18 АҚПАН, СЕНБІ
АҚШ-та президенттер күні. Ұлттың негізін қалаушылары саналатын А.Линкольннің туған күнінен (ақпанның 12-і ) кейінгі және Дж.Вашингтонның туған күнінің (ақпанның 22-і) алдындағы дүйсенбіде атап өтіледі.
Гамбия Республикасының Ұлттық мейрамы - Тәуелсіздік күні (1965). Гамбия - Африканың батыс жағалауында орналасқан мемлекет. Батысында Атлант мұхитымен, солтүстігінде, шығысында және оңтүстігінде Сенегалмен шектеседі. Астанасы - Банжул қаласы. Мемлекеттік тілі - ағылшын тілі. Ақша бірлігі - даласи.
ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР
20 жыл бұрын (1992) Қазақстан балаларының мейірімділік қоры «Бөбек» құрылды.
19 жыл бұрын (1993) Шымкент қаласының орталық көшелерінің біріне ғалым-этнограф, фольклоршы Әубәкір Диваевтың есім берілді.
33 жыл бұрын (1979) Сахара шөліне қар жауып, табиғатта адам сенгісіз жағдай болды.
7 жыл бұрын (2005) «Ауыл шаруашылық қожалығының Ұлттық Ассоциациясы және олардың «Қазақстан фермерлері» кооперативтерінің» Республикалық қоғамдық бірлестік және Астанадағы С.Сейфуллин атындағы Қазақ Мемлекеттік агротехникалық университетінің бастамасымен фермерлердің жоғары мектебі жұмыс істей бастады. Алғашқы сабақтың тыңдаушылары Ақмола облысының Аршалы, Шортанды, Целиноград аудандарының шаруа қожалықтары болды.
Фермерлердің жоғары мектебінің мақсаты - қазіргі аграрлы технологиялар туралы, сапаны халықаралық стандартқа көшіру туралы, агросаладағы жұмысшылардың квалификациясын көтеру туралы ақпарат тарату.
3 жыл бұрын (2009) Астанада ҚР Ақпараттандыру және байланыс агенттігі бейне-порталдың (www.kaztube.kz) таныстырылымын өткізді. Аталған порталда телевизиялық бағдарламалар, танымал адамдардың жеке мұрағаттары мен отандық өнердің түсірілімдері, ертегілер, қысқа метражды анимациялық фильмдер орналастырылуда.
3 жыл бұрын (2009) Астанада тозған көлік дөңгелектерін пайдалану зауытының бірінші кезегі іске қосылды. Инвестицияның көлемі АҚШ-тың 8 млн. долларын құрайды. Жобаны АО «Банк развития Казахстана» қаражатының көмегімен ТОО «Kazakhstan Rubber Recycling» жүзеге асырды. Өңдеудің өндірістік қуатты - жылына 20 мың тонна тозған дөңгелек.
4 жыл бұрын (2008) Алматыда Орталық Азия мен Кавказдағы алғашқы актуарий мектебі ашылды.
Оны Қазақстан актуарийлер қоғамы АҚШ-тың халықаралық даму жөніндегі агенттігінің қолдауымен «Қаржылық тұрақтылық үшін әріптестік» бағдарламасы аясында East West menegment Institute мен бірігіп ашып отыр. Игі іске Варшава жазғы актуарий мектебін ұйымдастырушылар да атсалысты. Мектеп Орталық Азия мен Кавказдағы сақтандыру компанияларына арналған. «Оған Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Әзірбайжан, Армения, Грузия сияқты елдердің тәуекелді бағалаушы мамандары қатысуда. Бұл Қазақстан актуарийлерінің үлкен жетістігі. Өйткені біз өзіміздің ғана емес аймақтағы басқа елдердің де тәуекелді басқарушы мамандары оқытуға үлес қосады.
2 жыл бұрын (2010) Жас сот орындаушылары үшін Павлодар облысының Сот әкімшілігінің жанында құрылған оқу-әдістемелік орталық ашылды.
Жұмысқа қабылданған заң оқу орындарының түлектері, университет бағдарламасында «сот орындаушысы» деген курстың болмауынан өз қызметтерін тәжірибе барысында игеруге мәжбүр.
Орталық жас мамандарға өз қызметтерінің қыры мен сырын үйренуге көмектесетін болады.
2 жыл бұрын (2010) Алматыда «Деніңіз сау болсын» деген атпен орыс тіліндегі отбасылық жаңа журнал жарыққа шықты.
Басылым Медеу аудандық шағын және орта бизнесті қолдау қауымдастығының көмегімен жарық көріп отыр. Журналдың басты бағыты денсаулық саласын, салауатты өмір салтын насихаттау.
Басылымның ерекшелігі - тегін таратылатындығында. 10 мың данамен шығатын журналды қоғамдық орындардан табуға болады.
ЕСІМДЕР
74 жыл бұрын (1938) Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитетінің мүшесі, экономика ғылымының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі, Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым және техника қайраткері САҒАДИЕВ Кенжеғали Әбенұлы дүниеге келді.
Қостанай облысында туған. Қазақ мемлекеттік университетін, Мәскеу халық шаруашылығы институтының аспирантурасын бітірген. Алматы халық шаруашылығы институтында еңбек еткен. 1982-1990 жылдары - Целиноград ауыл шаруашылығы институтының ректоры. 1990-1994 жылдары - Қазақ мемлекеттік экономика университетінің ректоры. 1994-1996 жылдары - Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының президенті. 1996-2004 жылдары - С.Сейфуллин атындағы Қазақ ұлттық аграрлық университетінің және Халықаралық бизнес университетінің ректоры. 2004-2007 жылдары Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, Қаржы және бюджет комитетінің төрағасы болған. 2007 жылы Парламент депутаттығына қайта сайланған. Негізгі ғылыми еңбектері материалдық-техникалық жабдықтаудың экономикалық тиімділігін арттыру мәселелеріне, Қазақстандағы экономикалық реформа теориясына және әдіснамасына арналған. Ғалымның 150-ден астам ғылыми еңбегі бар.
«Еңбек Қызыл Ту», «Халықтар достығы», «Құрмет белгісі» ордендерімен, медальдармен марапатталған.
83 жыл бұрын (1929-1986) филология ғылымының докторы, Қазақстан Ғылым академиясының корреспондент мүшесі ДЕРБІСАЛИН Әнуар Жақсығалиұлы дүниеге келді.
Ақтөбе облысында туған. Ақтөбе мұғалімдер институтын, Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтын, Қазақстан Ғылым академиясы Тіл және әдебиет институтының аспирантурасын бітірген. 1955-1958 жылдары - Педагогика ғылыми-зерттеу институтының аға ғылыми қызметкері. 1958-1986 жылдары Әдебиет және өнер институтының аға ғылыми қызметкері, бөлім меңгерушісі қызметтерін атқарған. Ғылыми-зерттеу еңбектері, негізінен, 19 ғасыр мен 20 ғасыр басындағы қазақ әдебиеті тарихының мәселелеріне арналған. Сондай-ақ, түркі жазба ескерткіштері мен қазақ ақын-жырауларының әдеби мұрасы туралы зерттеу еңбектердің авторы. Асан Қайғы, Қазтуған, Доспанбет, Шалкиіз, Жиембет, Бұқар, Шал, Көтеш, Абай, Ыбырай, т.б. ақын-жыраулардың әдеби мұраларын, «Оғыз-наме», «Мұхаббат-наме», «Қорқыт Ата кітабы» сияқты көне қазыналарды зерттеуге елеулі еңбек сіңірді.
73 жыл бұрын (1939) техника ғылымының кандидаты, профессор, Ресей Федерациясы Көлік академиясының академигі, Халықаралық көлік академиясының академигі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері ҚАРАБАСОВ Ізбасар Сейкенұлы дүниеге келді.
Ақтөбе облысында туған. Ташкент темір жол көлігі инженерлері институтын, Алматы темір жол көлігі инженерлері институтының аспирантурасын бітірген. 1967-1972 жылдары «Қарағандыкөмір» комбинатында, Тез бұзылатын жүктерді тасымалдау ғылыми-зерттеу зертханасында жұмыс істеген. 1972-1996 жылдары - Алматы темір жол көлік инженерлері институтының ассистенті, аға оқытушысы, доценті, проректоры, ректоры. 1996-1997 жылдары - Қазақ көлік және коммуникациялар академиясының ректоры. 2000 жылдан Қазақ жол қатынастары университетінің ректоры, бірінші проректоры болған. Ғалымның 90-нан астам ғылыми жарияланымы және 7 монографиясы бар.
73 жыл бұрын (1939) жазушы ИБРАГИМОВ Төкен дүниеге келді.
Қостанай облысында туған. Абай атындағы Қазақ мемлекеттік педагогикалық институтының тарих факультетін және аспирантурасын бітірген. 1969-1976 жылдары Семей облыстық теледидарында редактор және аға редактор болып істеген. 1976 жылдан бері Абайдың республикалық әдеби-мемориалдық мұражайының директоры. Алғашқы сын, зерттеу мақалалары газет-журналдар бетінде 1961 жылдан жариялана бастаған. «Өлең өрісі» атты монографиясы 1979 жылы «Жазушы» баспасынан жарық көрген.
«Құрмет» орденімен марапатталған.
117 жыл бұрын (1895-1958) ғалым, медицина ғылымдарының докторы, профессор, Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген ғылым қайраткері ЗИКЕЕВ Виктор Васильевич дүниеге келді.
Ресей Федерациясында туған.
Мәскеу университетінің медицина факультетін бітірген.
1934 жылдан Қазақстанда мекендеген.
Қазақ медициналық институтының (Алматы мемлекеттік медицина институты) директоры, кафедра меңгерушісі, Қазақ КСР Денсаулық сақтау министрінің орынбасары қызметтерін атқарған.
В.Зикеев жарылған бас пен миды хирургиялық жолмен емдеу әдісін тауып, күнделікті дәрігерлік жұмыста пайдаланды.
Ленин, «Құрмет Белгісі» ордендерімен және медальдармен марапатталған.
76 жыл бұрын (1936) суретші, Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері, Тәуелсіз «Тарлан» сыйлығының лауреаты ИСАБАЕВ Исатай дүниеге келді.
Алматы облысы Ақсу ауданында туған. Мәскеу полиграфиялық институтын бітірген. Қазақ халқының «Ер Тарғын», «Қамбар батыр», «Қобыланды батыр», «Қозы Көрпеш - Баян сұлу» жырларының желісі бойынша салынған көркем туындыларымен танымал болды. Оның көрнекті шығармаларының бірі - «Мұхтар Әуезов - жазушы» атты линогравюрасы. Абай шығармаларының желісі бойынша жазған автолитографиялық еңбектері терең философиялық толғанысымен, суреткерлік тілінің нәзіктілігімен, айқындылығымен ерекшеленеді. Оның туындылары халықаралық көрмелерге қойылып, түрлі жүлделерге ие болды.
66 жыл бұрын (1946-2004) жазушы, аудармашы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты ЕСЛАМҒАЛИҰЛЫ Мұқадес дүниеге келді.
Батыс Қазақстан облысы Сырым ауданында туған. Орал педагогикалық институтын бітірген.
1976-1979 жылдары - Орал облыстық радио-теледидар комитетінің аға редакторы. 1979-1983 жылдары - «Жалын» баспасының аға редакторы. 1983-1984 жылдары - «Қазақ әдебиеті» газетінің тілшісі. 1984-1990 жылдары - республикалық телеарнада «Тамаша» ойын-сауық хабарының бас редакторы. 1990-1993 жылдары - «Денсаулық» журналы бас редакторының орынбасары. 1993-1995 жылдары - «Жазушы» баспасының жетекші редакторы. 1998 жылдан бастап Қазақстан Жазушылар одағының әдеби кеңесшісі болған. Жазушының «Аққу сазы», «Екінші тыныс», «Қайырлы таң», «Екі басқа дүние», атты повестері мен әңгімелері, «Толқын мен ағын», «Тұман ішіндегі көш» атты романдары, тағы басқа кітаптары бар. Сондай-ақ «Төле би», «Партизан Қасым Қайсенов», «Ақ бата», «Тамаша», «Жаһанша Досмұхамедов» атты жинақтар құрастырған. В.Распутин, В.Шукшин, т.б. шет ел жазушыларының әңгімелерін қазақ тіліне аударған. Оның «Жазықсыз тамған жас» атты пьесасы Ғабит Мүсірепов атындағы Жастар мен балалар театрында және облыстық театрларда қойылған. 2001 жылы қаламгерге «Тұман ішіндегі көш» романы үшін Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығы берілген.
66 жыл бұрын (1946) «2011 жылғы 7-қысқы Азия ойындарын ұйымдастыру комитетінің атқарушы дирекциясы» акционерлік қоғамының президенті, Қазақстан Республикасының еңбегі сіңірген қайраткері, Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы, педагогика ғылымдарының докторы, ҚҰЛНАЗАРОВ Анатөлі Қожекенұлы дүниеге келді.
Шығыс Қазақстан облысында туған. Өскемен қаласындағы педагогикалық институтты бітірген.
1974-1979 жылдары - Өскемен қаласындағы балалар спорт мектебі директорының орынбасары, директоры. 1979-1985 жылдары - Алматы қаласындағы Қажымұқан атындағы республикалық спорт мектеп-интернаты директорының орынбасары. 1985-1987 жылдары - Қазақ КСР Оқу министрлігінің бөлім, басқарма бастығы. 1987-1997 жылдары - Қазақстан Республикасы Жастар ісі, туризм және спорт министрінің бірінші орынбасары. 1997-1999 жылдары - Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау, білім және спорт Қазақстан Республикасы министрлігі Спорт және дене тәрбиесі комитетінің төрағасы. 1999-2000 жылдары - Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің кеңесшісі. 2000-2006 жылдары - Дене тәрбиесі ұлттық ғылыми-тәрбие орталығының директоры. 2006-2010 жылдары - Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігі Спорт комитетінің төрағасы қызметтерін атқарған. 2010 жылдың наурыз айынан - қазіргі қызметінде.
2002 жылдан Қазақстан Республикасы Ұлттық олимпиада комитетінің бірінші вице-президенті, 2007 жылдың тамыз айынан - Футбол федерациясы атқару комитетінің мүшесі, КСРО-ның жеңіл атлетикадан спорт шеберлігіне кандидаты. Петровск ғылым және өнер академиясының академигі, Қазақстанның еңбек сіңірген мұғалімі. Оның «Білім жүйесінде футбол клубтарын дамытудың тұжырымдамасы», «Күш-қуаттық жеңіл атлетика», «Қазақстан Республикасындағы балалар мен оқушы жастардың дене тәрбиесі бағдарламасы», тағы басқа оқу әдістемелік кітаптары бар.
Қазақстан Республикасының Құрмет грамотасымен және медальмен марапатталған.