«Қазақстан-2020» коалициясы референдум өткеннен кейін де қоғамда тиімді жұмыстарды жалғастыруы тиіс - ҚР Кәсіподақтары Федерациясы

АСТАНА. 27 қаңтар. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ - «Қазақстан-2020» демократиялық күштер жалпыұлттық коалициясы референдум өткеннен кейін де қоғамда тиімді жұмыстарды жалғастыруы тиіс.

Бұл туралы бүгін Астанада аталған коалицияның алғашқы отырысында Қазақстан Республикасы Кәсіподақтары Федерациясының төрағасы Сиязбек Мұқашев айтты.

«Бұл коалиция референдум өткеннен кейін де қоғамда тиісті орнын алып, жұмысты тиімді түрде әрі қарай жалғастыруы тиіс деп есептейміз», - деді ол.

Айта кетейік, аталған коалицияны Елбасының өкілеттілігін ұзарту бойынша референдум өткізу бастамасын қолдау мақсатында «Нұр Отан» ХДП құрған болатын. Оның құрамына «Әділет» демократиялық партиясы, Қазақстан патриоттар партиясы, Коммунистік халықтық партиясы, «Руханият» жасылдар партиясы, «Ауыл» Қазақстан социал-демократиялық партиясы, сондай-ақ басқа қоғамдық ұйымдар мен бірлестіктер қосылды. Сонымен қатар бүгін коалицияның алғашқы отырысында «Ақ жол» партиясы президиумының мүшесі бұл коалицияның құрамына қосылатындықтарын мәлімдеді.

«Қазақстан Кәсіподақтары бұл референдум бастамасын қолдайды және бұған дейін қолдады да. Бүгінге барлық демократиялық ұйымдар мемлекетіміздің болашағына арналған үлкен мақсат жолында жұмылып, нақты келісілген іс-шараларды ұйымдастыруымыз керек. Сондықтан «Қазақстан-2020» демократиялық күштер жалпыұлттық коалициясын құру бастасын қолдаймыз. Оған өзіміздің бар күш-жігерімізді саламыз», - деді С. Мұқашев.