын мүмкіндігі бар.
1 жыл бұрын (2009) Ақмола облысына қарасты Зеренді ауданы аумағындағы Қызыл қоғам кенішінде қиыршық тас өндіретін зауыт іске қосылды.
Зауытта финдік өндірісшілердің жабдығы орнатылған. Өнімді тұтынушыларға жеткізу мақсатымен ұзындығы 5,4 шақырым теміржол желісі тартылған. Негізгі тұтынушылар ретінде Ақмола, Солтүстік Қазақстан облыстары, Астана мен Ресейдің Омбы қаласы тапсырыс берген.
ЕСІМДЕР
140 жыл бұрын (1870-1946) кеңес химигі және металлургі, КСРО Ғылым Академиясының академигі, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты БАЙКОВ Александр Александрович дүниеге келді.
Ресей Федерациясының Курск облысында туған. Петербор университетін бітірген.
Негізгі ғылыми еңбектері металлургиялық процестердің физикалық химиясына және анорганикалық химия салаларына арналған. Бұл ғылыми бағыт Қазақстанда да кеңінен дамытылды. Байков мыс пен сүрме қорытпаларының құрамы мен қасиеттерін зерттеді, жоғары температурада темірді хлорлы сутегімен бөліп алуға болатынын дәлелдеді, никельдің полиморфизмге тән қасиеттін тапты. Тотығу және тотықсыздану процестері жайлы теория ұсынған.
Бірнеше орден, медальдармен марапатталған. КСРО Ғылым Академиясының Металлургия институты Байков есімімен аталады.
60 жыл бұрын (1950) тіл білімі маманы, филология ғылымының кандидаты, профессор ЖЫЛҚЫБАЕВА Амантай Шаймарданқызы дүниеге келді.
Шығыс Қазақстан облысының Тарбағатай ауданында туған. Өскемен педагогика институтын бітірген.
1975-1978 жылдары - мектепте орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі. 1980-1994 жылдары - Өскемен педагогикалық институтының орыс тілін оқыту әдістемесі кафедрасының, шет тілдер кафедрасының, практикалық қазақ және орыс тілі, Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінің қазақ филологиясы, практикалық қазақ және орыс тілі кафедраларының аға оқытушысы. 1994 жылдан осында практикалық қазақ тілі кафедрасының меңгерушісі.
Ғылыми еңбегінің негізгі бағыты - этнолингвистика саласы. 10-нан аса ғылыми еңбектің авторы.
ТАМЫЗДЫҢ 7-І, СЕНБІ
ОҚИҒАЛАР
15 жыл бұрын (1995) Алматы қаласындағы Кино үйінде «Абай» атты фильмнің тұсаукесер рәсімі өтіп, оған Президент Н.Ә.Назарбаев қатысты. Мұхтар Әуезовтың роман-эпопеясы бойынша түсірілген эпикалық драма қазақтың ұлы ақыны Абайдың 150 жылдығына арналған. Абай рөлінде Ғабиден Тұрықбаев, Құнанбай рөлінде Тұңғышбай әл-Тарази және т.б. актерлер ойнады. Сценарийін Ләйлә Ақынжанова, Александр Баранов және Серік Апырымов жазған.
5 жыл бұрын (2005) Алматыда, Республика сарайында, Райымбек батырдың 300-жылдық мерейтойына арналған республикалық айтыс өнерінің байқауы болып өтті.
Шараны ұйымдастырған «Жарылқап батыр» қоғамдық қоры, «Айсел Қазақстан» корпорациясы, Алматы қалалық мәдениет департаменті және Республика сарайының әкімшілігі.
Аталмыш шараға Астана, Алматы, Тараз, Шымкент, Түркістан, Көкшетау, Өскемен, Қарағанды, Ақтау және Орал қалаларының суырыпсалма ақындары қатысты. Ақын Тұманбай Молдағалиев бастаған қазылар алқасының шешімі бойынша бас жүлдені Семейден келген Сара Тоқтамысова қанжығасына байлады. Бірінші орынды Талдықорғаннан келген Айтақын Бұлғақов жеңіп алды. Екінші орынды қарағандылық Аманжол Алтаев, елордалық айтыскер Дәулеткерей Кәпұлы және семейлік Ринат Заитов бөлісті.
3 жыл бұрын (2007) Мемлекет басшысы стратегиялық маңызға ие нысандарға мемлекеттік бақылаудың тиімді тетіктерін құруға бағытталған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттің экономика саласындағы мүдделерін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгеріс пен толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қойды.
1 жыл бұрын (2009) Павлодарда «Бибі-Ана» қоғамдық бірлестігі павлодарлық бөлімшесі мүшелерінің өз қолдарымен жасаған бұйымдарының көрмесі ашылды.
Онда әдемі ұлттық киімдер, тоқыма көйлектер мен жакеттер, құрақ көрпешелер мен шеберлердің қолынан шыққан басқа да бірегей бұйымдар қойылған.
Павлодарлық «Бибі-Ана» қоғамдық бірлестігін 1999 жылы мүгедек-әйелдер құрған болатын. «Бибі-Ана» мүшелерінің қолдарынан шыққан ұлттық киімдер халықтың үлкен сұранысына ие.
ЕСІМДЕР
40 жыл бұрын (1970) Астана қаласындағы Еуразиялық Даму банкі өкілділігінің басшысы БАЙДАУЛЕТ Ерлан Әлімжанұлы дүниеге келді.
Алматы облысының Талғар қаласында туған. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін, Қазақстан менеджмент, экономика және болжау институтын, Санкт-Галлен қаласындағы (Швейцария) университетін бітірген.
1993-1995 жылдары - Талғар қаласы және Талғар ауданы әкімшілігі басшысының комекшісі, «Алемсистем» қаржы-инвестициялық компаниясы қаржы жобалау басқармасының бастығы. 1997-1998 жылдары - Швейцар-Қазақ экономикалық даму орталығының инвестиция жөніндегі вице-президенті. 1998-2001 жылдары - (UNOPS registered) PROFIT INVEST Ltd компаниясының аға кеңесші-әріптесі. 2001-2005 жылдары - Қазақстан Республикасының Астана қаласындағы Ислам даму банкінің уәкілі. 2005-2006 жылдары - «Инжиниринг және трансферт технологиясы орталығы» акционерлік қоғамының президенті қызметтерін атқараған. Қазіргі қызметінде - 2006 жылдан.
ТАМЫЗДЫҢ 8-І, ЖЕКСЕНБІ
Құрылысшы күні.
Қазақстан Республикасы Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың 2003 жылғы 15 қарашадағы Жарлығына сәйкес жыл сайын тамыздың екінші жексенбісінде атап өтіледі.
Болгарияда Әскери-теңіз флотының мерекесі. Тамыздың екінші жексебісінде атап өтіледі.
1879 жылғы 12 тамызда ресейдің «Опыт», «Взрыв», «Пордим» және «Горний Студен» атты төрт әскери кемесі Русь портына шынжырмен бекітілді, сол кезде болгарлардың туы көтеріліп, елдің сол уақыттағы әнұраны - «Шумит Мариц» әскери маршы ойнатылды. Бұл салтанатты рәсім болгарлардың әскери-теңіз флоты мерекесінің туған күнінің пайда болуына себеп болды.
ОҚИҒАЛАР
12 жыл бұрын (1998) Көкшетау қаласындағы Шоқан Уәлиханов атындағы мемлекеттік университеттің бас алаңына Шоқан Уәлихановтың мүсіні салтанаты түрде ашылды.
Шоқан Шыңғысұлы Уәлиханов - қазақтың ұлы ғалымы, тарихшы, публицист, ориенталист, фольклоршы, әдебиет зерттеушісі, этнограф, саяхатшы-географ, демократтық, ағартушылық мәдениеттің тұңғыш өкілдерінің бірі. Қазіргі Қостанай облысының Құсмұрын бекетінде дүниеге келген. Абылайханның шөбересі. Ресей армиясы бас штабының барлау басқармасының офицері болған.
10 жыл бұрын (2000) Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Астана қаласының шекарасын өзгерту туралы» Жарлыққа қол қойды. Жарлыққа сәйкес елорданың жер көлемі 45195 гектарға ұлғайды.
5 жыл бұрын (2005) Ақордада Оңтүстік Африка Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Бекизизве Уиздом Джила Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа сенім грамотасын тапсырды.
Оңтүстік Африка Республикасы Африканың басқа елдерімен салыстырғанда саяси тұрақты, экономикалық инфрақұрылымы дамыған және алмас, алтын, хром, платина, ванадий, марганец және андалузиттің барланған ірі қоры бар ел. Қазақстан мен Оңтүстік Африка Республикасы арасындағы дипломатиялық қатынастар 1992 жылғы 5 наурызда орнатылған. 2003 жылдың желтоқсанында Алматыда Оңтүстік Африка Республикасының Қазақстандағы елшілігі ашылды.
3 жыл бұрын (2007) Алматыда Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігінің Экономика институтында Қазақстан Ғалымдар одағының президенті, академик, экономика ғылымының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының иегері, Экономика институтының директоры Оразәлі Сәбденге Ресей мен Қазақстан арасындағы ғылыми ынтымақтастық саласын күшейткен зор еңбегі үшін Ломоносов ордені тапсырылды.
Аталмыш шараға белгілі қазақстанның және ресейдің ғалымдары, экономистері қатысты.
Ломоносов орденін 2000 жылы Ресей Федерациясының Қауіпсіздік кеңесі бекіткен. Қауiпсiздiк, қорғаныс және құқықтық тәртiп мәселелерi академиясы жанындағы Ұлттық қоғамдық сыйлықтар комитетi тапсырады. Мемлекеттiк, өндiрiстiк, ғылыми-зерттеу, әлеуметтік, мәдениет, ғылым саласындағы қоғамдық және қайырымдылық қызметінің, әдебиет және өнердегі зор еңбектері үшін марапатталады.
1 жыл бұрын (2009) Шымкентте мүгедек балаларды оңалтуға арналған орталық ашылды.
Жобаның мақсаты психоневрологиялық патологиясы бар мүмкіндігі шектеулі балаларға үйреншікті әлеуметтік ортада тұруға арналған арнайы әлеуметтік қызметтерді ұсыну болып табылады.
Орталық мүмкіндіктері шектеулі балаларға әлеуметтік-тұрмыстық, әлеуметтік-медициналық, әлеуметтік-психологиялық, әлеуметтік-педагогикалық, әлеуметтік-құқықтық және т.б. қызметтерді заңмен қарастырылған жеңілдіктерді алуға қолдау көрсетеді, тағы да орталықтың мамандары отбасыларында мүмкіндігі шектеулі балалары бар ата-аналарға әлеуметтік-психологиялық көмек көрсетеді. Арнайы әлеуметтiк қызмет көрсетуге 10-нан 18-ге дейінгі жас шамасындағы психоневрологиялық патологиясы бар мүмкіндігі шектеулі балалар ғана қабылданады. Балалардың орталықта тұру мерзімі - 1 ай, күніне 4 рет тамақтанады.
Орталық заманауи материалдық-техникалық қондырғылармен жабдықталған, мүмкіндігі шектеулі балаларды оңалтуға арналған барлық әлеуметтік-психологиялық жағдайлар жасалған. Мұнда емдік шаралар, массаж, физиотерапевтикалық кабинеттер, және де кинезиотерапия, Монтессори, релаксация, эрготерапия, психотерапия, логопед, плантотерапия, ЭВМ, емдік-тренажер, сауықтыру кабинеттері жұмыс істейді.
ЕСІМДЕР
80 жыл бұрын (1930-2005) тіл білімі маманы, филология ғылымының кандидаты, доцент МУСИН Жағыпар Мұсаұлы дүниеге келді.
Ақмола облысында туған. Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетін бітірген.
1954-1955 жылдары - Қызылжар қалалық оқытушылар институтының оқытушысы. 1955-1959 жылдары - Солтүстік Қазақстан облыстық мұғалімдердің білімін жетілдіру институтының әдіскері. 1959-1962 жылдары - «Көкшетау правдасы» газетінің әдеби қызметкері. 1962 жылдан бастап Көкшетау педагогикалық институтының (қазіргі Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университеті) аға оқытушы, кафедра меңгерушісі қызметтерін атқарған.
Ғылыми жұмысының негізгі бағыты - лексика мен түркітануға арналған.
30 жыл бұрын (1980) спорт шебері, Қазақстанның теннистен абсолюттік чемпионы, КЕДРЮК Алексей Александрович дүниеге келді.
Алматы қаласында туған.
2000 жылы Тбилисиде өткен Халықаралық турнирдің, 2003 жылы Алматы қаласында өткен Қазақстан Республикасы Президенті Кубогының жеңімпазы атанған. Бірнеше рет Қазақстанның теннистен өткен біріншіліктерінің чемпионы болған.
Қазақстан Республикасы Ұлттық құрама командасының мүшесі.