Қазақшаң қалай, радио?

АСТАНА. ҚазАқпарат - Интернет пен теледидар заманы туды десек те, радионың да өзіндік аудиториясы, тыңдаушылары болғандықтан радиохабарлар сапасы мен тілін де назардан тыс қалдыруға болмайды. «Ана тілі» газетіндегі мақаласында филология ғылымының докторы, профессор, ҚР ҰҒА-ның корреспондент-мүшесі Шерубай Құрманбайұлы осылай деп жазады.

Қазір әр үйде радио саңқылдап тұрмағанымен, радионы көлікте келе жатып тыңдайтындар көбейді. Сағаттап кептелекте тұрғандағы, ұзақ жолға шыққандағы серігіміз - радио. Бүгін де электронды БАҚ арасында қазақ үнінің айқын шығып, ұлттық болмысымыздың, салт-дәстүрлеріміздің сақталуына қызмет етіп, халық әндері мен күйлерін, халық композиторларының әндерін, терме мен жырларды көбірек насихаттап отырған «Қазақ радиосы», «Шалқар» сынды радиолардың алатын орны айрықша.

Бұл радиоларда жақсы-жақсы танымдық, музыкалық хабарлар да аз емес. Ақпарат қызметіндегі жаңалықтарды жүргізушілер де негізінен дұрыс іріктелген деп білеміз.

Интернет пен теледидар заманы туды десек те, радионың да өзіндік аудиториясы, тыңдаушылары болғандықтан радиохабарлар сапасы мен тілін де назардан тыс қалдыруға болмайды. «Қазақ радиосы» мен «Шалқар» хабарлары мазмұны мен тілі жағынан да, ұлттық құндылықтарды ұрпақ санасына сіңіру тұрғысынан да, электронды БАҚ-тың көбінен озық тұрғанын айту қажет. Бірақ бұдан олардың тілі мінсіз екен деген түсінік тумауға тиіс.

Тілдік кемшіліктер оларда да кездеседі.
Мін іздеу мақсаты­мен емес, радио тілінің мәдениеті көтеріле берсін деген ниетпен, радиохабарлар тілінде кездесетін кейбір кемшіліктерді атап көрсетуді міндет деп санадық.

Сөзімізді өзіміз үзбей тыңдайтын «Қазақ радиосынан» құлағымыз шалған түрлі тілдік нормадан ауытқушылықтардан бастасақ, олар төмендгідей:
«Қазақ елі» хабарының жүргізушісі Мұхамедияр Рашай 2013 жылғы қаңтардың 25-індегі хабарын «Сіздермен бірге болған Мұхамедияр Рашай, амандықпен жүздесейік» деп аяқтады. Ол осы сөзді айтып отырғанда қасындағы оның хабарына шақырылатын қонақтарымен, әріптестерімен бірге болуы мүмкін. Ал «Қазақ радиосын» тыңдап отырған елдің түкпір-түкпіріндегі миллиондаған тыңдаушылармен бір сәтте бірге бола алмайды. Оның бұл қолданысы бар болғаны орыс тіліндегі «С вами был...» деген тіркестің көшірмесі.

Соны көшірмей-ақ, «хабарды жүргізген», «жаңалықтарды оқыған» десе, жұртқа түсінікті, көңілге қонымды болар еді. Жалғыз М.Рашай ғана емес, мұны осылай сөйлейтін өзге де теле-радиохабарларын жүргізушілердің ескергені жөн.

2013 жылғы 7 наурызда түскі жаңалық­тарды жүргізіп отырған Гүлім Ғабитқызы құқық қорғау саласындағы қыздар арасында өткізілген «Погонды ару» конкурсының тұңғыш рет ұйымдастырылғанын былайша хабарлады: «Бұған дейін мұндай конкурс бірінші рет өткізіліп отыр». Сөйлем қиыспай тұр. Осы сөйлемдегі «бұған дейінді» айтпаса да, конкурстың алғаш рет өткізіліп отырғаны түсінікті.

Көптік жалғауының орынсыз жалғануы жайында көп айтып жүрсек те, одан қо­рытынды шығаратындар аз болып тұр. 2013 жылғы 4 мамыр күнгі «Көңілашар» сазды бағдар­ламасын жүргізген өзіміз даусы мен сөй­леу мәнерін ұнатып тыңдайтын Лаура Омар «Ол 2 өлең кітаптарын шығарып үлге­ріпті» десе, 18 мамыр күнгі таңғы жаңа­лықтарды жүргізген Гүлім ­Байгереева «Ақтөбеде 5 интернационалист жауынгер­лерге пәтер берілді», Айгерім Оралбекқызы «200-ге жуық әндердің авторы Кеңес Дүйсекеев» (25.03.2016) деді. Шыққан кітаптардың, жауынгерлердің, әндердің нақты санын айтып тұрғаннан кейін көптік жалғауын жалғаудың еш қажеті жоқ еді.

2013 жылғы 1 сәуір күнгі таңғы бағдар­ла­мада «Көңіл қымбат» әні орындалады деп хабарланды да, оның орнына Шәба Әбдіқұлованың орындауындағы халық әні «Көзіңнің мөлдірін-ай» берілді. Ән аяқталған соң «Сіздердің тыңдағандарыңыз Шәба Әбдіқұлованың орындауындағы халық әні «Көзіңнің мөлдірін-ай» деп хабарланды. Ең қызығы, осы ән орындалар алдында ғана Оспанхан Әубәкіровтің түсініксіз сөйлеп, шатаса беретін диктор туралы «Түк түсінсем бұйырмасын?» деген өлеңі оқылған еді.

Біз қателік кеткенін түсінсек те, журналистің түк болмағандай алдыңғы сөзінен мүлде басқа әнді хабарлағанын түсінбей қалдық. Дүйім жұрт тыңдап отырғанда қателік жіберіп алған журналист көпшіліктен кешірім сұраса, кішірейіп қалам деп ойлайтын сияқты.

Керісінше, мұндай қылық радио тыңдаушыларға жақсы әсер қалдырмасы анық. Абайсызда бір адамның аяғын басып кетсек немесе иығымыз тиіп кетсе, кешірім сұраймыз ғой. Ал миллиондарға қате ақпарат таратқаннан кейін, кешірім өтіну қарапайым ғана әдептілік белгісі емес пе?
2013 жылғы 10 қазан күні таңғы жаңалықтарды оқыған Гүлім Байгереева Семей қаласындағы жүргізушілер дайындайтын орталықтар туралы айта келіп, «Рульді тізгіндеушілер жол ережелерін сақтамауы салдарынан, осындай апаттар орын алды» деді. Осы бір ғана сөйлемнің басы да, аяғы да оңып тұрған жоқ. «Руль» дегеніміздің өзі көліктің тізгіні ғой. Шопырды «тізгінші» дейтініміз де сондықтан. Дұрысы - рульді емес, сол руль арқылы көлікті тізгіндейді. Логикаға жүгінсек, «рульді тізгіндеу» тіркесі - «тізгінді тізгіндеу» болып шығады. Ал «орын алды» - «имел места» тіркесінің сәтсіз көшірмесі екендігін бұған дейін де жазғанбыз. Осы сөйлемді «Көлік жүргізушілердің жол ережелерін сақтамауы салдарынан, осындай апаттар болған» десе, айтылмақ ой тыңдаушысына анық жетіп, қазақ сөйлемінің қалыбы да бұзылмас еді.

«Микрофон алдында...», «хабарды жүргізетін...», «бағдарламаны жүргізетін...» деген құлаққа сіңісті қолданыстардан қашудың қандай себебі бар екенін білмедік. «Қылмыскерлерді құрықтау» (ұстау, тұтқындау, қамау орнына) деп қолданушылар көбейіп еді, енді «микрофон тізгінінде Қымбат Мұратқызы» деп сөз бастайтын қарындасымызды естіп жүрміз. Тізгінді микрофондар шығып жатпаса, радиодағы бір хабардың тізгінін ұстаған журналистің «тізгін» сөзін орнымен қолданғаны орынды болар еді.

Ақбота Қанайқызы «Жайдарман» (26.11.2015) хабарын «Құрметті, ардақты ағайын...» деп бастады. Осы тұста мағыналас екі сын есімді қатар қолданудың еш реті жоқ.

Ақботаның радио тыңдаушыларға «Рақмет, әрине, хабарласқаныңызға!», «Рақмет, хабарласқаныңызға, әрине» деуі де, қазақтың алғыс айту әдебі мен ілтипат білдіру үлгісі ретінде сөз мәдениетімен қабысып тұрған жоқ. Керісінше, осы сөйлем үлгісі «Спасибо, конечно за звонок!» орыстық үлгінің қалыбына салып сөйлеп тұрғанымызды көрсетеді.
«Жамбы ату» (16.05.2016) радиоойынында Жасұлан Наурызбайұлы телефон арқылы хабарласқан тыңдаушыға «отырмыз» демей, «Сізді тыңдап отырық» деді. Қазіргі жастар тілінде жиірек көрініс бере бастаған осы «жүрік», «отырық», «тұрықтан» арыла алмай жүргенде, мұндай бұрыс қолданыстарды эфирден айту оны тыңдаушылардың санасына сіңіріп, құлағын үйретуге қызмет ету деген сөз.

Ақмола облысының бірқатар аудандарында, Көкшетау аумағында жуан «а» дыбысының орнын жіңішке «ә» дыбысымен алмастырып айту ерекшелігі бар. Мәселен, «құләқ», «бұләқ» түрінде. Кім қай өңірде туып өссе де, микрофон алдында, эфирге шығып қалың елге хабар таратқанда төл дыбыстарымыздың үйлесімін бұзбай анық айтып, жалпыға ортақ қазақтың әдеби тілінің дыбыстық нормаларын сақтағаны дұрыс қой. Бұл да сөз мәдениетіне тән басты талаптардың бірі екенін ұмытпаған абзал.
Қазақ жастарының көбірек тыңдап, жиірек хабарласып жататын радиосының бірі - «Жұлдыз FМ». «Жылдың үздік радиосы» атағын жеңіп алған «Жұлдыз FМ» бағдарламасының жүргізушілері сөзін «қазақтың қарапайым жігітімін» деп бас­тайтын Жасұлан Қали мен Анар Мыңбаева тәуір мамандар.

Олардың «Таңғы шоу» бағдарламасының 2016 жылғы 4 сәуірдегі шығарылымында талқыға түскен тақырып - «Үйде кім қожайын?» болды. Жап-жақсы сөйлеп отырған Жасұланның студияға шақырылған қонақ әнші Баян Нұрмышеваның жұбайы туралы «Мә, Ерландай жары бар қыздың арманы жоқ қой» дей отырып, артынша тағы да «мә,..» таңдану одағайын бірінен соң бірін қолданғаны тыңдаушыларға ерсілеу естілді.

Бұдан кейінгі хабарларынан да бірнеше рет «мә», «мә» дегенін естідік. Жалпы Жасұлан осы жиі қолданатын «мә» одағайын эфирден айтпай-ақ қойса, өзіне де, тыңдаушыларға да жақсы болар еді.

«Жұлдыз FМ» жаңалықтарын жүргізген Айнұр Қапышева (11.04.2016) «...су басу қаупі сақталуда» орнына «су басу қаупі бар» десе, қазақы қолданыс болар еді.

Орыс сөйлемінің үлгісімен құрылған осындай сөйлемдерге көп үйір болып, бұл тіркесті жиі қолдануға соншалықты қажеттілік бар деп ойламаймыз.
Шынымызды айтсақ, өзге радиоларды көп тыңдай да бермейміз. «Русское радио», «NS радио», «Ретро FM», «Тенгри FМ», «Радио NS», «Орда FМ», «Авторадио» сияқты радиоларда қазақжанды, қазақтілді тыңдаушылардың сұранысын өтейтін, қазақтың мүддесі мен мұң-зарын айтатын бағдарламалар жоқтың қасы деуге болады.

Керісінше, олардың біздің ақпараттық кеңістігімізде еркін тарап жатып, қазақ тілі мен мәдениетін, өнері мен дәстүрін насихаттауға соншалықты сараңдығы жанымызға көбірек батады. «Ұлттық санамызды нығайтуға, ұлттық мәдениетімізді шынайы құрметтеуге бағытталған мазмұнға толы хабарлар мен ақпарлар тарататын кеңістікті қашан қалыптастырар екенбіз?» деген сұрақ көкейімізден кетпейді.

103.2 толқынынан тарайтын «Орда» радиосының 2013 жылғы 15 шілде күнгі таңғы музыкалық хабарын жүргізген жігіттің (аты-жөнін ести алмадық) сөйлем құрау, сөз саптау мәнері қазақша деп мүлде айта алмас едік. Ол «Кез келген әйел терлегенді жақсы көреді, өзінің норка тұлыбында, әрине» деп, әнге кезек берді. Сөйлемінің құрылысы қазақша болмауымен қоса, «норка тұлыбында» деп сөз қолданды. Музыкалық хабарды жүргізушінің «норкасы» - «күзен», ал «тұлып» деп отырғаны - тон немесе ішік. Осылай да сөйлетіндер де қазақша білеміз деп, эфирге шыға береді екен-ау. Осы радионың тағы бір журналисі «...ақпараттармен бөлісіп» (24.03.2016) жатты.
Келтіре берсек, мысал көп. Кейбір радиоларда «ң» әрпін айта алмайтын, қазақ сөзіне екпінді дұрыс қоймайтын, орфоэпиялық норма дегеніңізге пысқырмайтын немесе оны дұрыс білмейтін журналистер де бар. Әсіресе, сөйлегенде, мәтінді оқығанда қатар тұрған дыбыстардың бір-біріне ілгерінді-кейінді ықпалын ескермейтіндер өте көп. Бұл олардың мектепте, университетте тілдің негізгі заңдылықтарын, грамматикасын, орфоэпиясын дұрыс оқымағанын көрсетеді. Біліп тұрса мұндай қателіктерге жол бермес еді ғой. Тіл қағидаларымен ережелерін бұзып сөйлейтін маман, жол ережесін сақтамайтын жүргізушіден әлдеқайда қауіпті. Алғашқысы жекелеген адамдардың өміріне қауіп төндірсе, кейінгілері бүкіл бір ұрпақтың, тұтас бір ұлттың тіліне қауіп төндіреді. Өйткені олардың айтқандары табан астында жалпақ жұртқа тарап, миллиондардың құлағына құйылып, саналарына сіңіп жатады. Сондықтан да әр сөзімізге жауапты, микрофонымызға мығым болайық, қадірлі ра­дио­журналистер!
Әуе толқынымыздан қазақтың сөзі әуезді де әуенді қалпында айтылып, асқақтап шыққан қазақ үні байтақ елі­міздің төрт бұрышына түгел тарап, тілі­міздің мерейі үстем болатын күнді көруге жазсын!

Шерубай ҚҰРМАНБАЙҰЛЫ
филология ғылымының докторы,  
профессор, ҚР ҰҒА-ның  
корреспондент-мүшесі