Бұл заң шығарушы билікке үлкен сенім мен зор жауапкершілікті білдіреді. Бүгін ҚР Парламенті Сенатының жалпы отырысында палата Төрағасы Қайрат Мәми осылай мәлім етті.
«Өткен аптада ҚР Президенті Н. Назарбаев Қазақстанның болашағына арналған «Қазақстан-2050» жаңа стратегиясын жариялады. Елбасы өз Жолдауында биік белестерді белгілеп берді. Бұл стратегия соңғы 21 жыл ішінде қалыптасқан жаңа мемлекеттің жаңа саяси бағытын айқындайды. Бұл үлкен тарихи оқиғаға барлықтарыңыз куә болып, қатыстыңыздар. Тарихи маңызды құжат үлкен ауқымдағы міндеттерді, алып мақсаттарды алдымызға қойып отыр. Ол мақсаттар биліктің әр тарапына да дербес жауапкершілікті жүктейді. Стратегияда Парламенттің өкілеттіктерін күшейту саясатының жалғасатыны көрсетілген. Бұл заң шығарушы билікке деген үлкен сенім мен зор жауапкершілікті білдіреді», - деді Сенат спикері.
Бұл ретте Қайрат Мәми «Сенат Президенттің барша бастамаларын қолдап, оларды іске асыруға дер кезінде қажетті заңдарды қабылдауға және болашақта олардың орындалуын бақылауға дайын болуы керектігін» мәлім етті.
«Қазақстан-2050» стратегиясымен жан-жақты әрі мұқият танысып шықсаңыздар, себебі алдағы жұртшылықпен кездесу сапарымыздың басты мақсаты аталған стратегияны халыққа жақынырақ таныстыру болып табылады», - деді Қ. Мәми.