«Қазақстан - 2050» стратегиясына сәйкес алдымызда жаңа міндеттер тұр - Н.Ноғаев, БҚО әкімі

ОРАЛ. 19 желтоқсан. ҚазАқпарат - 19 желтоқсан күні Елбасының «Қазақстан - 2050» стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауына байланысты облыс активінің жиналысы болып, онда БҚО әкімі Нұрлан Ноғаев баяндама жасады.

Облыс басшысы Жолдаудың бірнеше ерекшелігін атап көрсетті.

-Біріншіден, Жолдауда мемлекетіміздің жиырма бір жылда жеткен жетістіктері қорытындыланды, деді әкім. Тұңғыш Президентіміздің көшбасшылығымен ауқымды экономикалық, саяси және әлеуметтік реформалар жүзеге асырылды.

Көпұлтты Қазақстан ынтымағы жарасқан елге айналды. Ата Заң құрметтеліп, халықтың сот билігіне сенімі артты, құқық қорғау органдарында жасалған жүйелі реформалар негізінде азаматтар құқығы мен бостандықтарын қорғауда еліміз абыройлы табыстарға қол жеткізді.

Қазақстан Кеңестік Одақтан кейінгі кезеңдегі күллі кеңістікте ЕҚЫҰ-ға төрағалық еткен, осы ұйымның Саммитін өткізген және жаһандық ауқымдағы іс-шара - ЭКСПО-2017-ні өзінде өткізетін бірінші ел.

Еліміз ықпалды халықаралық ұйымдарға төрағалық етті. Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары Астана төрінде төрт мәрте бас қосты. Әлемдік қауымдастық таныған қазақ елі ядролық қарудан өз еркімен бас тартты. 

Астана ел мәртебесіне, бойтұмарымыз бен мақтанышымызға айналды.

Стратегия-2030 қабылдағаннан бері 15 жыл ішінде мемлекетіміз әлемдегі ең серпінді дамушы елдер бестігіне енді.

2012 жылдың қорытындысы бойынша ішкі жалпы өнімнің көлемі жағынан Дүниежүзілік Экономикалық Форумның рейтингінде 51-орынды иеленді.

Екіншіден,  Жолдаудағы жаңа саяси бағыттың жеті басымдықтары ХХІ ғасырдың жаһандық он сын-қатерлермен ұштастырылған.

Тарихи уақыттың жеделдеуі, жаһандық демографиялық теңгерімсіздік, жаһандық азық-түлік қауіпсіздігіне төнетін қатер, судың тым тапшылығы, жаһандық энергетикалық қауіпсіздік, табиғи ресурстардың сарқылуы, үшінші индустриялық революция, үдей түскен әлеуметтік тұрақсыздық, өркениетіміз құндылықтарының дағдарысы, әлемдік жаңа тұрақсыздық қаупі сияқты сын-қатерлерді ескеруге тиіспіз, халықаралық ахуал дамуының кез келген көрнісіне жан жақты дайын болуымыз қажет.

Үшіншіден, Қазақстан Республикасы Президенті Нұрсұлтан Назарбаев  бүгінге дейін «Қазақстан-2030» стратегиясының басым бөлігін мерзімінен бұрын іске асырылғаны туралы нақты мысалдармен айтып өтті.

Алға қойған мақсаттарға дәйекті де табанды түрде қадам басып келе жатқан мемлекеттің жаһандық дағдарыс жағдайында да дамуын жалғастыра білгенін бүкіл  әлем көрді. Ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде, ішкі саяси тұрақтылық пен ұлттық бірлікті сақтауда, шетел инвестицияларының жоғары деңгейіне, дамыған нарықтық экономикаға негізделген экономикалық өсімде, азаматтардың денсаулығын жақсартуда, білім мен әл-ауқатын өсіруде, энергетика ресурстарын тиімді пайдалануда, инфрақұрылымды, көлік және байланысты дамытуда, кәсіби мемлекетті қалыптастыруда, қысқасы, ұзақ мерзімді жеті басымдықтың барлығында да Қазақстан өз алдына қойған мақсатына негізінен жетті.

Енді біздің алдымызда жаңа міндеттер тұр. Ол үшін біз ұзақ мерзімде орындалатын  мемлекетіміздің болашақтағы дамуы бағытын күшейтуіміз керек. Осыған орай Жолдауда ұлттық саясаттың, ұлттық идеологияның жаңа бір формулалары айқын көрініс тапты. «Қазақтың арманы», «Қазақтың идеясы», «ХХІ ғасыр - Қазақстанның алтын ғасыры» деп айтуы соған меңзейді. Осы стратегияны жүзеге асыру, ең алдымен, қазақ халқына жауапкершілік жүктейді. «Бабаларымыз тірі болу үшін бір болса, біз ірі болу үшін бір болуымыз керек»,- деп түйіндейді Елбасы».

Өз халқын сүйетін адам, өз жұртына жақсылық тілеген жан өзге халықтарды ашындырмайды, өз ұлтын ешкімге қарсы қоймайды. Қазақстан халқы ұлы тарихтың иесі атануға әбден лайық!

«Болашақты алыстан болжайтын стратег саясаткер Нұрсұлтан Әбішұлы мемлекетіміздің 2050 жылға дейін әлемдегі ең жоғары дамыған 30 мемлекет қатарына енуін ұлттық саяси даму стратегиясына негіз ете отырып, осы уақыт ішінде бағындырылуға тиісті жеті басымдықты белгілеп берді», дей келіп, облыс әкімі осы жеті басымдықтар бойынша өз орынбасарлары мен сала басшыларына жаңа тапсырмалар жүктеді.

Жиында сондай-ақ «Батыс Қазақстан машина жасау компаниясы» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы Әліби Ахметжанов, Бөрлі ауданының әкімі Марат Түсіпқалиев, кәсіпкер, татар этномәдени бірлестігінің төрағасы Ришат Хайруллин, «БҚО жас ғалымдар кеңесі» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Саялбек Ғиззатов сөз сөйлеп, Елбасы Жолдауына сәйкес атқарылатын істерге қызу араласатындықтарын мәлім етті.