Халықаралық қатынастар және стратегиялық коммуникациялар саласының маманы, Еуразия геосаясатын зерттеуші, Даффодил халықаралық университетінің (Дакка, Бангладеш) профессоры Грег Саймонс аталған үдеріске оң бағасын берді.
Оның пайымдауынша, Қазақстанның тәуелсіздік алған қысқа уақыт ішіндегі қол жеткізген жетістіктері елдің айтарлықтай алға жылжуының айғағы. Сонымен қатар сарапшы алдағы даму кезеңінде осы деңгейді сақтап қалу үшін салмақты әрі жүйелі экономикалық саясат жүргізудің маңыздылығын атап өтті.
– Мұндай нәтижені сақтап қалу үшін ұтымды басқару және еліміздің халықаралық экономикалық үдерістеріндегі өз рөлін дербес айқындай алу қабілетіне тікелей байланысты, – деді Грег Саймонс.
Сарапшы Қазақстанның әлемдегі ең ірі 40 экономиканың қатарына қосылуын ішкі реформалар мен жаһандық факторлардың ұтымды ұштасуынан көреді. Бұл ретте мемлекеттік экономикалық саясат аясында қабылданған шешімдер мен сыртқы ахуалға бейімделе білу қасиеті шешуші рөл атқарған.
Грег Саймонс Орталық Азияның геоэкономикалық маңызы артып келе жатқанына да ерекше тоқталды.
Оның пайымдауынша, Қазақстан өзінің табиғи ресурс әлеуеті мен тиімді географиялық орналасуының арқасында өңірде ғана емес, халықаралық аренада да позициясын нығайтуға қауқарлы.
– Қазақстан аймақ елдерімен өзара тиімділік пен серіктестікке негізделген ынтымақтастықты дамытқан жағдайда ғана өңірдегі тартылыс орталығына айнала алады, – деп түйіндеді сарапшы.
Ел ішіндегі өзгерістерге тоқталған Грег Саймонс соңғы жеті жылда Қазақстанда кешенді даму үдерісі жүріп жатқанын, оған экономикалық қана емес, институционалдық, саяси және әлеуметтік реформалар да арқау болғанын атап өтті. Оның ойынша, мұндай теңгерімді саясат елдегі тұрақтылық пен болжамдылықты арттыруға септігін тигізеді.
Сондай-ақ сарапшы әлемдік ЖІӨ-нің тең жартысына жуығын иеленіп отырған Азия өңірінің маңызына назар аударды. Осы орайда Қазақстанның географиялық орны сауда-экономикалық байланыстарды кеңейтуге, инвестиция тартуға және транзиттік әлеуетті арттыруға тың мүмкіндіктер сыйлайды.
Болашағы зор бағыттардың бірі ретінде ол азаматтарды экономикалық үдерістерге белсенді тартуды, оның ішінде кәсіпкерлік пен инвестициялық белсенділікті дамытуды атады. Ал сыртқы нарықта халықаралық бірлестіктермен ынтымақтастықты нығайтып, экономикалық байланыстарды әртараптандыру өзекті болып қала бермек.
Сарапшының пікірінше, ішкі тұрақтылық пен икемді сыртқы экономикалық саясаттың ұштасуы Қазақстанға құбылмалы жаһандық экономика жағдайында нық қадам басуға мүмкіндік береді.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстан экономикасы соңғы 10 жылда ең жоғары өсімді көрсеткенін хабарланған болатынбыз.