Жалпы, көптеген сарапшылар еліміздің болашағын, әлемдік экономикадағы салмағын ауыл шаруашылығының өркендеуімен байланыстыратыны мәлім. Бұл жәй болжам емес, стратегиялық мақсатымыз десек те, шындықтан алыстамаймыз. Ағымдағы жылдың наурызында Қазақстан халқына жолдаған дәстүрлі «Дағдарыс арқылы жаңару мен дамуға» атты Жолдауында Мемлекет басшысының өзі: «Агроөнеркәсіптік кешен туралы айрықша айтқым келеді, оның дамуы арқасында біз бір мезгілде еліміз үшін аса маңызды екі міндетті - азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуді және экспортты әртараптандыруды шешеміз. Сондықтан да біз тауарлы-сүт фермаларын, құс фабрикаларын, мал бордақылау алаңдарын ұйымдастыру мен дамыту, тамшылап суаруды қолдану арқылы жеміс-көкөніс дақылдары өндірісін ұйымдастыру, ауылшаруашылық техникаларын жинау жөніндегі өндірістерді құру, ет өңдеу өндірісін дамыту, биязы жүнді қайта өңдеу, қазақстандық астық экспортының инфрақұрылымы және оны терең қайта өңдеу секілді экспортқа бағдарланған өндірістерді дамыту жөніндегі инвестициялық жобаларды қаржыландыруды жалғастыруға шешім қабылдадық», деген болатын. Ал Жолдауда айтылған бағыттардың кейбірі әлден-ақ әлемдік азық-түлік нарығында өз салмағын иеленіп келеді. Соның бірі - Қазақстанның астығы.
Биыл Қазақстанның астық әлеуетінің біршама артатыны байқалады. «Нан болса, ән де болады» демекші, республика бойынша астық шығымы сонау бір жылдардағыдай миллиард пұт үшін деп жалаулатпағанмен, ішкі нарыққа, оған қоса сыртқы нарыққа шығаруға жететіндей болуы көңіл қуантарлық. Облыс әкімдерінің берген мәліметтеріне қарағанда, осы жылы 21,3 миллион гектар ауыл шаруашылығы дақылдары жиналады екен. 16,6 миллион гектары дәнді және бұршақ тұқымдастар, оның ішінде 14,2 миллион гектар бидай бар.
2009 жылы дәнді дақылдардың егістік алқабы 16,6 миллион гектарға жетіп отыр, бұл өткен жылмен салыстырғанда 3 пайызға немесе 0,4 миллион гектарға артық және экспорт әлеуетінің соңғы жылдардағы деңгейін сақтап қалуға болады. Саланы жандандыру бойынша қабылданған шаралар астықтың жылдық өнімділігін 20 миллион, ал экспорт көлемін 10 миллион тоннаға жеткізуге мүмкіндік береді. Соңғы үш жылда дәнді дақылдардың орташа жылдық өндірісі 3,8 миллион тоннаға артты. Демек ағымдағы жылы 17,4 миллион тонна астық өндірсек, оның 8 миллионын экспортқа шығаруға мүмкіндігіміз толық жетеді.
Өткен жылдары дизель отынының егін орағы науқаны қарсаңында қымбаттап, диқандарды әуре-сарсаңға салғаны еске оралады. Ал биыл ондай проблемаға жол берілмейтін сыңайлы. Шілденің 20-ында өткен Үкіметтегі кеңесте ауыл шаруашылығы министрі А.Күрішбаев ауылшаруашылық тауарларын өндірушілердің дизель отынына қажеттілігін толық қамтамасыз ету үшін еліміздің мұнай өңдеу зауыттарына облыстар шартты түрде бекітілгенін атап өтті. Министрдің сөзіне қарағанда, былтырғы жылғы деңгеймен салыстырғанда биыл дизель отынының бағасы 40 пайызға төмен. Қазіргі кезде диқандардың дизель отынымен қамтамасыз етілуі қажеттіліктің 24 пайызын құрайды. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 6 пайызға жоғары.
Осыдан біраз бұрын егінге орақ салған оңтүстіктегі диқандар өткен жылға қарағанда 2-3 есеге жоғары, гектарынан 18-23 центнер бидай алуда. Ал білек сыбанып егін орағының басталуын күтіп отырған солтүстік диқандарының дайындығы жақсы. Алдын ала статистикалық мәліметтерге қарағанда, егін орағы науқанына қажетті комбайндардың, жаткалардың, механикаландырылған қырмандардың, астық кептіргіштердің 90 пайызы сақадай-сай. Негізгі астық өсіретін аймақтарға шілде айында жауған мол жауын-шашын өнімнің өткен жылғы деңгейінен жоғары болады деген үміт ұялатып отыр. Дегенмен, құрғақшылық болғанның өзінде де республикадағы астық өндірісі ішкі сұранысты толығымен қамтамасыз ете алатынын да атап өткен орынды.
Қазіргі уақытта қазақ астығы экспортының көліктік ифрақұрылымын дамытуға бағытталған екі бірдей инвестициялық жоба қолға алынды. Оның біріншісі - Иран Ислам Республикасының Әмірабад портындағы астық терминалы құрылысы. Жобаның негізгі мақсаты - Каспий аймағы елдеріне және әлемдік нарыққа Қазақстан астығын шығару. Жобалық қуаты жылына 500-ден 700 мың тоннаны құрайтын терминалда бір мезгілде 53 мың тонна астық сақтауға мүмкіндік бар. Әмірабад қаласындағы портты аймақта орналасқан құрылыс ағымдағы жылдың 4-ші тоқсанында берілмек.
Екінші ірі жоба - Қытаймен шекарадағы темір жол астық терминалының құрылысы. Аспанасты елінің бидайға сұранысының артуы қазақ елі үшін артық астығын іргелес көршіге еш қиындықсыз жөнелтуіне мүмкіндік береді. 2011-2013 жылдары жүзеге асады деп отырған бұл жобаның қуаттылығы жылына 500 мыңнан 1 миллион тоннаға дейін астық жөнелтуге жол ашады. Ал астықты бір мезгілде сақтау мүмкіндігі 25 мың тонна. Достық-Алашаңқай стансысында орналасатын терминал 2013 жылдың 4-ші тоқсанында пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр.
Астығымыз түрлі табиғи тосын апаттардан аман болып, бітік өссе, сыртқа шығару барысында «алысқа арбалап, жақынға дорбаласақ та» осы жобалар көп көмегін тигізетіні анық. Себебі қазір Еуразия құрлығындағы негізгі астық өндіруші мемлекеттер - Ресей, Украина және Қазақстан арасында сыртқы нарыққа деген бәсекелестік жыл сайын арта түсуде. Өткен жылы Ресей мен Украина астығы бітік шығып, Қара теңіз порты арқылы қазақ астығының әлемдік нарыққа шығуына біраз кедергі келтірген болатын. Дегенмен, өткен жылы Орта Азия елдеріне, Иран, Ауғанстан және Әзірбайжан елдері сияқты әртараптандырылған балама өткізу нарығын пайдаланып, жылдық экспорт деңгейін сақтап қалдық. Аталған елдерге бидай мен ұн экспорты көлемінің 90 пайызы жөнелтілген. Ағымдағы жылы да жоғарыда аталған елдерге астық экспортын ұлғайту көзделіп отыр.
Қазіргі уақытта қазақстандық астықты тұтынатын мемлекеттер саны 70-тен асып жығылады. Негізінен бұлар ТМД, Таяу Шығыс, Солтүстік Африка және Еуро Одақ елдері.
Каспий теңізінде құрылған инфрақұрылымдар есебінен көптеген экспорттық сатылымдар қамтамасыз етілген. Аталған инфрақұрылымға қазір қызмет жасап тұрған өзіміздің Ақтау мен Бакудің (Әзірбайжан) теңіз порттары кіреді. Жоғарыда атап өтілген астық терминалы арқылы Ақтау портынан айына 50-55 мың тонна астықты Иран мен Әзірбайжан бағытына жіберуге болады. Бұл терминалдың жылдық өнімділігі - 600 мың, бірмезгілдік сақтау сыйымдылығы - 22,5 мың тонна астықты құрайды. Ал Баку портындағы астық терминалының бірмезгілдік сақтау қуаты 15 мың тонна, дегенмен оның 30 мың тоннаға дейін ұлғаю мүмкіндігі бар, жылдық өнімділігі - 500 мың тонна. Бұл порттағы терминал аумағында жылдық өнімділігі 35 мың тоннаны құрайтын диірмен комбинатының құрылысы жүріп жатыр. Осы жобалар толық жүзеге асқаннан кейін Каспий теңізі айдынында көлік дәлізін құру кезеңі іске асырылады. Астық терминалдарының баға тәуекелін төмендету мақсатында оларды бірыңғай диірмен кешендерімен байланыстыру қарастырылуда, бұл аталған елдерге шикізат қана емес, сонымен қатар тұрақты сұранысқа ие дайын өнім шығаруға мүмкіндік береді.
Қазір Ресей аумағындағы Қара және Азов теңізі порттарының біріндегі астық терминалдарынан үлес алу немесе салу мүмкіндіктері талқылануда. Бұндай көлік дәлізі таяу онжылдықта ЕО, Таяу және Орта Шығыс, Солтүстік Африка елдеріне Қазақстан астығын экспорттауда негізгі бағдар болар еді.
Қазақстан астық одағы мен Мемлекеттік азық-түлік корпорациясының қатысуымен мемлекеттік-жеке әріптестік шеңберінде Бейнеу стансысында элеватор кешенінің құрылысы қарастырылуда. Егер кешен салынса, ол Түрікменстан мен Ауғанстан бағытында қазақ астығын экспорттау көлемін ұлғайтуға жағдай жасайды. Осы орайда Қазақстан шекарасынан Түрікменстан мен Иран арқылы темір жол магистралінің бірлескен құрылысы мәселелері қарастырылып жатқанын атап өткен орынды. Егер бұл жоба іске асса Үнді мұхиты жағалауындағы порттарға шығуға мүмкіндік алар едік.
Қазақстан әлемдік нарықта өзін тұрақты және жоғары сапалы астық жеткізуші ретінде көрсете білді. Қазір біз әлемдік астық экспорттаушылар рейтингінде 8-ші, ТМД елдері арасында Ресей мен Украинадан кейінгі үшінші, ал бидай ұнын экспорттауда әлемде бірінші орында тұрмыз. Әлемдік нарықтағы қазақстандық сапалы ұнға деген сұраныстың зор екенін ескерсек, Қазақстанның аталған өнімді экспорттауды жылына 3,5 миллион тоннаға дейін жеткізуге мүмкіншілігі жетеді.