ҮКІМЕТ
Желтоқсанның 14-інде сағат 13.30-да Үкімет үйінде министрлер кабинетінің кезекті мәжілісі өтеді.
Желтоқсанның 14-інде сағат 15.00-да Үкімет үйінде агроөнеркәсіптік кешен мәселелері жөніндегі республикалық кеңес болады.
Желтоқсанның 14-і күні Астанада Дүниежүзілік кеден ұйымының Аумақтық оқыту орталығы ашылады. Орталықтың ашылу салтанатына Дүниежүзілік кеден ұйымының бас хатшысы Кунио Микурия, Орталық Азиядағы кедендік қызметтердің басшылары, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Үкіметінің басшысы Кәрім Мәсімов қатысады деп күтілуде.
Желтоқсанның 14-інде сағат 11.00-де Индустрия және сауда министрі Әсет Исекешев Иран Ислам Республикасының Сауда министрі Мехди Ғазанфари бастап келген иран делегациясымен кездеседі.
Желтоқсанның 14-інде Туризм және спорт министрлігінде ведомство басшысы Т.Досмұхамбетовтың Сенат депутаттарымен кездесуі болады.
Желтоқсанның 14-інде Білім және ғылым министрлігінде ғылымның түрлі салаларындағы жетістіктер үшін атаулы сыйлықтар табыс ету рәсімі өтеді.
Желтоқсанның 14-інде Ішкі істер министрлігінде апталық брифинг болады.
Желтоқсанның 14-інде Сыртқы істер министрлігінде апталық брифинг болады.
Желтоқсанның 15-інде Индустрия және сауда министрлігі жанындағы Инвесторлар мен Несиегерлер клубының мәжілісі өтеді.
ПАРЛАМЕНТ
Желтоқсанның 14-інде Парламент Мәжілісінде Үкімет сағаты өтеді.
ҚОҒАМ
Желтоқсанның 14-інде «Байқоңырдан» «Протон-М» ғарыш зымыранын ұшыру жоспарланып отыр. Кеме орбитаға үш «Глонасс-М» жерсерігін алып шығады. Ал желтоқсанның 21-інде «Байқоңырдың» №1 алаңынан Халықаралық ғарыш стансысының кезекті экипажымен «Союз ТМА-17» ғарыш кемесі ұшырылады.
«Ресейғарыш» агенттігі ағымдағы жылды қорытындылайтын үшінші сапар желтоқсанның 29-ына белгіленіп отыр. Бұл жолы «Протон-М» зымыраны ғарышқа американдық «DirecTV 12» телекоммуникациялық ғарыш аппаратын алып ұшады.
АСТАНА
Желтоқсанның 14-і күні Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде ҚР Мұсылмандар діни басқармасының төрағасы, бас мүфти Әбсаттар қажы Дербісәлімен кездесу өтеді. Кездесу аясында еліміздің бас имамы Ә.Дербісәлі студенттер мен оқытушылар алдында дәріс оқиды. Іс-шара аясында мәртебелі мейманға «Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-дың құрметті профессоры» ғылыми дәрежесі тапсырылады.
Желтоқсанның 14-і күні Астанада Дүниежүзілік кеден ұйымының Аумақтық оқыту орталығы ашылады. Орталықтың ашылу салтанатына Дүниежүзілік кеден ұйымының бас хатшысы Кунио Микурия, Орталық Азиядағы кедендік қызметтердің басшылары, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Үкіметінің басшысы Кәрім Мәсімов қатысады деп күтілуде.
Желтоқсанның 14-інде Жоғарғы сотта пленарлық мәжіліс өтеді.
Желтоқсанның 14-інде БҰҰ-ның Қазақстандағы өкілдігінің кеңсесінде «Орталық Азиядағы трансшекаралық диалогты және су ресурстарын ықпалдасып басқаруды ілгерілету» тақырыбына арналған семинар болады.
Желтоқсанның 14-інде Астана қаласы Ішкі істер департаментінде Тәуелсіздік күніне арналған салтанатты шара өтеді.
Астана қаласында Тәуелсіздік күніне орай ұйымдастырылатын келесі спорттық іс-шаралардың өткізілуі жоспарланып отыр. Атап айтқанда:
Желтоқсанның 11-і мен 15-і арасында «Даулет» спорткомбинатында әйелдер арасында бокстан «А» класының халықаралық турнирі өтеді.
Былғары қолғап шеберлерінің тағы бір сайысы 15-16 желтоқсанда «Дәулет» спорт комбинатында өтпек. Шаршы алаңда Астана мен Гавана (Куба) құрама командалары кездеседі.
Желтоқсанның 11-15-і аралығында ардагерлер арасында шахматтан қала біріншілігі өтпек. Жарыс Х.С.Омаров атындағы шахмат клубында (Кенесары к., 14) ұйымдастырылады.
Желтоқсанның 16-сында №54 мектепте сағат 10.00-ден бастап дзюдодан Астана қаласының біріншілігі өтеді.
Желтоқсанның 16-сы күні сағат 12.00-де «Астаналық» паркіндегі шаңғыроллерлік жолында шаңғы жарысы бойынша қысқы спорт маусымының ашылуы өтеді.
Желтоқсанның 11-18-і күндері садақ атудан «Астана Кубогы» халықаралық турнир өткізіледі. Жарыс «Жас батыр» СК өтеді.
Желтоқсанның 22-сінде «Дәулет» спорт комбинатында үстел үсті теннисі бойынша «Жастар Қазақстанның бірлігі үшін» атты қаланың ашық турнирі ұйымдастырады.
Желтоқсанның 24-25-інде спорттық гимнастикадан Астана қаласының ашық чемпионаты өтетін болады.
АЛМАТЫ
Желтоқсан айының 10 мен 19-ы күндері аралығында Қазақтың Мемлекеттік М.Әуезов атындағы академиялық драма театрында Тынымбай Нұрмағанбетовтың «Қожанасыр тірі екен» атты комедиялық қойылымның премьерасы өтеді.
Желтоқсанның 14-інде «Нұр Отан» ХДП Алматы филиалының ғимаратында «Шаңырақ» Республикалық қоғамдық бірлестігінің ұйытқы болуымен «Қазақстан Республикасының облыс әкімдерінің жанындағы Қоғамдык кеңестерді эксперттік сараптамалармен қолдау мәселесі бойынша және осыған қатысты шараларды ұйымдастыру және өткізу» тақырыбындағы конференция өтеді. Конференция жұмысына ҚР Парламентінің Мәжіліс және Сенат депутаттары, ҚР Үкімет өкілдері, Алматы қаласының атқарушы мен өкілдік билік органдары, әлеуметтік келіспеушіліктерді шешетін және сараптайтын эксперттер, үкіметтік емес ұйымдар мен саяси партиялар өкілдері және бұқаралық ақпарат құралдары қатысады.
Желтоқсанның 14-інде, сағат 9-30-да АҚШ Мемлекеттік хатшысының Оңтүстік және Орталық Азия елдері бойынша көмекшісі Роберт Блейк АҚШ-тың Алматыдағы Бас Консулдығының ашылу салтанатына қатысады.
Желтоқсанның 14-інде Қазақстанның Жазушылар одағы кеңсесінде «Тәуелсіздіктің тал бесігі - Алматым» атты айтыс ұйымдастырылады.
Желтоқсанның 14-інде Тұңғыш Президент Қорында жас ғалымдарды марапаттау рәсімі өтеді.
АЙМАҚ
ҚАРАҒАНДЫ ОБЛЫСЫ
Желтоқсанның 14-15-інде Қарағанды облысының Сәтбаев қаласында ұлттық мереке - Тәуелсіздік күні қарсаңында «Тәуелсіздік құрдастары - Қазақстанның болашағы» атты жастар форумы өтеді.
АТАУЛЫ КҮНДЕР. ЕЛЕУЛІ ОҚИҒАЛАР. МЕРЕЙТОЙЛАР.
14 ЖЕЛТОҚСАН, ДҮЙСЕНБІ
Чернобыль АЭС апатын жоюға қатысушыларына құрмет көрсету күні. Украина Президентінің 2006 жылғы 10-шы қарашадағы Қаулысымен бекітілген.
ОҚИҒАЛАР
15 жыл бұрын (1994) Алматыдағы Республика алаңында Қазақстанның тәуелсіздігін бейнелейтін болашақ ескерткіштің орнына мәрмәрдан аманат тасын қоюға орай митингі болды.
10 жыл бұрын (1999) Астана қаласында «Алпамыс батыр» дастанына - 1000 жыл» деген тақырыпта халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.
8 жыл бұрын (2001) Президент Н.Ә.Назарбаевқа Ватиканның ең жоғарғы марапаты - Пии ордені мен осы орден Рыцарының мақтау қағазы тапсырылды. Табыстау құрметіне Қазақстан Республикасының Апостоль нунциясы Марианн Олесь ие болды.
5 жыл бұрын (2004) Оралда Плясунков көшесінде Ермекқали Серікбаев тұрған 103-ші үйде ескерткіш тақта салтанатты түрде ашылды.
Е.Серікбаев (1914-1998) өз заманында Батыс Қазақстан облысы аудандарының бірқатар ұйымдарын басқарған болатын. 1914 жылы желтоқсанның 13-де бұрынғы Тайпақ ауданында дүниеге келген, педтехникумды бітірген соң 1936-1972 жылдар аралығында облыстық білім саласында қызмет еткен, содан соң Тайпақтағы, Шыңғырлаудағы, Теректідегі, Жымпитыдағы, Қазталовтағы партия органдары мен кеңестерін басқарған. Зейнетке шыққан соң облыстық АХАЖ-дың орынбасары болды. Ұлы Отан соғысы жылдары ол батарея комиссарынан бастап полктың партбюро хатшысы қызметтерін атқарған. Ерлігі мен көп жылдық еңбегі үшін екі мәрте Қызыл Жұлдыз, ІІ-ші дәрежелі Отан соғысы, Еңбектің Қызыл Ту ордендерімен және көптеген медальдармен марапатталған.
1 жыл бұрын (2008) Ақтөбеде қазақ халқының танымал қоғам қайраткері Байбек ұлы Әйтеке би ескерткіші ашылды. Ескерткіштің ашылу салтанатына Қазақстан Республикасының премьер-министрі Кәрім Мәсімов қатысты. Ескерткіш қалалық әкімшіліктің алдындағы алаңда орналасқан. Постаментте Әйтеке бидің бейнесі толығымен граниттен жасалған. Ескерткіштің биіктігі 8 метрге дейін жетеді. Монументтің авторы - мүсінші Жеңіс Жұбанқосов.
ЕСІМДЕР
70 жыл бұрын (1939) суретші, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері, қазақ анимациялық киносының негізін салушылардың бірі МҰҚАНОВ Флобер Темірғалиұлы дүниеге келді.
Семей қаласында туған. Алматы көркемсурет училищесін, Москва көркемсурет академиялық театры студиясын бітірген.
«Қарлығаштың құйрығы неге айыр?», «Ақсақ құлан» мультфильмдерді шығарушы топта суретші болды.
М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының суретшісі қызметін атқарған. «Майра» (Ә.Тәжібаев), «Шыңғысхан» (Иран Ғайып), «Абай», «Хан Кене» (М.Әуезов), «Қозы Көрпеш - Баян сұлу», «Ақан сері - Ақтоқты» (Ғ.Мүсірепов) спектальдерінің сахналық безендіруін жасаған.
Пейзаж жанрында өзіндік қолтаңбасы бар суретші ретінде белгілі. Салған шығармалары мемлекеттік және жеке коллекцияларда сақтаулы.
70 жыл бұрын (1939) бокстан спорт шебері, Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген жаттықтырушысы, Ақтау қаласының құрметті азаматы ДРАЧ Александр дүниеге келді.
Ресейдің Хабаров өлкесінде туған. Днепропетровск инженерлік-құрылыс институтын бітірген.
1971-1990 жылдары - бокстан жаттықтырушы. 1990 жылдан Маңғышлақ туризм және спорт облыстық басқармасының бастығы қызметтерін атқарған. А.Қилымов, А.Кушков, Т.Қалимов, М.Жәкиев, Е.Ишекенов, Т.Хитуов сынды белгілі боксерларды баптаған.
«Жауынгерлік ерлігі үшін», «Еңбек ардагері» медальдарымен марапатталған.
15 ЖЕЛТОҚСАН, СЕЙСЕНБІ
Украин сот қызметкерлерінің күні. 2000 жылғы 8-ші желтоқсандағы Украин Президентінің Қаулысымен бекітілген.
ОҚИҒАЛАР
10 жыл бұрын (1999) Президент Н.Ә.Назарбаев Қазақстан Республикасы ұлттық қауіпсіздігінің стратегиясын бекітті.
4 жыл бұрын (2005) алғашқы рет Қазақстан Республикасының Қарулы күштері тарихында полковник атағын әйел алды, ол Қазақстан Республикасының Қорғаныс Министрлігі Бас клиникалық госпитальдің гинекология бөлімінің бастығы Гүлпарида Байділдаева. Полковниктің медициналық еңбек өтілі 24 жыл. Әскери-медициналық бөлімдерде жұмыс істеген, дәрігермен қамтамасыз ету ұйымында теориялық-практикалық үздік дайындығы бар.
1 жыл бұрын (2008) Ақтөбеде Әбілқайыр хан даңғылында Тәуелсіздік монументі ашылды - Алматыда Республика алаңында орналасқан ескерткіштің кішірейтілген көшірмесі.
Ескерткіш мешітпен «Нұрдәулет» сауда орталығының қасында орналасты, Ақтөбелік кәсіпкер Ербол Байжарқыновтың қаражатына ашылды. Постамент мәрмәрдан жасалған, барыстағы алтындалған «алтын адам» денесі металл мен керамикадан жасалған. Ескерткіштің биіктігі 20 метрден асады.
ЕСІМДЕР
85 жыл бұрын (1924-2002) актриса, Қазақстанның халық әртісі БӘКІРОВА Шолпан дүниеге келді.
Талдықорған қаласында туған. Талдықорған қазақ драма театрының, Қызылорда облыстық қазақ драма театрының актрисасы қызметтерін атқарған.
М.Әуезовтің «Еңлік - Кебегінде» Еңліктің, «Қара қыпшақ Қобыландысында» Көкланның, Ғ.Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш - Баян сұлуында» Баян, «Ақан сері - Ақтоқтысында» Ақтоқты, Ш.Айтматовтың «Ана - Жер-анасында» Толғанайдың, М.Кәрімнің «Ай тұтылған түнінде» Таңқабикенің, У.Шекспирдің «Король Лирінде» Гонерильяның рөлдерін орындаған.
80 жыл бұрын (1929) кескіндемеші, Қазақстанның халық суретшісі, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері ЫСМАЙЫЛОВА Гүлфайрус Мәнсүрқызы дүниеге келді.
Алматы қаласында туған. Алматы көркемсурет училищесін, Санкт-Петербор И.Репин атындағы кескіндеме, мүсін және сәулет өнері институтын бітірген.
Алматы көркемсурет училищесінің оқытушысы, Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрының бас суретшісі қызметтерін атқарған.
А.Сәтбаевтың «Ақбөпе», Л.Степанов пен Н.Тілендиевтің «Дорога дружбы», С.Мұхамеджановтың «Жұмбақ қыз», Е.Рахмадиевтің «Алпамыс», Е.Брусиловскийдің «Қозы-Көрпеш - Баян сұлу», Дж.Пуччинидің «Богема», «Чио-Чио-сан», Дж.Вердидің «Аида» опералары мен балеттеріне, «Қыз Жібек» фильміне декорациялар жасаған.
«Қазақ вальсі. Шара Жиенқұлованың портреті», «Ғ.Мүсіреповтің «Ақын трагедиясы» пьесасындағы Ақтоқты рөліндегі Шолпан Жандарбекованың портреті», «Қыз Жібек рөліндегі Күләш Байсейітованың портреті», «Халық шебері», «Дина Нүрпейісованың портреті», «Ә.Қастеевтің портреті», «М.Әуезовтің портреті», «С.Мұқановтың портреті» атты көптеген портреттердің, натюрморттардың авторы.
«Тарлан» сыйлығының иегері. «Құрмет белгісі», «Халықтар достығы», «Парасат» ордендерімен марапатталған.
40 жыл бұрын (1969) Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттігі төрағасының орынбасары, философия ғылымдарының кандидаты ШОМАНОВ Асқар Жұмабайұлы дүниеге келді.
Алматы қаласында туған.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін, Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетінің аспирантурасын бітірген.
Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі стратегиялық өңдеу және талдау орталығы меңгерушісінің орынбасары қызметін атқарған. Қазіргі қызметінде - 2009 жылдың 9 қазанынан.
16 ЖЕЛТОҚСАН, СӘРСЕНБІ
Қазақстан Республикасының Ұлттық мейрамы - Тәуелсіздік күні (1991). 1991 жылдың 16 желтоқсанында Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Конституциялық заңға қол қойды.
Бахрейн мемлекетінің Ұлттық мейрамы - Тәуелсіздік күні (1971). Бахрейн, яғни екі теңіз корольдігі Катар мен Сауд Арабиясы аралдарының арасындағы Парсы бұғазының оңтүстік жағын ала орналасқан, 33 аралдан тұратын мемлекет. Тәуелсіздік алғанға дейінгі жүз жылдықта Ұлыбританияның отары болды. Мемлекет басшы - әмір. ХVIII ғасырдың соңынан бастап Бахрейнді Әл-Халифа әулеті басқарып келеді. Негізгі пайда көзі - мұнай. Қазақстан Республикасымен дипломатиялық қарым-қатынас 1992 жылғы мамырдың 28-де орнатылды.
ОҚИҒАЛАР
15 жыл бұрын (1994) Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаев өз резиденциясында ЕуроОдақ Комиссиясының (КЕС) Қазақстандағы тұрақты өкілі Роберт Кремердің сенім грамотасын қабылдады. Елбасы Алматыда ЕуроОдақ өкілдігінің ашылуы Қазақстан мен Еуропа арасындағы экономикалық, саяси байланыстардың дамып, еуропалық серіктестермен сауда-саттық, іскерлік қатынастардың жолға қойылуына едәуір көмек көрсетеді деп атап өтті.
15 жыл бұрын (1994) Ақын Мұхтар Шахановқа «Қырғыз Республикасының ел ақыны» атағы берілді.
13 жыл бұрын (1996) Алматыда Республика алаңында Тәуелсіздік монументі салтанатты түрде ашылды. Комплекс өзін көркемдік туындыларымен, сәулеттің синтез жасаушыларымен, мүсінмен, мәдениет пен мемлекеттік, танымал ғылым қайраткерлерінің нақыл сөздерінің мәтінімен көрсетеді. Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген сәулетшісі Шота Уәлихановтың басшылығымен сәулетшілердің авторлық тобы қар басқан көркем көріністі алаңның композициясында толығымен пайдаланды. Композицияның орталығы тік тұрған көркем стела, бедерлі манғышлақ құлпытастарын еске түсіреді, биіктігі 28 метр.
13 жыл бұрын (1996) «Анкара» бесжұлдызды қонақүйі салтанатты түрде ашылды. Ашылу салтанатында Қазақстан мен Турция Президенттері қатысты.
12 жыл бұрын (1997) Қазақстанның Ұлттық банкі ұлы жазушы М.Әуезовтің 100-жылдығына арналған құны 20 теңгелік металл естелік шақаларын айналымға шығарды.
5 жыл бұрын (2004) Семейде қазақ халқының танымал ұлы, туған жерінің тәуелсіздігі үшін күрескен Қабанбай батырдың ескерткіші салтанатты түрде ашылды.
3 жыл бұрын (2006) Батыс Қазақстан облысы Қазталов ауданы Жалпақтал ауылында өткен ғасырдың қырқыншы жылдары жұмыс атқарған «Қазақ халқын құтқару ұйымы» («Союз спасения казахского народа») атты жастар ұйымын құрушылардың аты жазылған ескерткіш тақта ашылды.
Қозғалыстың 14 белсенді жастарының аты жазылған ескерткіш тақтаның ашылу салтанатында туыстары мен жақындары қатысты. Одақтың басқарушысы Ғұбайдолла Әнесов 1941 жылы желтоқсанда тұтқындалып, ату жазасына кесілген, қалған қатысушылары ұзақ мерзімге түрмеге қамалды. Жалпақтал көшелерінің біріне Ғ.Әнесовтың аты берілді.
ЕСІМДЕР
95 жыл бұрын (1914-1986) филология ғылымдарының докторы, профессор САЙКИЕВ Халаби Мұхитұлы дүниеге келді.
Ұлы Отан соғысына қатысқан.
Батыс Қазақстан облысы Бөрлі ауданында туған. Орал А.Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университет).
1946-1961 жылдары - Қазақ мемлекеттік университетінің (әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті) оқытушысы, проректоры, факультет деканы, Қазақстан Ғылым академиясының Тіл және әдебиеті институтының директоры. 1962-1986 жылдары - Қазақ мемлекеттік университетінің орыс тілі кафедрасының меңгерушісі.
Ғалым орыс, қазақ тілдерін салыстыра, орыс тілінің граматикасын зерттеді. Орта және жоғары оқу орындарына арналған орыс тілі оқулықтарының авторы.
80 жыл бұрын (1929) әнші, КСРО және Қазақстан халық әртісі, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, КСРО және Қазақстан мемлекеттік сыйлығының иегері ТӨЛЕГЕНОВА Бибигүл Ахметқызы дүниеге келді.
Семей қаласында туған. Алматы мемлекеттік консерваториясын (Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясы) бітірген.
Өнер жолын көркемөнерпаздар үйірмесінен бастаған. 1951-1971 жылдары - Қазақ радиосының, Қазақ мемлекеттік филармониясының әнші-солисі. 1971-1979 жылдары - Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрының әнші-солисі. 1979 жылдан - Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясы вокал кафедрасының профессоры.
Әншінің репертуарында қазақтың халық әндері, Қазақстан композиторларының шығармалары бар. Өзінің концерттік-орындаушылық өнерін шеберліктің жоғары сатысына көтеріп, классикалық дәрежеге жеткізді. Қазақ опера өнеріне де елеулі үлес қосты. Таңдаулы партиялары: Жібек (Е.Брусиловский «Қыз Жібек»), Қарлығаш (А.Жұбанов және Л.Хамиди «Абай»), Гүлбаршын (Е.Рахмадиев «Алпамыс»), Джильда, Виолетта (Дж.Верди «Риголетто», «Травиата»).
Ол «Дала қызы», «Біздің сүйікті дәрігер», «Бұл Шұғылада болған еді», «Тақиялы періште» фильмдерінде өз замандастырының тұлғасын жасады.
Гастрольдік сапармен Канадада, Францияда, АҚШ-та, Италияда, Швецияда, Египетте, Алжирде, Сирияда, Үндістанда болды.
Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі 7-9-шақырылымдарының депутаты.
Ленин, Еңбек Қызыл Ту ордендерімен, медальдармен марапатталған. Астана қаласының құрметті азаматы.
17 ЖЕЛТОҚСАН, БЕЙСЕНБІ
1430 хижра жылының 1-ші мұхаррамы - 1430 хижра жылының басталуы (мұсылман жыл санау бойынша). Хижра күнтізбесі бойынша 1430 жылдың бірінші күні
Желтоқсан құрбандарын еске алу күні. Қазақ халқының азаматтық және саяси позициясын айқын аңғарта білген, 1986 жылғы 17-18 желтоқсандағы қанды қырғында опат болған жастардың әруағына сыйынып, құран оқылады.
ОҚИҒАЛАР
90 жыл бұрын (1919) Орынбор қаласында «Ұшқын» газетінің алғашқы саны жарық көрді. Ол қазір «Егемен Қазақстан» деп аталады. Өзінің алғашқы нөмірінен-ақ басылым қазақ халқын халықаралық және еліміздің ішкі жағдайларының аса маңызды оқиғаларымен таныстырып отырды. Сол кезден бері газет атын сегіз рет өзгертті.
10 жыл бұрын (1999) Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаев АҚШ-қа ресми сапармен барды. Онда БҰҰ бас хатшысы К.Аннан мырзамен және Бүкілдүниежүзілік еврей конгресінің президенті Э.Бронфманмен кездесті.
ЕСІМДЕР
115 жыл бұрын (1894-1938) отандық тіл білімі көшбасшыларының бірі, ғалым-педагог, әдіскер, әдебиетші, сыншы, тарихшы, аудармашы, қоғам қайраткері ШОНАНҰЛЫ Телжан дүниеге келді.
Ақтөбе облысы Ырғыз ауданында туған. Екі сыныптық Ырғыз орыс-қазақ училищесін, Орынбор қырғыз (қазақ) мұғалімдер институтын, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық институтын бітірген.
1917 жылы Алашорда үкіметінің А.Байтұрсынов басшылық еткен Оқу комиссиясына сайланған. Мұғалім, Қазақ мемлекеттік университетінің (әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті), Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің оқытушысы, доценті қызметтерін атқарған.
30-дан астам оқулықтың авторы. «Жаңалық», «Сауаттан», «Колхоз ауылы», «Оқу құралы» (А.Байтұрсыновпен бірге), «Тіл дамыту», «Қазақ тілінің оқу құралы», т.б. латын әрпі, татар, ұйғыр, түрік тілдері жайлы зерттеу еңбектері бар. «Қазақ жер мәселесінің тарихы» (1926) атты Ташкентте басылған кітабында қазақ жерін отарлаудың 200 жылдық тарихы талданған.
1994 жылы Ақтөбеде құрылған Т.Шонанұлы атындағы мейірімділік қоры ғалым мұрасын іздестірумен, зерттеумен айналысады.
55 жыл бұрын (1954) педагогика ғылымдарының докторы, математика профессоры, Жоғары мектеп ғылымдары Халықаралық Академиясының академигі, Қазақ спорт және туризм академиясының ректоры ЗАКИРЬЯНОВ Қайрат Хайруллинович дүниеге келді.
Шығыс Қазақстан облысында туған.
Қазақ мемлекеттік университетін (әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті) бітірген.
1993-1995 жылдары - Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінің ректоры, облыс әкімінің орынбасары. 1995-1998 жылдары - Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі ішкі саясат бөлімінің сектор меңгерушісі. Қазіргі қызметінде - 1998 жылдан.
АҚШ-тағы Иллинойск университетінің құрметті профессоры. Қазақстан университеттері Ұлттық спорт одағының президенті, Еуропа мен Азиядағы спорт жоғарғы оқу орындары қауымдастығының бірінші вице-президенті.
18 ЖЕЛТОҚСАН, ЖҰМА
Көші-қонның халықаралық күні. ЭКОСОС-тың ұсынысы бойынша 2000 жылғы желтоқсанның 18-де БҰҰ Бас Ассамблеясы бекіткен. 1990 жылғы желтоқсанның 18-де барлық еңбек етіп жүрген оралмандарды және олардың отбасын қорғау туралы халықаралық конвенция қабылданды.
ОҚИҒАЛАР
17 жыл бұрын (1992) Қазақстан Республикасының «Семей полигонындағы ядролық сынақтан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтік қорғау туралы» Заңы қабылданды.
6 жыл бұрын (2003) Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстандағы өлім жазасына мораторий енгізу туралы» Қаулыға қол қойды.
1 жыл бұрын (2008) Қарағандыда танымал ғалым, Қарағанды мемлекеттік политехникалық институтын көп жылдары бойы басқарған Әбілқас Сағыновқа арналған ескерткіш тақта ашылды. Ескерткіш екінші оқу корпусының ғимаратында орнатылған, мұнда Ә.Сағынов отыз жылдан астам оқытушы қызметінде жұмыс атқарды.
ЕСІМДЕР
140 жыл бұрын (1869-1919) қоғам қайраткері, Қазақстанда Кеңес өкіметін орнату жолында күрескендердің бірі МАЙКӨТОВ Әділбек дүниеге келді.
Атбасар уезінің Сарышой ауылында (қазіргі Ақмола облысы) туған.
1887 жылы орыс-қазақ училищесін бітірген. Арнайы білімді Омбының фельдшерлік мектебінде алды. Атбасарда дәрігерлік қызмет атқара жүріп, қоғамдық саяси өмірге де белсене араласты.
1905 жылдан бастап Петропавлдағы социал-демократтар ұйымымен байланыста болды. 1905-1907 жылдары Атбасар жұмысшыларының ереуілін ұйымдастыруда белсенділік танытқан. 1916 жылы ұлт-азаттық көтеріліс кезінде қазақ жастарын тыл жұмыстарына тартуға қарсы шығып, Ұлытау өңірінде қарулы жасақтар ұйымдастырады. 1916 жылы жергілікті өкімет орындары Әділбек Майкөтовті тұтқындап, түрмеге жабады. 1917 жылы ақпан көтерілісінің нәтижесінде бостандыққа шыққан.
Ол Қазан көтерілісінен кейін большевиктер партиясына мүше болып, халық арасында үгіт-насихат жүргізді. 1918 жылы ақпанда Атбасар уездік кеңестерінің съезінде уездік атқару комитетінің құрамына сайланған. Атбасар уездік кеңесі төрағасының орынбасары, денсаулық сақтау бөлімінің меңгерушісі және қазақ бөлімі жұмысына жауапты қызметкер болған.
1918 жылы Атбасарда кеңес билігі құлағаннан кейін астыртын жағдайда Уақытша Сібір үкіметіне, Алашорда бөлімдеріне, кейін Колчак диктатурасына қарсы күрестер жүргізді. Атбасар өңірінде партизандар жасақтарын ұйымдастыруға атсалысқан. 1919 жылы қаңтарда тұтқындалып, Колчак үкіметінің Атбасар уездік төтенше комиссиясының шешімімен ату жазасына кесілді.
Атбасар қаласында қоғам қайраткері Әділбек Майкөтовке ескерткіш орнатылған. Астана, Атбасар қалаларында Ә.Майкөтов атындағы көшелер бар.
75 жыл бұрын (1934) қазақстандық сәулетші, Қазақстанның еңбек сіңірген әрі құрметті сәулетшісі МОРДВИНЦЕВ Станислав Ильич дүниеге келді.
«Қарағандықалаауылжоба» институтының бас сәулетшісі. Ұзақ уақыт Қазақстан Сәулетшілер одағының Қарағанды облыстық бөлімшесінің төрағасы болды.
С.Мордвинцевтің жобасы бойынша ҚарМУ мен Қарағандының орталық алаңындағы Облыстық кәсіподақ кеңесінің ғимараты, «Степной» тәжірибелік шағын ауданы, «Шайбұлақ» емдеу-сауықтыру орны салынды.
Қарағанды қаласының жаңа бас жобасын дайындағаны үшін Мемлекеттік сыйлыққа ие болды.
65 жыл бұрын (1944) Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты - Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесіӘБДІКӘРІМОВ Оралбай дүниеге келді.
Қарағанды облысы Нұра ауданында туған.
Қарағанды мемлекеттік университетін, Алматы жоғары партия мектебін бітірген.
Қарағанды қалалық халықтық бақылау комитетінде, партия органдарында, республикалық басқару органдарында мемлекеттік қызметте, Президент Аппараты басшысының орынбасары - ұйымдастыру-бақылау бөлімінің меңгерушісі, Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің басшысы, Қазақстан Республикасы Жоғары тәртіптік кеңесінің төрағасы, сыбайлас жемқорлықпен күрес жөніндегі Мемлекеттік комиссияның төрағасы, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы, Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі болып қызмет істеген.
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің он екінші шақырылымының депутаты.
1999 жылғы қарашада Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен Қазақстан Республикасы Парламентінің екінші шақырылымында Сенат депутаты болып тағайындалған. Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы болып сайланған.
II дәрежелі «Барыс», ТМД ПАА-ның «Содружество» ордендерімен, сегіз медальмен марапатталған.
19 ЖЕЛТОҚСАН, СЕНБІ
Энергетик күні. Қазақстан Республикасы Президентінің 1998 жылғы қарашаның 20-дағы Жарлығына сәйкес атап өтіледі.
Жарлы-жақыбайларға көмек көрсетудің халықаралық күні. Айналасындағы тұрмысы нашар жандарға ат үсті қарамайтын барлық адамдар осы міндетті атқарады.
ОҚИҒАЛАР
78 жыл бұрын (1931) Қарағандыдан 45 шақырым жердегі Долинка ауылында еңбекпен-түзейтін лагері құрылды. Қарлагтың басты міндеті - тұтқындардың тегін еңбектерін Орталық Қазақстандағы дамып келе жатқан көмір-металл өнеркәсіптері: Қарағанды көмір бассейні, Жезқазған мен Балқаштағы мыс қорытатын комбинаттарына азық-түлік базасын құру мақсатында пайдалану болды. Жергілікті тұрғындардың қоныс аударуына мәжбүр еткен соң бос жерлерге есепсіз тұтқындар колониялары орналастырылды. Олар темір жол, тұтқындарға арналған барактарды, сиырлар тұратын орындарды, әскериленген күзетке арналған казармалар, басқарушылардың үйлерін салды. Лагердің бар болған кезеңінде онда 1 миллионнан астам тұтқындар болды. Тұтқындар Ұлы Отан соғысы кезінде елдің әскери экономикасына өздерінің үлкен үлесін қосты. Мұнда ұлы ғалымдар өз мерзімдерін өткізді, артынан Қарағандының ұжымдары мен оқыту мекемелерінде ғылыми зерттеулер негізін қалады. Қарлагта ерекше мәдени мұра қалдырған еліміздің және шетелдің жүздеген өнер қайраткерлері болды.Уақыт өткен соң Қарлаг қылмыскерлерге арналған лагерь болып қалды. Лагерь 1959 жылы таратылды.
18 жыл бұрын (1991) алғашқы пунктінде «КСРО одақтық-республикалық органы Мемлекеттік Қауіпсіздік Комитетінің республикамыздағы құқықтық мирасқоры болып Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Қауіпсіздік Комитеті деп танылсын» деп көрсетілген Министрлер Кабинетінің «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қауіпсіздік комитеті туралы» Қаулысына қол қойылды. Бұл егеменді мемлекеттің қауіпсіздік органдары жүйесінің құрылуының алғашқы қадамы болды.
13 жыл бұрын (1996) Қазақстан тарихында алғашқы соттар сьезі өтті. Сьезде сот жүйесінің құрылуы мен жұмыс жасау сұрақтары талқыланды. Республиканың Соттар одағы құрылды және Соттар этикасы кодексі қабылданды.
12 жыл бұрын (1997) Түркия астанасында Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күні аталып өтті.
ЕСІМДЕР
110 жыл бұрын (1899-1938) қазақ тілі білімінің негізін қалаушылардың бірі, түрктанушы, педагог-ағартушы, профессор ЖҰБАНОВ Құдайберген Қуанұлы дүниеге келді.
Ақтөбе облысы Темір ауданында туған.
Електегі (Орынбор облысы) екі кластық орыс училищесін, Орынбордағы «Хусайния» медресесін, Санкт-Петербор Шығыстану институтының толық курсын, КСРО Ғылым академиясы Тіл білімі институты аспирантурасын бітірген.
Темір қаласындағы уездік оқу бөлімінің, Ақтөбе губерниялық оқу бөлімінде нұсқаушы-әдіскер және педтехникумының оқытушысы, Қазақ КСР Оқу халық комиссариатының ғылыми және оқу-әдістеме кеңесінің төрағасы, Абай атындағы Қазақ педагогикалық институты қазақ тілі және әдебиеті кафедрасының меңгерушісі, КСРО Ғылым академиясының Қазақстан бөлімшесінің сектор меңгерушісі, мемлекеттік Терминком төрағасы қызметтерін атқарған.
Жұбановтың тіл білімі бойынша жазған еңбектері қазақ әліпбиі мен орфографиясы мәселелеріне арналған. «Көмекші етістіктер мен күрделі етістіктер», «Қазақ тіліндегі біріккен сөздердің жасалуы», «Қазақ тілінің ғылыми грамматикасының материалдары», «Фонетика», «Қазақ тілінің ғылыми курсы жөнінен лекциялар», «Қазақ тілі фонетикасының тарихын зерттеуге кіріспе», «Қазақ сөйлеміндегі сөздердің орын тәртібі», «Жаңа грамматиканың жаңалықтары жайынан», «Буын жігін қалай ажыратуға болады», т.б. еңбектері - қазақ тіл білімі теориясын жасау және оны дамытуға қосылған үлкен үлес. Латын әліпбиіне негізделген қазақ орфографиясын жасауға қатысты. «Термин сөздердің өзіндік ерекшеліктері», «Қазақ әдеби тіл терминологиясының мәселелері» атты еңбектер жазды.
Республика халық ағарту комиссариатының коллегия мүшесі, КСРО ҒА Қазақстан бөлімшесі төралқасының, бірнеше ғылыми кеңестер мен қоғамдардың мүшесі болған.
Халық ағарту ісіндегі еңбегі үшін «Қазақстанның 15 жылдығы» белгісімен марапатталған. 1938 жылы «халық жауы» деген жаламен атылып, 1957 жылы КСРО Жоғарғы Соты Соғыс коллегиясының үкімімен ақталды.
20 ЖЕЛТОҚСАН, ЖЕКСЕНБІ
Халықаралық адамдар ынтымақтастығының күні. БҰҰ Бас Ассамблеясының кедейлікті жою үшін күрес жөніндегі БҰҰ-ның бірінші Онжылдығын өткізуге арналған қарарында жарияланған. 2006 жылдан бастап жыл сайын 20-шы желтоқсанда аталып өтеді.
ОҚИҒАЛАР
15 жыл бұрын (1994) Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым академиясының үлкен залында Орта Азияның көрнекті ғалымы Ұлықбек Мұхаммед Тарағайдың 600 жылдығына (1394-1449) арналған ғылыми конференция болып өтті.
3 жыл бұрын (2006) Румыния астанасында Бухарест университеті, Экологиялық университеті және Спиру Харет А.Караджи атындағы университеті профессорының «Қазақстан - Орталық Азияның барысы» атты кітабы жарық көрді. Кітап, «Михай Эминеску» халықаралық баспа қорымен Қазақстан Республикасының Бухарестегі дипломатикалық миссиясы көмегімен басып шығарылды, кітапта біздің елдің туристік назар аударатын жерлері туралы жалпы ақпарат бар.
3 жыл бұрын (2006) Астанада Қазақстан Республикасындағы Ұлыбритания елшілігі ресми түрде ашылды.
3 жыл бұрын (2006) Алматыда олимпиада чемпионы Бекзат Саттарханов туралы кітаптың таныстырылымы болды.
Бекзат Саттарханов (1980-2000) - 2000 жылғы Сиднейдегі Олимпиада ойындарының чемпионы, «Барыс» орденінің бірінші дәрежедегі кавалері. Кітап «Қазығұрт» баспасында басылып шыққан, қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде жазылған. Отбасылық мұрағаттан алынған суреттер және көптеген спорт журналистерінің фото суреттері пайдаланған. Фотоальбом чемпионның спорттағы «шыңға жеткен» жеңістері хроникаларынан басталады. Кітаптың тиражы - 3000 дана.
1 жыл бұрын (2008) Қазақстандағы балалар хирургиясының негізін қалаушы, балалар хирургиясы мен педиатрия институтының директоры, медициналық ғылымдарының докторы, Қазақстан Республикасы Ғылым Академиясының академигі Қамал Ормантаевқа «Қызылорда облысының құрметті азаматы» атағы берілді.
ЕСІМДЕР
95 жыл бұрын (1914-1979) Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, актер ТҰРСЫНОВ Жүсіпбек дүниеге келді.
Ұлы Отан соғысына қатысқан.
Павлодар облысында туған.
1937-1951 жылдары Ақтөбе мен Жамбыл облыстық драма театрларында қызмет еткен. 1952 жылдан - Шымкент облыстық драма театрының актері.
Махамбет (М.Ақынжановтың «Исатай-Махамбет»), Жантық, Жағыпар (Ғ.Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» және «Амангелді»), Арыстан, Көбей, Керім (М.Әуезовтің «Айман-Шолпан» және «Еңлік-Кебек», М.Әуезов пен Л.Соболевтің «Абай»), Боқай (С.Адамбековтің «Біздің үйдің жұлдыздары»), Базарбай (Ә.Ордабаев пен Қ.Шаниннің «Сенім күші»), Қатай (С.Жүнісовтің «Ажар мен ажал»), Қарасай (Б.Майлиннің «Шұға»), Әли (Р.Ғамзатовтың «Тау қызы»), Подколесин (Н.Гогольдің «Үйлену») сияқты күрделі де қиын образдарды сомдады.
Қызыл Жұлдыз орденімен және медальдармен марапатталған.
85 жыл бұрын (1924-1975) ғалым, педагогика ғылымдарының докторы, профессор БЕРЖАНОВ Қартбай Бекемұлы дүниеге келді.
Батыс Қазақстан облысы Ақжайық ауданында туған.
Қазақ педагогикалық институтын (Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті) бітірген.
Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институтының оқытушысы, доценті, проректоры, Алматы облыстық білім беру бөлімінің меңгерушісі, Қазақ мемлекеттік университетінің (әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті) кафедра меңгерушісі қызметтерін атқарған.
Ғылыми-зерттеу жұмыстарының негізгі бағыты - революцияға дейінгі Қазақстандағы оқу-ағарту ісі мен жаңа кезеңдегі (1917-1941) Қазақстан мұғалімдерінің қоғамдық, мәдени-ағарту қызметі. «Педагогика тарихы» атты жоғарғы оқу орындарына арналған қазақ тіліндегі тұңғыш оқулықтың авторы.