ҚазАқпарат-Анонс: желтоқсанның 9-ы мен 13-і аралығындағы оқиғалардың күнтізбесі

ҚазАқпарат-Анонс: желтоқсанның 9-ы мен 13-і аралығындағы оқиғалардың күнтізбесі

ҮКІМЕТ

Желтоқсанның  9-ында  Статистика агенттігінде    11 айдың  қорытындысы  бойынша   баспасөз мәслихаты  өтеді.

Желтоқсанның  10-ында   Экономика  министрлігінде  ведомствоның «Экономикалық   зерттеулер институты» акционерлік қоғамының Ашық  есік күні  өтеді.

ПАРЛАМЕНТ

Желтоқсанның 9-ында   Парламент  Мәжілісінің   пленарлық   отырысы  өтеді.

ҚОҒАМ

Желтоқсанның 7-10-ы аралығында Женевада Сыртқы істер министрлігінің Ерекше тапсырмалар жөніндегі Елшісі Мәдина Жарбосынованың басшылығымен Қазақстанның ведомствоаралық делегациясы БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі кеңесінің Әмбебап мерзімді шолу жөніндегі Жұмыс тобының 6-шы сессиясына қатысуы жоспарланып отыр.

Желтоқсанның 9-10-ында Брюссельде ЕҚЫҰ тақырыбында жоғары деңгейдегі семинар өтетіні күтіледі. Семинардың мақсаты Еуропалық одаққа мүше мемлекеттердің ЕҚЫҰ-ға төрағалық ету тәжірибесімен танысу болып табылады. Аталған шара барысында Еуропалық Одақ елдерінің жоғары лауазымды тұлғаларымен кездесу де жоспарлануда. Қазақстан тарапынан семинарға ҚР Сыртқы істер министрлігінің Ерекше тапсырмалар жөніндегі елшісі Дулат Қуанышев қатысады.

Желтоқсанның 9-10-ы күндері ҚР Мемлекеттік хатшысы-Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев Германиядағы Қазақстан жылының жабылу рәсіміне қатысуына байланысты Берлинге сапары өтеді.   Қ. Саудабаев шара барысында ГФР Вице-канцлері-Сыртқы істер министрі Г. Вестервеллмен, Бундестагтың басшылығымен, ГФР Мемлекеттік хатшысы Г. Вольфпен, ГФР бұрынғы Вице-канцлері Х. Д. Геншермен кездесуі жоспарланған. «Ресми сапар барысындағы жүздесулерде Қазақстан мен Германияның екіжақты ынтымақтастығының өзекті мәселелері талқыланатын болады.

Желтоқсанның 11-інде Минск қаласында «Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығы: перспективалар, мәселелер мен қыр көрсетулер» атты халықаралық конференция өтеді деп жоспарлануда. Конференция барысында Қазақстанның төрағалыққа дайындығы жөнінде мәселелері талқыланады. Бұдан басқа, жиын барысында «Еуропаға жол» атты еліміздің мемлекеттік бағдарламасын іске асыру туралы ақпараттар қамтылады. 2010 жылғы Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығының логотипінің таныстыру рәсімін өткізу де жоспарлануда.

Желтоқсанның 12-сінде Қытай Халық Республикасының Төрағасы Ху Цзиньтаоның Қазақстанға жұмыс сапары жоспарланып отыр. Сапар барысында ҚР Президенті Н. Назарбаев пен ҚХР Төрағасы Ху Цзиньтао «Қазақстан-Қытай» газ құбырының бірінші желісін ашу салтанатына және екінші желісінің балқытып біріктіру жұмысының аяқталуына қатысуы жоспарланып отыр.

АСТАНА

Желтоқсанның 9-ында сағат 15-00-де Бейбітшілік және келісім сарайында «Қазақстанда кілем тоқу өнерінің болашағы бар ма?» тақырыбындағы семинар өтеді.

Желтоқсанның  9-ында Астана қаласы, Ақжол көшесі 26, мекен-жайында орналасқан «ҚазАгроИнновация» акционерлік қоғамында, 2009 жылдың 9 желтоқсан күні Қазақстан Республикасы Сенат Парламентінің Аграрлық мәселелер және қоршаған ортаны қорғау комитеті депутаттарының көшпелі  мәжілісі болады.

Желтоқсанның  9-ында  сағат  14.00-те «ЦЕСНА» балалар мен жасөспірімдер футбол мектебінде балалар мен жасөспірімдер футболын дамыту мәселесіне және «ЦЕСНА» балалар мен жасөспірімдер футбол мектебінің «CHELSEA» ФК-мен серіктестегі «BACON's Football Academy» британ Футбол Академиясының арасындағы қызметтестіктің басталуына арналған баспасөз-конференциясы өтеді.

Желтоқсанның 9-ында  Ұлттық  мұрағатта  «Көзқарас» саяси  клубының  отырысы  болады.

Желтоқсанның 9-ында Бас прокуратурада Үйлестіру  кеңесінің   мәжілісі   өтеді.

Желтоқсанның 9-ында «Бәйтерек»  медиа-орталығында «Болашақ» стипендиаттары қауымдастығының    баспасөз мәслихаты  болады

Желтоқсанның 10-ы күні сағат  16:00-де ҚР Президенттік мәдениет орталығында Тәуелсіздік мерекесіне арналған Мұхтар Қайратұлы Байбосынның «Туған жерім - алтын бесігім»  атты жеке көрмесінің ашылуы болады.

Желтоқсанның 10-ы күні Астанада «Нұр Отан» халықтық -демократиялық партиясы жанындағы Парламентаризм институтының ұйымдастыруымен «Қазақстандағы парламентаризм: оның жай-күйі мен даму көкжиектері» атты тақырыпта ғылыми-тәжірибелік конференция өтеді.

Желтоқсанның 10-ы мен 11-і күндері Астанада «Нұр Отан» халықтық- демократиялық партиясының жастар қанаты «Жас Отан» ұйымының атқарушы хатшыларының слеті өтеді.

Желтоқсанның 10-ында елордада «Тәуелсіз Қазақстан: елес соңы және жасампаздық тарихы» атты ғылыми-тәжірибелік конференция өтеді.Конференция Қазақстанның қазіргі заман тарихы бойынша гуманитарлық зерттеулердегі мемлекеттілік тарихы мен теориясы мәселелерін, тәуелсіз Қазақстанның тарихын зерттеу және оқыту мәселелерін талдау сияқты маңызды тақырыптарды қамтиды.

Желтоқсанның 10-да Астанада кен-металлургия өнеркәсібі қызметкерлерінің II-ші съезі өтеді. Съезд жұмысына ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов, Үкімет мүшелері, Парламент депутатары, ұлттық компаниялардың және саладағы барлық кәсіпорындардың басшылары қатысады.

АЛМАТЫ

Алматыда желтоқсанның 8-9-ы  күндері  Есірткілік заттарды өндіру мен есірткіні айналымға шығару, есірткі мен жүйкеге әсер ететін заттарды және прекурсорларды пайдалануды бақылауда бірлесіп қызмет ету мен өзара түсіністік жөніндегі меморандумға қатысушы мемлекеттердің Сыртқы істер министрлерінің 8-ші кездесуі өтеді

Желтоқсанның 9-10-ы аралығында Алматыда  Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінің, Мәдениет комитетінің және Мәдени саясат және өнертану институтының ұйымдастыруымен I халықаралық Қазақ-Британ академиясы құрылтайшыларының  алғашқы кеңесі өтеді.

Желтоқсанның 9-ында 16-00-де АҚШ Мемлекеттік хатшысының Халықаралық Есірткімен күрес және заңдылықты сақтау жөніндегі көмекшісі Дэвид Т.Джонсонның қатысуымен Алматыда ресми шара өтеді.

Желтоқсанның 9-ында  Ұлттық   кітапханада   Е.Тынышбайдың 100 жылдығына арнап шығарылған  марканы таныстыру  рәсімі    болады.

Желтоқсан айының 10 мен 19-ы күндері аралығында Қазақтың Мемлекеттік М.Әуезов атындағы академиялық драма театрында Тынымбай Нұрмағамбетовтың «Қожанасыр тірі екен» атты комедиялық қойылымның  премьерасы өтеді.

Желтоқсан айының 11-і күні Алматыда Республика сарайында қазақтың көрнекті ақыны Қадыр Мырза Әлидің «Өз елім» атты шығармашылық кеші өтеді.  Шығармашылық кеш Алматы қаласы әкімдігі мен «Қазақстан мәдениеті» қоғамдық қорының қолдауымен ұйымдастырылады. Кешке эстрада жұлдыздары мен танымал әншілер Бибігүл Төлегенова, Нұрғали Нүсіпжанов, Ескендір және Біржан Хасанғалиевтер, Донеділ Қажымов, Келденбай Өлмесеков, Қыдырәлі мен Қарақат, Тоқтар Серіков, «МузАрт» тобы және тағы да басқа өнер шеберлері қатысады.

Алматыда желтоқсанның 12-сі күні Республика сарайында "Шығыс жұлдыздары" өнер фестивалі өтеді. Бұл шара Невада-Семей қозғалысының 20 жылдығы мен Желтоқсан көтерілісінің 23 жылдығына арналып отыр.

Желтоқсанның 14-інде  «Нұр Отан» ХДП Алматы филиалының ғимаратында «Шаңырақ» Республикалық қоғамдық бірлестігінің  ұйытқы болуымен «Қазақстан Республикасының облыс әкімдерінің жанындағы Қоғамдык кеңестерді эксперттік сараптамалармен қолдау мәселесі бойынша және осыған қатысты шараларды ұйымдастыру және өткізу» тақырыбындағы конференция  өтеді. Конференция жұмысына ҚР Парламентінің Мәжіліс және Сенат депутаттары, ҚР Үкімет өкілдері, Алматы қаласының атқарушы мен өкілдік билік органдары, әлеуметтік келіспеушіліктерді шешетін және сараптайтын эксперттер, үкіметтік емес ұйымдар мен саяси партиялар өкілдері және бұқаралық ақпарат құралдары қатысады.

АТАУЛЫ КҮНДЕР.  ЕЛЕУЛІ ОҚИҒАЛАР.  МЕРЕЙТОЙЛАР.

9 ЖЕЛТОҚСАН, СӘРСЕНБІ

Халықаралық сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес күні. БҰҰ-ның бастамасымен желтоқсанның 9-да атап өтіледі. 2003 жылы Мексиканың Мерида қаласында жоғары дәрежелі саяси конференцияда сыбайлас жемқорлыққа қарсы БҰҰ-ның қол қою конфенциясы ашылды, 2003 жылғы қарашаның 1-де Бас Ассамблея қабылдады.

  

Танзанияның Ұлттық мейрамы - Тәуелсіздік күні. Танзания федерациясы 1964 жылы Занзибар мен Танганьика мемлекеттерінен құрылды. Танганьика тәуелсіздігін 1961 жылы желтоқсанның 9-да, ал Занзибар 1963 жылдың желтоқсанның 10-да алған болатын. 1964 жылғы қаңтардың 12-де екі ел бірігіп, Біріккен Танзания Республикасын құрды. Танзанияның 1965 жылы қабылданған уақытша конституциясы екі елдің толық теңдігін қарастырған.

ОҚИҒАЛАР

18 жыл бұрын (1991) Қазақ КСР Министрлер кабинетінің Қаулысымен А.Пушкин атындағы Мемлекеттік кітапхана Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасы болып өзгертілді.

12 жыл бұрын (1997) Тегеранда ислам әлемінің экологиялық апаттардан зардап шеккен аймақтарына: Арал теңізінің бассейні мен Семей ядролық полигон аймағына көмек көрсету туралы Қарар қабылданды.

1 жыл бұрын (2008) Оралда генерал-майор Асылбек Жаманбаевтың тұрған үйіне ескерткіш тақта орнатылды. Асылбек Жаманбаев (1946-2007) М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетін бітірген, еліміздің ішкі істер органдарында көп жылдан бері жұмыс істеді. Атырау, Жезқазған облыстарының ІІБ әр жылдары басқарды. 1995 жылы Қазақстан Республикасы Президенті Н.Назарбаевтің Жарлығымен оған генерал-майор атағы берілді. Соңғы жылдары А.Жаманбаев қалалық маслихаттың депутаты және Оралдағы еңбек және әлеуметтік қатынастар академиясының профессоры болды.

1 жыл бұрын (2008) Қарағандыда ұлы ғалым және ойшыл Абайға арналған ескерткіш ашылды. Ескерткіштің ашылу салтанатына Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаев қатысты. Ескерткіш авторы - мүсінші Асқар Нартов. Бес метрлі мүсін Қарағанды облысының көркемдік-өндірістік комбинатында құйылған.

ЕСІМДЕР

  

100 жыл бұрын (1909-1983) ғалым, тарих ғылымдарының докторы, профессор, Қазақ КСР Ғылым Академиясының академигі, Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген ғылым қайраткері НҮСІПБЕКОВ Ақай дүниеге келді.

Ұлы Отан соғысына қатысқан.

Алматы облысы Кеген ауданында туған.

Алматы ауыл шаруашылығы техникумын, Мәскеудегі Шығыс еңбекшілері коммунистік университетін бітірген.

Алматы ауыл шаруашылығы техникумының оқытушысы, директоры, Қазақстан Компартиясы Алматы облыстық комитетінің сектор меңгерушісі қызметтерін атқарған. 1937-1941 жылдары - Қазақстан Компартиясы Орталық Комитеті мәдени-ағарту бөлімінің меңгерушісі, Семейдегі басшы ұжымшар кадрларын даярлайтын республикалық оқу орнының директоры. 1946-1983 жылдары - Қазақ КСР Ғылым Академиясының Тарих, археология және этнография институтының кіші, аға ғылыми қызметкері, этнография бөлімінің меңгерушісі, директоры.

Төңкеріске дейінгі және кеңестік Қазақстан тарихына байланысты 200-ге жуық ғылыми еңбектердің авторы. Бес томдық «Қазақ КСР тарихының» негізгі авторларының бірі.

Қазақстан Ғылым Академиясының Ш.Уәлиханов атындағы сыйлығының, Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының иегері. Ленин, 1- және 2-дәрежелі Отан соғысы, Еңбек Қызыл Ту ордендерімен, медальдармен марапатталған.

Алматыда тұрған үйіне ескерткіш тақта орнатылып, бір көшеге есімі берілген.

75 жыл бұрын (1934-2007) ғалым, геология-минералогия ғылымдарының докторы, профессор ДӘУЛЕТҚАЛИЕВА Кира Мұташқызы дүниеге келді.

Алматы қаласында туған.

Ташкенттегі Орта Азиялық политехникалық институтын бітірген.

Қазақстан Ғылым Академиясының Геология ғылымдары институтының лаборанты, аға лаборанты, кіші, аға ғылыми қызметкері, гидрохимия зертханасының меңгерушісі, бас ғылыми қызметкері, Қазақ мемлекеттік университетінің (әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті) профессоры қызметтерін атқарған.

Ғылыми зерттеулерінің негізгі бағыты - Қазақстан жер асты суларының химиялық құрамы. Жер асты сулары химиялық құрамының қалыптасу ерекшеліктері, гидросфераның табиғи суларының химиялық құрамы қалыптасуының генетикалық заңдылықтарын кентастық кен орындарын іздеу және экологиялық мақсаттарда зерттеген.

10 ЖЕЛТОҚСАН, БЕЙСЕНБІ

Адам құқын қорғаудың халықаралық күні. 1948 жылғы желтоқсанның 10-да БҰҰ Бас Ассамблеясы Жалпыға бірдей адам құқықтары декларациясын қабылдады. Барлық елде 1950 жылдан бастап атап өтіледі.

Таиланд корольдігінің Ұлттық мейрамы - Конституция күні. Бүгінде Таиланд - конституциялық монархия. 1932 жылдан бастап, бүгінгі монарх - Ұлы мәртебелі король - Пумипон Адулядетқа дейін (9 Рама, 1946 жылдан бері басқарып отыр) өз билігін Ұлттық Ассамблея, атқарушы билікті Министрлер кабинеті, сот билігін - сот арқылы жүзеге асырады.

Футболдың бүкілдүниежүзілік күні. БҰҰ-ның шешімімен атап өтіледі.

Нобель сыйлығын тапсыру күні. Белгілі ғалым А. Нобельдің туған күніне байланысты, жыл сайын Норвегия королінің қатысуымен Осло университетінің үлкен залында Нобель сыйлығын тапсыру салтанаты өтеді.

ОҚИҒАЛАР

18 жыл бұрын (1991) Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасы атауын Қазақстан Республикасы деп өзгерту туралы шешім қабылдады.

18 жыл бұрын (1991) Алматыдағы Республика сарайында бүкіл халық сайлаған Қазақстан Республикасының тұңғыш президенті Н.Ә.Назарбаевтың Елбасы қызметіне кірісуіне арналған Республика Жоғарғы Кеңесінің салтанатты мәжілісі болып өтті. Президент ата-баба салтымен ақ киіздің үстіне көтеріліп, халық алдында ант берді.

18 жыл бұрын (1991) Қазақстан Республикасы Президентінің Республиканың Алмас қорын құру туралы Қаулысы шықты.

10 жыл бұрын (1999) Оңтүстік Қазақстан облысындағы №2 Сарыағаш орта мектебіне қазақтың белгілі жазушысы Асқар Сүлейменовтің есімі берілді.

1 жыл бұрын (2008) Фонтенблода (Франция) «Н.Назарбаев - создатель казахстанской модели межэтнического и межконфессионального согласия» атты кітабының тұсау кесер рәсімі болды. Мерекелік шараға қаланың саясаткерлері, іскерлер мен академиялық ортаның өкілдері, қоғам қайраткерлері, өнер мен ғылым тұлғалары және қазақ диаспорасының өкілдері мен қазақ студенттері қатысты.

  

ЕСІМДЕР

  

120 жыл бұрын (1889-1970) ғалым, география ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Ғылым Академиясының академигі, Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым қайраткері, КСРО География қоғамының құрметті мүшесі, Қазақстанда гляциология ғылымының негізін салушылардың бірі ПАЛЬГОВ Николай Никитич дүниеге келді.

Ресей Федерациясында туған.

Мәскеу құрылыс училищесін, Бүкілодақтық сырттай оқыту институтын бітірген.

Қазақстан Ғылым Академиясы география секторының меңгерушісі, КСРО География қоғамы қазақ бөлімшесінің төрағасы қызметтерін атқарған.

Ғылыми жұмыстарының негізгі бағыты - мұздықтардың пайда болуы, олардың көлемін, қуатын анықтау. Іле Алатауы жоталарындағы мұздақтардан бастау алатын өзендердің гидрогеографиясын және гидрологиялық режимін зерттеуге елеулі үлес қосты. Жетісу, Сырдария облыстары жерін алғашқылардың бірі болып топографиялық картаға түсірді.

Тянь-Шаньдағы екі мұздық, Полюстік Оралдағы бір мұздық Пальгов есімімен аталады.

100 жыл бұрын (1909-1999) ғалым-педагог, филология ғылымының кандидаты, Қазақ КСР халық ағарту ісінің үздігі, республиканың жоғарғы мектебіне еңбек сіңірген қайраткері АҚМҰРЗИН Сәрсен дүниеге келді.

Ұлы Отан соғысына қатысқан.

Батыс Қазақстан облысы Жаңақала ауданында туған.

Батыс Қазақстан облысы Сламихин (Жалпақтал) педагогикалық техникумын бітірген.

Орал қаласындағы қазақ орта мектебінің (№11 мектеп-интернат) директоры, Батыс Қазақстан педагогикалық институтының оқытушысы, ректоры, проректоры, қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының меңгерушісі қызметтерін атқарған.

28 ғылыми еңбектің авторы. Негізгі ғылыми еңбектері жоғары оқу орындары мен орта мектептерде қазақ тілі мен әдебиетін оқыту әдісін жүйелеуге, қазақ әдебиетінің даму тарихын қарастыруға арналған.

Қызыл Жұлдыз, 1-дәрежелі Отан соғысы, «Құрмет белгісі» ордендерімен және медальдармен марапатталған.

35 жыл бұрын (1974) акробатикадан халықаралық дәрежедегі спорт шебері ДУХНО Андрей Владимирович дүниеге келді.

Шығыс Қазақстан облысының Зыряновск қаласында туған.

Жаттықтырушысы - Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы Э.Григорянц.

Азия ойындарының абсолюттік чемпионы (Жапония, 1996). 1996 жылы Германияның Федеративті Республикасында, 1998 жылы Минск қаласында өткен әлем чемпионаттарының күміс жүлдегері.

11 ЖЕЛТОҚСАН, ЖҰМА

Демікпенің бүкілдүниежүзілік күні. Кеңірдек демікпесі ауруына назар аударту мақсатында Бүкілдүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бастамасымен атап өтіледі. Бұл күннің негізгі мақсаты - денсаулық саласындағы күрделі мәселелерінің бірі болып саналатын демікпе ауруының себеп-салдарларымен халықты жан-жақты таныстыру. Оны жеңу жолында ғылым саласында жасалған жаңалықтар туралы хабарлау. Бүгінде әлемде 300 миллион адам демікпемен ауырады. Ол көбіне нашар экологияның салдарынан пайда болады.

Халықаралық тау күні. 2003 жылғы БҰҰ Бас Ассамблеясының 57-ші шешімі бойынша желтоқсанның 11-де атап өтіледі. 2004 жылдан бері БҰҰ шешімі бойынша «Бейбітшілік - таулардың тұрақты дамуына кілт» атты ұранмен өткізіледі. Бас Ассамблеяның қарарында таулы аймақтардың тұрақты дамуына бағытталған ерекше өзекті мәселелер белгіленген. Бұл күні Бас Ассамблея халықаралық бірлестіктерге жоғары деңгейдегі мерекелік шаралар ұйымдастыруына шақырды, оның мақсаты таулы аймақтардың тұрақты дамуын насихаттау.

Жер шарының шамамен төрттен бірін алып жатқан таулар 10 пайызға жуық тұрғындардың үйі. Бұл - өсімдіктер мен жануарлардың сирек кездесетін көптеген түрлері үшін қорық, жердегі негізгі өзендердің қайнар көзі.

ОҚИҒАЛАР

12 жыл бұрын (1997) Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаев Ресейдің қолданбалы ғылымдар академиясының Құрметті мүшесі болып тағайындалды.

11 жыл бұрын (1998) Астанада Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қалың елім, қазағым» атты кітабының тұсау кесер рәсімі болып өтті.

3 жыл бұрын (2006) Алматыда көпшілікке Шайх-Асан Курайшин ас-Сунна деген атпен танымал журналист Асан Сарқұловтың «Заман көшіндегі дін ақиқаты» атты кітабының тұсау кесері болды.

Ол кітапта Қазақстанда мұсылман дінін тарату туралы, ислам дінінің дамуы туралы және де осы тақырыпта басқа жаңа баспалар шығару туралы жазылған. Кітаптың тиражы үш мыңға жуық.

3 жыл бұрын (2006) Батыс Қазақстан облысының Жаңақала ауданы орталығында танымал қоғам қайраткері Сәтқали Сапаровтың тұрған үйіне ескерткіш тақта орнатылды. С.Сапаров (1928-1976) 14 жыл ішінде аймақтағы үш ауданды - Зеленовка ауданын (1962-1963), Тасқалы ауданын (1963-1972) және Жаңақала ауданын (1972-1976) басқарды. Ол басқарған аудандардың дамуына сіңірген еңбегі үшін екі мәрте Еңбек Қызыл Ту, «Құрмет белгісі» ордендерімен марапатталды. Жаңақала ауылының орталық көшелерінің біріне есімі берілген.

ЕСІМДЕР

  

90 жыл бұрын (1919-1995) әнші, музыкатанушы БЕКХОЖИНА Талиға дүниеге келді.

Семей қаласында туған.

Алматы консерваториясын (Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерватория) бітірген.

Қазақ мемлекеттік филармониясының әншісі, Қазақстан Ғылым Академиясының Әдебиет және өнер институтының кіші ғылыми қызметкері болған.

Фольклорлық экспедиция құрамында Қазақстанның және Өзбекстанның жергілікті тұрғындары арасынан бұрын белгісіз болып келген 1500-ден астам әндерді нотаға түсірген, халық шығармашылығының орындаушылары жайында деректер жинаған. Ақын әрі композитор Ш.Құдайбердиевтің әндерін құрастырып, кітап шығарған («Аманат», 1989).

12 ЖЕЛТОҚСАН, СЕНБІ

Қазақстан Республикасы Кеден органдарының құрылған күні. Қазақстан Республикасы Президентінің 1992 жылғы желтоқсанның 12-ндегі «Қазақстан Республикасының қаржы, салық және кеден қызметін қайта құру туралы» Жарлығын орындау мақсатында осы қызметтердің барлығы бір жүйеге - ҚР Қаржы министрлігіне біріктірілді. ҚР Кеден комитеті Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Бас кеден басқармасы болып қайта құрылды.

ҚР Кеден органдарының негізгі қызметі - Қазақстан Республикасы экономикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету, материалдық және мәдени құндылықтарды заңсыз шет елге шығарудың алдын-алу, қару-жарақ, есірткі заттар тасымалдауға тосқауыл болу, контрабандамен күрес, республика бюджетіне кеден салығының уақытында түсіп отыруын қамтамасыз ету, Қазақстан Республикасының шекарасы арқылы азаматтар мен автокөлік өткізу жұмысын ұйымдастыру және басқалар. Ең басты мақсатының бірі - кәсіби деңгейі жоғары кеден қызметінің мамандарын даярлап шығару.

Ресей Федерациясының Мемлекеттік мейрамы - Конституция күні. РФ Президентінің 1994 жылғы жарлығымен Ресейдің мемлекеттік мерекесі ретінде бекітілген.

Қазақстан Республикасымен дипломатиялық қарым-қатынас 1992 жылғы қазанда 21-інде орнатылды.

ОҚИҒАЛАР

3 жыл бұрын (2006) Астанада Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтің қатысуымен Эталон орталығы ашылды. Елбасы Орталық Азиядағы жалғыз цезий негізіндегі уақыт эталонын өз қолымен қосты. Қазіргі заманғы 8-қабатты ғимаратта 76 эталон мен эталон жабдықтарының бірлігі 10 түрлі зертханада орналасқан.

1 жыл бұрын (2008) БҰҰ-ның штаб-пәтерінде Қазақстанның мүгедектер құқығы Конвенциясына және оның факультативті протоколына қол қою рәсімі өтті. Қазақстан Конвенцияға қосылған әлемнің 137-ші елі болды. 2006 жылғы желтоқсанның 13-де БҰҰ-ның Бас Ассамблеясында құжат қабылданып 2008 жылғы мамырдың 3-де күшіне енді. Біріккен Ұлттар Ұйымында Конвенцияның орындалуын бақылайтын орган құрылды. Мүгедектер құқығының комитеті Конвенцияға қатысушы-мемлекеттердің баяндамасын қарап, ұсыныс пен ортақ ұсынымдар шығарады.

  

ЕСІМДЕР

  

80 жыл бұрын (1929) актер, Қазақстанның халық әртісі ЖӘКІБАЕВ Қасым Әбенұлы дүниеге келді.

Алматы облысы Жамбыл ауданында туған.

Т.Жүргенев атындағы Алматы көркемсурет училищесін бітірген.

1948 жылдан - Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ балалар және жасөспірімдер театрының, «Қазақфильм» киностудиясының актеры.

Театр сахнасында Сарман, Жақай («Алтын сақа», «Ыбырай Алтынсарин» М.Ақынжанов), Полонии («Гамлет» У.Шекспир), Врум («Махаббат пен зұлымдық» Ф.Шиллер), Қайрабай («Мөлдір махаббат» С.Мұқанов), Тоқай («Ұлпан и Есеней» Ғ.Мүсірепов пен К.Ысқақов), Шыңғыс хан («Миғұла терісі үстіндегі сот» Ш.Айтматов пен М.Шаханов) рөлдерін ойнаған. «Дерсу Узала», «Қан мен тер», «Үшеу», «Сталинге сыйлық», «Отырардың күйреуі», «Тоғысқан тағдырлар», «Махаббат стансасы» сияқты 100-ге жуық фильмдер мен сериалдарға түскен.

«Құрмет» орденімен марапатталған.

75 жыл бұрын (1934) әскери қайраткер, генерал-майор МАРДЕНОВ Жүкен Баймұханбетұлы дүниеге келді.

Павлодар облысында туған.

Алматы мемлекеттік шет тілдер институтын бітірген.

Мемлекеттік қауіпсіздік комитеті (МҚК) Павлодар облыстық басқармасының қызметкері болған. 1968-1983 жылдары - Қазақ КСР МҚК-нің орталық аппаратында, МҚК-і Көкшетау және Шығыс Қазақстан облыстық басқармалары бастығының орынбасары. 1983-1991 жылдары - Қазақстан МҚК-і Бірінші (барлау) басқармасының бастығы - Қазақстан МҚК-і Алқасының мүшесі, МҚК-і Целиноград (Ақмола) облыстық басқармасының бастығы, облыстық партия комитетінің бюро мүшесі, Халық депутаттары облыстық және қалалық кеңесінің депутаты, Қазақ КСР МҚК-і төрағасының кадр жөніндегі орынбасары. 1991-1994 жылдары - Қазақстан МҚК-і барлау бөлімінің бақылаушысы. 1994 жылдан - «Аксель» компаниясы бас директорының орынбасары. Қазіргі кезде күзет фирмасын басқарады.

«Генералдар кеңесі» қоғамдық бірлестік президиумы төрағасының орынбасары.

«Құрмет белгісі» орденімен, «Жауынгерлік ерлігі үшін», «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігіне 10-жыл», басқа да медальдармен, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің грамотасымен, «Қазақстан Республикасы ҰҚК-нің құрметті қызметкері» белгісімен, Қазақстанның халықаралық қатынастар орнатуына белсенді үлес қосқаны үшін Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы - сыртқы істер министрінің Алғыс хатымен марапатталған.

55 жыл бұрын (1954) актер, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі ЖЫЛГЕЛДИЕВ Сағат Ермағамбетұлы.

Қызылорда облысында туған.

Қазақ драма театры жанындағы театр студиясын, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясын бітірген.

1977 жылдан - Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ балалар және жасөспірімдер театрының актеры.

Сахнада Ақын («Ауылдан келген ару» И.Сапарбаев), Байжан («Алтын ажалы» И.Ғайып), Абдолла («Ең әдемі келіншек» С.Балғабаев), Қожа Ахмет Иасауи («Әзірет Сұлтан» О.Дастанов), Шеге, Байдалы би, Сердәлі («Қыз Жібек», «Ұлпан», «Ақан сері -Ақтоқты» Ғ.Мүсірепов) рөлдерін сомдаған.

«Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталған.

13 ЖЕЛТОҚСАН, ЖЕКСЕНБІ

Мальта Республикасының Ұлттық мейрамы - Республика күні. 1974 жылы Өкілдер Палатасының шешімімен Мальта республика болып жарияланды.

Бүкіләлемдік балалар телеарнасы мен радиохабарламаларының күні. Бұл мерекелік күнді 1994 жылғы сәуірде Каннада БҰҰ Балалар қорының (ЮНИСЕФ) өкілдері жариялады. Сол кезден бері жыл сайын желтоқсанның екінші жексенбісінде атап өтіледі.

ОҚИҒАЛАР

  

14 жыл бұрын (1995) Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевтың Қаулысымен Сауд Арабия Корольдігінде Қазақстан Республикасының елшілігі ашылды.

5 жыл бұрын (2004) Астанада вокзал алаңында 1922 жылы шығарылған республикадағы ең ескі паровоз қойылды. Астананың теміржол вокзалында «Батыр-паровоз» ескерткішін орнату туралы Қазақстанның Президенті Н.Назарбаев 2004 жылғы 6-шы тамызда теміржолдың 100-жылдығына арналған салтанатты жиналыста айтқан болатын. Паровоз Швецияда жасалған. 1922-1982 жылдар аралығында Қазақстанның темір жолдарында және басқа бұрынғы одақ республикаларының магистраль жолдарында пайдаланыста болған, Ұлы Отан соғысы жылдары майдан маңындағы учаскелеріне жүк тасымалдаған.

5 жыл бұрын (2004) Тараздағы Абай атындағы Орталық кітапханада электронды залдың көрсетілімі болып өтті. Электронды залда жаңа компьютерлер, сканерлер, құжаттардың бай электронды коллекциясы бар. Бұл кітапханалық жүйе Қазақстанның Ақпараттық кітапханалар консорциумының мүшесі.

  

3 жыл бұрын (2006) алғашқы рет Қазақстанда С.Бегалин атындағы мемлекеттік балалар кітапханасында балаларға арналған - «Мұхаммед Пайғамбар» және «Қажы» атты исламның жорамалы мен құндылықтары, әлемнің ең ірі діні туралы Санйаснаин Хан кітабының тұсау кесері өтті. Кітаптар «Расскажи мне о?» сериясында берілген. Олар көптеген елдерде ағылшын,орыс және басқа тілдерде шықты. Кітап бәріне түсінікті тілде жазылған және тамаша көркемделген.

  

3 жыл бұрын (2006) Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағанбетов «Золотой Икар» атты сыйлықтың иегері атанды. Сыйлықты Еуразиялық кеңістікте мәдени байланыстарды дамытуға елеулі үлес қосқаны үшін «Далл'арко» Халықаралық мәдени қордың шешімімен қордың вице-президенті Янник Мерсье табыс етті.

ЕСІМДЕР

  

240 жыл бұрын (1769-1844) орыс жазушысы, ақын, мысалшы, Санкт-Петербор Ғылым Академиясының академигі КРЫЛОВ Иван Андреевич дүниеге келді.

Мәскеу қаласында туған.

Крылов орыс әдебиетінде мысал жанрын биік сатыға көтерді. Өткір де айшықты тілімен, әжуасықағымен ерекшеленетін 200-ден астам мысал жазды. Шығармаларында өмір шындығын терең бейнелеп, адам бойындағы жағымсыз қылықтарды шенеді. «Рухтар поштасы» сатиралық журнал шығарды. Көптеген пьесалар мен либреттолардың авторы.

Қазақ оқырмандарын Крылов мысалдарымен алғаш рет Ы.Алтынсарин («Қарға мен түлкі»), Абай («Есек пен бұлбұл», «Шегіртке мен құмырсқа», «Піл мен қанден») таныстырды. А.Байтұрсынов Крыловтан аударған және өзі жазған мысалдардан тұратын кітап шығарса, С.Көбеев «Үлгілі тәржіма» атты кітап жазып, оған Крыловтың 37 мысалының аудармасын енгізді. Крыловтың туындылары «Мысалдар» деген атпен қазақ тілінде жеке кітап болып шыққан.

85 жыл бұрын (1924) түркітанушы, филология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Ұлттық Ғылым Академиясының академигі, Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым қайраткері ҚАЙДАР Әбдуәли Туғанбайұлы дүниеге келді.

Ұлы Отан соғысына қатысқан.

Алматы облысында туған.

Қазақ мемлекеттік университетін (әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университет), Қазақстан Ғылым Академиясының аспирантурасын бітірген.

1954-1995 жылдары - Қазақстан Республикасы Ғылым Министрлігі - Ғылым академиясы А.Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтының ұйғыр-дүнген мәдениеті секторының кіші ғылыми қызметкері, шығыстану секторының аға ғылыми қызметкері, ұйғыр филологиясы бөлімінің меңгерушісі, директордың ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары, директоры қызметтерін атқарған. 1995 жылдан - Қазақстан Республикасы Ғылым Министрлігі - Ғылым академиясы А.Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтының құрметті директоры.

Негізгі ғылыми ізденістері қазақ және ұйғыр тілдері және жалпы салыстырмалы түркітану, сөзтану, этимология, ономастика, терминология, семасиология, фразеология, паремиология мәселелерін зерттеуге арналған. Елдегі тіл саясатына белсенді араласып, қазақ тілінің мемлекеттік деңгейде қолданылуына қатысты елеулі ат салысты.

Ш.Уәлиханов атындағы сыйлықтың иегері. Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының құрметті президенті. Башқұртстан Ғылым Академиясының құрметті академигі. «Известия НАН РК», «Советская тюркология» ғылыми, ғылыми-танымдық журналдарының редакторы, редакциялық алқасының мүшесі. 

3 дәрежелі «Даңқ», екі мәрте «Қызыл Жұлдыз», екі мәрте «Отан соғысы», «Халықтар достығы», «Отан», «Құрмет белгісі» ордендерімен, «Ана тілінің айбары» алтын белгісімен, медальдармен марапатталған.